Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



бет13/27
Дата09.06.2016
өлшемі2.26 Mb.
#124791
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27

Қысқарған сөздер

Сөзді қысқартып, ықшамдап айту, жеңілдетіп қолдану тілде көне замандардан бар. Бұл тілде кең орын алатын ықшамдау заңдылығымен байланысты. Ол заңдылық дүние жүзіндегі барлық тілдерде бар, оның түрлері, қатысты салалары да мол. Соның бірі - қысқарған сөздер.

Кеңес дәуіріне дейін сөздерді әдейі қысқарту адам аттарымен байланысты тілден орын алған.

Қазақ тілінде адам атын қысқартып қолданудың түрлі жолы бар: 1) үлкен адамды сыйлау, құрметтеу мақсатында кісі атын қысқарту: Жұмабай-Жұмеке, Бейсен-Бәке, Өмірзақ-Өмеке, Асқар-Асеке т.б. 2) бала атын еркелету ретінде қысқарту. Мысалы, Айнагүл-Айнаш, Қалихан-Қанаш, Қожабек-Қожаш, Сағынғали-Сағынжан, Өмірғали-Өміртай т.б.

1.Кеңес үкіметі кезінде бірнеше сөзден тұратын мекемелер, ұйымдар аты көбейді. Оларды бір мәтінде, сөйлеу кезінде қайталау қажет болғанда, сөз көп орын алады, уақыт кетеді. Сондықтан оны қысқарту кажеттігі туды. Осымен байланысты оларды қысартып қолдану пайда болды.

2.Бұнымен бірге тар көлемде де қысқартулар қолданылды. Бұл ғылыми еңбектерден көп орын алды. Ғылыми диссертацияларда, монографияларда зерттеу мәселесіне қатысты күрделі атаулардың еңбекте жиі қайталануы бар, ол - занды құбылыс. Ондай күрделі атау еңбекте жиі қолданылатын болғандықтан, автор көп орын кетірмеу үшін, оны қысқартып қолданады. Мысалы, ТЖ - топтық жұмыс, ЖЖ - жұптық жұмыс, ӨзЖ - өздік жұмыс, ҚТМО - казақ тілін модульмен оқыту.

3. Кісі атын, әкесінің атының басқы әрпін алып фамилиясын толық жазу. Мысалы, Р.Ғ.Сыздыкова, А.Ысқақов, А.С.Аманжолов.

Ондай сөздерді кысқартуда орыс тілінің заңдылығын пайдалану қалыптасты. Олар төмендегідей:

1.Күрделі атаудың әр сөзінің бірінші әрпі алынды. Мысалы, ҚҚС - қосымша құн салығы, ОСК, - Орталық сайлау комиссиясы, УҚК - Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ;

2.Күрделі атаудың бірінші сөзінің бас буыны, қалған сөздердің басқы әрпі. ӨзМҰУ - Өзбекстан Мемлекеттік Ұлттық университеті, АлМУ - Алматы Мемлекетгік университеті.

3.Күрделі атаудың басқы буындары алынады. Мысалы, Кармет - Карағанды металлургиясы, Сеймар - (концерн) Сейсенбаев Марғұлан, Санбат - санитарлық батальон.

4.Күрделі атаудың 1-сөзінің басқы буыны, келесі сөзі толық. Мысалы, педколледж – педагогикалық колледж, қазпочта –қазақ почтасы.


?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Туынды сөздер дегеніміз не?

  2. Күрделі сөздер дегенде не түсінесіңдер? Қай сөз таптарында кездеседі?

  3. Біріккен, кіріккен сөздер дегеніміз не? Олардың ерекшелігі жайлы мәлімет беріңдер.

  4. Қос сөз деп қандай сөздерге айтылады.

  5. Қандай сөздер тіркескен күрделі сөз деп аталады?

  6. Қысқарған сөздер тобына сипаттама беріңдер.



Сөздерді тОптарға және тАптарға бөлу тарихы
Тілдің грамматикалық құрылысы, белгілі топтағы сөздердің түрлену жүйесі мен соған сәйкес туындайтын әртүрлі грамматикалық мағыналар, грамматикалық мағыналардың өмір сүріп, жүйелік тілдік құбылысы болу үшін т.б. сипаттар тіліміздегі сөздердің белгілі-белгілі грамматикалық топтарға, сөз таптарына бөлінуіне байланысты. Өйткені сөздер синтетикалық сипаттарының, түрлену жүйесінің, синтаксистік қызметтерінің ортақтығына қарай топталады. Қазақ тіліндегі барлық сөздер атауыш сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер, болып үшке бөлінеді.

Атауыш сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғандықтан, коммуникацияға негіз болып, контекстен тыс та контексте де қажетіне қарай қолданыла береді, олар сөйлемде грамматиканың заңы бойынша түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, өз алдына мүше бола алады, ол сөздердің қалыптасқан белгілі тәсілдері бойынша жаңа сөздер тудыруға болады. Демек, атаушы сөздер дегеніміз - өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзін сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес, мағыналы сөздер.

Көмекші сөздер, мағыналық дербестігі болмағандықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, сөйлем де өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді, сол мүшелері өзара жалғастыруға дәнекер болады, көмекші сөздерден негізінде жаңа сөздер жасалмайды. Сонымен, көмекші сөздер дегеніміз - өздеріне тән лексикалық мағыналары болғандықтан, лексикалық мағыналарына гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбіне әр алуан қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер.

Одағай сөздер дегеніміз ешқандай да ақиқат ұғымды білдірмейтін тек адамның әр алуан көңіл-күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай, өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Сол себептен одағайлар белгілі бір сөйлемдерге қабаттасып жұмсалатын жарыспа сөйлемдер ретінде жұмсалғандарымен, бірақ өздері сөйлем мүшесі бола алмайды. Атаушы сөздер осы үш топтың ішіндегі әрі ең көбі де, әрі ең негізгі ұйытқысы және тіліміздің бүкіл сөз байлығының шұрайы да, негізі де болып табылады. Атаушы сөздердің ерекшелігі мен сипаттарының бір-біріне жақын белгілеріне қарай, іштей бірнеше лексикалық-грамматикалық топтарға бөлінеді; есімдер мен етістіктер. Есімдердің өздері іштей атаушы есімдер және үстеуші есімдер болып жіктеледі: Атаушы есімдерге зат есім, сын есім, сан есім, есімдік жатса, үстеуші есімдерге үстеу және еліктеу сөздер жатады, ал етістіктің өз алдына ерекше топ құрайтын ешқашанда сөздің келтірмеседі. Мысалы: Шындық жалғанннан артық. Түк естімейтін адам ғана қателеспейді.

Сөз таптары сөздердің белгілі жүйесінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді түрге бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз бола алады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізін де, жүйелі принциптер негізінде айқындалуы керек. Ол принциптер сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделеді. Тіліміздегі барлық сөздерді грамматикалық жағынан топтастырғанда, белгілі екі сөз таптарына бөлгенде төмендегі үш принципке сүйенеміз, олар негізінен атаушы сөздерге ғана қатысты болып келеді.

Әр сөз табына енетін сөздердің семантикалық (грамматикалық, семантикалық) ерекшеліктері ескерілуі тиіс.

Сөздердің өзді-өзіне тән түрлену, өзгеру, тұлғалық парадигмасы секілді морфологиялық белгілерін еске алу қа жет. Бұл ерекшелік морфологиялық ерекшелік деп аталады.

Сөздерді топтастырудың үш синтаксистік принципі сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқарумен және сол сөздердің тіркесу сипатымен яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алумен байланысты.

Сөз табы деп – жалпы синтаксистік, морфологиялық, семантикалық сипаттары мен қасиеттерінің бәріне бірдей ортақ болуы негізінде ерекшеленетін сөз таптарын айтамыз.

Тоғыз сөз табының тілімізде, сөйлеу процесінде алатын орны, атқаратын қызметі біркелкі емес. Олардың әр қайсының ұқсас топтардан айқындылығы, ажыратулы шегі түрлені жүйесі, жетілу дәрежесі де бірдей емес. Жалпы тілдің өзі тарихи құбылыс, олардың қалыптасып, дамып отыру жүйесі бар.

Сөз таптарының шығуын, қалыптасуын бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелерінің қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасқанын көрсетеді. Әрине, бұл процесте сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, орналасу тұрғысының әсері бар. Өйткені сөздер, бір жағынан, сөйлемдегі орын тәртібі арқылы, екінші жағынан, белгілі сөздермен синтаксистік қатынас жасап, грамматикалық сипаты айқындалу арқылы бе лгілі грамматикалық мағынаға ие бола бастайды. Сол жалпы грамматикалық мағынаның негізінде сөздер жеке-жеке грамматикалық топтарға, яғни сөз таптарына жіктеледі. Сөйлемдегі қызметі мен орын тәртібінің сақталуы арқасында ең алдымен есім (негізінен зат есім) және етістік сөз таптары қалыптаса бастаған. Сөйлемнің бірініш позициясындағы сөздер зат атауы мен оның алуан түрлі сипаттарын белгілейтін жалпы грамматикалық мағынаға ие болып, сөйлемнің соңындағы сөздер сол есім сөздердің әр түрлі іс қимыл, іс-әрекеттерін білдіретін жалпы грамматикалық мағынаға ие бола бастаған.

Тіл дамуының келесі бір сатысында есімдердің өздері өз ішінде саралана бастайды: зат атауын білдіретін бір грамматикалық топ болып қалыптасып, өзіндік түрлену жүйесі, парадигмалық сипаты қалыптаса бастайды, сонымен бірге заттың әр түрлі белгісін, сындық қасиетін білдіретін сөздер (сын есім) бір бөлек, қимылдың әр түрлі белгісін білдіретін сөздер (үстеу) бір бөлек, сандық белгісін білдіретін сөздер бір бөлек, негізгі сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер (есімдік) бір бөлек қалыптасады.

Тілімізде грамматикалық жүйесін зерттеу өткен ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қай кезде болса да, морфологияның ең өзекті, ең басты мәселесі сөздерді әр түрлі грамматикалық топтарға, яғни сөз таптарына бөлу болғаны белгілі. Сөздерді бөлу жыл санауымыз алдындағы V-IV ғасырдағы көне Үндістан лингвисі Панини грамматикасынан, байырғы Греция ойшылдарынан бері қарай айтылып келеді. Тілдегі сөздерді есім, етістік, шылау деп үш топқа бөледі де Платон мен Аристотельден басталған жоғары үш топ құрамына енетін сөздерді ең аз болғанда бес, ең көп болғанда он бір топқа бөлу тіл білімінде әбден орныққан, тұрақты үлгіге айналған дәстүр.

Қазақ тіліндегі сөздерді топқа бөлудің алғашқы әліппесін жазған адам Н.И.Ильминский. Бірақ қазақ тілін зерттеген орыс технологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа аламыз деген сұрауды қойған да, оған жауап берген де жоқ. П.И.Мелиоранский зат есім мен сын есімді бірге алып, қазақ тілінде сегіз сөз табы бар десе, басқалары сын есімді басқа сөз табы деп есептеп, сөз табының жалпы санын тоғыз деді. Атын атап, мысал келтіру ғана болмаса, ешбір сөз табы жан-жақты сипатталған жоқ.

Қазақ тілінде грамматикалық құрылысының ана тілімізде зерттеліп жарық көруі өткен ғасырдың алғашқы 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы 1914 жылғы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген. А.Байтұрсынұлы жазған оқулық сөздерді тапқа бөлу де осы оқу құралынан басталады. Оқулық авторы сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп үш топқа бөледі де бұлардың біреуіне зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдікті, екіншісіне үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады, одағайды өз алдына еліктеуіш, лептеуіш деп екіге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылғы басылымында кеңейте, дәлелдей түседі.

А.Байтұрсынұлының бұл еңбегі қазақ тілі морфологиясын ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу. Соған қарамастан грамматикалық көптеген түйінді мәселелері туралы айтқан пікірлері күні бүгінгі дейін өз мәндерін берік сақтап, қазіргі зерттеулермен үндесіп жатыр. А.Байтұрсынұлы еңбегінің құндылығы да сол төл басы болуында болса керек

Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді олардың түрлеріне бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі ұстанымдар негізге алынуы керек. Ол ұстанымдар сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.

Әрбір атаушы сөздің лексикалық мағынасы болатыны белгілі, сол лексикалық мағынасы арқылы әрбір сөз бір-бірінен ерекшеленеді, жеке-жеке қиыса байланысады, етістікпен (көбіне көсемше тұлғасында) қабыса байланысады, есімше тұлғасында анықтауыштық қатынаста да есім сөзбен қабыса байланысады, септік жалғауындағы сөздерді меңгереді. Заттың сынын және санын білдіретін сөздер зат атауларын анықтап, затпен қабыса байланысып қолданылады, заттанып барып бастауыш, толықтауыш, адамға байланысты жіктеліп барып баяндауыш қызметін атқарады. Қимылдың әр түрлі сипатын білдіретін сөздер қимыл мәніндегі сөздермен қабыса байланысып, пысықтауыш қызметін атқарады. Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер өздері орнына жүретін сөздердің синтаксистік қызметін атқарап, солар байланысқа түсетін сөздермен тіркеседі. Бұл сияқты қасиеттер көмекші сөздерде, әсіресе лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып қалған көмекші сөздің ерекше түрі шылау мен одағай, модаль сөздерде болмайды. Шылаулардың сөз байланысындағы орны бүтіндей бөлек. Осы көрсетілген ұстанымдардың негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін -зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін - сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін - сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер - есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін -етістік, қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін, т.б.) білдіретін - үстеу, әртүрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктеп аталатын - еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одагай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл-күйін білдіру я модапьдық) мәндер қосады.

Сөйтіп, тіліміздегі қолданып жүрген барлық сөздер жоғарыда аталған үш принцип бойынша тоғызға бөлінеді: зат есім, сан есім, сын есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу, одағай, шылау. Ал, 2002 жылы баспадан шыққан “Қазақ грамматикасында“ оныншы сөз табы деп модаль сөздерді қосқан.

Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді олардың түрлеріне бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі ұстанымдар негізге алынуы керек. Ол ұстанымдар сөздердің грамматикалық сипаттарына

Сөйтіп, қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады:


?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Сөздерді таптастыру ұстанымдары дегенде не түсінесіңдер?

  2. Атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер дегеніміз не?

  3. Сөз табы дегеніміз не?

  4. Қазақ тіліндегі сөздерді топқа бөлудің қалыптасу тарихы жайлы сипаттама беріңдер.



Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты
Зат есімнің жеке сөз табы ретінде танылуы А. Байтұрсынов еңбектерінен басталады. Оның қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін үйретуге арналған «Тіл-құрал» атты үш бөлімнен (үш кітаптан) тұратын оқулығында сөз таптарына қатысты алғашқы мағлұматтар берілген. 1914 жылы шыққан «Тіл-құралда» ол (бірінші жылдық) сөздерді мағынасына қарай зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулық, одағай деп тоғыз сөз табына жіктеп, әрқайсысын тілдік нақты мысалдармен сипаттаған.

Ғалым зат есімге «Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін атайды. Осындай нәрсенің өзін атайтын сөздерді зат есім дейміз,"- деген анықтама беріп, зат есімнің кім? не? сұрақтарына жауап беретіндігін және бұл сұрақтардың қойылу жүйесін де көрсеткен: «Кім? деп сұраймыз адам туралы. Не? деп сұраймыз басқа заттар туралы».

А.Байтұрсынов «Тіл-құралдың» (екінші жылдық) 1915 жылғы басылымында зат есімге кеңірек тоқталған, яғни «Заттарды көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері - көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар», - деп екіге бөліп, «Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім» деген анықтама берген.

Бертінде, 1930 жылдары морфология мәселелері зерттеу нысанына айналып, ғылыми түрде талдана бастады. Бұл жерде қазақ тілі грамматикасының тұңғыш авторы, профессор Қ.Жұбановтың еңбектерінен де сөздерді таптастыру мәселесі, соның ішінде зат есім жеке сөз табы ретінде танылғанын байқауға болады. Қ.Жұбанов жасаған «Қазақ тілінің программында (1936)» сөз таптары жеке тарау етіп көрсетіліп, зат есімнің өзіне тән ерекшелікгерін түсіндіру мақсатында 20 сағат берілген. Сондай-ақ ғалым «Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» атты мақаласында зат есімді «заттың өзін көрсететін септік, тәуелдік, көптік, -шы (кәсіп) қосымшаларын ертетін затты ғана анықтап, анықталушы сөзіне жалғас қана тұра алатын түбір болады»,-деп сипаттаған.

Сөз таптарына қатысты пікірлерді академик Н.Сауранбаев еңбектерінен де кездестіруге болады. Оның 1939 жылы «Халық мұғалімі», журналында жарияланған «Қазақ тіліндегі сөз таптары және олардың таптастырылуы туралы» деген мақаласында сөздерді таптастыруды жүйелеу жөнінде ұтымды ойлары бар.

1954 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты оқулықта да зат есім жеке сөз табы ретінде қарастырылды. Зат есімге байланысты жүйелі пікір көрнекті ғалым А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (1964, 1974, 1991) оқулығында кеңінен қамтылды. Осы оқулықта зат есімнің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері толық сипатталған.

Зат есімге қатысты пікір 1967 жылы шыққан «Қазақ тілі грамматикасында» да бар. Ондағы «Зат есім» тарауын С.Омарбеков жазған. Бұл тарауда зат есімнің жасалу жолдары, түрлену жүйелері талданған. Ғалымның талдауындағы бір ерекшелік - қазақ тіліндегі зат есімдерді өзге тілдердің зат есім жүйесінен ерекшелейтін белгілердің бірі - жақтылық және жақсыздық категориясы деп дәлелдеп, «Жақтылық пен жақсыздық категориясы» деген тақырыпша берген. Автор «Лексикалық мағынасы тек «адамды» білдіретін зат есімдер ғана жікгеу есімдіктерінің барлық түрімен предикаттық қатынаста айтыла алады, ал зат есімдердің басқа түрлері еш уақыт жіктеу есімдіктерімен предикаттық қатынасқа түсе алмайды», - дей келіп, зат есімдердің жақтылық пен жақсыздық категориясы дегенді «зат есімдердің жіктелу қасиетінің бар - жоқтығы тұрғысынан ғана алып түсіну қажет» деген түсініктеме берген. Шын мәнінде, зат есімнің барлығы жіктеле бермейтіндігі, әрі жіктік категориясы зат есімнің категориясына жатпайтындығы ғылымда дәлелденген жағдай. Сол себепті ғалымның қазақ тіліндегі зат есім категорияларының қатарына жақтылық, жақсыздық категориясын енгізуі қолдау таппады. Сондықтан болар 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасы» авторларының бірі ретінде С.Омарбекұлы «Зат есім» тарауын жазғанда бұл тақырыпшаны өзгертіп, зат есімнің жақтылық, жақсыздық категориясы жайлы пікірін кеңейтіп, «үш жақта бірдей жіктелу қабілеті бар адамға байланысты зат есімдерді шартты түрде жақты зат есімдер, ал үш жақта бірдей жіктелу қабілеті жоқ адамнан басқа зат атауларына байланысты зат есімдерді жақсыз зат есімдер деп атасақ болады ...бұл жердегі жақты, жақсыз дегенді тек жіктік жалғауымен ғана байланыстыра ұққан абзал»,- дей келіп, бұл мәселені «Адамзат және ғаламзат есімдері» деген тақырыпшамен берген.

Зат есімге байланысты еңбектердің бірі- Ә.Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы» атты оқу құралы. Автордың бұл еңбегіндегі зат есімдерге берілген лексика-семантикалық сипаттамасы, немесе зат есімнің синтаксистік қызметіне, морфологиялық белгілеріне байланысты айтқан тұжырымдары алдыңғы еңбектермен үндесіп жатыр.


Зат есімнің жалпы сипаттамасы

Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлуде олардың лексикалық жағы ескеріледі, өйткені жеке лексикалық мағынасы бар сөздер белгілі бір сөз тобына енеді. Мысалы айна, көмір, қасық деген сөздер заттың атын білдіріп, грамматикалық тұрғысынан зат есім болады. «Зат деген ұғым тек күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де қамтиды»: тұман, қар, мереке, жолдама, ойпат, шатқал, қуаныш, сағыныш т.б. Олай болса, зат есім лексикалық-семантикалық сипаты жағынан өте кең, ауқымды сөз табы болып есептеледі. Бұл-зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын бірінші белгісі.

Тіл білімінде сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда грамматикалық белгілер, яғни морфологиялық және синтаксистік белгілер есепке алынады.

Осы тұрғыдан келгенде, алдымен оның құрылымы, екіншіден зат есімге жататын сөздердің өздеріне тән сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары, сонымен бірге зат есімді басқа сөздермен байланыстыратын көптік, тәуелдік, септік жалғауларына сай категориялары бар екендігі ескерілуі тиіс. Сонымен, зат есімдерді морфологиялық жағынан сипаттағанда оның құрылымы, жасалу тәсілдері, түрлену жүйесі, яғни көптік, тәуелдік, септік категориялары талдануы тиіс. Демек, мұның барлығы зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын екінші белгілері болып табылады.

Зат есімдер сөйлемде белгілі бір қызмет атқарып, белгілі топтағы сөздермен тіркеске түседі. Зат есімдер етістістермен тіркеседі де, сөйлемде тәуелсіз мүше-бастауыш болуы олардың (зат есімдердің) жалпы категориялық мағынасы-заттылық мағынасымен байланысты екендігін аңғартады. Зат есім басқа да сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады, мысалы, атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде объект мәнін білдіріп толықтауыш, ілік септікте тұрып анықтауыш, көлемдік септіктерде пысықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш қызметін атқарады.

Сөйтіп, зат есімнің осындай синтаксистік қызмет атқаруы оны жеке сөз табы ретінде дәлелдейтін үшінші белгісі болып есептеледі.

Зат есімнің осы үш белгісі сөздерді таптастырудың үш ұстанымына сәйкес келеді. Бұл ерекшелік зат есімнің сөз таптарының ішіндегі ең үлкен, өрісі аса кең сөз табы екендігін көрсетеді.
Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты

Зат есімдердің қай-қайсысы да заттық ұғымдарды білдіргендерімен, олар семантикалық жағынан түрліше болып келеді. Мысалы, домбыра, жүзім, алма, орындық тәрізді сөздер көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын деректі зат атаулары болса, мейірім, қайырым, тілек, мүмкіншілік, достық, құпиялық сөздер дерексіз (абстракт) заттармен байланысты ұғымды білдіреді.

Бұл жөнінде ғалымдар пікірлерінде бірізділік бар. Мысалы, проф. А.Ысқақов зат есімдерді семантикалық жағынан іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық деген түрлерге бөлсе, С.Омарбекұлы «Табиғат пен қоғамдық тіршіліктің қыр-сыры қаншалық алуан түрлі болса, олардың бас-басына дерлік атауыш ретінде жұмсалатын тілдегі сөздер де соншалық алуан түрлі. Зат есімдер тікелей сезім арқылы тануға болатын дүниедегі нақтылы нәрселерден (су, жылқы, тағам, жел, дауыл, жейде, тал, терек, у-шу, айқай, қойын, қоныш) бастап, адамның тек ақыл-ой қабілетінің жәрдемі нәтижесінде ғана түсінілетін түрлі абстракт ұғымдардың (наным, шама- шарық, ынсап, нарық, мінез-құлық, кәде-жора, ырым, пікір) аттарын да білдіре алады» ,-дейді.

Сонымен қатар ғалым зат есімнің жалқы, жалпы, жиынтық мәнді, адамзат, ғаламзат есімдер деген түрлерін де атаған. Зат есімдерді семантикалық топтарға бөлуде Ә.Төлеуов нақтылы және абстрактілі, жалқы және жалпы (жинақты, жіктемелі) деген топтармен шектеледі.

Осылайша, ғалымдардың зат есімдерді лексика-грамматикалық жағынан бірнеше топтарға бөліп көрсетулері ол топтардағы зат есімдердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқатады. Сонымен зат есімдер адамзат және ғаламзат есімдері, жалпы және жалқы есімдер, көптік мәнді есімдер, эмоциялы-экспрессивтік реңді есімдер, көмекші есімдер деген ірі топтарға жіктеледі.

Қазақ тілінде зат есімдер кім? не? сұрақтарына жауап беруіне байланысты үлкен екі топқа белінеді. Зат есімдердің осылай екі топқа бөлінуі басқа тілдердің зат есімдерінен өзіндік ерекшелігі болып табылады. Осымен байланысты А.Ысқақов персондық және бейперсондық деген атаулар енгізді, яғни персондық зат есімдерге кім? деген грамматикалық сұраққа жауап беретін сөздер, ал бейперсондық зат есімдерге не? деген сұраққа жауап беретін сөздерді жатқызды. Ғалым бұл терминдерді «Қазіргі қазақ тілі» оқулығының 1974 жылғы басылымында адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері деп өзгертті. Сондай- ақ кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерді өз ішінде тағы да бірнеше мағыналық топтарға бөліп көрсетті:

а) адамға тән атаулар: бөпе, бала, ұл, қыз т.б.

ә) туыс атаулары: аға, іні, нағашы, жиен т.б.

б) іс-әрекетпен кәсіп-мамандық иелерінің атаулары: студент, оқытушы, дәрігер, заңгер т.б.

в) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атаулары: ректор, әкім, директор т.б.

г) кісі атаулары: Арман, Дәурен, Әлия, Раушан т.б.

Проф. А.Ысқақов не? деген грамматикалық сұрау, әдетте адамнан өзге барлық жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады дей келіп, оларды деректі я дерексіз заттар мен заттық ұғымдардың атаулары, өсімдік атаулары, ас пен ішімдік атаулары, хайуанаттардың, аң мен құстың атаулары, балық аттары, құрт-кұмырсқа, бақа-шаян аттары, мекен, құрал-жабдық атаулары секілді бірнеше түрлерге бөлген.

Ғалымның бұл пікірлерімен келісе отырып, ғаламзат есімдерін өз ішінен жанды заттар атаулары және жансыз заттар атаулары деп, екі мағыналық топқа бөлуге болады. Сонда жанды зат атауларына адамнан басқа кеудесінде жаны бар тіршілік атаулары жатады да, жансыз зат атауларына өлі табиғат денелері мен өсімдіктер дүниесіне қатысты есімдер жатады.

Бірақ тілімізде бұл қағидалардан ауытқитын да жайттар кездеседі. Мысалы, егер адам есімдері жер-су, мекен атауына ауысса, соңғы атауға не? деген сұрау қойылады: Алтай - екінші курс студенті. Алтай - кенге бай өлке. Бірінші Алтай сөзіне кім?, екіншісіне не? деген сұрақ қойылады. Ал керісінше, не? деген сұрауға жауап беретін жай ғана жалпы есім кісі аты ретінде қолданылғанда, кім? деген сұрауға жауап береді. Мысалы: бақыт, қуаныш-Бақыт Хасенқызы, Қуаныш Үсенұлы,

Ә.Төлеуов бұдан басқа кім? не? сұрауларының ауысып жұмсалатын мынадай орындарын көрсеткен: «Өзіміз кісі туралы сөйлей тұрсақ та, сөйлемнің мағынасына қарай ауызекі тілімізде, ертегілерде не күлдіргі әңгімелерде ретіне қарай кім? не? сұраулар бірінің орнына бірі ауысып жұмсала береді. Мысал үшін, мен енді кім болдым? деудің орнына, мен енді не болдым? деп, ренжіп айта береді. Бұл жерде әңгіме кісі туралы екенін сөйлемдегі сөздің контекстегі мағынасынан байқаймыз. Мұндай жағдайда не? деп сұрау қоя тұрсақ та, контекстегі мағынасына қарай, әңгіме кісі туралы екенін аңғарамыз», - дейді.

Қазақ тіл білімінде зат есімдерді жалпы есім және жалқы есім деп екі топқа бөлу А.Байтұрсынов оқулығынан басталады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «зат есім екі түрлі болады: біреулері-нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері-нәрсенің біріне емес, барлық табына қойылған: жалпы есім»,-дей келіп, жалқы есімдерге - Ахмет, Ашымтай, Ағытай, Қызылжар, Семей, Қырым, Қытай, жалпы есімдерге: кісі, еркек, қала, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке секілді мысалдар келтірген .

Зат есімдерді семантикалық және грамматикалық жағынан осылайша жалпы және жалқы есімдер деп бөлу кейінгі оқулықтар мен зерттеулерде жалғасып келеді. Мысалы, проф. А.Ысқақов жеке я дара заттарға берілген зат есімдерді жалқы есім деп, тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдерді жалпы есімдер деп атаса, Ә.Төлеуов «Кейбір зат есімдер тобы жеке нәрсенің өзіне арнай қойылған атын көрсетсе, кейбіреуі жинақты, жалпылама нәрсенің атын көрсетеді. Мәселен, тау, ағаш, жусан, сексеуіл деген сөздер бірыңғай көптеген заттардың жалпылама аттарын көрсетсе, Асан, Алатау деген сөздер- көптеген заттардың ішінен бөліп алынған жеке нөрсенің арнаулы аты. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай зат есімдер жалқы есім, жалпы есім болып екіге бөлінеді» -деп сипаттаған. Осы пікірмен үндестікті 2002 жылы шыққан академиялық грамматикадан да кездестіреміз. «Жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздер жалқы есімдер, ал бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді жалқы есім» деп аталған.

Бұдан шығатын қорытынды - зат есімдерді жалпы және жалқы деп бөлуде заттың саны ескерілуі керек. Жалпы есім саны жағынан шексіз. Мысалы: қала-жалпы атау, өйткені қала өте көп. Ал Алматы- жалқы атау, өйткені бір қаланың атауы. Олай болса, «жалқы есімдер - жалпы есімдерден ажырату үшін қойылатын арнаулы атаулар».

Жалқы есімдер өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді. Олардың ішіндегі ең үлкені-кісі аттары мен географиялық атаулар. Осымен байланысты тіл ғылымының екі саласы жалқы есімдердің екі түрін зерттеу нысаны етеді, яғни кісі атауларын зерттейтін сала ономастика деп, географиялық атауларды зерттейтін сала топонимика деп аталады

Сонымен қатар тілімізде саны жағынан сай келмейтін, бірақ жалқы есімдерге жататын басқада сөздер бар. Бұған газет-журнал, кітап атауларын жатқызуга болады. Мысалы, «Парасат» журналы, оның таралымы болса да, мазмұны-біреу, бірақ басқа газет- журналдардан ажырату үшін жалқы есімге жатады.

«Қазақ грамматикасында» жалқы есімдердің тағы да мынадай топтары көрсетілген:

- аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке атаулары (астрономиялық атаулар): Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы, Ақбозат;

-тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723 жылғы оқиға), Прием (1916 жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға);

-сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмайтазыға қойылған аттар: Тайбурыл, Құлагер, Көкжендет, Бөрібасар .

Жалпы есім мен жалқы есімдерге тән тағы бір ерекшелік- олардың бір-біріне ауысып отыруы. Мысалы: Арман, Жомарт, Болат, Қызғалдақ, Ләззат т.б. адам есімдері бұрын жалпы есім сөздері болғаны, ал алматылық, ақтаулық, тараздық сияқты жалпы есімдер бастапқы жалқы есімдерден жасалғаны белгілі. Бірақ А.Ысқақовтың көрсетуінше, жалқы есімдердің жалпы есімдерге ауысуларынан гөрі жалпы есімдерден жалқы есімдердің жасалуы көбірек кездеседі екен ).

С.Омарбекұлы жалқы есім қатарына жататын сөздер мен жалпы есім қатарына жататын сөздердің өзара бір-біріне ауысып отыру факторын тілдегі омонимдер пайда болуының бір жолы деп қараған (32,445). Шындығында да тілімізде мұндай сөздер жиі кездеседі: жібек-(матаның бір түрі)-Жібек (қыздың аты), жұлдыз- (астрономиялық атау)-Жұлдыз (қыздың аты), Қарлығаш-(құстың бір түрі)-Қарлығаш (қыздың аты, әннің аты), раушан-(гүлдің аты) – Раушан (қыздың аты) т.б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет