Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



бет9/27
Дата09.06.2016
өлшемі2.26 Mb.
#124791
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   27

Грамматикалық мағына


Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы - нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөздің екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.

Грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар.Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір он сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: 1.туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы; грамматикалық мағыналары – 1) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән ; 4) бір қимылдың ( ашудың) мезгілін білдіру ; 2. дүние, лексикалық мағынасы - әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық – меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа (дүние) тәуелді соның бөлшегі болу, 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура объектіні білдіру; 4. ашады , лексикалық мағынасы- ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары : 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3) ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3 – жақтағы субъектінің қимылы; 5. өлең , лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) ашу қимылының грамматикалық субъектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы- нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы, 2) кіру қимылының амалын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық – меншіктік мән; 8. қойнына , лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа ( жер) тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субьект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше , анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі.

Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері әр түрлі. Осы сөздерді кейбір ортақ грамматикалық мағыналарына қарап топтауға да болады. Мысалы, жалпы затты зат атауын білдіруіне қарай дүние, есігін, өлең, өлеңмен, жер, қойнына, денең сөздерін бір топ етіп, жалпы қимылды білдіруіне қарай туғанда, ашады, кірер сөздерін бір топ етіп, салттылық сипаты жағынан туғанда, кірер сөздерін бір топ етіп, 3- жақ субъектінің қимылын білдіруі жағынан ашады, кірер сөздерін бір топ етіп, тәуелділік мәніне қарай есігін, қойнына, денең сөздерін бір топ етіп, т.б. топтауға болар еді. Сөйтіп, жалпы мағына, грамматикалық мағынаның бірыңғайластығы, ортақтығы жағынан сөздерді белгілі топтарға жіктеуге болады. Сонымен бірге ол грамматикалық мағыналардың түрлері де, берілу жолдары да біркелкі емес. Мысалы, туғанда, ашады, кірер сөздерінің жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі мен салттылық (туғанда, кірер) я сабақтылық (ашады) мағыналары нақты қимылдың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болған. Сондай-ақ дүние, есігін, өлең, өлеңмен, жер, қойнына, денең сөздерінің жалпы зат атауын білдіруі нақты заттардың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болып отыр. Демек, бұл тәрізді грамматикалық мағыналар сөздердің лексикалық мағыналарының абстракциялануы, жалпылануы арқылы беріледі. Сөйтіп, бұл – грамматикалық мағына білдірудің семантикалық тәсілі (жолы) екен.

Берілген сөйлемдегі дүние, есік, жер сөздерінің әрқайсысы – жеке - жеке ұғымды білдіретін заттың аты, туғанда, ашады, кірер – нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, сондай-ақ төрт, жеті – нақты санды білдіретін сөздер, ақ, көк, сары- заттың нақты түсін білдіретін сындар, т.б. Атап айтқанда, дүние- өмір, тіршілік, есік – ауыс, өмірге, іс пен еңбекке алғаш аттап қадам басып кіру, араласу, жер – жер планетасының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы құрылық дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы – бөлек-бөлек заттардың атауы; туғанда- ана құрсағынан шығу, дүниеге келу, ашады – ауыс, жабық тұрған нәрсенің есігін, бетін шалқайту, аңқайту; кірер – ену , келу дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір – бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; төрт – үштен кейінгі есептік сан; жеті – алтыдан кейінгі сан дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; ақ – қардың, сүттің, бордың түсіндей (қараға қарама- қарсы) ; көк – ашық аспан тәрізді түс; сары – піскен егіннің немесе апельсиннің түріндей түс дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түсті білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, дүние, есік, жер жалпы зат атауларын білдіреді, туғанда, ашады, кірер жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, төрт, жеті – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, сары - жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның белгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер – нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы ( айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл іс-әрекетті білдіру, т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы.Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды: дүние, есік, жер – заттың атын білдіретін сөздер – зат есім, туғанда, ашады, кірер – қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер – етістік, төрт, жеті – заттың санын білдіретін сөздер- сан есім, ақ, көк, сары (жақсы, үлкен, биік) заттың сынын білдіретін сөздер –сын есім, т.б. Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөзден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді.

Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл, т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болу мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан турлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім) ; деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдік) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін, т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал- әрекет, ойлау қабілетіне байланысты, көңіл күйіне байланысты, т.б.) . Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мүмкін.

Рас, оқулықтарда грамматикалық мағына көбінесе солай анықталады. «Сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Грамматикалық мағына сөздің түрленуі арқылы да, сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынастары арқылы да айтылады». Ең алдымен грамматикалық мағына – лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағыны одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге ( формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы ролі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп атайды.

Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атайды.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация , т.б. аналитикалы, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет