Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



жүктеу 4.74 Mb.
бет6/27
Дата09.06.2016
өлшемі4.74 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

Полисемия ежелгi гректiң (роlu - көп және сema – белгi деген сөздерiнен алынған термин. Полисемия құбылысы әр түрлi мағыналарда қолданылып, негiзгi мағынасын да, туынды мағынасын да жоймайды. М:

Көз - I - адамның көру мүшесi,

II - күннiң сәулесi,

III - сусынның қайнар бұлағы.

Тiл-тiлдiң сөздiк құрамында бiр емес бiрнеше лексикалық мағынасы бар сөздер жиi кездеседi. Сөздiң лексикалық мағыналарының әрқайсысының өзiне тән ерекшелiктерi болады.

Түсiнiктi болу үшiн мына мысалға назар аударамыз:


  1. Ананың сүтi – бал,

Баланың тiлi – бал.

(Мақал)

2. Сүйемiн туған тiлдi – анам тiлiн,

Бесiкте жатқанымда-ақ берген бiлiм. (С.Торайғыров)

Алғашқы мысалда ана деген сөз «шеше» деген мағынаны бiлдiрсе, екiншi мысалда басқа бiр мағына «туған » дегендi бiлдiредi.

Сонымен сөз негiзгi мағынасынан басқа туынды мағыналарға ие болып, әр түрлi мағыналарда қолданылуға икем келедi. Әр түрлi мағынасы бар сөздi полисемантизм(көп мағыналы)дi сөз деп аталады. Ал, жалпы көп мағыналық құбылысы полисемия құбылысы деп аталады.

Полисемия күллi тiлдердiң бәрiнде де бар. Дүние жүзiндегi әр түрлi тiлдердiң сөздiктерiн алып қарасақ, барлығында да полисемантизмдi сөздердi жиi кездестiремiз.

Сөздің көп мағыналарын полисемия (гректің көп мағына деген сөзі) деп атайды. Дәлдеңкірей түссек, бір сөздің әр түрлі контексте әр түрлі мағына беруін полисемия деп атайды. Мәселен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (I том) бас деген зат есімнің бірнеше мағынасы келтіріледі: 1) адам мен айуан дүниесінің көз, мұрын, ауыз, құлақ т. б. орналасқан мүшесі; 2) шөптің, ағаштың, түрлі өсімдіктің ең жоғарғы жағы, төбесі, ұшы; 3) таудың, қырдың, мұнараның т. б. төбесі, биік жері, ұшы, ең үсті; 4) өзеннің, бұлақтың басталған жері, жоғарғы жағы; 5) таяқтың т. б. сондай нәрселердің жуандау, жұмырлау жағы (таяқтың басы); 6) балтаның, шоттың т. б. саймандардың жүзі бар жағы (айбалтаның басы); 7) бір нәрсенің айналасы, қасы (от басы, ток басы); 8) кісінің жеке дара өзі, адам (Басы аманның — малы түгел); 9) сан мөлшерін есептеу амалы, дана (қой саны— бір мың бас); 10) қызметі жоғары адам, басқару ісін жүргізуші; 11) негізгі, үлкен (бұл жиынның бас дауы); 12) бір нәрсенің бастамасы, алғашқы көзі (істің басы, қыстың басы); 13) басқарушы, жетекші. (Бұл іске Мейрам бас болып келді) т. т.

Әдетте, тіл-тілде ертеден, ежелден қолданылып келе жатқан байырғы сөздер, сол негізгі түбірлерден өрбігендер көп мағыналы болып келеді.

Мәселен, Абай алу етістігін толып жатқан мағынада қолданады: 1) бір затты қабылдау, ие болу. (Қалбалақтап түн бойы, алып бақты бұл сорлы.); 2) бір затты қолмен ұстау. (Орамалды қуанып қолына алды, сый алдым деп халқына қайта барды.); 3) жұбайлы болу, үйлену. (Ата-ананың қызметін, Алған жардың қарызын, Өтемей кеткен бейнетін.); 4) аңды қолқа түсіру, ұстау.(Құсы да иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.); 5) бір елді шауып өзіне қарату, бағындыру. (жердің жүзін алуға талап етті.); 6) о дүниеге әкету, өлтіру, 7) күрделі сөз құрамында жұмсалып, қосымша мағына үстейтін көмекші етістік. (Сілкіне алмас жапырақ т. б.)

Алу етістігі бұл келтірілгендерден басқа да сөз тіркестері ішінде толып жатқан ауыспалы мағынада қолданылады: асырап алу, атақ алу, басты бұлт алу, бойды алу, ғибрат алу, есеп алу, еске алу, жазды алу — жазды өткізу, жау жағадан алу, көзге жас алу, көңілін алу, ләззат алу, сәлем алу, шен алу т. т.

Полисемияны сөздің семантикалық варианты деп те атайды. Полисемияға жататын сөздердің, мағыналары арасында мағыналық, байланыс, жақындық болады. Мәселен, жоғарыда келтірілген ауыз, бас, алу сөздері мағыналарының арасында үзілмеген желі, мағыналық жақындық, ортақтық бар. Ондай жақындық, ортақтық, сайып келгенде, ауыз, бас, алу сөздерінің негізгі, тура, номинативті мағынасынан шығады; басқа мағыналарының, сыры бұл сөздерді бастапқы, негізгі мағыналарымен салыстыра қарағанда айқындала, дәлдене түсіп, түсінікті болады. Мағыналық жақындық, ортақтықтың болу-болмауы — бір сөзді полисемияға жатқызу немесе жатқызбау үшін басты шарт (критерий). (Мейрам бұл іске бас болып келді.) Аяғыңды бас дегендегі бас — мағынасы жағынан басқа-басқа құбылыс. Олай болса, бұлар да полисемия емес, лингвистикалық басқа-басқа құбылыстар (бұл жөнінде омонимдер туралы бөлімде толығырақ түсінік беріледі).


Семасиологияның заңдары

Тіл білімінде сөздер мен сөз тіркестер мағыналарын және ол мағыналардың, өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін сала - семасиология. Семасиология — лексикологияның үлкен бір саласы. Грек (sеmа, sеmаsіа— белгі) және латын (Іоgоs — ілім) тілдері сөздерінен құралған бұл терминнің, дәл мағынасы — белгі, белгілеу туралы ілім. Лингвистикада семасиология бірнеше мағынада қолданыла береді. Семасиология, бірер сөзбен айтсақ, мағына туралы ілім; Семасиология — тіл білімінде тілдік единицалардың мағынасын (мазмұнын, ішкі жақтарын) тексеретін ілім; Сөз мағынасын сөздің семантикасы деп те атайды; семантика мен мағына дегендер — бір-бірімен синоним.

Сөз мағыналарының көпшiлiгi семасиологияның белгiлi бiр зандары бойынша жасалады. Семасиологияның мынадай заңдары бар: функционалдық семантика заңы, ұқсату заңы (метафоризация), бөлшектiң бүтiнге айналу заңы, сөз мағынасының кеңеюi мен тараюы заңы.

Функционалды семантика заңы. Сөздердiң атқаратын қызметiне қарай жұмсалады. Сөз өзiнiң дыбысталуын, тұлғасын сақтай отырып, мағынасын бiртiндеп жаңарта бередi. Сөз жаңа мағынаға ие болғанда оның негiзгi сөздiк мағынасы өзiнiң қалпын сақтап қалады.

Қоғамның даму барысында белгілі бір заттың атқарған қызметін енді бір уақыттарда екінші немесе одан да көп зат атқаруы мүмкін; бір кездерде белгілі бір зат нақты бір материалдан жасалады да, кейіннен дәл сол зат қызметін аткаратын, яғни соның орнына жүретін екінші немесе одан да көп зат басқа бір материалдан, тіпті бірнеше, әр түрлі материалдардан жасалынуы мүмкін; кейінгі шыққан заттың, алғашқы, өзінен бұрынғылардан түр-түсі де, сапасы мен мазмұны да бөлек болуы мүмкін. Бірақ, соған қарамастан, кейін шыққан зат ертеректе пайда болған заттың орнына жүргендіктен, алғашқы затқа берілген ат-атау тілде сақталып қалуы мүмкін. Мұндай құбылыс мағынасының қызмет бірлігі бойынша аталуы немесе ауыстырылуы делінеді.

Бір сөз ертеректе пайда болған бір сөздің орнына қызмет бірлігінің, ортақтығына қарай ауыстырылғанда, метафоралар сияқты, белгілі бір ұқсастыққа негізделеді. Бірақ қызмет бірлігі бойынша ауыстырудың метафорадан басты айырмасы бар: метафоралар заттың, құбылыстың түр-түсі, формасы, көлемі тәрізді адам сезімі мүшелеріне бірден көзге түсетін жақтарын негізге алады. Соның нәтижесінде бір немесе ұқсас бірнеше зат, құбылыс бір атаумен немесе тіркеспен аталады. Ал, қызмет бірлігі бойынша ауысуда зат не құбылыс белгілері тек материалдық немесе түр-түс, формалары ұқсастырына негізделмейді; заттар мен құбылыстар формасы, түр-түсі, материалы жағынан әр түрлі бола тұрып, атқаратын қызметтері бір болғандықтан ғана бір атаумен аталады.

Мәселен, ерте заманда, ақша шыққанға дейін, адамзат әр түрлі затты малға айырбастап алатын; сирек кездесетін қымбат зат үшін малды көбірек беретін. Мал атаулы адамзатқа тамақ та болды; күш көлігі ретінде де пайдаланылды; айырбас өлшемі ретінде де қолданылды.

Келе-келе мал атаулының айырбас өлшемі ретіндегі қызметін ақша атқаратын болды. Ақша — латынша ресипіа (ресиз— мал.) ресипіа — орысша деньги; қазақша— теңге (кейбір зерттеушілердің пікірінше, орыстар бұл сөзді түркілерден алған; деньги түркілерге орыс тілінен теңге түрінде дыбысталып кірме сөз ретінде қайта өткен). Ақшаның единицасы — рубль (сом).

Рубль сөзінің этимоны жөнінде түрлі пікір бар. Кейбір пікірлерге қарағанда, орысша рубль — үнділіктердің рупийі. Үндіше рупий---- мал деген сөз; аша единицасы. Ал кейбір тарихшылар рубль орыстың рубить (ұсақтау, майдалау) сөзінен шыққан деседі.

Ертедегі Русьте ақшаның негізгі единицасы — салмағы 200 граммдай келетін күміс кесек (гривна). "Салмағына сай, ондай күмістің құны да қымбат болған (мәселен, бір күміске 200 тиін терісін сатып алуға болады екен.) Половецтер тұтқынына түскен Игорь князьды босату нарқы екі мың күміс кесек деп белгілеген көрінеді. Қысқасы, орыстың ертедегі күміс кесегі (гривна) — рубльдің арғы «атасы». Орыс жерін жаулаушылар орыс князьдары мен шаруалар түңліктеріне ауыр-ауыр салықтар салғанда, күміс кесектерді майдалап, ұсақтай («рубили» пополам) бастаған; бұл бір кездердегі қымбат бағалы күміс кесектерді «құнсыздандырған» («девальвация»); соның нәтижесінде ақшаның, жаңа единицасы — рубль пайда болған; орыс жазбаларында «рубль» сөзі XIII ғ. екінші жартысынан бастап кездеседі; орыстардың алым-берімінде алтын, (түркіше— алты) ақша ретінде жүрген; бір алтын алты сомға (рубль) теңгерілген. Иван Грозный кезінде бір рубль (сом) хақы жүз тиынға теңестірілген; монеталардың салмағы мен түрі бірдейлестірілген; ал бақыр тиындарды айналымға шығарған — Бірінші Петр.

Сөйтіп, алғашқыдағы мал, аң терілері т. б., кейіннен ақша — күміс кесек, келе-келе қағаз ақша, металдан жасалған ақшалардың бәрінің атқаратыны — бір қызмет, алым-берім единицасы қызметі. Сондықтан қағаздан немесе металдан жасалғанына қарамастан, атқаратын қызметі бір болғандықтан, орыс тілінде рубль сөзі сақталып қалды.

Сондай-ақ, ертеректе жазу кұралы ретінде құстын қауырсыны (гусиное перо) қолданылған; кейіннен бұл қызметті металл перо атқарды; белье алғашында ақ матадан тігілген; мешок теріден (мех) істелген; жазу материалы сия — (чернила) ертеректе сұйық қара заттан (черная жидкость) жасалынған; ертеректе жер астынан, шахтадан көмір тасу үшін күш көлік ретінде иттерді пайдаланған; сондықтан немістердің көмір тиейтін вагонеткаларды Ниnд. (собака) деп атағанына таңдануға болмайды; коньки — «везти» с конем — атпен тасу, жүргізу мағынасынан шыққан; XVI ғ. таң сәріде өз әріптестерін аралап жүріп оятатын монахтарды будильник деп атаған; сағат түрі — будильник содан қалған; орыстың, стрелять етістігі «стрела» (қару, оқ) мағынасынан алынған; мануфактура (латынша «қолмен тоқудан» шыққан)—ертеректегі бастапқы мағынасына сай, мата аты ретінде сақталынып қалынған; ағылшынның sаіl — жүзу деген сөзі бастапқыдағы sаіl — парус сөзінен шыққан; флот — суда жүзетін кемелер атауы; келе-келе самолетке қатысты мағынаға да ие болған (аэрофлот); француздың дебаркадер деген сөзі — пристань; поезд келіп тоқтайтын платформа мағынасында; осыдан вокзал сөзі келіп шықты: темір жол вокзалы, су жолы вокзалы (пристань), аэровокзал дегендердің атқаратын қызметі бір. Сондықтан бәрі де вокзал деген бір-ақ атаумен аталатын болған.

Сол сияқты шамды жақ, шамды өшiр деймiз. Осындағы шамымыз – электр. Ол бұрынғы шамнан өзгеше. Бұлардың бәрi де атқаратын қызметi функциясы жағынан бiр-бiрiне тығыз байланысты.



Ұқсату заңы. Тiлдiң лексикасындағы сөздердiң сыртқы дыбысталуын, түрiн өзгертпестен зат не құбылыстарының белгiсiнiң ұқсастығына қарай жаңа мағына туғыза қолданыла беруi - ұқсату заңы деп аталады. Бiрақ бұл заң кез-келген ұқсастыққа қарай жаңа мағына туғыза бермейдi. М: сиыр малының негiзгi ерекшелiгi мүйiзi болушылық. Осыған қарай мүйiздi жан-жануардың бәрiн сиыр деп қарауға болмайды.

Ұқсату заңы бойынша жана мағына туатын сөздер көбiнесе айуанның, адам, дене мүшелерiнiң аттары. Ұқсату заны дегенiмiздiң өзi шартты нәрсе. Ұқсату заңына жататын кейбiр белгiлi сипаттарына қарай орынды жерде ұқсату арқылы ғана жаңа мағынаға ие болады. Омоним сөздерiнiң негiзгi көпшiлiгi осы заң бойынша жасалады. М:



көк – аспан әлемi

көк – түс, сапа, сын атауы

көк - шөптiң жас кезiндегi аты

көк – капуста, қияр, сарымсақ, сәбiз тағамды өсiмдiк

көк - революцияға дейiнгi қазақ өмiрiндегi саба, көнек, сүйретпе, мыс, торсық, т.б. ыдыстар атауы.

Осы кезде ол ыдыстар сирек кездесетiндiктен қолданудан шығып қалды. Олардың орнына күбi, шелек, эмаль ыдыстар жұмсалады. Сөйтiп, қорыта айтқанда көбiнесе омоним сөздер жасалады.



Бөлшектiң бүтiнге ауысуы заңы. Бұл заң жоғарыда айтылған заңдардан мүлде өзгеше. М: «Қобыланды батыр» жырында «Қол соңында барады» деген жолдар бар. Осындағы қол сөзi о баста адамның дене мүшесiнiн бөлшегiнiң аты болып, бөлшектiң атауын бүтiнге айналдырған. Осындағы қол деп бiр адамды, яки азғана топты айтпай, көп болса ғана қол дейтiн болған. М: Қырық мың үйлi қияттан, қырық мың әскер қол алған. Бұл жерде қол алған дегенде көп әскер мағынасында колданылуда. Сөйтiп, қол деген алғашқы кезде дененiң бiр мүшесiнiң аты болса, кейiнгi кезде бүтiннiң атауына ауысып кеткен. Жоғарыдағы мысалдардан бiр заттың бүтiнше ауысу заңдылығын толық байқауға болады.

Сөз мағынасының кеңеюi мен тараю заңы. Сөз мағынасының кеңеюi мен тараюы заңында сыртқы дыбысталуы өзгерусiз болады. Лексикада бiр қатар сөздер мағынасының кеңеюi арқылы жаңа мағынаға ие болады. М: Қатынас деген сөз Қазан төңкерiсiне дейiн өте сирек, тар мағынада қолданылған. Оның негiзгi мағынасы – барып қайту дегендi бiлдiрген. Төңкерiске дейiн осы күнгiдей кең көлемде қатынас жасау жағдайы болмаған. Қәзiр қатынастың толып жатқан түрлерi бар.

М: Әуе катынасы, су қатынасы, жер қатынасы, радио қатынасы, телефон қатынасы, телевидение қатынасы. Сонымен бiрге қатынас кеңсе хабары жазылған қағаз.

Қоғамның, тілдің тарихи дамуына байланысты кейбір сөздер лексикадан мүлдем шығып қалады; ондайлар историзмге, архаизмге — көнерген сөздерге айналады; тілде жаңа сөздер — неологизмдер жасалады; кейде лексикадағы кейбір сөздердің мағынасы кеңейе түсіп, кейде тарылып отырады.

Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы, сөз мағынасын түрлі-түрлі амал-тәсілдер арқылы ауыстырып қолданып, молайта түсу —тілдің лексикасын сан жағынан емес, сапа жағынан байытып, дамытудың өнімді жолдарының бірі.

Сөз мағынасыньң кеңеюі мен таралуы құбылыстары полисемиямен де тығыз байланысты. Мәселен, жоғарыда келтірілген стол сөзінің алғашқы мағынасы — стлать (төсеу, төсеніш); бұл сөз келе-келе мебель аты, тарам, тамақ (стол накрыт; диетический стол), белгілі бір мәселемен айналысатын мекеме (паспортный стол, стол находок) деген үстеме, жаңа мағыналар қосып алды. Екінші сөзбен айтсақ, столдың мағынасы кеңейді; стол полисемияға айналды.

Сөз мағынасы кеңейгенде, алдымен сол сөзді білдіретін ұғымның, атаудың мәні кеңейеді; сөз абстракцияланған үстіне абстракциялана түседі; соның нәтижесінде сөздің бұрынғы бірер мағынасына көптеген жаңа мағына қосылады; байырғы сөздің жаңа мағынасы әсіресе жаңа бір тіркес құрамында айқындалып, ашыла, дәлдене түседі; кейде осындай қолданыстар арқылы байырғы сөздер терминге де айналып кетеді; байырғы сөз немесе бұрыннан-ақ қолданылатын қарапайым, былайынша айтқанда, «нағыз қазақы» түбірлердің өзінен көптеген жаңа сөз, жаңа ұғым жасалады.

Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің: Жоқшылықты жыр қылып, Далада қойшы зарлайды. Кімге айтса да сыр қылып, Байына жылап бармайды, — деген шумағында бай — малы көп адам; қойшының иесі, әміршісі; малды; әлді; басқа біреулерді жалдаушы — қанаушы; езуші, кұлданушы.

Қазірде, біріншіден, бай сөзінің бұрынғы мағыналары (малды, әлді, қожа, ие, қанаушы, құлданушы т. б.) тарылған; екіншіден, тілде бұрыннан бар бай сөзінің мағынасы жаңа ұғымдарға ие болып, кеңейген. Оны мына тәрізді тіркестерден айқын аңғаруға болады: бай ауыл, бай аудан, бай өлке, бай жер, жері байдың — елі бай т. б.

Қазақта қонаққа мүше тарту, табақ тарту дәстүрі бар. Бұл жерде мүшенің бұрынғы тура мағынасы — мал, аң-құс етінің жіліктері, бөлік, бөлімдері. Мәселен, Дәулет кұсын бауыздап, аспазшы әйелге: «Бір мүшесін қалдырмай ас»,— деді.

Қазақ ғұрпында табақ дегеніміз бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп бөлінеді. Күйеу табақ, құдағи табақ, қыздар табағы, келін табағы деген табақтар және бар. Олар өзінің атына, маңызына қарай еттің әр түрлі мүшесінен жасалады. Бас табаққа бас, жамбас салынуы шарт. Орта табаққа асықты жілік, кейде жамбас та түседі. Сый табаққа да бас, жамбас салынуы шарт. Күйеу табаққа бір сан жілік пен төс салынады; келін табаққа да төс және ұлтабар, жүрек түседі; қыздардың табағына жүрек, бүйрек, жағы мен тіл салынады; құдағилар табағында жамбас немесе асықты жілік пен сүбе болады (С. Қасиманов).

Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, табақ — көп мағыналы сөз. Табақ ертеде дастарқан, шаңырақ, өз алдына түтін түтеткен үй, қазан асқан орда деген ұғымды да білдірген. Қазірде табақ сөзі — нақты ыдыс атауы. Ал бір табақты бір өзі жеді, — десек, табақ- метонимия.

Сондай-ақ, жарыс, күрес, құн, еңбек, тыныс, демалыс, өнеге, үлгі, шаруа, дәулет, топ, жетек т. б. сөздер бұл күнде мағынасын мүлде кеңейткен: бейбітшілік үшін күрес, қосымша құн, өзіндік құн, еңбек тынысы, еңбек жемісі, көңілді демалыс, құрметті демалысқа шығу, мол байлық, мол дәулет, ірі шаруашылық, жұмысшылар мен шаруалар одағы, лекторлар тобы, өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі.

Жеке сөздердің өзі ғана емес, кейбір байырғы түбірге жүрнақтар қосылу немесе сөзден сөз жасаудың басқа да жолдары арқылы да жаңа ұғымдар пайда болып, сөз мағынасы кеңейе түседі: жарыс, күрес, ұйым (ұйы + м), жиналыс (жи + на + л + ыс), басқарма (бас + қар + ма), табыс (тап + ыс), төңкеріс (төңкер + іс), қолғабыс (қолқабыс), қолғанат (қол-қанат), қолжазба (қол + жаз+ба) т. б.

Жаңадан жасалынып, кейбір ұғымдардың термині ретінде қалыптаскан кейбір неологизмдер де кең мағыналы болып келеді: суреткер, қаламгер, талапкер, оқулық, оқырман, көрермен, баяндама, аялдама, қондырғы, саяжай т. б.

Кейбір кірме сөздердің бұрынғы бірер мағынасы қазірде кеңейіп, тіпті жаңа сөз, ұғым жасауға себепші болды. Мәселен, соңғы кездерде арабтың хүкімет сөзінің мағынасы қазақша әрі кеңейіп, әрі нақтыланып, өкімет, үкімет деген екі сөз-термин пайда болды; өкімет — орысша власть сөзінің; үкімет — орысша правительство сөзінің баламасы.

Сондай-ақ, арабтың, илм деген сөзінің мағынасы кеңейіп, үш сөз-термин жасалды: ғылым — орысша наука; білім — орысша знание; ілім — орысша учение.

Бір сөздің орнына екінші бір сөзді ауыстырып қолдану жолдары, мәселен, метонимия, синекдоха амалдары арқылы да сөз мағынасы кеңеюі мүмкін. Мұның, бір жиірек қолданылатын түрі — жалқы есімнің жалпы есімге, жалпы атауға айналуы. Мәселен, Қарабай, Қарынбай, Шырайбай, Қожанасыр, Алдаркөсе, Қодар, Жантық, Галефе, Маузер — кісі аттары; Шампан, Техас — топонимдер; апорт, херес, мадера т. б. жеміс-жидек сорттарының аты. Қазақ сараң адамды —Қарабай, Қарынбай, Шығайбай, мысқылшыл, сықақшыны — Қожанасыр, Алдар; дөрекі, қара күш иесін — Қодар, бір мен бірді атыстырып-шабыстыратын адамды — Жантық дей береді; галефе — шалбардың бір түрі т. т. Мұндайлар — сөз мағынасының кеңеюі.

Орыс тілінде донжуан (әйел баласы атаулыға қырындап, қырғидай тиюші мағынасында), меценет (өнерді жан-тәнімен қорғаушы, қастерлеуші), квислинг (саяси сатқын), донкихот т. б. — бұрынғы бір кісі аты; тар мағыналы қазірде мағынасын кеңейтіп, жалпы есімге айналған сөздер.

Сөз мағынасының кеңеюі — этимондар өзгерістеріне де байланысты құбылыс. Мәселен, жоғарыда стол сөзінің полисемия екенін айттық; бұл “стлать” сөзінен шыққан дедік. Енді бір қызығы гректің трапезе деген сөзі де стол мағынасын білдіріпті. Ал бұл сөз — трапезе орыс тіліне ауысқаннан кейін монастырьда тамақ ішетін ортақ стол, сондай ортақ столда тамақтану мағынасын білдірген; ертеде стол — астына аяқша орнатылған тақтай (латынның disсиsз — диск сөзі итальянша disсо — стол) болып қолданылу осыған байланысты.

Сөз мағынасының тарылуы — кеңеюге қарама-қарсы процесс. Сөз мағынасының тарылуы, негізінен, адам ұғымының жалпылықтан жалқылықты саралап, даралауынан, заттар мен құбылыстардың ерекшелігін, қыр — сырын айқындай түсуінен, нақтылап, дәл білуінен пайда болады.

Мәселен, ұл сөзі — ертеректегі түркі тілдерінде адам баласына да, мал баласына да бірдей қатысты қолданылған полисемия. Көне түркі тілдерінде бұл сөз оғлақ-қозы-лақ түрінде дыбысталған. Қазіргі азербайжан, түрікмен және солтүстік шығыс түркі тілдерінде оғлақ-оғлах мағынасы — бала; хакас тілінде оолақ — «мальчик» (әйтеуір ұл бала), солақ — «сынишка» (менің ұлым, кішкентай ұлым, қозым) деген мағыналарға сараланып, нақтыланса керек.

Жұрағат — ертеде әйел баласы (әйел, қыз, келіншек) атаулыны білдірген полисемия. Махмұд Қашқарида ұрағат иіп ігірді — жұрағат жіп иірді сияқты сөйлем бар. Қазіргі қазақта жұрағат — ұрпақ, тұқым, өрен-жаран, бауырлас, қандас, бір тектен, көбінесе әйел-ана жағынан таралған жақындар, туыстар. Жұрағатым еді, жұрағатына барып келді тәрізді тіркес — бұл сөздің ертеректе әйел баласы атаулыны білдіргеніне бірер дәлел есепті.

Кейбір зерттеушілердің айтуынша, жылқы — ертеректе күллі төрт түліктің аты; киік — күллі жабайы аңдар; тары — дән біткеннің ортақ аты; тон — сыртқы киімнің жалпы атауы. «Тойда тонымды бер; той — тондінікі, ас — аттынікі» осындайдан сақталып қалуы ықтимал.

Кейбір лингвистердін, айтуынша, өйткені, сондықтан тәрізді шылаулар, бүгін, биыл, өйтіп, сүйтіп, бүйтіп сияқты күрделі сөздер, шынтуайтқа келгенде, аббревиатуралар (қысқарған сөздер) сөз мағынасының кеңеюін дәлелдей түседі. Біздіңше, бұл келтірілгендер—сөз мағынасының кеңеюінің емес қайта, сөз мағынасының тарылуының, мысал-деректері.

Бұл сөздер олай еткені, солай болғандықтан, бұл күн, бұл жыл, олай етіп, бұлай (былай) етіп тіркестерінен формаларын да ықшамдап, мағынасын да нақтылап отыр. Олай болса, бұлар — сөз мағынасының тарылу кұбылысы.

Кейбір көмекші есімдер мен шылаулар түрлері ертерек кезде дербес мағыналы жеке-жеке сөздер болған. Келе-келе олар дербес мағынадан айрылып, басқа сөздермен тіркесіп қана қолданылады. Бұл — сөз мағынасының тарылуы. Мәселен, алды, қасы, жаны, арты, арасы, бойы, кейін, соң, ма-ме, -ақ, -мыс т. б. көмекші есімдер мен шылаулар — осындай топ. Дегенмен, олардың кейбірі кей жағдайда дербестігін әлі де сақтайды: кейін кел; алдың — құз, артың — жар; арасы — ат шаптырым. Бұл тіркестерде кейін, алд, арт, ара — дербес сөздер.


Сөз мағынасының ауыспалы және келтiрiндi топтары

Сөз мағыналарының әр түрлi мағынада кездесуi тiлiмiзде жиi кездеседi. Сөз мағынасының ауысуы, өзгеруi сөздердiң келтiрiндi мағынада қолданылуы нәтижесiнде болады. Сөз мағынасының ауыспалы және келтiрiндi топтарына метафоралық, метонимиялық, синекдохалық мағына және табу мен эвфемизмдер жатады.



1.Метафоралық мағына. Метафора грек тiлiнiң «metafhora» ауысу деген сөзi бойынша жасалған термин.

Белгiлерiнiң ұқсастығына қарай бiр заттың не құбылыстың екiншi бiр зат не құбылыс атаулары мен аталуының негiзiнде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Метафора тәсiлi арқылы сөз мағынасының ауысуы белгiленетiн заттардың тұлға, түс, қимыл ұқсастығының негiзiнде болады. Метафора тәсiлi арқылы сөз мағынасының ауысуы белгiленетiн заттардың тұлға, түс, қимыл ұқсастығының негiзiнде болады.

Мысалы, есiктiң тұтқасы дегенде есiктiң қолға ұсталатын жерi деген мағынаны бiлдiредi. Бұл оның тура мағынасы. Ал «Адам - өмiр тұтқасы» дегендегi тұтқа сөзi тiрек деген мағынаны бiлдiредi. Бұл сөз тұтқа сөзiнiң туынды және ауыспалы мағынасы екендiгiн айқындайды.

Сондай-ақ, өткiр пышақ дегенде сөздiң тура мағынасы ретiнде қолданылып тұр. Ал өткiр сөз, өткiр көз, өткiр жiгiт дегенде өткiр сөзi келтiрiндi және ауыспалы мағынада қолданылады.

Метафора құбылысының сөздiң мағынасынан орын тепкенi және әбден үйреншiктi болып кеткенi соншалық, метафора негiзiнде туған қосымша мағынаның көп жағдайда келтiрiндi мағына екендiгi бiрден аңғарыла бермейдi.

Метафораның негiзiнде туған келтiрiндi мағына әдетте сөздiң туынды мағынасы ретiнде туып, орнығып кетедi. Мысалы, суға шомылу, ойға шому дегенде және iстiң төркiнi, мәселенiң төркiнi дегендегi төркiн сөзiнен қыздың төркiнi дегендегi төркiн сөзiн салыстырып қарасақ, қыздың төркiнi дегенде - қыздың ата-анасы, жақын, туған-туыстары дегендi бiлдiредi. Ал алдынғы мысалдағы сөздер түб, негiзi, тегi, сыры дегендердi аңғартады.

Метафора жайында ескеретiн бiр жағдай: лингвистикалық ұғымда қолданылатын метафора бар да, көркем әдебиетте қолданылатын метафора бар. Тiл және әдебиеттегi метафоралардың айырмашылығы мынадай: - тiлдiк метафора сол тiлде сөйлейтiн адамдарға түсiнiктi және бәрi де қолданылатын жалпы халыққа ортақ лексикалық мағына. Ал, көркем әдебиетте қолданылатын метафора жалпы халықтың тiлiнде қолданылатын метафорадан көбiнесе өзгешелеу болып келедi. Көркем әдебиеттегi метафора көбiнесе образды бейнелеу, көркемдеу мақсатына ие болады. Метафора — тілдің суреттеме, көркемдегіш, бейнелеуіш құралдарының ең бір өнімдісі. Сондықтан көркем әдебиетте метафора бейнелеушi, мәнерлеушi тәсiл ретiнде қызмет атқарады.

Мысалдар: Ақылыңа сөзің сай, Сіз — жалын шоқ, біз — бір май; Ыстық сөзің кірді ішке, май тұра ма шыжымай?! Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі; мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі; көңілдің жүгін қиял қыл, ызаға тұтқан бой мең-зең; Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ит жүрек; Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға, Бермек болған айғырдың көзі қайда? Көзді көрсең —бересің, тайсаң — танып, Алдамшы атанғанның несі пайда? Көңіл құсы кұйкылжыр шартарапқа, Адам ойы түрленіп ауран шақта; Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ (Абай).

Келтірілген мысалдардағы сіз—шоқ, біз—май, сөзің кірді ішке, дүниенің кілті, көңіл кірі, көңіл жүгі, ит жүрек, көз, көңіл кұсы, жастықтың оты — поэтикалық метафоралар, Абайдың өзіне тән көркемдегіш құралдары. Мұндай қолданыстар сөзге өң, көрік береді; ойды жеріне жеткізіп айтуға себепкер болады.

Метафора негізінде туған ауыспалы мағына тілде қалай болса солай қолданыла бермейді, тілдегі әбден орнығып, қалыптасқан нормалар шегінен ауытқып кете алмайды. Дегенмен, метафораларды, сондай-ақ жалпы тілдің бейнелеуіш және көркемдегіш құралдарын қолдануда әр автордың өзіндік тәсілі, шеберлігі болады.

Бұдан аңғаратынымыз: екі немесе бірнеше затты (құбылысты) бір ғана атаумен атайтын таза тілдік — лингвистикалық метафоралар болады (адамньң басы — таудың басы); өмірде реальды түрде болмайтын, тілдегі сөздер мен сөз тіркестері мағынасын әрі дәл, әрі саналы, әдейі астарлы, бейнелі түрде шыңдай түсу мақсаты үшін қолданылатын таза әдеби — поэтикалық метафоралар болады. Соңғы келтірілген мысалдар, міне, сондай, көркем — әдеби, поэтикалық метафоралар.

Таза лингвистикалық метафоралардың қолданылу зандылықтары мен себептері, негізінен, мына төмендегі тәрізді болып келеді:

Тіл-тілде сөз (сөздер) заттар мен құбылыстардың түр-тұлғасы (формасы) ұқсастықтарына қарай бір атаумен алмастырылады: адамның көзі — иненің көзі; адамның беті — сүттің беті, істің беті, қайықтың тұмсығы — ит тұмсығы т. б.

Сөздер дыбысталу жақындығы жағынан да алмастырылады: қасқыр да ұлиды, жел де ұлиды, т.б.

Заттар мен құбылыстар әсері арқылы пайда болған эмоционалдық байқаулар мен аңғарулар нәтижесінде сөз атаулары алмастырылады: қой, (дәл мағынасы — қой) — ештемеге көнбейтін, томаға тұйық, ақымақ — айтқанға көнбейтін, айдауға жүрмейтін адам; жылан — қырсық, зұлым адам, т. б.

Кейбір метафоралар әр түрлі, тіпті алуан-алуан, кішігірім ұқсастық, сәйкестік негізінде де алмастырылады; кейде жан-жануар, құс ұқсастықтары да метафора ретінде қолданыла береді; зат пен құбылыстың табиғи ерекшеліктеріне, қызметіне қарай ұқсастықтарға сай мағыналық ортақтықтар да метафора ретінде пайдалына алады.

Қазақ және орыс тілдерінде кейбір кісі аттары (ономалар), елді мекен аттары (топонимдер) т. б. метафора негізінде қолданыла береді: Үміт, Үмбет, Ұмыттық, Ұлболсын, Тынышкүл, Вера, Надежда, Люда, Любовь, Қызтуған, Қамыскөл, Алтай, Қарпық, Қуандық, Бегендік, Сайдалы, Бекбау, Мінәсіп, Тұтқыш, Тойдым, Қарашаш, Шаңқүл, Миргородовско, Луговая, Дубовское, Савва, Пресенко, Яковенко, Романовых, Қыземшек, Бескемпір т. б.

Жоғарыда айтылғандай, метафоралар көбінесе сөз мағынасын бейнелеуші, көркемдеуші құрал ретінде қолданылады.


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет