Антонимдер
Антоним гректiң anti - қарсы, onuma - ат, атау деген сөздерiнен жасалған термин. Антонимдер деп - мағыналары бiр-бiрiне қарама-қарсы сөздердi айтамыз. Мысалы: жақсы – жаман, арзан – қымбат т.б.
Қарама-қарсы ұғымдар белгiлi бiр логикалық категориялардың ең шеткi екi мүшесi болып табылады. Олардың арасында үшiншi бiр аралық мүше болуы мүмкiн.
Мысалы: жақсы – шамалы – жаман деген қарама-қарсы ұғымдарды бiрiн-бiрi жоғары шығарып қоймай затқа жаңа баға бередi. Бiрақ ұғым логикалық болады да, антонимдер тiлдiң категория ретiнде сақталып қала бередi. Антонимдiк мағына қарама-қарсылық, сапалық ұғымдарды бiлдiретiн сөздерге ғана тән категория.
Мысалы: жұмсақ – қатты, қалың - жұқа дегенде әрi атауыштық, әрi сапалық қасиет бар. Сондықтан да антонимдес болатын сөздердiң басым көпшiлiгi сын есiмдер. Мысалы: кәрi – жас, терең - саяз, ыстық – суық, тар - кең т.б.
Ал, зат есiмдерден антоним сөздер өте аз жасалады. Мысалы: пайда – зиян, бай – кедей, өтiрiк – шын, бақ – сор.
Туынды зат есiмдерден жасалатын антонимдердiң де негiзгi түбiрi сапалық ұғымды бiлдiретiн сөздер екенi сезiмдi. Мысалы: тарлық - кеңдiк, аштық – тоқтық, жастық - кәрiлiк.
Үстеу сөздерден жасалған антонимдер санаулы ғана. Мысалы: ерте – кеш, берi - әрi, iлгерi – кейiн, жоғары - төмен. Сондай-ақ антонимдер қарама-қарсылық мәнi жағынан бiр-бiрiне тепе-тең болуы керек.
Мысалы: тар - кең, алыс – жақын, ұзын – қысқа.
Қазақ тiлiндегi антонимдердi классификация жасағанда проф. Ғ.Мұсабаев мынадай 4 топқа бөледi:
Антонимдердiң бiр сөйлем iшiнде қолданылуы;
Iргелес сөйлемдерде қолданылуы;
Бiрнеше антоним сөздердiң бiр сыңары одан кейiн берiлуi;
Антонимдердi аралас қолдану.
Бұлайша түрге бөлу антоним сөздердiң контекстiк мағынасын көрсетуге бағытталған негiзiнен антонимдердiң контекстегi тұлғалық және мағыналық ерекшелiгiне қарап төмендегiше топтарға бөлуге болады:
1) Жалпылық мәнде болатын антонимдер.
Мысалы: а) Ит үрер жақсыға да, жаманға да.
б) Алыс пенен жақынды жортқан бiлер.
2) Тiкелей қарама-қарсылық мәнде болатын антонимдер. Мысалы: Ендi еңбек бейнет емес, зейнет.
3) Алтернативтi мәнде болатын антоним сөздер.
Мысалы: а) Ендеше ер бол да ақтал, немесе ешан да жазала.
б) Сонда ұйқы мен ояудың, түс пен өңнiң арасында.
4) Тұжырым, пiкiр, мәнде болатын антонимдер.
Мысалы: Еңбек түбi зейнет, Ашу дұшпан, Ақыл дос, Шабыспақ оңай, табыспақ қиын.
5) Субъект перидикаттық қатынаста болып келетiн контекстегi антоним сөздер (контест – байланыс, құрылыс).
Мысалы: Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, тағдыр жоқ, өткен өмiр қайта келмек (Абай).
6) Көркем әдебиетте заттың, қубылыстың сыр-сыйпатын бейнелеп, айқындап көрсететiн антоним сөздер. Мысалы: тiрi өлiм, тiрi аруақ, құрғақ су, жақсы өлiм.
7) Керi мағынада қолданылатын антоним сөздер: мысқылдау мақсатындағы сөздi әдейi керi мағынада қолданушылық кездеседi. Мысалы: қорқақ деудiң орнына батыр деу. Қара кiсiнi аппағым деу керi мағынада қолданылады.
8) Жалпы есiмнiң орнына жалқы есiмдi және оны керiсiнше атау тәсiлi антонамация дейiледi. Мысалы: Сараң - Қарабай, мылжың - Мырқымбай.
9) Антонимдер антитезаның бiр тәсiлi ретiнде де қолданылады.
Мысалы: Қар аппақ, бүркiт қара, түлкi қызыл,
Ұқсайды қаса сулу шошылғанға (Абай).
Синонимдер
Синоним (қатар атау) мағынасы бiр-бiрiне жуық, өзара өте мәндес сөздердi айтамыз. Синоним сөздердiң бiр-бiрiнен мағынасы жағынан айырмашылығы сәл ғана нәзiк айырмашылық түрiнде болады. Өзара мәндес сөздердiң топтары синонимдiк қатар немесе синонимдiк ұя деп аталады. Синонимдiк қатар болу үшiн кемiнде екi сөзден кем болмауы керек.
Мысалы: ақ, шалыққан, сондай-ақ ел, жұрт, халайық, халық, т.б. Синоним сөздер тiрек сөз ретiнде ылғи доминант сөз ретiнде қолданылады.
Мәндес сөздер тобының iшiнен мағынасы жағынан айрықша көзге түсiп, сол топтағы сөздердiң барлығына бiрдей жалпылама мағынасын ашық, айқын аңғартатын сөз доминант сөздер, тiрек сөздер деп аталады.
Мысалы: халық, ел, жұрт, әулет дегенде синонимдiк ұяның халық дегенi доминант синоним болады. Доминант синоним сөздерiнiң мына сияқты өзiндiк белгiлерi бар:
1. Доминант сөздерiнiң мағынасы артық та емес, кем де емес дәл мөлшерде болады. Мысалы: ауру, сырқат, науқас, дерт.
2. Доминант сөздерiнiң стилдiк мәнi бар бейтарап сөздер болады. Мысалы: ат, есiм, ныспы, т.б.
3. Доминант синонимдер басқа сөздерге арқау болады. Мысалы: ерлiк, батырлық, қаһармандық, жауынгер.
4. Неологизм мен көнерген сөздер қатар келгенде, доминант синонимдер ол сөздерге тiрек бола алады. Мысалы: оқушы, шәкiрт, жауыргер, сарбаз, т.б.
5. Жалпы халықтық сөз болып диалектизм қатар келгенде, доминант синонимге әдеби тiлге бейiмi алынады. Мысалы: көйлек-жейде, мата-кездеме.
6. Жеке сөздер мен тұрақты сөз тiркестерi синоним болып қолданғанда доминант сөзге көбiнесе, жеке сөз алынады. Мысалы: лезде, көздi ашып жұмғанша, қас пен көздiң арасында.
7. Синонимдiк қатарды құрастырушы сыңарлар бiр-бiрiне белгiлi бiр системаға икемделiп телiну жағынан ажыратылып, шектеледi. Мұны синонимдiк шек дейдi.
Мысалы: қарт дегенде сөзбен кәрi деген сөздiң мағынасы өз ара мәндес синоним бөлiгiмен оның контекстегi қолданылуы жұмсалу шеңберi бiрдей емес, қарт деген сөз адам, кiсi сөздерiмен тiркеседi де, басқа сөздерге мүлде тiркеспейдi. Кәрi деген сөз көптеген сөздерге тiркесiп, қолданыла бередi. М, кәрi адам, кәрi кiсi, кәрi қой. Бiрақ қарт жылқы, қарт қой деп тiркестiрiп айтуға болмайды.
Синонимдер контексте алдыңғысы соңғысын, соңғысы алдыңғысын айқындап, күшейте түсетiн тiркестi плеонастикалық синтагма деймiз. М: ежелгi ескi досым, айдын шалқар көл, құр бекер, әуел баста, сәске түс, орасан зор т.б.
Қазiргi қазақ тiлiндегi синоним сөздер мынадай жолдармен жасалады:
1. Синонимдер сөз тудыру тәсiлдерi аффикс арқылы жасалады. Ол жұрнақтар мыналар: а) -с, -ыс, -iс: жиналыс, мәжiлiс, кеңес, отырыс. ә) -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: б)-ым, -iм,-м: бiтiм, келiсiм, наным, сенiм, өнiм, түсiм. в)-у: демеу, медеу, сүйеу. г) –лы,-лi,-ды,-дi,-ты,-тi: айыпты.
2. Кiрме сөздер арқылы жасалатын синонимдер, М: сом-теңге, мұржа-труба, кеспес-бошка, iлгек-күрмек, пiшiн-порым т.б.
3. Диалектизмдердiң есебiнен көбейетiн синонимдер , Мысалы: үлкен –пәс, кiлiт - ашар, ұрпақ - кебек, қатарлас - тебейлес, кiшкентай-пыштай т.б.
4. Фразеологиялық тiркестердiң жеке сөзбен синонимдес келуi арқылы жасалуы. М: Қой аузынан шөп алмас - момын, жуас. Соқырға таяқ ұстатқандай - ашық, айқын, анық сөздерiнiң орнына қойылады.
5. Байырғы төл сөз бен сөз тiркестерi термин сөздермен мәндес келiп синоним сөздер жасалады. М: табиғат суретi - пейзаж, бейне -образ, жыр - эпос, сықақ - сатира, қор - фонд, қиял - фантазия т.б.
6. Тiлде белгiлi бiр эвфемизм, дисфемизм басқа бiр сөздермен не сөз тiркестерiмен келiп синонимдер жасалады. М: өлдi деудiң орнына жүрiп кеттi, дүниеден өттi, жан тәсiлiм қылды деген сыпайы эвфемизм түрi қолданады.
7. Сөздiң барлық мағыналары жақтан дамуы, қосымша жаңа мағынаға ие болуы нәтижеде синоним сөздер жасалады. М: түбi – өсiмдiктердiң түбi, адамның түбi. Сол керей iшiне сiңген аз атаның баласы едiм, түбiм Қызай (М.Әуезов.) Осындағы түп сөзi бiрiншi сөйлемде тура мағынада қолданып тұр, ал екiншi сөйлемде туынды мағынада қолданып тұр.
Синоним сөздер өзара мәндес болуы мен қатар ол сөздер түрлi сөз таптарынан жасалады. Осы сөздердi төмендегiше топтастыруға болады:
1. Зат есiмнен болған синомимдер - өң, түр, түс, келбет, пiшiн, ажар, мүсiн, көрiк, кескiн, дидар, шырай.
2. Сын есiмнен болған синонимдер: салмақты - сабырлы, байыпты, байсалды, ұстамды.
3. Етiстiктен болған синонимдер: 1) сауығу - жазылу, айығу.2) жолуғу - кездесу,ұшырасу.
4. Есiмдiктен болған синонимдер: барлық - барша, бүкiл, бәрi, күллi, түгел т.б.
5. Үстеулерден болған синонимдер: таяуда – жуырда, жақында, жуықта.
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар:
-
Сөз мағынасының лексика-семантикалық топтары дегенде не түсiнесiң?
-
Омонимдер дегенiмiз не және олар қалай жасалады? Омонимнiң қандай түрлерi бар?
-
Антоним дегенiмiз не? Мағынасы қарама-қарсы сөздер қалай жасалады?Антонимдерге мысал бола алатын мақалдар айтыңдар.
-
Синоним дегенде не түсiнесiңдер? Синонимдер қалай жасалады?
-
Омоним және полисемияның айырмасы неде?
-
Көркем шығармалардан сөз мағынасының ауыспалы және келтiрiндi топтарына мысалдар келтiрiңдер.
Қазақ тiлiнiң сөздiк құрамы мен сөздiк қоры
Қазақ тiлi лексикасының құрамын негiзгi сөздiк қор мен сөздiк құрамды белгiлейдi. Сөздiк құрам тiлдегi мыңдаған сан алуан сөздердi қамтып, бiрнеше салалардан және лексикалық қат-қабаттардан тұрады. Сондай-ақ арнаулы терминдер белгiлi бiр кәсiпке, шаруашылық түрiне байланысты сөздер енедi.
Бұдан басқа да қазақ лексикасында басқа тiлден енген көптеген сөздер, яғни араб, парсы, иран, монғол, орыс т.б. енген сөздер де бар.
Негiзгi сөздiк қор. Негiзгi сөздiк қорға қазақ тiлiне ертеден өмiр сүрiп келе жатқан байырғы сөздер, кейiн жасалған туынды сөздер жатады. Бұлар халық тiлiнде әбден қалыптасып жалпыға түсiнiктi болады. Негiзгi сөздiк қор жаңа сөздердiң жасалуына ұйытқы болады М:етiк-етiкшi, жұмыс-жұмысшы, күн-күндiкт.б.
Тiлде туынды жаңа сөздер негiзгi сөздiк қордағы сөздердiң базасы түрлi тәсiлдер жасалып отырады. Ек, ет, iс, су көк деген түбiр сөздерде, егiн, орақ деген туынды сөздер негiзгi сөздiк қорға жатады. Негiзгi сөздiк қорға жататын сөздер мен сөз тудырушылардың қабiлетi бiрдей емес. М: есiмдiк, сан есiм, үстеу, сөздерге қарағанда зат есiм мен есiмдiк тобындағы сөздердiң сөз жасам мүмкiншiлiктерi әлдеқайда басым. Тiлдегi трактор, комбайн, электр, радио, агроном сияқты сөздерден қолдана келiп жалпы халықтық сипат алып, негiзгi сөздiк қорға енедi.
Негiзгi сөздiк қор талай ғасырды басынан кешiрген байырғы көне сөздер болады. Негiзгi сөздiк қор тiлдегi сөздердiң барлық жиынтығы қарайды.
Осы сөздерге және шығу тегiне талдау жасаймыз.
Қазақ лексикологиясының құрамын тарихи жақтан алып қарасақ, ертеден келе жатқан арна қазақ тiлiнiң байырғы төл сөздерi. Қазақ тiлiнiң байырғы төл сөзi негiзгi сөздiк қорға енумен бiрге шығу төркiнi жағынан туыстас түркi тiлдерiне ортақ сөздер болып табылады.
Онымен бiрге қазақ халқының басынан кешiрген ұзақ тарихында талай-талай халықтармен мәдени шаруашылық қарым-қатынастар болған мен монғол, араб, парсы, орыс т.б. енген сөздер де қазақ тiлi лексикасын құраған қат-қабаттар мен арналар болып табылады. Осы лексикадағы қай қабаттар мен арналардың бәрi түркi тiлдерiне ортақ сөздер.
Қазiргi қазақ тiлiнiң негiзгi сөздiк қорына енетiн байырғы және түркi тiлдерiнiң әрқайсысына тән ортақ сөздердi негiзгi түрлерi мыналар:
Мал шаруаларына байланысты атаулар:
қой, жылқы, ат, байтал, түйе, бота, қозы.
2. Аң-құс атаулары: аю, қарға, бүркiт, бұлбұл, түлкi,
3. Адамның дене мүшелерiне байланысты атаулар:
бас, аяқ, қол, көз, мұрын, ауыз.
4. Табиғаттағы құбылысқа байланысты атаулар:
тау, жер, су, өзен, көл, тас, жел, ай, күн.
5. Еңбек құралдары атаулары:
пышақ, ара, бiз, тырма, күрек.
6. Егiн шаруашылығына байланысты атаулар.
бидай, арпа, тары, жүгерi.
7. Адамның туыстық қатынасына байланысты атаулар:
қыз, ата, шеше, аға, әйел, күйеу.
8. Тамаққа байланысты атаулар: ет, май, сүт, айран.
9. Тұрмыс қажетiне байланысты атаулар:
Үй, киiз, кiлем, алаша.
10. Заттың сапасын,белгiсiн көрсететiн сөздер:
ақ, сары, қызыл, көк, ыстық.
11. Есiмдiк сөздер: мен, сен, ол.
12. Сан есiмдер: бiр, екi, үш, т.б.
Қазақ тiлiнiң лексикалық құрамының баю жолдары. Қазақ тiлiнiң сөздiк құрамы негiзiнен екi жолмен байиды, тума және кiрме жолдармен толығып отырады.
Тума жолмен баю тәсiлi морфологиялық және синтаксистiк жолдар болып, әрбiрiнiң қызметi ерекше.
Морфологиялық тәсiлдiң сөздiк құрамды байытудағы рөлi.
туынды зат есiмнен: келiншек, кiтапша, дәрiгер, еңбекшi, өнерпаз, аялдама, тұрмыс, көрермен, балалық, ұғым, түйiн.
туынды сын есiмдер: өнiмдi, табиғи, қызба, оймақтай, айдай, сергек, бiлгiш, сыйлы.
сан есiмдер: екiлiк, бiрлiк, мыңдаған, жарым, ширек, жарты, үшеу, жүздеп.
туынды үстеулердiң түрлерi: ауызша, кеңiнен, жазғытұрым, кейде, осылайша, әдейлеп, қайтадан, соңынан, өлердей, шарасыздан.
туынды етiстiктерден: қарамау, сөйлеу, кештету, суғару, төбелеу, сығалау, күлiмсiреу, бүктеу.
есiмдiктерден болған туынды сөздер: әнекей, мұнша, соншама, өзiмшiл, барлық, барша, әнекүнi.
2. Синтаксистiк тәсiлдiң сөздiк құрамды байытудағы рөлi
бiрiккен сөздер: қарақат, бүгiн, биыл, әкел, тоқсан, өйткенi, ағайын, бiлезiк.
қайталама қос сөздер: әрең-әрең, бара-бара, қолма-қол.
қосарлама қос сөзер: (комноненттерi мағыналы)
а) қайшы мәндес сыңарларынан тұратын: бар-жоқ, ақ-қара, үлкендi- кiшiлi, оңды-соңды, қысы-жазы.
ә) мәндес сыңарлардан: қауып-қатер, күш-қуат, әл-ауқат, үлгi-өнеге. т.б.
қосарлама қос сөздер: (компонентерi мағынасыз)
а) бiр сыңары мағыналы, бiр сыңары мағынасыз: тоқты-торым, бала-шаға, дәрi-дәрмек, келiн-кепшiк, жора-жолдас, жас-жосық.
ә) екi сыңары да мағынасыз сыңарлардан жасалған: ағыл-тегiл, быт-шыт, алай-дүлей. т.б.
- күрделi сөздер: тау ешкi, қой жуа, бас киiм, аяқ қап, қол алысу.
Сөздiк құрамның тағы бiр баю жолы кiрме сөздер жолымен толығып отырады. Қазақ тiлiне қоғам, дәуiр әсерiнен өзге тiлдерден бiрнеше сөздер енген. Олар қазiргi тiлiмiзге етене енiп, сiңiсiп кеткен.
Араб-парсы тiлдерiнен енген сөздер: абырой, бақыт, дос, емтихан, мәлiмет, нан, ас, ұстаз, арба, дәрiгер, пән.
Монғол тiлiнен енген сөздер: нөкер, нұр, жыл, маңдай, жорға, мешiн, т.б.
Орыс тiлiнен енген сөздер:
а) тұрмыс қажетiне енген сөздер: керуерт, бөтелке, бөшке, кәмпит, шәйнек.
ә) әкiмшiлiке байланысты сөздер: шен, ауылнай, контор, пима, түрме.
Интернационал терминдер:
а) ағылшын тiлiнен: комбайын, трактор, бокс, футбол, тренир, финиш, торт, т.б.
б) француз тiлiнен: люстра, компот, билет, гектар, атака, такси, аванс, т.б.
с) италян тiлiнен: балкон, дуэт, студия, касса, т.б.
д) немiс тiлiнен: папка, кран, цех, штраф, штаб, курорт, т.б.
Түркi-монғол тiлдерiне ортақ сөздер мен монғол
тiлдерiнен енген сөздер
Түркi тiлдерi сияқты монғол тiлi де жалғамалы тiлге жатады. Түркi тiлдерi мен монғол тiлдерiнiң ара қатынасы жақын екендiгiн тiл ғалымдары әлдеқашан дәлелденген. Түркi және монғол тiлдерiне ортақ сөздердiң түрлерiн көрсеткенде оларды төмендегiше топтарға бөлуге болады:
1. Антонимдiк атаулар мен туыстық қатынастарды бiлдiретiн атаулар: қазақ, қырғыз, өзбек тiлiндегi бен сөзi монғол тiлiнде бэл түрiнде кездеседi.
Сондай-ақ, қазақ, башқұрт, татар, қырғыз тiлдерiндегi бажа сөзi монғол тiлiнде база түрiнде кездеседi.
2. Еңбек құралдарының атаулары: қазақ, қарақалпақ тiлiндегi бұрынғы сөзi, қырғыз тiлiнде бұрғу, ал монғол тiлiнде бурын түрiнде ұшырайды.
3. Малға байланысты атаулар: қазақ тiлiндегi бура сөзi қырғыз тiлiнде буура, монғол тiлiнде бугра түрiнде кездеседi.
4. Кейбiр түбi және туынды етiстiктер: қазақ, қарақалпақ, өзбек тiлдерiнде сұра етiстiгi, татар тiлiнде сора, монғол тiлiнде сура түрiнде кездеседi.
5. Сондай-ақ, монғол және қазақ тiлдерiндегi сөздердiң дыбыстық үйлесiмдiлiгi төмендегiдей болып келедi: қазақ тiлiнде жә және жоқ сөздерi, монғол тiлiнде заа және зақ түрiнде, тарау-тарақ, төлеу-толох, төл-дош, дала-тал түрiнде кездеседi.
Араб-парсы тiлдерiнен енген сөздер
Қазақ тiлi лексикасынан орын алып қазақ халқы сөздiгiнiң бiр арнасы болған араб парсы тiлдерiнен енген сөздер.
Араб, парсы, иран тiлдерiнен қазақ тiлiне сөз ену ертеден, сонау VIII-XIXғ шамасынан басталады. VIIIғ. шамасында арабтар Орта Азия және Қазақстан жерiн басып алады. Басып алған жерлерiнде дiндi уағыздайды. Соған байланысты дiни кiтаптар пайда болады.
Оқу-бiлiм, ғылым мен мәдениетке байланысты сөздер: ғылым, ғалым, өнер, мәдениет, кiтап, тарих, дәптер, талап, ғұлама, мектеп.
2. Абстракт ұғым атаулары: аброй, мейiр, нәпсi, арам, адал, сабыр, тағдыр.
3. Адамды әр алуан жақтан бiлдiретiн сөздер: бейбақ пақыр.
4. Әлеуметтiк жағдайға байланысты сөздер: әлеумет, мекеме, арыз, әдет, заң. т.б.
5. Дiнге байланысты сөздер: тұмар, шариғат, сопы, қажы, тәуiп, ақырет. т.б.
6. Парсы-иран сөздерi: дұшпан, дос, дүние, баға, пайда, сауда, базар.
7. Кiсi атаулары: Жаппар, Сабит, Райхан, Әсия, Рахман, Зейнеп, Алима. т.б.
8. Уақыт атаулары: дәуiр, дәурен, заман, ғасыр, маусым. т.б.
9. Түрлi құбылыс атаулары: дүние, сағат, табиғат, сахара, мекен, мүлiк.
Орыс тiлiнен енген сөздер
Орыс тiлiнен енген сөздердi негiзiнен 5 кезеңге бөлiп қолдануымызға болады. Мұны проф. .Мұсабаев осылайша бөледi.
I кезең XVII ғасырдың басына дейiнгi кезең. Бұл кезеңге дейiн орыс халқы мен қазақ халқының арасында соншалықты күштi байланыс болған мен екi халық ортасында аз да болса қарым-қатынас болып тұрғандығы байқалады. М: сол кездегi мынадай сөздердi атауға болады: жулик (жүлiк), т.б.
II кезең XVII ғасырдың басынан бастап XVIII ғасырдың iшi болған. Бұл кезеңде орыс халқы мен қазақ халқының қоныс араласуы. Осы кезде мынадай сөздер қазақ тiлiнде пайда болады: закон, указ, генерал, губернатор.
III кезең XIX ғасырдың II жартысы болады. Бұл кезде мынадай сөздер пайда болды: дуга (доға), ящик (жәшiк) т.б.
IV кезең XX ғасырдың бас кезi болады. Бұл кезде мынадай сөздер пайда болды: доктор, агроном, институт, электр т.б.
V кезең. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi дәуiр. Бұл кезде мынадай сөздер орыс тiлiнен ендi: бригадир, цех, звено, спорт, директор т.б.
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
-
Негiзгi сөздiк қор мен сөздiк құрам дегенде не түсiнесiңдер?
-
Сөздiк құрамның баю жолдары туралы не бiлесiңдер?
-
Тума жолмен баю туралы мәлiмет айтыңдар.
-
Кiрме сөздер тәсiлiмен баю жолына түсiнiк берiп өтiңдер.
-
Қазақ тiлiне орыс, араб-парсы тiлдерiнен енген сөздерге мысал келтiрiңдер.
-
Өзге тiлдерден енген сөздердiң маңызы неде?
-
Түркi тiлдер тобына қайсы тiлдер кiредi? Түркi тiлдерiне ортақ сөздерге мысалдар келтiрiңдер.
-
Сөздiк құрамның баюына әсер ететiн факторлар туралы не бiлесiңдер?
Қазақ тiлi лексикасының стильдiк топтары
Қазақ тiлi лексикасының стильдiк топтары мыналар: жалпы халықтық лексика, арнаулы сөздер, бейнелi (эмоционалды-экспрессивтi) сөздер, көнерген сөздер (архаизмдер, историзмдер), неологизмдер, кiтаби лексика, диалектизм, варваризмдер, iс-қағазы және ресми документтiк сөздер, публицистикалық сөздер.
Жалпы халықтық лексика. Жалпылама сөздер әр алуан стильде әдебиеттiң барлық жанрында қолданыла беретiн бүкiл жұртқа бiрдей. Жалпы халықтың лексикаға белгiлi бiр тiлде сөйлейтiн халықтың жазу тiлiнде болсын, сөйлеу тiлiнде болсын, барлығында бiрыңғай бiртектес үлгiде қалыптасқан, нормаға түскен сөздер жатады. Жалпы халықтық лексикаға тән қасиет табиғилық, қарапайымдылық, ашық айқындылық және т.б. сөздерге ұйтқы болушылық. Қазақ тiлiнде жалпылама лексикаға да осы айтылған қасиеттер тән. Оны С.Торайғыров шығармаларының мына бiр өлең шумағында да байқауға болады. М:
Жаз жетiп, қар кеттi, сулар ағып,
Күн де тұрар жарқ-жұрқ етiп, нұрын шашып
Құлпырып, жүз құбылып,жердiң жүзi
Қуанбас жан-жануар бұған неғып.
Поэтикалық лексика. Поэтикалық сөздер өзiнiң табиғаты жағынан басқа лексикалық қатпарға қарағанда әуездi, әсем, эстетикалық көркем сөздер. М: ләззат, нәзiк, дидар, сағым, т.б. Абайдың мына өлеңiн алып қарайық: Иығымда сiздiң шаш, Айқайласып, тайталас, Ләззат алсаң болмай ма?
Термин сөздер. Термин сөздер деп ғылым мен техниканың мәдениет пен шаруашылықтардың түрлi салаларында қолданылған арнаулы сөдердi атаймыз. Қазiргi қазақ тiлi сөздер құрамында өндiрiс пен техниканың, ғылым мен өнердiң алуан түрлi салаларында қолданылған, алуан түрлi салаларында қолданылатын көптеген термин сөздер бар. Термин сөздерге байланысты ғылым - терминалогия деп аталады. Термин сөздер әр түрлi жолдар мен жасалды.
Әдеби тiлде бұрынан бар кейбiр төл сөздер терминдiк мағынаға ие болып, белгiлi бiр саланың терминологиясына тиiмдi де, әбден орнығып қалыптасады. М: қазақ тiлiндегi айналым (аборот), нұсқау (инструкция), екпiн, тырнақша сияқты сөздер ғылымның әр саласында термин сөздерге айналып, қалыптасып кеттi.
Iс-қағаздар, ресми документтiк сөздер. Ресми документтiк сөздерге iс-қағаздарының үлгiлерi кiредi. Қоғамдағы адамдардың және олар қызмет iстейтiн мекеме, өндiрiс орындарының бiр-бiрiмен қатынасы көбiнесе iс-қағаздары арқылы iске алады. Сондай-ақ үкiмет орындары жалпы халық арасындағы түрлi қатынастар және бiр ел мен екiншi ел арасындағы қарым-қатынас та ресми документтер арқылы жүзеге шығарылады. Iс-қағаздар тобы әр түрлi мекемелерде жүргiзiлетiн жазу үлгiлерi жатады. Олар негiзiнен мыналар: өтiнiш, сенiм хат, жедел хат, қол хат, анықтама, мiнездеме, т.б. Ic-қағаздарының әрқайсысының бұрыннан жаттанды бiрыңғай сөздерi мен сөйлемдерi бар. М: өтiнiш қағаздар: өтiнемiн, сұранамын, хабарландыруда: мәжiлiс болады, қаралатын мәселе, қол хаты: мен алдым, мен бердiм, анықтамада: анықтама берiлдi, растаймын, сенiм хат: ұсыну үшiн берiлдi, протоколда: жиналыс болды, актта: қол қоюшы, мына жағдайда жасалды, шартта: мәсела жөнiнде шарт жасап отырмыз, мiндеттемеде: мiндеттеме алынады, көмектесемiз сияқты бiрыңғай сөздер мен сөйлемүшелер үлгiлерi қолданылады.
Публицистикалық сөздер. Қазiргi қазақ тiлi әдебиетi тiлiнiң үлкен саласының бiрi газет, журнал, күнделiктi баспасөз тiлi басқалардан өзiнiң сөздiк құрамы мен жазу стилiнiң көп түрлiлiгiмен ерекшеленедi.
1. Газет, журнал, күнделiктi баспасөз тiлiнiң басты ерекшелiктерiнiң қатарына бiршама қалыптасқан, дайын сөз тiркестерi мен сөйлемдердiң грамматикалық формаларының қолдануына да жатқызуымызға да болады.
2. Публицистикалық сөздер мен сөз тiркестерiне мыналар жатады: табысқа жету, шабыт беру, жарысқа шақыру.
3. Публицистикалық афоризмдерге мыналар жатады: жарыс-табыс, еңбегiне қарай өнбегi, күте бiлген ұта бiледi.
4. Етiстiктiң -у-да, -ү-де формасының сөйлемде баяндауыш қызметiнде шақтық мағынада бiлдiру фактiлерi публицистикалық сөздерге тән қасиеттер: жүргiзiлiп отыр, жүргiзiлiп келедi деп жұмсалады.
Кiтаби лексика. Қазақ халқында XVII-XIX ғасырларда тiлдi одан арғы кезеңдердегi жазу, сызу мәдениетiнiң бiрi кiтаби тiл болады.
Кiтаби лексика жөнiнде пiкiрлер сан-алуан кiтаби тiлдiң Орта Азия халқына тән деп қарасақ, ал кейбiреулер татар, шағатай, түркi тiлдерiнiң қоспасы деп те атайды. Бұл екi пiкiрдiң де азды-көптi шындығы бар. Орта Азия халықтары, қазақ халқы,бұлардың бәрiнiң 1940 жылдарға дейiнгi жазуы араб жазуы болған. Өйткенi сол халықтың жалпыхалық тiлiнiң негiзiнде емес басқа тiлдiң негiзiнде құралады. Сонымен кiтаби лексикаға татар, башғұрт, өзбек, жалпы түркi тiлдерiнiң және араб, парсы, т.б. тiлдерi араласуынан туған жалпы қазақ халқына түсiнiксiз түрлi қоспа тiлдiң элеметтерiн жатқызуға болады. Бұған Абайдың қара сөздерiнде көп мысалдар бар. М: Бiлiм-ғылым үйренбекке, талап қылушыларға әуелi бiлмек керек. Оларды бiлмей iздегенмен табылмас, - дейдi. Осылардың барлығы кiтаби лексиканың сөздерi.
Варваризмдер. Тiлде баламасы бола тұрса да шет тiлден ырықсыз сөздер қосып сөйлеу не сол тiлдегi сөздi бұзып сөйлеу варваризм деп аталады. М: 1896 жыл «Известия казахскогого университета» журналында мынадай өлең басылған.
Астымда мiнген атым генадушка
С утра работаем қара кешке,
Көп айдың көрмегелi болды лица
Жүрмесiң здрави милый душка.
Жаргон сөздер. Шағын ғана әлументтiк топтар пайдаланатын арнаулы сөздер мен сөйлемдердi жаргон сөдер деп атаймыз.
Жаргондарды көбiнесе дворяндық аристократия мен буржуазияның топтары арасында қолданған. Жаргондардың өз алдына сөздiк қоры, граматикалық құрлымы жоқ.Бiрақ жалпыхалықтық тiлдегi сөздердi өз мақсатына қарай мағынасын өзгертiп басқаша түрде қолданады. Шын мәнiнде қазақ тiлiнде жаргондық дәрежеге жеткен сөз болған емес. Бiрақ әр кезде белгiлi әлеуметтiк ортада пайда болып қазiр бiржола жоғалып бара жатқан жаргондық сипаты бар сөздер мен сөйлемдер элементтерi болады. Тiлде арготизм сөздер де қолданылады. Арго кейбiр әлеументтiк ортада және топтардың тiлiнде кездеседi.
Мұнда жалпыхалықтық сөздер шартты түрде әдейi бiр шамаланып алынады. Жаргон үстем таптың жоғарғы топтарына тән болса, арго-төменгi әлументтiк топтарға тән, бүркемелеу мақсатынан туған. М: Үй таза ма? дегенi Үйде кiсi жоқ па? деген мағынаны бiлдiредi.
Диалектизмдер. Диалект, говор деп халықтың я ұлттық тiлдiң өзiндiк ерекшелiктерi жергiлiктi тармақтарын, бөлшектерiн атаймыз. Барлық тiлдерде бiреуiнде аз, бiреуiнде көп мөлшерде диалектiлiк ерекшелiктер сақталған.
Диалектiлiк сөздер ерте замандағы рулық, тайпалық тiлдерден қалған. Диалектiлiк сөздер тек бiр аймақта тұратын адамдар арасында ғана қолданылады. Соларға ғана түсiнiктi болады және олар сөйлеу тiлiнде қолданылады.
Кәсiби сөздер. Кәсiби сөздер жергiлiктi жерде әр алуан кәсiптiң, өндiрiстiң туып дамуымен қалыптасады. Соларға байланысты заттардың, өндiрiс еңбек құралдарының процесiнiң атауларын бiлдiредi. Кәсiби сөздер деп белгiлi бiр кәсiппен шұғылданған адамдардың арасында қолданылатын лексикалық атауларды айтамыз.
М: Арал, Каспи балықшылар тiлiндегi шола деген сөз бар. Шола балықтың азаюы деген сөз. Мұны балықпен шұғылданбайтындар түсiнбейдi.
Кәсiби лексика көркем шығармаларда да кезеседi. Кәсiби сөздi қолданушы жергiлiктi халықтар. Қазақ тiлiнiң төл сөздерi мен термин сөздер жасауда кәсiби сөздердiң мәнi бар.
Термин ретiнде қалыптасып кеткен кәсiби сөздер де белгiлi бiр ұғымның нақты, дәл мағынаны анықтайды. Сөйтiп кәсiби сөздер терминдiк лексиканы қалыптастыруда негiзгi арналардың бiрi болып табылады. М: бағбан, дақыл сөздерiн басқа сөздермен атауға болмайды. Бұлар белгiлi бiр ұғымның дәлдiлiгiн бiлдiредi.
Эмоционалды – экспрессивтi сөздер. Жалпы халық тiлiнде көңiл күйiне байланысты сөздер мол. Адамдардың көңiл күйi және бергiлi бiр құбылыстарға қарайтыны жайындағы сөздердi эмоционалды-экспрессивтi сөздер деймiз.
Адамдардар мен құбылыстардың көзқарасын бiлдiретiн мынадай сөздер бар: көсем, шешен, дала,ақын, арам, адал.
Мұндағы сөздердiң қуаттылығы оның өз бойындағы мәнi мен реңiне байланысты. Сөздiң семантикасына тән қасиетi, әсерлiгi эмоционалды-экспрессивтi сөздер болып табылады. Сөздердiң реңi мен күйiн бiлдiретiн негiзгi тәсiлдер морфологиялық формалар: -шық, -ша, -ше, -ке, -тай, -жан, -қан жұрнақтары зат есiм сөзiне жалғанып эмоционалды-экспрессивтi рең бiлдiредi.
Сайып келгенде адамның көңiл күйiн, iшкi сезiмiн бiлдiретiн және қасиеттi жағымды, жағымсыз реакция туғыза алатын ерекшелiгi бар сөздердi эмоционалды сөздер деп атаймыз.
Экспресивтi сөздер көркемдеушi, бейнелеушi сөздердi бiлдiредi. Экспрессия - латын сөзiнен алынған сөз болып көркемдеушi, бейнелеушi деген мағынаны бiлдiредi. М: С.Торайғыровтың мына бiр өлеңiн алайық:
Қорлықты зорлықпенен көрген Қамар,
Амалсыз бәрiне де көнген Қамар,
Осындағы қорлық, зорлық деген сөздер кейiпкер басындағы ауыр көңiл кҮйдi көрсетудегi эмоционалды сөздер.
Эмоционал-экспресив сипаттағы сөздерге түрлi морфологиялық қосымшалар жалғау арқылы да берiледi.
М: Әсемпаз болма әр неге
Өнерпаз болсаң әрқалан
осындағы –паз қосымшасы сөзге эмоционалды қасиет үстеп мейлiнше әсерлi етiп көрсетiп тұр.
Эгзотикалық лексика. Эгзотикалық лексика қазақ тiл бiлiмiнде тiптi зерттелмеген тың сала. Эгзотикалық сөздер баспа сөздерде жиi кездеседi. Осыған қарай олар мынадай түрге бөлiнедi:
Қоғамдық саяси әкiмшiлiтi басқару iсiне байланысты эгзотикалық лексика , М: сұлтан, әмiр, би.
Ақша, өлшем, қаражатқа байланысты эгзотика м: фунт, динар, рупия.
Өсiмдiк жәндiк атауларына байланысты эгзотикалық лексика М: жидек, ағаш, құмырсқа.
Көнерген сөздер. Қазiргi қазақ тiлi лексикасының актив және пассив топтары бар. Пассив топтарға көнерген сөздер кiредi де, актив топтарға неологизмдер кiредi. Сонымен бiрге негiзгi сөздiк қордағы термин сөздер, профессионалды сөздер, эмоционалды-эксрессивтi сөздер жатады. Бұл сөздер негiзiне актив сөздерге енедi. Көнерген сөздер тарихи орнына қарай екi топқа бөлiнедi: архаизмдер мен историзмдер.
Заттар мен құбылыстардың бұрынғы атаулары архаизмдер деп жүрiтiледi.
Тiлдегi кейбiр сөздердiң белгiлейтiн заттар мен құбылыстары бiр жола жоғалып кетпей, олар қазiрде басқа сөздермен аталып келедi. М: ескi ай аты: желтоқсан-декабрь, қаңтар-январь, қараша-ноябрь.
Тiлдегi кейбiр сөздер өздерi белгiлейтiн заттар мен құбылыстар жоғалуымен байланысты көнередi де, сөздердiң пассив тобына айналысып мҮлде қоланудан шығып қалады. Мұндай сөздердi историзмдер деп атаймыз. М: М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынан мынадай сөздердi көруге болады: «Абайдың келiсi ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есiк көре келу деп, қол ұстату деп те аталады. Ең алғашқы келiс осы». Бұл тарихи эпопеядағы келтiрiлген үзiндiден ұрын келу, жыртыс сала келу, қол ұстату ескi әдет-ғұрыптан туған көне пассив сөздер. Бұл көпшiлiк жастарға түсiнiксiз қолданудан қалып бара жтқан сөздер болып табылады.
Қазақ тiлiнде историзмдер мағынасына қарай төртке бөлiнедi:
Материалдық мәдениетке байланысты историзмдер. М: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында мынадай тiркестер кездеседi: «Қаба жүндi қайың оқ, қарға жүндi қамыс оқ» дегенде қаба деген сөз сақал және жал деген сөздер мен тiркесiп келедi. М: қаба жал-қаба сақал.
Әкiмшiлiк басқаруға байланысты термин сөздер историзмге жатады. М: қазы, би, атшабар, болыс, хан.
Қоғамдық өмiрге байланысты өткен дәуiрдiң ерекшелiгiмен туған сөздер: М: ханым, ханша, ханзада, бикеш, бәйбiше, тоқал.
Төңкерiстен кейiн туған сөздер историзмге жатады.
Қазақ тiлiндегi историзмдердi лексика-морфологиялық ерекшелiктерiне қарай мынадай топтарға бөлуге болады:
1. Қазақтың көнерген байырғы сөздерi өзара iштей 3 түрге бөлiнедi.
а) қарапайым сөздер м: жақ, жебе.
ә) күрделi сөздер м: ат ұстар, ат шабар.
б) сөз тiркестерi: м: босаға аттау, шұбар төс.
2. Ескi түркi тiлдерiне тән көнерген сөздер. М: будун(халық), бек, мырза.
3. Араб, иран тiлiнен кiрiп келген көнерген сөздер: М: жаназа, дуа, дозақ.
4. Орыс тiлiнен енген сөздер. М: синдикат, губсоюз.
5. Көнерген сөздердiң күрделi түрлерi де кездеседi. Мұнда күрделi сөздiң бiр компонентi байырғы қазақ сөзi болса да, екiншi компонентi ауысып келген сөз болады. М: шар айна, шар - мықты, берiк деген қазақ сөзi, ал айна - иран тiлiнен енген сөз.
Неологизмдер. Неологизмдер деп тiлде жаңа ұғымдарды бiлдiретiн тың сөздердi айтамыз.
Неологизм сөздер жаңадан пайда болған зат атауын және жаңа ұғымды бiлдiретiн сөздер болып табылады. М: депутат, коллектив, т.б.
Қазiргi өзiмiз қолданып жүрген компьютер, слайд, қолтелефон, интернет т.б. деген сөздер тiлде кiрiккен жаңа сөздер болып келедi.
?! Тақырыпты бекiту үшiн сұрақтар:
-
Стиль сөзiнiң мағынасы не?
-
Қазақ тiлi лексикасының стильдiк топтары дегенде не түсiнесiңдер?
-
Жалпы халықтық лексика дегенiмiз не?
-
Арнаулы лексика дегенде не түсiнесiңдер?
-
Варваризмдер мен жаргон сөздердi неге пайдаланамыз?
-
Ресми және iс-қағаз стильдерiне мысалдар айтыңдар.
-
Кәсiби сөздер мен публицистикалық стиль дегенде не түсiнесiңдер?
-
Поэтикалық және экспрессивтi сөздерге мысалдар келтiрiңдер.
-
Диалект сөздердiң ерекшелiгi неде?
-
Актив және пассив лексемалар туралы мәлiмет берiңдер.
Қазақ тiлi фразеологиясы
Тіл арқылы қатынас жасау процесінде сөздер, әдетте, жеке дара күйінде емес, бір–бірімен тіркесіп қолданылады.Сөздердің тілдің граматикалық заңдарына орайласып,емін-еркін тіркесуінен синтаксистік единицалар-еркін(ерікті) сөз тіркесімен сөйлемдер жасалады.Сөздердің жалпы тіркесі және синтаксистік(еркін ) сөз тіркесі сөздердің бір –бірімен емін-еркін тіокесуінен жасалады.Бірақ сөздер бір-бірімен жапа тармағай тіркесе бермейді,мағыналарының үйлесімділігі болғанда ғана,тіркесіп жұмсалады.Мағыналық үйлесімділік сөздердің бір-бірімен семантикалық жақтан үйлесуге бейімділігі дегенді білдіреді.Еркін сөз тіркесінде оны құрастырушы сыңарлар(сөздер) мағыналық үйлесімділік шеңберінде басқа сыңарлармен(сөздермен) ауыса алады.Мысалы: оқушымен сөйлесу-мұғаліммен сөйлесу-қойшымен сөйлесу; т.б
Сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас,бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан,оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз ,жүрек жұтқан, жүрегі тас шығу ат-тонын ала қашу, т.б тәрізді тіркестер бар.Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен дағдылы қалпын сақтайды,сыңарлар «ешкімнің еркіне көнбей», «өзінен өзі тіркесіп қойған» тәрізді болып ұғынылады.
Фразеологиялық оралымның түрлері
Фразеологиялық оралымдардың түрлері бір-бірінен әрқашан ашық ажырата бермейді, осыған орай,оларды классификациялау (түр-түрге бөлу, топтастыру) тіл біліміде өте күрделі мәселе болып саналады.Тіл білімінде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жағынан қарастырылып,осыған сәйкес,олар түрліше топтастырылып жүр.Фразеологиялық оралымдар лингвистикалық әдебиеттердің бірінде бүтіндей тұрақты тіркестің тұтас мағынасы мен оның (тіркестің) сыңарларының мағыналарының ара қатысы жағынан топтастырылса, екіншілерінде құрылымы жағынан үшіншілерінде қызметі (функция) немесе эмоциональды-экспрессивті қасиеті жағынан топтастырылады.
Академик В.В Виноградов фразеологиялық единицаларды бүтіндей фразеологизмнің бір тұтас мағынасы мен оны құрастырушы сыңарлардың мағыналарының ара қатысы тұрғысынан фразеологиялық тұтастық(фразеологические сращение), фразеологиялық бірлік (фразеологическое единство)және фразеологиялық тізбек (фразеологическое сочетание) деп үш түрге бөледі.Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М.Шанский аталған класссификацияны қолдай келіп, фразеологиялық оралымдардың төртінші түрі фразеологиялық сөйлемше (фразеологическое выражение) деп есептейді.Енді фразеологиялық оралымдардың аталған түрлерінің әрқайсысына тоқталайық.
Фразеологиялық тұтастық. Семантикалық жақттан бөлініп ажыратылмайтын, біртұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен жуыспайтын (байланыспайтын ) фразеологиялық оралым фразеологиялық тұтастық деп аталады.Фразеологиялық тұтастықтың құрамындағы сыңарлар(сөздер) бір-бірімен біте қайнасып, өз ара тұтасып, бітісіп кетеді де, бүтіндей тіркес семантикалық жақтан бөлінбейтін,бір тұтас единица ретінде ұғынылады .Фразеологиялық тұтастықтардың білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы сыңарлардың (сөздердің)мағыналарынан келіп тумайды, олармен(сыңарларымен) мүлдем жанаспайды, байланыспайды.Мысалы,аузы-мұрны қисаймастан деген фразеологиялық тұтастықтың білдіретін бір бүтін мағынасы (ұялмастан,шіміркенбестен) осы тіркестің құрамындағы аузы-мұрны және қисаймастан деген сөздердің білдіретін мағыналарына иүлдем сәйкеспейді.
Фразеологиялық бірлік.Фразеологиялық оралымдардың бұл түрі де-фразеологиялық тұтастық сияқты,семантикалық жақтан бөлінбейтін,бір тұтас(бүтін) единица.Фразеологиялық бірліктің фразеологиялық тұтастықтан айырмасы мынада: фразеологиялық тұтастықтың бір бүтін мағынасықұрастырушы сыңарлардың мағыналарымен мүлдем жанаспайтын болса, фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің бір тұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады.Фразеологиялық бірліктің мағынасы-бір тұтас образды мағына,бірақ туынды мағына.Фразеологиялық бірліктің бір тұтас туынды мағынасына оны құрастырушы сыңарлардың бәрінің де,әрине қатысы бар, бірақ бұл қатыстық тікелей емес, жанама түрде болады.Фразеологиялық бірлік фразеологиялық тұтастықпен семантикалық бөлшектенбеуі (мүшеленбеуі)жағынан жақындаса, одан (фразеологиялық тұтастықтан) семантикалық туындылығы, бір бүтін мағынаның құрастырушы сыңарлардың мағыналарымен байланыстылығы жағынан ажыратылады.Мысалы: ауырдың үсті,жеңілдің астымен, ауыз жаласу, тілі қышу,түймедейді түйедей ету, тайға таңба басқандай,мақтамен бауыздау,тамырына балта шабу, т.б.
Фразеологиялық тізбек.Фразеологиялық оралымның бұл түрі ерікті мағынасындағы(свободное значение) сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып,өзінің даяр қалпында,тіркескен күйінде жұмсалады.Фразеологиялық тізбектің қатарына орыс тіліндегі щекотливый вопрос,шекотливое положение,закадычный друг тәрізді тұрақты сөз тіркестері мен қазақ тіліндегі мидай дала,асқар тау, шалқар көл, тас қараңғы,ата жау тәрізді тұрақты сөз тіркестері енеді.Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынасындағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуғу икемді болса,фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі.Мысалы, мидай дала,шалқар көл, т.б.
Фразеологиялық сөйлемше . Фразеологиялық оралымның бұл түрі мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен құралады,бірақ құрамы мен қолданылуы тұрақты болып келеді. Мысалы: Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады;Шегірткеден қорыққан егін екпес;Көрпеңе қарай көсіл;т.б.
Фразеологиялық сөйлемше фразеологиялық тізбектен құрамында байлаулы мағыналы сөздің болмауы жағынан ажыратылады.
Фразеологиялық оралымдардың ішінде құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да тілдің коммуникативті единицасы-сөйлемге сәйкес келетіндері бар.Бұлар-мақалдар мен мәтелдер,қанаты сөздер.Мақалдар мен мәтелдер және қанатты сөздер фразеологизмдердің қатарына жатқызылғанда,олардың сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай,даяр қалпында жұмсалатыны;құрамының тұрақтылығы ескеріледі.
Мақалдар көбінесе екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында шарт немесе жалпы байымдау,соңғысында қорытынды,түйінді пікір айтылады. Мысалы:Кең болсаң, кем болмайсың.Әзіл айтсаң да әділ айт.Тұз астың дәмін келтірсе,мақал сөздің мәнін келтіреді және т.б.
Мәтелдерде ой-пікір,топшылау мақалдардағыдай,тікелей кесіп айтылмайды да, образды түрде жанамалай айтылған ишара болады.Мысалы:Қызым саған айтам,келінім сен де тыңда, біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді және т.б.
Фразеологиялық оралымдардың пайда болуы, шығу негіздері
Тіл-тілде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жолдармен жасалған. Олардың жасалуына алуан түрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер негіз болған.
1) Фразеологиялық оралымдарға әр түрлі құбылыстардың адам ойында қорытылған образды бейнесі негіз болуы мүмкін.Мысалы, ер қашты болу(мағынасы «әбден жалығу») деген фразеологиялық оралымның негізінде көп мініс аттың ер саларда одан қашып мезі болуы,бойын аулақ салуының бейнесі жатыр.Әдете, ер қашты болу деген тұрақты сөз тіркесін қолданғанда, жоғарыдағы құбылыстың негіз болғаны біздің ойымызға келмейді.Сондықтан да бұл тіркес адам ісіне байланысты қолданыла беріледі.
2) Кейбір тұрақты тіркестердің жасалуына түрлі аңыздар, әр түрлі ұғымдар мен түсініктер негіз болғандығы аңғарылады.Мысалы, халықтың түсінігінде (ескіше) жақсы ит аулаққа барып өледі. Осындай түсінік «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мақалдың жасалуына негіз болған.Осыдан келіп, халық алыс жерді ит өлген жерде немесе ит арқасы қиянда дейді.
Қазақ тіліндегі кейбір фразеологиялық оралымдар бұрынғы кездегі ескі әдет-ғұрып, салт-санамен байланысты пайда болған. Бұған біреуді сүйеу, қоштау мағынасында айтылған шашбауын көтеру, жыртысын жырту, сойылын соғу тәрізді тұрақты сөз тіркестерін жатқызуға болады.
Уақыт өлшемі –«сағат», «минут», «секунд» деген ұғымдар және олардың атаулары бірден пайда болмаған.Бұл ұғымдар мен олардың атаулары жоқ кезінде белгілі бір іс-әректтің белгілі мерзім ішінде өтуі немесе белгілі бір мезгілде басталуы уақыт өлшемі ретінде пайдаланылған. Осыдан қазақ тілінде мезгілдік мағыналарды білдіретін бие сауым (уақыт),күн арқан бойы көтерілгенде,көз байланғанда т.б тәрізді сөз тіркестері пайда болған.
Сонымен,фразеологиялық оралымдар әр түрлі жолдармен жасалған,олардың жасалуына сан алуан құбылыстар негіз болған.Фразеологизмдердің жасалуы,пайда болуы жоғарыда аталған жолдармен, келтірілген деректермен ғана шектеліп қоймайды.Олардың шығу тегі этимологиялық зерттеулер арқылы айқындалады.
Фразеология тіл білімінде 2 түрлі мағынада қолданылады. Біріншіден тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы болса, екіншіден бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қарай түркі тілдерінде, соның іші қазақ тілінде фразеология мәселесі жан-ждақты зерттеле бастады.Академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеолгиялық сөздігі» атты еңбегі (1977) бүкіл түркітануға үлес болды. Ә.Қайдаров, Ә.болғанбаев, Ғ.Қалиев, Қ.Қожахметова, Г.Смағұлова, Ә.Хасенов сынды ғалымдар фразеологияның қыр-сырын танытуда көлемді әрі тұжырымды еңбектер беруде.
Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын 3 түрлі басты белгісі бар. Олар: 1) Даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) Мағына тұтастығы 3)Тіркес тиянақтылығы.
Фразеологизмдерге тән басты белгі- оның даяр қалпында жұмсалу белгісі.Фразеолгизмдер қарым-қатынас процесінде, сөйлеу кезінде жасалынбайды, даяр қалпында біртұтас единица ретінде жұмсалады. Фразеологияның бұл қасиеті оны еркін сөз тіркесімен салыстырғанда ашық- айқын көрінеді.Мысалы:түймені қадау,қысқа жіп; Түймедейді түйедей ету, қысқа жіп күрмеуге келмейді, қой аузынан шөп алмас, қол қусыру т.б.
Фразеолгизмдер мағына тұтастығымен сипатталады. Оның өзіне ғана тән, меншікті мағынасы бар және ол мағына фразеологиялық тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді.Мысалы: көзді ашып жұмғанша, соқырға таяқ ұстатқандай т.б.
Фразеологиялық тіркестер тұрақты қасиетімен сипатталады. Фразеологиялық тіркестер бүтіннің бөлшектері ретінде ұғынылатын, өзара тығыз байланысты сыңарлардан құралады да, ол сыңарлар бірінен кейін бірі әбден қалыптасқан орын тәртібі өзгермейді. Мысалы :сақлын сипап қалды-мұртын сипап қалды, мұрнын көкке көтерді-қолын көкке көтерді –мұрнын аспанға көтерді.
Кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік бірлік фразеолгиялық тіркес деп аталады.
Фразеологизмдерге тән 3 түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді. Сондықтан фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл білмінде ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады.Қазақ тіл білімінде фразеологизмдер туралы теориялық мәселелер мен олардың түрлерін бөлу жөніндегі пікірлер орыс тілімен сабақтас. К.Аханов, І.Кеңесбаев, Ә. Болғанбаев пікірлері академик В.Виноградов анықтамасынан, классификациясынан алыстамайды.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдер фразеологиялық тұтастық, фразеолгиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып 3 топқа бөлінеді.
Фразеологиялық тұтастықтар – семантикалық жақтан бөлініп ажырамайтын, біртұтас мағынасы құрамындағы сыңарларының негізгі, номинативті мағынасынан мүлдем алшақ, мүлдем басқа мағына беретін, құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен тізбектер. Мысалы: түйені түгімен жұтты, мұрнынан шаншылып жүр, жүрек жалғау, үріп ауызға салғандай, қас пен көздің арасында.
Фразеологиялық бірліктер- құрамындағы кейбір сыңарлары мағынасынан бүтіндей тіркес мағынасы аңғарылатын тізбектер. Фразеологиялық бірлік фразеологиялық тұтастық сияқты семантикалық жақтан бөлінбейтін біртұтас единица. Олардың айырмасы мынада фразеолгиялық бір бүтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағынасымен мүлдем жанаспайтын болса, фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарларының мағыналарының бүтіннің біртұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады, яғни фразеологиялық бірліктің мағынасы біртұтас бейнелі, туынды мағына.
Мысалы: ауырдың үсті, жеңілдің асты, түймедейді түйедей ету, тайға таңба басқандай, тамырына балта шабу, ескі жараның аузын ашу, көз көрмес, құлақ естімес т.б.
Фразеолгиялық тізбек- құрамындағы сыңарларының мағыналары түсінікті, бірақ тілде тек сол қалпында ғана жұп жазбастан қолданылатын тізбектер. Мысалы : ну орман, шалқар көл , ата мекен, қыпша бел, тас қараңғы, су жаңа , сүттен ақ, судан таза, т.б.
Фразеологизмдер құрылым- құрылысы жағынан 2 топқа бөлінеді:
1)Құрылым-құрылысы сөздердің белгілі бір тіркесі болып келетін фразеологизмдер.мысалы: ашық ауыз, саусақпен санарлықтай, тісін басты, қас қарайды, өр көкірек, кірпіәк қаққанша, езуі жиналмады, т.б.
2) Құрылым-құрылысы жағынан сөйлемге тең фразеологизмдер.Мысалы: бір қолын екі ете алмады, ел бетін көрместей болды, аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты, т.б.
Орыстың белгілі ғалымы Шанский фразеологизмдердің 4 түрі деп фразеолгиялық сөйлемшені алады. Фразеолгиялық сөйлемшелер- семантикалық жақтан бөлуге болатын, сыртай қарағанда еркін тіркес сияқты болып келетін, бірақ тілде сол қалпында қалыптасқан тізбектер.
Қазақ тілінде бұл түрді жеке алып қарастырмайды, өйткені бұл топқа жататындардың басым көпшілігі мақалдар мен мәтелдер.
Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпындла қолданылуы жағынан мақал-мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды.
Фразеологизмдер сияқты мақал - мәтелдер де әбден қалыптасқан, орныққан, орны бекем болады. Бұлардың компоненттерін де өзара алмастыруға немесе басқадай сөзбен өзгертуге келмейді. Дегенмен олардың мынадай айырмашылығы бар:
1)Фразеолгиялық мағыналарын астарлы бейнелеу мәнде келеді.Ал мақал-мәтелдердің көпшілігі игі қасиеттерге үндеу, уағыздау сипатында болады.Мақал-мәтелдер қаншалықты ауыс мағынада айтылғанымен, құрамындағы сөздер өзінің байырғы лексикалық мағынасынан қол үзіп, онша тасаланбайды.
2)Сөз саны жағынан мақал-мәтелдерге қарағанда фразеологизмдер өте шектеулі болады.Көпшілігі екі, я үш-төрт сыңарлы болады, ал мақал-мәтелдер мән –мағынасымен қатар құрылым –құрылысы жағынан да сан түрлі болады.
3)Фразеологизмдер нақтылы бір ұғымды астарлап айтып ,сыртқы тұлғасы жағынан жеке сөзге теңесіп тұрса, мақал-мәтелдерде ұғымнан гөрі нақтылы ойды түйіндеп айту басым болады.Сондықтан бұлардың сыртқы құрылым-құрылысы сөйлемге ұқсайды.
4)Бұлардың жасалып қалыптасу мерзімінде декереғарлық бар. Мақал мен мәтел әр заманның өзіне лайық туып көбейе береді. Ал фразеологизмдер мақал-мәтелдер тәрізді күнбе-күн көбейіп ,тез дамып отырмайды. Тұрақты тіркес болу үшін,белгілі бір жағдай қажет.Әсіресе ,идиомның шеңберіне енген сөз идиомалану,лексикалану, грамматикалану заңымен даму-өзгеру процестерін басынан өткізу үшін талай уақытты қажет етеді.
5) осындай ерекшеліктеріне байланысты фразеологизмдер идиомдар бір тілден екінші тілге сөзбе -сөз аударуға көне бермесе, мақал- мәтелдер тілден-тілге сөзбе-сөз де емін-еркін аударыла береді. Фразеологизмдерді Ісмет Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаевтар идиом мен фразаға бөледі. Идиомалық тіркес дегеніміз- бөліп-жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған тіркестер.
Фразалық тіркес дегеніміз- құрамындағы сөздердің біреуі немесе бірнешеуі өзінің бастапқы лексикалық мағынасын сақтап қалатын сөз тіркестері.
Мақал дегеніміз-өмір құбылысын жинақтай отырып, түйінді пікір айтатын ықшамды сөз өрнегі.
Мәтел- халық арасына көп тараған белгілі бір ойға ұғымға ишара жасайтын, астарлап, жұмбақтап айту мәні басымдау болатын халық мұрасы.
Фразеологизмдер құрамындағы бірінші сөз ұйытқы сөз деп аталады.Мысалы: Ақ жауын, екі жүзді, өлеріне көрінді, өлгенше жақсы көрді. Екі компоненті зат есімнен болған фразеологизмдер де ұйытқы сөз бірінші болып та, соңынан екінші болып та тұрады.Мысалы: қасқа тіс, тіс қаққан, тіске басар, тісі батпады, тісінен шығарды.
Тілдегі кез-келген сөз фразеологизмдерге ұйытқы сөз бола алмайды.Халықтың өзімен қоса жасасып келе жатқан байырғы сөздік қордағы сөздер ғана ұйытқы сөз бола алады.
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
-
Фразеология дегенiмiз не?
-
Фразеологизмдердiң қандай түрлерi бар?
-
Тұрақты сөз тiркестерiнiң өзiндiк ерекшелiктерi туралы мәлiмет берiңдер?
-
Идиома мен фразаның түрлерiне мысалдар келтiрiндер.
-
Мақал мен мәтелдiң айырмашылығы неде?
-
Фразеологизмдердiң мақал-мәтелдерде кездескен жайларына мысал келтiрiңдер.
-
Нақыл сөздердiң фразеологизмдермен байланысы туралы не айтасыңдар?
-
Көркем шығармалардан тұрақты сөз тiркестерiне мысал келтiрiңдер.
-
Дидактикалық сөздер дегенде ненi түсiнесiңдер?
-
Қанатты сөздерге мысалдар топтап, олардың мағыналарын түсiндiрiңдер
Қазақ тiлi лексикографиясы
Лексикография - грек тiлiнiң lexis (cөз) және grapho (жазамын) деген сөздерiнен жасалған термин.
Лексикография деп белгiлi бiр тiлдегi сөздердiң жиынтығын атайды, яғни лексикография сөздердi құрастырудың ғылыми медодикасы дегендi анықтайды. Сөздiк жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс болып табылады. Сөздiктер негiзiнен қарастыратын нысанына қарай лингвистикалық және лингвистикалық емес болып бөлiнедi.
Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздiктердi оның негiзгi характерiне қарап мынадай 4 түрлi топқа бөлуге болады:
1. Сөздiң шығу тегi мен олардың семантикалық дамуы туралы мағлұмат беретiн сөздiктер, бұларға мыналар кiредi:
1.Этимологиялық сөздiктер.
2.Тарихи сөздiк
2. Қазiргi тiлдегi сөздердiң мағыналарын түсiндiрiп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретiн сөздiктер. Олар мыналар:
1.Түсiндiрме сөздiк
2.Аударма сөздiк
3.Терминалогиялық сөздiк
4.Диалектологиялық сөздiк
5.Синонимдер сөздiгi
3. Сөздердiң дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мағлұмат беретiн сөздiктер:
1.Фонетикалық сөздiк
2.Орфографиялық сөздiк
3.Орфоэпиялық сөздiк
4. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсiндiретiн сөздiктер:
1.Энциклопедиялық сөздiк
2.Иллюстративтi сөздiк
Түсiндiрмелi сөздiктер - қазақ әдеби тiлiндегi жиi және жалпылама қолданатын сөздердi қамтып, олардың мағыналарын талдап түсiндiрудi мақсат етедi. Түсiндiрмелi сөздiкте сөздер семантикалық тұрғыда түсiндiрiледi. Мұнымен бiрге әдеби тiлдегi сөздердiң дұрыс жазылуы мен айтылуы да көрсетiледi. Сөздiкке енгiзiлiп, мағынасы түсiндiрiлетiн сөз реестр сөз деп аталады. Әрбiр реестр сөзден кейiн ол сөздiң қай сөз табына қатысты екенiн көрсететiн белгiлер қойылады.
I. Кеңесбаевдың басқаруымен қазақ тiлiнiң түсiрмелi сөздiгi I томы 1959 ж., ал II томы 1961 ж. жарық көрдi. 1974-1986 жылдары А.Ысқақов басқаруымен 10 томдық түсiндiрмелi сөздiк жарық көрдi.
Диалектологиялық сөздiкте әдетте тiлдiң лексикасынан тыс говорлар мен диалектiлерге тән сөздер мен сөз тiркестерi қалыптасады.
Қазақ тiлiнде диалектологиялық сөздi тұңғыш рет 1965 жылы жарық көрдi. Сөздiкте 2000ға жуық диалектизм сөздер енген. Одан кейiн 1969 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының тiл бiлiмi институты қызметкерлерi құрастырған. Мұнда 6000ға жуық сөз қамтылған.
Диалектологияның сөздiгiнде реестер диалектизмдердiң мағынасы әдеби тiлдегi балама, синоним сөздерi арқылы түсiндiрiледi. М: дәлiз деген сөз бар, бұл - кiре берiстегi бөлме, ауыз үй дегендi бiлдiредi.
Синонимдiк сөздiкте синонимдiк қатардың құрамындағы өзара мәндес сөздердiң әрқайсысының мағынасы талданып қолданылу аясы мен стильдiк қызметi түсiндiрiледi. Қазақ тiлiнiң синонимдiк сөздiгi тұңғыш рет 1962 жылы жарық көрдi. М: Ә.Болғанбаев «Қазақ тiлiндегi синонимдер сөздiгi», Алматы, 1962. Осы сөздiкке 1400 ден астам синонимдiк қатар енген.
Синонимдiк қатардың iшiнен сол қатардағы сөздердiң жалпы мағынасын ашық айқын бiлдiретiн доминант сөз басына қойылады да, басқалары онан кейiн синонимдiк қатардың құрамына енген әрбiр сөздiң мағынасын, шығу төркiнiн, стильдiк қызметiн әр түрлi әдебиеттерден мысалдар келтiредi.
Қанатты сөздер сөздiгi тiл бiлiмiнде фразеологизмнiң бiр түрi болып есептеледi. Белгiлi бiр тiлдегi алуан түрлi тұрақты фразеологиялық сөз тiркестерiн қамтитын фразалық сөздiк қазақ тiлiнде жуырда ғана жасалды. Ол I.Кеңесбаевтың «Қазақ тiлiнiң фразеология сөздiгi», 1977.
Аударма сөздiкте белгiлi бiр ана тiлдiң сөзi басқа бiр тiлге аударылып немесе белгiлi бiр тiл сөзi мен фраза iшi ана тiлiне аударылып берiледi. М: қазақша-орысша (I том 1954ж. 5000 сөз) немесе орысша-қазақша сөздiк (I том 1978 ж. II том 1981ж).
Аударма сөздiктердiң iшiнде ең көп тарағаны 2 тiлдiң аударма сөздiгi. Мұнда шет тiлдi оқып үйренуде, ол тiлдiң лексикасын меңгеруде, басқа тiлде жазылған еңбектердi оқуда еңбегi мол.
Орфографиялық сөздiкте сөздердiң қалай жазылатындығы көрсетiледi. Бұл сөздiк дұрыс жазудың анықтағышы ретiнде қолданылады. Қазақ тiлiнiң алғаш орфографиялық сөздiгi 1962 жылы шыққан. Ол одан кейiн де өңделiп басылған.
Арнаулы сөздiк – деп бiр еңбектi немесе ақын жазушының немесе ғылыми қайраткердiң шығармасының тiлiн жеке сөздiк етiп шығаруды айтады. М: қазақ тiл бiлiмiнде «Абай Құнанбаевтың шығармаларының сөздiгi», Алматы, 1967 жыл.
Терминологиялық сөздiк. ғылым мен техникада терминдердiң мәнi күштi. Белгiлi бiр ғылым саласына тән терминологияны бiлмей тұрып ол ғылымды, техниканы меңгеру мүмкiн емес. Ғылым мен техниканың алуан түрлi салаларына байланысты көптеген терминологиялық сөздiктер бар. М: I.Кеңесбаев, Т.Жанұзақов «Лингвистикалық терминдер сөздiгi». Алматы, 1956 ж.
Энциклопедиялық сөздiк. Энциклопедия лингвистикалық сөздiктер тобына жатпайды. Қазақ халқының тұңғыш энциклопедиялық сөздiгi 1972 жылдан бастап шыға бастады. Қазiр осы сөздiк 12 том болып жарық көрдi. Бұл кiтап мәдени өмiрiмiздiң, бiлiм мәдениетiнiң өскендiгiн көрсететiн жинақ болып табылады.
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
-
Лексикография дегенiмiз не?
-
Қазақ тiлi сөздiктерiнiң қандай түрлерi бар?
-
Лингвистикалық және энциклопедиялық сөздiктер туралы не бiлесiңдер?
-
Сөздiң шығу тегi мен олардың семантикалық дамуы туралы мәлімет беретiн сөздiктер қайсылар?
-
Қазiргi тiлдегi сөздердiң мағыналарын түсiндiрiп, олардың қолданылуы жайлы мәлімет беретiн сөздiктер тобын санап өтiңдер?
-
Сөздердiң дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мәлімет беретiн сөздiктер тобына қайсылар кiредi?
-
Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсiндiретiн сөздiктер қайсылар?
-
Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi туралы не бiлесiң?
-
Диалектологиялық сөздiктiң ерекшелiгiне түсiнiктеме берiңдер.
-
Бүгiнгi күндегi лексикография саласындағы жаңалықтар туралы не бiлесiңдер?
ІІІ БӨЛІМ
ГРАММАТИКА
МОРФОЛОГИЯ
Грамматика және оның салалары, негізгі грамматикалық ұғымдар
Грамматика - грек тілінің gramm (жазу, жазу өнері) деген сөзі. Қазір грамматика - лингвистиканың негізгі терминінің бірі, тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін дербес саласы. Бір тілдегі грамматикалық мағына мен сол мағынаның берілу амал-тәсілдері - сол тілдің грамматикалық құрылысы деп те аталады. Ал ондай амал-тәсілдер тілдегі жеке-жеке сөздердің басын қосып біріктіріп, бір-бірімен байланыстырады. Соның нәтижесінде айтылмақшы ой-пікір мағыналы сипатқа ие болады. Екінші сөзбен айтсақ, тіл атаулының негізгі коммуникативтік функциясы, яғни тілдің қарым-қатынас, пікір алысу, адамдардың бір-бірімен өзара түсінісу құралы болу қызметі, сол тілдің грамматикалық құрылысы арқылы атқарылады. Бұдан шығатын қорытынды: грамматика - тілдің негізгі функциясын, қарым-қатынас құралы болу функциясын, жүзеге асыру жолдары мен амал-тәсілдері туралы ілім.
Грамматиканың негізгі объектісі - тілдің сөзжасамдық, морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары мен сол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысу, тіркесу жолдары мен типтері. Осыған орай грамматика үлкен-үлкен 3 салаға бөлінеді: сөзжасам, морфология, синтаксис.
Сөзжасам - тілдегі сөздердің жасалу процесін зерттейтін грамматиканың бір саласы.
Морфология - гректің morphe (форма) деген сөзінен алынған термин. Морфология - тілдің морфологиялық категориялары жөнінде ілім. Дәлірек айтсақ, морфология-белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары, грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі.
Синтаксис – гректің syntaxis ( құрастыру, түзу) деген сөзінен алынған термин. Синтаксис тілдегі сөздерді байланыстырып сөйлеу құрылысын зерттейді. Синтаксис- сөйлеудегі негізгі единицаларды, яғни сөз тіркестері мен сөйлемді зерттейтін ілім. Өзінің объектілеріне орай синтаксис бірнеше салаға бөлінеді: сөз және оның формалары синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі. Синтаксистің негізгі нысаны-синтаксистік құрылымдар. Синтаксистік құрылым дегеніміз-бір бірімен грамматика ережелері бойынша байланысқа түскен сөздер тобы мен сөз тіркестері немесе сөйлемдер тұтастығы.
Баяндау жүйесі мен тәсілі, зерттеу нысаны мен әдісі қамтыған материалдары және олардың кімге, не үшін арналу мақсатына қарай, грамматика құралдары түрлі болып келеді. Олардың ішінде кең таралғандары: мектеп грамматикасы, ғылыми грамматикасы, академиялық грамматикасы, нормативті грамматикасы, тарихи грамматикасы, салыстырмалы грамматикасы, салғастырмалы грамматикасы, салыстырмалы-тарихи грамматика, сипаттамалы грамматика, жалпы грамматика, сондай-ақ, белгілі бір тілдің морфологиясы мен синтаксисі.
Осылардың ішінен сипаттамалы грамматика-жоғары оқу орындарында күнделікті өмірде жиі қолданылатын құралдың бірі. Грамматиканың бұл түрі белгілі бір тілдің қазіргі, бүгінгі таңдағы, осы замандағы грамматикалық құрылысы мен қалпы, нормалары жөнінде мағлұмат береді. Белгілі бір тілдің сөздерін, сөз тіркестерін, сөйлем құрылысын тек синхрондық тұрғыдан баяндайтын сипаттамалы грамматиканы германистикада дескриптивті грамматика деп те атайды.
Грамматиканың басты объектісі тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда (сол арқылы ғана сөздің грамматикалық сипаты ашылмақ) оған (тілдің грамматикалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала – сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтардың негізінде болып отырады. Ол жүйені айқындап, заңдылықтарын ашу үшін, ондағы грамматикалық әр түрлі амал-тәсілдерді, сөздердің белгілі бір ортақ қасиеттері арқылы топ-топқа бөлінуін, олардың мағыналары мен сөйлеу процесіндегі қызметтерін білу қажет. Демек, сөздің сөйлеу процесіндегі басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр – тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы да сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады. Сөйтіп, ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір –бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |