Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



бет7/27
Дата09.06.2016
өлшемі2.26 Mb.
#124791
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27

2. Метонимиялық мағына. Метонимия (гректің тetопутіа атын өзгертіп атау мағыналы сөзі) — белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы. Метонимияның метафорадан бір айырмашылығы мынау: метафора, негізінен, ұқсас екі зат немесе құбылысты бір-ақ атаумен (сөзбен) атаса, метонимия ойда сақталынып тұрған бірер сөзді айтпай-ақ, ол сөзді екінші бір сөз мағынасына сыйыстырып жібереді. Ондайда екі немесе одан да көп сөз мағынасы сол сөздер орнына қолданылған бір-ақ сөзден оп-оңай аңғарылады. Оның себебі — метонимия халық тілінде ертеден беяяf0мен қарай қалыптасқан ұғымдарға сәйкес жасалынады.

Мәселен, Сәкенді оқыдым десек, Сәкеннің шығармаларын оқыдым дегенді аңғарамыз. Дина жеңгейдің дастарқаны мол екен, — десек, Динаның стол жапқышьшың көлем — мөлшерін айтпаймыз; тағамы мол екен немесе Динаның қолы ашық, барын аямайды деген мағынаны ұғамыз. Олай болса, дастарқан сөзі ауыспалы, бейнелі мағынада қолданылып тұр. Сонда бұл сейлемдердегі оқыдым, дастарқаны дегендер — метонимия.

Ал сөйлемдерді Сәкеннің кітабын оқыдым, Дина дүкеннен үлкен дастарқан сатып алды, — түрінде құрсақ, оқыдым; дастарқан сөздері метонимия бола алмайды. Өйткені бұл сөздер өздерінің тура мағыналарында қолданылып тұр.

Қырда айқасты балға, орақ/ Құшақтасты көп тұмақ! Айғайласып тас атып, Жабылды өңшең жұлма тон. (I. Ж.) Ал тағы бір кезде үй іші мәз-мәйрам болып отырғанда, жабырқап, түнеріп, мең-зең боп үндемей қалатын да әдеті бар, үй іші осы әзілмен ілесе тегіс Әйгерімге қарады. (М. Ә.)Қайлашылар айына бір қара табатын көрінеді! Жалда жүргенде жылына бір қара таппайтын едік... деп күні бұрын тойып отыр. (Ғ. Муст.). Бұл сөйлемдердегі метонимиялар — балға, орақ, көп тұмақ, жұлма тон, үй іші, бір қара. Бұлар, негізінен, зат атаулары (ту, жалау), адамдар, кісілер, ата-ана, аға-іні, бір өгіз (жылқы) мағыналарында қолданылып тұр.

Заттар аты кеңістік немесе уақытқа қатысты байланысы негізінде де алмастырыла береді: I курс — алғыр курс; шетінен «қасқыр», айтқаныңызды «қағып алады»; бір сабаны бір өзі ішеді, екі кесені бірден тартып жіберді; бір табақты бір өзі жеді т. б.

Метонимия бойынша ауыстырғанда, заттың өзі ғана емес, оның ұғымы да өзгеріске түсуі мүмкін. Мәселен, орыс тілінде бюро деген сөз мағынасының, өзгеріс жайы мынадай: француздың bиrеаи сөзі алғашында түйе жүнінен тоқылған мата деген мағынаны білдірген; одан соң бұл сөз сол матамен көмкерілген (сондай мата жабылған) стол дегенді, кейіннен сондай столдар қойылған бөлме, одан кейін сондай столдар қойылған мекеме, бөлім (машина бюросы, конструкторлық бюро), одан барып сол мекемеде қызмет етуші адамдар (бюро мүшелері түгел жиналды), ең соңында сол адамдардың мәжілісі деген метонимиялық қолданысқа жетіп отыр.

Кейбір заттар мен бұйымдар алғаш рет қай жерде өндірілсе, сол жердің атымен аталған: Кашемир (мата аты) — Индиядағы қала, Тюль —Франциядағы tиllе қаласының аты: Каленкор — Индияның Калькутта қаласы атынан алынған; қаракөл елтірісі — Бухарадағы Қаракөл алқабының аты; бұл елтіріні француздар аstrасап дейді: біздің Астрахань қаласының аты; Бастон (мата) — АҚШ-тағы қала; Шевиот (мата) — Шотландиядағы қала; Шампан — Париж маңындағы провинция; гавана (сигареттің бір сорты) — Куба астанасы Гавананың аты; панама (бас киімнін, бір түрі) —мемлекет аты т. б. Мұндай метонимиялар географиялық немесе этнографиялық деп те аталады.

Кейде жалқы есімдер, әсіресе кісі аттары және оның қоғамдық мәні бар қызметі, ғалымның аты және оның ойлап тапқан жаңалығы т. б. метонимияға айналады: Карл (великий) —король; Цезарь — цесарь (царь-патша), батист (бәтес) —тоқымашы Батист Шамбрэнің, пастеризация — Француз ғалымы Луи Пастердің, ампер — Француз физигі Андре Мари Ампердің, гильотина (дарға асу, өлтіру құралы) — Гильотен деген дәрігердің, гобелен (көркемдеп, әшекейлеп тоқылған кілем) — париждық Жан Гобеленнің, реглан (киім пішу үлгісі) ағылшын лорды және генералы Фицрой Регланның, маузер, браунинг, форд, паккард, макинтош, френч, галифе т. б. — осы құралдар мен заттар авторларының есімімен аталған.

Қазақ және орыс тілдерінде аса көп тараған метонимиялық ұғымдар мына сықылды тіркестерде көбірек ұшырасады; Әуезовты оқыдым; Құрманғазыны тарта отырып сөйледі; Пушкинді жатқа біледі; қолында — Сабит Мұқанов; Третьяковканы аралап кетті; Айвазовскийді қызықтап тұр; Чайковский құлағының қүрышын қандырды; спортшылар арманы — Медеу т. б.

Қорыта айтқанда, бiр заттың не құбылыстың екiншi бiр затқа не құбылысқа өзара iргелестiгi, шектестiгi негiзiнде атауларының алмасуын ауыспалы мағынада жұмсалуын метонимия деп атаймыз.

3. Синекдохалық мағына. Синекдоха атауларды алмастырып атаудың бiр түрi болып саналады. Осының негiзiнде жапсарластық, iргелестiк мағына күштi болады. Синекдоханың метонимиядан негiзгi айырмашылығы аталатын заттардың сандық белгiлерiне байланысты болады.

Синекдоха деп бүтiннiң орнына жалқы, үлкеннiң орнына кiшiнi қолданудың немесе керiсiнше қолданудың негiзiнде сөз мағынасының ауысуын айтады. Синекдоха (гректің sупеkdосhе — бірге жобалап, нобайлап, шамалап түсіну мағыналы сөзі) — бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні немесе, керісінше, жалқынын орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Кейбір лингвисттерше, синекдоха — метонимияның ең көп тараған түрінің бірі.

Мәселен, бір адамда бір-ақ бас болатыны белгілі. Сөйте тура, қазақ: — Басың нешеу? — деп сұрайды. Төрт-бес жанбыз ғой...— деп жауап береді. Төрт-бес тұяғымыз бар десе, төрт-бес қой-ешкім бар деген сөзі. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды; Қазан басыңда қаптаған ақ жаулық; көп бастар шұлғысып, көп сақалдар шошаңдасып қалды. Шекесі шығыңқы домалақ бастар, бүйірі созыңқы ұзын бастар-, өнерге біткен ашық маңдайлар, өнерсіз еті қалың маңдайлар екі жыл бойы алдымнан кеткен жоқ. (Ғ. Мұс.) Жат хабарды Жігітек алғаш естіген жерде бірталай ақ сақал, қара сақал боп, Оралбайды қатты қиналағанын да білді. (М. Ә.); Көп қорқытады, терең батырады; Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.(І.М.); Тұмсықтының тамағы шоқуменен табылар, өнер-білім дегенің оқуменен табылар, (Ы. А.); Артымыздан қол жетті.

Бұл сөйлемдердегі бас, жан, түяқ бастар, маңдайлар, сақалдар, ақ, сақал, қара сақал, көп бірді, мыңды, тұмсықты, қол дегендер синекдоха, олардың кейбірі мал (тұяқ), қалғандары, негізінен, адам, адамдар, қарттар, жастар, әскер деген сөздердің орнына жүріп, соларды алмастырып тұр; кейінде бүтіннің, тұтастық орнына бөлшек, кейде жекеше мағына орнына көпше форма қолданылып тұр.

Синекдоха да, метафора, метонимия сияқты, троптың — сөзді, сөз тіркестерін мәнерлеп, көркемдеу кұралының бірі.

Синекдоха негізінде алмастырылған сөздердің мағынасы кейде кеңейіп, кейде тарылуы мүмкін.

Қазақтар: жақын жер, алыс емес деу орнына тиіп тұр, таяқ тастам жер, «хәу» дем жер,— дейді. Бұл да синекдоха.

Синекдоха кейде сықақ-әзіл, қалжың, комсыну, ерсі көру тәрізді мағына аңғарту үшін әдейі қолданылады; ондайда кейде адамның түр-тұлғасы, киім пішіні де еске алынады; Әй, дудар-бас! Әй, қисық! Әй, түлкі тымақ, сен берірек келші... Бұл мысалдардағы синекдохалар — дударбас, қисық, тулкі тымақ.

Қазақша қызылбас, қарақалпақ, — халық аты; алмұрт — жеміс, алмұрт өсетін ағаш; шабдал — жеміс, шабдал өсетін ағаш; қазақ, ұғымында сараң адам — Шығайбай, Қарынбай, Қарабай т. б.

Сөз мағынасын ауыстырып қолдану амалдары (метафора, метонимия, синекдоха т. б.) эмоционалды бояулар, сипаттармен, таңдану, жалыну, жалбарыну, сыйлау, еркелету тәрізді сезімдермен байланысты болып келеді. Соның нәтижесінде сөз мағынасы бірсыдырғы өзгеріске түсуі, «қырланып, сырлануы» мүмкін.

Мысалы қозым, құлыным, кұлыншағым, қарашығым, көгершінім, сұмдық жаман, сұмдық қорқынышты, керемет жақсы, асқан сұлу, ғажап (Таңғажайып, бұл қалай хат...) т.б. осы сияқты тіркестердің қалыптасуынан да сөздерді ауыстырып қолдану жолдарының әсері аңғарылады.

4. Табу және эвфемизм. Табу – индонезия тiлiнен алынған термин болып, тыйым салу деген мағынаны бiлдiредi.

Меланезия мен Полинезияда бұл сөздің капу, тапу, тамбу деген синонимдері бар. Олардың да мағынасы — тиым салу. Табу құбылысы адамзаттың әлсіз кездерінде туған; ең алдымен этнография, адамзаттың діни наным-сеніміне, әлде неге сиынуына байланысты. Ерте замандардары соқыр сезім мен сенім, адамзаттың әр нәрсеге, әр құбылысқа табынуы, олар-ды ең, киелі, дүниедегі ең күшті құдірет деп санауы тіл-тілде өз ізін қалдырған. Қазіргі кезде табу халықтар салт-санаты мен тілінен мүлдем шығып қалды деуге болмайды. Тіл-тілде, ел-елде, жер-жерде табу ізі әлі де бар. Бірақ анық бір ақиқат: табу — түптің түбінде, келешекте жойылатын құбылыс. Оған себепкерлер — қоғамның, ілгері қарай дамуы, ғылым мен техниканың қарыштап алға басып бара жатқан прогресі, адамзат сана-сезімінің оянуы мен жаңаруы, адамзаттың өмір талабына сай нық басуы.

Табу алғашында мифологиялық сенім-наным, қорқыныш — сезімдерге байланысты қорытынды-тұжырымдар жасау нәтижесінде пайда болған. Осындай белгілі бір себептерге сай, тіл-тілде кейбір сөздер мен сөз тіркестерін өзінің тура атымен атамай, басқаша, бір келтірінді сөздермен, кейде мүлдем тұспалдап, алмастырып жеткізетін болған. Ақиқаты, ең басты принципі — сол құбылыс пен заттын, өзіні дәл атын атауға тыйым салу.

Зерттеушілердің айтуынша, табудың алғашқы шыққан жері, түп-төркіні, «отаны» полинезиялықтардың тайпалары. Полинезиялық-өмірінде бұл құбылыс күні бүгінге дейін мол полинезиялықтардың қоғамдық прогреске өзі ояна түсуіне қол байлаудың бірі болып айтқандық емес аяқ баспауы, аттамауы керек; ал бадуйлардың өздері өз аулынан бір қадам аттап шықпайды, бір тәулікке болса да басқа жерге бармайды; тек өз қонысы — өз жерінде өсіп-өркендейді.

Бадуйлар бамбуктан жасалған үйлерде (лашықтарда) тұрады, оларды — үйлерін сваялар деп атайды; адамдары осы заманғы жаңалықтардың бірде-бірін қабылдамайды; ондайлардан үрке қашып, жиренеді. Мәселен, астыға төсенетін матрас, ас ішер тарелка, сусын ішер стакан, жағар керосин мен шырақ сияқтылар — олар үшін тағы құбылыс. Бадуйлардың ежелгі заңы бойынша, төрт түлік мал ұстауға болмайды; жеріне ағаш не өсімдік отырғызып, егін егуге болмайды; жол салуға болмайды; ыстық тамақ, яғни тамақты пісіріп жеуге болмайды; ең ауыр күнә — хат танып, қағаз оқи білу. Индонезия үкіметі бұл жерге мектеп салмақшы болып қаншама әрекеттенсе де, әзірше ештеме шығара алмай отыр...

Бұл — нағыз табуға байланысты құбылыс, артта қалудың табуға негізделген нәтижесі.

«Әр елдің заңы басқа» дегендей, Британ Колумбиясы индеецтері тек қана балықпен күнелтеді; балық жеп жүріп, қарны тоймағандай, аштыққа ұшырағандай сезінсе, балгер (колдун) балық түрлес қарақшы (чучело) алып шығып, балық аулар жерлерге лақтырады екен; Мадагаскар аралында (қазіргі Малығаш республикасы) кірпішешен етін жеуге тыйым салыныпты; оның етін жесе, кірпішешен сияқты, қорқақ та, қорғаншақ болып қалады; Австралияның аборигендерінше (ежелгі тұрғындары), өз ата-бабасының, тайпасының атымен аталатын, солардың атына байланысты болып келетін аң-жәндік етін жеуге болмайды; ондай аң-жәндікті атуға, өлтіруге болмайды; оның себебі, оларша, өздері осы жан-жануарлардың арғы тегі, ата — бабаларынан жаралған.

Дiни ырымшылдыққа байланысты сөздердi бүркемелеп айту табу деп аталады. Қазiргi қазақ тiлiнде табу сөздерi дiни ырымшылдықтың, қараңғылықтың жайылуына байланысты архаизмге айналды. Бұрынғы кезде табу сөздерiн қолдаған әсiресе қазақ әйелдерi болған. Ерте кездегi әдет-ғұрыпқа байланысты күйеуiнiң және оның ағайындарының аты болатын сөздердi олар тура айта алмаған. Мысалы:

...Баяғыда Аюбай, Түлкібай, Итбай деген үш ағайынды адам өмір сүріпті. Бұлардың отырған ауылы терең сайдың ішінде екен. Күндердің бір күнінде ағайынды ақсақалдар үйінде әңгіме дүкен құрып отырады. Бір кезде ауылдың иттері жабыла үріп, шулап қоя береді. Төрдегі ақсақалдардың бірі босаға жақта күйбеңдеп жүрген келінге: — Шырағым, иттер неге үріп кетті, байқап келші, — деп жұмсайды. Келін жүгіре басып далаға шықса, ауылдың арт жағында үлкен бір аю түлкіні қулап барады екен де, иттер соған үріпті. Үйге қайта еңбек болған келін кенет: «Япырау, мұның бәрі аталарымның аты ғой, қалай айтсам екен? — деп, қысыла ішке енеді.

Иә, балам, иттер неге үріпті? — деп сұрайды ақсақалдардың бірі. Сасқалақтаған келін:

Ауыл сыртында, аршалы бетте, атекем тәтекемді зыттыра қуып бара жатыр екен, осы ауылдағы жәкемдердің бәрі соларға қарап үріп жүр,— депті («Қ. әйелд.».) Бұл — табудың нағыз тамаша көрінісінің бірі. Мұндағы атеке деп отырғаны —Аюбай ақсақал; тәтекесі — Түлкібай қария; Жәкемдері — Итбай шал ескі әдет-ғұрып бойынша, келіндер қайын ата, қайын інілерінің дәл атын атай алмайды, басқашалап келтіреді. Мұндай әдет-дәстүр түркі халықтарында ертеректен бар: Сылдыраманың ар жағында, сарқыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр екен, жаныманы білемеге білеп-білеп жіберіп бауыздап келдім, — депті бір келіншек қайын енесіне. Мұндағы сылдырама — қамыс; сарқырама — өзен; маңырама — қой; ұлыма қасқыр; жаныма пышақ; білеме қайрақ. Сонда бұл келіншектің Қамысбай, Өзенбай, Қойшыбай, Қасқырбай, Пышақбай, Қайрақбай тәрізді қайын ата, қайын інілері болғаны.

Эвфемизм — гректің еирhеmіsтоs — жақсылап, сыпайылап айтамын сөзінен алынған термин. Сырттай қарағанда, эвфемизм — тілдегі табудың бір көрінісі, синонимі. Шынтуайтқа келгенде, дәл олай емес, бірақ табуға жақын құбылыс. Эвфемизм — бір затты не құбылысты я болмаса бір уақиғаны сыпайылап айтып жеткізу амалы; адамның көңіліне келмейтіндей, жұқалап, жайдарылап, майдалап, іштей ренжіп тұрса да, рахаттана баяндағандай айта білу тәсілі.

Шынында, эвфемизм — мағына ауыстырудың сөз тапқырлыққа байланысты өнімді түрі. Табу —түптің түбінде, күндердің күніне жойылатын құбылыс, ал эвфемизм — тілдің көркемдегіш, бейнелеуіш құралдары ішіндегі болашағы мол түрінің бірі.

Табу мен эвфемизмдердің бір кездерде діни ұғымдарға, наным — сенімдерге, қалыптасқан салт-санаға, дәстүрге байланысты шығып, халық тілдерінде қалдырған іздері әлі де бар дедік. Солардың бір тобы — аң, жануарлар, түрлі ауру-сырқауға қатысты (ономалар) атаулары, түрлі зиян, қиянат келтіреді-ау деген қорқыныштарға орай туғандар.

Мәселен, ертеректе ата-бабамыз қорыққанынан қасқырдың дәл атын атамай, — қарақүлақ, ұлыма, итқұс; жыланды — түйме, түймебас, тамшы, ұзынқұрт; жолбарысты да қарақұлақ деп атапты; моңғол қазақтары елік атып алдым деу орнына жирен атып алдым дейтін көрінеді; қазақтар қандаланы «қызыл, сасық, кебек» деп те атайды екен.

Әлсіз, шарасыз адам әр аурудан қорыққан. Сондықтан көбейіп кетпесін, жайылмасын дегендей, орысша корь (қызылша) ауруын — қызыл көйлек, мейман, қонақ, әулие, қорасан т. б.; қатты кесел ауруды — бір нәрсе көрінген, бір нәрсенің салқыны тиген деп бүркемелейтін; шайтанды — теріс табан, шимұрын; жай түсті — жасыл түсті; күн батты — күн байыды; мал суалды — мал байыды дейтін.

Дінге сеніп, наным - сенімге берілгендіктен, әлсіздікке байланысты адамзат өз атын да тура атамай, басқашаларына кез болған: Жынды бала, Тентек бала, Жаман бала, Ұры бала, Қара шаш, Қой көз, Алтын шаш, Ұзын шаш т. б. — әрі ұқсату, әрі көз тимесін дегендік.

Кісі аттарына байланысты эвфемизмдер мына сықылды болып келеді: ауылдағы үлкен кісінің аты Жоламан болса — Соқпақ жол; Сүттібай болса — Желінді уыз; Бұқабай — Сүзербай, Өгізбай; Қарабас—Боран шеке; Сарыбас—Шикіл шеке; Сары— Шикіл; Бейсенбі — Күн жұма аттас; Көжекбай— Қоян ата; Үзікбай — Дедеге; Жамантай — жайсыз тай; Ақбай — Қылаң ата; Түңлікбай — Қайырма; Қозыбақ — Кене; Жусанбай — Сыбақ; Қойлыбай — Жандық ата; Қамшыбек — Ат жүргіш; Бүйсенбай — Жуан ішек; Елеман — Халық есен; Асубай — Тарпаң; Асыл — Бекзат ата; Ақылбай — Ой ата; Мергенбай — Атқыш; Жылқыбай — Туар; Тышқанбай — Қаптесер т. б.

Жас әйелдер күйеуінің ағасының, балаларын өз атымен атамай, жалпы есіммен атаған: молда жігіт, сылқым жігіт, тетелес, еншілес, әкежан, төрем, төре жігіт, мырза жігіт, бойжеткен, ерке қыз, кішкенем, аппағым, айдарлым, шырақ, бөпежан, тұлымым т. б.

Кейде адамның бет-пішіне, кескініне, мінез-құлқына лайықты сөздермен де атаушылық болады: бауырсақ, айыр сақал, төрт сақал, көк көз, сақау, қасқыр көз, теке сақал, ши бұт, қосауыз мылтық, шегір көз, қисық, кекеш, күркілдек т. б.

Эвфемизмдер этикаға, сыпайыгершілікке, ұят сақтауға, моральдық нормаларға да байланысты болып келеді. Олардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады: соның, ең бір көбірек тарағаны ауру — сырқатқа, дене мүшесінің кемістігіне байланысты туған алмастырулар. Мәселен, құрт ауруы (туберкулез, чахотка) орнына — жөтел ауру, көкірек ауру, жақ ауру; қылтамақ (рак пищевода) —аты жаман ауру; соқыр, бүкір, ақсақ,шолақ, керең, саңырау орнына — кұлағының мүкісі бар, кемтарлау т. б. қолданылады.

Адам өлімі —қай заманда болса да ең корқынышты құбылыс. Сондықтан ерте кезден бастап-ақ адамзат өлім туралы естіртуге аса сақтықпен караған. Өлімді өз атымен емес, тұспалдап айтатын болған. Мәселен, «Ақсақ құлан» күйі — осының ертедегі бір айғағы. Аққу ұшып көлге кетті, Сұңқар ұшып шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жөнге кетті, - түрiнде естiрту көңіл айту қазақта көптеп бар.

Өлдi деудiң орнына жүріп кетті, аттанып кетті, қайтпас сапарға кетті, о дүниеге кетті, жаны жай тапты, ұйықтап кетті, демі бітті, қайындап кетті деп сөйлейді.

Некеге, семьяға байланысты эвфемизмдер: қатын — ертеректе, ханша, белгілі әйел, қатты әйел мағынасындағы сөз. Қазіргі қазақ тілінде анайы мағынада қолданылады. Сондықтан оның орнына — әйел, зайып, жамарат, жұбай, бәйбіше, нақсүйер; бай орнына — күйеу, ер, жұбай, жолдас (кейде шалым); қатын алды орнына — үйленді, құс қондырды, аяқтанды; күйеуден шықты (байдан шықты) —ажырасты; байдан шыққан қатын орнына есік көрген әйел (адам) т. б. қолданылады.

Кейбір эвфемизмдер кірме сөздер арқылы, кейбіреулері сөз ішіндегі дыбыстарды алмастыру арқылы (эллипинс), кейбір дөрекі делінетін сөздер — вульгаризмдер жазуда көп нүктемен белгіленіп, айтқанда (сөйлеп тұрғанда ондай-сөздер келіп қалса) интонация арқылы беріледі: кемпір — парсының кеюана деген, туалет, гарнитур, эллилепсия, рахит, диабет — орыс тілі арқылы енгендер; кісі аты Жақып болса, — Мақып, Ләмбет — Сәмбет, Ахмет—Сахмет т. б. Бұл топқа Ақа, Сәке, Әлеке, Беке сияқты құрметтеулер де жатады. Бұлар — эллипсистер. Сондай-ақ, ...Сөзіне ақ Айманның шыдай алмай, жіберді Теңге... дамбалына. (Айман-Шолпаннан). Асыңды ішейін, дағарақа т.-.ның кері болмай ма онымыз? (С. М.) Мұндағы көп нүктелер эвфемизмдер орнында тұр.

Троптар мен фигуралар — тілдің көркемдегіш, бейнелеуіш құралдары арқылы көптеген эвфемизм жасалады. Мәселен, эвфемистік метафора: он сегіз, он тоғызға келгеннен соң, алмасы өкпе болар қол батпаған. (А.); эвфемистік метонимия: Енді сіздің үйден қорсылдайтын, құлағын жейміз ғой. (Ғ. Мүс.) Анау ащы бар ма еді? («Жалын»); эвфемистік синекдоха: өзіміздің де қарнымыз ашты; Біздің бәйбішенің жолға берген азын-аулақ азығы бар. (С. М.); эвфемистік символ: Саусағы алтын сұңқарға ілдірейін деп келдім көлдегі үйрек-қазыңды. Алтайы қызыл түлкіңе қосайын деп ойлап ем құмай жүйрік тазымды. Тікбекке ақ үй сұраймын ел қонбаған сазыңды. («Б. Ж-»); эвфемистік ирония: көрінсін Біржан салға ай секілді, ақ құйрық көңіл ашар шай секілді; ұсынса, қол жетпейтін арғымағым, Арғынға бала-маймын тай секілді. (Біржан-Сара); эвфемистік парафраза: Әй, қураған-ай!..— деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бір боқтық-ты айтып қалды. Оспанға ұрсамын деп — Ұлжанды боқтағаны еді. (М. Ә.); фразеологиялық эвфемизмдер; боқтасып қалды деу орнына түс шайысты, сөзге келді, тіл тигізді, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты; иттің бірдемесі дәрі болса, дарияға бірдеме етеді т. б.

Эвфемизмдер басқа тілдерде де көп. Мәселен, украин тілінде тітка (тетка)—безгек; сербше богине — шешек; латынша тапез «өлгендердің жаны» (жарықтық, аруақ); сербше краса — жылан; божья милось — найзағай, жай, жасыл; сербше богме деу орнына сөз дыбысын ауыстырып, борме дейді; немістің поэтикалық тілінде өлім орнына — Ргеипсі НеІп (көңілдес, жақын, таныс, тамыр); түрлі аргодан да эвфемизм болады: купить — ұрлау; принить — елтіру; орысша қолданыстарда медведь (аю)—хозяин, ломака, мохнач, лесник, потапыч кейде қарапайым түрде — он;
?! Тақырыпты бекiту үшiн сұрақтар мен тапсырмалар:


  1. Сөз дегенiмiз не? Сөздiң iшкi және сыртқы формасы дегенде ненi түсiнесiңдер?

  2. А.О.Резниковтiң шеңберiн түсiндiрiп берiңдер.

  3. Сөз мағыналары жайлы В.Виноградовтын классификациясына түсiнiк берiңдер.

  4. Сөздiң тура және ауыспалы мағыналары туралы түсiнiк берiңдер.

  5. Көп мағыналы сөздер туралы не бiлесiң? Оларды мысалдар арқылы түсiндiрiп берiңдер.

  6. Семасиология дегенде не түсiнесiң? Сөз мағыналарының түрлерiн көркем шығармалардан мысалдар топтау арқылы талқылаңдар.

  7. Функционалды семантика заңдылығы дегенiмiз не?

  8. Ұқсату заңдылығы дегенде не түсiнесiңдер? Ұқсату заңдылығынан жасалған сөздердiң көркем шығармалардағы орны қандай?

  9. Сөз мағынасының кеңеюi мен тараюы дегенде не түсiнесiңдер?

  10. Бөлшектiң бүтiнге ауысу заңдылығына көркем шығармалардан мысалдар келтiрiңдер. Бөлшектiң бүтiнге ауысуы заңдылығы негiзiнде мақалдар топтаңдар.

  11. Метафоралық мағына жайлы түсiнiк берiңдер. Поэзиялық метафораға мысалдар келтiрiңдер.

  12. Метонимия дегенiмiз не?

  13. Синекдоха дегенде не түсiнесiңдер?

  14. Табу және эвфемизм дегенiмiз не? Табу деген сөздiң мағынасын ашып берiңдер. Қазақ тiлiндегi табудың көрiнiсiне мысалдар келтiрiңдер. Эвфемизмнiң лингвистикадағы орны туралы түсiнiк берiңдер.

  15. Көркем шығармалардан сөз мағынасының ауыспалы және келтiрiндi топтарына мысалдар келтiрiңдер.



Сөздердiң лексикалық және семантикалық топтары
Сөздерiң лексика-семантикалық топтарына: омонимдер, омофондар мен омографтар, паронимдер, синонимдер және антонимдер кiредi.
Омонимдер

Омонимдер (гректің homos— біркелкі және onyma -ат атау деген сөздерінен алынған) —бірдей дыбысталып немесе бірдей жазылып; мағыналары басқа-басқа болып келетін сөздер. Мәселен, ат — көлік, төрт түліктің, жан-жануардың бірі; ат — етістік (мылтықты ат); ат —ауыспалы мағынада айт, сөйле (сөзді атып-атып жіберді, айтып-айтып тастады, төпелетіп-төпелетіп тастады, лақ еткізді т. б. мағынада).

Бір ғана алғашқы ат (көлік, төрт түліктің бірі) сөзі түрлі тіркестерде, фразеологиялық единицалар құрамында қолданылып, түрлі-түрлі мағыналарға ие болады: ат байлар (қазақ эвфемизм ретінде ер баланы осылай атаған); ат байлар — құда түсіп келгенде, кұданың атын байлағаны үшін беретін кәде; ат байлады — сыйлады, тарту етті, ат мінгізді; ат басына күн туды — қиыншылық шақ келді, сыналар мезгіл болды; ат басына соқты — шегіншектеді, жүрексінді; ат басын бұрды — бұрылды, бағытын өзгертті; ат басындай алтын — көлемді, үлкен алтын; ат басын тартты — тоқтады, аялдады; ат басын тіреді (ат тұмсығын тіреді) — қонақ болып түсті, тоқтады, белгілі бір жерге жетті; ат бауырына алды — атпен қуып, өлімші етіп сабады; ат бойы — өлшем; ат жақты — бет әлпеті сопақша келген адам туралы айтылады; ат жалын күшті — еңкейе келіп ат мойнына асыла қуады; ат жалын тартып мінді — адам болды, ер жетті, азамат болды; ат кілін кесісті — араздасты, мүлдем безді; сондай-ақ, ат кебең, тартып қалды; ат-көлігің аман ба? Ат көпір қылып алды; ат …мінгізді; атқа жем түсті; атқа жеңiл құдаша; атқа қамшы басты; ат қақты; ат қойды; атқа мінер; атқа қара тіл болғанда (ерте көктемде шыққан отқа жылқы аузы іліккен шақ деген мағынада); ат қойды; ат қойып айдар тақты; ат қосты; ат қосшы болдың, ба?; Ат құйрығын шарт түйді; ат құлағы көрінбейді; ат құлағында ойнайды; ат құрғатпай қатысты; ат майы — ат майын берді; ат мінгізіп, тон кигізді; атой берді — атой салды — ат қойды; ат ойнатты т. б.

Бұл келтірілген мысалдар алғашқы — бірiнші ат сөзінің әрі көп мағыналығын (полисемия), әрі дәл осындай дыбыстас басқа да сөздермен омоним болып келетінін көрсетеді.

Дәлдеңкірей түссек, Атты әкелдің бе? Атың кім? Мылтықты кім атты?—деген сөйлемдердегі ат сөздері—үшеуі үш басқа мағына білдіретін үш түрлі дербес сөз. Үшеуінің мағыналары арасыңда ешқандай семантикалық байланыс жоқ.

Омонимдердің полисемиямен бір ұқсастығы бар: омонимдер де, полисемия да бірдей дыбысталып, айтылады, жазылады. Мәселен, ат — көлік; ат — есім; ат — етістік; мұндағы сырттай ұқсастық: үш сөз (ат) бірдей дыбысталып тұр.

Омонимдердің полисемиядан басты бір айырмашылығы бар: омонимдер бірдей дыбысталып, айтылып, бірдей жазылса да, әрқайсысының, яғни әрбір сыңарының мағынасы әр түрлі, басқа-басқа болады; ол мағыналар арасында байланыс жоқ. Келтірілген ат сөздері — мағыналары дәл осындай, басқа-басқа сөздер.

Ал полисемия, яғни көп мағыналы сөз, бірдей дыбысталып, бірдей жазыла отырып, мағыналары жағынан жақын, байланысты болып келеді. Мәселен, жүрек сөзінің номинативті мағынасы — қан айналу жүйесінің көкірек қуысының сол жағына орналасқан басты орган. Сонымен бірге жүрек — бірде кісінің жан дүниесі, рухани сезімі, кейде саяси-әкімшілік орын, орталық мағынасын білдіреді.

Сонымен қатар ақ жүрек, асау жүрек, жүрегі айныды, жүрегі алқынды, жүрегі алып ұшты, жүрегі аузына тығылды, жүрегі бүлік етпеді, көкірегі дауаламады, жүрегі дүрсілдеді, жүрегі дір етті, жүрегі елжіреді, жүрегі жарылды, жүрегі жібімеді, жүрегі зу ете қалды, жүрегі зырқ ете қалды, жүрегі көтерілді, жүрегі қалтырады, жүрегі күшті болды, жүрегі қарс айрылды, жүрегi қобалжыды, жүрегі лүпілдеді, жүрегі мұз болды, жүрегін тебірентті, жүрегінің түгі бар, жүрегі орнына түсті, жүрегi сазды, жүрегі суыды, жүрегі сыздады, жүрегі аттай тұлады, жау жүрек, жүрек жұтқан, жүрек жалғады, жүрегіне ас батпады, жүрекке жара түсті, жүрегіне жара салды, жүрек қылын шертті, қоян жүрек, су жүрек, жүрегі алып ұшты, жүрегі бүлк етті, жүрегі жанды, жүрегі жүмсақ, жүрегі құтты болды, жүрегі май ішкендей кілкілдеді, жүрегіме жұдырықтай боп тұра қалды, жүрегіме инедей қадалды, жүрегінде оты бар, жүрегi тас түйін болды, жүрегіне дақ түсті, жүрегі өрт боп жанды, жүрегі су ете түсті, жүрегі талды, жүрек өзегі талды, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегіне жылы тиді, жүрек қылын шертті, жүректі дерт алды т. б. Фразеологиялық тізбектерде жүрек сөзінің сан алуан семантикасы бар екеніне көз жетеді.

Сөйтіп, омонимдер мен полисемияның ұқсастығы — екеуінің де бірдей дыбысталатындығы, ал айырмашылығы — омонимдер бірдей дыбыстала отырып, мағынасы жағынан басқа-басқа болатындығы да, полисемияға жататын сөздер — мағыналары жағынан жақын болып келетіндігі.

Омонимдердің, омоним екеніне көз жеткізу үшін, ондай сөздерге синоним іздеп көру керек. Профессор Галкина-Федоруктың айтуынша, бірдей дыбысталатын сөздерге синоним мағыналы сөздердің ешқандай қатысы болмайды. Мәселен, ат — есім, ат—жылқы; орысша ключ — есік ашатын кілт; ключ — бұлақ; коса — бұрым; коса — шалғы орақ; ағылшынша basе (бейз) -аласа; bаве (бейз) —базис т. б. Бұл сөздер бірдей дыбысталып тұр, бірақ бір-бірімен синоним емес.

Қазақ тілінде ат — жылқы, тұлпар —дөнен, бесті, құнан т. б. сөздермен стилистикалық, контекстік синоним болып келеді, ал ат — жылқы, ат—- есім, ат — мылтық ат деген етістік мағынада ешқандай синонимдік, ешқандай полисемиялық ортақтық, байланыс жоқ.

Құрамына қарай омонимдер екі түрлі — түбір омонимдер, туынды омонимдер болып келеді.

Түбір омонимдер — ешбір қосымшасыз (аффикссіз), негізінен, атау тұлғада қолданылатындар: қыз — зат есім (Ұлболсын — қыз); қыз — етістік (қыз, қызба, онда менің шаруам жоқ) жүз сан — есім (Жүз сом ақшаң болғанша, жүз жолдасың болсын); жүз — зат есім (түр-түс, бет-әлпет; Ақ тамақ, қызыл жүз); жүз — зат есім (ұстараның жүзі); бет-әлпет, түр-түс (өткірдің жүзі, кестені бізі, өрнегін сендей сала алмас) т. б.

Туынды омонимдер — белгілі бір түбірге аффикс қосылу арқылы жасалатындар: жастық — зат есім (жастыққа жантая кетті); жастық, — сын есім (қайран жастық шақ!); жаса етістік (Жаса, жаса, көкке — өрле, Асау тарпаң, тұлпарым); жаса — етістік; жасанды - зат есім (бұйым, зат, талшық); жасанды — сын есім (жасанды зат, адам); тартпа-тартпа, бөлме-бөлме, кеспе-кеспе т. б. әрі зат есім, әрі етістік; романист-романдар авторы; романист — роман филологиясының маманы; т. б.

Сырттай қарағанда, омонимдер тілдің лексикасын сан жағынан байытқан, көбейткен сияқты болып көрінеді. Шындығында, олай емес. Мәселен, ат деген сөз — мағынасы жағынан жеке-жеке сөз. Ал дыбысталуы жағынан олар бір-ақ сөз. Омонимдер тілдің лексикасын саны емес, мағынасы жағынан ұлғайтады, кеңейтеді, көбейтеді. Дәл осы тұрғыдан алғанда, омонимдердің жасалуында тілде экономия (үнемдеу) принципін сақтаушылық байқалады. Кейбір сөздер бірыңғай дыбысталады да, мағыналары сан алуан болып келе береді. Сондықтан, сырттай қарағанда, ондай сөздерді алфавит тәртібімен реестрге (сөздікке) түсіргенде, сөз саны көбейген болып шығады.

Омоним мен полисемияның бiр-бiрiне мағыналық қатынастары жақын. Омоним мен полисемияны бiр-бiрiнен ажыратуда мағыналарының арасында семантикалық байланыстың жойылуы немесе жоқтығы кейде өлшемi бола алмайды. Омоним сөздер төмендегi жолдармен жасалады.

1. Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексика-семантикалық тәсілі арқылы пайда болады. Бұған бір себеп — белгілі бір сөздің көп мағыналы пайда болуы, тууы, яғни полисемия.

Дәлденкірей түссек, бір кездерде бірер ғана мағына білдірген сөз келе-келе сол мағынаны өрбіте, тармақтата түсуі мүмкін. Оған себеп — өмірдегі жаңалықтар, табиғат қыр-сырының ашыла түсуі, адамзаттың таным — білімінің, кеңейе түсуінің тілдегі көрінісі. Әдетте, тіл — халық өмірінің айнасы. Халықтың тұрмыс-жайы, әдет-ғұрпы, күллі мәдени өрлеу дәрежесі, қоғамның қарыштап алға басуы халық тарихына, ол халықтың тіліне із қалдырады.

Осы сияқты жәйттерге сәйкес, бір кездегі бір мағыналы сөз келе — келе бірнеше дербес мағынаға ие болып кетеді. Мұндай құбылысты полисемияның, бара — бара омонимге айналуы деп атайды.

Мысалдар: Ай — планета аты; ай — бір ай, жыл есебінің бір кезеңі. Қазір бұл —екі сөз. Бірақ бұлар — бұрынғы бірақ сөз. Мағыналары жақын, бірақ ол мағыналар сәл де болса бір-бірінен алшақтап, семантикалық — сапалық, мазмұндық жағынан сараланған.

Ай сөзі толып жатқан фразеологиялық, единица жасауға негіз болады: айдай әлем, айдай сұлу, айдай таза, айдан анық, айдай аузы, күндей көзі бар, айды аспанға бірақ шығарды, айдың бір жаңасы, айдың күні аманда, айдың қараңғысы, ай-күні жақындады, ай қабақ, алтын кірпік т. б.

Тамыр - өсімдіктің түбір тарамы (Жас қарағай тамыр жайып, Жапты қайта даланы.— (Сырб. Мәул.); қан жүретін жол; тамыр — дос, жар, көңілдес, сыбайлас (Жақсы көрер тамырдың атын алма, тайын ал; Сол поселкеде Семен деген тамырым бар еді); ауыспалы мағынада: себеп, түбір, негіз (Жасыбай елде істелген бірсыпыра жолсыздықтың тамырын ашты (Б. М.). Сонда бұрынғы бірер мағыналы тамыр сөзінен бірнеше жаңа — бір-бірінен азды-көпті айырмашылығы бар мағыналы сөздер, яғни полисемия пайда болған. Келе-келе олардың мағыналары алшақтап, жеке-жеке, дербес сөзге — омонимдерге айналған.

Тамыр сөзінің бір кезде көп мағыналы болғандығын мына тәрізді тұрақты тізбектер құрамында келуі де дәлелдей түседі: тамыр ұстады, тамырына балта шапты, түп тамырымен құртты, тамыр жайды (өсті), тамырын тартып көрді, тамыр тартқан тарықпас, тамыр болды, тамырымен құртып жіберді, тамырына, қан жүгірді, тамырын басып көрді, тамыры суалды (С.К.).

Осы сияқты, тең — буылған жүк (зат есім); тең - бірдей, қатар, құрбы-кұрбылас, замандас, үзеңгілес (сын есім); бір кездегі бірақ сөз; қазір полисемиялық мағынасы алшақтап, омонимге айналған екі сөз. «Тең» сөзінен теңбе — тең, теңдей, теңделу, теңдес, теңестіру, теңдесу, теңдік, теңелту, теңеу, теңселу, теңдік бермеді, теңеліп кетті, тең келмеді, тең көрді, тең құрбы, тең түсті, теңін ақтарды, теңін тапты т. б. сөздер мен сөз тіркестері жасалады.

Сөйтіп, ай, тамыр, тең сөздері — бұрынғы көп мағыналы, қазіргі омоним сөздер. Бұл мысалдар — омонимдердің сөз мағынасының лексика-семантикалық жақтан дами келе пайда болатынына дәлел.

2. Кейбір байырғы сөздер тілдің даму барысында белгілі бір фонетикалық өзгерістерге ұшырап, соның нәтижесінде бірер тілде бұрыннан бар екінші бір сөзбен бірдей дыбысталып, ақырында, омоним пайда болып кетеді. Мұндай кұбылысты дыбыстық өзгеріс-сәйкестіктер, алмасулар нәтижесінде пайда болған омонимдер деп атайды.

Қазақ тілінде алмасуға ұшыраған дыбыстардың бірі — ғ-г,-ш-с дауыссыздары. Мәселен, атқа салатын ер сөзінің ертеректегі дыбысталуы — егер; осыдан егерле, (қазақша; ертте), азербайжанша — иеһер; қырғызша — ээр, ұйғырша — егәр. Дәл осы форма (егер) Оңтүстік Қазақстан тұрғындары тілінде сақталған: олар кейде атты ертте деу орнына атты егерле деп айта береді.

Қазіргі қазақ тілінде егер — дің «г» дыбысы түсіп қалған да, сөз еер болу орнына ер болып ықшамдалған. Қазақпен туыстас қырғыз тілінде екі дауысты қатар (Алатоо) келе береді, ал казақ тілінде екі дауыстының бірі түсіп қалады; ЖаңА Арқа, Сары Арқа, қарай ма екен, ала ма екен (Жаңарқа, Сарарқа, қараймекен, аламекен т. б.)

Сол сияқты, біз— зат есім; біз — есімдік; екеуі — бір-бірімен омоним. Алғашқы, зат есім біз — дің бұрынғы дыбысталуы — бігіз; қазірде де ұйғырлар бігіз, бегіз түрінде айтады;. бігіз деу Оңтүстік Қазақстан тұрғындары тілінде де бар; әдеби тілде сөздегі г дыбысы түсіп қалып, есімдік біз — бен омонимдес болып шыққан. Сондай-ақ, зат есім мағынасындағы бас сөзіндегі с орнында кейбір туыстас тілдерде ш қолданылады; қазақ тілінде ш (баш, бош, гөш т. б.) с дыбысына айналып, етістікпен (бас) омонимдес болып шыққан. Сары, торы (сын есімдер), бу (зат есім) сөздерінің бастапқы дыбысталуында да ғ (сарығ, торығ, бұғ, буғ) болған көрінеді. (Қ. Аханов.)

3. Кейбір омонимдер сөз түбіріне аффикстер қосылу арқылы жасалған. Ондайлар, әдетте туынды омонимдер қатарына жатады; ондай омонимдердің жасалуына омонимдес аффикстер себепкер болады. Мысалдар: шық + ыс-шығыс әрі—зат есім, әрі етістік (ортақ етіс); жел-ік — желік— әрі зат есім, әрі етістік; қызық, жабық, қырсық, былық, ентік — әрі сын есім, әрі зат есім, әрі етістік омонимдер.

4. Бірсыпыра омонимдер кірме сөздердің тілдегі байырғы сөздермен бірдей дыбысталып келуі арқылы жасалған. Мәселен, орыстың волость сөзі казақша болыс (Болыс болдым, мінеки, бар малымды шығындап.— А.) болып өзгеріп, етістік болыс (көмектсе, жәрдемдес) сөзімен омоним болып шыққан.

Омонимдердің түрлері көп. Бірақ оларға қатысты терминдерде лннгвистика оқулықтарында ала-құлалықтар бар. Мәселен, К. Аханов лексикалық, лексика — грамматикалық, аралас омонимдер деп топтастырса, орыс тіліндегі оқулық авторларының бірі ондайларды — толық, жартылай, бірі—грамматикалық, бірі — омофондар, омографтар т. б. түрде атайды.

Тіл фактыларын ескере келгенде, біздіңше, омонимдердің негізгі түрлері мыналар: толық омонимдер, жартылай омонимдер (толық, жартылай ассимиляция т. б. деген терминдерді еске ала кетейік), фонетикалық омонимдер, орфографиялық омонимдер, көп компонентті омонимдер, омонимдерге қатысты лингвистикалық басқа да құбылыстар (паронимдер, каламбурлар).

1. Толық омонимдерге жататындар — дыбысталуы жағынан бірдей, мағыналары жағынан басқа-басқа, барлық тұлғада омоним болып келетін, біркелкі формаларда түрлене алатын сөздер. Мысалдар: тамақ — анатомиялық атау (Ақ тамақ, қызыл жүз; Қарағым, бетіңді аш!). Тамақ — ас, тағам, қорек (Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын); саз — сыз; саз — үн, әуен, бірдеменің нақысы; жаулық — кимешектің, бір түрі; жаулық — қастандық, дұшпандық (Жаулық салған басына жаулық қылма «қасыңа»); сыр — адамның ішкі ойы; сыр — бояу; жаса — өмір сүр; жаса — бірдемені істе; қыста — мекенді қоныс қыл; қыста — қысым көрсет, қыспаққа (жауапқа) ал; уат — иландыр, көндір (Айғаныс, Ілияс жанды уат); уат — ұсақта, майдала, бөлшекте (Айғаныс, қантты уат, Ғалияштың тісі өтпей отыр) т. б.

Бұл келтірілген мысалдардың алғашқылары — зат есімдер, кейінгілері, етістік омонимдер. Мұндайларға тән ерекшелік: зат есімдер — зат есімдердің күллі формаларымен, етістіктер етістікке тән барлық категориялармен бірдей түрленеді. Формалануы, түрленуі бірдей. Сондықтан мұндай сөздер әрқашанда бір-бірімен омоним болады да, толық омонимдер делінеді.

Бұған көз жеткізе түсу үшін, зат есім омонимдерді зат есімше, етістік сөздерден болған омонимдерді етістікке тән формалармен түрлендіріп көрсек, олар сол өз категориясына ғана тән көрсеткішті қабылдайды да, солайша түрленеді. Мысалдар: Аппақ қардай тамағың; тамағың ән салғанда, бүлкілдеген; Жаса, көкке өрле... Қайрат жаса, құрыштан!

2. Жартылай омонимдер — кейбір формаларда ғана бір-бірімен омоним болатын сөздер. Өйткені ондай омонимдер сыңарлары бір ғана сөз табынан жасалмайды, әр түрлі сөз табынан жасалуы мүмкін. Дәлдеңкірей түссек, ондай омонимдердің бір сыңары зат есім болса, екінші сыңары етістік болуы мүмкін. Мұндайда олар белгілі бір формада ғана бірдей дыбысталады, ал әр сөз табынан жасалғандықтан, түрленгенде, бір-бірімен омоним бола алмайды.

Мәселен, көш — зат есім; көш — етістік. Осы формада, атау түлғада бұл екеуі — бір-бірімен омоним. Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,— дегенде, көш сөзі мен көшкен сөзі бір-бірімен омоним болудан қалады.

Сондай-ақ той — зат есім; той — етістік; табыс — зат есім; табыс — етістік; желік, айтыс, қыс, ұста, көр дегендер — әрі зат есім, әрі етістік. Сол сияқты, құла, торы, қара, жирен, ірі, аш ауыр — әрі сын есім, әрі етістік, сен — жіктеу есімдігі; сен - етістік; жазық — әрі зат есім, әрі сын есім, тең — әрі зат есім; әрі сын есім. Мұндайлар — жоғарыда айтылғандай, атау тұлғада тұрғанда омоним болып, түрленгенде, омоним болудан қалатын сөздер: той тондынікі; тойда тойып алды (тойда, тойып); құла қасқа алда келе жатыр еді, омақаса құлады т. б.

3. Көп компонентті омонимдер — кейбір сыңары толық, кейбір сыңары жартылай омонимдер болып келетін сөздер. Орыс тіліндегі оқулық авторлары омонимдердің мұндай түрін жеке алып қарамайды. К. Аханов мұндайларды аралас омонимдер деп атайды. Шындығында, бұларды аралас деп те, көп компонентті деп те атауға болады: бірдей дыбысталатын бірнеше сөздің бірер қатары — толық омоним, бірер қатары ғана жартылай немесе барлық сыңары, түгел алғанда жартылай омоним болып келеді. Мәселен, жаз — зат есім, антонимі — күз; жаз — етістік (хат жаз); жаз — етістік, синонимі — емде (ауруды жаз — емде); жай — жасыл, найзағай (зат есім); жай — етістік (дастарқанды жай); жай — мекен, орын, тұрақ (зат есім); жай — ақырын, зорға, әсер, қараптан-қарап, бостан-бос (үстеу); жай — кеш (үстеу); жай келдің ғой; жақ — анатомиялық атау (зат есім); жақ — грамматикалық категория аты (I жақ, III жақ); жақ — ұна (етістік); жақ — жандыр (етістік).

4. Фонетикалық омонимдер (омофондар)—біркелкі айтылып, түрліше жазылатын, мағынасы мен сыртқы тұлғасы басқа-басқа болып келетін сөздер. Мәселен, асшы - ас даярлайтын адам (зат есім); ащы — сын есім, антонимі — тұщы; екеуі де бірдей— ашшы түрінде айтылады, бірақ жазылуы да, мағыналары да басқаша. Сондай-ақ, қара ала — сын есім; қарала — етістік, антонимі — ақта; қара ат — сын есім; қарат — көрсет (етістік); сары ала — сын есім; сарала — етістік т. б.

5. Орфографиялық омонимдер (омографтар) —біркелкі жазылып, екпіннің әр түрлі түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер. Мысалдар: алма — зат есім; алма—болымсыз етістік; тартпа, кеспе, бөлме, салма — әрі зат есім; әрі етістік; Барса-келмес — жер аты {зат есім); барса, келмес — етістік; Ешкі өлмес — жер аты; ешкі өлмес — зат есім мен етістік тіркесінен жасалған анықтауыш; «Қалың мал» — роман аты; алдымызда қалың мал жатыр; бет алды — алдыңғы жағы, келе жатқан, бет түзеген жағы; бет алды— босқа, бекер т. б.

6. Паронимдер — дыбысталуы жағынан жақын, негізінен, бір түбірден өрбіген, бірақ мағынасы басқа-басқа сөздер. Дегенмен, кейде ондай сөздердің жазылуы да, мағынасы да біршама жақындап қалуы мүмкін. Паронимдер орыс тілінде: абонемент — белгілі бір жайда белгілі бір затпен белгілі бір уақытта пайдалану (мәселен, абонемент алып бер — билет алатын қағаз алып бер); абонент — сол қағаз, яғни абонемент иесі; идеалистік — идеализм принципке негізделген (бағыт); идеалды —белгілі, күшті, басым, алып түсетін; парламентарий — парламент мүшесі; парламентер — келіссөз жүргізуге өкілдік алған адам; эффективный — нәтижелі; тиімді; эффектный — көз тартарлық, қызықтырарлық; значение — значимость; оплатить — уплатить; осваить — усвоить; проблемный — проблематичный; проблематический; существо — сущность т. б.

Кейбір лингвистер орыс тіліндегі кампания — компания деген тәрізді омофондарды, экскаватор — эксковатор сияқты әр түрлі түбірлерден шыққанымен, дыбысталуы жағынан жақынырақ сөздерді де пароним қатарына қосады.

Қазақ тілінде өкімет — үкімет, ғылым — білім ілім, хал — ахуал, халық — халайық, үкім — өкім, суару — суғару, киіз — үй — киіз үй сияқты бастапқы бір түбірден өрбіген сөздерді де,сондай-ақ, Рабдолла — Абдолла — Әбділда, Ғали — Қали — Әли, Ғайша — Айша тәрізді ономаларды да паронимге жатқызуға болады.

7. Каламбур — француздың саіеmһоиг (сөз әзілі) дегеннен алынған термин. Ағылшынша бұл құбылысты рan (пан) деп атайды. Лингвистикада каламбур дегеніміз — не біркелкі дыбысталатын, не біркелкі жазылатын әр түрлі мағыналы ойнақы сөздер, сөз әзілі, сөз қалжыңы, сөз тіркестері. Каламбур тіл — тілдің бәрінде бар, әсіресе поэзияда көбірек ұшырасады. А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, В. Маяковский қазақ қаламгері

С. Торайғыров, Т. Жароков, X. Ерғалиев, әсіресе М. Әлімбаев т. б. ойды керкем де бейнелі түрде жеткізе түсу, күтпеген жерден дәлдей, айқындай кету мақсатымен толып жатқан каламбур жасаған.

Мысалдар: Аяғыңа қарамай, басып алдың қара май (Мәлім); Жадағай сөздің досы емен, Бұл жолы өтпей көшемен, Ауылға бардым,— қарсы алды, Былтырғы еккен жас емен (Т. Ж.) Дәмді аспен қарным тойса деген арман, Мұршам аз ой ойлауға онан арман; Қалқам, жаным, қарағым, Бетіңе келмес қарағым (Сұлтмах.); тағы сынды жан едік, тағы келдік тар жерге, Таңдансаң тағы болар ма?! (М. Ө.)

Каламбурда ойды астарлы түрде білдіру, тептіштей түсу, сүйкей салу, қалай ұқсаң, солай ұқ дегендей иек арта тастау мағынасы басым болады. Каламбур — ойды дәл тауып, әсем де келістіріп жеткізуге себепші құралдың бірі.

Қазақ тілінде каламбур кез келген сөз табынан, біркелкі айтылатын, жазылатын сөздерді басқа-басқа мағынада қолдану арқылы жасала береді. Мысалдар: «Қайрат» біздің етті қайрат, Ащы терін төкті «Қайрат», Сыннан сынбай өтті «Қайрат!» (Ә. Т.) Ауыр екен қап, әттең-ай, қап! Ескек ескен Есенгелді ағамыз, Асау Ертіс жағасында ағамыз (Мәлім).

Каламбур омонимнің барлық түрінен жасала береді: Қас батыр атты Жауына шапты. Біреуін атты, біреуін шапты. Қашқанын түйреп, Сасқанын сүйреп, Жыртқызып жерді, Ақыры жеңді (Мәлім).

Каламбур кейбір сөзді әр түрлі саққа жүгірту, сөз мағынасын әдейі саналы түрде бұрмалау, кейде орфоэпиялық нормасын әдейілеп бұзу, сөзге ойыны-шыны аралас мән беру, кейде сөзге өзінше, өзіндік, «жалған» этимология - түсінік беру тәсілдері арқылы да жасалады; өтірік өлеңдер де каламбур туғызуға себепші болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет