Жабық және ашық кюретаждау әдістерін қолдануға қарсы көрсетілімдер: пародонталдық қалталардың қабырғаларының тым жұқалығы және сүйек қалталарының болуы.
Қиықтап кесу немесе қиықтандыру операциялары(лоскутные операции)
Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясының негізгі мақсаты: альвеола өсіндісінің қызылиегі мен сүйекқабын қиықтап кесіп, сылу арқылы пародонттағы патологиялық ошақтың бетін жақсылап ашып, өзгеріске ұшыраған тіндерден тазалап, пародонталдық қалтаны жою және сүйек тіндерін коррекциялау.
Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясы жарақат аймағын жақсы көріп, хирургиялық емдеу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Барлық қиықтап кесі операцияларының негізін қалаушы деп Видман-Нейман-Цешинский ұсынған радикалдық операцияны санауға болады. Қазіргі кезде бұл операцияның көптеп түрлендірілген техникалық тәсілдері бар.
Қиықтап кесу операциясының негізгі мақсаты (лоскутная операция) пародонталдық қалтаны жойып, бұзылған тірек тіндерді қалпына келтіру немесе жаңа дәнекер тінді құрылым бекітуші жүйені қалыптастырып, сүйекті тінінің коррекциялау.
Бұл операцияны қолданып емдеудің негізгі көрсетілімдері: тереңдігі 5 мм және одан да терең пародонтальдық қалталар, тістердің I,II,III дәрежелі қозғалмалылығы, альвеола сүйегінің түбірдің ½ бөлігінен артық деңгейде сорылып, сүйек қалталарының пайда болуы.
Пародонталдық қиықтар толық және жартылай ажыратылған болып екі түрге бөлінеді. Толық қиық жабынды эпителийден, дәнекер тіннен және сүйек қабынан (надкостница), ал ажыратылған қиық эпителийден және дәнекер тіннен тұрады. Сонымен қатар қиық қарапайым (простой) немесе тұрақтанатын (операция біткен соң орнына қайта қондырылады) және көшпелі (позиционный) немесе тұрақсыз (операция біткен соң басқа аймаққа көшіріледі) болып та бөлінеді.
Қиықтау операциясын орындау тәсілі.
Операцияға дайындау кезеңі жалпы хирургияда қабылданған қағида бойынша жүргізіледі. Операция жасаудан 30-40 минөт бұрын премедикациялау әдісін қолданады. Операция жасалынатын аймақ инъекциялық әдіспен уақытша жансыздандырылғаннан кейін ұрт және тіл жағынан 6-8 тістің аумағында қызылиек жиегіннен 1-2 мм шегіне отырып 30-45° бұрышпен көлденең тілік және екі тік тілік жасап (сүйек қалталарының тереңдігіне дейін), қызылиекті жартылай алып тастайды. Осыдан кейін қызылиек-сүйек қабынан тұратын қиықты альвеола өсіндісінің тіл және ұртжақ беттерінен сыдырады (қалталар түбінің деңгейіне дейін). Ол үшін металл қалақшаны (шпатель) немесе распаторды пайдаланады. Тістерді қызылиекасты шөгінділерден, бұзылған цементтен тазартып, қиықтардың ішкі беттерінен грануляциялық тінді, өскен эпителийді тақырлап алып тастайды (өткір қайшының көмегімен) және тістер түбірлерінің беттерін тегістейді. Сүйек қалталарын грануляциялық тіннен тазартып, альвеола өсіндісінің өткір қырларын мұқият тегістейді, операциялық жара аймағын антисептиктер ертіндісімен жуып тазалаған соң сүйек ақаулары мен сүйек қалталарын қиықтарды орындарына қойып, остеопластикалық материалдармен толтырады да бір-біріне тістер арасына көлденең тігіс салу арқылы бекітеді. Тік тіліктер де 2-3 тігіспен тігіледі. Тігістер 6-7 күннен кейін алынады. Қан ұйындысын, жараны екіншілік инфекциядан қалай сақтау жөнінде кеңес береді. Олар: аса ыстық және қатты тағамдар қабылдамау, ауызды ас қабылдағаннан кейін антисептиктер ертіндісімен шайып отыру, тістерін антисептиктер ертіндісімен суланған мақта анжымен тазалап отыру.
Сонымен бірге аурудың жағдайын ескере отырып, антигистаминдік, қабынуға қарсы дәрілер және антибиотиктер тағайындайды.
Сүйек қалталарын жойып, альвеола өсіндісінің сорылған бөлігін мүмкіндігінше қалпына келтіру үшін қазіргі кезде арнаулы осеопластикалық заттар: аутосүйек, сүйектен және шеміршектен тұратын аллотрансплантаттар, лиофилденген және формалинденген трансплантаттар, минералсыздандырылған сүйек, брефосүйек, кальций-фосфатты керамика аллопластикалық материалдар (үшкальцийфосфат, коллаген қосылған гидроксиапатит Колапол) қолданыс табуда.
Пародонталдық қалталарды хирургиялық әдіспен емдеуді кез-келген жағдайда қолдана беруге болмайды.
Оларды қолданудың жалпылай, жергілікті, абсолюттік және салыстырмалы қарсы көрсетілімдері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |