Жабық кюретаждау әдісінің бірден-бір кемшілігі – операция жүргізіліп жатқан аймақты анық көре алмау, осыған байланысты жыртылған жаралы беттердің пайда болуы. Бұл кемшіліктерді жою үшін Т.И.Лемецкая және б. (1981) ашық кюретаждау әдісін ұсынған .
Бұл әдіс тереңдігі 5мм-ден аспайтын пародонталдық қалталарда жүргізіледі.
Ашық кюретаждау әдісін орындау тәсілі.
Ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдеп, операция жүргізілетін аймақты уақытша жансыздандырғаннан кейін тісаралық қызылиек бүртіктерінің ұшы арқылы көлденең тілік жасалады, ұрт және тіл жақтан қызылиек қиығы өтпейтін аспаппен қалта түбне дейін сыдырылады. Ашылған тіс түбірлері беттерінен қызылиек асты шөгінділер, өзгеріске ұшыраған түбір цементі және грануляциялық тін алынған соң, қалтаға өскен эпителийді өткір қайшының көмегімен қырқып тазалайды. Алынбай қалған тіс шөгінділерінің қалдықтарын ультрадыбыстық скалермен алып, түбір беттерін финирлер, полирлер және рәзіңке тегістегіштердің көмегімен тегістейді. Қажет болса сүйек құрылуын қамтамасыз ететін заттар енгіп, қиықтарды орнына қайтарады, бөлінген қызылиек бүртіктерінің қиықтарын біріктіріп, тігіс салады. Жаралы аймақты қатаятын емдік таңбалармен 1-2 сөткеге жабады. Тігістік материалды 5-6 сөткеден кейін алып тастайды. Бұл операцияны бір қабылдауда 4-7 тістер аймағында жүргізуге болады. Кюретаждау әдісін қолдануға болатын пародонталдық қалтаның көрінісі суретте көрсетілген.
Операция жасалған науқасқа ауыз гигиенасын сақтау, жұмсақ және сұйық тағамдар қабылдау туралы (5-7 тәулік) ақыл-кеңес береді және антигистаминдік дәрілер қажет болса бактерияларға қарсы дәрілік заттарды тағайындайды. Қызылиек сайы 7-10 күннен кейін ғана эпителий қабатымен жабылып, қалпына келе бастайды, ал коллаген талшықтарының жетілуі 20-21 күнге созылады (В.С.Иванов, 1989).
Пародонталдық қалталарға кюретаждау жүргізгеннен кейін туындауы мүмкін асқынулар:
а) Операция жүргізілген аймақта қатты қабыну және домбығу белгілері, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит) байқалуы мүмкін. Бұлардың себептері – асептика және кюретаждау ережелерінің бұзылуы. Мұндай жағдайда ауырсыздандыратын, қабынуды, домбығуды тоқтататын дәрілер, ауызды шаюға немесе бұлауға арналған антисептиктер ертінділерін, , шөптер тұнбаларын тағайындайды.
б) Тіс шөгінділерін, патологиялық өзгеріске ұшыраған цемент пен дентиннің жоғарғы қабатын алғаннан кейін тістерде аса сезімталдық (гиперестезия) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде құрамында фтор бар препараттармен тіс беттеріне бастырма (аппликация) қояды (натрий фторидінің 1-2% ертіндісі, фторлы гель) немесе арнаулы лактармен (сырлармен) жабады және науқасқа тістерін құрамында фтор бар, кальций препараттары бар қойыртпақтармен тазалауға кеңес береді. Аса сезімталдығы бар тістерді композиттік материалдың құрамындағы адгезивтермен де жабуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |