Педагогика кафедрасы


- тақырып. Балалардың ойын әрекеті



бет7/8
Дата25.02.2016
өлшемі0.62 Mb.
#19336
1   2   3   4   5   6   7   8

12- тақырып. Балалардың ойын әрекеті.

Ойын –балалар іс- әрекетінің негізгі түрі.

Ойынның өзіндік ерекшеліктері.

Ойын- балаларды тәрбиелеу және дамыту құралы.

Ойынға басшылық және олардың түрлері.

Шығармашылық ойындар, ережелі ойындар, сюжетті- рольдік ойындар.



Мақсаты: Студенттердің мектепке дейінгі жастағы негізгі іс- әрекеттің түрі – ойын туралы түсінікткрін кеңейту, ойын түрлерін ажырата білуге және оны ұйымдастыруға басшылық жасай білуге үйрету.
Бала мен балалар ұжымының дамуында мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекетінің негізгі түрі — ойын орасан зор роль атқарады.

Философтар, тарихшылар, этнографтар, психологтар, педагогтар ойынның шығу тарихын, оның бала өміріндегі орнын, тәрбиелік міндеттерді шешу үшін ойындарды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін зерттейді.

Ойын теориясына Н. К. Крупская елеулі үлес қосты. Балалар ойынының әлеуметтік сипатын, онда өмір құбылыстарының бейнеленетінін атап көрсете келіп, ол алдымен ойынды коршаған болмыс жөніндегі әсер мен ұғымды кеңейтудің кұралы деп білді. «Мектеп жасына дейінгі балалар үшін,— деп жазды ол,— ойынның айрықша маңызы бар: ойын олар үшін — оқу, ойын олар үшін- еңбек, ойын олар үшін — тәрбиенің мықты формасы.»

Ойын мектепке дейінгі балалар үшін — айналадағыны танып, білу тәсілі.

Ойын мен ойын әрекеті мазмұныпың әлеуметтік сипаты баланың қоғамда өмір сүретіндігімен байланысты. Ол алғашқы айлардан бастап-ақ маңайындағылармен қарым-қатынас жасауға ұмтылады, қарым-қатынас жасау мен қоғамдық, тәжірибені игерудің қуатты кұралы- тілді бірте-бірте меңгереді. Бала ересектер өміріне белсенді қатысқысы келеді, бірақ бұл ықылас әлі оның мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Ойында үлкендердің қызметіне еліктеп, өзінің шамасы келетіндей дәрежеде олардың қуанышы мен ренішін түйсіне отырып, ол осындаи өзіндік жолмен қоршаған өмірге етене араласады.

Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А. С. Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің кандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында кандай болса, өскесін жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойында басталады».

Түрлі халықтардың және коғам дамуының әр түрлі тарихи кезеңдерінде балалар ойындарын ұзақ қадағалау, олардың мазмұнын зерттеу ойынның негізгі кайнар көзі — адамдардың әлеуметтік өмірі, баланың, оның отбасының тіршілік жағдайы деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Ойынның негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді- адамдардың қймылын, іс-әрекеттерін, олардың барлық қимылынан туған жағдайдағы қарым-катынасын бейнелеуі болып табылады.

Аса көрнекті режиссер әрі актер К.С.Станиславский «Актердің өзімен жұмыс істеуі» деген кітабында балалар ойынын сипаттай келіп, былай деді: бала ойынының ерекшелігі- ол өз ойлағанының шынайылығы мен шындығына сенеді. Бала өзіне «солай болған екен» десе бітті,-оның қиялы шарықтап жүре береді. Сонымен бірге баланың тағы бір касиеті байқалады: «балалар өздерінің неге сене алатынын, нені елемеу керек екенін біледі ».

Ойынның мұндай сипаты оны балалар іс-әрекетінің басқа барлық түрлерінен өзгеше етеді және белгілі бір мөлшерде өнермен, шындықты бейнелеп көрсетумен жақындастырады. Шын іс-әрекеттерді ойында қайталап жеткізу оны дәлме-дәл көшіру, айнадағыдай бейнелеу емес. Балалар шын жағдайдың барлық нақты жақтарымен, уакытпен, әрекеттердің қатаң дәйектілігімен шектелмейді. Ойнап жүргенде ол бөлменің ішінде-ақ буырқанған теңіз іщінде жүзіп жүргеніне сенеді шын қорқыныш пен қиындықты жеңгендегі қуаныш сезімін бастан кешеді.

Ойын қызметінің тағы бір ерекшелігі — оның өз әрекеттік сипаты. Балалар ойын шығарушылар, ойынды жасаушылар болып табылады. Олар, жоғарыда айтылғандай, ойында өздеріне мәлім өмір құбылыстары мен оқиғалары туралы білімдерін бейнелейді, оларға өзінің қатынасын білдіреді.

Балалар ойынының ерекшелігі сондай-ақ бейненің, ойын әрекеті мен сөздің ұштасуы мен өзара байланыстылығында. Бұл оның сыртқы белгісі емес, шын мәні. Ойында бала өзі бейнелеген қаһарманның іс-әрекетімен, сезімімен тыныстайды.

Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді, ойынға қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен мамасы үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлейді және т.б. Сөз нақ бір ойын әрекетін сүйемелдеуші болып табылады, бейнені, оған баланың өз қатынасын толығырақ ашады.

Ойын процесінде сөйлесу қарым-катынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойында сөзбен уәделесу ұйымдастырушылық қызмет атқарады, балалар арасында өзара түсінісу мен достықтың, қоршаған өмірдің кайсыбір фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пай-да болуына және дамуына көмектеседі.

Бейненің, ойын әрекеті мен сөздің өзара байланысы ойын қызметінің өзегі болып табылады, шындықты бейнелеудің құралы қызметін атқарады.

Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар:


  • ойынның түпкі ниеті,

  • сюжеті немесе мазмұны;

  • ойын әрекеттері, рольдер;

  • ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі.

Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды балалардың өзінше бір іс-әрекеті ретінде көрсетеді

Ойынның түпкі ниеті — бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы. Ол сөзде тұжырымдалып, ойын әрекеттерінің өзінде бейнеленеді, ойынның мазмұнында қалыптасады және ойынның өзегі болып табылады. Ойынның түпкі ниетіне қарай ойындарды азды-көпті мынадай типтік топтарға бөлуге болады:

а) тұрмыстық құбылыстарды бейнелейтін ойындар («отбасы», «балалар бақшасы», «аурухана» және т. б.болып ойнау);

б) жасампаз еңбекті бейнелейтін ойындар (метро салу, ауыл еңбегі, үйлер, фабрикалар, стадиондар тұрғызу және т. б.);

в) қоғамдық оқиғаларды, дәстүрлерді бейнелейтін ойындар (мерекелер, демонстрациялар, қонақтарды қарсы алу, саяхаттар, т.т.) Ойындарды бұлай бөлу, әрине, шартты ғана, өйткені ойын өмірдің алуан түрлі құбылыстарын бейнелеуді қамтуы мүмкін.



Ойынның сюжеті, мазмұны — бұл оның жанды тұлғасын кұрайтын, ойын әрекеттерінің, балалардың өзара қарьім-қатынастарының дамуын, көп жақтылығын және өзара байланысын анықтайтын нәрсе. Ойынның мазмұны оны қызықты етеді, ойнауға деген ықылас пен ынтаны қоздырады. Ойынның құрылымдық ерекшелігі мен түйіні — бала атқаратын рол.

Ойын процесіңде рольге берілетін маңызына қарай көптеген ойындар рольді немесе рольді-сюжетті ойындар деп аталады. Роль әрқашан адамға немесе жануарға, оның қиялдағы қылықтарға, іс-әрекеттерге, қарым-қатынастарға қатысты болады. Солардың бейнесіне енген бала сол өзі қалап алған нәрсеге айналады, яғни белгілі бір рольді ойнайды. Бірақ мектепке дейінгі бала ол рольді жай ғана ойнап қоймайды, бар жанымен сол бейнеге енеді, оның шын екеніне сенеді.

Ойын процесінде балалардың өздері (ал кейбір ойындарда — ересектер) ойнаушылардың мінез-құлқы мнн өзара қарым-қатынасын анықтайтын және реттейтін ереже белгілейді. Ереже ойынға ұйымшылдык, тұрақтылық сипат береді, оның мазмұнын баянды етеді және қарым-қатынас пен өзара қарым-қатынастардың одан арғы дамуын, күрделене түсуін айқындайды. Сонымен бірге ойын ережесі жасқаншак, ұялшақ балалардың ойынға белсендірек қатысуына көмектеседі.

Ойынның осы құрылымдық элементтерінің бәрі азды-көпті типтік болып табылады, бірақ олардың түрлі маңызы бар және әр түрлі ойындарда түрліше арақатынаста болады.

Ойын мектепке дейінгі балалар үшін қызықты шаруа бола отырып, сонымен бірге оларды тәрбиелеу мен дамытудың аса маңызды құралы болып табылады. Бірақ ол ұйымдастырылатын және басқарылатын педагогикалық процеске енгізілгенде ғана сондай құралға айналады. Ойынның дамуы мен орнығуы оны нақ осылай тәрбиелеу кұралы ретінде пайдалануға көп байланысты.

Ойынды педагогикалық процеске енгізе отырып, тәрбиеші балаларды ойнауға, А. С. Макаренконың сөзімен айтқанда, «жақсы ойын» жасауға үйретеді. Мұндай ойынға мынадай сапа тән: мазмұнның тәрбиелік-танымдық құндылығы, бейнеленетін түсініктердің толықтығы мен дұрыстығы; ойын іс-әрекеттерінің орындылығы, белсенділігі, ұйымшылдығы және шығармашылық сипаты; жеке балалардың және барлық ойнаушылардың мүдделерін ескере отырып, ойында ережелерге бағыну және соларды басшылыққа ала білу; ойыншықтар мен ойын материалдарын мақсаткерлікпен пайдалану; балалардың қарым-қатынастырының игі тілектестігі және көңіл күйлерінің шаттығы.

Ойынды басқара жүріп, тәрбиеші баланың жеке басының барлық жағына: оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-кұлқына ықпал жасайды, ойынды ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалык және дене тәрбиесінің мақсаттары үшін пайдаланады.

Ойын процесінде балалардың білімі мен ұғымы айқындалып, тереңдей түседі. Ойында қайсыбір рольді орындау үшін бала өзінің түсінігін ойын әрекетіне көшіруге тиіс. Кейде адамдардың еңбегі туралы, накты іс-әре-кеттер, өзара қарым-қатынастар туралы білімдер мен түсініктер жетімсіз болып шығады да, соларды толықтыру қажеттігі туады. Жаңа білім қа-жетттігі балалардың сүрақтарынан көрінеді. Тәрбиеші ол сұрақтарға жау-ап қайтарады, олардың ойын кезіндегі әңгімелеріне құлақ түреді, ойнау-шылардың өзара түсінісуіне, келісуіне көмектеседі.

Демек, ойын балалардың соған дейінгі білімдері мен түсініктерін баянды етіп кана коймайды, сонымен бірге белсенді таным іс-әрекетінің өзінше бір формасы болып табылады, соның барысында олар тәрбнешінің басшылығымен жана білім меңгереді.

Ойын — өзінше бір мектеп, сол арқылы бала адамдарының мінез-құлкының ережелері мен нормаларын, олардың еңбекке, қоғамдық меншікке көзқарасын, олардың өзара қарым-қатынасын шығармашылықпен игереді. Ойын балалардың өздерінің де қоғамдық мінез-кұлқы, олардың өмірге, бір-біріне көзқарасы, қарым-қатынасы қалыптасатын қызмет формасы болып табылады.

Ойынды ұйымдастырып, оны басқара жүріп, тәрбиеші балалар ұжымына және ұжым арқылы әр балаға ықпал жасайды. Ойынға қатысушы бала өзінің ниетінен әрекетін басқалармен үйлестіруге, ойында қалыптасқан ережелерге бағынуға тиісті болады.

Ойынның оңды әсерін пайдаланып, жарамсыз ойындардың тууына жол бермеу үшін балаларды ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата білуге үйрету керек, жақсыға құлшына ұмтылуға, жаманнан жиренуге тәрбиелеу керек.

Тәрбиеші ойынды дене тәрбиесінің кұралы ретінде кеңінен пайдаланады. Ойындардың көпшілігі қан айналысын күшейтіп, неғұрлым толық та терең зат алмасуына көмектесетін активті козғалыстарды керек етеді. Активті қозғалыс дұрыс тұлғаның калыптасуына, жүріс-тұрыстың икемді, әсем болуына жәрдемдеседі. Ойынның айқын, біртіндеп дамитын жүйесін пайдалана отырып, педагог мектепке дейінгі балалардың дене құрылысы дамуының тиімділігін арттырады.

Ойын эстетикалық тәрбие кұралы ретінде де кеңінен пайдаланылады, өйткені балалар өздерін қоршаған дүниені роль, бейне арқылы көрсетеді. Ойында киялдың — бұрын алған әсер негізінде бейне жасаудың зор маңызы бар. Көптеген ойындардың мазмұнына таныс әндер, билер, тақпақтар, жұмбақтар енгізіледі. Осының бәрі тәрбиешіге балалардың эстетикалық әсерленуін тереңдете түсуге мүмкіндік береді.

БАЛАЛАР ӨМІРІН ҮЙЫМДАСТЫРУДА ОЙЫННЫҢ РОЛІ

Ойын бала үшін — нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. А. П. Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру- оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара карым-катынастары формаларында жүзеге асырыла-тын себебі сол, блла мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз емірімен тіршілік етеді».

Ойынды таңдап алудың елеулі маңызы бар. Оған күнбе-күн басшылық жасай отырып, тәрбиеші әрбір баланы зерттейді, балалар бірлестіктерін, қалыптаса бастаған ойын ұжымдарын ашады. Оның қайсы бір топтанудың пайдалы немесе зиянды екенін бағалауға, балаларға белгілі дәре-жеде ықпал жасау қажеттігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндігі бо-лады.

Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар ұжымын топтастыруға күш салу керек

Тәрбиеші балаларға жақын болуға, олардың ойындарының сүйікті қатысушысы болуға тиіс. Ойынның мазмұны мен ережесін, өзінің ойындағы ролін пайдаланып, ол ойнаушылардың ынтасын басып тастамай, әдеппен ойынның барысын, олардың өзара карым-қатынасын бағыттап отырады.

Педагогикалық процесте ойын балалар іс-әрекетінің басқа да түрлерімен, бәрінен бұрын еңбекпен, оқу үстіндегі оқытумен өзара тығыз байланыста болады.

Ойындар мазмұнына, өзіне тән ерекшёліктеріне, олардың балалар өмірінде, тәрбиесі мен оқуында кандай орын алатынына қарай ажыратылады. Сюжетті-рольді ойындарды тәрбиешінің кейбір басшылығымен балалардың өздері жасайды. Бұл ойындардың негізі- балалардың өз өнерпаздығы. Кейде мұндай ойындарды творчестволық сюжетті-рольді ойындар деп атайды, сол арқылы балалардың қайсыбір кұбылыстарды жай көшіріп қоя салмай, оларды творчестволық ой елегінен өткізетінін, сөйтіп өздері жасайтын бейнелерде, ойын әрекеттерінде қайталайтынын атап көрсетеді. Драматизацияланған және құрылыс ойындары сюжетті-рольді ойындардың бір түрі болып табылады.

Тәрбие практикасында балалар үшін ересектер белгілеп берген ережесі бар ойындар да пайдаланылады. Ережесі бар ойындарға дидактикалык, қимыл, ермек ойындар жатады. Олар айқын тұжырымдалған бағдарламалық мазмұнға, дидактикалық есептерге, мақсат қойып үйретуге негізделген. Мүнда балалардың өнерпаздығы болуы мүмкін, бірақ ол тәрбиешінің басшылығымен көбірек ұштастырылады. Ойын тәжірибесін игерген, ұйымдастыру қабілеті дамыған кезде балалар бұл ойындарды да өздері жүргізеді.

Сюжетті-рольді ойындар мектепке дейінгі балаларға тән ең сипатты ойындар болып табылады және олардың өміршде елеулі орын алады. Сюжетті-рольді ойынның ерекшелігі сол, оны балалардын өздері жасайды, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және творчестволық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.

Сюжетті-рольді ойында бейнелеу кұралы роль мен ойын әрекеттері болып табылады. Өзінің сипаты жағынан бұлар кобінесе еліктеу, шындықты көрсету болады.

Ойынның дамуында сюжетті-бейнелі ойыншықтар үлкен орын алады, олар бейнелеудің былайша алғанда қосалқы, сонымен бірге қажетті құ-ралдары болып табылады.

Ойындардың бұл түріне басшылык үлкен шеберлік пен педагогтік әдептілікті талап етеді. Тәрбиеші ойынды бұзбай, бағыттап отыруға, балалардың ойын әрекетінің өнерпаздық және шығармашылық сипатын, қиналудың шынайылығын, ойын шындығына деген сенімді сақтауға тиіс.

Педагог ойыннын түпкі ниеті мен дамуына ыкпал жасайды, балалар өмірінің мазмұнын байытады: олардың ересектер еңбегі мен түрмысы туралы, адамдардың өзара қарым-катынасы туралы ұғымын кеңейтеді, сол аркылы қандай да бір ойын ролінің мазмүнын нақтылайды.

Ойын түрлері:

Драматизация ойындары.

Құрылыс ойындары.

Табиғи материалмен ойналатын құрылыс.

Дидактикалық ойындар.

Ойыншықтармен және ойын-құралдарымен ойналатын ойындар

Стол үстінде ойналатын ойындар.

Ережелі қимыл ойындары.

Ойыншық—әдейі балалар ойынына арналып жасалған зат. Оны пайдалану баланың ой-өрісін кеңейтуге, онда бейнеленген заттар мең өмір құбылыстарына деген ықыласын тәрбиелеуге, дербестігін дамытуға көмектеседі. Ойыншықтармен ойналатын бірлескен ойындарда балалардың өзара достық қарым-қатынастары, өз іс-әрекеттерін үйлестіру қабілеті қалыптасады.

Ойыншықтың балалар өмірінде үлкен роль атқаратынын Н.К.Крупская атап көрсетті. «Балдырғандарға арналған ойыншықтар туралы» мақаласында ол былай жеп жазды: «Біз балалар ойыншығы туралы мәселеге ересек адамға қандай ойыншық ұнайды деген тұрғыдан қарай алмаймыз. Біз ойыншық туралы мәселеге балаға не ұнайды және оған не керек деген тұрғыдан қарауға тиіспіз».

13- тақырып. Мектепке дейінгі балаларды мектепке даярлау.

ҚР- да балаларды мектепке даярлау мәселелері.

Балалардың мектепке психологиялық дайындығы.

Мектепте оқытуға дайындықты қалыптастыру

Мектепке дайындық тобында балалардың тәуелсіздігі

Мектепке дейінгі балаларды мектепке даярлаулаудағы ата-ананың ролі



Мақсаты: ҚР-да балаларды мектепке даярлау мәселелері жөнінде білімдерін тереңдету. Студенттерді мектепалды даярлық тобы жас ерекшеліктерімен таныстыру, баланы мектеп­ке дайындаудың маңызды мәселелерін нақты шеше білуге уйрету.
Мектепалды даярлық бойынша қарастырылатын мәселелер: мектепалды жасындағы оқыту процесс балабақшадағы дидактика ілімінң калыптасуы (П.Ф. Каптерев, Е.И. Тихеева, Р.С. Буре, В.Г. Нечаева, Г.Н. Година, З.И. Истомина, Н.К. Крупская, Е.А. Флерина, Т. Подьякова,т.б.). Мек­тепалды топтары мен сыныптарында балаларды оқыту ерекшелштері, оқыту мазмұны, әдістері, принциптері. Окытудың негізгі формасы-сабақ. Оқыту технологияларын қолдану жолдары. Аталған топтардағы окыту мен тәрбиелеу бағдарламаларына көңіл бөлу. Баланың мек­тепке жалпы дайындығы - бұл, физиологиялық, психологиялық тұрғыдан адамгершілік, ерік-жігерінің және денсаулығының қалыпты жағдайда болуы. Баланың жалпы дайындығы дұрыс болмаса оқуға құлқы болмайды, жеке тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіріледі. Баланың психологиялық дайындығы - оку түрткісінің (мотивінің) қалыптасуына байланысты болмақ. Негізгі түрткілер ішінде оқу түрткісі, яғни менің көп білгім келеді, оқуды, жазуды, есеп шығаруды үйренгім келеді деген ең маңызды мәселелер қалыс қалып кояды. Мұндай түрткілер баланың психология­лық тұрғыдан дайын болған кезде ғана көрініс береді. Бұл түрткілер бірден пайда болмайды, біртіндеп қалыптасады. Олар танымдық қызығушылығы берік бола бастағанда, жаңа білім негіздерін қабылдағанда пайда болып, үлкендердің мадақтау, бағалауы нәтижесінде бекітіліп отырады. Баланың арнайы дайындығы - бұл, алғашқы білім-білік дағдыларымен қарулануы, яғни 6ipiнші сыныпта берілетін білім мазмунының қарапайым білім негіздерімен қамтамасыз етілуі болып табылады.

Мектепте оқытуға дайындықты қалыптастыру дегеніміз балалардың оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруі және оқушылар ұжымына енуі үшін алғы шарт жасау деген сөз. Бұл ұзак та күрделі процесс, оның мақсаты мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамыту болып табылады.

Баланың мектепте оқуға арнаулы және жалпы дайындығын ажырата білу қажет. Арнаулы дайындық балада алдымен мектептің ана тілі, математика секілді оку пәндерін үйренудің негізі болып табылатын білімнің, ұғымның, іскерліктің бар-жоғымен, жалпы дайындық оның дене және психикалық дамуына қарай анықталады.

Дене дамуы — бұл баланың жақсы денсаулық күйі, төзімділігі, қолайсыз ықпалдарға қарсы тұра алуы; қалыпты антропометриялық көрсеткіштері (бойы, салмағы, кеуде клеткасының аумағы), қимыл жағынан дамуының жақсы дәрежесі, қолдың жазу үшін керекті майда, дәл және алуан түрлі қимылдар жасауға әзірлігі; мәдени-гигиеналық дағдыларының т. б. жеткілікті дамуы. Дене жағынан дамыған бала мектепте жүйелі оқуға байланысты қиыншылықтарды оңай жеңеді.

Психологиялық даму алдымен интеллектуалдық даму дәрежесі деген мағынада түсініледі. Мектепке дейінгі ересектер шағының аяғына қарай балалар қоршаған орта туралы, адамдардың өмірі туралы, табиғат туралы белгілі мөлшерде білім меңгереді. Бұл білім мөлшері балалар бақшасының бағдарламасында белгіленген. Мектепке дейінгі балалардың жеке деректерді емес, мектептегі пәндік оқытуды енгізуге негіз болатын өзара байланысты білімдер жүйесін меңгеруі маңызды. Олардың таным ынтасын, әуесқойлығын дамытудың зор маңызы бар. Бұл мектепте балалардың сан алуан оқу тілегін калыптастыру үшін негіз болып табылады.

Баланың мектепте оқуға психологиялық дайындығының маңызды компоненті — адамгершілік- ерік дайындығы. Оку іс-әрекеті еркін ықылас коюды, мақсатты түрде есте сақтауды, өзінің мінез-кұлқын бақылай білуді, тәртіптілікті, жауапкершілікті, дербестікті, ұйымшылдықты т.т. талап етеді. Адамгершілік- ерік дайындығы деген ұғым сондай-ақ баланың жаңа ұжымға, мектеп ұжымына енуіне, қоғамдық жұмысқа белсене араласуына мүмкіндік беретін: ықыластылық, ізгі ниеттілік, өзара көмек, ұйымдастыру шеберлігі сияқты моральдық сапаларды да қамтиды.

Бала мектептегі жаңа іс-әрекетке ғана емес, сонымен бірге өзінің құқықтары мен міндеттері бар оқушының жаңа әлеуметтік жағдайына да дайын болуға тиіс.

Балалар бақшасының балаларды мектепке дайындау жөніндегі жұмысы олардың мектепке дайындайтын тобына кешуінен көп бұрын басталады. Балалар бақшасының оку-тәрбие жұмысының бүкіл жүйесі баланың мектептегі оқуға дайындығын қалыптастыруды көздейді. Мектепке дайындайтын топтың басқа топтардан айырмашылығы —балабақшасындағы тәрбие бағдарламасында көзделген оқу-тәрбие жұмысының барлық міндеттерін орындау аяқталады.

Мектепке дайындайтын топта балалардың күн тәртібін мүлтіксіз орындауға қойылатын талап едәуір артады. Егер олар ұзақ уақыт балалар бақшасына барып жүрген болса, оларда күн сайын белгілі бір уақытта белгілі бір қызмет түрлерімен шұғылдану әдеті қалыптасып қалады. Балалар олардың мазмұны мен ерекшеліктерін жақсы біледі, оларды орындауға дайын тұрады.

Тәрбиешінің басты міндеті — тапсырмаларды сапалы және уақтылы орындауда бақылау мен балаларға көмекті күшейту, әрбір баланың алдына қойылған мақсатқа міндетті түрде жетуін талап ету. Мектепке дайындайтын топта олардың іс-әрекет мазмұнын қиындату оны жүзеге асырудың неғұрлым жоғары тиімділігімен ұштастырылуға тиіс.

Мектепке дайындық тобында балалардың тәуелсіздігін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Тәуелсіздік қайсыбір іс-әрекет үшін кажетті білімнің, іскерліктің, дағдының болуымен, оны жүзеге асыру процесінде қалыптасатын жағдайларға, алынған нәтижелерге саналы қараумен сипатталады. Мектепке дейінгі балалық шақта баланың тәуелсіздігін дамыту мектепте оқытудың маңызды негізі болып табылады.

Оку іс-әрекеті, үйге берілген тапсырмаларды орындау бірінші сынып оқушысы күнінің көпшілік уақытын алады. Ол мектепке жинала ма, сабақта отырып оқи ма немесе алғашқы коғамдық тапсырманы орындай ма — бәрінде де дербестік көрсету қажет болады. Таңертең ол өзі гимнастика жасайды, мектепке керекті нәрсенің бәрін алуды ұмытпайды. Тәуелсіз жұмыс істеу дағдысы оның сыныпта тапсырманы орындап шығуына көмектеседі, бірақ тәуелсіздік үйге берілген тапсырмаларды орындаған кезде өте кажет. Бірінші сынып окушысы өзінің жұмысын жоспарлай және бақылай білуге, өзінің жетістіктерін байқап, кемшіліктерін көре білуге; бір міндетті шешкен кезде үйренген тәжірибені басқа міндеттерді шешу үшін пайдалануға тиіс. Мектепке дайындайтын топтағы балалардың тәуелсіздігін дамыту міндеттерін, міне, осы талаптар белгілейді.

Мектепке дейінгі балада жеті жасқа қарай іс-әрекеттің жекелеген түрлерінде дербестік көрсетудің белгілі тәжірибесі қалыптасады. Мысалы, өзіне-өзі қызмет көрсетуде, табиғаттағы еңбекте дербестік дәрежесі айтарлықтай жоғары, ал осы сапаның оқу және ойын кызметіндегі дамуы бұрынғысынша тәрбиешінің назар аударуын талап етеді.

Мектепке дайындайтын топтағы балалар жекелеген тапсырмаларды тәуелсіз орындай алатын болуға: кітаптарды жөндеу үшін құрбыларын ұйымдастыра білуге, серуендеу кезінде тәрбиешінің көмекшісі ролін атқаруға, қимыл ойындарын өткізуге т.б. істей білуге тиіс. Егер балаларды даярлап, қалай істеу керек екенін көрсетіп, айтып берсе, олар мұндай тапсырмаларды әбден орындай алады. Тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін баланы мадақтап қою қажет.

Балалардың тәуелсіздігін дамытуға басшылық жасай отырып тәрбиеші оларды алға қойылған міндетті ескертусіз, көмексіз және бақылаусыз шешуге, орындайтын жұмысына саналы қарауға, өз іс-әрекеттерін байқай білуге үйретеді.

Тәуелсіздікті дамыту іс-әрекет мотивтерін қиындата беруге байланысты. Мектепке дайындайтын топта бұл мотив, мысалы, баланың, тәрбиеші үйреткеніндей, суретті жақсы салып қана қоймай, сонымен бірге жоғары баға алғысы, міндетті дұрыс шеше білетіндігімен көрінуі мүмкін.

Балалар бақшасында мектеп жасына дейінгі балалардың тәуелсіздігін қалыптастыру іс-әрекеттің барлық түрінде де тәрбиешінің басшылығымен. жүзеге асырылады.

Мектепке дайындайтын топтағы балалармен жұмыста дене шынықтыру жаттығуларының спорттық түрлері ерекше орын алады. Шаңғы, коньки, велосипед тебу, шанамен сырғанау, жүзу ірі бұлшық еттердің түрлі топтарының қатысуын талап етіп, денеге жақсы күш түсіреді.

Егер бала мектепке дейін дене жаттығуларының осы түрлерін меңгерсе, спорт ойындары мен сауықтарын жақсы көріп кетсе, бұл мектеп жылдарында да оның бос сағаттарда осылармен шұғылдануы үшін алғы шарт болып табылады. Бұл әрі ой еңбегінен тынығуының, ағзаны одан әрі сауықтырудың құралы болып табылады. Балаларды дене шынықтыру жаттығуларының спорттық түрлеріне үйрету жұмыстың ерекше бөлімі болып табылады, ол тәрбиешіден шаңғы, коньки тебудің т.т. техникасын және, әрине, балаларға сол қимыл түрлерін үйрету әдістемесін меңгеруді талап етеді.

Мектепке осы заманғы оқытудың негізін қалаушы принцип тәрбиелей және дамыта отырып оқыту болып табылады, ол балалардың таным процестерін, білімге ықыласын дамытуды көздейді. Балалар бақшасында бұл принципті жүзеге асыруда балалардың қарапайым оқу іс-әрекеті жоспарлы және жүйелі түрде жетілдірілетін оқу сағаттары ерекше маңызды роль атқарады. Бұл тәрбиешінің балаларда оқу міндетін түсіну және оны орындауға әзір тұру, ықыласты болу, үлкендердің жоспары мен нұскауы бойынша әрекет істей білу, бұрынғы алған білімі мен іскерлігін жаңа іс-әрекетке пайдалану, тапсырманы орындау тәсілдерін меңгеру, өзін-өзі бакылау, бағалау, қалыптастыруына мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда әрбір сабақтың бағдарламалық мазмұнын дұрыс белгілеудің зор маңызы бар. Педагог әр баланы ақыл-ой жағынан тәрбиелеуге және дамытуға қамқорлық жасайды, ақыл-ой міндеттерін шеше отырып, белгілі күш-жігер жұмсау қажеттігін алдына кояды. Бірте-бірте оқыту процесінде балалардың бойында тапсырмаға саналылықпен қарау, тәрбиешінің түсіндіруіне құлақ асып, мағынасына бойлай білу, мақтау үшін емес, еңбек нәтижесінен қанағат алу үшін жақсы нәтижелерге жетуге ұмтылу қасиеттері пайда болады. Мектепке дейінгі балаларда бар ықыласымен, белгілі бір қарқынмен жұмыс істеушілік қалыптасады, жұмыс қабілеті артады.

Мектепке дайындайтын топтағы балалармен жұмыста окытудың көрнекі әдістері мен тәсілдерін пайдалану белгілі ерекшелікке айналады: тәрбиеші оларды әрекет жасау тәсілін қалыптастыру үшін емес, ойлау іс-әрекетін күшейту үшін көбірек қолданады. Мәселен, үлгі нұсқаны көрсету бұрынғы тәжірибені баланың есіне түсіру үшін, оның есіндегі, елесіндегі бейнені ояту үшін пайдаланылады.

Мектепке дайындайтын топтағы балалармен жұмыста оқытудың ауызша әдістерінің (тәрбиеші әңгімесінің, алдын ала ойластырылған сұрақтарды қамтитын әңгімелесудің т.б.) зор маңызы бар екенін атап айту керек. Педагог ауызша әдістерді таңдап алуға, оларды басқа (көрнекі, практикалық) әдістермен дұрыс ұштастыруға, сөйтіп оқу процесін неғұрлым пәрменді етуге, ал білімді саналы түрде меңгеретін етуге мұқият назар аударады.

Мектепке дайындайтын топта ойын тәсілдері өз маңызын сақтайды. Дидактикалық ойындарға ерекше орын беріледі. Ойын формасында қойылған оқу міндеті балаға білім алу мақсатын түсіндіріп, баланың ерікті ықыласын арттырады, іс-әрекетін күшейтеді, таным ынтасын дамытады.

Мектепке дайындайтын топта балаларға адамгершілік және еңбек тәрбиесін беру, олардың өз құрбыларымен және ересектермен өзара қарым-қатынасын қалыптастыру бағдарламасы күрделене түседі, азаматтық сезімдер тәрбиелеу жөніндегі жұмыс күшейтіледі. Баланың адамгершілік тәжрибесін қалыптастыра отырып, тәрбиеші олардың мінез-кұлық нормалары мен ережелерін түсінуіне көбірек сүйенеді, адамгершілік тұрғысынан пайдалы істерге жаттықтырады, күнделікті накты жағдайларда этикалық міндеттерді өздігінен тәуелсіз шешуге үйретеді. Балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ол балалардың айналасындағы адамдармен өзара карым-қатынас жүйесін қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасайды.

Мектепке дайындайтын топта дүрыс жолға қойылған еңбек тәрбиесі бастауыш сыныптарда оқудың ойдағыдай жүргізілуіне көп көмектеседі.

Алайда мектепке дайындайтын топтағы балалардың негізгі іс-әрекеті ойын екенін ұмытуға болмайды. Ойындардың тақырыбы кеңейеді, ойын әрекетінің құрылымы күрделендіріледі, ойындағы байланыстардың, өзара карым-қатынастардың дамуына басшылық жетілдіріледі.

Балаларды мектепке жан-жақты дайындауға қамқорлық жасай отырып, педагог ата-аналардың жанұяда бала өмірінің дұрыс режимін ұйымдастыруына көмектеседі, мектепке түсерде мектеп жасына дейінгі баланың шамамен қай көлемде білімі болуға тиіс екенімен, оның есте сақтағыштығын, ықыласын, талдау, салыстыру, жинақтау, корытынды жасау қабілетін калай дамыту керек екенімен, I сыныпта баланың оку әрекетіне қойылатын талаптармен таныстырады, балалардың ой еңбегінің мүмкіндіктері, олардын еңбек нәтижелеріне көзқарасы туралы айтып береді.

Ата-аналар балаларға нені және қалай оқып беру, олардың ойындарына қалай қарау керек екенін білуге тиіс. Тәрбиеші баланың ықыласын, есте сақтағыштығын, кеңістікте бағдарлағыштығын дамытуға, сезім, ойлау, сөйлеу мүшелерін дамытуға көмектесетін, қоршаған болмыс женіндегі ұғымдарды анықтай түсуге жәрдемдесу керектігі жөнінде кеңес береді.

Педагог ата-аналарға баланың мінез-құлқына мектеп қандай талаптар қоятынын айтып береді, олардың не нәрсеге ерекше назар аударуға тиіс екенін, не істеу керек екенін, балалармен не жайлы әңгімелесеу, не оқып беру, әр түрлі өнер шығармаларын тәрбие мақсатында қалай пайдалану керек екенін түсіндіреді.

Осындай жұмыстың қорытындысында ата-аналарда балаларды мектепке дайындау туралы білімдер жүйесінің қалыптасуы маңызды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет