Түсіндірме-көрнекілі: (дəстүрлі, ақпарат жеткізу) оқу түрі. Мұндай оқуда мұғалім ауызекі сөзбен көрнекі құралдарды қолдана отырып, оқушыларға дайын материалды ұсынады, шəкірттер ақпаратты сол күйінде қабылдайды, қайталап айтып береді.
Жалаң - жаттанды (догматикалық) –оқуда тыңдаушы ұсынылған ақпараттың мəн-мағынасына еніп жатпастан, түсінбей-ақ қабылдайды.
Проблемді оқуда ұстаз басшылығында оқу, дəріске байланысты мəселелерді шешу үшін оқушылардың өз бетінше оқу-ізденіс қызметтері ұйымдастырылады. Бұл оқу түрінің тиімділігі көптарапты: жаңа білім, ептілік, дағды қалыптасады, балалардың қабілеті, белсенділігі, танымдық қызығушылығы, шығармашыл ой-өрісі жəне басқа да тұлғалық маңызды сапа- қасиеттері дамиды.
Дамытушы оқу түрі оқушылардың білім, ептілік жəне дағдыларының күннен күнге арта түсуіне қажет ішкі психологиялық жағдаяттардың (зейін, түйсік, қабылдау, ес, ойлау, сөйлеу жəне т.б.) жетіліп баруын қамтамасыз етеді. Оқу жедел қарқынмен жоғары деңгейде жүреді, білім игеру процесі саналы, мақсатты жəне жүйелі құрылып, негізінен, теориялық ақпарат, мəліметтерді меңгеруге бағытталады.
Шығармашыл (эвристикалық) – оқу проблемді жəне шығармашыл оқудың басты принциптеріне негізделеді. Бұл оқуда оқушының білімдік табыстары белгіленген ғылыми білімдер кеңістігіндегі оның тұлғалық шығармашыл қабілеттерінің өзінше іске қосылуымен тікелей байланысты. Осыдан, мұғалім міндеті – баланың барша ұнамды адами қасиеттерінің (нышан, талант, дарын, т.с.с.) оянуына ат салысып, оларды білім игеру процесіне қоса білу.
Тұлғалық бағдарлы оқу мəні – білімдену бағдарламалары мен оқу процесі əр оқушының жеке өзіне тəн танымдық ерекшеліктерін ескерумен түзіледі əрі іске қосылады.
Компьютерлі оқу жəне оқыту қызметтері электронды есептеу машиналарының кері байланысты оқыту – бақылау бағдарламаларына негізделеді. ЭЕМ оқу процесіндегі білім мазмұнының игеріліп жатқандығы жөнінде кері ақпараттың дəл əрі молдығынан даралықты оқуды күшейтеді.
Модульді оқуда – білімдік ақпараттың шағын дидактикалық бөлшегінің – модульдің көп тарапты қызметтер атқаруынан білім мазмұнының тұтастай игерілуін қамтамасыз етуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |