«Передаю, а не создаю, доверяя древним и любя их» деген сөздерді әр білімді қытайлық жатқа білді. Кунцзының арқасында қытайлықтар әлемдегі ең тарихы бай ұлтқа айналды.
Қытай тарихнамасының қалыптасуында атақты, бәрімізгі белгілі қытайдың тарихшысы Сыма Цяньнің (шамамен б.з.д. 145–86 жж.) орны ерекше. Ол «Ши цзи» («Тарихшының жазбалары») атты әйгілі тарихи шығарманың авторы. Бұл кітап тек қана Қытай қоғамы жөнінде ғана дерек беріп қоймай, сонымен қатар, көршілес корей, монғол, түркі тайпалары туралы да мағлұмат береді. Шығарма 5 үлкен тараудан тұрды: «негізгі жазбалар», «хронологиялық кестелер», «трактаттар», «мұрагерлік үйлер» және «биографиялар». Тараулардың кейбірі мысалы «Трактаттар» сегіз бөлімнен, кейбірі мысалы, «Биографиялар» алпыс тоғыз бөлімнен тұрды. «Негізгі жазбалар» атты тарауда аңызға айналған император Хуан–диден (б.з.д. 2697–2598 жж.) бастап ханьдық император У–диге (б.з.д. 140–87 жж.) дейінгі жеке билеушілердің хроникасы болып табылады; «Хронологиялық жазбаларды» Сыма Цянь жаңадан енгізген және онда Чжоу кезеңіндегі билеушілер мен оқиғалар суреттелді; «Трактаттар» – салт–дәстүр, музыка, күнтізбе, астрономия, құрбандыққа шалу, экономика және басқа тақырыптарға жазылған шағын монографиялар; «Мұрагерлік үйлер» деген тарауда У, Ци, Лу, Янь сияқты жеке патшалықтардың тарихы зерттелген; соңғы тарау тек адамдардың биографияларынан ғана емес, көрші халықтар мен елдердің тарихына арналған бөлімдерден құралды.
Чжэн ши деп аталатын жанр, яғни қандай да бір әулеттің билігі кезінде болған оқиғалар жазылған ресми тарих (әулет тарихы) жанры пайда болды. Мұндай жанрдағы шығармалар монархтың бұйрығымен жазылды. Осы жанрда жазылған алғашқы еңбекті атақты ежелгі Қытай тарихшысы Бан Гу (32–92 жж.) жазды. Оның еңбегі «Хань шу» («Хань әулетінің тарихы») деп аталды. Чжэн ши жанрында жазылған соңғы шығарма «Мин ши» («Мин әулетінің тарихы») ХVІІІ ғасырда Цин маньчжур әулеті кезінде (1644–1911 жж.) құрастырылды. «Эрши сы ши» («Жиырма төрт әулет тарихы») деген атаумен танылған бұл жинақ толығымен шетел тілдеріне аударылған жоқ. «Әулет тарихтары» екі негізгі тараудан – «Негізгі жазбалар» мен «Биографиялардан» құралды.
Ресми тарихтардан басқа, алғашқы хроника «Го юй» («Мемлекеттер туралы хабарламалар») атты шығарманы атауға болады. Бұл еңбекте б.з.д. Х–V ғғ. оқиғалар сол кездегі сегіз патшалық: Чжоу, Лу, Ци, Цзинь, Чжэн, Чу, У және Юэ жөнінде материал берілген. Дәстүр бойынша бұл шығарманың авторы деп Цзо Цюмин аталады.
Ежелгі Қытай философиясының гүлденуіне байланысты тарихи мәселелерге көп көңіл бөлінген трактаттар пайда болды. Мысалы, «Мо–цзы» («Мо Ди ұстаздың трактаты»), «Шан–цзюнь шу» («Шан облысы билеушісінің кітабы»), «Хань Фэй–цзы» («Хань Фэй ұстаздың трактаты»), әскери еңбектер «Сун–цзы бин–фа» (Сунь У ұстаздың әскери туралы трактаты»), «Сунь Бинь бин–фа» («Сунь Биньнің әскери өнер туралы трактаты») және басқалар.
Б.з.д. 213 жылы Қытайдың мәдени мұрасына үлкен зиян келтірілді. Б.з.д. 221 жылы елді біріктірген, император Цинь Ши–хуандидің бұйрығы бойынша көптеген тарихи еңбектер өртелді. Өртелінген еңбектердің арасында жеке кітапханаларда сақталынған «Шан шу» және «Ши цзин» шығармалары болды. Сондықтан билікке Хань әулеті (б.з.д. 206 ж. – б.з. 220 ж.) келген кезде ғалымдар жоғалған мәтіндерді қалпына келтіру үшін үлкен жұмыс тындырды.
Жоғарыда есімі аталған Бан Гу, тарихшы, музыкатанушы және каллиграф Цай Юн (132–192 жж.) және басқа мамандар 62 жыл мен 225 жыл аралығында үзілістермен жұмыс жасай отырып, «Дун–гуань Хань цзи» («Дун–гуань сарайында құрастырылған Хань әулет туралы жазбалар») атты шығарманы жазды. Философ Ван Чун (27–97 жж.) Конфуций идеяларына қарсы шықты. Оның сақталынған жалғыз еңбегі «Лунь хэн» («Критические рассуждения») деп аталды.
Қытай тарихшылары сондай–ақ, сөздіктер құрастырды. Шамамен б.з.д. ІІІ ғасырда алғашқы «цыдянь» (сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі) – «Эр я» (канондық кітаптарға арналған синонимдер мен глосстар сөздігі) жасалды. ІХ ғасырда ол «Шисань цзин» («Он үш канондық кітап») конфуциандық канонына кіргізілді. Кейінірек диалектизмдердің алғашқы сөздігі «Фань янь» («Түрлі аймақтарда қолданылатын сөздер») пайда болды. Оның авторы Ян Сюн (б.з.д. 53 ж. – б.з. 18 ж.) бұл еңбекті 27 жыл жазды. Сюй Шэн (шамамен 58–147 жж.) 20 жыл бойы жазған «Шо–вэнь цзе–цзы» («Иероглифтердің түсіндірме сөздігі») сөздігі сол дәуірдегі маңызы зор шығарма. Хань дәуірінің соңында Лю Сидің «Шин мин» («Атаулардың түсіндірме сөздігі») атты сөздігі құрастырылды. Сол кезде фаньце деп аталған, белгілердің дыбысталуы жөнінде ақпаратты берудің ерекше әдісі тарала бастады. Аталған еңбектер лингвистикалық жағынан құнды, сонымен қатар, қытай деректерімен жұмыс жасайтын тарихшыларға көп көмектеседі, өйткені онда тарихи ақпарат жинақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |