ТАРИХНАМАҒА КІРІСПЕ
Термин түсінігінің қалыптасуы. Ғылымда тарихнама терминінің бірнеше түсінігі бар. Тарихнама термині екі сөздің қосындысынан пайда болған. Біріншісі – тарих көне араб тілінен аударғанда «уақыт» ұғымын білдіреді. Екіншісі – наме көне парсы тілінде «кітап», «сөз» дегенді білдіреді. Орысша «историография» сөзі де екі бөлшектен тұрады. «История» – өткен заман жөніндегі зерттеу, «графос» – жазамын.
«Тарихнама» сөзін әр заманда, әр уақытта әртүрлі мағынада пайдаланған. Кейде бұл термин тарихтың синонимі ретіндеде пайдаланылады. Ресей елінде ХҮІІІ ғасырдың басында тарих ғылым болып қалыптасу кезінде алғашқы тарихшыларды «тарихнамашылар» деп атады. Мысалы Г.Ф. Миллер (1748 ж.),1767 ж. – М.М. Щербатов, 1803ж. Н.М.Карамзин осындай атаққа ие болды.
Кәсіби тарих ғылымының дамуына байланысты аталған терминнің ауқымы тарыла бастады. Тарихшылардың зерттеу тәжрибесін жинақтау, ғылыми библиография жасау, тарихшылардың өмірбаянын жазу, оларды насихаттау қажеттілігі туындайды. Оқу орындарында тарих ғылымының тарихы жөнінде лекция курстарын оқу да кезек күттірмейтін мәселеге айналды. ХХ ғасырдың 40–жылдарында Қазан университетінде проф. Иванов, Киев университетінде проф. Лошняков тарихнама курсынан лекция оқи бастады.
Алғашқы уақытта тарихнамашылар тарихшылардың өмірбаяны және олардың жазған еңбектерін тізіп шығумен қанағаттанды. Мұндай жағдай кітаптардың атынан-ақ көрініс тапты. Орыстың белгілі тарихшысы С.М. Соловьева өз кітабын «Писатели русской истории XVIII в.» деп атаса, К.Н. Бестужев–Рюмин «Биографии и характеристики» деп аталатын кітабын жариялады.
Бірте–бірте 1884 жылы М.О. Коялович деген орыс тарихшысының «История русского самосознания по историческим памятникам и научным сочинениям» атты кітабы жарық көрді. Мұнда автор алғаш рет тарихи ой–пікірдің қалыптасуына көңіл аударады. Ол тарихи сана ұлттық сананың негізі екендігін дәлелдеді. В.С. Иконников деген екінші бір тарихшы өзінің «Опыт русской историографии» деп аталатын еңбегінде әртүрлі деректердің ғылыми айналымға кіруін, архив мекемелеріне шолу жасап, археография ғылымының қалыптасуына және университет қызметіне тоқталды. Автордың пікірінше тарихнама ғылымының негізгі мақсаты деректану, тарихтың теориясы және археография мәселелерімен айналысуымен шектелуі тиіс. Оның бұл пікірін П.Н. Милюков, В.О. Ключевский, А.С. Лаппо-Данилевский сияқты сол замандағы Ресейдің беделді тарихшылары қолдады. П.Н. Милюков өзінің 1913 жылы жазған белгілі шығармасы «Главные течения русской исторической мысли» тарихнаманы деректер корпусын жасау, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру сияқты бөгде әрекеттермен айналыспауы қажет екендігін дәлелдеді. Ал А.С. Лаппо-Данилевский тарихнама мен тарих теориясының арасында айырмашылық жоқ деді. Сонымен төңкеріске дейінгі орыс тарих ғылымында тарихнаманың негізгі мақсаты жөнінде ортақ пікір болмады.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары төңкеріске дейінгі тарих ғылымының жетістіктері ескерілмеді. ХХ ғасырдың 40–жылдарына дейін тарихнамалық зерттеулерге көңіл аударылмады. Кеңес ғалымы М.Н. Покровский тарих саясаттың негізі деген идея бойынша тарихи процесс тап күресінің пәрменді құралына айналды. 1941 жылы жарық көрген Н.Л. Рубинштейннің «Русская историография» атты еңбегі кеңестік тарихнамалық шығармалардың бастауы болды. Автор тарихнама ғылымының негізгі мақсаты тарих ғылымының тарихын жан-жақты баяндау деп көрсетті.
1955 жылы «Очерки истории исторической науки в СССР» деп аталатын академиялық басылым жарық көрді. Мұнда «...историография – это наука, изучающая историю накопления знаний о развитии человеческого общества, историю совершенствования методов исторического исследования, историю борьбы различных течений в области истолкования общественных явлений» деп тарихнама ғылымының пәнін осылайша айқындайды. Ғылыми концепцияларды талқылаудың орнына авторлардың қоғамдық–тарихи көзқарастарына көбірек көңіл аударды. «Очерктің» авторлары революция қайраткерлерінің тарихи пікірлеріне баса тоқталды. Яғни тарихнама қоғамдық ой–пікір тарихының ықпалынан шыға алмай қалды.
1961 және 1971 жылдары «Историография истории СССР с древнейших времен до Великой Октябрьской социалистической революции» атты оқулық жарық көрді. Редакциясын басқарған белгілі тарихшылар В.Е. Иллерицкий және И.А. Кудрявцева. Онда тарихнама пәні былайша көрсетіледі: «установление классовой сущности исторических теорий». Оның кемшілігі тарих бағыттардың күресі марксистік–лениндік методологияның жеңісіне әкелді деген тезис. Оқулықта негізгі акцент тарихнама ғылымының ревлюциялық бағытын насихаттауға бағытталды.
ХХ ғасырдың 60–жылдарында «Истори СССР» журналы беттерінде тарихнама ғылымының пәні жөнінде пікірталас басталды. Журнал бетінде белгілі тарихшылар өз пікірлерін білдірді. 1962–1963 жылдары «Вопросы истории» журналы да осы тақырыпқа пікірталас ұйымдастырды. А.Л. Шапиро, С.О. Шмидт, А.М. Сахаров, М.В. Нечкина, Е.Н. Городецкий, Л.В. Черепнин сияқты ғалымдар өз пікірін білдірді. Осының нәтижесінде ХХ ғасырдың 50–60 жылдарында тарихнама ғылымының пәні туралы бірнеше пікір айтылды. Оларды шамамен үш топқа бөлуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |