Түркі жазуларының мазмұны. Тарих ғылымындағы соңғы фактілерге жүгінсек сына жазуды біздің заманымызға дейінгі қазақ жерін мекендеген сақ тайпалары да пайдаланған секілді. Бұған дерек немесе дәлел жоқ. Гипотеза ретінде қабылдауларыңызды өтінеміз. Ал енді біздің заманымыздың ІІІ–Ү ғасырлар аралығында руналық жазудың ғұн және шығыс вариантары болған. Жетісу мен моңғол жеріндегі түркілер ҮІ–ҮІІ ғасырларда көне түркі жазу өнерін одан әрі дамытқан. Ал енді ғұн варианты негізінде бұлғыр, хазар, қаңғар және қыпшақ жазулары қалыптасқан.
Көне түркілер жазу үшін ағаш тақтайшаларды пайдаланған. Бұл жөнінде XIII ғасырдың екінші жартсында жазылған «Кодекс куманикус» атты кітапта кездесетін «біті–біті бітідім, бес агачка бітідім», «Узун агач басында улу біті бітідім» деген мақалдар дәлел. Бұл жерде «бітідім» деп тұрғаны жаздым» (Ежелгі дәуір әдебиеті. Жоғарғы оқу орындары филология факультеттері студенттеріне арналған хрестоматиялық оқу құралы. Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған А. Қыраубаев. Алматы. Ана тілі 1991, 177 бет.) дегені. Жазу өнерін түркі жұртында кең тарғандығын басқа да мақал–мәтелдерден, жұмбақ–аңыздардан көреміз.
Қорыта айтқанда, жазу өнері көне заманнан бастау алып, бірде өрбіп, бірде сөніп, бірде өсіп, бірде өшіп біздің заманымызға дейін жетіп отыр. Отаршылдық дәуірінде жазу–сызуы болмаған, екінші дәрежелі халықтың санатына қосылып, кеудені түзу ұстап, еңсеміз биік болмағандығы қандай өкінішті.
Көне түркілердің терең мағыналы рухани әлемі болғандығының келесі бір дәлелі–оның көркем әдебиеті. Әлбетте, кез келген халықтың мәдениетінің негізін қалайтыны - ауыз әдебиеті. Оны халық жасайды. Ол көбінесе, мақал–мәтел, ертегі–аңыз, жұмбақ ретінде қалыптасады да халық жадында сақталады. Уақыт өте авторлары ұмытылып, халық әдебиеті нұсқасы статусына ие болып қалады.
Көптеген деректерде, әсіресе қытай көне жазбаларында, ауыз әдебиеті әсіресе оның поэтикалық жанры түркілерге дейін қалыптасқан еді. Қазақ әдебиетінің көне дәуірін зерттеуші профессор Немет Келімбетов тіпті сақ заманында дастан айту өнерінің болғандығын айтады. Әрине жалаң сөз – дәлел емес. Дегенмен, олардан кейінгі заманда өмір сүрген ақындар мен ғалымдар көне түркілерде тамыры тереңге кеткен ауыз әдебиетінің бар екендігін жазып кеткен. Мысалы, көне түркілердің «Өтукен», «Ергене Көң» деген қасиетті жерлері туралы аңызды кездестіреміз.
Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазбаларын ғылымда алғаш рет 1965 жылы орыс ғалымы Т. Стеблева тарихи дастан ретінде бағалайды. Қазақ ғалым Х. Сүйнішалиев осы ойды ары қарай дамыта отырып жырдың қазаққа жақындығын, қазіргі қазақ өлеңдерінде сақталған дәстүрлермен сабақтасып жатқандығын дәлелдейді.
Поэзия жанрында жазылған бұл шығармалар, әлбетте, өте бағалы тарихи дерек. Мұнда айтылған фактілерді ой елегінен өткізіп, археологиялық және де басқа деректермен салыстыра отырып, көне түркі қоғамын реконструкция жасау үшін пайдалануға әбден болады.
Достарыңызбен бөлісу: |