2. Еуропа тарихнамасының гуманистік дәуірі
К.Маркс капиталистік қарым–қатынастардың пайда болуын ХVI ғасырдан бастайды. Бірақ Европа елдеріңде оның алғашқы көрінестері ХІV ғасырдың соңғы мен ХV ғасырдың басында біліне бастаған болатын.
Жаңа пайда болған товарлы–ақша қатынасы қоғамды түбегейлі өзгертті. Географиялық ашулар жаңа елдерді, жаңа жерлерді тану мүмкіндігін туғызды. Ғылымның, техниканың дамуы Европа экономикасын жаңа биік деңгейге көтерді. Қоғамдағы жеке тұлғаның білім дәрежесі кеңейді. Адамның әрекеті бөгде бір күшке байланысты емес, оның өзінің қолында екендігі белгілі болды. Жаңа тап буржуазия пайда болды. Осындай жағдайда қайта өрлеу мәдениеті пайда болып, бүкіл әлемді таң қалдырды. ХVI ғасырдың басында мәдени дамудың ең жоғарғы белгісі кітап шығару өнері пайда болды. 250–ге жақын кітап басу орталығы 40 000 кітап басып шығарды. Антика ақындарының, ғалымдарының еңбектері мыңдаған данамен жарық көріп Европаның түкпір–түкпіріне тарады. Кітап оқу адамдардың күнделікті дағдысына айналды. Сауаттылар қатары көбейді.
Гумани́зм (лат.Humanitas– адамгершілік, humanus – адамша,), Философиялық көзқарас. Қоғамның негізгі құндылығы–ол адам. Сондықтан ол бас бостандығына, бахытты болуына, өзінің қабілетін дамытуға құқылы.
Америка зерттушісі Уоррен Аллен Смит (Warren Allen Smith) бірнеше түсінігіне тоқталады:
*гуманизм – ұғым, негізгі объктісі адам.
*көне гуманизм – Аристотель, Демокрит, Эпикур, Лукреций, Перикл, Протагор және Сократұстанымдары.
*классикалық гуманизм – Қайта өрлеу гуманизмі Бэкон, Боккаччо, Эразм Роттердамский, Монтень, Томас Мор және Петрарка;
*теистік гуманизм – діни ұғым. Адам өзін өзі құтқару үшін құдайдың көмегіне жүгінуі қажет.
*атеистік гуманизм – Жан–Поль Сартра және басқалардың ұғымы.;
*коммунистік гуманизм – Карл Маркс нағыз гуманист әрі натуралист еді деп сенетін Фидель Кастро сияқты коммунистердің үғымы.
*натуралистік (немесе ғылыми) гуманизм - Қазіргі замандағы ғылымда қалыптасқан адамның өзін–өзі жетілдіруі туралы эклектикалық ұғымдар жиынтығы..
Цицерон «Адам қабілетінің жұмсақтық пен адамгершілікті негізге ала отырып қалыптастырған мәдени және адами дамуындағы ең жоғарғы құндылығы» деген түсініктеме береді. Ал Халқаралық гуманистік және этика одағының Жарғысында - «Гуманизм дегеніміз демократия мен этикаға негізделген адамзат өмірінің ұстанымы. Әрбір адам өз өмірінің мәні мен түрін айқындауға құқылы» деп жазылған. Америка гуманистерінің ассоциациясы «Гуманизм дегеніміз – прогрессивті өмір ұстанымы. Әрбір адам жоғарғы күштің көмегінсіз өзінің қабілетін дамытып, қоғамға өз үлесін қосуға міндетті» дейді.
Гуманистер адамның қоғамдағы рөліне жаңа көзқарас қалыптастырды. Адам барлық қызығын, рахатын осы өмірде көруі қажет. Әрбір адамның бақыты өз қолында. Сөйтіп қоғам дамуының теологиялық, концепциясынан бас тартқан гуманистер жаңа пайда болған буржуазия табының идеологиясына айналды.
Жаңа қоғамдық ой–пікірдің қалыптасуы ғылымның, оның ішінде тарих ғылымының өзгеруіне әкеліп соқты. Гуманистік тарихнама діни көзқарастан бастартып, ғылымның алдына жаңа проблемалар қойды. Гуманистер саясат адам әрекетінің ең жоғарғы формасы деп есептеді. Сондықтан оның тарихын зерттеу ғылының мәртебелі міндеті болып саналды.
Тарих қойнауына кеткен қоғамдардың саяси жүйесін, олардың жүргізген соғыстары егжегей–тегжейлі түрде зерттелді. Сөйтіп саяси тарих ғылымы пайда болды. Гуманистер шаруашылық, әлеуметтік мәселерге онша көп мән бермеді. Қоғамның горизанталды дамып прогреске ұмтылуын олар түсінбеді. Адамзат мемлекеттік түрдің бірнешеуін біледі, солар уақыт өткен сайын бірін–бірі ауыстырып отырады деп есептейді. Мұны қоғам дамуының циклдік формасы деп атайды.
Антика дәуірінің белгілі тұлғаларына арналған тарихи – мәдени шығармалар пайда болды. Солардың бірі Европа әдебиетінің классигі Франческо Петрарка (1304 – 1374). Оның 1337 жылдар шамасында жазылған «Белгілі тұлғалар туралы» деген латын тіліндегі шығармасында ол Рим тарихын белгілі тұлғалардың өмірбаяны арқылы баяндайды. Ромулдан бастап Цезарьға дейін өмір сүрген Римнің саяси қайраткерлерінің тарихтағы орнына ерекше, тым жоғары баға бере отырып, өз заманының саясаткерлерімен салыстырады.
Келесі бір итальяндық классик – жазушы Джованни Бокаччо (1313 – 1375) «Даңқты әйелдер туралы» деген еңбегі антика дәуірінде өмір сүрген әйелдер туралы қысқаша анекдот тәріздес әңгімелерден құралады.
ХV–ХVІ ғасырда тарихи шығармалар көбейді. Тарихи шығарманы жазу әдістеріне арналған зерттеулер пайда болды. Саясатпен тиімді айналысу үшін саясаттың тарихымен танысу қажеттілігі түсінігі пайда болды. Тарихтан сабақ алу, тарихпен келешек ұрпақты тәрбиелеу жолға қойылды.
Дегенмен тарих жеке ғылым болып қалыптаспады. Ол көркем шығарманың бір бағыты болып қала берді. Ол университеттерде арнаулы пән ретінде оқытылмады. Гуманистердің кіргізген бір жаңалығы – деректерді талдау, оларды кеңінен пайдалану. Ғалымдар арасында «ad fontеs» (деректерге көңіл аудар) ұраны пайда болды. Тарихтаың даму деңгейі қоғам дамуының деңгейіне сәйкес болды. Олар түгелдей, біржолата схоластикалық – діни көзқарастан арыла алмады. Зерттелген тақырыптары да бір шеңберде болды. Олар тек саясат, соғыс, жеке бір тұлғалардың тарихынан аса алмады.
Ал енді Европаның жекелген елдеріндегі тарих ғылымының даму дәрежесіне тоқталайық.
Достарыңызбен бөлісу: |