Сұраныс. Сұраныс функциясы. Сұраныс көлемі. Сұраныс қисығы.
Аталып отырған бөлім бір-бірімен бәсекелес көптеген сатушылар мен сатып алушылар болатын нарықтың қызмет істеу механизмін талдауға арналған.
Сатылатын тауар біртектес және тауардың әр данасы бірдей бағамен сатылады деп жорамалдаймыз. Тауардың бағасын жеке адам белгілей алмайды, ол нарықтағы сатушылар мен сатып алушылардың өзара бәсекеге түсуі нәтижесінде тағайындалады.
Бәсеке жағдайында бағаның қалыптасу механизмін түсіну үшін сұраныс және ұсынысқа негізгі талдау жүргіземіз. Бұл талдау кезінде сатылатын және сатып алынатын тауарлардың көлемі мен бағаларының арасындағы байланысқа көп көңіл бөлеміз, сонымен қатар тауарлардың бағасы мен көлеміне басқа да факторлардың қалай әсер ететінін қарастырамыз.
Сұраныс деп тұтынушылардың белгілі бір өнімді таңдау және сатып алу қабілетін айтады. Сұраныс тауардың бағасы мен көлемінің арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Олардың бірнеше баламалы мүмкіндіктерін кесте түрінде былай көрсетеді:
3.1- кесте
Шұжыққа сұраныс
1 кг-ның бағасы (теңгемен)
|
Сұраныс көлемі (1 айға, кг)
|
900
800
700
600
500
400
300
200
100
|
3,5
4
4,5
5
5,5
6
6,5
7
7,5
|
3.1-кестеде тағамның бағасы өзгерген кезде оны сатып алу көлемі қалай өзгеретінін көрсететін мәліметтер берілген. Бұл сұраныс кестесі деп аталады. Онда бағаның өзгеруіне байланысты тұтынушылардың қалауы мен сатып алу қабілеті де өзгеретінін көрсетіп тұр. Тұтынушының таңдауы және сатып алу қабілеті деп неге айтамыз, мысалы, нарықта бір тауарды немесе өнімді қалап, таңдауына болады, бірақ оны сатып алатын ақшасы болмаса, онда ол ойы іске аспайды. Сондықтан тұтынушы тауардың бағасы өзгеруіне және өзінің сатып алу қабілетіне қарай бірнеше мүмкіндіктерді қарастырады. 2.1-кестеге қарасақ баға неғұрлым төмендеген сайын тауарға деген сұраныс көлемі соғұрлым көбейіп отыр. Шұжықтың 1 кг-ның бағасы 900 теңге болса, онда тұтынушы айына 3,5 кг шұжық ала алады, ал егер 400 теңге болса, онда ол айына 6 кг шұжық алуға шамасы келер еді.
Бұл сұраныс кестесі осы 9 мүмкіндіктің қайсысы нарықта нақты бар екенін көрсетпейді, ол сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сұраныс – бұл тұтынушының, сатып алушының бір тауарды сатып алу ойымен жасайтын жоспарын кесте түрінде көрсету. Бұндай жағдайда белгілі бір уақытты көрсету керек, мысалы, күніне, айына, жылына және т.б.
Сұраныс көлемі – сұранысқа әсер ететін басқа факторлар тұрақты деп ұйғарғандағы, әр түрлі бағамен сатып алынатын тауардың санын көрсетеді.
3.1-кестеде берілген көрсеткіштерді координаттар осіне түсіріп, бейнелеуге де болады. Бұл қисықты D әрпімен белгілеп, оны сұраныс қисығы деп айтамыз.
3.1-сурет. Сұраныс қисығы
Сұраныс қисығы зерттеліп отырған тауардың сатып алынатын бағасы мен оның сұраныс көлемінің арасындағы тәуекелділікті көрсетеді. Егер баға 500-ден 600 теңгеге дейін жоғарыласа, онда сұраныс көлемі 5,5 кг-нан 5 кг-ға дейін төмендейді. Бағаның төмендеуі сұраныс көлемін көбейтеді. Сұраныс қисығы тауардың бағасы (Р) мен тұтынушылар қалап, сатып ала алатын тауарлар саны арасындағы тәуелділікті көрсетеді. Сұраныс заңы бойынша тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын тұтынушының сатып алатын тауарларының саны көбейеді немесе керісінше. Бұл заң нақты ақиқаттармен дәлелденген гипотеза болып табылады. Мысалы:
күнделікті өмірде адамдар тауарды төмен бағамен және көп мөлшерде алғысы келеді. Бірақ тауарларды сатып алу кезінде тұтынушыға ең басты кедергі болатын көрсеткіш- баға. Жоғары деңгейдегі баға сатып алушыға үлкен кедергі болады да, ол өнімді көп алғысы келмейді, ал төмен деңгейдегі баға оның сатып алу қабілетін күшейтеді.
әр уақытта да тұтынушы өнімнің алғашқы бірлігінен көп қанағат алады. Мысалы: сіздің бірінші жеген бауырсағыңыз өте тәтті болып көрінеді, ал екіншісі ондай тәтті болмайды, үшіншісі екіншіден де аз қанағат әкеледі. Бұл жағдайда тауардың шекті пайдалылығының азаю принципі тұтынуға әсер етеді. Сондықтан тұтынушы тауардың әрбір келесі бірлігін тек қана баға төмендеген дағдайда ғана алады.
сұраныс заңын табыс әсері және ауыстыру тиімділігі арқылы түсіндіруге де болады.
Табыс қалай әсер етеді? Баға төмен болған жағдайда тұтынушы өзіне керек тауарды керегінше алады. Басқаша айтқанда, тауардың бағасының төмендеуі ақщалай табыстың сатып алу қабілетін күшейтеді, сондықтан тұтынушының өзіне қажетті тауарларын бұрынғыдан да көп сатып алуға шамасы келеді. Ал жоғары деңгейдегі баға керісінше әсер етеді.
Енді ауыстыру тиімділігі деген не? Тұтынушы кейбір қымбат тауарлардың орнына солардың орнын басатын, бірақ бағасы неғұрлым төменірек тауарлар алуға ынталанады- бұл жағдайды ауыстыру тиімділігі дейді.
Тұтынушылар көбінесе қымбат тағамдарды олардан арзандау тағамдармен ауыстыруға әрекет жасайды. Мысалы, сиыр етінің бағасы төмендесе, онда тұтынушының табысының сатып алу қабілеті күшейеді және соның арқасында ол еттің мөлшерін бұрынғыдан да көбірек ала алады (бұл табыс тиімділігі). Бағасы төмен болғандықтан сиыр етін қой, шошқа және тауық етінің орнына да алуға болады (бұл ауыстыру тиімділігі).
2.1-суреттегі сұраныс қисығы шұжықтың бағасы мен тұтынушылардың бір айда сатып алатын оның саны арасындағы қатынасты көрсетеді (сұранысқа әсер ететін басқа факторлар өзгермеген жағдайда).
Егер де берілген факторлардың кез келген біреуі өзгерсе баға мен сұраныс көлемі арасындағы тәуелділікте де сәйкесінше өзгеріс болады, сондықтан қайтадан жаңа сұраныс кестесін құрып, жаңа сұраныс қисығын сызу қажет.
Сұраныс қисығының бойымен қозғалу сұраныс көлемінің өзгерісі деп аталады. Ол бағаның өзгеруіне байланысты сатып алынатын тауар көлемінің өзгеруін анықтайды.
2.1-суреттен көретініміз, шұжықтың бағасы 500-ден 600 теңгеге дейін өскенде, сұраныс көлемі 5,5-тен 5 кг-ға дейін төмендейді. Қозғалыс сұраныс қисығының бойымен А нүктесінен В нүктесіне дейін болады. Осы келтірілген мысалымызда тауардың бағасы мен сұраныс көлемінің арасындағы байланысты зерттедік, онда сұранысқа ықпал ететін басқа факторлар өзгермейді деп ұйғардық. Оны математика тәсілімен көрсетсек, сұраныс функциясы деп атаймыз жәнеол төмендегідей түрде жазылады:
QD = f (P),
Мұнда, QD – сұраныс көлемі;
Р- зерттеліп отырған тауардың бағасы.
Нақты өмірде сұраныс көлеміне әсер ететін факторлар көп. Олар: сол берілген тауарлардың бағасы – Р, басқа тауарлардың бағасы (Ра, Рb...), тұтынушылардың табысы (1) және олардың талғамы (Т). Осы жоғарыда айтылған факторлар өзгерген уақытта сұраныс көлемі де өзгеріп отырады, бұндай тәуелділікті экономикада жалпы сұраныс функциясы деп атайды және оны былай көрсетеді:
QD = f (P, Pa,Pb,..., I,T) (1)
Мұнда, QD – белгілі бір уақыттағы берілген тауарға деген сұраныс көлемі;
P, Pa,Pb,..., - берілген тауардың және басқа тауарлардың бағасы;
І – тұтынушының табысы;
Т – тұтынушының талғамы, бағалауы.
Біз бұдан бұрын келтірген мысалымызда, қарастырып отырған тауардың бағасы мен осы тауарға деген сұраныс көлемінің арасындағы байланысты зерттедік және сұраныс көлеміне әсер ететін басқа факторлар өзгермейді деп ұйғардық.
Ал енді сұраныс көлеміне басқа факторлар да ықпал етеді дейік. Мысалы, басқа тауарлардың бағасының өзгеруі. 2.2-суретте екі тауарға деген сұраныс қисығы көрсетілген. Сиыр етінің 1 кг-ның бағасы 150 теңгеге дейін жоғарыладыдейік. Соның нәтижесінде сиыр етіне деген сұраныс көлемі бір айда 30 кг-нан 20 кг-ға дейін кеміді. а суреттен көріп отырғанымыз, басқа факторлар тұрақты болғанда, сұраныс көлемі А нүктесінен В нүктесіне жылжиды және осы тауардың бағасы жоғарылаған уақытта сұраныс заңына сәйкес көлемі азаяды.
Сиыр етінің 1 кг-ның бағасы 150 теңгеден 200-ге дейін жоғарылап, басқа факторлар тұрақты болғанда сұраныс көлемі азаяды (2.2а-сурет), қозғалыс сұраныс қисығының бойымен А нүктесінен В нүктесіне дейін болады. Құс етінің бағасы өзгермейді деп ұйғарғанда тұтынушылар сиыр етінің орнын құс етімен толтырады, сұраныс қисығы (2.2ә-сурет) түгелімен оңға жылжиды.
Достарыңызбен бөлісу: |