ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ
Досымова М.Қ. - ізденуші (Алматы қ., Қазмемқызпу)
Тіл әрбір халық мәдениетінің бір бөлігі. Әрине, қай халық болмасын өз мәдениеті мен тарихын жоғары ұстайды. Соның бір тармағы – ұлттық тіл десек, бұл ретте ортаға салар ойлар шынында да баршылық. Қазір қандай ортада болмасын, ұлтаралық қатынастар турасында әңгіме қозғала қалса, тіл проблемасы алдымыздан шыға береді. Тіл туралы, оның ішінде ұлттық тілдерге мемлекеттік статус беру жөнінде қызу айтыс-тартыстар әлі өрістеуде. Әрине, бұл оп-оңай шешіле қоятын мәселе емес. Дегенмен ұлттық тілдің беделін көтеруге деген құлшыныс қай жағынан алғанда да құптарлық.
Қазіргі таңда тіл проблемасын шешу үшін көптеген жұмыстар атқаруға тура келеді. Бұл мәселе, әсіресе, біздің Қазақстан сияқты көп ұлт өкілдері шоғырланған аймақта аса күрделі. Қазір республикада жергілікті ұлттың үлес салмағы 40% жетер-жетпес мөлшерде ғана екен. Осындай жағдайда әр түрлі себептер мен беделі төмендеп, көптеген фунциясынан айрылған қазақ тілі туралы қалай әңімелесек те айтар сөз жеткілікті.
Қазір баспасөз беттерінде де, мәжіліс бас қосуларда да осы тақырып төңірегінде пікірлер көп. Бірақ айтылу бар да, ал орындалу барысы төмен деуге болады. Тіл мәселесіне қатысты қазіргі таңда республика көлемінде бірқатар шаралар белгіленген. Олардың ең негізгісінің бірі – қазақ тілін оқытуды жаңа талаптар денгейіне көтеру. «Тіл тағдыры - халық тағдыры» демекші, ол біріншіден –тіл тағдырына деген тебіреніске толы жанашырлық, екіншіден –оны тұйықтан алып шығу бағытында нақты жолдар іздестіру. Осы орайда қазақша балабақшаларды және мектептерді көбірек ашу қажеттілігі. Яғни ұлттық тілдің пайдалану аумағын кеңейтуді әуелі осылайша төменнен бастаған жөн.
Тіл – этностардың өмір тіршілігінің, қоғамдық, саяси, мәдени, өндірістік, тұрмыстық, отбасылық және т.б. салалардағы маңызды қатынас құралы. Әрбір халықтың ана тілі – әр ұлттың жан дүниесі мен мәдениетінен ғасырлар бойы жиған рухани азығының нәр алатын кіндік тамыры. Заманымыздың аса көрнекті ғалым, жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов былай дейді: «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды» /1/ Яғни әрбір ұлт өз ана тілін сүюге, құрметтеуге міндетті. Өйткені ұлтымыздың аса ұлы игілігі, асыл қазынасы, әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі болуға тиіс. Қазақ тілінің өткен қиын заманның талай-талай қиындығынан еңсесі түсіп, әркімнің қас қабағынан емеурін күткендей мүсәпір күй кешкені әлі де есте. Ұзақ жыл бір тілге - орыс тіліне үстемдік беру қағидасы интернационалдық тәрбиедегі бір жақтылық, тілді маңдайдан қаққаны өз алдына, ұлтымыздың қабырғасын күтірлете бастаған зілзалаға айналғанын да ұмыта қойғанымыз жоқ. Көз алдымызда қазақ тілінің рөлі төмендеп, пайдалану аясы айтарлықтай тарыла кетті емес пе? Тіпті құжат істеріде тек орыс тілінде жүрді, жоғарғы оқу орындарында емтиханның тек орыс тілінде тапсырылуы, қазақ мектептері жаппай орыс тіліндегі мектептерге көшірілуі, бала-бақшаларда тәрбие жұмысының орыс тілінде ұйымдастырылуы, ұлт тілінде дайындалған диссертациялардың қарауға қабылданбауы және т.б. теріс әрекеттер бірінен соң бірі туындап, тілдің азып тозуын, жоғалып кету қаупін тудырды. Ұлттық сана сезім тұйыққа тірелуге айналды. Осылардың кесірі болар, қазақ ұлтының жігерлігі, намысы, ұлтшылдығы біртіндеп жігерсіздікке, селсоқтыққа, ықылассыздыққа, мәңгүрттікке, қатыгездік секілді мінез - құлықтар халық өміріндегі үлкен дертке айналды. Осындай жағдайда өмірге келген бірегей құжат тіл туралы Заңы республикада ізгілікті кезеңнің шымылдығын ашып берген тарихи оқиға болды. «Қазақ ССР-нің тіл туралы заңың 1989 жылдың 22 қыркүйегінде дүниеге келді. Ол 2000 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кезеңнен бастап тіл туралы сөз еткенде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне және Қазақстан егемендік алған кезеңнен бастап, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылданды деп тоқмейілсініп, барлық жұмыс осымен аяқталды деуге әсте де болмайды. Әрбір заң өмірге енуімен, орындалуымен беделді. Тіл заңының өмірге келер кезеңінде де, одан кейін де қалың көпшілікті мейлінше толғандырып келеді. Оның айғағы газет, журнал беттерінде қазақ тілін өркендетуге бағытталған ойлы мақалалар жарық көріп отырса радио, теледидар арқылы қарапайым еңбек адамдарынан бастап ғылымның әрбір саласындағы ғалымдарға дейін ана тілі жөніндегі өз пікірлерін ортаға салып келеді. Осы бар пікірлерге ортақ бір желі ол ананың ақ сүтімен дарыған ана тілі жоқ халықтың, болашағы да жоқ деген ақиқатты айқындай түседі. Мысалы бұдан мың жыл бұрын Жүсіп Баласағұн: «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді, сөз, қалады таяқ табы кетеді» - деген болса, бұл күндері де мұның өзектілігі зор /2/.
Солай бола тұрғанмен бұл салада үлкен қиыншылықтар мен кедергілер орын алуда. Жоғарыда айтылғандай кейбір азаматтар тіл туралы Заңға қолымыз жетті деп еркіндікке жол беріп жүрсе, ал кейбіреулер бізге ұлттық тілдің қажеті қанша «егер сен орыс тілін білсең, ана тілінде сөйлеудің не қажеті бар, бұлай еткенде, сен не мақсатты көздейсің» деген сияқты көзқарастар әлі күнге дейін қалыптасуда.
Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет, сондықтан да республикада 130 шақты тіл дамуда.Соңғы халық санағы тілдік көрсеткішті баян еткендей, республика халқының 46,2 % бір тіл, 53,8 % екі және одан да көп тілді біледі.
Қазақстан халқының 64,4% (қала халқының 54,5%, ауыл халқының 77,0%) мемлекеттік тілді менгерген.
Мемлекеттік тілді менгеру жағынан Қызылорда облысының халқы бірінші орында (97,2%), Атырау облысының халқы екінші орында (92,8%), Оңтүстік Қазақстан обылысының халқы үшінші орында (88,6 %).
Республика халқының 90,2 % өз ұлтының тілін менгерген (өз ұлты тілін менгергендер өзбектің 97,0%, ұйғырдың 81,3 %, әзербайжанның 50,1%, татарлардың 37,1%, кәрістің 25,8%, немістің 21,8%, украинның 16,1%, белорустың 13,5%).
Қазақстанда этностар арасында шет тілін білу жағдайы мынандай: 107,1 мың адам (0,7%) ағылшын, 37,9 мың адам (0,3%) неміс, 15,4 мың адам (0,1%) түрік, 0,2% мың адам француз тілін меңгерген. Республикамызда этностар арасында қостіл, үш тіл, төрт тілдік дамыды /3/.
Қостілдік деген – белгілі бір аумақ көлеміндегі этносаралық қарым – қатынасқа түсетін нақты этникалық қауымдастық өкілдерінің, бүкіл қоғамның (әлеуметтік) әр түрлі жағдайында екі тілді (әдетте ана тілі мен екінші бір тілді) алма – кезек қатар қолдануы.
Әсіресе, Республикада қазақ-орыс қостілдігі кең тараған құбылыс, тарихи үрдіс. Қазақ-орыс қостілдігі дегеніміз – қазақтардың ана тілімен қатар орыс тілін қолдануы. Әлеуметтік коммуникативтік системасындағы қазақ, орыс және басқа тілден тұратын үш тілдік. Бұл татарлардың (татар-башқұрт-орыс; татар-башқұрт-қазақ), өзбектердің (өзбек-қазақ-орыс), дүнгендердің (дүнген-орыс-қазақ), кәрістердің (кәріс-орыс-қазақ), қырғыздардың (қырғыз-қазақ-орыс) және басқа этностардың үш тілділігі.
Сонымен қатар, республикада төрт тілділіктің дамуы. Бұл орайда ұйғырлардың (ұйғыр-қазақ-өзбек-орыс), татарлардың (татар-башқұрт-қазақ-орыс), тәжіктердің (тәжік-өзбек-орыс-қазақ), түріктердің (түрік-әзербайжан-қазақ-орыс), әзербайжандардың (әзербайжан-қазақ-орыс-түрік), күрдтердің (түрік-әзербайжан-қазақ-орыс) және т.б. этностардың төрт тілділігі. Қостілділік пен көптілділіктің әрбір түрлерінің – әдеби-әдеби, ауызша-ауызша, әдеби-ауызша, ауызша-әдеби, толық және толық емес қызметтерді атқарады. Екі және көптілділіктердің компоненттері болған тілдердің туыс болуы мен болмауы.
Мәселен, Жамбыл облысында тұратын этностардың (екі жыныстағы) бір тілді немесе қостілді меңгеруін қарастыратын болсақ: қазақтар (барлығы) 640346, бір тілді меңгергендер 170813 (26,7%), екі тілді меңгергендер 469533 (73,3%); орыстар (барлығы) 179258, бір тілді меңгергендер 120010 (66,9%), екі тілді меңгергендер 59248 (33,1%); түріктер (барлығы) 24823, бір тілді меңгергендер 3914 (15,8%), екі тілді меңгергендер 20909 (84,2%); татарлар (барлығы) 12576, бір тілді меңгергендер 2598 (20,7%), екі тілді меңгергендер 9978 (79,3%); күрдтер(барлығы) 10855, бір тілді меңгергендер 2161 (19,9%), екі тілді меңгергендер 8694 (80,1%); әзербайжандар (барлығы) 10593, бір тілді меңгергендер 2701(25,5%), екі тілді меңгергендер 7892 (74,5%). Біз бұл жайлы толығырақ Жамбыл облысы тұрғындарының тілді меңгеруін 1999 жылғы санақ бойынша 1-кестеден көре аламыз /4/.
1-кесте Жамбыл облысы тұрғындарының тілді меңгеруі, 1999 ж.
Этностар
|
Барлығы
|
меңгеретін тілдері, %
|
Ерлер
|
меңгеретін тілдері, %
|
Әйелдер
|
меңгеретін тілдері, %
|
бір тілді
|
қос тілді
|
бір тілді
|
қос тілді
|
бір
тілді
|
Қос тілді
|
Қазақтар
|
640346
|
26,7
|
73,3
|
317417
|
26,3
|
73,7
|
322929
|
26,9
|
73,1
|
Орыстар
|
179258
|
66,9
|
33,1
|
81201
|
66,3
|
33,7
|
98057
|
67,5
|
32,5
|
Түріктер
|
24823
|
15,8
|
84,2
|
12439
|
15,5
|
84,5
|
12384
|
16,1
|
83,9
|
Татарлар
|
12576
|
20,7
|
79,3
|
5564
|
22,2
|
77,7
|
7012
|
19,4
|
80,6
|
Күрдтер
|
10855
|
19,9
|
80,1
|
5487
|
19,8
|
80,2
|
5368
|
19,9
|
80,1
|
Азербай-жандар
|
10593
|
25,5
|
74,5
|
5370
|
24,6
|
75,4
|
5223
|
26,5
|
73,5
|
Тілдік даму және ұлттың саясаты саласындағы негізгі мақсаттар мен принцптер этникалық ерекшеліктердің дамуы және Қазақстанның ұлттық мәдениетінің көп түрлілігін сақтау, осы негізде ұлтаралық тұрақты ахуалды ел ретінде республиканың әлемдегі беделін нығайту болып табылады. Бұл негізгі қолдаушы принциптерінің Қазақстан Республикасының Конституциясында (1995 ж. 30 тамыз), Қазақстан Республикасының мемлекетінің сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасында (1996ж.) жарияланды. Ал, 1996-2005 жылдар аралығында мына заңдар мен заңға тәуелді актілер қабылданды:
– Қазақстан Республикасы президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасының тіл саясатының тұжырымдамасы».
– «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңы» ҚР 1997 жылғы 11шілдедегі Заңы.
– «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы туралы» ҚР Президентінің 2001жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығы.Тілге байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары:
– «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы туралы» 1998жылғы 21 сәуірдегі №368.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы туралы» 1998 жылғы 21 сәуірдегі №367.
– «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуы аясы кеңейту туралы» 1998 жылғы 14 тамыздағы № 169.
– «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» 1999 жылғы 8 қаңтардағы № 16.
– «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2002, 2003-2004, 2005-2006 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шараларының жоспары туралы» 2001-2006жж /5/.
Аталған бағдарламаға сәйкес мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту стратегиясы негізгі мынандай мақсаттарды іске асыруды көздейді: Мемлекеттік тілдің әлеуметтік – коммуникативтік қолдануын кеңейту және нығайту; орыс тілінің жалпы қолдануын нақтылау; этностық топ тілін дамыту. Бағдарламаны іске асыру Қазақстан аумағында әлі де жеке фунция ретінде қолға алынады.
Негізінен жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі /6/.
Мемлекеттік тіліміздің даму барысы бүгінгі кезде мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен – Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын аңғаруға болады. Демек, осындай жағдайда қазақ тілінің мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, халыққа білім беру, мәдениет, ғылым мекемелерінде қызмет көрсету, бұқаралық хабарлама және басқа да салаларда белсенді түрде қолданылуына қамқорлық жасау абыройлы парызға айналуы тиіс.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Әріпов Д. Тілің халқың, халқың тілің қос егіз // Казахстанская правда. - 1994. -22 кыркүйек.
2. Тектіғұлов Қ. Тағы да тіл туралы // Егемен Қазақстан. – 2005. - 15 маусым
3. Хасанұлы Б. Тіл қатынастары негізінде (оқу құралы) –Алматы: Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық инситуты, 2006. -86 б.
4. Национальный состав населения Республики Казахстан. 2 том. Население Республики Казахстан по национальностям и владению языками / Итоги переписи населения 1999 года в Республике Казахстан. Статистический сборник.-Алматы: Агенство РК по статистике, 2000.-272с.С.94-96.
5.Основные законодательные акты о языках в Республике Казахстан.-Алматы: Атамұра, 2003. – 186 с.
6. Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 48 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қазақстан Республикасында ұлттық тілдің даму денгейі, көптілділік мәселесі статистикалық талдау негізінде қарастырылады. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуы заңдық актілермен түрлі ресми құжаттар негізінде берілген.
РЕЗЮМЕ
В статье на основе анализа статистических данных материалов переписей населения Республики Казахстан, различных законодательных актов и официальных документов рассмотрены состояние национальных языков, а также проблемы двуязычия и многоязычия. Значительное внимание уделено развитию государственной языковой политики в республике.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДА ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ БАЛЫҚ АУЛАУ КӘСІПШІЛІГІНІҢ ДАМУЫ
Ешмұратова Г.В.- оқытушы. (Алматы қ., «Сымбат» сән бизнесі академиясы)
Қазақстан жерінде балық аулау ісі ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында дами бастап қазақтардың шаруашылығының ең көп таралған кәсіпкершілігіне айналды.
Қазақтар балық аулау ісімен XVІІІ ғасырдан бастап айналысқан, бірақ бұл істің тек тұтынушылық маңызы ғана болған. Арал теңізінің жанында тұратын әлім руы ерте кезеңнен бастап өз қажеттіліктеріне пайдалану үшін балық аулаған. Осы кезде Ресей империясы қазақ жерінің мол табиғи байлығын игеру мақсатында Жайық өзенінің бойынан тірек пункттерін сала бастады. Патша үкіметінің әкімшілігі негізгі балық аулау ісін Каспий, Азов және Арал теңіздерінің бассейндері мен оларға құятын өзендердің бойында жүргізген. Көктем және күз айларында, яғни балықтың уылдырық шашу мерзімінде, Жайық пен Жем өзендерінде қарулы кемелер қарауылдау жұмысын жүргізген, олардың басты мақсаты теңіз, өзен, көлдерді жергілікті тұрғындардан қорғау жұмысы еді. Қазақтар Қамысты, Самар көлдерінде де балық аулаған, бірақ олар казактардың құғындауының арқасында тек оларға көктем айларында 14 сомға, ал күзде 30 сомға жұмысқа жалданып жұмыс істей алатын болған /1, с.44-48/.
1816 жылдан бастап Орал казак әскерінің теңізде балық аулау кәсіпшілігі басталды, олар балық аулау ережесін және мерзімін белгілеп, балық аулау кезіндегі түскен өнімдерді есепке алып отырып өздерінің қазынасын толтырды және қазақ жерінің өзен-суларынан ауланған балық өнімдерін Санкт-Петербург, Москва, Саратов, Батыс Сібірге аттандырып Ресей империясының экономикалық жағдайына да әсер еткен. Жайық өзенінің Ресей империясының экономикасына әсер еткеніне байланысты 1884 жылы жергілікті шаруашылық басқармасының құрамына балық аулау әскери кеңсесі енгізілген /1, с. 78-80/.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Оңтүстік Арал территориясын ертеден мекендеген қазақтардың балық аулау ісі негізгі тіршілік көзіне айналды, сол себептен балық аулаумен айналысатын тұрғындар Тербентас, Мергентау, Тазбесқұм, Тайлақжеген, Аққала, Үрге, Қаражар, Дұзды, Мойнақ аралдарына және басқа да жерлерге орналаса бастады. Арал теңізіндегі балық өнеркәсібінің негізгі аудандары орыс билеушілері мен Хиуа хандықтары арасында бөлінген болатын, яғни Ұрға, Бозатау, Қоңырат Хиуа хандағының қол астында, ал қалған балықшы аудандар Түркістан генерал-губернаторлығының Әмудария бөліміне қарады.
ХІХ ғасырдың 40 жылдарында Ембі өзенінің жағалауына қоныстанған адай руының қазақтары балық аулау ісімен айналаса бастады. 1846 жылы Сенат Орынбор генерал-губернаторлығына қазақтарға қайық және балық аулауға қажетті т.б. құралдарды сатпауға, балықшы кәсіпкерлерді бақылауға алуға және қазақтарды жұмысқа алмауға тапсырма береді, яғни патша үкіметі балық аулау кәсіпшілігін жеке иемденіп монополиялап алған. Осындай қиыншылықтарға орай, қазақтар арасында балық аулау ісі осы кезде кең тараған жоқ /1, с. 56-57/.
Оңтүстік Арал маңы Ресейге қосылғаннан кейін балық шаруашылығында алға жылжу басталды, оған әсер еткен қазақ жеріне қоныс аударылған оралдық казактар болды. Сырдария мен Әмудария бойында да балық шаруашылығы Орал өзені бойынан жер аударылған Орал казактары келгеннен, яғни 1875 жылдан бастап кең тарай бастады. Жаңа қоныстанушылар тәжірибелі балықшылар болғандықтан, балық аулау ісі солардың қолына көше бастады. Қазақ балықшылары енді солардың қарамағына өтіп, олжаларын алыпсатарларға сатып отырып, аулау ісінің жаңа құралдарымен танысты және олармен тәжірибе алмасты.
Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы балық шаруашылығы ХХ ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастады. Оған әсер еткен Орынбор-Ташкент темір жолының ашылуы. Осыған байланысты Арал теңізінде көптеген балық шаруашылығы кәсіпорындары пайда болып, басқа да жерлердегі пайда болған жаңа қоныстардың халық саны өсе бастайды (Аманөткел, Қармақшы, Қамыстыбас). 1909 жылдан бастап Арал теңізінде пароход және баржа арқылы балық өнімдерін тасымалдау ұйымдастырылады. Бұл жолмен жергілікті балықты тұздалған күйінде Европалық Ресейге жөнелтетін. Жылдан жылға балық көлемі өсті, мысалға, 1905 жылы 865000 кг болса, 1906 жылы 2832800 кг, 1907 жылы 2966000 кг балықты құрады /4, с. 51/.
Балық аулау ісіне тоқталатын болсақ, бұл іс жылдың барлық мезгілінде орындала берген, бірақ балық шаруашылығының мамандары көктемгі және күзгі уылдырық шашу мерзімінде уақытша балық аулауға рұқсат бермей тыйым салған. Негізінен балық аулау мерзімі сәуір айының соңынан жаздың соңына дейін қолайлы. Балықты көбінесе қыс айларында жақсы аулайстын, өйткені оны қыста сақтау өте оңай және оның дәмі де бұзылмайтын.
Қазақ балықшыларының ерте заманнан бері қолданылып жүрген құралдар қатарына сақ жатады. Сақпен көбінесе қыста балық аулаған. Ол үшін бірнеше метр қашықтықта екі сақ орнатылып астау арқылы байланыстырылған, ауды сақтың бір жағынан түсіріп екінші жағынан көтеріп алатын болған. Солтүстік және Шығыс Казақстан балықшылары вентерьды және еспені қолданған, біріншісі талдан, ал екіншісі ұсақ торда жасалып, ағаш немесе темір құрсауға алынған.
Өзендер мен теңіз жағалауларынан балық аулау үшін үш тісті шанышқыны қайыққа жарық түсіріп, кейде түнде қамыстан алау жағып қойып қолданған. Ұсақ суларда балықты баспей – тығын тәріздес ұсақ жыңғыл тоқымаларынан тоқылған құралдың көмегімен аулаған. Балықтың жолына қаза өойған, оны жыңғыл мен қамыстың қалың жерінен жасалған. Қазаны бір жерге қойып, айналасын жыңгыл мен қамыспен қоршаған. Балық тығын арқылы өтем дегенде ар жағынан қолмен ұстап алуға мүмкіндік туған және бұл құралды кобінесе көлдерде қолданған.
Ескі құралдар болып саналатын ау мен жылым балықшылыр арасында кең таралған. Бұлардың айырмашылығы торының түрі мен өлшемінде болған. Алғашында торды конопля мен мақта жіптерінен жасаған. Қазақтар жылымның көмегімен балықты мұз астынан аулаған. мұз астынан балық аулау мұз қатып, адамды көтере алатындай болысымен басталған. Қыста көлдерде ілме деп аталатын, яғни ұзын темірден қолға ұстайтын жері бар көк шыбықтан жасалған және ұшында істік ұштары бар құралмен балық аулаған. Жайын, ұзын мұрт, сазанды қармақпен аулаған.
Балықшылар бірнеше адам болым ұжымдасып балық аулауға кіресетін. Балықшының жалғыз өзі аулауы көптеген қиындықтар келтіретіндіктен, жиі кедей қазақтар балықты бірігіп аулайтын. Балықшылардың көбісі артельге ұжымдасатын, біріккен адамдар саны 5-ден 20-ға дейін жетіп отырған, бірақ солардың ішіндегі кең таралғаны 5-6 балықшыдан тұратын артель болды. Олардың басшысы кәсіпшілермен келісіп ау мен жылымды қарызға, жалға немесе сатып алатын / 5, с.67/.
Жаз айларында ауланған балықты тұздап, ал қыс кезінде оны қатырып, мұздатып, түйелерге артып, орыс поселкілеріне және алыс қалаларға сату үшін апарып немесе басқа өнімдерге алмастырған. Балықшылар балықты тасымалдау үшін жаз айларында байлары - қайықты, ал кедейлері салды қолданған, қыста шаналардың келесі түрлерін (ат шана, өгіз шана, ешек шана, қол шана) пайдаланған. Құралдардың қарапайымдылығы және тасымал түрінің аздығы балықшыларды қанағаттандырмады. Бай балықшылар құралдардың жақсы түрін қолданып өте көп балық аулап және де оларды егін шаруашылығымен айналасатын аудандарға сатып немесе астыққа айырбастаған. Бай балықшылар негізгі балық базарлары Қоңырат, Шымбай, Дәуқарадағы Қылыш қала мен Ходжейліге апарып сататын. Кейде қыста балықты түйемен Бұқараға жіберетін /2, с.23-24 /.
ХХ ғасырдың басында Жайық өзені, Каспий теңізінде, Шалқар көлі мен Имантаудан балық аулау жүйелі түрде жүргіізіле бастады. Балқаш, Алакөл көлдері, Іле, Шу, Қара Ертіс өзендері, әсіресе Сырдария өзені балық аулаудың байлық көзіне айналды.
Сырдария өзенінде балықты жаз және күз айларында аулаған. Жазда, яғни сәуірдің басынан қыркүйектің басына дейін, балықты аулауға тыйым болғандықтан, астыртын бастаған. Сырдарияда шоқыр, тұқы, сазан, көксеркені көп мөлшерде аулаған. Күз айларында балық қазан айының бірінші жұлдыздарында Қосарал, Алшымбай, Қараөзек, Қызылжарда ауланатын. 1899 жылғы дерек көздеріне қарасақ бұл ауданда күзде 261 құрал қолданған, оның ішінде 255 жылым және 4 ау болған. Қараша айында өзеннің қатып қалуына байланысты балық аулау ісі тоқтап қалатын, бірақ Стан мен Қараөзекте қазақтар өздерінің қажеттілікиері үшін, мұз астынан балықты сақпен аулап тұрған /2, с.33/.
Жаз айларында балықты сақтау үшін бақшаларды (садок) пайдаланған. Балық аулағандарына 25 жыл болса да, балықшылардың көл-өзендердің жағасында үйлер салмаған, тек қара үйлер немесе қамыстан жасалған үйшіктерде өмір сүрген – өйткені балықшылардың басым көпшілігі оралдық казактардың өздері қазақ жеріндегі өмірін уақытша деп есептеген.
Қазақ жерінің суларында балықтың көптеген түрлері бар, әсіресе дүние жүзінде сирек кездесетін шоқыр, қортпа, бекіре, қаяз, шармай сияқты балықтар.
Қазақстанның байырғы балық аулайтын бассейіндердің бірінде, Арал теңізінде ақкөз, қаракөз, ақмарқа, қызыл қанат, сазан, табан, жайын, көксерке, қаяз, қылыш балық пен май балық ауланған. Арал теңізінде балықты аса көп мөлшерде жылдың екінші жартысында, яғни жазда аулаған, сәуір басынан бірінші маусымға дейін, өйткені бұл кезде балық уылдырық шашуға теңіз жағасына жақындайтын, бұл уақытқа заң бойынша тыйым салынған болса да, теңізде керекті маманның және қайықтардың жоғына байланысты, қарауыл болған жоқ. Қыс мезгілінде балықты тек Сарышығанақта, Тас төбеде және Бөгенде аулаған /2, С. 18-19/.
Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Ұялы, Торғай, Ырғыз, Ертіс, Жайық қазақ жерінің ірі өзендеріне жатады. Өзендер патша үкіметінің әкімшілігінің бақылауында болды, бұл өзендерде балық аулау үшін біржылдық құны 7 сом билет сатып алу керек еді. Балық аулау өзен үсті мұз қатқан кезде, яғни қараша мен желтоқсан басында басталатын, себебі күзде ауланған балықты сақтап сату үшін оны тұздау керек еді, бұл жағдайда оның бағасы күрт төмендейтін болатын, ал қыста ауланған балықты тек мұздатып сататын. Екінші жағынан, күзде балықты ұстау қиындықтар тудыратын, себебі қыста ол су астына түсетін, бұл кезде оны тез аулауға мүмкіндік туатын. Ресей қазынасына карамайтын өзендерде балық аулау ісін жергілікті қазақтар бақылайтын, олар балық аулау құқығын ауланған өнімнің 25-30 % беретін. 1886 жылдан бастап қазақтар мен балықшылар арасындағы көптеген ұрыстар үшін патшалық әкімшілік бұл өзендерді де өз қарамағына көшірді.
Әмудария өзенінде балық аулау ісі негізінен оның төменгі аңғарларында, Арал теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауындағы Тоқмақ-ата аралында дамыған. Бұл жерде тек жергілікті қазақтар ғана балықты аулаған, олардың басты құралдары болып шанышқы мен таяқтар есептелінеді. Олар ауланған балықты жергілікті базарларға сатып күн көрген.
Қазақтардың балық аулау ісі кең таралған кәсіпшілікке және тұрақты шаруашалыққа айналуы, Қазақстанның Ресей империясымен экономикалық байланыстарының артуының арқасында балық өнімдеріне сұраныс арта түскеннен және қазақ жеріне жер аударылған оралдық казактардың ықпалының арқасында болды.
ӘДЕБИЕТТЕР:
-
ЦГА РК. Ф.4. Оп.1. Д.21390. -135 с.
-
Берг Л.С. Рыбы и рыболовство в устьях Сыр-Дарьи и Аральского моря. –СПб., 1900.
-
Казахи: историко-этнографическое исследование. – Алматы, 1995. 352 с.
-
Материалы по киргизскому землепользованию в Сырдарьинской области. Перовский уезд. –Ташкент, 1912. -640 с.
-
Материалы по киргизскому землепользованию в Сырдарьинской области. Казалинский уезд. –Ташкент, 1913. -386 с.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазақтардың балық аулау кәсіпшілігінің даму процесстері мен оған әсер еткен факторлар қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается процесс становления и развития рыболовного промысла казахов, а также факторы, повлиявшие на этот процесс
Достарыңызбен бөлісу: |