Проблемы повышения качества образования в условиях глобализации


ҚЫПШАҚ МЕМЛЕКЕТТІК БІРЛЕСТІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ



бет2/16
Дата24.04.2016
өлшемі1.56 Mb.
#78707
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

ҚЫПШАҚ МЕМЛЕКЕТТІК БІРЛЕСТІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ

Абдиманов С.А. – оқытушы (Алматы қ.,АИК)


Жалпы тарих ғылымы - ұлттың, елдің тәуелсіздігіміздің тірегі. Өйткені, Отан тарихы оның әлемдік қауымдастығы орнын айқындайтын негізгі фактор. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Егемендігімізді алғалы бері тарихымызды қайта қарайтын, ақ пен қараны айырып, салт-дәстүрімізді саралап, халыққа тән ұғым, саналық қасиеттерді қайта жасайтын кез келді. Н.Ә.Назарбаев қазақ мәдениетінің, әдебиетінің тілінің, дінінің, түркі ислам өркениетіне қосар үлесіне үлкен сенім білдіреді. Егер жерімізді, атамекенімізді қастерлейтін болсақ, онда ұлтымыздың қуатын күшейтеміз.

Туған Отанымыздың тәуелсіздік алуы қоғамдық өмірде үлкен өзгерістерге жол ашты. Халқымыздың ұлттық санасы оянды.

ХІІ ғасырда қыпшақтар бүкіл араб, парсы, славян, роман-герман халықтарының үрейін ұшырған құдіреке айналды. Ертістен Еділге, Шу мен Таластан Каспийге дейінгі біртұтас ең далада қыпшақ одағы үстемдігін жүргізді. Ежелгі Оғыз даласы енді Дешті Қыпшақ даласы атанды. Қыпшақ мемлекеті тұсында ғылыми жазба еңбектер жөнінде жазбалар көп қалған. Түрлі көзқарастар, әрбір дерек көзінде әр түрлі мағлұматтар берілген, тарихи ғылыми негізінде зерттегендер де бар.

Қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түркі әулетінің қара шаңырағы болды. Түркі халқының құрамына қосылған ежелгі тайпалардың бірі – қыпшақ. Қыпшақтар түркі халқының қалыптасуында маңызды роль атқарды. Мұсылман тархшыларымен орыс жылнамашылары көшпенді қыпшақтардың саны көп және олар шығыс Қазақстанда, ал кейін Орал бойы мен Орталық Қазақстанды мекендеді, ұлан байтақ далада жетекші тайпалардың бірі болды дейді.

Қыпшақтардың шығу тегі жөнінде қазақ ғалымы Б.Е.Көмеков қыпшақтардың арғы тегі Се (Сир, ІҮ-ҮІІ ғасырлар) Ордостың шығыс бетін мекендегенін және олардың көршісі Яньто тайпасы болғанын, оны қыпшақтар бағындырып, екі тайпа бірігіп Сеяньто деп аталғанын дәлелдеді. Б.Е.Көмеков және С.Г.Кляшторный кейбір араб дерегінің негізінде Яньто одағы 630 жылы Хангайда Сир мемлекетін құрғанын, оның шекарасы Алтайдан Хинганға, Гобиден Керуленге дейін созылып жатқанын анықтап берді. Сеяньто қағандығы Солтүстікте Енисей қырғыздарын бағындырғанын, 646 жылы тоғыз-оғыздар сеяньто мемлекетін талқандағанын көрсетеді. Алайда, көп ұзамай 691 жылы Сеяньто тайпасы Сир мемлекеті деген атауды өзгертіп, 760 жылы қыпшақ этнонимін қабылдады.

ХІ ғасырдағы қыпшақ тарихы көбінесе туыстас куман тайпаларының тарихымен тығыз байланысты болды. Ақырында, ХІ ғасырдың ортасы мен ХІІ ғасырдың басында және монғолға дейінгі кезеңде қыпшақтардың миграциясының соңғы фазасында қыпшақ тайпаларының негізгі 5 тобы біржола қалыптасты: 1. Алтай Сібір тобы; 2. Қазақстан–Орал бойы тобы; 3. Дон бойы тобы; 4. Днепр тобы; 5. Дунай тобы.

ХІ ғасырда Қимақ қағандығы құлағаннан кейін тайпалар қыпшақ хандарының қолына көшті. ХІ ғасырда оғыз даласы «Дешті Қыпшақ деп атала бастады. Хорезмнің Солтүстік шекарасына таяп келіп, Еділ өзенінен Батысқа қарай қозғала бастады. Ежелгі орыс жылнамаларында ХІІ ғасырда «Қыпшақ даласының» шегі Еділ мен Днепр арасы деп көрсетілген. Қыпшақ тайпалары Тоқсаба мен Бөріоғлы бастаған қуатты екі бірлестік–Днепр бойы және Дон бірлестіктері осы кезеңде айрықша көзге түсті. Батыста қыпшақтар орыстармен және еуропалықтармен қарым-қатынасқа түскен, оған дейін осы аталған екі халықта қыпшақ деген сөзді білмеген. Орыстар қыпшақтарды «половецтер, ал батыс еуропалықтар «комондар деп атаған. «Коман» деген сөз мұсылман әдебиеттерінде кездеспейді. Қыпшақтар жартылай отырықшы халық болған. Олар Орта Азиялық Сығанақ, Түркістан, Мерке, Тараз, Отырар қалаларының негізгі тұрғындары болды. Қыпшақтар Шығыс халықтармен (Орта Азия, Орталық Азия, Иран, Сирия) Батыс елдерімен (Ресей, Шығыс Еуропа) және Оңтүстік (Византия) елдерімен әскери, сауда, экономикалық, шаруашылық саяси әкімшілік қарым-қатынастар жасап отырды.

Орта Азиялық араб авторлары Ахмед әт–Тини мен Әд–Димашкидің шығармаларында ХІІ ғасырда және ХІІІ ғасырдың басында қыпшақтардың 16 тайпадан тұратын конфедерациясының тізімін келтіреді. Онда көрсетілген әр этникалық топтың династиялық, әлеуметтік және саяси орны мен деңгейіне сәйкес бәрі де қатаң реттілікпен берілген. ХІ–ХІІ ғасырларда қыпшақ конфедерациясының тайпалық құрамының жүйесі өте күрделі болды. Оған басқа түркі тілді қимақ, құман, печенек, көне башқұрт, оғыз тайпалары мен иран тілдес этникалық топтардың түркіленген элементтерін де қосып алды.

ХІ ғасырдың бас кезінде қыпшақ ақсүйектерінің Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының қоныстану аймағын ұлғайту үшін істеген әрекеттері қыпшақ мемлекетінің құрылуына себепкер болды.

ХІ ғасырдың екінші жартысында қыпшақ хандарының саяси бірлігі нығайды. «Құдіретті хан» осы кезде қалыптасты. Қыпшақ хандарының билігі әкеден балаға мұра ретінде берілді. Хандар негізінен бөрілі тайпасынан шықты. Ханның негізгі мекен-жайы Орда деп аталып, онда басқару аппараты болған.

А.Х.Марғұлан «Казахстан в эпоху феодализма» еңбегінде: «монғол-татар шапқыншылығы кезінде қыпшақтардың бір қанаты Дунайдан Батыс Еуропа елдеріне, екінші қанаты Византияға қоныс аударды. Біраз бөлігі Шам мен Мысырға кетті. Қыпшақ тайпалары кейін келе көптеген түркі тілді қазақ, қарқалпақ, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт, ноғай, әзірбайжан, түрікмен, қарашай тағы да басқа құрамына кірді деп жазған.

Сонымен аса ықпалды қауымдастығының бір тармағы болып табылатын қимақ-қыпшақтар Ертістің жоғарғы сағасында өмір сүрді. Жаңа мекенге орнығып, күн сайын күш жинап күшейе түскен қыпшақтар, оңтүстік көршілері болған оғыздарға қысым жасай бастады. Қыпшақтар бұдан былай ХІ ғасырдың ортасында Қара теңіздің терістігіндегі кең далаларды мекендей бастады. Қыпшақтар әлденеше рет Дунайдан өтіп Балқан мен Мажарстанға шабуыл жасап тұрды.

Қыпшақтардың саяси-қарым-қатынастарына келсек, 1065 жылы Селжүк билеушісі Алып Арслан Маңғыстауда жақсы бекініс қамалы бар қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Қыпшақтарды бағындырған соң селжүк сұлтаны Жент пен Сауран қалаларына аттанды. Осы әскери қимылдар нәтижесінде қыпшақ тайпаларының бір бөлігі уақытша Қарасан селжүктеріне тәуелді болды. 1096 жылы «Құдіретті хан» бастаған қыпшақ бірлестігінің тайпалары Хорезмге жорық жасады. Бірақ Хорезм шахтарының қорғаушысы селжүктер оларды Маңғыстауға қайта оралуға мәжбүр етті. Махмұт Қашқаридың деректеріне қарағанда, қыпшақтардың әскери-көшпелі билеушілері Қарахан династиясы билеушілерімен күрделі саяси қарым-қатынаста болған тәрізді. ХІ ғасырдың аяғында ХІІ ғасырдың басында Сырдарияның төменгі ағысында Жент, Жаңакент және т.б. қалалар қыпшақ көсемдерінің иелігінде болды.

1182 жылы Әл–Бағдадидың деректері бойынша, Текештің ұлы Мелік-шах Жент, Рибат, Баршылық қалаларына ғана емес, сонымен бірге қыпшақтардың саяси әкімшілік орталықтарының бірі Сығанақтың да билеушісі екендігі айтылады. Дегенмен бұл деректер осы аймақтағы саяси жағдайдың мезеттік күйін ғана білдірді. Бұл жүйенің идеологиялық негізі қыпшақтардың, әсіресе, олардың ақсүйектерін ислам дініне тарту болды. Соның өзінде қыпшақ тайпаларының елеулі бөлігі ХІІ ғасырдың аяғына дейін ислам дінін қабылдай қойған жоқ.

«Қыпшақ мемлекетінің осындай ұзақ уақыт бойы ислам дінін қабылдамастан өмір сүруі оның санасындағы халықтық элементтің қаншалықты күшті болғанын көрсетеді»–деп атап өтті В.В.Бартольд.

ХІІ ғасырдың басында қаңлы тайпа бірлестігі жеке бөлініп шығуға ұмтылған үлкен саяси күшке айналып, мұның өзі Қыпшақ хандығының саяси бірлігіне іріткі салды. Хорезм шахтарының басты әскери күші қаңлы және қыпшақ тайпаларынан құрылғандығы белгілі.

Сонымен бірге, қазақ этногенезінде қыпшақтардың елеулі рөл атқарғанын айрықша атап өткен жөн. «Қазақ» сөзінің өзі де қыпшақтар мекендеген аймақта шыққан деп есептеуге толық негіз бар. «Қазақ» терминінің алғашқы таралу аймағы шығыс Дешті Қыпшақпен, яғни қазіргі Қазақстан территориясымен байланысты.

Қазақ атауының күмән тудырмайтын алғашқы рет қолданылуы 1245 жылы Египет мамлюктері мемлекетіндегі қыпшақтар арасында құрастырылған көне қыпшақ шығармасында (түркі араб сөздігі) кездеседі.

Қорыта келгенде, қыпшақ мемлекеттік бірлестігі (ХІ–ХІІ ғғ) орта ғасырдағы феодалдық мемлекет. Қыпшақтар ҮІІІ–ІХ ғасырда қимақтарға тәуелді болып, Қимақ мемлекетінің құрамына енеді де, кейіннен іргесін аулақата бастайды. Зерттеушілер Махмұд Қашқаридың, Гордизидің, Абулғазының, Рубруктың, Рашид–ад-диннің жазбаларына қарағанда қыпшақтардың құрамына бұл өңірді мекен еткен қимақ, қаңлы, печенег, башқұрт, қарлұқ, баяндүр, оғыз т.б. тайпалар енген. Орыстың ежелгі жылнамаларында қыпшақ тайпаларының Еділден Днепрге дейінгі жері «Половшылар даласы» аталды. Қыпшақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Қолөнер кәсібі де жақсы дамыған. Қыпшақ құрамында әлеуметтік, қауымдық теңсіздік болды.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Көмеков Б.Е. Қыпшақ хандығы // Қазақ тарихы. 1993. №1.

2. Дербісәлиев Ә. Қыпшақ хан жазған тарих. // Парасат. 1994. №4.

3. Құрысжанов Ә. Қыпшақтар кім? // Білім және еңбек. 1962. №11.

4. Тәужігітов А. Қыпшақ деген қай халық? // Арай 1990. №9.

5. Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихының дәрістер курсы. 1-кітап. Алматы , 2004.

6. Жолдасбаев С. Бабаев Д. Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы. Алматы, 2003.

7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2003.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қыпшақтардың шығу тегі мен мемлекеттік бірлестігінің құрылуы жайында айтылған.


РЕЗЮМЕ

Статья посвящена истории происхождения и образования кыпчакского государственного объединение.



ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ӘСКЕРИ ТАРИХЫ
Жылқышыбаева Қ.Қ.-т.ғ.к., доцент (Алматы қ., Қазмемқызпу)

Абдиманов С.А.-оқытушы(Алматы қ., АИК)


Мемлекет болған жерде оның жерін, елін қорғайтын қарулы қолы, әскери күші болуы міндетті. Демек, әскери күші қай заманда болмасын мемлекеттік құрылымның құрамдық бөлігі болып саналған. Сондықтанда жалпы дәурендеу мерізімі XV ғасырға созылған қаңлы мемлекетінің (б.д. д.ІІІғ.- XІІІғ. басына дейін) тарихында тұрақты әскери күшінің болғандығы Қытай жылнамаларында көрсетіліп отырған Кангюй мемлекетіне алғаш келген елші Чжан Цзяньның мағлұматы бойынша бұл мемлекеттің 120 мың садақшы жауынгері болған.

Қарапайым халықтан шыққан аламан емес, мемлекет, хандық құрамында қалыптасқан, ел қорғау, жер қорғау мақсатымен арнайы жасақталған әскери күш туралы айтсақ, ұзын сонар қаңлы тайпалары мен қаңлы мемлекетінің тарихында ұзақ әңгіме. Бұл қаңлылардың көне замандарда да, орта ғасырларда да өзінің патриоттық рухын, әскери салтын тұрақты сақтап келген, сол бір өткен ала-сапыран кезеңдегі дау-жанжалдың баршасы, ел мен ел арасындағы жаугершіліктер мен бейбітшіліктің ара-жігі ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен айқындалатынын айқындап, дәлелдеп, мың сан әскер ұстап, қарулы күшін сақадай сай тұту кез келген елдің қолынан келе бермеген.Бұл-мақсаты, мүддесі, жері мен суы бір, бір тұтас мемлекет болып қалыптасқан қаңлы сияқты қалың елдің ғана қолынан келген тірлік еді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау б.д.д. ІІ ғасырдың өзінде-ақ, 120 мың сақадай сай садақшылары болған Кангюй мемлекеті осыншама әскери күшті еш арылған емес. Бұл дерек Қытайлардың Үлкен Хань және Кіші Хань династияларының тұсында жазылған деректерде де кездеседі.

Бұл келтірілген Қытай ғалымы Бан Гудың «Батыс өңірі және үйсін мемлекеті» атты еңбегінде қайталанады. «Қаңлы мемлекетінің түтін саны 120 мың, жан саны 600 мың, әскері 120 мың... /1/» деп көрсетеді. Өйткені, түркі-моңғол дүниесінде ертеден-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша бес адамнан, не бір түтіннен бір садақшы шығарылған.

Осыншама әскери күш ұстау Қаңлы мемлекетінің, одан кейінгі қаңлы қауымының сонау көне дәуірінде басталып, XІX ғасырға дейін жалғасып келген дәстүрі екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл дәстүрді біз Хорезм заманында да өз дамуынын тауып, одан кейін де жалғасқанын көреміз.

Көне Хорезм жеріне археологиялық зерттеу жүргізген ғалым С.П.Толстов өз жұмысының бір тарауын «Конница Кангюя» деп атап, салт атты әскердің теңгеге түсірілген бейнесіне байланысты мұздай қаруланған атты әскердің сол кездегі мемлекет өмірінде ерекше орын алғандығын айтады.Қаңха-Хорезм мемлекетінде қалыптасқан әскери күш ұстау дәстүріне байланысты С.П.Толстов өте көп деректер келтіреді. Мәселен, ол Александр Македонский заманындағы Рим империясының құлауына түркі мемлекеті - Парфияның жер қайысқан қалың қолы себеп болғандығын, ол кезде мемлекет тағдырын қиян-кескі соғысы, мұздай болып қаруланған атты әскер шешкенін айта келіп, бұл дәстүрге Қаңха-Хорезм мемлекеті де ерекше мән бергенін, көне Хорезм жерінен табылған сан алуан қару – жарақтар мен оларды жасаушы ұста жабдықтары көп нәрсенің сырын ашатындығын баяндайды.Сонымен бірге, көне Хорезм жерінен табылған бай археологиялық олжалардың арасында теңгелер мен табақшалардың бетіндегі саяси символдың негізі болып саналған атты әскер бейнелерін талдап – таратады. Ол оны:

«Мы показали, что отсюда, из Кангха – Хорезма этот образ пришел в сакскую чеканку І в. на Нижнем Инде, ибо Массагетское племя сакаровков , вторгшиеся сюда из Сеистана, начало свой путь от Хорезма и вожди его, как и вожди парфян, вероятна, были связаны родственными узами с домом Сиявушидовң... /2/» деп түсіндіреді.

Кангхи-Хорезмнен табылған теңгелердегі атты әскердің мінгендері ұзын-аяқты сақал-теке тұқымы емес, аласалау келген, жұнттай семіз, әрі мықты ат тұрпатында суреттелген. Табылған табаққа (көзеде), салынған салт әскер суреті І ғасырдың аяғындағы Хорезмге, не солтүстік Орта Азияға жатады деп анықтайды автор. Оның: «Крупный боевой конь, чулкообразное налучие, длинный лук, длинная пика и длинный прямой меч...» деп көрсеткені. Бұл заттар табылған жер – б.д.д ІІ ғ. Жамбас қала, Базар қала Қаңлы// Кангюй мәдениетіне тән қалалардың орындары екен.

Академик С.П.Толстов өз зерттеуінде Сырдарияның бойында Ескендір Зұлқарнайынмен болған құнды шайқаста оған қарсы шыққан жергілікті скифтердің қатарында кангюй – хорезм атты әскерлерінің болуы ықтимал деп көрсетеді. Қару-жарақпен мұздай болып құрсанған бұларды тек ауыр оқ атқыштармен ғана (стрелометная машина) мертіктіруге болатын, ол әскерлердің қарулары әртүрлі болды, белдерін алтынды белдіктермен буынып, аттарын теңгемен қапталған (чежуйчатые) пластика жабулармен жабулаған еді дейді.

Канга-Хорезм архелогиялық ескерткіштерінде аласа бойлы дала аттарымен қатар «аспан текті, не күннен жаратылған» сидаң аяқ жүйріктер де көп кездеседі. Осыған орай С.П. Толстов еңбегінен тағы бір деректі келтіре кетейік. Ол:

“Изображение всадника... Этот символ кангхской-хорезмийской государственности становится не менее характерным символом Боспорский государственности І-ІІІ вв.н.э.и, наконец, что особенно существенно,....в политическую символику этой новой, савраматской (аспургианской) династии Боспора прочна входит один из вариантов кангюйско -хорезмский тамги дома Сиявушидов (...таңбалар көрсетіледі)”, - деп жазады.

Хорезмнің Кангхамен қатыстағы жайына тоқталып, академик С.П.Толстов: “Имя Хорезма открывается, таким образом, включающим в состав своей семантической нагрузки и имя основного тотем хорезмийских массагетов, так богато отраженного в монетный типологии в террактовой пластинке кангюйской эпохи- коня”- дейді.

Салт атты әскер қару- жарағын сипаттай келе, автор: “Этот своеобразный, совершенно определенных историко-культурных условиях -в условиях скрещения оседло-охотничье-рыболовческих традиций древней речной земледельческих культуры- с влияниями сложивщихся в условиях кочевой степи форм стрелькового оружия. Кангха – Хорезм дает нам оптимальные условия для этого скрещения” /3/– деп көрсетеді.

Қаңлы қарулы қолдары тек мемлекет құзырында ғана емес, Қаңха- Хорезм мемлекеті құлағаннан кейін де қаңлы жұртшылығы қалың отырған аймақтарда да сақталып келгендігі белгілі.

XІІІ ғасырдың басында (1219 ж.) Шыңғыс ханның жер қайысқан қалың қолы Қазақстанның оңтүстік өлкесіне қаптап кіргенде сол кездегі хорезмшах Мұхаммедтің құзырындағы жер мен қалаларды қорғау үшін Шыңғыс қолына бірінші болып қарсы шыққан Мұххамедтің анасы, тегі қаңлы Түркен хатунның өзіне ғана бағынған 20 мыңдай сардарлары мен сарбаздары болған, моңғолдардың қоршауында қалған Отырар қаласын 6 ай бойы бермей, ерлікпен қорғаған қаланың әкімі қаңлы Қайырхан болатын. Оның қол астындағы сарбаздарының көпшілігі қаңлылар еді деп/4/ жазылған тарихи деректерде.

Қазақстан жеріне, еліне ғасырлар бойы баса-көктеп кіріп, ел-жұртын қан қақсатқан жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы қан төгіс, жойқын соғыстардың барлығында да қаңлы қауымның ер-азаматтары белсене қатысады. Соның бір мысалы ретінде 2 облыс қаңлы ауылының Жетісу жеріне қоныс аударып келуін айтуға болады.

Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейінгі Кангюй-Қаңха-Хорезм мемлекеті ыдыраған дәуірлерде де қаңлы тайпасы қалың отырған хандықтар мен қағанаттарда да тек қаңлылардан құралған әскери күштердің болғандығы белгілі. Мәселен, Қадырғали Жалайыридың “Жылнамалар жинағында”: “Ұрыс хан әскерінің оң қанатында 2000 қол қаңлылар ,ал сол қантында-“Алаш мыңы”/5/ болды деп көрсетіледі.

Қаңлы полкі XІX ғ. Қоқан хандықтарының архивінде сақталып келе жатқан мыңдаған іс қағаздары мен құжаттардың А.Л. Троицкая жариялаған Католгінде көшпелілер полктарының лауазымды әскер басшыларына азық – түлік жіберілуіне байланысты сол полктардың аттары мен орналасқан мекен -жайлары аталады. Мәселен: Уч – Курган , Кар - тепа, Науканд, Джулка, Карван, Канглы, Бурубаши, Наукот, Туя -Буон .

Осы дерекке қарағанда Қоқан хандығында да XІX ғасырдың өзінде бірыңғай қаңлылардан құралған бір полк әскер болғандығы белгілі.

Міне, бұл деректерден біз Кангюй мемлекетінен басталған әскери күш жабдықтап ұстау дәстүрі көпке дейін созылғандығын көреміз.Бұл қаңлы қауымның биік рухын, өз жері мен ел - жұртын қорғауға деген патриоттық сезімнің биіктігін көрсетсе керек. Қытай мен Монғол империяларының құзырында жүрген көптеген қаңлылардың ел басқару, ғылым – білім, өнер саласында ғана емес, сонымен қатар жоғары дәрежелі әскери лауазымды қызметтерді де атқаруы олардың жауынгерлік рухын сипаттайтын қасиет.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бан Гу «Батыс өңірі және Үйсін мемлекетің. Шыңжиаң халық баспасы, Үрімжі,1987,114б.

2.Толстов С.П.Древний Хорезм. М.,1948.

3. Толстов С.П.Древний Хорезм. М.,1948.

4. Әбдуали Қайдар. Қаңлы(тарихи шежіре). Алматы, 2004.

5. Қазақстан тарихы көне заманннан бүгінге дейін. 5 томдық. 1-том. Алматы, 1996.


ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Қаңлы мемлекетінің әскери тарихы жөнінде нақтылы деректер келтіріліп, әскери тарихы жөнінде жазылған.


РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается вопрос о военной историй государство Канглы.



ҚЫПШАҚ ЕЛІНІҢ САЯСИ ТАРИХЫ
Қасымбекова М.А. – ізденуші. (Қазмемқызпу)
ХҮ ғасыр – Евразия халықтарының тарихындағы белесті ғасырлардың біріне жатады. Бұл ғасырды түркі тілдес халықтардың саяси тарихы тұрғысынан алып қарағанда, біріншіден, 200 жылдай өмір сүріп, түркі халықтары мен славян халықтарын бір саяси құрылымда біріктірген Алтын Орда секілді алып империяның ыдырауы процесі өтеді. Екінші жағынан, Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде осы ғасырда түркі тілдес халықтар өздерінің ұлттық мемлекеттерін құра бастайды. Сонымен бірге Алтын Орда құрамында болған көптеген түркі тілдес тайпалар әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты жеке этно-саяси бірлестіктерге, этностарға біріге бастайды. Алтын Орда дәуіріндегі қайнаған қызу этникалық процестер ХҮ ғасырда белгілі бір тарихи аймақтарда тұрақтанып, қазіргі күндерге дейін өмір сүріп отырған ұлттардың қалыптасуына жағдайлар жасады. Көптеген ру-тайпалар осы ғасырда Алтын Орда аумағында құрылған және құрыла бастаған этностар құрамына енеді, жаңадан пайда болған этно-саяси құрылымдардың басты бір бөлшегіне айналады. Қазіргі кезде қазақ халқының құрамындағы қыпшақ, найман, қоңырат, керей, жалайыр секілді ірі тайпалар мен Алшын, Жетісу тайпалық бірлестіктеріндегі ру-тайпаларды өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай халықтарының этникалық құрамынан кездестіруге болады. Әрине, аталған әр халықтың этникалық тарихында жоғарыда аталған және аталмай қалған ру-тайпалардың этнопроцестерге қатысуы сонау көне түркі дәуірінен басталады. Ал ХҮ ғасыр сол ру-тайпалар үшін үлкен бір этносаяси бірлестіктен бөлініп, жекелеген этносаяси бірлестіктерге бірігудің басы болды. Сөйтіп, Алтын Орда дәуіріндегі тайпалар саяси жағдайларға байланысты бөлшектеніп, кейінгі тағдырлары жеке бір этносаяси құрылымның тарихымен тағдырлас болды. Міне, сол себепті де ХҮ ғасыр–түркі тілдес тайпалар тарихында бөлінудің аяқталған және жеке ұлттық, ұлт болуда бірігудің басталған кезеңі еді.

Қазақ халқының құрамына енген тайпалар да осы этносаяси құбылыстардың ішінде болып, оның құрамындағы рулар қазақ халқымен қатар, башқұрт, татар, ноғай, қарақалпақ, өзбек халықтарының құрамына енеді.

ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарының басында Жошы Ұлысының негізінде құрылған Алтын Орда империясы өзінің ең шарықтау, дәуірлеу кезеңін ХІҮ ғасырдың бірінші жартысында Өзбек, Жәнібек хандар тұсында басынан өткереді. Осы Алтын Орданың гүлденуі кезеңінде империяның ыдырауының ішкі себептерін туғызған факторлар пайда бола бастайды. Бұл факторлар әр түрлі тенденциялардан қалыптасады. Ал тенденциялардың өздері бірте-бірте Алтын Ордада ХІІІ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін, яғни Алтын Орда Моңғол империясының құрамында тұрғанда, Моңғол хандарының жаулап алынған халықтарға қатысты ішкі саясатында жергілікті халықпен араласпау, олардың діні мен дәстүрлерін, шаруашылығын елемеу және бағынышты халықтарды талан-таражға салу секілді бағыттар үстемдік етті. Дегенмен де, Моңғол билеушілері арасында бұл үстем бағытқа қарсы бағыттар да кездесті. Олар керісінше, бағынышты халықтармен жақындасу, олардың діні мен дәстүрін, шаруашылығын ескеру, мемлекеттің қазынасын талан-тараждау арқылы емес, тұрақты салық жүйесін енгізу арқылы қамтамасыз ету секілді көзқарастарды ұстанды. ХІІІ ғасырдың 60-шы жылдарында ыдыраған Моңғол империясынан Алтын Орда бөлектеніп, жеке өмір сүре бастағанда, оның билеушілерінің арасында екінші бағыт үстемдікке жетеді.

Бұл бағыттың үстемдікке жетуі Алтын Орданың гүлденуіне жол ашып, жергілікті тайпалар өкілдері мемлекет салаларындағы әртүрлі деңгейдегі қызметтерге тартылады. Мемлекеттің жоғары деңгейіндегі моңғол ақ сүйектерінің өздері бірте-бірте түркілене немесе қыпшақтана бастайды. ХІҮ ғасырдың ортасына дейін Алтын Ордада мынадай ағымдар қалыптасып, жетекші рөлге айнала бастады:

1) Жергілікті тайпалар мен түркіленген моңғол тайпаларының Алтын Ордадағы рөлі өсіп, олардың мемлекеттің саяси өміріндегі ықпалы артады;

2) Осыған байланысты Шыңғыс хан ұрпақтарының бұрынғы дербес, шексіз билігі әлсіреп, жергілікті ру-тайпа әмірлеріне тәуелді бола бастайды.

3) Бүкіл мемлекеттік құрылым мен жүйеде моңғолдарға дейінгі жергілікті дәстүрлер ене бастап, ол үстемдікке жетеді.

Көрсетілген тенденциялар тек Алтын Ордада ғана емес, сонымен бірге Құбылай ұрпақтары билеген Қытайда, Хулағу ұрпақтары билеген Иранда, Шағатай ұрпақтары билеген Мауареннахрда жүреді де, ХІҮ ғасырдың ортасына таман Қытай мен Иранда билікке жаңа әулеттер келеді. Мауареннахрда барлас тайпасының әмірі Ақсақ Темір жеке-дара билікті иеленсе, Алтын Ордада 1359 жылы Бердібек ханның өлтірілуімен Батый әулеті өмір сүруін тоқтатады.

ХІІІ-ХІҮ ғасырларда ортақ бір саяси құрылымға негіз болып, жалпы атаумен қыпшақтар атанған түркі тілдес тайпалар, сол саяси құрылымның ыдырауымен, жаңа этносаяси құрылымдарға негіз болады және соған сәйкес жаңа этнонимдерге ие бола бастайды. Осылайша, жалпы атау мен кең мағынадағы “қыпшақ” атауының орнын нақты ноғай, башқұрт, қарақалпақ, “көшпелі өзбек” этнонимдері ығыстырады.

Алтын Орданың ХҮ ғасырдың І жартысында ыдырауы кезеңінде Дешті –Қыпшақтағы тайпалар негізінен екі үлкен этникалық топқа топтастырылды. Бірі ноғай ру-тайпалар бірлестігі болса, екіншісі - көшпелі “өзбектер” деп аталған ру-тайпалар бірлестігі болды. Тарихи заңдылықтар бойынша ру-тайпалардың біріктіріліп, белгілі бір аймақта мекендеп, ортақ этнос болып қалыптасуында экономикалық, діни-рухани факторлармен бірге, саяси факторлар да жетекші рөл атқарады. Осы заңдылыққа сәйкес ноғай ру-тайпалық бірлестігінің қалыптасуына Ноғай Ордасы ықпал етсе, көшпелі “өзбектер” тобының пайда болуына 1428-1468/69 жылдары Дешті Қыпшақта 40 жыл өмір сүрген көшпелі “өзбектер” мемлекеті немесе Әбілқайыр хандығы әсер етеді.

Ал, ортағасырлық жазба мұраларындағы қыпшақтан шыққан тоқсоба руы жайына келер болсақ, онда тоқсоба руы сөзсіз түркі тектес елге жататындығын оқимыз. Осылайша араб тарихшылары, филологтары мен географтары тоқсоба руын тікелей түркілік этникалық ортаға жатқызды. Сонымен қатар жазба мұраларындағы деректік көрсетулер тоқсоба қыпшақ руы құрамындағы ілбары біршоғылы т.б. тең түсетін әулеттік реттегі ру екендігін дәлелдейді. Дегенмен де тоқсоба руының татарларға жәрдем сұрап баруы белгілі себептік, салдарлық байланысты танытады. Араб тарихшысы Ибн Халдун жазып қалдырған, қыпшақтар мен татарлардың талай ғасырлар қойнауына кеткен өзара араластықтары негізінде ғана түсінікті. Енді ортағасырлық автордан үзінді келтірейік: “Қыпшақтардың Шыңғыс хан татарлары және оның әулетімен байырғы кезден жақын байланысы болатын. Көп ретте қыпшақтар татарлармен әйел тегі жағынан, яки қыз алысып туысты. Сол себепті де Шыңғыс хан қыпшақтарды тума санады”.

Тарихи айғақтардың қыпшақтардың жілікті руы тоқсобалық татардың белгілі-беделді руларымен некелік қатынаста болуының нұсқасы да сондықтан. Қыпшақтардың татарлармен этномәдени байланысы және татарлардың қыпшақ ортасына кіруі олардың жеделдеп тілдік және салт-дәстүрлік тұрғыда түрленіп кетуіне жол ашты. Бұл үрдіс, әсіресе, ерте ортағасырлық кезеңінде, одан соң татар-моңғол шапқыншылығы дәуірінде “Татарлар шапқыншылықтарымен араласып, туысып кетті, олардың жері татарлардың табиғи, нәсілдік қасиеті сапасынан артып түсті, сөйтіп олар қыпшақтармен бір туысқандай тура қыпшақ сияқты болып кетті”.

Қыпшақтар оңтүстік орыс жерінде болған 170 жылдық тарихында көне русь мемлекетінің өмірінде ерекше роль атқарды. Осы 170 жыл ішінде олар Русьпен жауапкершілік саясат жүргізді. Ішкі саясатын және экономикасын қалыпқа келтірген олар, өздерінің сыртқы саяси істерін орыстардың шекаралық жерлеріне шабуыл жасаудан бастады. Міне, қыпшақтар моңғол шапқыншылығы алдында Орта Азия, әсіресе, Сыр бойы, Еділ мен Дон арасын, Кавказ бен Қырым тауларын, Солтүстік Каспий даналарын, қазіргі Қазақстанның орталық аудандары мен солтүстік батыс аймақтарын мекендеген. Жекелеген топтары ХІ ғасырда-ақ Дунай өңіріне жеткен. Сонымен қатар Венгрияға, Византияға, Киев княздығына мезгіл-мезгіл шабуыл жасаған. 1065 жылы Болгария жеріне алты жылдан кейін Молавия мен Валахияға өткен. Сондай-ақ оңтүстік бағытта да қыпшақтар ХІ ғасырдың басында-ақ Мысырға барып орын тебеді. Осы елдер мен қыпшақтар арасындағы саяси-экономикалық, мәдени және т.б. байланыстар мемлекеттердің, тайпалар одақтарының, халықтың күнделікті өміріне ғана роль атқарып қана қойған жоқ. Сонымен бірге олар тарихи тағдырларына елеулі ықпал жасағаны даусыз ақиқат.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Көмеков Б.Е. Қыпшақтардың саяси қарым-қатынастары. // Қазақ тарихы. 1994.

№1

2. Көмеков Б.Е. Қыпшақ хандығы // Қазақ тарихы. 1993. №1.



3. Кумеков Б.Е. Государство кимаков ІХ–ХІ вв по арабским источникам.

Алматы,1972.

4. Дербісәлиев Ә. Қыпшақ хан жазған тарих. // Парасат. 1994. №4.

5. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2003.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қыпшақ елінің саяси тарихы мен саяси қарым-қатынастары жайында айтылған.


РЕЗЮМЕ

Статья посвящена политической истории кипчаков.



КҮШІЛІКТІҢ ШЫҢҒЫС ХАНҒА ҚАРСЫ КҮРЕСІ
Тортаев С.Ә. - п.ғ.к., доцент, Бижанова К.Қ. -аға оқытушы.

(Алматы қ., Қазмемқызпу)


1204 жылғы ұрыста наймандар моңғолдардан жеңіліп, Таян хан қаза тапқанда, оның баласы Күшілік қашып құтылып, немере ағасы Бұйрыққа келіп паналаған еді. Сонда өзімен бірге келіп, Бұйрыққа қосылған меркіттің тақсыры Тоқтайбек пен Күшілік тағы да құтылып шығып, Ертіске барып тығылды.

1208 жылы қысқа қарай Шыңғысхан Ертіс жақтағы Бұйрыққа қашып барып, дұшпандық пиғылынан қайтпаған Күшілікті, онымен бірге жүрген Тоқтайбекті бағындыруға аттанды. Шыңғысхан оларды қоршап алып, талқандады. Сөйтіп, жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығындағы наймандар моңғолдардың қол астында қалды да, қалғандары Күшіліктің басшылығымен Қара-Қытайдың гүрханына барып жасырынды /1/. Оны гүрхан Чилуку жылы қабылдап, балам деп атап, оған қызын берді...

Гүрханның қызы Күңке еркетотай, менмен болып өскендіктен кимешек (буктак) киюден бас тартып, қытай әйелдері сияқты никсэ киіпті. Ол Күшілікті христиан дінінен шығарып, пұтқа табынуға енгізіпті. Сөйтіп, Күшілік гүр-ханның сеніміне ие болып, құрметіне бөленіпті.

Енді бір мәлімет бойынша Күшілік Жетісуға қашып келген соң (1209 ж) гүрханға өз еркімен берілген, ал тағы бір мәлімет бойынша қара-қытай әскері тұтқынға алған. Бірақ гүрханға ұнап қалып, оның жақын адамына айналған /2/.

Күшіліктің қара-қытайдың гүрханына келіп паналауы тағы бір дерек көзінде біраз басқаша баяндалады/3/. Ол бойынша Күшілік гүрханға арып-ашып, жыртық киіммен, титықтап әрең келіп еді. Оның Шыңғысханнан көрген қорлығын айтып беруге шамасы әрең жетті. Жаны ашыған гүрхан Күшілікті жылы қабылдап, жақсы тынығап, есін жиып алуына жағдай жасады. Сонан соң оның ақылдылығы мен ептілігіне риза болып, өзіне жақындатып, жалғыз қызына үйлендірді/4/. Гүрхан Чилуку Күшілікті балам деп атап, туыстық қатынас орнатып, оның күш – қуатын тасытты.

Шыңғысхан Күшіліктің гүрханда жасырынып жүргенін естіген соң қара-қытайдың ханы моңғолдың ұлы ханына адалдығын білдіріп, елші жіберіпті. Қайын атасының бұл қылығына наразы болған Күшілік өз өмірі үшін қауіптеніп, гүрханның Шыңғысханға жіберген елшілігін күтпей-ақ, әйелін тастап қашып кетеді. Гүрханды сатқын деп санап, ызаланып, біраз уақыт тығылып жүріп, өзінің аман қалған наймандарын қол астына жинайды. Наймандардың Шыңғысханға деген өшпенділігін хорезмшах Мұхаммед онан әрі өршіте түседі.Олар Күшіліктің басшылығымен, Хорезм шахының көмегімен Шыңғысханға қарсы тұра аламыз деп үміттенді.

Ал гүр-хан сол кездегі ұлы хандардың бірі болатын. Оның үлкен әскері болды, Түркістан мен Мауераннахрды билеп тұрды. Ал Мұхаммед Хорезмшахтың ата-бабасы жыл сайын үш мың динар төлеп тұруға міндеттенген болатын.Олар өз үрім-бұтақтарына гүр-ханмен ешқашан бет жыртыспауды, оған әрқашан да адал болуды өсиет етіп қалдырған. Себебі, оның шығысында (ту сыртында) күшті де қауіпті дұшпандар, яғни моңғол тайпалары, наймандар т.б. түркі тайпалары тұрды. Гүрхан Хорезмді солардан қорғайтын қалқан ролін атқарды.

Келе-келе Мұхаммед хорезмшах Гура және Газна сұлтандарының мемлекетін, Хорасан мен Ирак облыстарын, Түркістанның біраз бөлігін басып алып, күшейген соң бұрынғы келісімдерін орындамай, пұтқа табынушылар гүрханына салық төлеуін тоқтатты. Оның үстіне бұл кезде гүрханның шығыстағы вассалы да оған қарсы көтеріліске шыққан болатын. Осы жағдайды пайдаланып, Хорезмшах енді гүрханмен Қараханилердің батыс бөлігі үшін күреске түсті. Хорезмшах көп әскер жинап алып, Мәуераннахрды басып алу мақсатымен Бұхараға жорық жасады.

Ол жақын маңдағы иеліктердің басшыларына, оның ішінде Афрасиабтың ұрпағы, бұрынғы Самарқандтың билеушісі Осман сұлтанға қуанышты хабар беріп, тәтті уәделермен үміттендірді. Оның үстіне қара-қытай хандығына Күшіліктің тарапынан да қауіп төне бастады. Осындай қысыл-таяң кезде гүрхан өз вассалдарынан, оның ішінде Осман сұлтаннан да көмекке келуін талап етті. Мұның алдында Осман гүрханның қызын айттырып, тілегі қабылданбай қалған болатын. Соны сылтау етіп, Осман ашықтан-ашық Хорезмшах жағына шығып кетті.

Бұған жауап ретінде гүрхан 30 мыңдық әскер жіберіп, Самарқанды басып алды. Бірақ Күшіліктің күшеюіне байланысты қидан әскері кері шақырып алынды. Осыны пайдаланып, Самарқанды Мұхаммед сұлтан басып алды.

Гүрхандық дінсіздердің зорлық – зомбылығынан қорлық көріп жүрген Хорезмнің көршілері Мұхаммед сұлтанның ұсынысын қабыл алып, онымен келісімге келіп жатты.

Қара-қытайға бет алғанда Мұхаммед сұлтан жасырын түрде найманның ханзадасы Күшілікке де сәлем жолдап, өз жағына тартуға әрекет жасады.

Мұхаммед сұлтан Күшілікке сәті түсіп тұрғанда Шыңғысханға адалдық танытып, одақтас болып жүрген гүрханды құлатып, тағын тартып алуға кеңес береді. Егер уақытысында қашып кетпегенде, қайын атасы оны туыстығына қарамастан Шыңғысханға құрбандыққа шалып беретін еді деп Күшілікті гүрханға қарсы айдап салады. Өзі де осылай ойлап жүрген Күшілік Мұхаммед сұлтанның кеңесін қабыл алып, гүрхан тақтан тайғандай болса, оның орнына ең жақын туысы ретінде өзім отырамын да, оның иелігін өз иелігіме қосып аламын, сонан соң Хорасан ханының көмегімен Шыңғысханға тойтарыс беремін деп үміттенді /5/.

Бұл кезде гүрханның билігінің осалдығына Күшіліктің өзінің де көзі жете бастаған еді. Елдің шығысындағы әмірлер Чилуку гүрханнан кетіп, Шыңғысхан жағына шығып жатты. Енді бір әмірлер Күшіліктің төңірегіне топтасты. Күшілікке аман қалған найманның бұрынғы әмірлерін біріктіріп, гүрханның тағын тартып алу туралы ой келе бастаған болатын. Осындай шайтанның арбауына түскен Күшілік қайын атасына қарсы қастандық ұйымдастыруға көшті. Ол гүрханнан Еміл, Қаялық, Бешбалық төңірегінде босып жүрген наймандарды өз қол астына жинап, біріктіруге рұқсат алды. Сол күшпен гүрханның жоспарларын жүзеге асыруға көмектесіп отыруға, барлық тапсырмаларын бұлжытпай орындап отыратындығына, әрқашанда адал болатындығына ант берді.

Гүрхан оның уәдесіне сеніп, қол жинап келуге жіберді. Оның Түркістанға келгендігі туралы хабар тараған соң Шыңғысханның қылышынан қашып құтылған Таян-хан әскерінің қалдығы, олармен бірге жүрген наймандар дереу Күшіліктің қол астына келіп, жиналды. Онымен Баласағұнда кездесті. Гүрхан қол астындағы шағын әскерімен Күшілікті жеңді. Жеңілген Күшілік кейін шегініп, әскерін қайта тәртіпке келтірді. Баласағұн құпия түрде хорезмшах жағында болды. Себебі, бұл қаланың тұрғындарының басым көпшілігі мұсылмандар болған. Ол қаланы Күшілік келгенге дейін қара-қытай әскері талан-таражға салған болатын. «Мұсылман тарихшысының айтуынша 47000 адам опат болған» /6/.

Күшіліктің өзіне қарсы көтеріліске шығатын арам ойын байқаған Қара-қытайдың гүрханы оған бытырап кеткен ордасының халқын жинап алуға рұқсат бергеніне қатты өкінді. Оған қарсы соғысу үшін гүрхан өзінің вассалдарынан, оның ішінде самарқандтық Османнан көмектесулерін талап етті. Осман гүрханның қызын айттырғанда тілегі қабыл болмағандығы үшін өкпелі болатын. Сондықтанда ол өз сюзеренінің талабын орыдаудан бас тартып, ашық түрде хорезмшах жағына шығып кетті/7/ Гүрханның қиын жағдайда қалғанын ести сала Күшілік оған қарсы шайқасқа мықтап дайындалып, ұрысты қайтадан бастады. Бұл кезде гүрханның әскері бытырап кетіп еді. Күшілік гүрханды қоршап алып, оны тізе бүгуге мәжбүр етті. Күшілік гүрханды алдына келтіріп, тізе бүккізіп, қорлаған жоқ. Керісінше, оны құрметтеп, әкесіндей сыйлады. Бірақ өзі оның тағына отырып, оған қарасты Түркістан облыстарын өзіне қаратты.

Гүрханның тірі кезінде Күшілік іс жүзіндегі биліктің өз қолында екендігін қанағат тұтып, оның патшалық (абыройына) лауазымына қол сұққан жоқ; салтанатты қабылдаулар кезінде гүрхан тақта отырды, ал Күшілік оның хаджибтерінің ішінде орналасатын /8/.

Мұхаммед сұлтан өз жеңісінің жемісін сіңіріп кетті деп Күшілікке кінә тақты. Оның айтуынша гүрхан жауына (Мұхаммед сұлтанға- С.Т.) бітім шартын жасауды, хорезмшахқа қызы Табгаш-хатунды, оның жасауы ретінде барлық байлығын беруді, өзіне шағын ғана облысты қалдыруды ұсынып еді. Бірақ бұл кезде Күшілік гүрханның дәрменсіздігін пайдаланып қалып, оның патшалығын иемденіп кетті. Сондықтан сұлтан Күшіліктен енді гүрханды, оның қызы мен қазынасын өзіне жіберуін талап етті.

Мұндай қаһарлы талапқа Күшілік алғаш момақансып Мұхаммедке бай сыйлық жіберді де, гүрханды беруден бас тартты. Гүрханның өзі Хорезмде өзін күтіп тұрған тағдырдан өлердей қорқып, Күшіліктен Хорезмшахтың талабын орындамауын өтінді. Гүрханның өзінің айтуынша, өз иелігін аман сақтап қалу үшін хорезмшахпен бітім шартын жасауды ұсынғаны, оған қызын бермек болғаны рас. Бірақ Мұхаммед бұл ұсыныстарды қабылдамай тастаған болатын.

Күшілік сұлтанның талабын орындауды созып жіберген соң, хорезмшах өз талабын үзілді-кесілді түрде тағы да қайталады. Оның елшісі де Күшілікке қоқан-лоқылық көрсете бастағанда, ол елшінің қолына кісен салынды. Ол елші Қашғардағы және басқа жерлердегі Күшілік пен Мұхаммед отрядтарының арасындағы қақтығыстың бірінде әрең дегенде босанып шықты/9/. Екі жылдан кейін гүрхан қайғыдан қайтыс болды, оның әскері, қазынасы, мемлекеті түгелімен Күшіліктің қолына көшті

Хорезмшахтың жеңіске қосқан үлесі туралы онан әрі В.Бартольд ибн-ал-Асирдің пікірін келтіреді. Ол пікір бойынша хорезмшах партизандық соғыс жүргізуге ғана шамасы келетін шағын отрядтар жіберумен шектелді. Хоремшахтың мұндай патшаға емес, қарақшыға лайықты әрекеті Күшіліктің наразылығын туғызды. В.Бартольд: «... бірақ бұл наразылығын ашық айтуға Күшіліктің ары барды ма екен? Оның өзі де соғыстың осындай тәсілін қолданып отырды ғой. Сондай тәсілмен-ақ Күшілік алғаш Жетісу мен Сырдария облысының шығыс бөлігін иеленіп, ақыры бүкіл Қара-қытай мемлекетіне билігін орнатты ғой» /10/, - деген Ибн-ал-Асирдің пікірін толық қолдайды.

Алдымен мұсылмандық қозғалыстың соңғы қалдықтарын, яғни осы қозғалыс кезінде Құлжа өлкесінде тәуелсіз мемлекет құрған Бұзарды және өз ханын өлтірген қашғарлық бүлікшілердің басшыларын жеңу керек болды. Шығыс Түркістанды күшпен жаулап алуға әрекет жасамай, Күшілік оған қатарынан төрт жыл бойы (1211-1214 жж) егін жинау кезінде басып кіріп, ойран салып отырды.

Күшіліктің шапқыншылықтары мақсатына жетті: елде ашаршылық орын алып, халықты Күшілікке бағынуға мәжбүр етті. Бағындырылған қалаларда билігін нығайтқан соң Күшілік алым-салық мөлшерін ұлғайтып, халыққа қысым көрсетті.Осындай сыртқы соғыстар мен ішкі дүрбелеңге енді дінді қудалаушылық қосылды. Мұсылманша құдайға құлшылық етуге тиым салынды. Халықтан христиан дініне немесе пұтқа табынушылыққа өту талап етілді. Мұсылмандар қытайша киінуге тиіс болды. «Ол талапқа көнбегендерді ХІҮ Людовиктің табанды протестанттары жазалағанындай жазалады: үй-үйге бір-бір солдаттан орналастырды және оларға қасарушыларды қыспақтау еркін берді» /11/. Пұтқа табынушылар ойына келгендерін істеді, оларға ешкім қарсылық көрсете алмады. «Ол мұсылмандықтың түбірін талқандап, пұтқа табынушылардың барлық тілектерін орындады.Оның тирандығынан халық ақырғы деміне жетіп, зар еңіреді»/12/.

Күшілік Хотанды басып алды. Ол Хотан халқын ислам дініне шығып, христиандықты немесе пұтқа табынушылықты қабылдауға, қытай үлгісімен киінуге мәжбүрледі. Ол мұсылман имамдарының ілімін күштеп жоққа шығаруға тырысты. Ол жаршылар арқылы барлық оқымыстылар мен тақуалар сияқты киінген адамдарды қаладан далаға шығуын талап етті. Бұл бұйрыққа сай барлық Хотан имамдары далаға шығып, көрсетілген жерге жиналды. Олардың ішіндегі ақсақалы Ала-ад-дин Мұхамед-и Хотани имам Күшіліктің қасына келіп, тілін қайрап, шындық жайлы айтысқа дайындалды. Олар айтысты дін саласынан бастады.

Дауыстар қатты шығып, ақиқат өтірікті жеңіп, оқымысты наданнан асып түсіп, имам Ала-ад-дин қарсыласын жерге қаратқанда, Күшілік абыржып, сасқалақтап, не дерін білмей біраз уақыт мелшиіп, қатып қалды. Ашуға булығып тұрып ол улы тілмен Алланың қасиетті елшісіне айтылмайтын әдепсіз, балағат сөздермен дүрсе қоя берді. Мұхаммед имам оның мұндай әдепсіздігіне: «О шынайы діннің дұшпаны, сенің аузыңа құм құйылсын!»/13/,– деп жауап берді.

Күшілік Ала-ад-дин имамды ұстап алып, қатты қинауға, азаптауға бұйрық берді. Ала-ад-дин ол қинауды тайсалмай қарсы алып, тастай шыдамдылық танытты. Әбден қинаған соң имамды өз медресесінің есігіне керіп қойды.Оның өлімімен мұсылмандық әлсірей бастады, тирандық пен күнәкәрліктің шеңгелі мұсылмандарды ауыр қыспағына алды. Халық құдайға жалбарынып, күнәкәрлерді жазалаудан өтінді. Олардың тілегі қабыл болып, Алла тиран – пұтқа табынушыны әлемді жаулап алушы Шыңғысханның әскерімен жазалады.Күшіліктің тирандығы моңғолдардың қара-қытай мемлекетін жаулап алуын жеңілдетті. Оның билігі кезінде Орта Азияда ислам діні бірінші және соңғы рет қудалауға ұшырады.

Хорезмшах Мұхаммед сұлтан мұсылмандарға көмектесудің орнына керісінше, оларды ислам дінін қудалаушы Күшіліктің билігін мойындауға итермелей түсті. Мұхаммед тек өзімен діндес қашғарлықтар мен хотандықтарды ғана емес, тіпті Мәуереннахрдың солтүстік облыстарын да Күшіліктен қорғап қала алмады. Күшіліктің Мәуереннахрға шабуылынан қауіптеніп,1214 жылдың ортасына дейін сұлтан жаз айларын Самарқандта өткізіп тұрды. Ақырында оның бұйрығымен Испиджаб, Шаш, Ферғана және Касанның халықтары оңтүстік –батысқа көшірілді. Сонан кейін ол облыстардың байлығы Күшіліктің қолына көшпесін деген оймен тып-типылы шығып тоналды. Хорезмшах ол облыстарды өз қол астында ұстап тұра алмайтындығын білген соң тонады.

В.В.Бартольд бұл мәліметке сенуге болмайтын сияқты деп санайды. Оның айтуынша 1221 жылы қарашады осы жерлермен өткен қытайлық Чан-чунь Сайрам мен Сырдария бойындағы тағы да екі қала туралы хабарлайды, бірақ олардың күйрегені туралы ләм-мим демейді/14/.

Мұсылман патшаларының ішіндегі ең құдіреттісі хорезмшах пен 1218 жылы моңғол қолбасшысы оп-оңай жеңген көшпенділер басшысының арасындағы күрес осындай нәтижемен аяқталды.

Ибн–ал-Асирдің аңызына сүйене отырып, В.Бартольд Күшілікті араб халифатын хорезмшахтың басып алуынан аман алып қалушы етіп көрсетеді. Ол аңыз бойынша Акканың епископы Яков де Витридің жіберген хабарында халиф несториан патриархымен келісе отырып «хандардың ханын жеңген Мұхаммедтен» Сырдарияның арғы жағына тартып алған «Давид патшаға, яғни Күшілікке елшілік жіберген. Халифтің елшілерінің ықпалымен «Давид патша хорезмшахпен соғысты. Соның нәтижесінде хорезмшах халифатқа жорық жасамай, еліне қайтып кетті»/15/.

Онан әрі В.Бартольд халифтың шығыстағы хорезмшахтың көршілерінен одақтас іздегенін растайды. Осы мақсатпен халифтың алдымен Гурилерге, сонан соң Күшілікке елшілер жібергенін хабарлайды.

Күшілікпен соғыс кезінде хорезмшах Түркістандық керуен жолын жауып тастаған болатын.Оның үстіне хорезмшахтың моңғолдардың 450 адамнан тұратын сауда керуенін қырғызып жіберуі Шыңғысханның Мұхаммед сұлтанмен соғысуына себеп болды. Ол соғысты бастаудан бұрын Шыңғысхан алдымен Күшілікті таңдау керек деп тапты. Күшілік бұл кезде Қашғарда болатын.

Қашғарға жорық жасаудың алдында ол шамамен 1211 жылы Жошының қызына үйленген, Шыңғысханмен одақ құрған қарлұқ ханы Бұзарды (бір мәліметтерде – Озар Тұғырыл- С.Т.) қапыда қолға түсірді. /16/ Сонан соң ол хандықтың ордасы Алмалықты қоршады.Бірақ Бұзардың жұбайы Селбек Турканның басшылығымен халық қаланы қорғап алды. Ақырында ол Алмалықтан кетуге мәжбүр болды. Жолда ол Бұзарды өлтіріп кетті. Бұл хабарды естіген соң Шыңғысхан елінің батысындағы қауіпті жауы Күшілікті құртуға бекем бел байлады.

Моңғол үстіртіндегі барлық тайпалар мен ұлыстарды, меркіттер мен түметтерді толық бағындырғанымен Шыңғысханды күшті де пысық найман ханзадасы Күшілік мазалай берді. Ол Шыңғысханның Қытайды бағындыруына қол байлау болды.

Қытайдағы жаулап алған жерлерін Жалайырдан шыққан қолбасшысы Мұқали го ванға тапсырып, Шыңғысхан 1216 жылдың басында Моңғолияға қайтып келді де, оң және сол қанат, т.б. әскерлерімен Түркістан мен Иранға жорық жасауға дайындала бастады. Бұл жорықтың алдында ол найман ханзадасы Күшілік пен тағы да басқа бүлік жасап жүрген тайпаларды біржолата бағындырып алуды ұйғарды.

Осы мақсатпен Шыңғысхан 1216 жылы найман ханзадасы Күшілікті құртып келуге Жебе (Зэдэ) ноянды Қара Киданге жіберді. Күшіліктің мемлекетіндегі халықтың басым көпшілігі болып табылатын мұсылмандар Шыңғысхан жіберген отрядты өздерін құтқарушылар ретінде қуана қарсы алды/17/. Бірақ ноян Құлжа өлкесінен Күшілікті таппай, Қара-киданды бағындырды. Алмалыққа Бұзардың баласы Сұғынақ-Тегінді басшы етіп тағайындап, онан әрі Күшіліктің соңына түсті. Моңғол әскері Қашқарияға келіп кіргенде халық оларды қатыгез қудалаушылықтан құтқарушылар ретінде қарсы алып, олардың келуін құдайдың қайырымдылығы деп қабылдады/18/.

Жетісудың астанасы Баласағұнды моңғолдар қарсылықсыз басып алды да, оған Гобалық, яғни жақсы қала деген атақ берді/19/. Баласағұнның тұрғындарынан моңғол отрядтары тек Күшілік туралы мәлімет талап етіп, мал-мүліктеріне тиіскен жоқ /20/.

Моңғол әскері ұрысты бастамай жатып-ақ Күшілік тұра қашты. Ал Әбілғазының мәліметі бойынша Шыңғысханның Күшілікке қарсы жіберген Шошы (Жебе-С.Т.) ноян басқарған әскері «Күшілікпен соғысып, оның қолын талқандап, оның үй ішін қолға түсірді, құл-күң қылды. Күшілік азғана адаммен қашып кетті. Бірнеше күннен кейін оның артынан қуып жетіп, кісілерін талқандады, бірақ өзі үш адаммен тағы құтылып, Бадахшан жақтағы Сарыкөл жазығына кетті. Шоша ноян оны індетіп қуа берді. Іздеп-іздеп таба алмай келе жатқанда, екі атты қуып келе жатқан адамды кездестірді. Одан «осындай белгісі бар адамдарды көрдің бе? деп сұрап еді, ол сондай үш адам мына жаққа кетті деп, кеткен жағын көрсетті. Бағытын білгеннен кейін Шоша ноян тездетіп қуып, Күшілікті ұстап, басын кесіп, ханға әкелді. Хан оған көп сыйлықтар беріп, өзінің құрметіне бөледі» /21/.

Замандастарының алдында Күшіліктің мемлекетін жаулап алу өте маңызды оқиға болып көрінгені соншалық, Шыңғысхан өз қолбасшысы мақтанып, қол астынан шығып кетер ме екен деп қауіптеніпті/22/. Сол себепті «ол өзінің генералына табыстан басы айналмауын айтып баруды тапсырды, себебі Уаң ханның, Таян ханның, Күшілік ханның, бұдан басқа да соңғы жылдары ұлы билеушінің өзі құртқан жандардың түптеріне жеткен, ең алдымен осы менмендік болатын» /23/.

Енді бір дерек көзі бойынша Күшілік жеңіле бастаған соң тағы да қашып құтылмақ болады. Соңына ерген үш-төрт нөкерімен шайқас алаңынан сытылып шығып, біраз уақыт тау-тасты, даланы паналап жүрді. Бадахшан маңындағы Сарыкөлде моңғол әскері қуып жетіп, қолға түсірді Оның кесіп алынған басын Жебе ноян Шыңғысханға жеткізді /24/.

Күшіліктің ақыры туралы баяндауымызды дерек көздерінде нақтылы мәлімет кездеспегенімен шынында да солай болған шығар деген оймен жазушы К.Әбдірахманның төмендегі сөздерімен аяқтағанды жөн көрдік.

«Басын Шыңғысқа жеткізгенде ол: «Атымды белдеуден, қылышымды белбеуден кетірмей жиырма жыл соғысқан, мені әбден шыңдап, осындай атаққа жеткізген найман еді. Енді кім менімен тең тұрып тіреседі? деп «аһ» ұрыпты.

Күшіліктің басын ортаға қойып, балаларын жинап: «Артында мынандай ұл қалған әкеде арман жоқ», - деп үлгі етіпті. Жарлық беріп, денесіз басты ханға лайық жерлетіпті» /2/. Бұл шындық болар. Тіпті шындық болмаса да, біраз қателіктеріне қарамастан Күшіліктің басы ондай құрметке лайықты бас.

Рим папасы ІҮ Иннокентийдің 1245 жылы моңғолдар державасына жіберген миссионері Плано Карпини екі таудың арасындағы енсіз жазық жерден өткендігін, сол жерде наймандар мен қара-қытайлар өте көп әскер жинап алып, моңғолдармен соғысқандығын, жеңіліп қалғандығын хабарлайды Оның естуінше наймандар мен қара-қытайлардың көпшілігі қырылып кетті, аман қалып, қолға түскендері құлға айналдырылды /26/.

Күшіліктің мемлекетін қарсылықсыз басып алу үшін моңғолдың қолбасшысы оның дінді қудалаушылығын өте шебер пайдалана білді.

Жебе ноян дін бостандығын жариялады, яғни қайсы дінді ұстанамын десе де әр адамның өз еркі болды. Қалалардағы мұсылман үйлеріне бекітілген Күшіліктің жауынгерлерін халық қуып шығып, құртып жіберді. Күшілік еш жерден табан тірерлік тұрақ таппай, қуылып отырды. Ақырында ол Бадахшан тауының ішінде жолдан адасып кетті. Моңғол әскері оны Сарыкөл деген шатқалда қолға түсірді де, өлтіріп, кейін қайтты.

Шыңғысханның Күшілікті жеңуі дінді қудалауды тоқтатты; 1211 жылдан бастап Шыңғысханмен байланыс орнатқан қара-қытайлықтардың бұрынғы мұсылман бодандары толық дін еркіндігіне ие болды. Аман қалған қара-қытайлықтар да мұсылманша киінуге көшті Орта Азияда қара-қытайлықтар билігінің ешбір белгісі – жазуы, құрылыстары сақталмады /27/ Құдайға жалбарынып, күнәкарларды жазалауын өтінген мұсылман халықтарының тілегі қабыл болып, Алла тиран – пұтқа табынушылығын Шыңғысханның әскерімен жазалады. Ислам дініне сеніп, оны басшылыққа алып, нығайтып жатқандардың жолы оңынан болып, жастары ұзарып, бақыт құшағына бөленді /29/.

Қорыта айтқанда, Шыңғысханның көшпенді моңғол және түркі тайпаларын бір орталыққа бағындырылған мемлекетке біріктіру үшін күресі кезінде Күшіліктің шолақ саясатының нәтижесінде найман тайпасы түркілік халықтардың ішіндегі бірден-бір ең ауыр соққыға ұшыраған тайпа болды.Бұл тайпаны моңғолдар төрт рет шапқыншылыққа ұшыратып, тарыдай шашып жіберді. Шыңғысханның жер үшін емес, заман талабына сай көшпенділер өркениетін онан әрі дамытып, өрге көтеру үшін күресіп жүргенін түсінуге өресі жетпеген Күшіліктің кертартпа саясаты найман тайпасын орны толмас шығынға ұшыратты: халқы қырылып, қонысынан қуылды.

Күшіліктің алдын болжай алмайтын билігі, сондай-ақ Шығыс Түркістан мен Жетісу халықтарына да ауыр қайғы-қасірет әкелді. Қара –қытай тағына ие болған соң Күшілік Хорезмшахпен күрес бастап, ислам әлемінен қауіптеніп отырған христиандық Батыс Еуропаны қуаныш сезімге бөледі Ол күрес «христиандарға шығыстан келе жатқан көмек туралы хабардың тарауына себеп болды. Еуропаны сыбыс дүрліктірді. Палестиналық Акканың епископы Яков де Витри 1221 жылғы хатында Бағдад халифының несториан патриархы арқылы «Давид патшамен, яғни Күшілікпен қатынас орнатуға әрекет жасағанын хабарлайды. Күшіліктің өз қол астындағы мұсылмандарды қатыгездікпен қудалап жатқанына қарамастан, халиф мұсылмандық Хорезмшахпен қасиетті жер үшін күресінде одан көмек аламын деп үміттенді.Бірақ халифтың Күшілікке елші жіберген – жібермегендігі туралы мәлімет тарихи деректерде кездеспейді.

ХІІІ ғасырдың басындағы Күшіліктің билікке келуі ішкі қайшылықтардан ушығып, ортаазиялық халықтардың қидандар езгісінен құтылу үшін жүргізіп жатқан күресінен шайқалып тұрған, сыртқы саяси аренада бірнеше ірі сәтсіздіктерге ұшырап, найман ханзадасының иегінен аса алмаушылық ішкі және сыртқы саясатының салдарынан әлсіреп, қайғылы мәресіне жылдам жақындап келе жатқан батыс қидандық мемлекеттің тарихындағы ақырғы кезеңі болды. Жаңа басшы қабілетсіз саяси қайраткер болып шықты. Оның мұсылмандарды қудалау саясаты халықтың жаппай өшпенділігін туғызды. Күшіліктің тирандығы моңғолдардың қара-қытай мемлекетін жаулап алуын жеңілдетті. Күшілік қаза тапқаннан кейін наймандар өзінің дана ақсақалы Кетбұқаның басшылығымен Шыңғысханмен табысып, оның «оң жағынан орын тепті, жау емес жабал түгел біріккен жекжат –туысына» /29/ айналып, онан әрі қырылып кетуден аман қалды. Шыңғысхан мен оның балалары, немерелері құрған ұлыстың, хандықтың құрамына кіріп, наймандар, басқа да Қазақстан аумағына келіп қоныстанған түркілік ру-тайпалармен бейбіт өмірге көшіп, өсіп-өне бастады. Солармен бірге ХҮ ғасырдың ортасынан бастап қазақ ұлтының негізін қалауға атсалысты.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Бартольд В.В. Сочинения. Т. ІІ, Ч. 2.М., 1964.-295 с.

2. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІІ, Ч. 2. С.53 .

3. Полная история Чингис-хана, составленная из татарских летописей и других достоверных источников. Изд. Н.Горлов. –СПб., 1840

4. Там же, С.32 .

5. Полная история Чингис-хана, составленная из татарских летописей и других достоверных источников. Изд. Н.Горлов. С.49-50 .

6. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІҮ, М., 1966.С.102 .

7. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч. ІІ. С.384-385 .

8. Там же, с.394 .

9. Там же , с.395 .

10. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч. ІІ. С.395.

11. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІҮ.С. 102 .

12. Григорьев В. История монголов. – С.Пб., 1840.С.19 .

13. Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. І, кн.2. М.-Л., 1952.С.183

14. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІІ, Ч. І. М.,1963.254- б.

15. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч. ІІ. 403 б.

16. Там же., С.431-432 .

17. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІІ , Ч. І, - 254 с.

18. Бартольд В.В. Сочинения Т. ІІ , Ч .ІІ, - 433 с.

19. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч. ІІ. -433 с.

20. Там же., С.28 .

21. Әбілғазы. Түрік шежіресі. – А., 1991, .67б .

22. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч. ІІ. 434 с.

23. Д.Оссон К. Шыңғысханнан Әмір Темірге дейін., Астана, 2003. 116б .

24. Григорьев В. История монголов. С.19-20 .

25. Абдрахманов К. Хан батыр – Қаракерей Қабанбай. Астана, 2005. 26 б.

26. Путешествия в Восточные страны. С.34.

27. Бартольд В.В. Сочинения Т.Ү ,. 546 с.

28. Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1, кн. 2. 184 с.

29. Абдрахманов К. Хан батыр – Қаракерей Қабанбай. Астана, 2005. 29 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада найман ханзадасы Күшіліктің Шыңғысханға, оның киіз үйлі көшпенділердің өркениетін өркендету әрекетіне қарсы күресі, оның жеңілу себептері баяндалады.

РЕЗЮМЕ
На основе изучения и анализа как некоторых первоисточников, так и ряда исследований, в статье автором сделана попытка по новому взглянуть на роль монгольских завоеваний Казахстана в дальнейшем развитии цивилизаций кочевников с одной стороны, и на тормозившие этот процесс действия найманского царевича Кушлука с другой стороны.




ЖАҢА ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет