Проблемы повышения качества образования в условиях глобализации


ЖАСТАР ҚАТЫСҚАН ЖЕЛТОҚСАН



бет15/16
Дата24.04.2016
өлшемі1.56 Mb.
#78707
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ЖАСТАР ҚАТЫСҚАН ЖЕЛТОҚСАН
Төлекова А.-магистрант (Алматы қ., Қазмемқызпу)
XX ғасырдың еншісінде қалып, жылдар өткен сайын зерттеушілер тарапынан жаңалықтары ашылып жатқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына да жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы желтоқсан оқиғасының негізгі қозғаушы күші жастар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Менің ғылыми мақаламның негізгі мақсаты да осы оқиғаға қазақ жастарының қатысуы туралы баяндалмақ.

Желтоқсан оқиғаларын Д.А.Қонаевты бірінші хатшы қызметінен босатқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Пленумы тұтандырды. Бұл Пленумда Г.В.Колбинді бірінші хатшы етіп сайлау туралы шешімі Орталықтың бірінші басшыны тағайындау жөніндегі қалыптасқан дәстүрі арнасында қабылданды. Бұл шешім қайта құру жария еткен принциптерге, демократияландыру мен құқықтық мемлекет құру бағытына қайшы келді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешімі туралы хабар республикалық радио бойынша 16 желтоқсанда, сағат 15:00-де берілді. Сол күннің кешіне қалалық ішкі істер басқармасы мен республика Мемлекет қауіпсіздігі комитетіне жергілікті халық өкілдері арасындағы Пленум шешіміне көңіл толмаушылық туралы хабарлар түсті. Қаладағы жағдай мазасыз деп бағаланды. Әсіресе, студент және жұмысшы жатақханаларында қызу талқылау жүріп жатты.

1986 жылғы 17 желтоқсанда осы шешімге халықтың әлеуметтік жағынан неғұрлым кедей тобы - қазақ жұмысшы және студент жастары қарсы шықты.

Жастардың алғашқы топтары қолдарына Орталық Комитет Пленумының шешіміне қарсылық білдірген ұрандар ұстаған 200-300 адам көлемінде 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 7-8 шамасында Компартия Орталық Комитеті үйі алдындағы алаңға жиналды. Сағат 9.30 шамасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, республика Министрлер Советі мен ішкі істер министрлігі, КСРО Ішкі істер министрлігі, КСРО Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің кезекші бөліміне хабарланды /1/.

Дабыл бойынша, Ішкі істер басқармасы, Калинин, Совет, Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімдерінің жедеғабыл топтары, өрттен қорғау полкі мен 5449 әскери бөлімше - милиция арнаулы батальонының нарядтары, УГРО, мемлекет мүлкін талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлімі мен Ішкі істер министрлігінің жетінші басқармасының қызметкерлері көтерілді. Үш Ішкі істер бөлімі, өрттен қорғау полкы мен 5449 әскери бөлімше жеке құрамдарының күшімен алаң қорғауға алынып, демонстрацияға шығушылар бөлініп тасталынды. Өрт сөндіру машиналары дайындық сапына келтірілді. 5449 әскери бөлімшенің арнаулы машинасында қалқан, дулыға, газдан қорғайтын респираторлар мен сойылдар болған. Демонстрацияға қатысушылар фотоға түсіріліп, оған қоса-қабат бейне-камераға түсіру жүрді.

Әр түрлі ақпар бойынша алаңдағы бой көрсетушілер саны таңертеңгі сағат 10 шамасында 300-ден 1000 адамға жеткен /2/.

Сағат 10.30. шамасында Алматы гарнизоны бойынша нөмірі бірінші жауынгерлік дайындық жарияланды, теміржол вокзалдары мен аэропорттар жабылды.

Сағат 13.30-да бой көрсетушілер жолдағы автомобильдер бөгетін көктей отырып, алаңға қайтып оралды. Әр түрлі дерек бойынша маршқа қатыспаған жастар мен қарау үшін келген жүргіншілер жиналып қалған екен. КазМУ қалашығы жағынан, Бейбітшілік көшесі тұсынан алаңға, қолдарына қызыл, ақ жалаулар ұстаған құрамы 600-дей үлкен топ шықты /3/.

Алаңды қоршап алып, оған ешкімді енгізбеу, шығармау жөнінде бұйрық берілді. Алаңға 7524 және 7552 әскери бөлімшелер әкелінді. Олар оқ өткізбейтін сауыт-кеудеше, дулыға, қалқан, сойылмен жарақтанған еді. Екі арнаулы машинада арнайы құралдар - түтінге қақалтатын шашытқы, белгі беретін ракета, көзден жас ағызатын “мойыл” газы, әскери оқ-дәрі сақталды. 7552 әскери бөлімшеге қызметші-иісші иттер бөлімшесі берілді. Алаңға өрт сөндіру полкінің 5-ші итсейістер ротасы келтірілді /4/.

Сағат 17-де алаңға сапер күрекшелерімен жабдықталған, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті Алматы жоғары командалық шекара әскерлері училищесінің 600 адамдық жеке құрамы келіп жетті. Шекарашы курсанттар Қазақ КСР Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Чебриковтың бұйрығымен әкелінді/5/.

Билеуші жақ алаңдағылардан өздерін жоғары санап, оларды салған жерден экстремистер, нашақорлар мен маскүнемдер ретінде қаралады. Алаңдағы жастарды қуып тарату үшін оларға өрт сөндіргіш машинадан суық су шашып, көзден жас ағызатын газ бүрікті. Қорғансыз жастар итке таланып, соққыға жығылды, қолға түскендерді белгісіз жақтарға тасып әкетілді. Әсіресе, нәзік жанды қыз балаларды шашынан ұстап сүйрелеу, оларды аяусыз ұрып-соғу жастардың бәрін тіптен ашындырып жіберді.

Құқық қорғау органдары мен прокуратураның басшылары саперлік кіші күректер мен қызмет иттерінің қолданғанын соңғы кезге дейін мойындамай келді.

Түрлі деректерге сәйкес студенттер ұйымдастырған бұл ереуілге Алматыдан 10000 төңірегінде, ал елді мекендерден 300000 адам қатысқан, өлгендер мен жараланғандар көп көрінеді /6/.

Оқиғалардың зардаптары туралы ресми деректер кереғар әрі дәл емес болып шықты. Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша ұсталғандардың саны - 2336, Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің деректері бойынша - 2212, прокуратураның деректері бойынша - 2401 адам. Уақытша қамау изоляторларына арнаулы қабылдау орындарына, тергеу изоляторларына жеткізілген және қала сыртына апарып тасталған адамдарды ескергенде ұсталғандар санының 8,5 мыңға жуық болғаны анықталды. Денесіне жарақат түскен адамдардың саны - 763-тен 1137-ге дейін - деп әр түрлі көрсетілді, ал комиссияның бағалануынша - 1,7 мыңнан астам адам дене жарақатын алған /7/.

Оқиғаларға қатысушылардың қозғалған қылмысты істерін сот пен тергеуде қарау процесінде де заңдылықтың өрескел түрде бұзылуына жол берген. Солар бойынша тергеу қысқа мерзімде, үстірт және айыптауға айқын бейімділікпен жүргізілген. Сот-тергеу аппаратының оқиғаларға қатысушылар туралы істер жөніндегі жұмысына барлық деңгейдегі тергеушілер мен судьялардың біле тұра әдейі принципсіздікпен қарауы тән болған және ол сот пен прокуратура басшылығы, саяси билік орындары тарапынан ашықтан-ашық қысым жасау жағдайында жүзеге асырылған. Ал, ол шапшаң әрі заңсыз айыптау үкімдері мен қорытындыларын қабылдауға мәжбүр еткен. Сотталған 99 адамның 46-сы қазіргі кезде ақталды. Сотталып, жаза мерзімдері кемітілгендердің көбі ақталуға лайық.

Желтоқсан оқиғалары кезінде үш адам қайтыс болды - телеорталық инженері Савицкий, Энергетикалық институт студенті Сыпатаев және автопарк бақылаушысы Аристов /8/.

Оқиғалар құрбандығына дәлелді негіздермен ресми мәліметтер бойынша өзіне-өзі қол салды деп есептелетін мына үш жастың өлімін де жатқызуға болады:



  • Асанова Ләззат, 16 жаста, Алматы музыка училищесінің оқушысы, ҚазКСР Қылмысты істер кодексінің 65 тармағы бойынша жауапқа тартылғаннан өлімді артық көріп, үй төбесінен секіріп өлген;

  • Мұхамеджанова Сәбира, 16 жаста, Өскемен педагогика училищесінің оқушысы, МҚК қызметкерлерінің кезекті “илеуінен” кейін терезеден қарғып кеткен;

  • Рысқұлбеков Қайрат, 22 жаста. Алматы Сәулет-құрылысы институтының студенті - өлім жазасына бұйырылып, кейін бұл 20 жыл бас бостандығынан айру жазасымен ауыстырылып, ол Семей қаласындағы бекет түрмеде асылып қалған жерінен табылған /9/.

Дене жарақатын алғандар туралы мәліметтер де толық емес. Алматы қалалық атқару комитетінің мәліметі бойынша олардың саны 763, қалалық ішкі істер басқармасы 1001, МҚК мен ҚазКСР Прокуратурасы 1137 адамды, республика Денсаулық сақтау министрлігі 1233 адамды айтады. Жиырма “жедел жәрдем” бригадасы қаланың емдеу орындарына 540 адамды жеткізген, 204 адам госпитальға түскен. Комиссия сарапшыларының есебі бойынша, Алматыда ғана 170-ден астам адам дене жарақатын алған. Бірақ бұл мәліметтер де төмендегідей себептерге байланысты дәл емес /10/:

  • Ішкі істер министрлігінің емдеу орындарында қанталау мен жеңіл жараға дейінгі барлық жарақат есебі жүргізілсе, осы күндері МҚК қызметкерлері қаланың барлық емдеу мекемелерінде дәрігерлік көмек сұрап келгендерді тіркеп отыруы себепті жеңіл жарақат алған бой көрсетушілер жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, дәрігерлік жәрдем сұрамаған;

  • МҚК мен прокуратура қызметкерлерінің емдеу мекемелерінен аурулар тарихын алып кету фактілері тіркелген дәрігерлік көмек сұрау көлемін дәл анықтауды қиындатты;

  • тіркелмей-ақ дәрігерлік жәрдем көрсетілген кездер болған;

  • аязда адамдарды мұздай сумен шомылдырудан, жерден бірнеше сағат бойында жатып қалып, қала шетіне апарып тастағаннан болатын аурулар ескерілмеген;

  • екі жақтың да оқиғаға қатысушыларының куәлар мен ата-аналардың жүйке ауруларына, стрестік жағдайға шалдығуы ескерілмеген.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 11 транспорт түрі өртеліп, 24-не зақым келтірілді, 39 автобус пен 33 жеңіл такси машинасы істен шықты, 13 жатақханаға, бес оқу орнына, алты сауда кәсіпорнына, төрт әкімшілік үйіне материалдық шығын келтірілді /11/.

Ресми мәліметтер бойынша 264 адам оқу орындарынан шығарылған. Халыққа білім беру министрінің соңғы анықтамасында (1990 жылғы тамыз) оқудан шығарылғандар саны 309. Бұл жерде Денсаулық сақтау министрлігі мен жол қатынастары министрлігінің жүйесіндегі оқу орындары студенттері мен оқушылары есептелмейді /12/.

БЛКЖО бойынша 1922 адам жазаланды (758 жас оқудан шығарылып, 1164-не жаза қолданылды), СОКП қатарынан 53 адам шығарылып, партиялық жолмен 210 адам жазаланды.

Оқиғаларға қатысқан 319 адам жұмыстан шығарылды.

Жаппай тәртіпсіздіктерді басуда батылдық пен жанқиярлық көрсеткені үшін Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің 1586 қызметкеріне “Құрмет грамоталары”, “Үздік қызметі үшін”, “Милиция үздігі” белгілері, ақшалай сыйлықтар беріліп, алғыс жарияланды.

250 адам Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президиумының медальдарымен, 250 адам грамоталарымен, құрмет грамоталарымен наградталды /13/.

Бой көрсетушілерді қуып таратудың арнаулы жедел жоспары “Метель - 1986”деген кодтық атпен ССРО Ішкі істер министрінің 1985 ж. 19 желтоқсандағы “Қоғамдық тәртіпті топталып бұзушыларды ауыздықтау және алдын-ала тактикасы мен ұйымдастырылуы жөніндегі талаптарын” бекіту және іске енгізу туралы бұйрығының негізінде жасалды.

Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті комиссияға “Метель - 1986” жедел жоспарына жасалған қосымшаны ұсынды (жаппай тәртіпсіздікті жою жөніндегі МҚК мен ІІМ-нің өзара қимыл жоспары).

“Метель - 1986” жоспарына:


  • Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің оперативті штабын құру;

  • штабтың жұмыс топтарын құру;

  • арнаулы құрама отряд жасақтау;

  • аталған операцияны өткізуге тартылған күш пен құрал-жабдық есебін жасау міндеттері кірді.

Штабтың қарауында барлығы 2928 адамнан тұратын үш жедел топ және арнаулы құрама отряд бар еді. Операцияны өткізуге 5700 адамнан тұратын Алматы гарнизонының күштері мен құралы тартылды (оның ішінде 1932 адам резервте тұрды). Мұнан басқа КСРО ІІМ-нің арнайы ішкі әскерлері енгізілді: 5449 ә.б., 7552 ә.б. - Алматы қаласынан, 6554 ә.б. - Алматы облысындағы Қаратемірден, 5450 ә.б. - Фрунзе қаласынан, 3408 және 5452 ә.б. - Ташкент қаласынан, 5426 ә.б. - Челябі қаласынан, 5427 ә.б. - Новосибирь қаласынан, 5424 ә.б. - Уфа қаласынан, 5425 ә.б. - Свердловск қаласынан, ә.б. - Тбилиси қаласынан - барлығы 2169 адам /14/.

Ресми мәләметтер бойынша алаңдағы бой көрсетушілер саны 3 мың мен 5 мыңның арасында болған. Бұл деректер шын болса, онда тәртіп қорғаушылардың бой көрсетушілерден бес, алты есе көп болуының ақтаушысы кәне. Кейбір куәлер айтқандай, бой көрсетушілер саны 15 мың шамасында болғанның өзінде басымдық 1,3-1,6 есе құрайды. Ресми мәліметтердің дәлсіздігін оқиғалардың шын ауқымын жасырып қалушылықты ұсталған бой көрсетушілердің жалпы санынан көруге болады - ІІМ, прокуратура мен МҚК мәліметтері бойынша олардың саны 2200-2400, ал Комиссия есебі бойынша 8,5 мың аралығы /15/.

Алаңға шыққан жастардың о бастан “жау” деп қаралғанына мына факты дәлел. 17 желтоқсан күні сағат 14-те тәртіпсіздік әлі байқалмай тұрғанда Брежнев алаңына жеке құрам қаруы мен оқ-дәрі тиелген 7552 әскери бөлімшенің екі машинасы келген. № 99-90 ФК нөмерлі, оқ-дәрі (патрон, белгілік жарық беруші ракеталар, түтінге қақалтатын қол гранаталар, “мойыл” газды баллондар) тиелген машинаға шабуыл жасалып, өртеп жіберілді. 7552 ә.б. құрама отрядының командирі подполковник В.М.Дорофев қару мен оқ-дәрі алаңға оперативті жоспарда оларды қолдану мүмкіндігі қаралғандықтан жеткізілгенін көрсетті /16/.

1986 жылғы желтоқсанның “Метелі” Қазақстанда сыналып, бастыққаннан кейін Бакуде, Ереванда, Тбилисиде, әйтеуір жүйе өзінің іргесін шайқалтатын қауіптің сағымын салған бар жерде бұрқап өтті.

Сонымен, “ығыстыру операциясы” деп аталатын шаралар заңға қайшы, адамшылыққа жат әдіс-тәсілдерді пайдаланумен, әрі ақтаушысы жоқ, мәнсіз қатыгездікпен жүргізілгені анықталды. Солдаттар мен милицияның қимылы шабуылды тойтару, не қорғаныс мақсатына емес, адамдарды, оның үстіне қашып бара жатқандарды қуалауға бағытталды. Бұған дене жарақатын алған бой көрсетушілердің көпшілігінің желке тұсынан жарақаттануы да бір дәлел. Ұрып-соғудың қатыгез қаталдығына адамдардың көпшілігінің қабырғасының сынғаны, іш құрылысының езіліп кетуі куә. Осындай миына зақым келген ауыр жарақатта Алматы энергетика институтының студенті Е.Сыпатаев қайтыс болды.

Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары ел есінде сақталды. Бұл тәуелсіздік үшін және Қазақстанның егемендігі үшін күрестің бастамасы болды. Сол үшін зардап шеккен адамдар тиісінше құқықтар мен жеңілдіктерге ие болуға тиіс. Бұл, тек олар үшін ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпақ үшін қажет.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Желтоқсан-86. 1-кітап. Ұлт теңдігі көтерілісі. –Алматы, 2006. -32 б.

2. Берлібаев Б. Жастар не үшін көтерілді? // Парасат. -2006. -11 б.

3. Желтоқсан-86. 34 б.

4. Бұл да сонда. 35 б.

5. Бұл да сонда. 36 б.

6. Х. Оралтай. «Әлем қазақтарын дүрліктірген күн». //Парасат 2006 ж. 11 б.

7. «Желтоқсан-86». Алматы: 2006. 1-кітап. Ұлт теңдігі көтерілісі. 17 б.

8. Бұл да сонда, 40 б.

9. Бұл да сонда.

10. Сайлан Б. Жастар жазаланған және жараланған желтоқсан-86 // Ізденіс. -2008. - №2. -95 б.

11. Бұл да сонда. 97 б.

12. Бұл да сонда. 99 б.

13. Қозыбаев М. Тарих зердесі. I-кітап. –Алматы, 1998. -309 б.

14. Бұл да сонда. 310 б.

15. Желтоқсан-86. - 60 б.

16. Бұл да сонда. 61 б.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысуы олардың талаптарына талдау жасалған.Жастарға қарсы жүргізілген қуғын- сүргін мәселелері мақаланың басты түйіні болып есептеледі.


РЕЗЮМЕ

В статье анализируется участие казахской молодежи и их требования в декабрьских событиях 1986 года. Гибель, ранения, заключения в тюрьмы, отчисления из учебных заведений, исключения из комсомола стали центральными вопросами статьи.


АУЫР ӨНЕРКӘСІП ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ(1940-1980 ЖЖ.)
Утепбергенова И.- магистрант (Алматы қ., Қазмемқызпу)
1940-1950 жылдары социалистік индустрияландыруға байланысты ғылыми зерттеулер ісінің аясы кенейіп, индустрияландыру тарихы бойынша негізгі еңбектер бұрынғы ойдан шығарылған негіздерден және шектеушіліктерден арыла бастайды. Мұрағат деректері мен статисткалық материалдар ғылыми айналымға еніп, кеңінен пайдаланылады.

Бұл кездің ғалымдары «КСРО-ны индустрияландыру» мен «республиканы индустрияландыру» деген екі алшақ ағымды біріктіріп қарастырды. Бүкіл елге қатысты жағдай ешбір түсіндірмесіз жеке республикаға қатысты деп есептеледі. Бұрынғы барлық ұлттық аймақтарда ауыр индустрияны жедел ірі жан-жақты дамыту мақсаты қойылғандығын көрсетеді.

С.Б.Бәйішев мақаласында Түрксіб теміржол тарихына да баса назар аударған. Түрксіб темір жолы Қазақстанның экономикалық жағдайына көп әсерін тигізді - дейді. Индустрияландырудың бірінші кезенінде Қазақстан Кеңес Одағының орталық аудандарының өнеркәсіптері үшін ірі шикізат базасы болды. 1928 жылдың соныңа дейін Қазақстанның 75 % аса ауылшаруашылық өнімдері Кеңес Одағының орталық аудандарының өндіріс мекемелерінде өндірілді –деп жазды, әрі қарай Қазақстандағы индустрияландыру халықтың мәдени дегейінің өсуіне, халықтың материалдық жағдайының көтерілуіне үлкен әсерін тигізді – деп жазды. Автор бірінші бесжылдықта өнеркәсіпке жіберілген 432,2 млн. сомның, 361,9 млн. сомы немесе 83,7 % ауыр өнеркәсібіне жіберілгенін көрсетті /1/

Сонымен қатар, ұлттық кадрлар мәселесіне үлкен назар аударғанын байқаймыз фактілерге сүйене отырып, 1929 жылы 1 қаңтарда қазақ жұмысшыларының жалпы саны 3,3 мыңы болса, 1933 жылы 1 қаңтарда 27,3 мыңы болған - деп, жұмысшы қазақтардың санының көбейгендігін көрсетеді. Өнеркәсіптің кейбір салаларында қазақ жұмысшылардың саны жоғары болғанын былай береді: мұнай өнеркәсібінде - 72,1%, тас көмір саласында - 43,4%, түрлі-түсті металлургияда - 41,4% /2/

Сонымен автор, Қазақстанда өнеркәсіптің дамуы, яғни индустрияландыру кеңестік әдіспен жүргізілді, оның ерекшелігі ауыр өндірсін дамыту - деп тұжырымдайды. Қазақстандағы ірі өнеркәсіптің дамуы, индустрияландыруды кеңестік әдіспен жүргізудің негізінде болған - деп, автор қайшы пікір айтады. Қазіргі кезенде біз осыдан зардап шегіп отырмыз. Өйткені ірі фабрика - зауыттардың барлығы Ресейдің орталық аудандарына орналастырылып, Қазақстан шикізат көзі болып келгені мәлім. Автор социалистік индустрияландырудың тек табыстарын ғана көрсетіп, оның көлеңкелі тұстарын айтпаған.

Индустрияландыру мәселесіне С.А.Нейштадт та баса назар аударған. Оның 1957-жылы шыққан еңбегінде бұл мәселе бесжылдық кезеңдеріне байланысты қарастырылған.

Индустрияландырудың маңызды құбылыстарының бірі болып табылатын – экономикалық теңсіздікті жою 50-жылдардан бастап қолға алынады. Осы жерде П.М.Алампиевтің еңбегін айрықша атау орынды. Автор өндірісті социалистік жолмен реттеудегі шыңдықты айтып, ең бірінші рет кеңестік шығыс республикаларын индустрияландыру мерзімін кезең-кезеңге бөліп зерттеуді және республикалардағы негізгі өндірістік аудандардың сипаттамасын береді, индустри-яландыру мәселесін баяндай келе, оның жаңа бір аспектісі - өнеркәсіптің орналастыру тарихына баса назар аударады. Шығыс республикаларының индустрияландырылуы, соның ішінде Қазақстанның индустрияландырылуы, социализмнің экономикалық базасының кеңеюі, социалистік өндіріс қатынастарының құрылуы, сонымен қатар, автор «барлық елдер алдында индустрияландыру міндеттері бір мезгілде шешілмейді. ССР республика алғаш кезенінде өндіріс саласының бір түрлерін ғана дамыту керек», /4/ – деп ойын айтады. Автор Қазаќстанда ауыр өнеркәсіптерінің дамуы туралы жан-жақты баяндайды. Еңбегінің алтыншы тарауын ұлттық кадрларды дайындау мәселесіне арнаған. Ірі жұмысшылар ұжымы Ембі мұнай-өндірісі, Екібастұз, Қарсақпай, Риддер өндірістерінде қалыптасты – деп тұжырымдады. Одан әрі былай делінеді: «Қазақстандағы ең алғашқы жаңа құрылыстар – қазақ жұмысшы табының қалыптасу ошақтары болып саналды. Мәселен, Қарсақпай – комбинатында құрылыстың бірінші күннен бастап қазақтарды өндіріске тарту үшін арнайы оқу сабақтарын жүргізді. 1928 ж. 1 қазанында комбинатта қазақтар – 40,2% құраса, 1929 ж. 1 қазанда – 48,1% құрады» /5/ деп жазды. Сонымен қатар, автор, Қазақстандағы негізгі өндірістік аудандарға жалпы сипат береді.

Қазақстандағы өнеркәсіптерінің алғашқы ошақтарының тарихы мен құрылыстарына арналған Н.Киікбаевтың «Промышленность Казахстана в первой пятилетке» /6/ атты монографиясының ғылыми маңызы зор. Автор алғаш рет Қазақ КСР-да бірінші бесжылдықта өнеркәсіптің даму тарихын қарастырады. Мұрағат материалдары және басқа дерек көздері негізінде автор 1928-1932 жылдар аралығындағы өндірістік индустрияның қалыптасуын терең зерттеген. Қазақстанда социалистік өнеркәсіп жоқ жерден құрылған жоқ дей келе, былай дейді: «Кеңес өкіметі 1922 ж. қазан айында ағылшын капиталисі Урквартонмен алдын ала келісім-шартты бұзып, Риддерді қайта қоспақшы болды. 1925 ж. ќаңтарда Қарсақпайды қайта қосу туралы шешім қабылданды. Сонымен, бірінші бесжылдықта «Алтай-полиметал», «Атбасцветмет», «Ембімұнай» трестері іске қосылғандығын айтады. Бұл зерттеудің құндылығы, автордың пікірінше, бірінші бесжылдықта Қазақстанда өнеркәсіптік жұмысшы табы, яғни ұлттық кадрлар қалыптасты. Мәселен, «Қазақстандағы халық шаруашылығының салаларындағы жұмысшылар мен қызметшілер саны 1928 ж. 258,3 мыны адамнан, 1932 жылы 605 мыңы адамға дейін өсті, яғни, 2,4 есе. Қазақ жұмысшылары мен қызметкерлерінің үлес салмағы республиканың халық шаруашылығында 1927 ж 30%-дан 1932 ж. 42% дейін өсті» /7/. Ал инженерлік-техникалық мамандандырылған жұмысшылар саны ірі өнеркәсіпте 1927 ж. 475-тен 1932 ж. 3111 дейін өсті. Сонымен, нженерлік-техникалық маманданған қазақтардың санының өсуі туралы, 1927 ж. 14-тен, 1933 ж 263 адамға дейін өсті – /8/ деп ұлттық кадрлардың қалыптасуы туралы айтады.

Республикада индустрияландыру мәселелерін, өнеркәсіп салаларының кейбір түрлері және транспорт дамуы Г.Ф. Дахшлейгер, Н.Н. Дауылбаев, А. Хавин, В.К. Савосько, Б.Н. Абишева еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.

Н.Н.Дауылбаевтың «Карагандинский угольный бассейн» атты еңбегі. Автор еңбегінің алтыншы тарауында арнайы кадрлар мәселесіне арналған. КСРО-ның үшінші көмір базасын құру үшін жұмысшы табының кадрлары қалыптасты – дей келе, біріншіден, 1930 ж. 1 шілдеде Қарағанды ќұрылысында 897 адам жұмыс істеді, оның 520-қазақ (58%) /34,/9/ - деді автор. Екіншіден, Қарағанды жұмысшы табының қатары көшпелі және жартылай көшпелі адамдардан келген көшпелілерден өсті. 1931 ж. 3200 көшпелілер жұмысқа орналасса, 1932 ж. 2000 – қазақ көшпенділер орналасты деп жазды автор.

1932 ж. бастап кадрлар даярлау мәселесі біршама жөнделді – дей келе, курстық оқыту арқылы 3271 мамандандырылған қазақ жұмысшылары даярланғандығы туралы айтады. Қазақ жұмысшыларының сандық өсуі көп болғанымен, Қарағандыда жергіліктендіру (корензация) төмен деңгейде жүргізілді. Мәселен, трест басқармасында қазақтардың үлес салмағы – 7% құрады, әкімшіл-техникалық ќұралы шахтылар мен тау-кеннің – 15-тен 23% дейін өскенін көрсетті.

Қазақстандағы социалистік индустрияландырудың жүргізілу барысы Б.Н. Абишеваның “О некоторых вопросах социалистической индустриализаций Казахстана (в годы первой и второй пятилеток)” /9/ деген еңбегінде, В.К. Савоськоның “Советский Казахстан в третьей пятилетке (1938 июнь-1941)” /10/ - атты ғылыми мақаласында баяндалады. Авторлар маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан социалистік индустрияландыру жолдарын қарастырады.

Индустриялық дамудың тарихы мен жұмысшы табы туралы тереңдете зерттеген алғашқы еңбектердің көшбасшысы – А.Нүсіпбековтың монографиясы. Ол Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі аралықта республика да индустрияландырудың барысында жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуын ғылыми негізде жан-жақты зерттеген алғашқы еңбек.

Н.Г.Пан, оның «Соколовско-Сарбайский комбинат» /11/ атты еңбегінен осы мәселенің сарыны анық байқалады. Автор еңбегін Қазақстандағы ірі өндіріс мекемелерінің бірі – темір руда өнеркәсібі тарихына арнаған. Орталыќтан Соколов-Сарыбай – комбинаты мен Рудный құрылыстарына кезектен тыс берілген көмек туралы айтылады. Жоғары әдеби тілде еңбекшілердің ерлігі туралы жан-жақты баяндалады. Осы жұмыста айтылғандай, комбинат директорынан бастап жұмыс-шыларға дейін, аянбай еңбек еткендігі көрсетілген.

Шығыс Қазақстан аймағында гидроэлектростанция құрылысының мәселелері көрінісі С.Б.Нұрмахамедов, Н.Г.Пан, Ю.И.Романовтардың «По плану В.И.Ленина» «История строительства энергетической базы Казахстанского Алтая» /12/ еңбегінде көрініс тапты. Монографияда Кеңес өкіметінің Қазақстанда, Шығыс Қазақстан аймағында Лениннің ГОЭЛРО жоспарын іске асырудағы тарихи рөлін асыра көрсетуге тырысқан. Еңбектен байқағанымыздай Рудный Алтай аймағында 20-шы жылдары аз қуатты Быструшинская және Верхне-Хармузовская гидроэлектростанциялары іске қосылғанын айтады.

Халық шаруашылығының әр түрлі салаларындағы жұмысшы табы жайлы А.Р.Ахметова, А.А.Байшин, А.С.Рахимовтардың «Славный путь рабочего класса Казахстана» атты монографиясында қарастырылады. Авторлар социалистік қоғамдағы құрылыстарының негізгі, атқарушы көші ретінде жұмысшы табының рөлін көрсетеді. 1929 ж. өнеркәсіп өндірістерімен теміржол транспортында жұмысшылардың саны – 26,5 мың адамға, 1930 ж. – 34,9 мың адамға, 1932 ж. – 70,9 мың адамѓа өсті. Тек, Қарағанды көмір бассейнінде 1934 ж. – 6700 қазақ жұмысшылары жұмыс істеді /13/, - деп монографияда авторлар мұрағат материалдарын пайдалана отырып, жұмысшы табының өскендігін көрсетеді.

Жұмысшы мамандар тарихының тарихнамасында ерекше орынды М.Асылбековтың «Формирование и развитие кадров железнодорожников азахстана (1917-1970 гг.)» атты еңбегі алады. Кеңес өкіметі жылдарындағы жұмысшы табының ірі отрядтарының бірі - теміржол жұмыс-шыларының тарихи қалыптасу кезеңдері баяндалады. «Формирование рабочего класса железнодорожного транс-порта Казахстана в период строительства социализма» - атты екінші тарауда Түркісібтің құрылысы және ұлттық теміржолшылар кадрларының даярлығы туралы айтылған.

80-жылдардың соңына қарай Қазақстандағы жұмысшы табының тарихына байланысты іргелі 3 томдық еңбектің 2 томы жарық көрді. Бірінші томның төртінші тарауы Қазақстандағы социалистік индустрияландырудың ерекшеліктері, барысы туралы баяндайды /14/. Қазақстанда социалистік индустрияландыруының ерекшеліктерін көрсете келе авторлар, егер РСФСР мен Украинада ірі өнеркәсіптер болса, Қазақстанда өнеркәсіп кустарлыќ мекемелер ретінде болғанын айтады. Қазаќстандағы жүргізілген құрылыстарға жалпы сипаттама береді.

Индустрияландыру барысында бірінші және екінші бесжылдықта салынған құрылыстардың тек табысты жақтарын көрсетіп, осы екі бесжылдықта өндірістердің берген өнімін жоғарылатып көрсетеді. Ал социалистік индустрияландырудың барысындағы кемшіліктері туралы айтылмайды.

Сонымен, 40-жылдардың екінші жартысынан 80-ж. екінші жартысына дейінгі ауыр өнеркәсіп тарихына арналған еңбектерде социалистік индустрияландыру барысындағы Қазақстанда жүргізілген өндірістік құрылыстар туралы жан-жақты және терең қарастырылады. Өнеркәсіптің жеке салаларына, транспорт тарихына да арналған зерттеулер баршылық. Бірақ бұл зерттеулердің барлығы коммунистік идеологияның қыспағынан шыға алмағандықтан, социалистік индустрияландырудың барысындағы келеңсіз жайттар айтты.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Сәдуақасұлы С.Таңдамалы. 1-2 т. –Алматы, 2003.

2.Голощокин Ф.И. Казахстан на путях социалистического переустройства:(статьи и речи). - М.-Алма-Ата, 1931.

3.Голощокин Ф.И. Пятилетка построения социализма. М.-Алма-Ата, 1932.

4.Исаев У.Д. Казахстан в полосе социалистического наступления: Доклад на VIII-м Всеказакском съезде Советов. –Алма- Ата, 1931.

5.Рыскулов Т.Р. Открытию Турксиба // Революция и национальности. – 1930. - №1.

6.Сарымулдаев К.С. Промышленность Казахстана и перспектива ее развития // Кызыл Казахстан.- 1962. -№1;1972. -№10-11.

7.Хавин А.Ф. Социалистическая индустриализация национальных республик и областей. –М.-Л.,1933.

8.Васютин В. Казахстан на путях индустриализация // Народное хозяйство Казахстана.- 1934. -№11.

9.Коган Э.Индустриализация народных республик: Достижения тяжелой и легкой промышленности // Революция и национальности. – 1935. -№1.

10.Папуков Г. Роль социалистической индустриализации и ликвидации фактического неравенства народов // Революционный Восток. - 1935. -№5.

11.Саматов М.С, Лучков А.Т. о народах народного хозяйства Казахстана//Народные хозяйства Казахстана.

12.Тимофеев Н, Брайнин С. Казахстанская краевая организация В.К.П(б) за социалистическую индустриализацию и советизацию аула // Большевик Казахстана. -1938.- №12.

13.Енукидзе Д.Е. Социалистическая индустриализация Казахстана // Ученые записки Каз.Гос.Университета им. С.М.Кирова.Т.7. - Экономика.1941. -Вып.3.

14.Островский З. Великая магистраль (о делах и людях Турксиба). - Л. .1930.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Қазақстандағы 1927- 1937 жылдардағы индустрияландырудың жүзеге асырудың ерекшеліктері түп деректермен арнайы әдебиеттің негізінде зерттелген.


РЕЗЮМЕ

В статье на основе первоисточников и специальной литературы исследуется особенность проведения индустриализации в Казахстане в 1927-1937 годы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет