Проблемы повышения качества образования в условиях глобализации


МАРИЯ ГОРИНАНЫҢ МҰСТАФА ШОҚАЙ



бет3/16
Дата24.04.2016
өлшемі1.56 Mb.
#78707
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

МАРИЯ ГОРИНАНЫҢ МҰСТАФА ШОҚАЙ


ӨМІРІНДЕГІ АЛАТЫН ОРНЫ
Ахметова Ж.Қ.- т.ғ.к., доцент м.а. (Қазмемқызпу)
Жиырмасыншы ғасыр барша түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы үшін үміт пен күдікке, қым - қиғаш қасіретке толы ғасыр болды. Өйткені, ХХ ғасырда түркі халықтары әуелі патшалық империяның отаршылдық саясатына, кейін Қызыл большевиктік империяның солдыр - солақай саясатына қарсы күрескен зиялылардың тағдыр-тауқыметін тартқан кезеңі болатын. Солардың бірі, қазақтың бір туар азаматы- Мұстафа Шоқай еді. Мұстафа Шоқайдың бүкіл саналы ғұмырындағы жасаған игі істерін бүкіл дүние жүзіне, әлемге әйгілі еткен, оның өмірлік жары Мария Яковлевна Горина - Шоқай болды деп айтсақ артық болмайды. Мария Мұстафаның өміріндегі барлық қиындығын бірге бөлісуімен қатар, оның мұраларын бүкіл әлемге танытумен бағаланады.

ХХ ғасырда Түркістан, Әзірбайжан, Батыс Сібірде өмір сүрген түркі халықтары арасынан көзі ашық, көңілі ояу, салихалы көсемсөз шеберлері, саясаткерлер тарих сахнасына көтерілді. Олар өз халқының патша өкіметінің отаршылдық езгісінде болғанын, кейін кеңестік саясаттың да түркі халықтарына дербес тәуелсіздік бермейтініне көздері жеткеннен кейін мұғажырлық жолды таңдап, шетелге шегініп, батыс демократия жерінде Ресейдегі Қызыл империялық саясатты батыл сынап, дүние жүзіне большевиктердің жалған ұрандарын әшкерелеген тарихи тұлғалар еді.

Сондай тұлғалардың қатарында: Мұстафа Шоқай, Жүсіп Ақшора, Зәки Уәлиди Тоған, Мехмет Амин Расул, Садри Максуди, Ғаяз Исхаки, Ахдес Нимет, Құрат сынды зиялылар болды. Мұстафа Шоқаймен оның өмірлік жары Мария Яковлевна Горина да бірге шетелге аттанды /1/. Мұстафа Шоқайдың және жоғарыда аталған кісілердің бәрінің де арманы Түркістан халқының тәуелсіздігі еді.

Мария Яковлевна Горина 1888 жылы 22 ақпанда Вильно қаласында дүниеге келеді. Алғаш рет Мария Яковлевна Мұстафамен Петербор университетінің студенті болып жүрген кезінде танысады. Ол таныстық төмендегідей жағдайда басталғанын көреміз. 1916 жылы Ташкенде мобилизацияланған жұмысшылардың көтерілісі болады. Осы көтеріліс басып тасталған соң Түркістанға Петербордан комиссия келеді. Комиссия құрамында мемлекеттік думаның мүшесі А.Ф.Керенский, сенатор Тевкелев және Мұстафа Шоқай да тілмаш ретінде келеді. Мұстафа сол кезде Мария Яковлевнамен алғаш кездеседі.

Шетелдік қандасымыз А. Қара өз еңбегінде: "Шоқай да, Мария да бұл кездесулерден жақсы әсер алған болатын" - дейді /2/. Осы кездердегі Мұстафа Шоқаймен алғашқы кездескендегі сәті туралы Мария Яковлевна өзінің Мұстафаны ұнатқаны жөнінде былай дейді: "Мұстафа Петербургтен келіп еді, қызықты әңгімелер айтатын. Ол астаналық сәнмен әдемі киінетін, тәрбиелі екендігі көрініп тұратын. Өте ұқыпты болатын, оның қасында жүру өте қызықты көрінетін" - деп еске алады.

Арада 2 жыл өткеннен кейін 1918 жылы 31 қаңтар күні Қоқанда күрес басталып, Мұстафа өкіметтің өзге мүшелерімен бірге Қоқан қаласының маңындағы қыстақтар арқылы большевиктердің қолына түспеу үшін бір ауылдан екінші ауылға көшуге мәжбүр болды/3/. Мұстафа Шоқай Ферғана тауларында, қыстақтарында, аудандарында жүріп зорға дегенде Ташкентке келеді. Бірақ оны Ташкенттен алып шығатын үлкен күш қажет еді. Ташкентте Мұстафа енді Марияны іздеуді мақсат тұтты. Ол жағдайда жасырынып жатқан үйге бұрынғы күйеуін іздеп келген Мария Яковлевнамен кездейсоқ кездеседі. Осылайша Марияның көмегімен Ташкенттің тыныш аудандарының бірінен бақшалы үй жалдайды. Мария Мұстафаға қажетті заттарды қаладан әкеліп, үйге жиі келіп тұрды. Мария мен Шоқайдың арасындағы өзара көмектесуге негізделген бұл қарым-қатынас уақыт өте келе махаббатқа айналып, 1918 жылы 18 сәуір күні өзбек имам олардың мұсылманша некесін қиды /4/.

Мұстафа Шоқай бақшалы жер үйде тыныш өмірге қауышқан болатын. Қажетті заты жеткізіліп тұрғандықтан онша таршылық та көрмеді. Бірақ Мұстафаның қаладан шығуы үшін керекті рұқсаты мен пойыз билеті жоқ болатын. Бұл қиыншылықты да жары Мария шешті. Ол ойлаған жоспар бойынша, Мұстафа Мәскеуге операция үшін кетіп бара жатқан, басы, көзі таңылған, ауыр жарақаттанған адам сияқты пойызға отыру керек еді. Азамат соғысы кезінде Ташкентте медбикелік жұмыс атқарған Марияның қасында жаралы адаммен жолға шығуы еш күмән тудырмайтын. Осы айланы орындау барысында Марияның науқас рөліндегі Мұстафаға жалған бір куәлік пен шығуға рұқсат алуы да қиынға соқпады.

1918 жылы 1 мамыр күні алдын ала дайындалған жоспар бойынша, Мария мен бет-аузы таңылып тасталған Мұстафа пойыздың жылжуынан сәл бұрын станцияға келіп, күтпеген бір жағдайға тап болды. Қызметкерлер пойыздағы жолаушылардың шығу рұқсаттарын бір-бірлеп тексеріп жатты. Бұл Мария мен Мұстафаны қатты абыржытты. Бірақ тексеру кезегі дәл соларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлесе кетті. Әңгімесі біткеннен кейін, қалған жерінен тексеруге бастаған кезде ол жаңылысып, олар отырған купеден аттап кетті. Осылайша ерлі-зайыпты Шоқайлар бір қатерден құтылды. Сағат 13.00-де жылжуы тиіс пойызы кешігіп 17.00-де Мәскеуге қарай жолға шықты /5/.

Пойыз Ақмешіт, сонан соң Ақтөбе станцияларына келіп тоқтады. Ақтөбе станциясында Орынбордағы соғыстың салдарынан теміржол байланысы үзілгендіктен пойыз мүлде тоқтап қалып, Мұстафа зайыбымен пойыздың жүруін тосуға мәжбүр болды. Көп кешікпей қаладан 5 шақырым қашықтықтағы Темір қалашығына, одан кейін Қызылқұрт деген үлкен қазақ-татар ауылына жетті. Бұл жерде Алашорда жетекшілерінен Халел Досмұхамедовтың үйіне бір күн қонды. Тамыз айы ішінде Самара арқылы Уфаға жетті. Ол жерде Зәки Уәлидиді тауып, оның Иорматыдағы үйіне түсті. Шоқай бұл жерден З.Уәлидимен бірге Орынборға өтті. Онда Алаш жетекшілерімен бұдан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстың бағыт-бағдарын белгілеу мақсатында кездеспек еді. 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйек арасында Орынбор және Самара қалаларында тізбекті бірқатар жиналыстар өткізілді. 6 қазан күні Уфадағы конгресс аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай жанына жұбайы Марияны алып, Құрушы Мәжіліс мүшелерімен бірге Екатеринбург қаласына аттанды. Мұстафа қай жерде жүрсе де жұбайын қасынан тастамады. Екатеринбург қаласында Ресейдің демократиялық ұйымдарының өкілдері жиналып, Ресейдің барлық аудандарының Құрушы Мәжіліс депутаттарына өкілдік ететін бір комитет құрды. Комитеттің төрағалығына Виктор Чернов, ал орынбасары болып Мұстафа сайланды.

Осында қабылданған тағы да бір шешім бойынша М.Шоқай, Алкин және Юсуф Минор Америка Құрама Штаттарына барып, президент Вильсонға Ресейдегі антидемократиялық бағыттағы большевиктерге қарсы күштерге қолдау сұрайтын болды. Бұл үшін керекті виза, жол қаржысы және билет секілді барлық мәселелер шешіліп, сапар дайындығы жасалды. Мұстафа жұбайы Марияны да жанына ала кететін болды.

Жолаушылар пойызбен Владивостокқа, ол жерден кемемен Америкаға кету керек болатын. Бұл арада Омскіде күтпеген өзгеріс болып, ол жерді өз бақылауында ұстап тұрған монархияшыл генералдар директория мүшелерінің демократия мен халыққа еркіндік беруді ұйғарған жұмысынан мазасызданады. Олар мұны большевиктерге қарсы жүргізетін қарулы күрестеріне кедергі ретінде көрді. 21 қараша күні таңертең сағат 02.00-де Челябинскіге жетті. Онда Мұстафа жұбайымен уақытша қоштасып, жолдасы Чайкинмен жол жүруге мәжбүр болды. Маңғыстау арқылы ақпан айының соңында Бакуге, сәуір айында Бакуден Тбилисиге өтті. Мұстафа онда бірнеше аптадан соң жұбайы Мариямен қауышты /6/.

Тбилисиде Марияны станцияда М.Шоқай шоқ гүлмен қарсы алды. Сонымен қарашада Челябинскіде айырылысқан екеуі алты айдан кейін Тбилисиде қауышып, бақытқа кенелді. Адам сенбес бір таңғажайып оқиға жүзеге асқанын іштей сезінген Мария мен Мұстафа құшақтаса кетті. Тебіреніс пен қуаныштан тілдері тұтығып сөзге келмеді. Осылайша ұзақ тұрып, сағыныштарын басты.

1921 жылдың 25 ақпан күні көптен күткен жайсыз хабар да келіп жетті. Большевик күштері Тбилисиге басып кіре бастады. Мария бұл хабарды таңертең естіген кезде үйде болатын. Ол бірден жол дайындығына кірісті. Керекті деп тапқан заттардың барлығын үстел жапқышына түйіп алып, станцияға қарай жүгірді. Атылған оқ дыбыстары алыстан келіп жатты. Адамдар тізіліп бір бағытта, яғни станцияға қарай ағылып жатты. Станцияда жолыққан кейбір таныстарының көмегімен Мария пойызға отырды.

Бұл кезде жұбайының станцияға кеткенінен бейхабар Мұстафа Шоқай баспаханада газетін бастырып жатты. Үйге келген соң ол таныстарынан Марияның пойызбен Батумиге кеткендігін естіп білді. Мұстафа Тбилисиден кетіп, Стамбул арқылы 1921 жылдың ортасында француз кемесімен Францияға аттанады. Ұзақ уақыттан бері тұрмыстық қиыншылық тартып келе жатқан олар алғаш рет кемеде әр түрлі сусындар мен тағамдардан тоя ішіп-жеді. Жайлы өткен сапардан кейін Францияның Марсель портына жетіп, сол күні кешкілік отарбамен Парижге жүріп кетті.

Парижде ұзақ уақыт қалуды ойлаған жұбайлар бірнеше күннен кейін Порт Дофинге жақын маңнан бір қарт журналистің жанынан бөлме жалдады. Бірақ бұл бөлме отбасы үшін тар еді. Сондықтан бір аптадан соң Париждің орталығындағы Моцарт көшесінде орналасқан 64-ші үйден екі бөлме мен бір ас үйден тұратын жихазды пәтерге көшті. Бұл ұзақ уақыттан бері Шоқайлар аңсаған төрт құбыласы түгел шаңырақ болды /7/. Парижде күн көру үшін Мария тұрып жатқан үйінің бір бөлмесін ресторанға айналдырып, Париждегі бойдақ орыс босқындарына үй тағамдарын жасап сататын болды.

Париждегі алғашқы күндерінде Мұстафаға Мария зор қолдау көрсетті. Ол үйде босқындарға тамақ дайындаумен қатар, театрда жұмыс істеп, түстен кейін Малчевский атындағы орыс хорына барып, ән салатын. Хормен бірге Париждің "Альгамбра", "Олимпия" және басқа театр сахналарына шыққан Мария үйіне келе салысымен ертеңгі күннің тамақ әзірліктеріне кірісетін. Шоқай көкөніс тазалап, үстел мәзірін дайындап, жұбайының ауыр жүгін жеңілдетуге тырысатын. Сонымен қатар Мұстафаның баспасөзге жазған мақалалары үшін алған қаламақылары да үйдің кірісіне үлес қосатын. Бұл кезде Мұстафа француз тілін де үйренуге күш жұмсады.

1923 жылдың қысында Парижге оралған Шоқай отбасы Моцарт көшесіндегі үйлеріне бармай, Париждің бір шетінде орналасқан Ножан ауданынан үй жалдады. Бұған Париждің орталығына қарағанда сырт аудандарында тұрмыстың арзандау болуы себеп болған еді. Сондықтан 1923 жылдың басынан бастап Париждегі орыс босқындарының баспасөзінде жиі-жиі мақалалар жариялай бастаған М.Шоқайдың Ножанда бірнеше үй ауыстырғанымен өмірлерінің соңына дейін осында тұрды.

Мария естеліктерінде М.Шоқайдың 1923 жылдан бастап Париждегі эмигрант орыс демократтарымен болған қарым -қатынастарын сиретіп, ақырында орыс эмигранттарының баспасөзінен қол үзгендігін айтады. Ал шындығында, 1923 жыл Мұстафаның орыс босқындарының баспасөзімен қарым-қатынасын күшейте түскен жылы болып табылды. Бұл пікірімізге М.Шоқайдың орыс баспасөзінде орын алған мақалаларының саны нақты дәлел бола алады. Мұстафаның 1923 жылдан бастап Париждегі орыс босқындарының баспасөзіне мақала жазуын жыл сайын арттыра түсуінің екі маңызды себебі бар еді: біріншісі - қаламақысы, екіншісі - Түркістан мәселесін әлем жұртшылығына, әсіресе, Кеңестер Одағындағы халықтарға жеткізу мақсаты. Ол мақалалары көбіне Кеңестердің жүргізіп отырған саясатының Түркістанның жергілікті халқының мүддесіне қайшы екенін көрсетуге бағытталды. Түркістандықтардың мемлекеттік басқару орындарында екінші дәрежелі билікке ие екеніне назар аударып, олардың басқарудың әр сатысында белсенді қызмет атқару қажеттігін баса көрсететін еді. Ол Кеңес өкіметін осы тұрғыдан қатаң сынға алатын.

1939 жылы ІІ дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Мұстафа мен Марияның жағдайы қиындады. Мұстафаның пешенесіне Ножандағы үйінде отырып, соғыстың аяқталуын күту жазылмаған еді. Немістер Мұстафаны тауып алып, Кеңестерге қарсы бірігіп жұмыс жасауға ұсыныс жасады. Бірақ М.Шоқай бұл ұсыныспен келіспегеннен кейін 1941 жылы 3 неміс солдаты келіп оны тұтқындайды. Ал Мұстафа Шоқай тұтқындарды аралап, олардың хал-жағдайымен танысып, оларға көмектеседі. Мұның аяғы Мұстафа Шоқайдың қазасына ұласады.

Мария Горина-Шоқай бүкіл саналы ғұмырын Мұстафаға арнады. Ол қай жерде жүрсе де оның жағдайын жасауға барынша өз үлесін қосып, Мұстафа қайтыс болғаннан кейін де оның артынан қалған мұраларын қазіргі ұрпаққа қалдыру үшін жағдайлар жасады. 1969 жылы 15 апрельде Париж түбінде Шель деген қалашықтағы орыстың шіркеуінде қайтыс болады.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Мұстафа Шоқай Мария Шоқай естеліктері, Стамбул, 1997.119 б.

2.Қара А. Мұстафа Шоқай өмірі, күресі, шығармашылығы. Алматы, 2004. 95б.

3.Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай естеліктері, 121 бет.

4.Қара А.Мұстафа Шоқай өмірі,күресі,шығармашылығы.Алматы,2004.

105-110 бб.

5.Бұл да сонда, 111 бет.

6.Мария Шоқай. Сен деп соққан жүректен.// Сыр бойы, 1997ж. 27 мамыр.

7. М. Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. Стамбул, 1997 ж. 182 бет.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазақтың біртуар азаматы, тұңғыш эмигрант Мұстафа Шоқайдың жары Мария Горина-Шоқай жайында баяндалады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет