РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматривается судьба Марии Гориной-Чокай, супруги первого эмигранта казахского народа Мустафы Чокая.
ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІН ТАРТҚАН
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ
Аширбекова Ж.Б. – т.ғ.к., доцент м.а.(Алматы қ., Қазмемқызпу)
ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялылары 1917 жылы «Алаш партиясын, оның артын ала Алашорда үкіметін құрып, тәуелсіз қазақ автономиясын құруға белсене кірісті. Партияның органы болған «Қазақ» пен «Сарыарқа» газеттерінде патша тырнағынан босанған елдің былайғы тағдырын қалай қалпына келтіру мәселесі жөнінде түрлі мақалалар жарияланып, пікір-таластар өткізіліп жатты.
Алашорда үкіметі алда өтетін Құрылтай жиналысына өз тарапынан қатысатын депутаттардың тізімдерін даярлап, аталмыш газет беттерінде жариялап отырды. Мәселен, Торғай облысының «Алаш» партиясының атынан 1 тізім бойынша бұл жиналысқа А.Байтұрсынов, А.Бірімжанов, С.Досжанов, А.Темірбеков, Т. Жаманмұрынов, Е.Оразов, Ә.Бөкейханов, 5 тізім бойынша Семейден Ә.Бөкейханов, Р.Мәрсеков, С.Дүйсенбин, Б.Сәрсенов, Х.Ғаббасов, ал Қарқаралы уезінен А.Райбеков, Р. Сапақов, И.Бәйтенов, Ж.Ақбаев, Жымпитыдан Ж.Мергенов, Ж.Досмұхамедов, Д.Құсепғалиев, Ордан М.Есполов, Ақмоладан Ізбасаров, Бөлеков, торғайдан С.Қадырбаев, Бегімбетов, Аңдамасов, Серғазин, Посебаев және тағы басқалар кандидат болып сайланды /1/.
«Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі 1919 жылға дейін елеулі қызметтер атқарды. Қазақ жастарымен жұмыс жүргізіп, нәтижесінде Алаш жолында 20-дан астам жастар ұйымдары қызмет жасады. «Алаш» партиясының облыстар мен уездеріндегі қазақ комитеттері ашылып, Құрылтай жиылысының сайлауында оң нәтижеге қол жеткізуі осы идеологиялық жұмыстардың жемісі болды.
Алашорда үкіметі ІІ Жалпықазақ съездерінің шешімідеріне сай уездерде халық милициясын құруға белсене кірісті. Милиция қатарына әскер қызметін атқаруға жарамды 20 мен 35 жас аралығындағы ер азаматтар іріктелініп алынатын болды. ІІ Жалпықазақ съезінде көрсетілгендей, халық милициясының жалпы саны - 13500, әр облыс бойынша шаққанда Бөкейде - 1000, Оралда - 2000, Торғайда - 3000, Ақмолада -4000, Семейде -1500, Жетісуда -2000 адам болуын мөлшерледі /2/.
1920 жылдың басына дейін алаш қозғалысы кең өрістеп, ұлттық бостандықты аңсаған түркі, мұсылман халықтарды да біріктіруге тырысып, татар, қырғыз, өзбек, башқұрт секілді бірқатар мұсылман халықтарымен тығыз байланыс орнатты. Алаш қайраткерлері мен башқұрт элитасы өкілдері ұлт мүддесін қорғауға бірлесе кірісті.
Алашорда басшылары Алаш автономиясын мойындату және ұлттық әскер бөлімдерін құру мәселесінің шешімін тапқызуда ерен еңбек етті. Алайда Кеңес үкіметі Алаш қозғалысының қайраткерлерімен келіссөз жүргізуде екіжүзділік танытып, оларды халық алдында тап жауы ретінде көрсетуге бар күштерін салып, үгіт-насихат жұмыстарын өрістетті. Осындай қиын қыстау уақыт туындаған кезде алаш жетекшілері ақ гвардияшылармен жақындасып, байланыс орнатуына тура келді.
Алашорда басшылары Сібір үкіметімен де байланысуға тырысты. Өз өкілдерін жіберу арқылы екі үкімет арасындағы қарым-қатанысты күшейтуге күштерін салып бақты. Бірақ Сібір үкіметі Алашорданы жартылай ғана мойындады.
Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің билігін тоқтатуға бар күшін салды. БОКА-тың 1919 жылы 4 сәуірдегі және 10 шілдедегі шешімдерінде Кеңес өкіметіне қарсы азамат соғысына қатысқан қазақтар мен бұрынғы ұлттық «Алашорда» үкіметінің белді мүшелері контрреволюциялық қызметтері үшін қуғындалып, жазаға тартылмайтындығы айтылды. Алаш қозғалысына қатысқандардың барлығына кешірім жарияланып, оның белді мүшелері үкімет қызметіне тартылатындығы келтірілді.
Ақыры 1919 жылдың соғына дейін алашорда жетекшілерімен келіссөздер жүргізіліп, кеңес жағына шығуға үгіттеді. Бұл жұмысты әсіресе қырғыз әскери-революциялық комитеті белсенді жүргізді. Нәтижесінде осы жылдың қазан айында қазревкомның мәжілістерінде Алашорданың Орал және Торғай топтарына «кеңес өкіметін таныса» кешірім жариялау туралы шешімдер шығарылды. Мәселен, 1919 жылдың 31 қазанындағы Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі әскер-революциялық комитеттің мәжілісіндегі №22 хаттама шешімі бойынша кеңес өкіметіне қарсы ақтармен бірлесе күрес жүргізген Орал және Торғайдағы алашордашылар кеңес өкіметін мойындаған жағдайда кешірім жасалатыны айтылды /3/.
Бұдан кейін Қырғыз әскери-революиялық комитеті Батыс және Шығыс Алашорда басшыларымен бірнеше келіссөздер жүргізіп, кеңес өкіметі жағына шығуын талап етті. Алашорда үкіметі өзінің алға қойған саяси платформасын халыққа түсіндіруде аса белсенділік көрсете алмауынан, әрі олардың алдында кеңес өкіметінің ықпалының күштілігін түсініп, еріксіз кеңестік билікті мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп, қазақ халқының белді қайраткерлері топталған «Алаш» партиясының қызметін тоқтатты.
Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Жалау Мыңбаев Республиканың 5 жылдығына орай жасаған баяндамасында «Кеңес өкіметі Қазақ өлкесі ақтардан тазарып ғана қойған жоқ, 1919 ж.10 шілдедегі В.И.Лениннің қол қойған «Ережесі» бойынша ревкомға екі бірдей жұмысты: Алашорданы тарату және қазақтардың кеңестік емес топтарын жоюды атқарғандығын, Алашорданы жою 1919 жылдың соңында аяқталғандығын атап өткен болатын» /4/.
Алаш қозғалысының қайраткерлерін қуғындау ісі 20-шы жылдардың ортасынан басталды.Бастапқы кезде кеңес өкіметі Алашорда қайраткерлерін жауапты қызметтерге тартты. Әсіресе, оларды оқу-ағарту саласында қызмет етуге шақырды. Бұл кездерде жас өкіметтің жағдайы аса ауыр еді. Бір жағынан азамат соғысынан есін жия алмай жатса, екінші жағынан өлкені аштық жайлай бастаған болатын. Үкімет елдегі ішкі жағдайды түзетпей, социализм жолында күрес жүргізу мүмкін емес екендігін түсінді. Ол үшін бұрынғы аппарат күштерін қолдану аса тиімді екендігіне көздері жетті.
А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары (бұрынғы алаш қайраткерлері) білім саласына белсене кірісті. Сауатсыздықты жоюда, мектептерді қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуде елеулі үлес қосты. 1920 жылдың 2 желтоқсанында Орынборда Қазақ Орталық Комитетінің төрағасы С.Мендешевтің басшылығымен құрылған оқулықтар жасау комиссиясының құрамында А.Байтұрсынов, А.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, Х.Болғамбаев және Ж.Аймауытовтар болды. Бұл комиссияның ең бірінші ретте бастауыш мектептер үшін оқулықтар мен әдістемелік құралдарды жасауды міндеттеріне алды.
1921 жылдың 31 қаңтарында өткен Халық ағарту комиссариатының кеңесінде А. Байтұрсынов, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, Х.Болғанбаев, С. Сәдуақасов, С.Сейфуллин, С.Айтхожин сияқты зиялылар қатысып, біртұтас 1 және 2 сатылы еңбек мектептері үшін қазақ тілінде оқулықтар шығару мәселесін қарастыра отырып, бірнеше шешім қабылдаған еді. Бұл шешімде жоғарыда аталған зиялылардың барлығын оқулық жазуға қатыстыру, сонымен қатар бұл іске М.Жұмабаев, М. Тұрғанбаев, Қ.Кемеңгеров, Ж.Тілеулин, С.Мұстафин және кітап жазуға ниет білдірген азаматтарды тарту қажеттігі келітірілді. Сонымен қатар 1 және 2 сатылы еңбек мектептері үшін арифметика, геометрия, жаратылыстану, физика, география, жалпы және қазақ тарихы, мектеп гигиенасы, педагогика және дидактика сияқты оқулықтарды тез арада жазу мәселесін көтеріп, арифметиканы М.Тұрғанбаевқа, геометрияны Б.Сәрсеновке, жаратылыстануды Е.Омаров пен Қ.Кемеңгеровқа ,физиканы Ф. Ғалымжановқа, географияны Ә.Бөкейхановқа, қазақ тарихын М.Жұмабаев, ал жалпы тарихты Ж.Болғамбаевқа,мектеп гигенасын Ж.Тілеулинге, бастапқы алгебраны Б.Омаровқа, педагогиканы М.Жұмабаевқа, дидактиканы Ж.Аймауытовқа жазуды жүктеді. Ал хрестоматия оқулығын С.Сейфуллин, қазақ тілінің синтаксисін А.Байтұрсынов жазатын болды.
1921 жылдың өзінде 5 мың данамен А. Байтұрсыновтың «Оқу құралы», 4 мың данамен М. Дулатовтың «Тіл құралы» атты оқулықтары шығып, мектептерде қолдана басталды /5/.
Кеңес өкіметі оқу құралдарын жазу тек алаш қайраткерлерінің қолынан ғана келетіндігін түсінді. Сондықтан олардың ағарту саласындағы қызметтеріне қолдау да көрсетті. С.Сәдуақасов І мұғалімдер съезінде оқу құралдары мен тіл мәселесі жөнінде сөйлеген сөзінде оқу құралын жазу тек А.Байтұрсыновтың қолынан келетіндігін атап өткен еді. «Бізге қазірде бәрін де жаңадан шығаруға тура келіп отыр. Бұл жолда бізге кездесіп отырған қиыншылықтар көп. Біріншіден – оқу құралдарын жазатын адамдардың бізде саны шағын. Оқу кітаптарын жазатын ылғи ғана жалғыз Байтұрсынұлы. Басқа адамдарымыз жоқ. Біз бұл жұмысты басқа істен қолдың босауына қаратып келдік. Қазақша оқу кітабын жазу деген жеңіл жұмыс емес. Мұны өлең сықылдандырып жаза салуға болмайды. Оқу кітаптарын жазу үшін құр хат танитын болу жеткіліксіз, жазушы оқыту ғылымына жетік болу керек. Балалардың психологиясын білу керек. Жалпы алғанда оқымысты адам болу керек. Жақсы кітаптарды жазу үшін адамның білімді болуы шарт», – деп жаза отырып, жоғарыда аталған алаш азаматтарының білімділігін, біліктілігін атап айтпаса да, астарлай жеткізген еді /6/.
Алаш қайраткерлері баспасөз салаларында да қызмет етті. Олардың қыл қаламдарынан шыққан түрлі тақырыптардағы мақалалар «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Шолпан», «Темірқазық», «Сәуле» және тағы басқа ұлтшыл атанған газет-журналдарда жарияланды. Аудармашылық қызмет те атқарды. Ғылым саласына тарихи еңбектерімен әйгілене бастады. Мәселен, 1924 жылы Ә.Бөкейхановтың Мәскеуде «Қозы Көрпеш–Баян», «Қажымұрат» сияқты тарихи маңызы бар кітаптар басып шығарылды. Автор «Қозы Көрпеш–Баян» кітабы жөнінде: «Қозы Көрпеш–Баян» жайылмаған түркі жұртында жері жоқ десе де болады. «Қозы Көрпеш–Баян» Ертіс аяғы Тобыл, тараншыда, Түркістанда, Сарыарқада, Алайда, Ұранқайда, Оралда, башқұртта, Кавказда, шешенде, осетинде бар. «Қозы Көрпеш–Баян» біздің түркі баласының сүйген ертегісі. Норманда «Фауст» қандай болса, түрік баласына «Қозы Көрпеш–Баян» сондай. «Қозы Көрпеш–Баян» көп мағыналы, түркі жұртын сипаттайтын әдебиет қорының таңдамасы», – деп жазған еді /7/.
Алаш зиялыларының оқу құралдары мен ғылыми зерттеулері, мақалалары, идеялары бүгінгі таңда өз маңыздылығын жоймай, халық арасында кең тарады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері үсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді», – деп жазуы жоғарғы айтқанымыздың дәлелі десек те болады /8/.
Алаш қайраткерлерінің тағдырлары 20-шы жылдардың екінші жартысынан кейін қиындады. Олардың әрбір қадамдары аңдылып, жазғандары жете тексерілді. Құпия түрде түрлі мәліметтер жинала бастады. Әсіресе Шығыс және Батыс Алашорда жетекшілерінің үстінен бақылау жасалып, том-том істер пайда болды. Бұл үрдіс әсіресе Ф.И.Голощекин Қазақстанға басшылық еткен жылдары өрістеді. Қазақ зиялыларының тәркілеу, ұжымдастыру, индустрияландыру бағыттарында болған қателіктерді ашық түрде айтуы өздеріне қатты соққы болып тиді. Тіпті 1921-22 жылдардағы аштық кезінде Торғайға көмектесу мақсатымен Семей облысынан жиналған малды тарату барысында орын алған кемшіліктер үшін Ж.Аймауытов, А.Жүсіпов, І.Бәйменов, Ш.Құлжанов, Қ.Қарпықовтардың үстінен «Торғай ісі» деп аталған сот іс қозғалып, төрт жылдан артық созылған болатын. Малды тарату барысында бергендіктері жөнінде алған қолхаттардың мөрі болмағандықтан сол малды «өздері пайдаланып кетті», «байларға үлестіріп берді» деген жалалар жабылды. Сот үш күнге созылып, оның барысы «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланып отырды. Ең соңғы үшінші күні Ж. Аймауытов ақтық сөзінде көзі аларып, өлуге айналғандардан қолхат алуды қолайсыз көргендігін айтып, ақталып шыққан еді /9/.
1928-1932 ж. аралығында Алаш жетекшілеріне арналған сот үдістері өтіп, 47 адам істі болып, оның 35-і түрлі жазалар алды. Мәселен, 1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ-дың сот коллегиясының үкімі бойынша Алаш партиясының жетекшісі болған А. Байтұрсынов бастапқыда ату жазасына кесілсе, кейіннен он жыл абақтыға отыруға алмастырылды, Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мырзағазы Есполовтар да бастапқыда ату жазасына кесіліп, кейіннен он жыл мерзімге лагерге отырғызылған. 1929 жылы Ж. Аймауытов Қазақстандағы Кеңес үкіметіне қарсы құрылған ұлтшылдық «Алқа» ұйымымен байланысы бар деген айыппен абақтыға қамалып, 1930 жылы атылып кетті.
Алаш қайраткерлердінің көрнекті өкілдері Х. және Ж.Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, Қ.Кемеңгеров, Ж.Ақбаев, С.Кәдірбаев, Ж.Тілеулиндерге қатысты қозғалған сот үрдісі 1932 жылы аяқталып, барлығы да бес жылға еріктерінен айырылды. Жанша мен Халел Досмұхамедовтар сол мерзімге Ресейге жер аударылды. Сөйтіп, алаш қозғалысының қайраткерлерінің тағдырына талқыға салынып, оның орны қайтпас қайғы-қасіретке ұшырады. Алаш зиялыларын «ұлтшыл», «буржуазияшыл» деп қаралаумен қоймай, олардың отбасына да тырнақ салды. Көбінің балалары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. 30-шы жылдардың соңындағы қуғын-сүргін нәубетінен бұрындары сотталып, жазасын өтеп келгендер құтыла алмады. Тағы да «халық жауы», «кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құрушы» деген желеумен атылды.
Қазақтың оқыған білімді зиялы қауымына қарсы қуғын бұл жылдармен тоқталып қалған жоқ, 40–шы жылдардың ортасында жалғасын тауып, білім, ғылым салаларында қызмет еткендерді «космополит» ретінде айыптап, соттаумен аяқталды. Қазақтың көрнекті ғалымдары Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов және т.б. осы нәубеттің құрығына ілікті.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Алаш-Орда: Сборник документов.Алма- Ата, 1992. С.82-85.
2. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
3. Алаш-Орда: Сборник документов. Алма- Ата, 1992. С.172-173.
4. История Казахстана: белые пятна. Алма-Ата, 1991.С. 158-159.
5. Сонда, 163, 166-бб.
6 .Сәдуақасұлы С. Таңдамалы. ІІ том. – Алматы, 1993. 216-217-бб.
7.Аллаберген Қ.,Нұсқабайұлы Ж.Алты алаштың ардақтылары.Алматы, 1994.50б.
8. Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы, 1998. 173-б.
9 .Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек Аймауытұлы. Алматы, 1997. 12-б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада алаш партиясы мен алашорда үкіметінің қызметі және ХХ ғ. 20-30 жж.алаш қайраткерлерінің қуғынға ұшыраған тағдыры баяндаған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассказывается об трагической судьбе деятелей Алашорды.
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ ДАМУЫ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ
Бегалиева А.А. – т.ғ.к., доцент .(Қазмемқызпу)
«Жыл келгенде жаңалық сезінеміз» - деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай Президенттің жыл сайынғы Жолдауынан халықтың бір жаңалық күтетіні рас.
Әр жылдың басында Қазақстан Республикасының Президентінің халыққа арналған Жолдауын талдап, еліміздің ішкі сыртқы саясатына қатысты мәселелердің барлығын қамтитын, Елбасының жыл ішіндегі ең басты сөзінен жаңалық, жақсылықтар күту ел өмірінде айырықша дәстүрге айналып отыр. Президент Жолдауында бір жылдағы атқарылған жұмыстардың қалай жүзеге асырылғандығы айтылып, еліміздің күш – қуатын арттырудың жаңа жолдары нақты көрсетіліп отырылады. Осының барлығын Ұлы даланың Президентіне тән даналықпен, Шығыс ойшылдарына ғана тән сабырлықпен баяндайды.
2008 ж. Жолдау өзінің халықаралық байланыстарға баса көңіл бөлетін стратегиялық ауқымдылығымен, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне ерекше назар аударған серпінділігімен, сыртқы саясаттағы айқын бағытымен, сондай-ақ жеті басымдылықтың әрқайсысында арнайы көрсетілген нақтылығымен ерекшеленді.
Сыртқы саясатты орнықтырған осы жетістіктерге қалай жеттік? Қаншалықты күш-жігер жұмсалды? Біз тарихқа көз жіберсек «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында Н.Назарбаев сол кездегі қиындықтар туралы нақтылы баяндайды: «Бізде сыртқы саясат қызмет дәстүрлері болған жоқ, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі нағыз дипломатиялық міндеттер орындаған жоқ. Өзінің алдында осындай күрделі проблемалар тұрған, бірақ шет елде бір де бір дипломатиялық өкілдігі жоқ, сыртқы саясат дәстүрлерін айтпағанның өзінде, сыртқы саяси мәселелер жөнінде ең қарапайым әзірлемелері жоқ білікті кадрлары жоқ елді көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші»...
«Біздің сол кездегі жағдайымыз, - деп атап көрсетті Президент, - ешбір сандырақ болмағанымен, соншалықты қайғылы жағдай болды. Жеткілікті кемелденген әлеуеті, пайдалы қазбаларының орасан зор қорлары бар, білікті еңбек ресурстары, өз аумағында ядролық қаруы бар мемлекет – Қазақстанның бір де бір халықаралық шарты болған жоқ...» Егер біз шұғыл түрде өзіміздің сыртқы саясатымызды қалыптастыруды бастап кетпеген болсақ, біздің мүдделерімізге орасан зор нұқсан келері де түсінікті», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев өз кітабында.
Осы соңғы 10-17 жылда жүздеген жылдарда жете алмаған биіктерге қол жеткіздік. Қазақстанды шет мемлекеттер дипломатиялық тұрғыдан танығаннан кейінгі ең маңызды міндет біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыттарын тұжырымдамалық айқындау болды. Қазақстан қандай халықаралық саясат жүргізеді – бұл мәселе Орталық Азия аймағындағы жағдай көбіне, көп жаңа мемлекеттің сыртқы саяси бағытына байланысты болатынын түсінген көптеген мемлекеттер, алғашқы жылдары қатты алаңдатты.
Біз тәуелсіздікке ие болған күннен бастап өз саясатымыздың бейбітшіл болатынын жарияладық және дүние жүзінің бірде-бір мемлекетіне аумақтық жаңа жерлер туралы талап қоймайтынымызды мәлімдедік. Өз жауапкершілігімізді ұғынып, кез-келген әскери жанжал орасан зор зардаптарға соқтыратынын түсіне отырып:
Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты мақсаттары ретінде бейбітшіліктің сақталуын жақтадық. Саяси, экономикалық және өзге мақсаттарға жету құралы ретінде соғыстан және соғыс күштерімен қауіп төндіруден бас тарттық;
Қалыптасқан шекараларды бұзбай, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптерінен ауытқығамыз жоқ. Сондықтан Президент Жолдауда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сыртқы саяси қызметтің маңызды шешуші басым роль атқарылатынын ерекше атап өтті.
1992 жылы 2 науызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі аса маңызды тарихи оқиға болғаны баршамызға аян. Осы қадам біздің еліміздің шынайы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастық қатарына қабылдануын заңдылық тұрғыда рәсімдеді.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына әлемдік қоғамдастықтың қатардағы жаңа мүшесі ретінде және қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді. 1991 жылы Семейдегі ядролық сынақ алаңының жабылуы Қазақстанға үлкен бедел сыйлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мінбесіне халықаралық қауіпсіздігі саласында жеке бастама көтеруге мүмкіндік алды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 189 мемлекетінің ішінде Қазақстан жер көлемі жағынан 9-шы орынды алады, сөйтіп әлемдегі жер көлемі ірі мемлекеттің алғашқы ондығына кіреді. Осыншама жер тарихы ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының 15 мың. шақырымы құрлық арқылы, 8 мың шақырымы яғни жартысынан көбі Ресеймен, 5 мың шақырымы Орта Азия елдерімен, 2 мыңы Қытаймен шектеседі. Су арқылы өтетіні 1,5 мың км. Сөйтіп шекарамыздың жалпы ұзындығы 16,5 мың км-ге тең. Бұл экватордың тең жартысына тең қашықтық екен.
Қазақстан нағыз Орталық Европалық Азиялық ел. Бұл тұрғыда өзіне Шығыспен, Батыс тарихымен, мәдениетімен дінін біріктірген. Өйткені Европамен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан - әр түрлі өркениеттердің, мәдениеттің халықтардың тоғысар тұсы. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағы ең алдымен қазақ халқының және республиканы мекендейтін басқада халықтардың тұрағы ретінде, бір күнде не бір жылда қалыптаспағаны баршаға аян. Жаһандық дамудың ұлы дүбіріне қосылған жас Қазақстан Республикасы үшін қазіргі жағдайда абай болудың мән мағынасы айрықша. Сондықтан Президент Жолдауының жетінші басымдық «Қазақстанның мүдделерін, өңірлік және әлемдік дамудың серпінін ескеретін теңдестірілген және жауапты сыртқы саяси бағытты одан әрі іске асыру деп аталады. Жолдаудың бұл бөлімі сыртқы саяси бағытта еліміздің Қытай Халық Республикасы, Ресей, АҚШ мемлекеттерімен қатар, Евроодаққа кіретін елдермен байланыс жасаудағы стратегиялық әріптестіктің бағыттарына арнайы тоқталған. Осы тұрғыда алып қарағанда мемлекеттік шекара мәселесі де ең негізгі мәселе. Мемлекеттің тәуелсіздігі өз алдына дербес ішкі сыртқы саясат жүргізуі, мемлекеттік шекарасы айқын болғанда, шекаралас мемлекеттермен жер мәселесінде ешқандай дау дамайсыз реттелген келісілген заңды құжаттар айқын болғандығы баянды болады. Мемлекеттің шекарасы заңды түрде бекітілмесе онда кез келген елдің тәуелсіздігінің нығая қоюы екіталай.
Шекараны заңды күшейткен бекіту қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын саяси салмағы бар оқиға. Сондықтан Қытай, Ресей сияқты ірі мемлекеттермен шекара рәсімдеудің тарихи маңызы өте зор.
Осы жерде еліміздің шекара белдеуі өзге республикаларға қарағанда айтарлықтай нашар рәсімделгені анықталды. Сондықтан қазақстандық делегация келіссөздерге дайындықпен бару үшін, мемлекеттік мұрағаттарды түбегейлі ақтарып, керекті құжаттарды айқындады. Өйткені 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР – мен арадағы қатынас кезінде шаруашылық субъектілері жерге орналасу мәселелерін өздерінше шешіп, кейде ол обылсаралық деңгейде ғана шешіле алатын.
Кеңес Одағы тұсында шекара сызығы картадағы сызбасымен сәйкес келе бермеуінің себебі де осындай себептерге байланысты болды. Міне осындай сәйкессіздіктерге орай әлемде қабылданған құқықтық нормаларға негіздеп, арадағы 7,5 мыңдық шекараны айқындап алуға тура келді. Мұны тәуелсіздік алған 18 жыл ішінде отандық дипломатияның жарқын жеңісі деп қарастырғанымыз жөн. Ең бастысы Ресей сияқты алып мемлекетпен шекарамызды айқындауға қол жеткіздік. Ресейдің бұрынғы Президенті В.В.Путин 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында қол қойды. Негізінен жалпы ұзындығы 7591 шақырымды құрайтын шекара сызығы екі ел арасында ешқашан заңды түрде белгіленіп жазылмағандықтан, оны мемлекеттік белгіленуді жүргізу қажеттілігі заңдылық болды. Көрші Ресеймен шекара мәселесін халықаралық таластарға сай рәсімдеу бұған дейін қазақ тарихында болған емес, сондықтан бұл оқиғаның тарихи маңызы өте зор.
Тарихымызды тұңғыш рет өзіміздің стратегиялық әріптесіміз Ресеймен заң жүзінде рәсімделген мемлекеттік шекараға ие болдық.
Нәтижесінде Қазақстан өзінің 14 мың шақырымдық шекара сызығын ресми түрде толық ретке келтірді.
Ресеймен арадағы келісімшарттың бір данасы Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырылды. Сөйтіп еліміздің шекарасының мызғымастығына әлемдік қоғамдастық тарапынан аса зор жауапкершілікпен кепілдік беріліп отыр.
Енді алда шекара бағандарын орнату міндеттері тұр.
Қазақстанның Ресеймен ешуақытта болмағандықтан, заңды рәсімделген шекараларға ие болу Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын жаңа сапалық деңгейге шығарды. Кезінде екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 10 жылдығына орай В.Путин Н.Назарбаевқа жеке жолдау жіберген болатын. Онда: «Бүгінгі күні Достық ынтымақтастық өзара көмек туралы шерткен және ХХІ ғасырға межеленген Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларациямен бекітілген біздің байланыстарымыз шынайы стратегиялық серіктестік сипатына ие болды», - деп баға берілген.
«Құмырсқа тасты теседі»,- дейді Қытай мақалы. Қазақстанның тарихи көрші ел Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығы да оңайлықпен келген жоқ. Бұл мемлекетпен өзара қатынастың қалыптасуына бұрынғыдан қалған ауыр мұра қиындық келтіріп отырды. Кеңес Одағының ширек ғасырға жуық уақыт Қытаймен аса күшті жағдайында болғаны көпке белгілі. Кезінде, яғни 1969 жылы Даман аралы мен Жалаңашкөл көлінде болған шекаралық жанжалдар екі жаққа да көп шығын әкелген болатын. Тіпті әлемдегі ең ірі екі ел атом соғысына дейін жақындап келген болатын.
Қазақ Даласы мен Аспанасты елінің өзара қатынастары тарихының өте күрделі тартысты оқиғаларға толы болғанын әр кез есімізде ұстағанымыз абзал. Қазақстан қарулы жасақтары Шың елінің әскерімен талай рет шайқасып қалып жүрді. Аса көрнекті ғалым Лев Гумилев Евразияны зерттей келіп, көшпенді халықтар мен «Сары император» иелігіндегі халықтар мәдениеті мүлдем сәйкес келмейтінін атап жазған болатын.
Қытаймен саяси және сауда экономика саласындағы ынтымақтастық күннен күнге күшеюде. Сондықтан Н.Ә.Назарбаев бұл алып елмен тату көршілікті реттемейінше Қазақстан тәуелсіздігінің кепілдігі жөнінде сөз ету мүмкін емес екенін жақсы түсінді. Президент Н.Назарбаев Қытаймен тұрақты да тату көршілік қатынаста реттеудің мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарындағы стратегиялық маңызын жақсы түсінді. Бұдан 100 жыл бұрын, тіпті 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытай сияқты алып мемлекетпен стратегиялық серіктестік қатынасқа кіреді деп ешкімнің ойына келмеген болар. Біз білетініміздей 1999 жылы екі ел басшысы төтенше маңызы бар құжатқа – ХХІ ғасырға арналған Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Қытай бүгінде – біздің сенімді серіктесіміз, тату көршіміз. Бұл елмен: сауда инвестиция, халықаралық проблемалар жөнінде тұрақты қатынас жүргізе алады.
Қазақстан бүгінгі таңда ең негізгі басты көрші елдер Ресеймен, Қытаймен жақсы қатынас орнатты, осы арқылы халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталған, өзінің бұрын соңды болмаған экономикалық реформалар негізіне айналған еліміздің ішкі тұрақтылығының қуатты алғы шартын жасап алды.
Біз Қазақстан шекарасының оңтүстік шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндік. Бұл мәселе әсіресе Ауғанстандағы мазасыз жағдай мен ланкестердің шекаралас елдер аумағына өте бастауына байланысты неғұрлым өзекті болды.
Н.Назарбаев халыққа Жолдау арнап Парламентте сөз сөйлеп тұрып ортаазиялық көршілермен шынайы достық қарым қатынасты нығайтуға барынша назар аударды. Өзбекстанмен 1998 жылы қазанда Мәңгі достық туралы шартқа қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Өзбекстанмен де жер мәселесін дұрыс шешіп алдық. Қазіргі шақта осының бәрі ақиқатқа айналды. Осы жетістіктерге Президенттің басқаруы арқылы мемлекет басшысының ішкі сыртқы саясат саласындағы даналық болжамдарымен, қағидалары арқылы мемлекетті басқарудағы айырықша биіктігі арқылы, тікелей білім күшімен, маңдай термен жеткеніміз анық. Сондықтан Жолдауда көрсетілген бағыттардың мәнін әрбір қазақстандық ерекше тебірініскенін сезініп отыр. Биылғы Жолдауда ұлттық қауіпсіздік мәселесі ерекше көтеріліп отыр. Президент Жолдауындағы алтыншы басымдылық «Осы заманғы қауіп қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру»,- деп аталады. Бұл бөлімде мемлекеттілікті нығайту, еліміздің ұлттық егемендігімен біртұтастығы жаңа әскери доктрина негізінде жүзеге асырылуы тиіс екенін, сондықтан кәсіби армияны құруды қолға алу мәселесі күн тәртібінде тұрғаны жан-жақты айтылды. Президент осы тарауды қазақстандықтардың шетелдердегі капиталының тоқталуы. Шетелге әкетілген активтерге салық салынбайтынын, мемлекеттік бюджетке қаржы түспейтінін айта келе, болашақта елге келтіруге мәжбүрлейтінін ескертті. Халықаралық тәжірибе бойынша кез-келген ел азаматы шет елде ұстаған активтері үшін салық төлеуі тиіс. Осы тұрғыда алғанда Президент Жолдауы осы жыл басындағы тарихи оқиға болып отыр. Жолдауда елімізді нығайта берудің нақты тіректері көрсетілген. Жолдаудың тарихи мәні осыда деп есептеймін.
Бейбіт өмірде қауіп төндіретін, тұрақсыздық діни эктремизм, есірткі таралымы, халықаралық ланкестік сияқты үш мәселе әлемге ортақ қатер. Ауғаныстандағы, Шешенстандағы қайғылы жағдайлар осының куәсі. Бұл үш қатерге қарсы күресте Шығыс пен Батысты жалғастырып отырған Қазақстанның маңызы зор екенін Президент жеткілікті негіздеп берді. Аталған қатерлер алдымен адамның ақыл-ойын тұмшалауды, мәңгүрттеуді көздейді. Жолдаудың тарихи мәні Қазақстанның сыртқы саясатындағы бағыттарының айқындалуы. Президент ХХІ ғ. ағымына қарсы тұруға қабілетті, әрі ұзақ мерзімді, ұлттық мүделерді қамтамасыз етуге арналған белсенді, үйлесімді сыртқы саясатты орнықтыру екенін білдірді. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Еуроодақ елдермен ынтымақтастықты дамыту, Азия, Таяу Шығыс елдерімен іс қимылдарға аса зор берілетінін нық айтты. Жолдауының басты Ел Президентінің бұл жолғы Жолдауы Қазақстанның әлемдік бәсекеде тағыда ілгері қадам жасағанын жария еткен ауқымды бағдарлама болды.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы, 1999.
2. Назарбаев Н.Ә.Қазақстан Халқына Жолдауы. Астана, 2008.
3. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. Алматы ,2002 .
4. Тоқаев Қ. Беласу. Алматы, 2003 .
5. Тоқаев Қ. Свет и тен. Астана, 2007.
6. Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл Алматы, 2003.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының дамуы – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болатындығы айтылған.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена развитию внешней политики Республики Казахстан на современном этапе.
Достарыңызбен бөлісу: |