29-бап. Өтінішхат
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен прокурор заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіруге құқылы.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
30-бап. Арыз
1. Прокурор заңда белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа арызбен (талап қою арызымен) жүгінуге құқылы.
2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдардың және лауазымды адамдардың актілерін, шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
31-бап. Үндеу
Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Үндеу бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.
32-бап. Заңды түсіндіру
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қайшы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде, прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне заңдылықты бұзушылықтарға жол бермеу туралы және заңда белгіленген жауаптылық туралы жазбаша және (немесе) ауызша нысанда түсіндіреді.
33-бап. Прокурорлық қадағалау актілерін және прокурорлық ден қою актілерін жариялау
Прокуратура органдары өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін заңнамада белгіленген шектеулерді сақтай отырып бұқаралық ақпарат құралдарында органдар мен лауазымды адамдардың адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін жариялауға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |