Аллаһтың қолдауы
Осы сәтте мүміндерге Аллаһ тағаланың жәрдемi мен мейiрiм-шапағаты
келдi. Аллаһ тағала Мұсаны жас кезiнде бауыздалып кетуінен құтқарды.
Сосын Перғауын әулетінен бiр кiсiнi өлтiргенде де жазаланудан құтқарған
болатын. Сондай-ақ кедей болған шағында мал-дүние мен әйелдi нәсіп етіп,
кедейлiктен, одан соң сиқыршылардан құтқарды. Әрдайым жәрдем берушi
Аллаһ оны мүміндермен бiрге осындай қиын сәтiнде жәрдемсiз қалдыра ма?
Жоқ, әлбетте, құтқарады. Аллаһ тарапынан Мұсаға: «Таяғыңмен теңiздi ұр!»
– деген бұйрық келдi. Мұса таяғымен теңiздi ұрды. Сол сәтте-ақ теңiз Аллаһ
тағаланың қалауымен қақ айырылып, ортасынан ұзын жол пайда болды.
Жел соғып, теңіздің түбіндегі тұнбаларды алып кетті де, мұсылмандарға
ашылған жолды кептірді. Мүміндер Аллаһтан жіберілген кереметтің
арқасында теңіздегі жолмен киімдері су болмаған күйде өте шықты.
Перғауынның суға батуы
Олар қуанғандарынан көз алдындағы Аллаһ тағаланың мұғжизасына
сенер-сенбестерiн бiлмей, алға ұмтыла берді. Бiрақ кері бұрылып қараған
олар Перғауынның да iздерiнен өкшелеп, жетіп қалғанын байқады. Олар
тағы да қорқып, үрейлене бастады. Перғауын мен оның нөкерлерiнiң қуып
жетіп қалғанын Мұса да көрдi. Оған: «Мүміндермен теңiздiң жағалауына
дейiн жүре бер. Кәпiрлер де арттарыңнан жүре берсiн. Олар жол ортасында
суға батады», – деген аян келдi. Ұлы Аллаһтың айтқандары рас едi.
Мүміндердің ең соңғысы теңiздің келесі жағалауына аяқ тірегенде,
Перғауын мен нөкерлерi әлi жолдың ортасында болатын. Сол уақытта теңiз
ортасындағы ашылған жол жабылып, теңіздің астан-кестені шықты да,
Перғауынның әскерлері батып кеттi. Перғауын бұл жағдайды көрiп: «Мен
әлемдердiң Раббысы бір Аллаһқа сендiм», – деп айқайлады. Оған: «Ендi
өлiп бара жатып иман келтiресің бе? Ей, Перғауын! Енді иман келтiруiңнiң
ешқандай пайдасы жоқ», – деген жауап естiлдi. Перғауын да нөкерлерiмен
бірге суға батты.
Достарыңызбен бөлісу: |