Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы


МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТӘРБИЕ БЕРУДЕ МӘДЕНИ



бет3/13
Дата08.06.2016
өлшемі1.45 Mb.
#123066
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТӘРБИЕ БЕРУДЕ МӘДЕНИ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беретiн мектептерi тұжырым­дама­сында: «Жалпы бiлiм беретiн мектептiң мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу және әрбiр шәкiрттi тұлға деп санау, оның жан-жақты дамуына мүмкiншiлiк жасау» – деп көрсеткен.

Қазақстандық бiлiм берудiң ұлттық моделi әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, көп деңгейлi әрi үздiксiз бiлiм беру сипаттарымен ерекшеленбек. Қазақ халқының мәдениетi мен өнерi, қазақ жерiнде тұратын өзге халықтар өнерi мен мәдениетiнiң бiрлiгi ұлттық өзiндiк сананың дұрыс қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Сонымен қатар, ол өзiне ең жақсысын, әлемдiк көркем мәдениеттiң озығын, өскелең ұрпақтың оқуы мен тәрбиесiндегi әлемдiк тәжiрибесiндегi оң жетiстiктерiн өзiне алуы тиiс.

Білім және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы (БМБҰҰ) шешiмi бойынша «Бiлiм беру, ең алдымен сананы дамытудың факторы болуы қажет деп көрсетiлген. Адам өмiрiне қажеттi мақсатты құрастыратын моральдық, рухани, эстетикалық байлықтар ең алдымен ескерілуі тиiс. Осы байлықтардың iшiнде адамның абыройы, жақынына сүйiспеншiлiгi, табиғатпен үйлесiмдiлiгi әрбiр жаңа дәуiрде дамып, жаңаруы және iске асырылуы қажет»,– деп көрсетiлген. Сондықтан көзделген мақсатты iске асыруда гуманитарлық бiлiм маңызды роль атқарады. Мектептегi бiлiм беру үрдiсiн гуманизациялауға байланысты ғалым М.Ж. Жадрина былай деп жазады: «Қазiргi заманның басты мәселесi адамдық тұлғаны сақтап қалу болып табылады. Қоғамдағы өнегелiлiк тәрбиенiң былыққа батуы, тұлғаның мәдениеттен, бiлiмнен жат болып кетуi ақыл-парасаттың және жалпыадамзаттық қызығушылығынан пайда табу жолының биiк тұруы, адам үстiнен және оның рухани құндылықтарынан техниканың үстемдiк етуi, бiлiм беру аймағының адамға оның тұлға ретiнде туылуына әсер етуiн төмендеттi. Бұл тығырықтан шығудың жолы, бiлiм берудiң ғылыми, технократтық моделiнен, мәдени модельге бағытталып, бiлiм беру үрдiсiн гуманизациялауға яғни iзгiлендiруге ерекше көңiл бөлу қажет».

Ұлттық мәдениетiмiздi танып бiлуге, оны бағалауға Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев пiкiрлерi тұжырымдамалық негiз болып табылады. Ал М.О. Әуезов, Е.Б. Бекмаханов, М. Ғабдуллин, С.А. Қасқабасов, Ә. Марғұлан, Б.Р. Қазыханова, Б. Байжiгiтов, Н. Сәрсенбаев және т.б. зерттеушi ғалымдар еңбектерiнде бұл мәселелер одан әрi дамытылды.

Ерте кезде қол өнер кәсiпшiлiгiнде шеберлiк өнерi шеберден оқушыға, көбiнесе күнделiктi тiршiлiктегi iс-әрекеттер арқылы әкеден балаға тiкелей ауысып отырған. Ендiгi жерде керiсiнше – адамға жаңа өндiрiс сипатына тез бағытталып, жаңа бiлiктiлiктер мен дағдыларды жылдам үйренiп, әрдайым жаңа технологияны меңгерiп, жаңа ақпараттық заман көшiне iлесу қажет. Сондықтан адамның «көзi, миы, қолы» бiргелiкте, мiндеттi түрде қозғалыста және үйлесiмдi түрде дамуы қажет. Оқушының қандай кәсiптi меңгеруi алдын-ала мәлiм емес, бiрақ оны ерте кезден яғни мектепке дейiнгi жастан бастап шығармашылық әрекеттерге дайындау қажет, өйтпеген жағдайда көру мен саусақтар қимылының даму қабiлетi төмендейдi, ол қанша жерден зерделi де ынталы болғанымен бәрi бiр кез-келген iсте өз мүмкiндiгiн толық игере алмайды.

Ежелден бастап-ақ, адамдар жасалған бұйымдарды өздерiнiң күнделiктi қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн ғана емес, сұлулық заңына сай шығармашылықпен айналысуды мақсат етiп қойған. Сәндiк қолданбалы өнердiң тағы бiр саласы адамның өзiн тiкелей безендiрумен, яғни киiм-кешек үлгiлерiн көркемдiкпен орындау және зергерлiк бұйымдар жасаумен байланысты. Сәндiк бейненi бiлдiрудiң мәнi бiр ғана нәрсенi көрсету емес, халық өнерiндегiдей – батырлар, аруларға тән және жалпы түр-тұқым белгiлерiн, туыстық, рулық таңбалардың мағынасын ажыратып, ашады. Көркемдiк талғамның жетiлуiне, әсемдiктi түсiнiп, қабылдауға және оны өз қолымен жасай бiлуге үреткен тәлiмдiк тағылымдар адамзат тарихының барлық кезеңiнде маңызды мәнге ие болып келген.

Кешегi кеңес заманындағы бейнелеу өнерiнiң даму бағыты мен мазмұны, сыртқы формасы, жеткен деңгейi коммунистiк идеология тұрғысынан анықталып келдi. Адамды идеологияның құлы еткен социалистiк қоғамда саясат үшiн жасалынған әртүрлi үлкен көлемдегi көрiктемелер (картиналар) мен мүсiндер мұражай­лардан көрме залдарынан ғана орын алып, халықтың тұрмыстағы қолдануынан шығып кеттi. Бұл адамдардың бейнелеу өнерiн түсiну қабiлетiнiң өсуiн тоқтатып, көркемдiк талғамы мен эстетикалық ләззат алу мүмкiндiгiн төмендеттi. Ендiгi жерде Елiмiздiң тәуелсiз жағдайында мәдениеттану саласы жаңа бағыт алуда.

Республика көлемiнде мәдениет, этномәдениет және ұлттық мәдениет тұрғысында зерттелiп отырған проблема әлi де болса педагогика ғылымында қажеттi деңгейде көрiнiс тапқан жоқ. Бұл мәселе төңiрегiнде ғалым зерттеушілердің А. Сейдiмбек, С.Қ. Қалиев, Қ. Жарықбаев, М.Х. Балтабаев, С.А. Ұзақбаева, С. Қазыбаевалар­дың ғылыми еңбектерiнде айтылған.

Көшпелілер мәдениетiнiң ерекшелiктерi жайында А.Х. Марғұлан былай деп жазады: «Мәдени дамудың хронологиялық бiрiздiлiгi ғимараттық құрылыс типтерi мен мәдениетiндегi бiр-бiрiнен айырмашылығы бар әртүрлi уақыттағы ескерткiштерде дәлелдендi. Мәдени дамудың бiрiздiлiгi андронов мәдениетiнiң ескерткiштерiнде, мысалы, Орталық және Солтүстiк-Шығыс Қазақстанның барлық территорияларында кездесетiн ертедегi және кейiнгi андрондарда өте айқын көрiнедi». Сондай-ақ А.Х. Марғұланның «Қазақтың сәндiк қолданбалы өнерi» атты құнды еңбектері және М.С. Мұханов­тың «Казахские домашние худо­жественные ремесла» атты зерттеу еңбектерi арқылы қазақ халқының мәдени мұрасының қазынасын толықтырып қана қоймай, ұлттық өнер тарихын зерттеуге мол үлесін қосты.

Ғасырлар бойы бірнеше зұлматты басынан кешірген қазақ халқы бүгінгі күнге дейін ұлттық киімдерін сақтап қала алды. Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнеріндегі ұлттық киім кешектердің сәнділігімен бірге табиғи-материалдық құндылығы да ерекше. Қазақтардың киімдері үшін негізгі материал мақта-мата мен жүн маталар, былғары, тері, елтірі пайдаланылды. Ұлттық киімдерде көшпелі тұрмыстық, атақ-шен және жастық жағынан иерархиялық сатылар, эстетикалық талғам ерекшеліктері көрініс тапты. Бірақ, еуропалық киім үлгілеріне еліктеу басымдылығы табиғи шикізаттан дайындалған сәнді де құнды ұлттық киімге деген көзқарасты өзгертуге алып келді. Осы орайда жазушы Антуан де Сент-Экзюпери ұлттық киiм ерекшелiктеріне байланысты «Кiшкентай ханзада» атты кiтабында ханзаданың Б-612 деп аталатын басқа планетадан келгенiн, ол планетаны алғаш рет түрiк астраномы ашқанын былай деп суреттейдi. «Астроном өзiнiң ашқан ғажайып жаңалығы жайлы Халықаралық астрономиялық конгрессте баяндады. Бiрақ оған ешкiм сенбедi, оның бар себебi, ол түрiктiң ұлттық киiмiн киiп, баяндама жасаған болатын. 1920 жылы сол астроном европалық ең соңғы модаға сай киiм киiп баяндама жасағанда бәрi онымен келiстi. Үлкендер осындай халық!» [18,378].

Қазiргi Қазақстан мен Орта Азия территориясындағы ертедегi тайпалар өмiрiн бейнелейтiн, тасқа қашап жазған құнды, деректi суреттер мен жазулар жиi кездеседi. Бұл сияқты тастарға қашалған жабайы аңдар, хайуа­наттар, адам бейнелерi, аңшылық, садақ тарту, желектi найза ұстау, жыртқыштан қорғану, ертедегi адамдардың киелi түсiнiктерi, әдет-ғұрыптары мен дәстүр көрiнiстерi аң аулап, мал баққан ертедегi тайпалардың тұңғыш жазуы болып табылады. Бұл ертедегi сурет жазуы немесе пиктографиялық жазу.

«Байырғы көшпеліліердің өмір салты дүниеге әкелген мал құлағына ен салу, малдың санына күйдіріп таңба басу, әр рудың өзіндік таңбасының болуы, тіптен денелеріне қара күйе сіңіру арқылы таңба салу сияқты қасиеттер ең алдымен белгі берушілік, хабар білдірушілік, ажыратушылық міндет атқарған» [13,324]. Мұндай тiршiлiк етудiң көпғасырлық ерекше ритмi жайлы халықтың тiлi мен көркем шығармаларында әлi күнге дейiн жаңғыруда. Қазақтардың эпос, фольклор, ән, әуен, би, сәндiк өнерi мен бейнелеу өнерi, сәулет өнерi – бәрi де өзiнде үзiлiссiз қозғалыс пен орын ауыстыруды және олардың кеңiстiк пен уақытқа деген өзiне тән ерекше қатынасын таңба етiп қалдырды.

Мәдени мұраларға қатысты өткенімізге ой салсақ, Майқы биден тараған Көркембек деген елге аты шыққан тас қашау өнерiнiң шеберi болған. Бұл жайлы ХVIII ғасырда өмiр сүрген, бiлiм мен өнер iздеп Бағдат, Мысыр, Рум, Шам т.б шаһарларды кезiп оқыған Қазыбек бек Тауасарұлы өз еңбегiнде құнды-құнды мәлiметтер жазып қалдырған. Әулиеата маңында бүтiн тастардан бедерлеп, үш тас сарай қашап салған. Қолымен тасқа нақыш ойып, бүгiнгi күнге жеткiзген Көркембек, Қожахмет сағанасын тұрғызған шеберлердей өз есiмiн ойып жазбаса да Қазақ тарихының куәсiндей бiзге де жеттi. Сурет, кескiндеме, графика өнерiнен эстетикалық ләззат алған Қазыбек бек өзi сурет сала алмаса да көргенiне риза болып былай деп жазады: «Екi жылдың iшiнде сәулет өнерiнен де, әуез өнерiнен де ұстаз жалдап оқыдым... Мен тек Рафайiл, Тидзиан, Леонардо да Винчи, Микеланджело Симони сияқты кереметтердiң өнерiне сүйсiнумен ғана шектелдiм». Дүниеге келген әрбiр жаңалық сол күйiнде қатып қалмайты­нын ойға алсақ, ертедегi сурет жазуы да сол пайда болған күйiнде қалып қойған жоқ, ол өмiрге икемделiп өзгерiп, өрiстей түстi. Осы жазудың негiзiнде ұғымды бiлдiретiн жазу, символикалық немесе идеографиялық жазу пайда болды. Ертедегi сурет жазуларымен қабаттаса келетiн ай мен күн, алуан таңба нұсқалары, рулық таңба белгiлерi және бұлардың соңын ала бiраз кейiнiрек замандағы өрнектi пiшiнмен оюлап салынған бейнелi суреттердi де идеографиялық жазуға қосамыз.

«Аң» стилiндегi мотивтер қазақ өнерiнiң дамуындағы барлық кезеңдерге сiңген дәстүр болып саналады. Жұмбақ сиқырлы сыр немесе дiни дәстүрлер емес, сезiмдiк-практикалық әрекет, бiлiм мен ұғымдар тәжiрибесi көшпелiлердiң жартасқа салған суреттердегi анималистiк өнерiнде тiрiледi. Белгiлi оғыз эпосы «Қорқыт кiтабында» Салор-Қазан жылқы мен түйе баққан малшыларды, иттердi қорқытқан қасқырға: «қараңғы түнек басқан сәтте сен үшiн күн шығады; қар мен жаңбыр жауса да сен батыр сияқты қасқайып тұрарсың». Адам – құшақ жетпес әлемнiң орта шенi, ол жоғалып кететiн кiшкентай ғана нүкте емес, бiрден құшағың жетпейтiн кеңiстiгi, ұшы-қиыры жоқ шексiз даласы мәңгi көк аспан сияқты сондай құшақ жетпес, күштi. «Мен – күштiмiн, мен ғана тағдырды өзгерте аламын, далада туғандардың – күшi де мықты» – дейдi тау мен дала баласы көшпелi Энкиду. Адамзат мәдениетi тарихының жарқын беттерiнен яғни ерекше скифтiк стильден палеолит, мезолит және неолит дәуiрлерiндегi алғашқы қауым өнерiндегi аң стилдерiн көремiз. Әлемді шығармашылықпен қайта өзгерту адамзат әрекетінің басты мақсаты. Көркемдік танымның өзі – көзге көрінетін және сезілетін әлемге алып келетін ашық жүйе болып табылады.

Профессор М.Х. Балтабаевтiң еңбегiнде Қазақ мәдениетiнiң даму процесiндегi дәстүрлер мен сабақтастық проблемасы жете зерттелген. Ғалым ұсынған жүйелi принцип ұлттық мәдениеттi көп өлшемдi және көп деңгейлi сипаттағы бiрлiк ретiнде және концеп­туалды объект ретiнде қарастырады. Қазақ мәдениетiнiң оның iшiнде көркем мәдениетiнiң дамуына талдау жасай отырып ғалым этномәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтардың кiрiгу процесi мен деңгейiн мәдени мұра ретiнде анықтайды. Олардың жетiстiк жақтары мен терiс жақтарын аша отырып мәдени интеграция­лау­дың керi факторларына талдау жасайды: «Қазақ халқының ұлттық мәдениетiнiң ассимиляциялануы яғни бiр халықтың екiншi халық­қа сiңiсiп кетуi; оның қалаулы iрiктелген топқа және жалпы қалың халықтыққа бөлiнуi; евроцентристiк құндылықтарды пайдалану­дың үстемдiгi болып отыр».

А. Сейдiмбек өзiнiң зерттеу еңбектерiнде кеңес одағы аясында­ғы мәдениеттануда 60-70 жылдардан бастап аксиологиялық және дезаксиоло­гия­лық көзқарастардың бел алуын яғни, жеке адамнан бастап тұтас қоғамға дейiн «мәдениеттi» немесе «мәдениетсiз» деп қарабайыр бөлiкке бөле салу үрдiсi сол кездегi үстемдiк құрған империялық-социалистiк идеологияның пиғыл болмысы екендiгiн ашық айтады. «Жұмыр жердiң бетiндегi жалпыадамзаттық мәнi бар этикалық қалыптарды (норма), моральдық қасиеттердi, рухани мұраларды бағалау тұрсын, тұтас бiр елдiң талғам түсiнiгi еш уақытта бедел бола алмайды. Нағыз ұлт болып қалыптасқан елдiң өмiр салтынан бастап, рухани болмысына дейiн төлтума қасиетiмен дараланады. Яғни, нағыз мәдениет ешкiмдi қайталамайды, ешкiмге елiктемейдi. Елiктеудiң шын аты қайталау. Рухани сұғанақ (плагиат) болған ел, бiрiншiден, өзiнiң болашағынан айрылса, екiншiден, өзгенiң асылын малшылайды» – деп жазады өз еңбегінде.

С.А. Ұзақбаева «Мәдениет», «этномәдениет» және «ұлттық мәдениет» ұғымдарының ара қатынасын айқындауда этникалық мәдениет – бұл халықтың тыныс-тiршiлiгi үрдiсiндегi ерекшелiк­тердi сақтаушы ең бiрiншi негiз, төл, бастау, мұны жоғалтқан, ұмытқан халық «өз келбетiн» өзге этностан ерекшелiгiн жоғалтады»,– деп тұжырым жасайды. Өнертану мәселелерi бойынша Ә. Марғұлан, Н. Нұрмұхамбетов, К. Мұратаев, Қ. Телжанов, және т.б. ғалымдардың ғылыми зерттеу еңбектерінде кеңiнен қарастырылады.
Мектепте бiлiм берудi жетiлдiрудiң негiзгi бағыттары мәселесiн қарастыруда ғалым А. Қ. Құсайынов былай деп жазады: «ХХ ғасырда қоғамдық өмiрдiң барлық саласының негiзiнде «Ғылым – өндiрiс – бiлiм» макромоделiнiң болғаны белгiлi. Мәдени саладағыдай, бiлiм беруге деген жаңа қатынас және онымен байланыста туындаған бiлiм берудiң жаңа парадигмалары «мәдениет – бiлiм – тарих» бiрлiгiне негiзделген жаңа мәдени макромодельдi енгiзуге жол ашты». Мұның бәрi бiлiм жүйесiнде оның жаңа гуманитарлық парадигмасын қалыптастыруға алып келедi. Жалпы бiлiм беретiн мектепте бүгiн бiз графикалық сауаттылықты ғана дайындау емес, мәдениетті тұлға дайындауға мiндеттiмiз. Бүгiнгi бiздiң жаңа қоғамның даму деңгейiнде қарапайым сауаттылықпен шектеле алмаймыз. Өйтпегенде, өнер құндылығын жат қылықтарға алмастырып алу, оның әлеуметтiк-эмоционалды тәжiрибесiн сабақтан тыс шеттетiп, мектептегi оқыс жағдайларға алып келедi.

Қазiргi замандағы индивидттiң өзбеттiлiгi, субъективтiлiгiнiң басымдылы­ғы бiлiмнiң жалпымәдени фундаментiн, негiзiн бекiтуiн, әртүрлi әлеуметтiк, экологиялық және т.б. мiндеттер мен шындықты саналы жағымды-мақсатқа айналдыруды шешу үшiн өзiнiң дербес күшiн iске қосу бiлiктiлiгiн дамытуын талап етедi. Жаңа заман талабына сай, нұсқауды күтпейтiн, бiрден жобалық-конструктивтiк және рухани-дербес тәжiрибемен өмiрге араласып, кiрiсiп кететiн шығармашылық тұрғыдан қалыптасқан маман қажет болады, қазiргi таңдағы теориялық бiлiм беру бұл қызметке «бейiмделмеген». Бұған мысал, бiрiншi кезекте жаңа ұрпақты әлеуметтiк мәдени өркендеудегi сабақтастықты қамтамасыз ететiн тәжiрибенiң негiзгi түрлерiнiң жиынтығы идеясының көрiнiсi iске асырылатын бiлiм мазмұнының культурологиялық моделi. Бiлiмдiк теориялық бiлiм беру парадигмасы шегiнен шығуға ұмтылыс, бiлiм мазмұнын сандық емес сапалық қатынаста кеңейту бұрыннан қолға алынып келе жатқан мәселелердiң бiрi.

Бейнелеу өнерінде мектеп оқушылары қажетті білім, білік, дағдыларды меңгерумен қатар, кейбір ерекше қасиеттерді қалыптастыруды тиіс, Оларға ең алдымен нақты өмір құбылыстарын бақылауда көре білу, «қырағы көзге» ие болу, оларға белсене және қызыға жауап қату жатады. Бейнелеу өнері шығармалары тек бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге олар белгілі бір мазмұндық ойды, түрлі сезімді, дүниетанымды білдіреді. Бейнелеу өнерінде не бейнеленгені ғана маңызды болып қоймайды, мұның қалай, қандай көркемдік құралдармен бейнеленгені де маңызды мәнге ие. Бұл композиция, сурет, пластикалық форма, калорит, жарық пен көлеңке, салу мәнері және т.б. мәнерлеу құралдарын қамтиды.

Бейнелеу өнерінің заңдылықтарына (композиция, сурет, пластикалық форма, калорит, жарық пен көлеңке, салу мәнері және т.б. мәнерлеу құралдары) педагогикалық ұстанымдардың қатарына мәдениет диалогы ұстанымы да жатады. Мәдениет диалогы ұстанымын оқыту мазмұнына ендіру дегеніміз – бағдарлама мазмұнын өз елiнiң мәдениетi мен өнерiнен бастау алатын жалпыадамзаттық көркем мәдениетке қарай жетелеу.

Мектеп оқушыларына жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйене отырып гуманистiк тәрбие беру бүгiнгi күннiң басты мiндетi болып отыр. Адамзаттық құндылық мәселелерiн алдыңғы қатарға шығарудың жаңа дүниетанымы рухани мәдениет пен өнегелiлiктi қайта құрумен сипатталады. Құндылық дегенiмiз «қоршаған орта объектiлерiн олардың адам және қоғам үшiн жағымды және керi мағынасын (қоғам өмiрiндегi және табиғат құбылыстарында бекiтiлген игiлiк, қайырымдылық пен зұлымдық, әсемдiк пен ұсқынсыздықты) айқындайтын арнайы әлеуметтiк анықтама. Субъектiге қатысты құндылық, оның қызығушылығының объектiсi ретiнде қызмет етедi, ал оның санасы үшiн қоршаған ортадағы бұйымдар мен құбылыстарға практикалық қатынасын бiлдiру, заттық және әлеуметтiк болмыстағы күнделiктi бағдар ролiн атқарады.

Эстетикалық құндылық тек құбылыстарды ғана сипаттаумен шектелмейтiн сондай-ақ оларға баға берiп, оларды қоштайтын немесе сынайтын, олардың жүзеге асуын немесе жойылуын талап ететiн және осыған орай өзiнiң сипатына сай нормативтi бола алатын қоғамдық сана формасы ретiнде де (әдiлдiк пен әдiлетсiздiкте) көрiне алады. «Құндылық» ұғымы философияда, социологияда және педагогикада ең негiзгi ұғымдардың бiрi болып табылады. Жалпы адамзаттық құндылықтар iшiнен озық ойшылдар, философтар және педагогтар адам құқығын, еркiндiгi мен оларға сай келетiн оның тәрбиесi мен бiлiмiн әркез бiрiншi орынға қойған. Халықтың өмiрiнде жалпыадамзаттық құндылықтарды бекiтуде қоғамның тарихи дамуында заңды нәтижелер бар. Адам құқығының өнегелi күшi басқа жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты мыңжылдықтар бойына жинақталып, адам мiнез-құлқының негiзгi мотивациясы мен реттеушiсi қызметiн атқарды. Сонымен қатар әрбiр халықта бұл үрдiс мәдени қатынаста өз көрiнiсiн тауып, тұлғаны әлеуметтендiру жолына қатысы бар өзiнiң ұлттық ерекшелiктерiне, дәстүрiне ие болды.

«Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл әртүрлi халықтардың, әртүрлi дiндердiң, әртүрлi кезеңдердiң рухани мақсатын жақындастырып, туыстырады. Олар сол себептi де жалпыадамзаттық деп аталып ХХ ғасырдың аяғында адам құқығы жайлы Бiрiккен ұлттар ұйымының ООН құжатында өз көрiнiсiн тапты. Жалпыадамзаттық – бұл әрбiр адам, оның еркiндiгi мен адамдық деген ажырамас та пәк кiршiксiз құқығы. Тұлға құндылығы – жалпыадамзаттың рухани негiзi».

Бейнелеу өнерi сабақтарында оқушылар жан-жақты бiлiм, бiлiктiлiктi меңгередi, көне мәдени тарих, сәулет өнерi, табиғат әсемдiгi мен құбылыстары мен әртүрлi халықтардың сәндiк қолданбалы өнерiнiң ұлттық ерекшелiктерге толы өнерi жайлы мағлұматтар алады. Осылайша оқушылар өздерiнiң ата-аналарымен бiрге бейнелеу өнерiнiң қызықты бiлiм мазмұнын бiрнеше жылдар бойы жинақтайды, нәтижесiнде отбасы өмiрiнде де рухани мәдени атмосфера орнайды.

Адамзаттың бүкiл тарихи дамуын, мәдениетiнiң өсу деңгейiн көрсететiн бейнелеу өнерi пәнi қосымша пән ретiнде емес басқа пәндер қатарында, өз деңгейiнде жүргiзiлуi қажет. Мектеп оқушыларының жалпы дамуына, шығармашылық қабiлетiнiң артуына, Көркемдiк-эстетикалық дамуының толық қалыптасуына бейнелеу өнерiнiң қосар үлесi зор.

Қоғамдық сананың көне формасының бiр түрi - өнер. Өнер объективтiк шындықты көркемдiк бейнелер арқылы бейнелеп көрсетедi. Көркемдiк бейне құбылыстарды нақтылы сезiмталдықпен, барынша ерекше, типтiк тұрғыдан ашып көрсетедi. Былайша айтқанда, ол жалпылық пен жекенiң, объективтiк пен субъективтiктiң материалдық және идеялықтың диалектикалық ерекшелiгiнiң бiрлiгi болып табылады. Көркем қыяпат немесе бейне негiзiнде нақтыланған көрініс, сондай-ақ дара, дербес, нақты адам кейiптерi арқылы көпшiлiкке белгiлi, түсiнiктi типтердi, құбылыстарды сомдап, бейнелейдi, жаманнан жирендiрiп, жақсыға елiктетедi. Қазiргi таңда өнегелi-патриоттық тәлiм-тәрбие беру саласына ерекше назар аударыла бастады. бiздiң қоғамның, мәдениетiмiздiң өнегелi тәрбие беру жағының нашарлап, дағдарысқа ұшырауының қазiргi жағдайы жасырын емес. Өнер, танымдық және өзiн-өзi танудың тәсiлi ретiнде, әлем жайлы, ондағы адамның орны жайлы тұтас ұғым қалыптастырушы тәсiл ретiнде қызмет ететiнi баршаға мәлiм.

Мектептегi өнер – бұл бiз соңына дейiн түсiнiп болмаған және өте аз қолданатын тәлiм-тәрбие қаруы, рухани күш. Рухани жiгерсiздiк – бұл адамдағы қызығушылықтық тапшы­лы­ғы, бұл адамдар бойында жағымды қасиеттердiң дамымауын көрсетеді. Жағымды қылықтар критерийлерінiң «ғылыми техникалық ғасырдың» ғылыми интеллект жетiстiктерi­мен араласып, оған сай көзқараста болуына мәдениет, өнермен сусындау едәуiр ықпал етедi. Осы мәселе төңiрегiнде халықаралық «Бөбек» қорының төрайымы С.А. Назарбаева өзiнiң болашақ ұрпақ тағдырына деген ой-толғанысын былай деп жеткiзедi: «Бүгiнде «тiршiлiк көзiн» рухани негiздерден iздегенiмiз абзал. Бұл түсiнiктiң астарында не жатыр? Менiңше, адамның Жаратушыға, адамның табиғатқа және адамның адамға деген қарым-қатынасы терең мағыналы екендiгiн түсiну басты мәселе… Үстiрт берiлген рухани тәрбие адам бойында құлықсыздықты, жауапсыздықты қалыптастырады. «Байлық» пен «кедейлiк» туралы әртүрлi көзқарастың мәнiн тәрбие мен рухани бағыттардан iздеу қажет».

Сонымен қатар, рухани мәдениеттiң ең маңызды элементi тiл. Тiл – бұл адам тәжiрибесiн жинақтап, бiр-бiрiне жалғастырып берiп отыратын мәдениеттiң объективтiк түрi. Екiншi маңызды элементi – оның танымдық-құндылық жүйесi. Құндылық – бұл адамның тiлегiн, қажетiн және мүддесiн қанағаттандыратын зат пен құбылыс сипаты. Құндылық субъектiнiң (адамның) өз қажетiн қоршаған дүние заттарын өзiне сәйкес ұғыну салдарынан қалыптасады» – деп жазады өз еңбегінде Ш. Ибрахим.

Қазiргi жағдайда құлықтылықтың, өнегелi тәрбиенiң құлдырауы, жас­өспiрiмдер арасындағы қылмыстық iстердiң өсу тенденциясы байқалған кезде, мектеп оқушыларына тәлiм-тәрбие беруде мәдени құндылықтар негізінде қалыптасқан көркемдiк-эстетикалық пәндердiң мәнi арта түсуде. Өнер пәндерi рухани мәдени тұлға қалыптастырып, шығармашылық белсендiлiгiн арттыруға, ең бастысы осы пәндер арқылы Отанға деген азаматтық сүйiспеншiлiк сезiмiн, ары мен өнегелi абыройын тәрбиелеуге бағытталған. Жаңа бiлiм бағдарламасында, оқушы ең алдымен отандық мәдениеттi зерделеуге, содан кейiн барып әлемдiк, шетел өнерi мен мәдениетiн зерделеуге бағытталуы әркез ескерілуі қажет.
Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылғы бiлiмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы, Казахстанская правда 16 октября 2004 г. 2т. 1б.

2. Антуан де Сент-Экзюпери. Маленький принц. Минск. «Вышэйшая школа» 1986, 378 б.

3. Айдаров Р. Дәуiр және дәстүр. Алматы. Қазақстан 1974 ж.

4. Джанибеков У. Культура Казахского ремесла. Алма-Ата, “Онер”, 1982 г., с. 29.

5. Гончаров И.Ф. Эстетическое воспитание школьников средствами искусства и действительности М., Педагогика 86.

6. Ибрахим Ш. И. Рухани мәдениет және өнегелi құндылықтар. Алматы ақшамы. 1 наурыз 2000 – 2 б.
Ұ.Н. Арқабаева

61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз



Астана қ.
12 ЖЫЛДЫҚ МЕКТЕПТЕГІ «ӨНЕР» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЖОБАЛАУ МӘСЕЛЕСІ
Білім беру жүйесінің тиімділігін арттырудың шарты оны үнемі үздіксіз жаңғыртып отыру қажет.Қазіргі мектепті кешенді өзгертуде ерекшеленетін элементтің бірі- жалпы орта білім беру мерзімін 12 жылға ұзарту болып табылады. Әрине, бұл қазақстандық мектептің білім беруін жаңа сапалық деңгейге алып шығудың өзекті мақсаттарының бірі ғана екені белгілі.

Оқыту мерзімінің өзгертілуі білім берудің мақсаты мен мәнінде, құрылымдық өзгерісінің функционалды байланысында, оның мазмұны мен технологиясында болып табылады.12 жылдық мектепке көшу – бұл басты мақсат емес, оны білім беру жүйесін өзгертудің басқа да принципиальды өзгерістерімен қатар, мектепті жаңа деңгейге көтерудің шешуші элементтерінің бірі деуге болады.

Сонымен ХХІ ғасырдағы қазақстандық мектеп оқушыдан мына өзгермелі заманға тез бейімделуді, жеке және отбасы өмірінде, болашақ кәсіптік қызметінде өз шығармашылығын іске асыра алатын түбегейлі өзгерісті талап етеді. Бірінші орынға қойылып отырған мақсат-оқушыны ішкі потенциалы негізінде жеке тұлға ретінде дамыту және ең үздік тарихи, мәдени және адамзаттың техникалық жетістіктерінің ара қатынасы арқылы мектептегі білім берудің басым мақсаттарын өзгертудің негізгі тұжырымдамасы болып табылады. Осындай параметрлерге тек 12 жылдық мектеп қана жауап беруі тиіс. Бәріне мәлім, бүгінгі күні бүкіл әлемде 12 жылдық мектепке есептелген жалпы орта білім берудің халықаралық стандарты қалыптасқан. Орта мектепте оқытудың 12 жылдық мерзімі АҚШ-та, Канадада, Жапонияда, Швецияда, Францияда қабылданған; ал Германияда, Чехияда, Италияда, Швецарияда -13 жылдықта, Голландияда -14 жылдық. Негізгі пәндерден осыған ұқсас мазмұндағы бағдарламаларды біздің елімізде 10-11 жас аралығында оқытатындықтан, оқушыларға артық салмақ түсіп,оқу сапасын төмендетеді, олардың денсаулығына кері әсер етеді. Соңғы 15 жыл ішінде негізгі мектептердегі оқушылардың оқу жүктемесі бір жарым есе өсті, мамандар мектеп оқушыларының 10 пайызының ғана денсаулығы жақсы дейді.

12 жылдық оқытуға көшу мәселесі Қазақстанда 2001 жылы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде көтерілді. Осы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Координациялық кеңесінің жұмыс тобымен Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру жүйесінің 12 жылдық оқу мерзімі Тұжырымдамасын жасау қаралса, республиканың әр облысының жұмыс топтарында орта білімді ұйымдастырудың түрлі құрылымдары қарастырылды.Қазақстан педагогикалық ғылымы мен тәжірибесінің потенциалының дамуы 2002 жылы 12 жылдық оқытудың 4+6+2 мерзімін ( 4 жыл – бастауыш саты, 6 жыл- негізгі саты, 2 жыл-кәсіптік мектеп), яғни мектептегі білім берудің жаңа моделін жасауды бастауға мүмкіндік туғызды.

Бұл - Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының 12 жылдық білім беру моделін жобалаудың ғылыми ізденісі, ол 2001-2003 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Өзгермелі әлем жағдайында Ұлттық стандартты дамыту» атты Сорос-Қазақстан қоры жобасы шеңберінде өткізілген. Зерттеу топтары жұмысының нәтижесі Қазақстан мектебінің білім беру әдістемесін жобалауды қалыптастыру болды және (00Р-дің) нәтижесіне бағдарланған білім беру моделі атанды. (00Р-дің) нәтижесіне бағдарланған білім беру моделі халықаралық терминологияда ағылшын тілінде «Outcomes Based Education» деп аталады.

Білім берудің осы түріне көшу мақсаттарын жүзеге асыру үшін 12 жылдық білім беру мәселесі жөнінде ғылыми-тәжірибелік Республикалық орталығы құрылды. 12 жылдық білім беру жағдайында соңғы нәтижеге бағдарланған ұлттық білім беру моделін қалыптастырудың стратегиялық маңызды мәселелерін шешу жолдары қарастырылуда.2002 жылдан бастап республиканың 104 мектебінде 12 жылдық білім беруге көшу тәжірибесі іске асырылуда. 2008 жылы бастауыш білім берудің Мемлекеттік стандарты қабылданды. 2009 жылы оқу бағдарламаларын бекіту аяқталды. Бастауыш мектепке арналған оқулықтарды аяқтау үшін нормативтік құжаттар өңдеушілерге жіберілді.

12 жылдық білім беруді оқытуды енгізу - Қазақстан Республикасының барлық білім беру жүйесін бәсекелестікке қабілетті етудің маңызды қадамы және халықаралық кеңістікке шығуға жол ашады. Бұл қазіргі кезеңдегі

қазақстандық қоғамның дамуының өзекті мәселесі -жалпы орта (12 жылдық білім беру), орта білімнен кейінгі және жоғары білім арасындағы сабақтастықты айқындайды және ол Қазақстанның педагогикалық зерттеулерінің алдағы мақсаттарының бірі болып табылады.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице- президенті, белгілі қазақстандық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы С.Д. Мұқанова мектептегі білім беру мақсаттарын өзгертудің бірнеше факторларын анықтады. Солардың ішінде: басқа әлеуметтік жүйелермен, халықтармен, мемлекеттермен интеграциялануға ілескен қазақстан қоғамының демократиялық құндылықтарға мақсатты бағытталуы, бұл олардан педагогикалық талдаулар және білім беру жүйесіне компонентер арқылы, бірінші кезекте, мақсаттар арқылы енуді талап етеді; қазіргі педагогика түрлі жағдаяттардан шыға алатын және өмірден өз орнын таба білетін, пікір-көзқарастарын, идеялар мен мінез-қылықтарын, шығармашылық қасиеттерін қалыптастыра алатын жеке тұлғаға бағытталған, ал білім берудің бұрынғы білім парадигмасы түгесілуге айналды. Жеке тұлғаға бағытталған білім беру оқушылардың жаңа өнімді білімді, рухани құндылықтарды, тәжірибе игеруін қамтамасыз етуді қарастырады; Қазақстанның халықаралық міндеттері мектептегі білім беруді ұйымдастыруды оқу және өмірлік мәселелерді нәтижелі шеше алатын оқушы жетістіктерінің нәтижесін талап етеді (1). Бұл айтылғандар, мектептегі білім беру – оқытудың, мамандық алу мен өмірде жетістікке жетудің одан арғы негізі болуы деген сөз. Мектеп түлектері нарық қатынастары жағдайында бәсекелестікке қабілетті және соның факторы болып табылатын 12 жылдық оқытуға бағытталған өздігінен және одан әрі білім алуына дайындықты қалыптастыратын сапалы білім алулары керек. Сондықтан 12 жылдық оқыту жағдайында оқушыларға эстетикалық тәрбие беру мақсатында «бейнелеу өнері» пәнін жобалау - қазақстандық педагогиканың ең өзекті мәселесі және де біздің зерттеуіміздің негізгі мәселесін айқындап берді.

Қазақстан ғалымдарының пікірінше, білім беру үдерісін жобалау қазіргі кезеңдегі адамзат өркениеті мен мәдениетіне сәйкестікті қамтамасыз ететін көптеген принципиальды жаңа соны негізде болуы тиіс: Қазақстанда қалыптасқан жаңа қоғамдық құрылысқа және мектепке жүктелген бәсекелестікке қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік тапсырысқа сай; елдің индустриальды және постиндустриалды дамуға көшу кезеңіне сәйкес; жаңа мектеп дидактикасы мен оқыту әдістемесіне, жаңа ғылыми жетістіктерге жету; үздіксіз білім берудің барлық сатысындағы сабақтастықты қамтамасыз ету; білім беру саласындағы халықаралық стандартқа сәйкестік(2).Осы мәліметтер мына фактіге меңзейді, 12 жылдық білім берудің барлық сатысында «бейнелеу өнері» пәнін жобалау үдерісінде мынадай факторларды ескеру қажет: 1) қазіргі кезеңдегі адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуы, жалпы айтқанда, жаһандану мен әлем қауымдастығының тұтастануының артуы, біртұтас ортақ ғаламшарлық өркениеттің өсуі.

«Бейнелеу өнері» пәні жаһандану жағдайында біріктіре алатын, шабыттандыратын және тәрбиелейтін ролі бар «ұлттық ерекшелікті» күшейтіп, ұлттық терең идеяларды ескеруі қажет. Мектептегі бейнелеу өнері саласындағы білім беру мазмұны ұлттық мәдениет пен өзіндік ұлттық сананы қалыптастыра отырып, оқушыны туған мәдениетінен жалпы қазақстандық, сол арқылы әлемдік мәдениетке жетелеуді қамтамасыз етеді; 2) постиндустриальды даму сатысында адамның әлеуметтік-экономикалық және қоғам өмірінің қоғамдық салаларындағы белсенділігі артады. Иә, адам капиталының экономикалық өсу мен оның тиімділігінің және бәсекелестікке қабілеттіліктің қайнары екенін мойындаған жөн.

Сондықтан білім беру жүйесінде мынадай жеке тұлғалық қасиеттер қажеттілігі туындауда:шығармашылықпен ойлау, айналада болып жатқан өгерістерді дәл және дер кезінде сезіне білу, диалог жасай білу және тағы басқа; 3) Көркем білімнің халықаралық стандарттары ( «бейнелеу өнері» пәні мақсаты мен міндеттерін әлемдік көркем педагогиканың жетістіктерін есепке ала құрастырады); көркем білім беруге ұсынылатын қоғамның нақты әлеуметтік тапсырысын айқындап, сараптау; 4) көркем білім берудің барлық буындарындағы сабақтастықты бақылау.

Біздің зерттеуміздің логикасына И.А.Колесникова мен М.П. Горчакова-Сибирскаяның әдістемесі жақын. Олар педагогикалық жобалау құрылымындағы төрт кезеңді бөліп қарастыруды ұсынады: жоба алды кезең, іске асыру кезеңі , ой толғаулық (рефлекстік) кезең және жобадан кейінгі кезең(3). Мақсаттың педагогтың жобалау қызметінің айқын көрініп тұрған соңғы нәтижесінің негізгі шарттарына қызмет ететіні түсінікті. Қоғам қажеттілігі арасында шоғырлана көрініс тапқан қайшылықты мәселелер бар екені белгілі, ол әлеуметтік тапсырыста да көрініс табуда және ғылым оны дер кезінде қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан жобалаудың ең басты негізгі мәні әлеуметтік тапсырыстарды орындаудан көрінеді. Бұл мақсатты нақтылауды, сипаттауды, өлшемділікті қамтамасыз етеді, жетістікке жетуді, икемділікті талап етеді.Жобалаудың объектісі ретінде белгілі бір педагогикалық құрылымдар: технология, әдіс, білім мазмұны, оқу бағдарламасы және т.б. алынады. Барды бар әдістермен жобалауды жасауда оны жай зерттемелерден, не басқа да педагогикалық құрылымдардан төмендетіп алмауды қарастырған жөн.

Жобалау субъектісі ретінде педагог немесе мамандар тобы алынады. Субъект қандай болса да, ол мынадай ерекше қасиеттерге ие болуы керек: шығармашылықпен ойлау және өнерпаздық, өнертапқыштық қабілет;жоғары еңбекқорлық және кәсіби шеберлік; қоғамдық мәні бар құндылықтарды бағдарлай білу; болашақта педагогикалық жобалауда жүзеге асырылатын шындықтың өзгеруінің салдарын көре алу.

Жоғарыда айтылған мәліметтер негізінде «бейнелеу өнері» пәнін педагогикалық жобалауда 12 жылдық мектептің барлық сатысында эстетикалық тәрбие беруге бағытталған тек 1 сызба түрінде ұсынылған.
Әдебиеттер:


  1. Муканова С.Д. Контекст организации компетентносно-ориентированного образования в Казахстане // «Открытая школа», август 2009. -?-№2. –С. 14-21.

  2. Косов В.Н., Скиба М.А. Проектирование образовательного процесса как фактор обеспечения непрерывности и переемствености образования // Вестник КазНПУ им. Абая, 2009. -№ 4. –С. 12-19.

  3. Колесникова И.А., Горчакова-Сибирская М.П. Педагогическое проектирование: Учебное пособие для вузов (под ред. Сластенина В.А., Колесниковой И.А.). М: Академия, 2008 -345 с.

Сызба 1.


12 жылдық мектепте «Бейнелеу өнері» пәнін педагогикалық жобалау үдерісінің графикалық ұсынылымы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет