Бастауыш сынып оқушыларына шығарма, мазмұндама жаздыру жолдары
Оқушылардың өз ойын ауызша және жазбаша тиянақты айтып, жазып беруге үйрету бастауыш сынып бағдарламасының басты талабы. Таза, әрі дұрыс сөйлем жаза білу үйретуге байланысты. Оқушы өз ойын терең, шебер, толғана айтып, жазып бере алмаса, онда біздің әдебиеттік оқу мен қазақ тілінен
берген біліміміздің біржақты болғаны. Әдебиеттік оқу сабағы–оқушылардың логикалық ойын, ойлау қабілетін, білімін жетілдірудің, сезімталдығын арттырудың басты құралы.
Сондықтан бұл пәннің білімдік, тәрбиелік мүмкіндіктерін сарқа пайдалануымыз керек. Оқушыларға мазмұндама, шығарма жазуды үйретудегі басты мақсат білетін сөздерін қаншалықты дұрыс қолдана алатындығын анықтап, ойын жүйелі жазуға үйрету. Шығарма жаздыруды ең алдымен мазмұндамадан бастаған дұрыс. Мазмұндама жазуға әуелі оқыған мәтіннің мазмұнын оқушы ауызша айтып төселеді. Онда мұғалім мәтінді әуелі өзі көрнекті етіп оқып, одан соң мазмұнын қысқаша айтады да, кейін тағы оқушылардың өздеріне қайталатып оқытады. Егер мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер кездессе, оған түсінік беріледі.
Мұғалім сұрақты сыныпқа қояды. Жауаптың бір сөйлемнен болғаны тиімді. Сонда оқушылардың ойлануына жеңіл тиіп, мәселенің түйінін шешуге жетелейді. Кейде сұраудың жауабын мәтіннен таптырудың да пайдасы бар. Мәтінді ауызша мазмұндауға жаттықтырған соң ғана жазбаша мазмұндауға ауысамыз. Мұғалім мәтінді оқып, ауызша түсіндіреді немесе оқушылардың өздеріне қайта оқытып, айтқызып мазмұнын толық түсіндіргеннен кейін тиісті сұраулармен мәтіндегі түсініксіз және жазылуы қиын сөздер тақтаға жазылады. Оқушылар тақтадағы жоспардың ретімен мәтіннің мазмұнын жаза бастайды. Оқушыларды мазмұндама жазуға дағдыландырудың бір жолы өлең жолдарын қара сөзге айналдырту.
Мәселен, Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» өлеңін оқушылар қара сөзге былай айналдырды: «Шегіртке жаздың жайдары, әдемі күндерінде еңбек етпеді. Бір көгалдан екінші көгалға ұшып-қонып, дайын тамақты жеп, уақыт өткізді. Ал, құмырсқа болса, бұл кезде өзіне күн суытқанда тұратын үйшік жасады. Азық жинады. Күз басталғанда ол осы үйіне кірді. Жазда жинаған тамағын қорек етіп тұра берді. Бұл кезде шегіртке тоңып, кіруге орын, жеуге тамақ таппады. Құмырсқадан келіп тамақ пен үй сұрады. Құмырсқа сұрағанын бермеді. «Қыс боларын жаз неге ойламадың? – деп ұрысты». Мәтінде стильдік кемшіліктер бар. Оны мұғалімнің көмегімен қайта мазмұндатып, түзеген соң ғана жазбаша орындауға көшеді.
Мазмұндама жазуға толық төселіп, меңгеріп алғаннан кейін ғана білім алушыға жақсы білетін тақырып бойынша шығарма жаздырту керек. Шығарма жазғызу-оқушыны өздігінен жұмыс істеуге үйретудің ең күрделі түрі. Сондықтан шығарма жазуды үйретуді жеңіл де ең қарапайым, балаларға бұрынан таныс тақырыптардан бастаған дұрыс. Мұндайда көрнекіліктің пайдасы зор. Шығармадағы сөйлем, сөйлемдегі сөз саны да солай молаяды. Қарапайым жай жоспарлы сұрақтармен қатар, бір сұраққа үш-төрт, кейде одан да көп сөйлемдік жауап қайтаратындай да жағдай жасалады. Бұдан оқушылардың логикалық ойды қадағалап, толықтыра білу қабілеттері жетіле түседі. Олар өмірден көргенін, табиғаттан сезгенін, адам тіршілігінен түйгенін байыптай алатын дәрежеге көтеріледі. Мұндайда кітаптан оқығандары, мұғалімнен естігендері, саяхат, еңбек үстінде көріп қаныққандарының да
жәрдемі көп. Шығарма жазушы өмір, табиғат, тіршілік құбылыстарын бақылаушы ретінде ғана емес, соған тікелей араласып, тиісті қорытынды жасаушы да болады. Ауа-райы мен табиғат күнделігін жүргізу, жыл мезгілдеріне қарай орындалатын шаруашылық туралы жазғызу; әжесінің айтуымен хат жазу т.б жұмыстар шәкірттерді машықтандырады. Демек, көрген- білгендері бойынша еркін тақырыпқа шығарма жаздыру – оқушылардың шығармашылық ойын дамытудағы айрықша мәні бар, қолайлы әдіс.
Тәжірибеде шығарма жаздыруда көбінесе мынадай тақырыптарды пайдалануға болады: «Жаз», «Күз», «Орманда» «Біз шыршаны қалай безендірдік», «Бүгінгі ауа-райы», т.б. Тақырып қиындау болған жағдайда жай жоспар жүргізуге болады. Мәселен, «Жайлау» тақырыбы бойынша мынадай сұраулар беріліп, қысқа әңгіме жүргізілді.
Жайлауда не көрдіңдер?
Қойшылар не істеді?
Ауызша әңгімеден кейін былай жоспарладық;
Жайлау.
Қойшылардың жұмысы.
Бөрібасар. Осы жоспар бойынша бір оқушының шығармасын келтірейін.
Достарыңызбен бөлісу: |