Бастауыш сыныпта шығарма жазу жұмысын қалыптастыру
Әрбір жеке тұлғаның болашағы мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектептегі білім – барша әлем тыныс-тіршілігінің алғашқы іргетасы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» десек, біздің бүгінгі тербеткен бесігіміз – мектеп! Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі. Мектептің басты тұлғасы – мұғалім.
Шығармашылық қабілетті дамыту мәселесі қай кезде де ойшылдар мен ғалымдардың назарындағы нысан болып келеді. Психологтар шығармашылық қабілетті дамытуды, тұлғаны дамытудың ең басты тетіктерінің бірі ретінде
қарастырады, өйткені шығармашылық іс-әрекеттің нәтижесі оның қайталанбайтындығымен, бірегейлігімен ерекшеленеді.
Қазақ тілі сабағында оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелеуде жазба жұмыстарының маңызы зор. Жазба жұмыстары – оқушының іс-әрекетіне негізделген ой еңбегі, шығармашылық ізденісінің жемісі, білімінің көрінісі.
Қазақ тілінде жазба жұмыстары арқылы шығармашылық жұмыстарға қол жеткізу – мұғалімінің де шеберлігін талап ететін өнімді ізденіс.
Тілді оқытуда жүргізілетін жазба жұмыстары оқушылардың жазылым әрекетін қалыптастырады. Осы әрекетті орындау үшін жазба жұмыстарының бірнеше түрлері қолданылады. Жазба жұмыстарының түрлеріне жаттығулар, түрлі мәтіндер, диктант, мазмұндама, шығарма, т.б. жатады. Жазба жұмыстарының бұл түрлері өтілген әр тақырыптың ыңғайы мен мазмұнына сәйкес белгіленіп, оқушылардың теориялық білімдерін нығайту мақсатында жүргізіледі, жазба жұмыстары бұрын өтілген грамматикалық материалды оқушылардың санасына тұрақтандырып, ақыл-ой әрекеттері арқылы тиянақты меңгеруге бағытталады.
Жаттығулар мақсатына қарай тіл дамыту, тіл ұстарту, сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығулары деп, ал тапсырмалар сипатына қарай ізденімдік, проблемалық және шығармашылық болып бөлінеді. Тіл дамыту жаттығуларында оқушының ортологиялық дағдыларын дамыту көзделеді де, тіл ұстартуда оқушының өздігінен шешім жасауына бағытталған жаттығулар топтастырылады. Ізденімдік тапсырмалар дайын оқу материалдары негізінде оқушының шешім жасауын талап етсе, проблемалық және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың ойлау, танымдық, қатысымдық қабілеттерін дамытуға бағытталады. Бұл жұмыстарға мәтіндерді редакциялау, мәтін бойынша өзгеше нұсқа құру, эссе, шағын шығарма жаздыру секілді жұмыстармен қатар жоба жасау, проблемалық жағдаяттарды шешу, сөз жұмбақтар және т.б. әрекеттер қамтылады.
Шығарманы жазу көркем мәтінді терең түсіну, өз ойын қисынды, дәлелді, бейнелі түрде баяндау мен тұжырым жасау дағдысын талап етеді. Бұл-әсіресе, жоғары сынып оқушылары алдында тұрған үлкен проблемалардың бірі. Дегенмен, білім негізгі бастауыш сыныптардан қалана бастайтын болса, шығарманың алғашқы нұсқалары да бірінші сыныпта-ақ жазыла бастайды.
Шығарма-оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой - пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі.
Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады.
Баяндауға әр түрлі оқиға, құбылыс, әрекеттерді жүйелі түрде тізбектей қысқаша немесе толық түрде әңгімелеу жатады.
Суреттеу - қандай да бір заттың өзіне тән белгілерін санамалау арқылы сөзбен бейнелеу, сипаттау. Суреттеудің мақсаты – оқушыға заттың немесе жеке адамның сипаттамасын анықтап белгілеу, талқылау ол туралы толық көрініс қалыптастыру.
Пайымдау (талдау, талқылау) қандай да бір ойды, жекелеген құбылыстарды салыстыра отырып, ұқсастығын не айырмашылығын анықтау, дәлелдеу, растау болып табылады. Осы жолмен ойдың даму барысын айғақтай отырып таратады және зат (нысан) туралы жаңа білім, түсінік қалыптастыру көзделеді.
Шығарма жұмысына дайындық кезінде жалпылама шашыраңқы сұрақтар емес, әрбір деталь ескеріле отырып, жүйелі қойылуы тиіс. Осы ізбен шығарманың кезең - кезеңі бойынша бірнеше қысқа мәтіндер құрастырылып, ең соңында бір мәтінді толық жүйелеп әңгімелеу жүргізіледі.
Оқыту әрекетінде мұғалім мен оқушының тығыз байланыста болуы, мұғалімнің педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы, оқушының өз тарапынан белсенділік, дербестік көрсетуі, өзіне деген сенімділігі арқылы ғана шығармашылық әрекет қалыптастыруға болады.
Қорыта келгенде, қазақ тілі сабақтарында осындай жұмыс түрлері жүйелі ұйымдастырылып отырса, оқушының өз ойын жаза, әрі дұрыс айта жеткізе білуі сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |