2.Оқушыларға лингвистикалық білім беру. Салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасы әр түрлі болады.
Мысалы: 1.Бұл уақыттың ішінде ел де өзгеріп кетті, адамдар да өзгерді. (Б.Б.) Алғашқы салаластағы жай сөйлемдер оқиғаның, істің бір бағытта, бір ыңғайда болғандығын білдіреді: бірінші жай сөйлемдегі ойдың жүзеге асуына сәйкес екінші жай сөйлемдегі ой да жүзеге асқан.
2.Мен өзімді көпті көрген көнемін деп шамалайтын едім, - баланың батыл жауабынан қысылып қалдым.(Ә.Көш.) Екінші салалас құрмаластағы жай сөйлемдер бір-біріне қарама-қарсы мәнде айтылған: өзі көп білетін болса да, баланың жауабынан қысылады.
3. Оның бұл халіне өзгеден гөрі Гүлнәрдің тынышы кетті, сондықтан ол Қызылордадан Алмалыққа біржолата көшіп келді. (С.М.) Соңғы салаластағы жай сөйлемдер өзара себеп-салдар мәніндегі қарым-қатынаста тұр: Гүлнәрдің Алмалыққа көшіп келуінің себебі бірінші жай сөйлемде баяндалған.
Құрамындағы жай сөйлемдерінің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасына қарай, салалас құрмалас сөйлем алты түрге бөлінеді:
Ыңғайлас салалас.
Себеп-салдар салалас.
Қарсылықты салалас.
Түсіндірмелі салалас.
Талғаулы салалас.
Кезектес салалас.
Құрамындағы жай сөйлемдерінің бірінде айтылған ойға екіншісінде айтылған ойдың мезгілдес, бағыттас, ыңғайлас мәнде қарым-қатынаста болуын ы ң ғ а й л а с с а л а л а с дейміз. Мысалы: 1.Қостың ар жағынан қара кер аттың басындағы жүген сылдырлады, шөп суылдады.(Ғ.С.) Бастапқы ыңғайлас салаласта жүгеннің сылдырлауы мен шөптің суылдауы бір мезгілде болғандығы туралы айтылған 2.Көмірден май да шығады, темір қорытатын кокс те шығады. (Ғ.Мұст.) Екінші ыңғайлас салаласта бірінші жай сөйлемде айтылған ойдың екінші жай сөйлемге де ортақ екендігі байқалады және екі сөйлемнің баяндауышы да шығады деген сөз болып тұр.
3.Мен бұл арада үндемедім және үндеуді қажет те көрмедім. (М.И.) Соңғы ыңғайлас салаластағы жай сөйлемдер істің, оқиғаның жүзеге аспауы жағынан бірыңғай біркелкі айтылған. Мұндағы жай сөйлемдердің баяндауыштары (үндемедім, қажет те көрмедім) етістіктің болымсыз түрімен берілген.
Ыңғайлас салаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен жалғаулық шылаулар арқылы да, жалғаулық шылаусыз, іргелес тұрып та байланыса береді. *Жалғаулық шылаулардың қатысу-қатыспауына қарап, ыңғайлас салаластарды жалғаулықсыз ыңғайлас салалас және жалғаулықты ыңғайлас салалас деп екіге бөлеміз.
Жалғаулықсыз ыңғайлас салаластағы кейбір жай сөйлемдер бір мезгілде қатар болған я болатын істерді білдіреді. Мұндайда олардың баяндауыштары көбінесе бір шақта тұрады.
Тысқа Төрекеңмен ере шықтым. Ол кісі ойға қарай шұбатылған жолмен төмен кетті, мен жарға асылған жолмен жоғары кеттім. Жастардың қолы қырықтықта, аузы әнде. Ыңғайласа байланысқан кейбір жай сөйлемдер бірінен соң бірі болатын я болған істерді білдіреді. Күн батты, тауды қара көлеңке басты. (П.П.) Екі құшақ жүнді Молдақым мен Әндіжан таразыға апарып өлшеп еді, жеті кило он төрт грамм болды. (С.М.)
Жалғаулықты ыңғайлас салалас және, да/де, әрі деген ыңғайлас мәнді жалғаулықтардың қатысуы арқылы жасалады. Мұның өзінде да, әрі жалғаулықтары ыңғайлас салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің әрқайсысымен қайталанып немесе қайталанбай, олардың арасында бір-ақ рет келіп те тұра береді.
Ал және жалғаулығы ешқашан да қайталанбай, құрмаласқан жай сөйлемдердің арасында бір-ақ рет келіп тұрады.