Жаңа тақырып
|
Ғасырлар бойы ұрпаққа ауыздан-ауызға тарап, мәнін жоймай сақталған мақал-мәтелдерден қазақ халқының тұмыс-тіршілігін, дүниеге деген көзқарасын, арман мүддесіне дейін байқауға болады. Мағынасы терең, ойды дәл берген мақалды кез келген дау-жанжалда, халық өміріне қатысты қажетті шешім қабылдағанда орнымен қолданудың маңызы зор болған. Ал ондай кезде "Аталы сөзге арсыз жауап береді" деп, қандай жғдайда болмасын орнымен айтылған жүйелі сөзге тоқтаған.
Мақал адам өмірінің барлық саласын қамтыған. Алайда заман талабына сай өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, еңбек туралы айтылған мақалдардан халықтың оған деген көзқарасын білуге болады. "Еңбегі бардың – өнбегі бар", "Еңбек түбі – мереке", "Бейнет түбі – зейнет", "Бейнетсіз рахат жоқ", "Еріншекке ошақтың екі бұты айшылық жер". Сонымен қатар мал сырын жақсы білетін қазақ төрт түліктің өзіне тән қасиетін де атап өткен.
"Мал бақсаң қойдан бақ, май кетпейді шараңнан", "Ат шаппайды, бап шабады". "Жатқанға жан жуымас, Жалқауға жан жуымас", "Ұрыға мал құтаймас", "Жортуылшының басы жолда қалады". "Жылқы – малдың патшасы" деп ойын анық аңғартып отырған. Бір айта кетерлігі, қазақ мақал-мәтелдерінің басты ерекшелігі қанша уақыт өтсе де мәнін жоймаған, ескірмеген.
Қазақ мақал-мәтелдерінің кеңінен тарауына би-шешендер маңызды рөл атқарған. Олардың айтқан сөздерін бір-біріне үлгі етіп, өсиет ретінде таратқан. Ағайын арасындағы татулық, өнеге туралы ойларын алға тартып, тәрбие құралының бірі ретінде пайдаланған. "Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін". "Абысын татау болса, ас көп", "Ағайынның азары болса да, безері болмайды" деп бірлік, ынтымаққа шақырған.
"Өткен іске өкінбе", "Ойнап сөйлесеңде, ойлап сөйле", "Сыртынан көріп, ішінен түңілме, қарасын көріп, күшінен түңілме","Ауру астан", "Көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, тамағыңды тый", "Жасыңда салақ болсаң, бара-бара былық боларсың", "Өнерлінің өрісі ұзақ"" деп өсиет қалдырған.
|