Сабақты тиімді жоспарлаудың теориялық негіздері
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
•
Сабақтарды жоспарлау саласындағы шетелдік әдебиеттер мен зерттеулерді
талдау сабақтарды сапалы өткізу үшін осы қызметтің тиімділігін көрсетті.
Зерттеушілердің пікірінше, сабақты жоспарлау мұғалімдерге келесі мүмкіндіктерді
береді:
- уақытты, ресурстарды, материалдарды және оқыту әдістерін оңтайлы
пайдалану (Chickering & Ehrmann, 1996);
- оқушыларды оқуға және білімді меңгеруге тарту тәсілдерінен бастап
оқушылардың кері байланысының әртүрлі түрлеріне дейін сыныптағы жұмыстың
көптеген жан-жақты аспектілерін қарастыру (Straessle, 2014);
- сабақтағы әртүрлі әрекеттердің ретін жоспарлау, ағымдағы сабақ пен кез
келген өткен немесе алдағы сабақтар арасындағы байланыстарды, сондай-ақ
сабақтағы оқу әрекеттері мен бағалау әдістері арасындағы байланыстарды
талдау (Ashcraft, 2014);
- өзіндік пәндік білім мен оқыту дағдыларын бағалау (Reed & Michaud, 2010);
- сабақта нені, қалай және қашан істеу керектігін жоспарлау арқылы кәсіби
шеберлігіне сенімдірек болу (Jensen, 2001);
- сабақта тәртіпке қатысты мәселелерді шешу және балалардың оқуға
деген ынтасы мен ашықтығын арттыру, себебі дұрыс жоспарланған сабақ
оқушылардың мұғалімге деген құрметін арттырады (Jensen, 2001).
•
Тиімді оқытуды жоспарлаудың көптеген аспектілерінің ішінде сабақтың
нақты мақсаттарын анықтау өте маңызды рөл атқарады (Straessle, 2014). Оқу
мақсаттары мұғалімдерге де, оқушыларға да карта ретінде қызмет етеді, өйткені олар
мұғалімдерге нені және қалай оқыту керектігін жоспарлауға көмектеседі (Ornstein &
Lasley, 2004).
•
Сабақтың нақты мақсаттарын анықтаудың маңыздылығына қарамастан,
мұғалімдер үшін ең қиын кезеңдердің бірі – сабақты жоспарлау кезеңі. Әдетте,
мұғалімдер үшін сабақты жоспарлаудағы жиі кездесетін қателік – оқу мақсатының
анық болмауы болып табылады (Jones et al., 2011).
•
Мұғалімдер сабақты жоспарлаудың теориялық негіздері мен практикалық
стратегиялары туралы білімнің жетіспеушілігіне байланысты сабақты жоспарлауда
қиындықтарға тап болады (Cullen et al., 2013). Мұғалімдердің сабақты жоспарлаудағы
теориялық білімдерінің тапшылығы мәселесінің негізі олардың университеттердегі
кәсіби дайындығында жатыр (мысалы, Alanazi, 2019; Gülten, 2013; Lestari & Siwi, 2022).
•
Сабақты жоспарлаудағы басқа да қиындықтар оқушылардың әртүрлі білім
беру қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқу іс-әрекетін ұйымдастыру,
сабақ барысында мұғалімдердің бастапқы жоспардан ауытқуы және т.б. болып
табылады (Butt, 2008, Richards & Lockhart, 1994).
|