Сборник материалов международного научного форума «филологическая наука в ХХІ веке: проблемы и перспективы»



Pdf көрінісі
бет46/95
Дата08.11.2022
өлшемі2.33 Mb.
#464265
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   95
abdezuly. sborgik filologicheskaya nauka v 21 veke.

Summary: 
The spectrum of Tolstoy’s novel «Resurrection» highlights moral transfiguration of the main character approaching the God. In 
this spectrum negative shades of color disappear and positive natural color semantic is getting more active. The color code of the 
«Resurrection» novel is based on the Gospels and possesses the strategy of the parable’s narrations. 
Литература: 
1. Толстой Л. Н. Собрание сочинений: в 20 т. Т. 13: Воскресение. М.: Художественная литература, 1964. – 535 с. 
Бұлдыбай А.С., 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
доценті, филология ғылымдарының кандидаты 
 
АЙТЫС ЖАНРЫ- ӨМІРШЕҢ ЖАНР 
 
Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың туа біткен 
болмысына, өмір кешу жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрдің тозығын дәстүр өзі екшеп, 
озығын ел кәдесіне жаратып жатса, мұның өзі адамзат көшінің жарасымымен ілгері озуына септігін 
тигізбек. Үшінші мыңжылдықтың аясында өз кемесінің желкенін керіп шыққан қазақ халқының 
ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадір-қасиеті аз емес. Соның бірегейі 
есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып-жетіліп, бүгінгі күннің де әжетіне жарап отырған 


99 
халық ауыз әдебиеті болса, оның бір саласы ақындар айтысы. Ол ақындарды қанаттандыратын да, 
атын алты алашқа жаятын да, қызығы мен қызуы мол, қуанышы мен реніші мол жанр. 
Академик М.О.Әуезов: “Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда “мүшайра”, арабтарда 
“мұғалләкәт” деген. Арабтардың көшпенді бәдәуилері қара сөзбен емес, үнемі өлеңмен сөйлескен, 
қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын 
айтқыштығында, айтыскерлігінде. Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер”, - деген 
еді. [1; 671-714 б]. Осы өнер қазір тек қазақ пен қырғызда, қарақалпақтарда қалды. Әсіресе, біздің 
топырағымызда үздіксіз дамып келеді. 
Дала демократиясының жүзі қайтпайтын қаруына айналған ақындар айтысы ақиқаттың аузын 
бұған не бір қатаң заманның өзінде хан мен төренің, би мен бектің қасқайып тұрып бетіне тіке 
айтқаннан айныған емес. Ақындардың шымырлатып, шыңғыртып шындықты айтқан шумақтары 
қашанда халықтың рухын асқақтатты.Табан астында қынаптан қылыш суырғандай тез тұтанып, 
таудан аққан өзендей талас бермей жыр толқынын тасытатын ақындарға халқымыз төкпе ақын, ақпа 
ақын деп ат беріп, айдар таққан.
Сонау Қазтуған, Шалкиіз заманынан бері қарай ақиқатты айнымай айта алатын ақындық дәстүр 
желісі үзілмей жалғасып келіп, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Әсет, Біржан, Шөже, Нұрила, Ұлбике, 
Исаларға, Қонысбай, Әсия, Әселхан, Мэлс, Аманжол, Дәулеткерейлерге ұласса, бұл сол ғасырлар 
бойы өз рухын түсірмеген дәстүр сабақтастығының жемісі. Айтыс қай дәуірде де халық өмірінің 
айнасындай дидарынан, демократиялық табиғатынан таймаған өнер. Қоғамдық әлеуметтік салада 
айтыскерлердің назарынан тыс қалатын қалтарыс та, бұлтарыс та болмады. Кешегі кеңестер 
дәуірінде сөз еркіндігі шектеліп, ақындардың аузына қақпақ қойылғандықтан, айтыскерлер көп 
нәрсені ашық айта алмады. Сондықтан, айтыскерлер де айтысуға ынталы болмай, айтыс дамымай, 
тоқырау кезеңін басынан кешірді. Дегенмен, сол заманда да айтыс қоғамдық пікірдің көшбасшысы 
бола алды. 
Қазақтың айтыс өлеңдері жайында үлкенді-кішілі зерттеу еңбектер жазған М.Әуезов, С.Мұқанов,
Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, Т.Нұртазин, М.Жармұхамедов, Р.Берді-
баев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, М.Қасымбаев тағы басқалардың айтуына қарағанда, айтыс деген сөз 
бірнеше мағынада қолданылған. Айтыс екі адамның сөз қағыстыруы, сөз жүзінде тартысуы, дау-
ласуы, жарысуы, сынасуы, өнер салыстыруы деген ұғымды қамтыған. “Бір кезде көшпелі тұрмыс 
құрған елдердің, - дейді С.Мұқанов айтыс туралы жазған еңбегінде, - сауаты аз болды, оқуы, мектебі 
жоқтың қасы еді; мектебі, оқуы жоқ елде ақынның күші аузына түсіп, басқа жанрлар сияқты, айтыс 
жанрын ауызша тудырды, ауызша айту жолымен өркендетті” [2; 51 б]. Демек, қазақтың айтыс 
өлеңдері халықтың қоғамдық өміріне, тұрмыс тіршілігіне байланысты және жазу өнері болмаған 
кезінде туып, қалыптасқан. Оны тудырғандар да, дамытқан да ақындар болған. Бұл жағдай тек 
қазақта ғана емес, ал қазақпен ағайындас және бір кезде тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық 
өмірі ұқсас келетін қырғыз, түрікпен, қарақалпақ т.б. халықтарда да айтыс болған. Қазақ халық 
әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туын-
дылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын көрсетеді.
Шыңжандық қытай тарихшысы Н.Мыңжани “Қазақтың көне тарихы” атты еңбегінде Қытайдың
“Тайпин Хиуаниуйжи” топтамасының “Түрік шежіресі” атты тарауындағы деректерге сүйеніп
“түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айты-
сады… Күні бүгінге дейін жалғасын үзбеген біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар 
бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз” деп 
жазады. [3; 78б].
Осындай жалпыхалықтық сипаты бар ауыл-аймақ көлеміндегі әр алуан мәнді жеңіл-желпі 
айтыстар келе-келе ақындар айтысымен қатар өмір сүріп, тіпті соңғысы бұрынғысының дәстүрінен 
бастау алып жеке жанр болып қалыптасқаны мәлім. Тіпті, қайымдасу үлгілерінің ақындық айтысқа 
ұласуының өзі көшпелі өмірдің бір көрінісі ретінде ұзақ ғасырлар бойына созылып келген. Бұған 
қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдеріндегі кемелденген айтыс үлгілері айқын дәлел. Аталған 
халықтардың ғасырлар бойғы тұрмыс-салты мен кәсіп-тіршілігі, әдеби мұраның ауызша айтылып, 
ауызекі таралуы секілді үрдістер бұл жанрдың ерекше дамып, кемелдене түсуіне қолайлы жағдай 
жасаған. Ал, отырықшылыққа ерте көшкен татар, өзбек, түрік секілді елдерде ол кең етек ала алмай 
топтық түр күйінде ғана сақталып қалған. Осы аталған елдердегі көшпелі өмірдің сол айтыс 
жанрының кең қанат жайып дамуына, тіпті қазақ тұрмысы жағдайында өркендеп, өзінің шырқау 
шыңына шығуына себеп болғанын көреміз. Бұған әйгілі “Біржан мен Сара”, “Әсет пен Ырысжан”, 
“Ақсұлу мен Кеншімбай”, “Молда Мұса мен Манат қыз”, “Сүйінбай мен Қатаған”, “Жамбыл мен 


100 
Құлмамбет” секілді классикалық айтыстар нақты дәлел бола алады. Мұндай роман іспеттес келелі 
айтыстардың өзге түрік тектес бірде-бір елде жоқ екенін үлкен мақтанышпен айта аламыз. 
Айтыс жанрының табиғи белгі сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен кәсіп-
тіршілігіне, таным-түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О.Әуезов тап 
басып танып, ғылыми байсалдылықпен дәлелдеп берген еді. Ол осыған орай: “Халық әдебиетінің 
өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-
қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың 
кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран 
сиреп жоғала бастайды”, - деп жазған еді. [1; 328 б]. 
Айтыс өлеңдерін жинап бастыруда, ол туралы салиқалы пікір айтушылардың алғашқы сапында 
В.В.Радлов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, М.Көпеев секілді жинаушы, зерттеушілер де тұрды. Шоқан 
айтыстың саяси-әлеуметтік мәніне, сын мен мадаққа құрылатын сипатына мән берсе, В.В.Радлов 
айтысты “қайым өлең” [4; №13]. деп жіктеп, халқымыздың ақынжанды, тапқыр-алғырлығына
шешендігіне таңқала сипаттайды. Ыбырай айтыстың көркем үлгілерін өзі құрастырған хрестоматияға 
енгізіп, оның тәрбиелік мәніне зер салады.Аса көрнекті ғалым А.Байтұрсыновтың осы бағыттағы 
зерттеулерінде бұл жанрдың жазба әдебиетке ұласу жолдарына, яғни “алаңдық айтыс-тартысқа” 
ауысуына мүмкіндігі мол екеніне ерекше мән берген. (4. № 13).Негізінен айтыс туралы зерттеулерде 
айтыс жанрын жіктеп бөлуге де, жіктеп талдауға да елеулі орын берілген. Жіктеулері өзара үндес, 
ұқсас. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев те осыған ұқсас жіктеулер жасап, мысал іспеттес айтыстардың 
мәнін аша түсуге талаптанады. Ал, зерттеуші Б.Кенжебаев ірі де көркем айтыстарды өлеңмен 
жазылған роман деп бағаласа, Е.Ысмайылов кесек те келелі айтыстарды сюжетті роман деп 
бағалағанды жөн санайды. Сондай-ақ, М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібай, Ә.Дербісалин, 
С.Қасқабасов, М.Жармұхамедов, Н.Төреқұлов зерттеулерінде айтыс жанрының жаңа бір қырлары сөз 
болып байыпталады. 
Табан астында суырып салма жыр төгу, айтысқа түсу – ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ тамаша 
дәстүрі. Бұл кез-келген ақынның қолынан келе де бермейді, сондықтан да ол табиғи дарыны бар, 
жүзден шыққан жүйріктердің ғана үлесіне тиген.Ерте кездің өзінде де суырып салма ақындар әр 
алуан болған. Олардың да барлығы бірдей айтысқа белсене түсе бермеген. Жыр, терме, толғауларды 
төгіп айтатын ақындардың ішінде ойы ұшқыр, логикасы темірдей мықты, тез тұтанғыштары, 
айтысқа, қақтығысқа ыңғайлылары ғана түскен. Мысалы, Жанақ, Шөже, Бақтыбай, Түбек, Сүйінбай, 
Қабан, Майкөт, Құлмамбет, Сарбас, Жамбыл және күні кешегі Саяділ, Нұрқан, Қалқа, Қуат, 
Үмбетәлі, Нартай, Кенен мен Иса және т.б. ақындар 
Айтыс - үлкен өнер, халықтың рухани азығы, сонымен бірге идеологиялық тәрбиенің өткір 
құралы. Әдетте, шындық айтыста туады, жетістігіміз қандай?, кем-кетігіміз не – солардың бәрі айтыс 
өнерінің назарынан тыс қалмайды. Алқа топта ақын аузымен айтылған ащы шындықтардың салмағы 
да оңай болмаса керек. Осы ретте еске мықтап ұстайтын мынадай жай бар: ақын анығын айтқанда да, 
тура, қысқа әрі нұсқа айтқанда да, шынайы әрі шырайлы толғағанда да бір-ақ нәрсені айтады, бір 
нәрсені толғайды. Ол – шындық. Шындық кісінің қолы жетпейтін аспандағы құс емес, ұстатпайтын 
судағы балық та емес. Шындық деген - кісінің өзі. Оны көру оңай болғанмен, тану қиын. Тани қал-
ған күннің өзінде де оны сол таныған қалпында ұғып, сол қалыпта айту – қиынның қиыны. Ал 
айтыла қалған жағдайда, оған тоқталмауға, оны мойындамауға болмайды. Шындықтың алдында 
елдің бәрі бірдей кішік. Сондықтан аспанның асты мен жердің үсті аралығында шындықтан асқан 
ұлы нәрсе жоқ.Шындықты әркім тани алмайды, шындықты әркім айта алмайды, шындықты 
айтқанды әркім ұната қоймайды. Шындықты сүю, шындықты айтқанды сүю де жұмыр басты 
пенденің бәрінің қолынан келе бермейтін іс емес. Шындықты да, шындықты айтқанды да айнымай 
сүйетін құдірет иесі біреу болса, ол – Құдай, ал екеу болса, біреуі – Құдай, екіншісі – халық. Құдай 
мен халықтың құдіретінде де, қасиетінде де шек жоқ – екеуі де мәңгілік. Бұлардан басқа үшінші 
құдірет иесі қалайда бар, болуға тиіс болса, ол – Жамбыл. Адам баласы қатарында мұндай құдіретке, 
мұндай қасиетке жүз жыл бойына тынбай шындық деп соққан, шындық деп жырлаған ұлы жүрек 
иесі ғана лайықты. Өйткені жүз жыл жасап, жүз жыл жырлау Құдай мен халықтың сүйікті кісісінің 
ғана қолынан келмек. Ал жүз жыл жасап, жүз жыл жырлағанда, жүз жыл бойына шын жасап, жүз 
жыл шындықты жырлау – мәңгілікпен бірдей құбылыс. 
Айтыс өнерінің осындай саяси-әлеуметтік-идеологиялық, тәрбиелік мәнін ескеріп, оған айрықша 
көңіл бөлінуі өте орынды. Ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ осы бір тамаша түрін әрі қарай дамытып, 
ширата түсуде болып отыр. Мұның өзі айтыстың көркемдік-эстетикалық саласын көтеру, жанрлық 
мүмкіндіктерінің кенересін кеңейту бағытында өріс алуға тиісті. Айтысқа түскен ақындар өздерінің 
жеке атынан ғана емес, бүкіл ру, ауылдарының атынан сөйлейді.


101 
Халқымыздың қилы-қилы даму, өркендеу белестерінің шаң-тозаңдарының арасында қалдырмай, 
хал-қадірінше, мерейіне-мерей, беделіне бедел қосып, тоттандырмай, таза күйінде сақтап, байытып 
келе жатқан асыл өнер үлгілерінің қатарына ақындар айтысы – төкпе ақындық дәстүрдің жатуы 
сондықтан да заңды. 
Сөз қадірін жете бағалаған от ауызды, орақ тілді тарлан ақындар алқалы жиындарда кең көсіле, 
еркін шешіле сөйлеп, әлеуметтік ірі елдік мәселелерді де бұқпантайламай “ақты-ақ, қараны-қара”  
дейтіндей дәрежеде батыл қозғап отырған. Бұған, мәселен, күллі қазақ қауымына әйгілі Біржан мен 
Сараның, ХХ ғасыр Гомері, халық поэзиясының алыбы – Жамбыл мен Құланаян Құлмамбеттің 
айтыс-тартыстары айқын дәлел бола алады. 
Өнер - өскен елдің әрқашанғы рухани азығы, ол биікке бойламақ, қияға қанаттанбақ, қиынға 
бармақ, ілгері басқан идея өнердің, әдебиеттің алуан саласынан көріне бермек. “Қыран бүркіт не 
алмайды салса баптап” дегендей, талантқа да бап керек. Ізденіссіз, еңбексіз, жаттығусыз көмей шір-
кін күмбірлеп ала жөнелмейді. Өмірлік біліммен қабат өткенді де, бүгінгіні де, өзін де, өзгені де 
жазбай танитын көрегендік қасиет керек. 
М.О.Әуезовтің: “Айтысқа шеберлік – жалпы ақындық өнерінің, тіпті, барлық әдебиет өнерінің 
өзгеше бір биік белгісі. Шабыты келген ақын бабындағы аш қыранға мегзес, - деген. [5; 45 б].
Сөзге шорқақ, ойға олақ, төкпе тілге тұтықпа ақын айтыса алмайды. Халықтық ұғымдармен 
бірегей астарласып жататын, келешек ұрпақтың қабылдауына лайықты, әрі түйсік-сезіміне әсер етіп, 
басқа қырынан дамытылып жататын дәстүр ғана ғұмырлы болмақ. Осы дәстүрді байыту, жаңа 
мазмұн үстеп көркемдік бояуларды ажарландырып, қанықтыра түсу жолындағы ізденіс жаңашыл-
дыққа алып келеді. Жыр дүлдүлі Жамбылдың, Нүрпейістің, Шашубай мен Доскейдің, Иса мен 
Орынбайдың ізгі дәстүрлерін, айтыс өнерінің көркемдік келісімі әбден біте қайнасқан халықтық 
сипатын көрсеткен төкпе жырдың шеберлері Нартай, Қуат, Нұрлыбек, Үмбетәлі, Кенен, Қашқа т.б. 
өз өнерлері арқылы жұртшылық арасына кеңінен әйгіленді. 
Айтыс өнері - қоғамдық сұраныстың нәтижесі. Ал бүгінгі айтыс өнеріміз болса қазіргі жаңарып, 
жаңғыру үстіндегі өмірімізге рухани қызмет көрсете алатын икемді өнер екенін дәлелдеді. Бұл бір 
күннің ісі немесе бірер адамның қалауымен өтіп жатқан науқан емес. Тамырын терең жайып, 
уақытпен үндес жаңғыра түлеп, көпшіліктің ынта-ықыласын оятып отырған өміршең өнер. 
Қазақ халқы үшін өте қажет, шешімін тауып болмаған мәселенің бірі – мұраға ие болу, мәдени 
мұраны жинау. Ақындар осыларды зерттеу, жариялау жағын да сөз етіп, “жаңаны өткенімен көрген 
қызық, тарихты тастамайды ешкім сызып” деп толғанады. Мәдени мұра дегеніміз – қазақ халқының 
ғасырлар бойы жасаған заттық немесе рухани ескерткіштері. Біздің осыларды әлі түгелімен біліп те, 
танып та болмағанымыз ақиқат. Қазақтың тарихы, халықтың өткені әлі жазылып болған жоқ, кезінде 
оған көп кедергілер болды.Жаңа мазмұнға ие болып, дамып келе жатқан қазіргі айтыстардың нәр 
алар бастауы халық поэзиясы болса, өткеннен мол мағлұмат беріп, кейінгіге сабақ болатын заттық 
байлығымыз – мәдени мұралар. 
Айтыс – атадан балаға жалғасып келе жатқан, заманның ағымына сай түрленіп, дамып, толысып 
келе жатқан рухани мұра. Әдемі шумақтармен өрілген көркем тарих десек те, асыра айтылғандық 
емес. Қандай мәселеге болса дер кезінде үн қосатын айтыс жанрының мол мүмкіндігін оның 
өміршеңдігінің кепіліндей… 
“Тіл – тәрбиенің төл бесігі” десек, тілдің нағыз інжу-маржандары айтыстан табылады. Өйткені 
айтыс – халық поэзиясынан нәр алып, дамып отырған киелі өнер. Ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, 
арман-қиялдарын арттыратын айтыстың адамгершілік ғажайып күшін еш нәрсемен теңестіруге 
болмайды.Сезімді оятып, жанды рахатқа бөлейтін, сөзді әуенге ауысып, қаншама ғасырларды араға 
салып, айтыстың бүгінгі күнге дейін өмір сүріп, дамып отыруының өзі оның ғажайып күшін 
дәлелдесе керек. 
Жазба әдебиет әбден дамығанымен, көпшіліктің айтысқа деген құмарлығы саябырлаған жоқ. Бұл 
– қазақ халқының сөз өнеріне деген ерекше ілтипатын көрсетеді. Сондықтан қазіргі айтыстарымыз-
дың ең жақсылары өзінің халық көкейіндегі мәселелерді қозғаумен, көркемдік қасиетімен де 
қоғамдық мүлікке айналып келе жатыр. Ортақ қажеттіліктердің талқылайтын, ойдағы армандарды 
айтатын, кемшіліктерді мейлінше қатты сынға алатын қазіргі айтыстар қазақтың рухани байлығы 
деуімізге әбден болады. Тіпті, айтысты қазақтың ұлттық байлығы десек те артық айтылғандық емес. 
Ақындық айтысты барынша дамыту арқылы, біріншіден, көркем, тапқыр, батыл да шебер сөйлеу-
дің үлгісін танытуға, өнерді жандандыруға қол жеткіземіз. Сол арқылы сирек кездесетін төкпе 
ақындықтың халқымызға тән айрықша өнер екендігін көрсетеміз. Екіншіден, қоғамдық қайшылық-
тарды сынай отырып, көпшілікке қозғау салуға қол жеткіземіз. Мұндай сирек дарынға үлкен ілтипат 
керек. 


102 
Театрға да, киноға да сирек баратын халық айтыстың хабары құлаққа тиісімен жетуге асығады. 
Қиыннан қиыстырар төкпе ақындықтың, талай қажеттілікті өтейтін көпшілікті бір серпілтетін 
мұндай киелі өнердің тоқырап қалмасы ақиқат. Әрбір елдің азаматтық өркениетіне қосатын бір үлесі 
болса, қазақ халқының қайталанбайтын, басқа елдерде кездесе бермейтін ұлттық дәстүрлі – айтысы 
бар деп айтуға әбден болады. Бұл – алыстан келе жатқан сарын, тамыры тереңде жатқан ұлттық 
байлығымыз.Сөзді қадірлеу, бағалау, жүйелі пікірді мойындау дәстүрі қалыптаспаған ортада айтыс 
секілді теңдесі жоқ, ғажайып өнер дамымаған болар еді. Барлық құндылықтың ішінен “өнер алды – 
қызыл тіл” дейтін ел дүниеде сирек болар. Ақындық өнер “ғажайыптың күшімен” қонады деп 
есептеушілік те халқымыздың сөз мәдениетін аса биік санағандығынан көрсетеді.Айтыста әлеуметтік 
мәні бар сауал кең қамтылады, әншейінде айтыла бермейтін сырлар еркін аңғарылады. Әріптестер 
дулы айтыстың барысында ешбір құпиясын сақтап қалмайды. Сондықтан да, айтыс – ағынан 
жарылып сұхбаттасудың, қоғамдық пікір алысудың құралы. Айтыста құрған ділмарлық мақсатқа 
жеткізбейді, уәж, уәкіл, логика, шындық қастерленеді. Айтыс өнерінің танымдық, тәрбиелік, эстети-
калық мәні мол. Ақынның дуалы аузымен, сазда әуенімен, ұлттық аспабымызбен төгілген шешен де 
шебер, шыншыл да ойлы пікірлердің әсері айрықша болары сөзсіз. Ақындар айтысы өзінің жанрлық 
ерекшелігімен, қайталанбас қасиетіне, шыншылдығымен азаматтық қуаты әсер ете алатын ұлттық 
рухани байлығымыз бола бермек. 
Айтыс - қазақ халқының ежелден тұтынып келе жатқан төл өнері, хан деп, қара деп бөліп 
жатпай, мінін бетіне басып, шыбын жанын шырқыратып шындықты айтатын дегдар өнер. Сондықтан 
да оған алақанына салып әлпештеп ұстайтын, шындыққа тура қарай алатын дегдарлық керек. Шүкір, 
бұл дегдарлық біздің халқымызда бар. Халқымыздың бүгінге дейін айтысты асқақтатып, әлпештеп 
отырғаны ұлттық демократиямыздың жоғары деңгейін көрсетеді. Қытай жазбаларында Таң 
патшалығы дәуірінде түріктердің “қыса” (қаса-қазақ) тайпасы домбырамен айтысады деп жазыл-
ғанын ескерсек, айтыс өнерінің тарихы біздің халықтық тарихымызбен тамыры бірге, тереңде 
жатқанын көреміз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   95




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет