Дүниежүзілік шаруашылық
№ 192 -сабақ
Тақырыбы: Дүниежүзілік шаруашылықтың даму кезеңдері
Жоспар:
1. Дүниежүзілік шаруашылық және оның құрылымы туралы ұғым
2. Дүниежүзілік шаруашылық қашан, қай ғасырда пайда болды?
Сабақтың мақсаты:Дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымын және даму тарихын қарастыру
Теориялық мәлімет:
1.Дүниежүзілік шаруашылық – халықаралық экономикалық қатынастардың обьективті негізі және маңызды бөлігі. Халықаралық экономикалық қатынастар (ең алдымен сауда – саттық қатынастары) дүниежүзілік шаруашылық қалыптасқанға дейін де бар болған. Мысалы, Ұлы Жібек жолын, Еуропа мен Солтүстік Африка, Еуропа мен Таяу Шығыс елдері арасындағы сауда қатынастарын атасақ та жеткілікті. Бұл қатынастар мемлекетаралық, аймақаралық сипатта болды. Ал, дүниежүзілік шаруашылықтың пайда болуына байланысты халықаралық экономикалық қатынастардың да қызмет ауқымы кеңейіп, тереңдеп әлемдік сипатқа ие бола бастады. Халықаралық экономикалық қатынастар өзінің дамуы үшін дүниежүзілік шаруашылыққа “қарыздар” деп те айтуға болады.
Халықаралық экономикалық қатынастардың қалыптасып, орнығуы оны өз заңдары, қызмет ету нысандары, ішкі механизмдері бар дербес құбылысқа айналдырды.
Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың экономикалық обьективті заңдарына негізделген, өзара байланысты және бір – біріне тәуелді ұлттық экономикалардың жиынтық әрекеттерін көрсететін экономикалық организм.
Өзінің қалыптасу және даму жолдарында дүниежүзілік шаруашылық ұзақ “ тар жол, тайғақ кешулерден” өтті. Мысалы, Рим империясының өзі сол кездегі дүниежүзілік шаруашылықтың сипатында болды, - деп есептейтін зерттеушілер бар.
2.Тағы бір ғалымдар дүниежүзілік шаруашылықтың қызметі ұлы географиялық жаңалықтар ашу ғасырларында (XV-XVIғғ.) басталғанын дәлелдейді. Шынында XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық жаңалықтарды ашу кезеңі асыл тастардың, хош иісті дәмдердің, бағалы металдардың, құлдардың халықаралық саудасын жандандырып, дамытты. Бірақ,ол замандардағы дүниежүзілік шаруашылық алыпсатарлар капиталы шеңберімен шектелген болатын. Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық капитализмнің өзінің монополистік кезеңіне аяқ басқан шағында қалыптаса бастады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі дүниежүзілік шаруашылық экономикалық емес әдістерге: мәжбүр ету, ықтиярсыз бағындыру, күштеу саясатына негізделді. Әрине мұндай “ саясат “ қатаң “ текетірестіктерді” туғызып, дүниежүзілік шаруашылықты тұрақсыздандырды. Бұл қайшылықтар, тарихтан белгілі, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болды. Өткір қайшылықтар дамыған және дамушы елдердің арасында да молынан кездесті.
ХХ ғасырдың ортасына қарай дүниежүзілік шаруашылық капиталистік және социалистік болып қақ жарылды. Әлемдік экономикалық жүйеде капиталистік шаруашылық басым позицияларды иемденді. Мысалы, 90- жылдардың басында халықаралық саудадағы олардың үлесі 9/10 болды. 80 – жылдары халықаралық экономикалық айырбаста капиталистік елдердің жиынтық жалпы өнімінің 1/5 өз тұтынушыларын тапты. Ал, бұрынғы социалистік елдерде дүниежүзілік ұлттық табыстың 1/3 өндірілді, соның ішінде өзара экономикалық көмек кеңесі елдерінде ¼ өндірілген болатын.
Үстіміздегі ғасырдың 60 –жылдарында дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне дамушы елдер келіп қосылды. 70 –жылдардың ортасына қарай олардың қатарынан, “ жаңа индустриалды елдер” – “төрт жолбарыс” – Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг және Сингапур суырылып алға шығып, дүниежүзілік қауымдастыққа дамудың ерен қарқынын паш етті.
Латын Америкасы елдерінің ішінде өнеркәсібі жедел дамып келе жатқан мемлекеттерге Бразилия, Аргентина және Мексика жатады.
КСРО ыдырап, Шығыс Еуропа елдерінде болып өткен “ барқыт революциялардан” кейін дүниежүзілік шаруашылық біртұтас мәнге ие бола бастады.
Құрылу мен қалыптасу үстіндегі бүкіл дүниежүзілік шаруашылық өз құрамына экономикалық өсу деңгейлері бірдей емес- өнеркәсібі дамыған, дамушы және экономикалық жүйесі өтпелі кезеңді басынан кешіріп отырған елдерді біріктіріп отыр. Қаншалықты қайшылықты және әрқилы болса да ХХ ғасырға қарағанда ХХI ғасырдың табалдырығында дүниежүзілік шаруашылық мейлінше біртұтас, үйлестірілген, динамикалық қозғалыстағы шаруашылық болып көрінеді.
Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың және халықаралық еңбек бөлінісінің принциптеріне негізделген, интернационалдық бағыттағы шаруашылық бейнесіне ие болып отыр.
Бақылау сұрақтары:
1.Дүниежүзілік шаруашылықтың қалыптасу және даму жолдары
2. Қай ғасырларда дүниежүзілік шаруашылық мейлінше біртұтас, үйлестірілген, динамикалық қозғалыстағы шаруашылық болып көрінеді.
3. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне дамушы елдер келіп қосылған уақыты
№ 193 -сабақ
Тақырыбы: Халықаралық еңбек бөлінісі және дүниежүзілік шаруашылық
Жоспар:
1. Халықаралық еңбек бөлінісі.
2. Географиялық немесе аумақтық еңбек бөлінісі.
Сабақтың мақсаты:Халықаралық еңбек бөлінісінің дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орнын қарастыру.
Теориялық мәлімет:
1.Қоғам дамуының бастапқы кезінде еңбек бөлінісінің қарапайым түрі еңбектің еркектер мен әйелдер арасында, ересектер мен бала – шаға, қарттардың арасында бөлінуі болды.
Өндіргіш күштер дами келе бұл бөлініс қоғмдық еңбек бөлінісіне айналды. Бұл ұғым – анағұрлым ауқымды ұғым. Ол қоғам ішіндегі болсын, сондай –ақ экономиканың салалары арасындағы, жекелеген кәсіпорындар және тіпті жекелеген адамдар арасындағы болсын еңбек бөлінісін қамтиды.
Қоғамдық еңбек бөлінісінің ажырағысыз бір бөлігі географиялық (немесе аумақтық) еңбек бөлінісі болып табылады. Мұның өзі аумақтардың мамандануы және олардың арасындағы арнаулы өнімдермен және қызмет түрлерімен алмасу процесі болады.
2.Географиялық еңбек бөлінісінің ең жоғары түрі – халықаралық еңбек бөлінісі, яғни жекелеген елдердің шаруашылығының өздері айырбастайтын белгілі бір өнім түрлерін өндіруге мамандануы.
Мұндай маманданудың пайда болуы үшін белгілі бір жағдайлар болуы қажет. Біріншіден , халықаралық еңбек бөлінісіне қатысушы елдің ең болмағанда біраз мемлекеттер алдында тиісті өнімді өндіруде қайсыбір артықшылық жағдайы (мысалы, табиғи ресурстардың молдығы) болуға тиіс; екіншіден, сол өнімді қажетсінетін елдер болуы керек: үшіншіден, өнімді сататын жерге жеткізуге кететін шығын оны өндіруші ел үшін тиімдіболуға тиіс.
Халықаралық еңбек бөлінісі тарихи тұрғыда қалыптасты. Оның жекелеген элементтері ең ежелгі замандарда болды. Рим империясы Карфаген, араб халифаттары және басқа да мемлекеттер тауар айырбастауды кеңінен жүргізді. Алайда қоғамдық еңбек бөлінісі тарих тұңғиығындағы сол бір кезде халықаралық еңбек бөлінісінің дамыған түрлерінің қалыптасуына негіз боларлықтай дәрежеге әлі жетпеді. Әлем картасындағы “ ақтаңдақтар” жойыла келе, көліктің, сауда мен капиталистік экономикалық қатынастардың дамуына орай ғана халықаралық еңбек бөлінісі қалыптасты.
Көптеген елдердің шаруашылық бейнесі олардың халықаралық тұрғыда мамандануына қарай анықталды. Мысалы, Жапония дүние жүзінде автомобильдерді, теңіз кемелерін, радиоэлектроника мен робот жасау саласының өнімдерін экспортқа ең көп шығаратын ел (70 –ші жылдарда жапондарға тән “ Электроника елдің мұнайы болмақ” деген ұран болды). Болгария агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері мен көтергіш-көлік жабдықтарын
шығаруға маманданған. Дамушы елдердің бірі – Замбия- дүние жүзінде мыс рудасы мен кесектелген мысты экспортқа ең көп шығаратын ел.Қай мемлекеттің болсын халықаралық еңбек бөлінісіне қамтылу дәрежесі ең алдымен оның өндіргіш күштерінің даму деңгейіне байланысты. Сондықтан индустриясы дамыған елдер қазіргі халықаралық еңбек бөлінісінде, әсіресе қымбат тұратын, “ мәртебелі” өнім – машиналар мен жабдықтар, ұзақ пайдаланылатын тауарлар шығаруда алдыңғы орындарды алады. Ал Азияның, Африканың, Латын Америкасының көптеген жас елдеріне келетін болсақ, онда олардың халықаралық еңбек бөлінісіндегі рөлі негізінен өнеркәсібі дамыған елдерді ресурстармен жабдықтау есебінен көтеріледі. Олардың шикізат беруге отарлық заманда мамандануы қазір де сақталып отыр.
Кейбір елдердің халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуына географиялық факторлар да едәуір әсер етеді. Мысалы, Ұлыбритания өткен заманда көбіне басты- басты теңіз жолдарының торабында орналасқан жағдайы арқасында “ дүние жүзінің фабрикасы” болды, өнеркәсіп революциясының нәтижесін пайдаланып, капитализмнің отанына айналды. Кейбір өнім түрлері ресурстық негізі мол белгілі бір елге не ауданға “ орнығады”. Таяу Шығыстың нақ сол мұнай – газ ресурстары бұл өңірдің әлемінің ең ірі отын- энергетика базасына айналуына жағдай жасады.
Алайда географиялық жағдайы да, табиғи ресурстары да халықаралықеңбек бөлінісінің тек бастама факторлары ғана болады. Бұл орайдаәлеуметтік – экономикалық жағдайлар шешуші рөл атқарады.
Халықаралық еңбек бөлінісі дүниежүзілік шаруашылықтың құрылуы жағдайында прогресті ғана емес, болмай қоймайтын да процесс. Ол шаруашылық өмірдің интернационалдануының обьективтілік негізі әрі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің іргетасы болып қызмет етеді.
Бақылау сұрақтары:
-
Қоғамдық еңбек бөлінісінің ажырағысыз бір бөлігі
-
Географиялық еңбек бөлінісінің ең жоғары түрі
-
Халықаралық еңбек бөлінісінің тарихи тұрғыдан қалыптасуы
-
Елдердің халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуына географиялық факторлардың едәуір әсері
№ 194 -сабақ
Тақырыбы: Ғылыми – техникалық революция (ҒТР) және өндіргіш күштердің орналасуы
Жоспар:
1. ҒТР – дің сипаттары
2. ҒТР – дің негізгі мазмұны
3.Өндіргіш күштердің орналасуы
Сабақтың мақсаты: ҒТР – дің ең басты әрі айқындаушы нышаны ғылымның ерекше қауырт дамуы, оның тікелей өндіргіш күшке айналуын қарастыру
Теориялық мәлімет:
1. Адамзат өркениетінің дамуына ілесетін ғылыми – техникалық прогрестен өзгеше ғылыми – техникалық революция дегеніміз ғылым мен техниканың дамуында қоғамның өндіргіш күштерін түбірімен өзгертетін сапалық күрт ілгерілеу болатын уақыт кезеңі.
Ғылыми – техникалық революцияның (ҒТР) басталуы шамамен ХХ ғасырдың орта тұсы. Оны сипаттайтын нышандар өте – мөте сан алуан және ҒТР – дің барлық құрамдастарына: ғылымға, техника мен технологияға, өндіріске, басқаруға қатысты. Олардың маңызды – маңызды екеуін атап айтайық.
ҒТР – дің ең басты әрі айқындаушы нышаны ғылымның ерекше қауырт дамуы, оның тікелей өндіргіш күшке айналуы болып табылады. Қазіргі заманғы ғылыми ашылыстар индустриясына, техниканы дамытудың қуатты көтермелеушісіне айналды. « Ғылым - өндіріс» және «білім – ғылым - өндіріс» жүйесі пайда болды.
Білімнің нағыз заманға лайық жүйесі болмайынша «үлкен ғылымның « болмайтыны айдан анық. Мысалы, Жапонияның ҒТР жетістіктен өнеркәсіпке енгізудегі жалпы әлем таныған табыстары білім беру жүйесінің тамаша ұйымдастырылуымен, бұл жүйеге көп қаржы жұмсалуымен тікелей байланысты. Бұл елде ірі- ірі ғылыми – зерттеу және тәжірибелік – конструкторлық талдамалар (ҒЗТКТ) жүргізетін 450 университет бар.
ҒЗТКТ –ге жұмсалатын қаражат ҒТР дәуірінде өте – мөте маңызды экономикалық көрсеткішке айналып келеді. Мұндай қаражаттың дені (85 пайызы) өнеркәсібі дамыған басты –басты елдерге келеді: АҚШ, Жапония, ГФР, Франция және Ұлыбритания. Бұл орайда АҚШ – та ҒЗТКТ – ге жұмсалатын қаражаттарының бәрін қосқандағыға шамалас және Ресейдің мұндай қаражатынан бірнеше есе асып түседі. Өндірістің техникалық деңгейінің бірқатар көрсеткіштерінің Батыстың дамыған елдерінде анағұрлым жоғары болуының себебі осы. Қазақстанның экономикасын ҒТР талаптарының деңгейіне көтеру үшін ғылым мен техниканың дамуын жеделдету тұрғысында шешуші шаралар қолдану қажет болатыны сондықтан.
2.Қазіргі ғылыми – техникалық революцияның аса маңызды екінші нышаны өндірістің техникалық базасындағы түбірлі өзгерістер болып табылады. Бұл орайда электронды – есептеу техникасы мен роботтардың кеңінен қолданылуы, мүлдем жаңа химиялық материалдардың шығуы, энергияның жаңа түрлері мен негіздерінің ( атомдық, термоядролық энергия) ашылып, пайдаланылуы туралы айтылып отыр. Ақыр соңында бұл еңбектің күрделілігі мен нәтижелілілігін күрт арттырады, ал мұның өзі жоғары білікті жұмыс күшін талап етеді.
Өткен ғасырдағы өнеркәсіптік революцияның бастама « буыны» бу машинасы болса, қазіргі ҒТР – дің бастама «буыны» ЭЕМ болып отыр. Егер ең қуатты ЭЕМ – дердің саны дүние жүзінде жүздеп саналатын болса, жеке компьютерлердің саны ондаған миллионға жетіп отыр. ЭЕМ – дер жасауда АҚШ алда (олардың шамамен 50 пайызы Батыстың дамыған елдері мен Жапонияда жасалады). ЭЕМ – дерге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету құралдарын жасауда бұл елдің үлес салмағы одан да жоғары. Экономикалық ЭЕМ – дермен жарақталуы жөнінен біздің еліміздің жетістіктері әлі ауыз толтырылып айтуға келмейді.
« Микроэлектрондық революция» қазіргі заманғы дүниеде еңбек ең көп жұмсалатын әрі қауіпті өндірістерде пайдаланылатын роботтарды көптеп қолданудан айқын көрініп отыр. Роботтар жасау жөнінен дүние жүзінде барлық елдерден Жапония алда келеді.
ЭЕМ -дер мен роботтар жүйесінің осы заманғы лайық станоктардың, сондай –ақ көлік –тиеу – түсіру құрылғыларының қосылып ұштасуы икемді өндірістік жүйелер (ИӨЖ) деп аталатындарды құрайды. Мұндай жүйелер « адам жоқ» зауыттарда еңбектің өндіргіштігін ондаған есе арттырады. Дүние жүзінде мұндай ИӨЖ – дер саны әзірше көп емес, бірақ болашақ осыларда.
Техниканың революциялық жаңаруымен қатарласа технология өзгеріп жатыр. Қасиеттері күн ілгері белгілі заттар, химиялық синтездің энергиясы, аса жоғары температуралар мен жоғары қысымда жүзеге асатын процестер, лазерлік техника кеңінен пайдаланылуда.
ҒТР дәуірінде қазіргі заманғы өндірісті басқару проблемасы ерекше маңызды болып отыр. Ол адам айтқысыз күрделіленіп, арнаулы даярлықты керек ететін болды.
Белгілі бір елдегі ҒТР – дің жайы қандай екенін әдетте өнімді өнеркәсіптік өндіруде ғылым көп пайдаланылатын өнімнің үлесі қандай екеніне қарап ажыратады. Мұндай өнімдерді прибор жасау, электро – техникалық машина жасау, авиағарыштық өнеркәсіп және т.б. салалар шығарады.
Ғылым көп пайдаланылған өнім дамыған елдердің сыртқы саудасында барған сайын үлкен рөл атқарып келеді. Бұл орайда осы өнім экспортының 90 пайызынан астамы АҚШ, Жапония, ГФР, Франция, Италия, Ұлыбритания елдерінің үлесінде. Еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі экспортымызданақ осы ғылым көп пайдаланылатын өнімнің үлес салмағын арттыру.
ҒТР – дің ықпалымен дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымында елеулі өзгерістер болып жатыр. Әлемнің жетекші елдерінің ғасырлар бойы күш – қуатының тірегі болып келген кейбір салалардың рөлдері төмендеп барады, ал ғылым көп пайдаланылатын өнімдер шығаратын жоғары технологиялық енді бір салаларөрлей дамуда.
Дүниежүзілік шаруашылықтың ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік, табиғи, саяси және басқа да факторлардың нәтижесі. ҒТР дәуірінде олардың әрекетінің сипаты едәуір өзгеріп келеді.
Мысалы, XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы кезіндегі өнеркәсіптің орналасуына ресурстық факторлар – минерал – шикізат базаларының орналасуының ықпалы күшті болды. Мидленд және Англияның басқа да көмір бассейндері XIX ғасырдағы өнеркәсіптік революцияның ұйытқысы болды. Орал, Кузбасс – Ресейдің индустриялануының алғашқы базалары. ҒТР дәуірінде өнеркәсіптің минерал – шикізат базаларына мұндай «байлануы» анағұрлым сирек. Ол былай тұрсын, өнеркәсібі дамыған елдердің сырттан әкелінетін арзан шикізатты пайдалануға көшуі бұл елдердің көмірлі және темірлі көптеген аудандарын жұтатып, оларда жұмыссыздық көбейді.
Тосыннан қарағанда оғаш көрінетін болсада, ҒТР дәуірінде қауырт дамып отырған көптеген елдердің өз шикізат базалары жоқ. Мұны Жапонияның мысалы айқын көрсетеді: шикізат пен отынның 90 пайызын импорттан алатынына, ол соған қарамастан жоғары индустриялы ел болып отыр. Басқа мемлекеттерде өнеркәсіптің дені шикізат пен отын базаларынан заманға сай индустриялық құрылым қалыптасқан жаңа аудандарға ойысты (АҚШ – тың Солтүстік – Шығысынан Калифорнияға, ГФР – де Рурдан елдің оңтүстігіне және т.б.)
Өндіруші өнеркәсіп дамыған елдердің жаңа ресурстары аудандарында ғана өндірістің негізгі күйінде қалды (Канаданың солтүстік және батыс аудандары, АҚШ – та Аляска, Австралияның солтүстік өңірі, Дүниежүзілік мұхиттың қайраңды аймақтары).
Дамушы елдерде жағдай басқаша; бұларда минерал – шикізат ресурстары индустрияландырудың аса маңызды факторы күйінде қалуының үстіне шаруашылықтың орналасуына шешуші ықпалы болып отыр. Экономикалық дербестікке жету жолында мол ресурстарды Таяу Шығыстағы мұнай өндіруші елдер ғана дұрыс пайдалана алды.
Қазіргі дүние жүзінде өндірістің орналасуының аса маңызды факторларының бірі ғылым мен білім орталықтарына қарай ойысу болып отыр. Ең алдымен бұл фактор ғылым көп пайдаланылатын салалардың географиясына әсер етуде. Білім беру – ғылым - өндіріс тізбесі дамыған елдердің көптеген жетекші аудандары мен орталықтарына тән жағдай болуға айналды. Мысалы, Жапонияда 80- ші жылдарда арнаулы технополистер – ғылым қалалары құрыла бастады да, оларға ғылым неғұрлым көп пайдаланылатынбағыттар: авиағарыштық техника, ЭЕМ дайындау мен жасап шығару, роботтар жасау және т.б. іріктеліп орналастырылды. АҚШ – та мұндай технополис – Калифорниядағы Силикон – Велли ( Кремний жазығы).
Мұнымен тікелей байланысты тағы бір фактор – білікті жұмыс күшіне ойысу. Қазір қай озық елге болса да қарапайым еңбек ресурстары ғана емес, заманғы сай техниканы басқара алатын білімді, жоғары білікті адамдар керек. Осыған орай Батыс елдерінде өндіргіш күштерді орналастыруға біліктіліктегі айырмашылық пен жұмыс күшінің құны едәуір әсер етәп отыр. Ұқсатушы өнеркәсіптің «бірінші қабаттарын» монополиялар арзан жұмыс күшін пайдалану үшін бірден – бірге үшінші елдерге көшіруде.
3. ҒТР дәуірінде өндіргіш күштердің орналасуының басқа факторлары мән – маңызын жойған жоқ. Бұлар : тұтыну факторы, энергетика факторы, көлік факторы және т.б. Жекелеген елдер мен аудандардың географиялық орын жағдайы да одан әрі маңызды болып отыр. Мысалы, Еуропадан және Таяу Шығыстан Жапонияға баратын аса маңызды теңіз жолдарының бойында орналаспаған болса Сингапурдың, Корея Республикасының , Гонконгтың «жаңа индустриялы елдер» қатарына қосылуы екіталай болар еді.
Экология факторы жаңа фактор болып отыр. Жетекші индустриялы елдерде шаруашылық обьектілерін салған кезде бұл фактор міндетті түрде есепке алынады. Экологияға немқұрайды қараушыларға заңдарда қатаң шаралар қолдану көзделген.
Дүниежүзілік шаруашылықтың қазіргі кезеңде дамуы өндіріс пен халықтың аумақтық тұрғыда барынша шоғырлануына әкеліп отыр. Бір жағынан, мұның өзі шаруашылықтың дамуына біршама тиімді еді: аумақ үнемделетін, ортақ инфрақұрылым пайдаланылатын, кәсіп – орындары кооперациялау, ірі қалаларда ғылыммен байланыс үшін қолайлы болатын. Екінші жағынан, өндіріс пен халықтың шоғырлануының шекті мөлшері сақталмаса, мұның өзі экологиялық ортаның нашарлануына, көлік қарбаластығына, сумен жабдықтаудағы және т.б. қиыншылықтарға апарып соғады. Мехико, Сан – Пауло, Нью- Йорк және басқа да көптеген өнеркәсіпті аудандардың бақылаусыз өсуі шетелдерді қандай алаңдатып отырса, мұндай проблемалар туындамас үшін біздің елмізде де күн ілгері алдын алу шаралары қолданылуға тиіс екені түсінікті.
Осы себептен де көптеген елдердің үкіметтері үлкен қалалар мен өнеркәсіп орталықтарын «тарқатып» сейілтуге күш салуда.
Сонымен , қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылықтың географиялық көрінісі ғылыми – техникалық революцияның ықпалымен өзгеріп отыр. Жер шарында өндірістен «бос» аумақтар барған сайын аз қалып отыр, өндіріс одан әрі шоғырлана түсуде: өндіргіш күштердің орналастыруда жаңа факторлардың – экологиялық фактордың, ғылым орталықтарына қарай ойысу және т.б. факторлардың рөлі күшейе түсуде.
Бақылау сұрақтары:
1.ҒТР – дің ең басты әрі айқындаушы нышаны
2.Қазіргі ғылыми – техникалық революцияның аса маңызды екінші нышаны
3.XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы кезіндегі өнеркәсіптің орналасуына ресурстық факторлардың орналасуының ықпалы
Дүниежүзілік өнеркәсіп
№ 195 -сабақ
Тақырыбы: Энергетика
Жоспар:
1. Дүниежүзінің отын – энергетика балансы
2.Мұнай өнеркәсібі
3. Газ өнеркәсібі
4.Көмір өнеркәсібі
Сабақтың мақсаты:Дүниежүзілік шаруашылықта дүниежүзінің отын – энергетика балансының алатын орнын қарастыру.
Теориялық мәлімет:
1.Энергетика дегеніміз отын өнеркәсібі, энергетика салаларының, сондай –ақ отын мен энергияны жеткізу құралдарының жиынтығы.
Мұның өзі осы заманғы шаруашылықтың, экономикадағы барлық прогресті процестердің негізі. Өнеркәсіп салаларының көпшілігімен салыстырғанда энергетика озық қарқынмен дамыды, өйткені ҒТР дәуірінде өндіріске энергияның пайдаланылуы шапшаң артты. ХХ ғасырдың өзінде ғана дүние жүзінде энергияның пайдаланылуы 15 есе артты.
1960 жылы Мұнай экспорттаушы елдердің (ОПЕК) құрылып оның мүшелері мұнай өндіруді өз қолдарына алды. ОПЕК – ке Алжир, Эквадор, Габон, Катар, Индонезия,Ирак, Иран, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Венесуэла, БАӘ кіреді. Жылу электр станцияларында мұнай (мазут) орнына көмір мен табиғи газ қолданылды да, бағалы химиялық шикізат ретіндегі мұнай үнемделетін болды.
2.Мұнай өнеркәсібі. Мұнайдың дүниежүзілік ресурстарының географиясының басты ерекшелігі оның басым бөлігі дамушы елдерге, ең алдымен Таяу Шығыс елдеріне келеді. Мұнай өндіру жөнінде АҚШ, Сауд Арабиясы, Ресей жетекші орындарды алып отыр. ҚХР – де мұнай өндіру ұлғайып келеді.
Ресейде мұнай өндіретін негізгі аудан Батыс Сібір болып отыр (өндірілетін мұнайдың үштен екісі). Мұнай құбырлары желісі (80 мың км – ден астам) өндіру мен тұтыну аудандарын жалғастырады. Мұнай өндірудің бірден – бірге табиғи жағдайлары қатал, көліктің жетуі қиын өңірлерге жылжуына байланысты оны өндіруге жұмсалатын шығындар едәуір өсуде.АҚШ- та мұнай Оңтүстікте, ал соңғы жылдары Аляска қайраңында өндіріледі.
Мұнайды өндіретін және тұтынатын негізгі аудандардың арасында аумақтық алшақтықтың сақталуы мұнайдың алысқа орасан көп тасылуына әкеліп соғып отыр. Ол дүниежүзілік теңіз көлігінің нөмірі бірінші жүгі болып келеді. Мұнай тамысалдаудың негізгі бағыттары Парсы шығанағындағы аса ірі мұнай порттарынан басталып,Батыс Еуропа мен Жапонияға қарай ағылады. Ең ірі танкерлер алыс жолмен Африканы айналып өтіп, Суэц каналы арқылы мұнай тасымалдайды. Мұнай жүк тасқындарының енді біразы Орталық Америка елдерінен ( Венесуэла, Мексика) АҚШ – қа, батыс Еуропаға бағыт алады. АҚШ мұнаймен Аляскадан Канада арқылы да жабдықталады.Шығыс Еуропа елдерін мұнаймен жабдықтауда Ресей басты рөл атқарады.
Газ өнеркәсібі. Табиғи газ өндіру үстіміздегі ғасырдың екінші жартысында ғана дамыды. Ресей мен АҚШ –қа өндірілетін дүниежүзілік газ көлемінің шамамен жартысы келеді. Өзге елдер бұлардан анағұрлым артта (Канада, Нидерланды т.б.).
Газ ішкі халықаралық магистралдық газ құбырлары жүйесі арқылы тасылады. Ресей газының дені өндірілетін Батыс Сібірден ол Ресейдің еуропалық бөлігіне, Украинаға, Белорусьқа, Шығыс және Батыс Еуропаға тасылады.
АҚШ – та газ құбырлары желісінің негізгі бағыты Оңтүстіктен Солтүстік – Шығысқа қарай. Нидерландыдан газ Батыс Еуропаның басқа елдеріне жіберіледі. Кейбір газ құбырлары теңіз түбі арқылы төселген Солтүстік теңіз қайраңы кен орындарынан Ұлыбританияға, норвегияға, ГФР – ге, Алжирден Сицилияға аралына (Италия) тартылған.
Газ тасымалдаудың енді бір әдісі оны сұйық күйінде газ тасушы арнайы кемелермен тасу болып отыр. Ол экспорт порттарында оны қайтадан қалыпты газға айналдыратын қымбат қондырғылар салуды талап етеді. Газды осылай теңізбен таситын тұрақты “ тізбектер” (Таяу Шығыс – Жапония, Австралия – Жааония) қалыптастырылуда.
Газды ең көп экспорттайтын ел Ресей, одан соң Нидерланды, Канада (АҚШ – қа экспорт) және Норвегия келеді. Газды негізгі импорттаушы ел – Жапония.
4.Көмір өнеркәсібі. Дүние жүзінің көмір өнеркәсібі біршама шапшаң дамып келеді. Мұның өзі энергетикалық жағдайдың шиеленісуімен байланысты. Көмір өндіретін негізгі елдер : ҚХР, АҚШ, Ресей және Польша.
ҚХР – де көмірдің дені елдің шығыс аудандарында өндіріледі. АҚШ – та басты көмір бассейні – Аппалачи, мұнда көмір ең жақсы жағдайда өндіріледі (60 пайызы ашық әдіспен алынады) Ресейде көмірдің дені шығыс аудандарда (Кузнецк және Иркутск бассейнедері)
Дүниежүзілік нарықта көмірдің бәсекелестік қабілетінде оның өзіндік құны аса маңызды рөл атқарады, мұның өзі ашық қазып алу мүмкіндігіне көмір қабаттарының қалыңдығы мен орналасу тереңдігіне байланысты. Көмірді экспортқа шығарушы өндіру жағдайлары жақсы елдер: Австралия, АҚШ, ОАР.
Достарыңызбен бөлісу: |