СманқҰлова жанат ерекенқызы қазақстан республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің Қалыптасу және даму тарихы


КIРIСПЕ Жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет2/17
Дата17.01.2023
өлшемі202.48 Kb.
#468493
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
автореф колледж

КIРIСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің 1991-2008 жылдардағы қалыптасу және даму тарихын, яғни Қазақстан мемлекетінің бүкіл құрылымы түбірімен қайта құрылған кезеңдегі бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар дайындау ісін зерттеуге арналған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бір қоғамдық құрылым екіншісіне ауысқанда оның саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани өмірін жаңа уақыт талабына сәйкестендіріп бейімдеу объективтік қажеттілікке айналады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1992 жылы жарық көрген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде тұжырымдалды және бүкіл халықтың қолдауына ие болды. Қоғамды түрлендірудің бір бағыты республикамыздағы білім және ғылым саласы. Соған сәйкес, еліміз тәуелсіздік алысымен, халықаралық стандартқа және нарық қатынастарының талабына бейімделу үшін бұрынғы кәсіби-техникалық училищелер мен техникумдардың атаулары кәсіби лицейлер және колледждер деп өзгертілді. Екіншіден, олардың бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындаудағы міндеттері айқындалды. Бұл шындық. Себебі, нарық жағдайында кәсіби оқудың сапасы мен құрылымы, болашағы жеке меншік иелеріне байланысты болатыны белгілі [1,3-б].
Мемлекет меншігіндегі нысандардың барлығы жаппай жекешелендірілді. Ондай жағдайда жұмыс берушілер мен кәсіби оқу орындарының арасындағы қарым-қатынасты реттеу, еңбек нарығы талабына сәйкестендіру объективтік қажеттілікке айналды. Зерттеп отырған проблеманың өзекті болуының бір себебі осында жатыр.
Қазақстан Республикасы кеңестік кезеңде өз экономикасының қай саласының тиімді екендігін ажырата алмады. Оған оның құқығы да болмады. Себебі, бәрін орталық шешті. Республика шикізат шығарушы ел ретінде ғана қаралды. Зерттеу жұмысының өзектілігі міне осы мәселеге де байланысты.
Тәуелсіздігін алған 19 жылдың ішінде Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дағдарысты жеңіп, шикізат шығарушы елден жаңа технология еліне айнала бастады. Ел Президентінің бастамасымен индустриалды-инновациялық бағдарлама жасалып, оны іске асыру шаралары қолға алынды. Сонымен қатар республика халқына экономикасы дамыған 50 елдің қатарына ену бағдарламасы да жарияланды.
Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың тең мүшесіне айналып, АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Англия, Корея сияқты дамыған елдердің ғылыми-техникалық серіктесіне айналды. Аталған елдер біздің мемлекетіміздің болашағы зор екенін мойындады. Міне, осы аталған стратегиялық міндеттер халыққа қызмет көрсетудің барлық салалары үшін бәсекеге қабілетті жұмысшылар және мамандарды дайындауды талап етті. Олардың білімі, икемділігі, қабілеті халықаралық стандартқа сәйкес келуі заңдылыққа айналды. Біз зерттеген ғылыми жұмыстың өзектілігі де осы талаптан туындап жатыр.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев, «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт», [2] – дейді. Одан соң «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы Жолдауында, «Еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарынан қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат қажет» екендігін он жетінші бағыт деп тұжырымдаған болатын [3].
Қазақстан Республикасының Президенті 2008 жылғы 1 шілдедегі № 626 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасын» бекітті. Онда бұл жүйенің қазіргі жай-күйі, оны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері, оның материалдық-техникалық базасын жаңарту, жүйеде даярланатын жұмысшылар мен орта буын мамандарының бәсекеге қабілеттілік сапасын көтеру, басқару мен қаржыландыруды жетілдіру мәселелері қамтылды. «Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту ұсыныспен емес, сұраныспен айқындалатын болады. Бағдарламада кадрларды даярлау мен олардың бәсекеге қабілеттілік сапасын қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білім берудің моделін қалыптастыру болжанады», - делінген құжатта [4].
Өз еліміздегі орта кәсіби білімі бар мамандарға жағдай жасауымыз негізгі қажеттілікке айналды. Еліміздің экономикасына өзіндік үлес қосып жатқан да осы орта кәсіби білімі бар мамандар. Өйткені олардың көпшілігі болашақта теориялық жолмен емес, нақты іс жүзінде жұмыс істейтіндер. Дамыған елдермен бәсекеге түсу үшін де, ДСҰ-ға кіру үшін де технологиямыз мықты болуы керек. Мысалы, Қытай мемлекеті технологияны жақсы дамытқандықтан кез келген елмен әлеуметтік-экономикалық бәсекеге түсе алады. Оларда орта кәсіби білімі бар мамандарға барлық жағдай жасалған. Сондықтан өздерінің өнімдерін сыртқы рынокқа ұялмай шығара алады.
Зерттеу жұмысы барысында еліміз тәуелсіздік алған, 1991-2008 жылдар аралығында қалыптасып дамыған колледждер мен лицейлер тарихын тарихи материалдар мен құжаттық негізде саралап зерделеу диссертациялық еңбектің өзектілігін аңғартады.
Қоғамдық қатынастардың жаңа жүйесіне көшкеннен бері орта оқу орындарын бітірген маман жұмысшылар нарықтық жағдайға бейімделе отырып, еліміздің экономикасын өрістетіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосты.
Экономика саласына аса қажетті бірден-бір мәселе – еңбек нарығындағы сұранымды анықтау, кәсіби лицейлер мен колледждерде соған сәйкес маман дайындаудың жолдарын көрсете отырып, оларды келешекте қажетті салаға жұмысқа орналастыру болып табылады. Ол үшін кәсіби лицейлер мен колледждерді мамандарды оқытуға лайықтап, өндіріспен тәжірибе алмасу барысын ұйымдастыру, оларды оқуға қажетті жабдықтарымен қамтамасыз ете отырып, осы оқу орындарына лайықты ұстаздар дайындау және оқушылардың үлгерімін, кәсіпті игерудегі икемділіктерін арттыру, бағалау жұмыстарын жүзеге асыру басты міндетке айналды. Міне, кәсіби деңгейі жоғары жұмысшылар мен мамандар дайындаудың басты талабы осы.
Жұмыс берушілер өз тарапынан оқу орындарымен әлеуметтік серіктестік қатынасты нығайтуға, оқытудың мазмұнын және технологиясын жаңғыртуға, оларды кәсіпорындардың өскелең талабына бейімделуге, шәкірттерді еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға жағдай жасайды. Сондықтан тәуелсіздігімізді алғаннан бергі кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасу мен даму тарихын жаңа талап тұрғысында зерттеу отандық тарихнамаға қосқан үлес болып табылады. Қазір еліміз 2010-2020 жылдарға арналған жаңа экономикалық Бағдарламаны іске асыруға кірісті. Ол үшін кәсібі жоғары жұмысшылар мен орта буын мамандарын дайындау кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр. Ондай мамандарсыз жаңа технологияны енгізу мүмкін емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет