8-ші дәріс тезисі
Дәріс тақырыбы: Жануарлардың бірнеше түрінің ауруларын тудыратын вирустар:
Құтыру вирусы, шешек вирусы, Ауески ауруы вирусы, аусыл вирусы, сүтқоректілер
тұмауы вирусы..
1. Қоздырушылардың қысқаша сипаттамасы.
2.Клиникалық, патологоанатомиялық, дифференциальді және зертханалық балауы.
АУСЫЛ ( лат. Aphtae epizooticae, ящур, ағыл. Foot and mouth disease - FMD) аса
жұғымтал жіті өтетін, қызба және ауыздың кілегейлі қабығында, желін мен аяқтың терісінде
күлдіреуік пайда болуы арқылы ерекшеленетін үй және жабайы ашатұяқты жануарлардың
вирустық ауруы.
Тарихи деректер. Жануарлардың аусылмен ауыруы туралы бірінші жазба деректі 1546 ж.
Италияда Д.Фракастро берді. Бұл аурудың қоздырушысы вирус екенін неміс ғалымдары
Леффлер мен Фрош (1898), ал вирустың бірнеше түрге бөлінетіндігін француз ғалымдары
Валле мен Карре (1922) анықтады.
Аусыл Австралиядан басқа барлық құрлықтарда кеңінен тараған. Бұл аурудан ұзақ уақыт
бойы тұрақты АҚШ, Жапония, Канада сау болып есептелінеді. Европа мен Азия
құрлықтарында аусыл жиі байқалып тұрады. Осы екі құрлықты толықтай дерлік қамтыған
соңғы лаң 1966 ж. болды. Қазір ТМД мемлекеттерінде шектеулі ғана территорияларда оқтын-
оқтын байқалып қалады.
Қоздырушысы – Aphtovirus – РНҚ-лы, Aphtovirus туыстығына, Pikornaviridae
тұқымдастығына жатады. Вирионның мөлшері 20-25 нм. Вирустың антигендік құрамы өте
күрделі. Антигендік қасиеті бойынша 7 серологиялық типке: О, А, С, САТ-1, САТ-2, САТ-3
және Азия-1 бөлінеді. Әр тип бірнеше вариантқа бөлінеді: О тармағы 13 вариантқа, А-32, С-5,
САТ-1 – жеті, САТ-2 – үш, САТ-3 – төрт, Азия-1 – екі. Бұл тармақтары мен варианттары бір-
бірімен иммунологиялық айырмашылықтары бар. Олардың әрқайсысы вирустың басқа типі мен
вариантына иммунді жануарларда ауру қоздыра алады.
Аусылдың вирусы бейім жануарлардың эпителий ұлпаларының торшаларының өсінінде
белсенді көбейеді және оның нәтижесінде ЦПӘ байқалады. Вирустың уыттылығы жаңа туған
тышқан үшін өте жоғары. Оны лабораториялық жануарлардың (теңіз тышқаны, бала тышқан
мен қоян көжегі) денесі арқылы өте оңай пассаж жасауға болады. Жануарлар денесінде вирус
бейтараптаушы, комплемент байланыстырушы, преципитациялаушы антиденелер түзілуіне
түрткі болады. Бұл антиденелер қоздырушының әрбір серологиялық типіне тән болады.
Сондықтан ҚГАР, БР, КБР, сарысумен қорғау реакциясы мен айқыш иммунитет аусыл
вирусының серотиптері мен варианттарын ажырату үшін қолданылады.
Төзімділігі. Вирус эфир мен хлороформға төзімді. 1 % фенол ерітіндісі мен 75º этил спирті
белсенділігін жоймайды. Лизол мен толуолдың басқа вирустар мен бактерияларды өлтіретін
концентрациясына төтеп береді. Ол ортаның рН-на сезімтал. 6-дан төмен 10-нан жоғары рН-та
инфекциялық қасиетін тез жояды. Сыдырылып түскен күлдіреуіктің қабығында вирустың
төзімділігі едәуір жоғары болады. Таулы жайылымда келесі жылғы жайылым маусымына дейін
сақталады; сарқын суда жылдың суық мезгілінде 100 күннен артық, жаздың күні 21, күзде 49
күн сақталады. Малдың үстіндегі жүнінде 50, киімде100, үй ішінде 70 күнге дейін сақталады.
Сүтте аусылдың вирусы 65ºС-та 30 минутта, 70ºС-та 15 минутта, 80-100ºС-та бірнеше секундта
белсенділігін жояды. Сойылған малдың етіне вирус ет бабына келу процесі кезінде түілетін сүт
қышқылының әсерінен тез белсенділігін жояды. Тұздалған жіне кептірілген өнімдерде 50 күнге
дейін сақталынады.
Аусылдың вирусы химиялық заттарға төзімді, оны дезинфекция үшін жиі қолданылатын
хлорлы әк (5%), фенол (1%) және креолин (5%) ерітінділері бірнеше сағаттан соң ғана өлтіреді.
Ең жақсы дезинфектант 1-2 % формальдегид, 2 % күйдіргіш натрий ерітінділері болып
табылады. Олар ауру қоздырушысын 10-30 минут ішінде өлтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |