Стр. 231 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 230
Стр. 232
Қазақстанның ашық кітапханасы
231
—
Біз қолма-қолға келдік...— деп, үзіліп кеткен дауыс кімдікі екенін аңғара алмай
қалдым. Дауысты тани алмағаныма қарағанда бұл Зориннің жауынгері болу керек.
Жабық, траншеямен жоғары қарай жүгіріп келе жатсам:
—
Иә, ханнан! — деген Самедтің айғайы жиі шығып жүр...
Іргелес отырған Петр мен Самед, қастарында тағы алты жауынгер бар, бір қолдарымен
граната лақтырып, енді бір қолдарына автоматтарын шоқпардай оңтайлап ұстап алыпты...
Шабуыл жасаған жау әскерінің оқтары отқа салған істіктей жылт-жылт етіп, қолдың
саласындай тізіліп, жоғары кетіп жатыр... Қолма-қолға жақындап қалған осы тұс екен.
—
Қозғалма орныңнан! Таймасын табаның!
—
Сталинград батальоны!.. Қырым үшін!.. Отан үшін!..
—
Шегінді, шегінді!..
Не болып жатқанын сөзден емес, дауыстан ғана аңғарғандай едің!..
Алғашқы күннің арпалысынан едәуір ойсырап шықтық. Ішіміздегі жалғыз тәжірибелі
офицер капитан Мирошниктің орнын біріміз де дәл баса алар емеспіз. Талай тақым бұрау
— тар қыспақты көрген өжет жауынгерміз дей алсақ та, ол орынға олқы соғып тұрмыз.
Оның үстіне тағы да бес адам шығынымыз бар. Енді қалғанымыз тоғыз-ақ... Ең соңғы
айқаста екінші белімнің командирі аға сержант Зорин оққа ұшты. Оның бөлімін Петр
Ушаковқа беруге тура келді.
Ең ауыры, құрылғанына тәулік толмаған әр түрлі «бағыттағы» майдандарымызда екі-ақ
жауынгерден қалды. «Қазақ батальоны!» деген айғайыңа енді бала да сене алар емес.
— Бір бағытты қысқартайық,— деді Петр.— Сонда әр майданымызда тым болмаса үш
жауынгерден болады. Қорғанның төбесіне үш сала болып келетін терең траншеялар бар.
Үшеуі қорғанның үш бүйірінен көтеріліп, төбесінде түйіседі. Бірімен-бірі селбесіп отыру
үшін, немістер әдейі солай қазған. Жоғарылаған сайын бірімен-бірі жақындасып,
қанаттаса береді. Сондықтан Петрдің ұсынысын екі айтқызбай қабылдадым.
Оқ құрғыр тіпті құлдырап қапты. Енді бірер сағат үртіс айқас бола қалса, оның аржағында
оқты санап беретіндей халге жетіппіз. Енді немістер бүгінгідей қырғынға да түсе бермес,
тартына шабуылдар, талдырып жығуға байлар деп, өзімізге-өзіміз демеу береміз. Оқтың
азайып қалғанын көре отырып, енді екі күнге жетер деп ұйғардық... Жетпейтінін біле
тұрсақ та, бірімізге-біріміз қарадық та, сөзді доғардық.
Гранаталарымыз таусылуға таянған. Петрдің бір күнгі лақтыруынан қалғаны санауға
тұрар емес... Бұл жөнінде үнсіз келісіп, ақтық сағатқа сақтайтынымызды іштей түсіністік
те, граната жайын ауызға да алған жоқпыз... Кім біледі, бір кезде траншеяларды да тастап,
үркердей болып төбеге жиналып қалармыз... Сондағы соңғы керек нәрсе сол азғана
гранаталар болып қалады. Ондай халдегі бір сағат өте көп уақыт қой, қару-құралды да көп
керек етеді...
Немістерден қалған екі снайпер мылтығын екі бөлімге бір-бірден бөлдік. Сенің бөліміңде
мұны дұрыс пайдалана алатын кімің бар дегенге дейін барысып, зеңбірек бөліскендей
болыстық... Енді қармансақ, бөлетін де, қару-құралға есептейтін де ешнәрсеміз
қалмапты... Үйіліп ракеталар ғана жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |