Стр. 162 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 161
Стр. 163
Қазақстанның ашық кітапханасы
162
Танкы дыбысын сезіне қалған иттер де дірілдеп, қыңсылап бір ауыздық «тамақ келе
жатыр!» дегендей болады. Көздері жайнап жұқа қызыл тілдерімен еріндерін жалана
бастапты.
Көгілдір түтінге оранған бақша ағаштарын тасалана жылжып келе жатқан танкылер алыс
көзге сумен жүзіп келе жатқандай көрінеді. Қарсы алдынан дүрсе қоя берген біздің
зеңбіректер жау танкылерін топтандырмай, бытырата қуады. Батыс жақ бетіміз жырасыз
жайпақ, кең жазық еді. Екі жақтың таласы да сол жазық үшін болып жатыр. Біздің бөлім
сол жазықтың, шығыс жақ босағасына бекінген еді, жазыққа тура беттей алмаған жау
танкылері сай-сайды тасаланып, біздің үңгірге қарай көбірек ауыса бастады.
Әр жерден жалғыз-жалғыз сытылып кеткен танкылер етек таудың баурындағы ойпаттарға
үшеу-төртеуден жиналып алып, енді өрмелеп қырқаға қарай тап беруге белгі күтіп
тұрғандай, зеңбірек пен танкы гүжілінен тас үңгірдің сай-сүйегі сырқырағандай, сенің,
денеңде де болмашы бір діріл сезіледі.
Жау танкыларына қарсы алғашқы жұмсағаным кәрі қарала ит Петен еді. Аяусыз кәрі,
алыса кетсе ылғи астыңғы жақта жүретіндіктен жауынгерлер оны Петен деп атап кетіпті.
Әрі кәрі, әрі аш Петэн беліне бір тізбек гранатаны байлап алып, бүлкілдеп жортып ұзай
берді. Кәнігі кәрі тас жыраның табанына жабысып, бұғып барады. Келе жатқан тамаққа
менен бұрын біреу жетіп қалмас па екен дегендей, арт жағына қарап-қарап қояды. Жоқ,
кәрі, жорта бер!..
—
Алғашқы танкының ұзын мойны қырқадан көріне бергенде, жырадан шұбатыла
жылжып Петен де қырқаға шықты. Танкыны көрген соң, тамаққа жақындап қалғандай
тезірек ұмтылып барып, танкының алдыңғы жағынан бір қылаң етті де жоқ болып кетті.
Бұл соғыстың алыбы дерлік ауыр танкы бір кәрі итті астына басты да, сонымен бірге өзі
де борс етіп тоқтап қалды.
Орнымызды әшкерелеп алмас үшін, екінші итті басқа жақтан келе жатқан танкыге
жұмсадым. Ол итіміз де өмірде істер соңғы қатасын істеп, тамақ орнына танкыны
құшақтай қаза тапты.
Кешке дейін Кавказ етегінде жанған танкы саны едәуір болып қалды. Мұның ішінде біздің
еңбек те бар. Көпшілігі, сөз жоқ, зеңбірекшілердің еншісі.
—
Тоғызы біздікі! — дейді, майдандағы еңбек күнін есептеп жүретін Петя.
Бір итіміз хабарсыз кетті. Тегі алыстан келген бір иісті іздеп, бетімен кетті білем. Тағы бір
итімізге қаңғырған оқ тиіп, оқ тиген жерін қауып-қауып қалып, дөңгеленіп барып бір
шытырманға кіргенін көріп едік, қайтып көрінбей қойды. Үлкен бір сұр қаншық бейбіт
шақтың табиғи күшпен әуре болып отыр. Оған қарайтын ет қызуы бар еркек ит
болмағанмен тіршілік аты тіршілік емес пе, айналасына белгілі қылмыңмен қарайды.
—
Қой деймін, майдан үстіндесің!..— дейді оған Петя. Қаншық ондай өсиетті ұғынар
емес.
Бұл тұста біздің, итімізден гөрі немістің танкылары кеп екен. Алды қанша қырылып
жатқанмен арт жақтарынан ағылып келе береді. Грозный жолын бұзып-жарып етуге жан
таласқан танкы лектері түс ауа біздің ту сыртымызға шығып кетті де, зеңбірек төмпешін
енді арт жағымыздан көбірек еститін болдық. Екі жақтың жаяу әскерлері де түйісіп қала
жаздап, айналамызды тулақтай сабап барып басылады.
Достарыңызбен бөлісу: |