2-дәрістің тақырыбы: Қазақ тіліндегі синтаксистік заңдылықтар.
Дәрістің мақсаты: Қазақ тіліндегі синтаксистік заңдылықтар туралы түсіндіру
Қарастырылатын мәселелер:
1.Синтаксистік байланыс, қатынас, құрал
2.Синтаксистік форма, мағына.
Синтаксистік байланыс – сөйлем ішіндегі сөз формаларының арасында, құрмалас сөйлемдегі синтаксистік компоненттер арасында, күрделі синтаксистік тұтастыққа бірігуші сөйлемдер арасында жүзеге асады.
Синтаксистік қатынас – сөздер байланысының негізінде өрбіген жеке сөйлем құрылысындағы ұйымдастырушы тілдік бірліктер. Сөйлем ішіндегі синтаксистік қатынастардың екі типі бар. Біріншісі – предикаттық қатынас. Бұл - сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыштың мағыналық қатынасы, сөйлем құрылысының ең басты тәсілі, сөйлемдегі ойдың лексика-грамматикалық негізі. Екіншісі – предикаттық емес қатынас. Предикаттық емес қатынас анықтауыштық, толықтауыштық және пысықтауыштық мағынадағы сөзтұлғалар арасында болады
Синтаксистік форма деген атау тіл білімінде соңғы уақытта аталып жүр. Тілдің синтаксис ғылымында да өзіне тән қалыптасқан синтаксистік формалар бар екені ғылымда дәлелденді. Мысалы, сөйлем мүшелерінің бес түрінің арнаулы көріну формасы бар: бастауыш атау тұлғада не тәуелдік тұлғада тұрады, баяндауыш етістіктен не есімдерден жасалып, рай, жақ, шақ формасында тұрады, толықтауыш септіктердің формаларын қабылдайды, анықтауыш ілік септік формасында не сын есім я есімше формаларында тұрады, ал пысықтауыш қимылдың сапасын білдіріп, үстеу сөздердің формаларын қабылдайды. Бұлар бұрын морфологиялық формалар деп аталса, ал синтаксис саласында сөз тіркесін не сөйлемнің синтаксистік мағынасын туғызатындықтан, синтаксистік формалар деп аталады.
Ендеше, синтаксистік форма дегеніміз - белгілі синтаксистік единицаларды қалыптастыратын, құрайтын амалдардың көрінісі.
Синтаксистік мағына – грамматикалық абстракция сапасындағы мағына. Ол сөз бен сөздің, синтаксистік единицалардың арасындағы абстрактылы, жалпылық сипаттағы қатынасты білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |