Бақылау сұрақтары:
Сөзтұлға синтаксисі, оның зерттеу нысаны?
Сөзтұлға синтаксисінің қазақ тіл білімінде зерттелуі туралы баяндаңыз.
4-дәрістің тақырыбы: Сөз тіркесінің құрамы мен түрлері, оның өзге бірліктерден айырмашылығы
Дәрістің мақсаты: Еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркестерінің, атаулы, түйдекті, шектеулі тіркестерің ерекшелігін, сөз тіркесінен айырмашылығын түсіндіру, салаласа байланысқан тіркестер туралы түсінік беру.
Қарастырылатын мәселелер:
1.Есімді сөз тіркесі мен етістікті сөз тіркесі.
2.Еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркестері, олардың ерекшелігі.
3.Түйдекті тіркес.
4. Атаулы тіркес.
5. Шектеулі тіркес.
Сөздер синтаксистік топ құрап сөз тіркесі болғанда, олардың құрамына әр алуан сөздер енеді. Ол сөздер түрлі-түрлі морфологиялық тұлғаларда айтылады. Сөздердің ол тұлғалары, лексика-грамматикалық мағыналары тіркесінен сөздердің қарым- қатынасына үйлесімді айтылады. Сөз тіркесінің құрамына өз ара тіркесу қабілеті бар сөздер енеді. Енді бірқатар тіркестер құрамы мызғымайтын берік болады. Мысалы: жүрегі шайлу, қаһарын төгу, тілін тигізу т.б. Бұлардың құрамын өзгертіп айтуға келмейді. Мұндай тіркесті тұрақты тіркестер дейміз. Тұрақты тіркестер өз алдына сөз тіркесі болмайды, тек сөз тіркесінің бір сыңары болады. Осылай құрамын өзгертіп айтуға болатын тіркестерді еркін тіркес дейміз.
Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі әрбір грамматикалық ерекшеліктерге негізделеді. Оның үстіне тіркескен сөздер тобының сапасы бір түрлі болмайды. Екі кейде одан да көп сөздер тіркесіп бір лексикалық түйдек жасайды. Себебі бұлардың әрбір сыңары сөйлемнің өз алдына дербес мүшелері емес, тұтасқан күйінде бір ғана мүше ретінде қызмет атқарады. Әрі ондай бірліктер сөз тіркесі деген категорияға жатпайды, қайта оның бір сыңары болып есептелетін түйдекті тіркестер деп аталады. Олардың негізін жеке сөз таптарының күрделілігі құрайды: Тіркес тек сөйлем құрауға немесе сөз тіркесіне ғана қатысты пайда болмайды, сондай- ақ, лексикалық, грамматикалық тұлғалар тудыру үстінде түйдекті тіркестер пайда болады.
Атаулық тіркестердің алғашқы сатысында сөз тіркесімділік қасиеті болған. Мысалы, тілдегі мал дәрігері, қант қызылшасы сияқты синтаксистік тұлғалар бір қарағанда грамматикалық амалдардан аулақтап кетпеген боп танылады. Бірақ бұлар синтаксистік тіркес сипатынан айрыла бастаған. Мысалы: Биік сүйек төсек жанында дөңгелек столға шынтақтап, оңаша ғана отырған Абайға есіктен кірген самал да жайлы (М.Әуезов). Мұндағы сүйек төсек тұлғасы құрамындағы сөздер синтаксистік қатынастан арылып, тұрақтанып лексикаланған. Әрқайсысы жеке-жеке қолданудан гөрі сөйлемде дайын бүтін ретінде жұмсалған. Кішілеу, шағын үйдің ішіне айнала текемет, түскиіз, түкті кілем ұсталған (М.Әуезов). Бұл сөйлемде сырт тұлғасы жағынан ұқсас түскиіз, түкті кілем сынды тіркестер бар. Алайда бұлардың қолданылуында өзіндік ерекшелік бар. Түскиіз тіркесі екі сөздің бірігуі арқылы бір заттың атауын білдіреді. Ал түкті кілем тіркесі екі сөздің қабысуы нәтижесінде пайда болған жаңа бірлік (атаулық тіркес). Морфологияда бұларды тіркескен түбір деп те тұлғасына қарай бөлінген кездері бар. Атаулық тіркестер жөнінде К.Аханов, Т.Сайрамбаев, М.Балақаев, С.Исаев, Ә.Аблақов сынды ғалымдар өзіндік пікір білдіре алды.
Тіліміздегі тіркестердің ішінде жасалуы жағынан өзіндік заңдылығы бар шектеулі тіркестер деген тілдік топтар бар. Мұндай тіркестер белгілі бір ұғым төңірегіндегі бір сөздің бірнеше сөзбен ғана шектеліп тіркесіп, ұғым құрауынан пайда болады. Мысалы, ауыз омыртқа, бел омыртқа.
Тілімізде толық лексикалық мағынасы бар сөздер тізбегінен тұратын бірқатар тіркестер кездеседі. Зерттеушілер оларды салаласа байланысқан тіркестер немесе сөздердің салалас қатарлары деп атайды. Салаласа байланысқан тіркестерде басыңқы, ұйытқы сыңар болмайды, олардың сыңарлары бір-біріне бағынбай, тең дәрежеде байланысады, сондықтан да олардың орнын алмастыруға болады, бірақ бұдан олардың табиғаты өзгеріп кетпейді. Салаласқан тіркестер де – толық лексикалық мағынасы бар сөздер тізбегінен тұратын тіркестер сыңарлары бірыңғай мәнде, әрі тең дәрежеде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |