Таксономиясы білу, түсіну және қолдану



Pdf көрінісі
бет32/94
Дата05.03.2024
өлшемі2.92 Mb.
#494407
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   94
Абайдың-таксономиясы

мəні ашылады; ə) талаптың маңызы анықталады; б) талап пен 
талап қылушылардың түрлері сипатталады; в) талаптанудың 
шарттары көрсетіледі; г) талаптанудың мақсаты жүйеленеді. 
Осы сипаттамалардың өзегінде білім, білім табудағы мақсаттар, 
білім табушының құзыреттілік сипаттамасы жатады. Ақын білім 
алу, білім табудағы мақсаттар жүйесін, ол мақсаттарға жетудің 
шарттарын, ол мақсаттарға жеткенде білім алушының ойы мен 
бойына қонатын құзыреттілік жайын саралай отырып, негізгі 
ойларының қуатын білім алушының жеке тұлғасына бағыттап 
ашады. Жеке тұлғаның білім алу нəтижесінде қол жеткізген 
немесе қол жеткізетін нəтижелерін саралап келіп, оның 
құзыреттілік сипаттамасын жасайды. Бұл ұлттық білім беру 
жүйесінің тарихы мен теориясында күні бүгінге дейін ешкім 
назар аудармаған, ғылыми зерттеу нысаны болмаған аса ірі 
дидактикалық мəселенің шешімі еді.
Абайдың білім концепциясында негізделген қағидалардың 
бір саласы білу, оқу, үйрену процестерінің иерархиялық жүйесін 
түзеді. Бұл жүйенің бірқатар құрамдастары жоғарыда 
сипатталды. Олардың əуелгісі – талап→ қабылдау.
Абайдың дүние сырын қабылдау адам бойына туа біткен қуат 
көздері арқылы, олардың бірте-бірте жетілуі, кемелденуі 
нəтижесінде жүзеге асатыны туралы қағидасына жоғарыда 
тоқталдық. Ол қағида бойынша, адам білсем екен, көрсем екен 
деген мақсатпен талпынып, талап қылып, «көзбенен көріп, 
құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, 
тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы 
ұнамды қалпымен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, əрнешік өз 
суретіменен көңілге түседі» [2, 219].
Тыстағы дүниеден хабар алатын қуат, Абайдың танымы 
бойынша, бес түрлі: 
•көзбен көру; 


66 
•құлақпен есту; 
•мұрынмен иіскеу; 
•тілмен тату; 
•қолмен ұстап түйсіну. 
Көңілде жақсы нəрсенің суретімен байланысты жақсы əсер, 
жаман нəрсенің суретімен байланысты жаман əсер қалады. Білім 
тиісті ақпарат түрінде осылай қабылданады. Адам бойындағы бес 
сезім арқылы қабылдау нəтижелері көңілде, ақыл-ес кеңістігінде 
өзіндік бай ақпарат əлеміне айналады. Бұл – өзінше бір 
танымдық үдеріс, когнитивтік процесс. Оның өзіндік қуаттары 
бар. Ол қуаттарды Абай жанның жибили қуаттары деп біледі. 
Олар да бесеу: 
•қиялдау қуаты; 
•ойлау қуаты;
•елестету қуаты; 
•есте сақтау қуаты; 
•ескеру қуаты; 
Бұлардың əрқайсысының өзіне тəн қызметі бар. Мысалы, 
қиялдау, ойлау, елестету, есте сақтау қуаттары арқылы тапқан, 
меңгерген өнерді ұдайы тексеру, ескеру қажет. Олай етпеген, «көп 
заман ескермеген адамнан бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, 
қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, 
сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады» [2, 221]. 
Абайдың айтып отырған қағидасының негізінде өмірлік 
тəжірибеден түйген ойлар бар деуге тура келеді. Өйткені белгілі 
бір өнерді меңгерген адам сол өнерін елеусіз қалдырса, уақыт 
өткен сайын ол өнер де бірте-бірте ұмытыла бастайды, енді 
біраздан соң өнерге тəн қасиеттер жойылып, əлгі кісі бойындағы 
өнерін мүлде жоғалтып алады, қайтып өнер жасай алмайды. 
Өмірлік тəжірибеде бар, көзбен көріп, ақылмен білуге болатын 
осы шындыққа пайымды кісілердің əрқайсысының да көзі жетеді. 
Ал ғылыми ойлар жүйесінде мұндай қорытындыға Аристотель 
де, əл-Фараби де келген. Əл-Фараби: «Қайсыбір тұрғыдан 
алғанда аса тамаша жəне өте-мөте абзал қасиеттер болуы мүмкін, 
бірақ оларды елеусіз қалдырып, арнаулы амалдармен ол қасиетті 
дамытпаса, тиісті нəрселермен баулымаса, осының нəтижесінде 
уақытын өткізіп алса, онда ол қасиетті жойып алуға болады» [8, 
129], − дейді. Өз заманының, өз өмірінің шындығына, өмір 


67 
тəжірибесіне сүйене отырып, Абай да осындай пікір түйеді. Абай 
сипаттаған бес сезім жайы да осындай.
Абай сипаттап отырған үдеріс барысында жүзеге асатын 
ерекше екі əрекет бар. Ол – дүниенің көрінген һəм көрінбеген 
сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білу [2, 138]. Бұл жерде ақын 
ұсынып отырған қағида негізіндегі мына екі ұғымға назар аудару 
қажет: а) түгелдеп білу: ə) денелеп білу. Бұл екі ұғым а) бүтіндеп 
білу, ə) бөлшектеп білу деген ұғымдармен сəйкес келеді. Бұл екеуі 
өз кезегінде а) жинақтау, ə) талдау деген ұғымдармен астасады.
Осы орайда Абайдың тағы бірнеше қағидасындағы мəнге 
тереңдеу парыз. Біріншісі – «не көрдің, не есіттің, əрнешік біл-
дің, соны тездікпен ұғып, ұққандықпен тұрмай, арты қайдан 
шығады, алды қайда барады – сол екі жағына ақылды жіберіп 
қарамақ» [2, 221]. Мұның мəнісі өмірдің шындық құбылыс-
тарының арасындағы себеп-салдар сипатындағы қатынастар мен 
байланыстардың сырын біліп, ұғу, түсіну дегенді білдіреді. «Егер 
бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда бермейді» [2, 221]. 
Екіншісі – «бір нəрсені естіп, көріп білдің, хош келді, кəзір соған 
ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден 
ұқсағандары бар ма? Əрнешік сол іске бір келіскен жері бар 
нəрселердің бəрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, 
оқып, бөтеннен хабарланып білмей тыншымау» [2, 221]. Бұл 
қағида адамның бес сезім арқылы өз көңіліне қонған жəне 
қонатын нəрселерді, олардың суреттерін тиісті белгілеріне қарай 
саралап, ортақ белгілері бойынша топтастырып тану дегенді 
білдіреді. Болмыстағы құбылыстар туралы жаңа ақпарат алғанда, 
оны тиісті белгілері бойынша көңілде, есте бұрыннан бар, 
жинақталған ақпараттармен салыстырып, ортақ белгілері мен 
ерекшеліктерін тану негізінде таптастыру – абстрактылы ойлау 
деңгейінде жүзеге асатын іс. Бұл – ақылдың қызметі. Мұның 
өзіне тəн теориясы, методологиясы бар. Үшіншісі – «кімде-кім 
сырттан естіп білу, көріп білу секілді нəрселерді көбейтіп алса, ол 
– көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бəрін 
де бағанағы жиған нəрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай 
етіп, бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз» [2, 219-220]. 
Естіп, көріп білгендерін «сынап, орындысын, орынсызын – бəрін 
де бағанағы жиған нəрселерінен есеп қылып, қарап табу» − ақыл-
дың көп салалы қиялдау, ойлау əрекеттерінің нəтижесі. Бұл 


68 
əрекеттер аясында салыстыру, саралау, сұрыптау, талдау, топ-
тастыру, жинақтау сияқты танымдық ойлау құралдарының 
қызметі айқындалады. 
Абайдың «білгені, көргені көп болған адамның білімді» [2, 
155] екені туралы қағидасында да маңызды мəн бар. Осындағы 
«көп жиғаны бар адам», «білгені, көргені көп болған адам»
ұғымдарының негізінде көп білгені бар, білімі бар адам туралы 
түсінік жатыр. Сырттан «естіп білу», «көріп білу» дегенде білім 
алудың нəтижесі ғана емес, білудің құралы, білудің көзі туралы 
ұғым да қамтылған. Қабылдау, білу, білгенді түсіну жайы 
Абайдың осы қағидаларының аясында нақтылана түседі. Онда 
білуге, білгенді түсінуге қажетті амалдар, тиісті тетіктер (талдау, 
жинақтау) қызметі де маңызды екені көрсетілген. 
Болмыстың көрінген жəне көрінбеген сырларын көңілге 
түгел жайғастырып алу мүмкін емес. Абай: «Алла тағала – 
өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірлəн өлшеусізді 
білуге болмайды» [2, 189], − дейді. Абайдың білім концеп-
циясында көрініс тапқан құбылыстар да шектеулі екені түсінікті, 
бірақ бұл құбылыстар, олардың құрамдастары, олардың өзара 
байланыстары, қызметтері − өз алдына бірбүтін жəне мейлінше 
күрделі жүйе. Олардың əрқайсысының мəнін, қырлары мен 
сырларын, ерекшеліктерін, өзара байланыстарын, қызметтерін 
белгілі бір ұғымдар, теориялық қағидалар, құрылымдық жүйелер 
арқылы түгелдеп, денелеп білу − бірбүтін күрделі болмысты, 
біртұтас жүйені танып-білудің басты жолы, амалы. Біз сипаттап 
отырған бірбүтін күрделі болмыстың біртұтас жүйесі Абайдың 
бір шығармасында емес, бүкіл шығармашылық мұрасында түрлі 
жағдайларға байланысты көрініс тапқан. 
Абайдың білім концепциясында қабылдау, білу, түсіну, есте 
сақтау – иерархиялық жүйедегі танымдық ойлау үдерістерінің 
деңгейлері. Абайдың білім концепциясында танымдық 
үдерістірдің иерархиялық жүйесі мына үлгіде өрнектеледі: 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   94




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет