«Тарихты оқыту әдістемесі» пәнінен оқу-әдістемелік кешені



бет11/20
Дата22.02.2016
өлшемі2.08 Mb.
#81
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20

1-панорамалы сабақ. Мұнда оқушылар XIX ғасырдыңекінші жартысындағы мәдениет дамуының жалпы бағыттарымен танысады. Сабақтың барысында тірек сигналдар мен логикалық сызба үлгісінде жасалған құрылымдық сызбаның орталық бөлігі толтырылады. Мұғалім оқушыларға баяндамалар мен рефераттар дайындау үшін тақырыптарды бөліп береді.

2-сабақ. Орыстың демократиялық мәдениетінің ықпалын, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын ашып көрсетуге және Ресейдің азаттық қозғалысының Қазақстандағы өкілдеріне арналады. Оқушылар әсер етуші факторларды толтыруға кіріседі, берілген нақты материалды талдайды, оқытылып жатқан тақырыптағы мәселелерді анықтауға кіріседі.

Екі оқушы «Шоқан Уәлихановтың өмір тарихы», «Ұлы Шоқанның мұрасы» тақы-рыптары бойынша баяндамалар жасайды.

3-сабақта халыққа білім беру мен әдебиет мәселелерін оқып үйренеміз; сыртқы факторлар мен мәселелерді анықтауды жалғастырамыз, Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев туралы хабарлар тыңдаймыз.

4-сабақ. Өнер мен музыкалық мәдениетке арналады. Сабақта мәселелік тапсырмалар бойынша жұмыс жүргізіледі, құрылымдық сызба толтырылады, бүкіл тақырып бойынша берілген нақты материал талданады.

5-сабақ рефераттарды қорғау, құрылымдық сызбаларды толтыру жұмысын аяқтау, мәселелерді шешуге арналады.

Жаңа материалды оқу барысында тұтас жүйені пайдалану үшін оның мазмұнын білімнің тұтас жүйесін меңгеруге көмектесетіндей етіп қайта құру керек. Бұған мынандай екі бағытпен жетуге болады.



Бірінші бағыт – толық жүйені қарастыра отырып, оның құрылымын, яғни жүйенің жеке бөлшектерін, олардың өзара байланыстарын қарастыру.

Екінші бағыт – құрылымның бөлшектерін қарастыра және талдай келе тұтас жүйе объектісінің ерекшелікеріне сәйкес келетін білімдер жүйесіне біріктіру. Бұл бағыт (жол) бойынша білім жүйесін оқыту сызбасы – барлық байланыстар мен қатынастарды қамтитын бөлшектер жүйесі – ең жоғарғы жүйе.

Біз әңгіме етіп отырған тақырып бірінші бағытпен оқытылады. Алдымен оқытылатын объект күрделі жүйе болғандықтан оған жалпы ғылыми-теориялық сипаттама беріледі. Оны талдай келе оқушылар сипаттамаларды жүйенің жеке бөлшектеріне бөледі. Осы жұмыс барысында оқушылар әр түрлі әдіс, тәсілдердің көмегімен оқулықпен, анықтамалармен, кестелермен, көрнекі құралдармен, т.б. жұмыс істейді яғни ауызша баяндау, басқа да құралды қолданумен ұштасады.

Материалды баяндау итегралды болады, демек тұтас жүйені қамтитын оқулық мәтіні (5 параграф) негізгі қағидаларды түгел қамтиды. Осы тақырыптың соңғы сабағы оқушылардың осы жүйенің мәніне тереңірек бойлап, оның жеке бөлшектерін талдауға, олардың арасындағы байланыстарды түсінуге мүмкіндік береді. Бұл жүйенің құрылымын оқушылар анық дайындалған танымдық, тәжірбиелік тапсырмалар бойынша өздігінше орындай алады. Меңгерілген білімді, біліктер мен дағдыларды тексеру, бақылау жүргізіледі, жұмыс қорытындыланады, оның барысында жүйенің аса маңызды ерекшеліктері жинақталады, бірақ та ол алғашқы дәрежеде жүргізіледі, жүйенің ең жоғарғы иерархиялық сатысында өтеді.

Мұғалімнің міндеті тек қана білімді хабарлап, түсіндіріп қою емес, сонымен қатар меңгерту үрдісі мен оқушылардың оқу қызметін басқару. Ал оқушылардың міндеті жүйелі білімді меңгеру, оны игерудің, жетілдірудің, сақтау мен қолданудың тәсілдерін игеру, жеке тұлғаға қажетті сапаларды қалыптастыру. Оқыту үрдісінің қашан да мұғалімнің тақырыптың оқу-танымдық міндеттерін қоюдан, олардың оқушылардың қабылдауын ұйымдастырудан басталатыны белгілі.



2.Оқушылаға тарихи құбылыстарды тудырудағы әдістер. Тарихты оқыту әдістемесіндегі тарихи құбылыстарды тудыру.Тарихи білім берудің ең басты элементі – ол білім.Білім адамзаттың әлеуметтік тәжірибесін жинақтаған тарих саласындағы мәлімет, танымдардан құралады. Білім қоғамның дамуы туралы ғылыми түсінік қалыптастырады, тарихи шындық және адамзаттың оған қол жеткізу жолдары туралы дүниетанымды негіздейді.

Тарихи білімнің құрылымы тарих ғылымының өзін танудан басталады. Оқу мазмұны мыналар: ғылымның мазмұны, тарихи материал мен теориялық және әдістемелік (ғылыми танымның түрлері мен әдістері құрылымның қағидалары туралы ғылым) негіздерімен жұмыс жасай алу. Оқу процесінде оқушылар дерек, құбылыс, оқиға, процес сияқты санаттарды қолдану арқылы тарихи білім элементтерін игереді.

Дерек деген сөз латын тілінен аударылғанда «жасалынған, іске асқан» деген ұғымды білдіреді.М.горький «дерек үйретеді, тәрбиелейді» деген. Тарихта дерек нақты жағдайдың, тарихи шындықтың фрагменті ретінде қарастырылады. Мысалы: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлт-азаттық қозғалыстың жеке дерегі.

Деректерді маңыздылығына қарай негізгі және қосалқы деп бөлуге болады. Мысалы: Ұлы Отан соғысы – негізгі, Курск шайқасы – қосалқы дерек.

Оқиға дегеніміз жалғыз-жарым дерек. Оған Аңырақай шайқасы, Кенесары көтерілісін жатқызуға болады.Бұл оқиғалар нақты жағдайда нақты адамдардың қатысуымен белгілі бір уақыт пен кеңістіктің шегінде болған. Осындай жекелеген қайталанбайтын оқиғаларды оқып үйрену оқушылардың тұрпатты құбылыстарды түсінуіне көмектеседі.

Құбылыс деп нақты дерекке қатыссыз, орыны, қатысушылары уақыты көрсе-тілмеген жалпы ұғымдарды (революция, көтеріліс) айтамыз. Бұл жағдайда революция – қоғамдық дамудың сапалық өзгерісі, ал көтеріліс - бұқараның қаоулу бас көтеруі. Тарихи құбылыстар белгілі бір тарихи кезеңнің немесе дәуірге тән сипатты белгілерін танытады.

Мектеп оқушыларына тарихи танымдарды насихаттау, отан сүйгіштік тәрбие беруде «Ел-елдің бәрі жаксы, өз елің бәрінен жақсы» екенін, кұлыны тайдай, қыздары айдай көрінетін жер қадірін, ел қадірін сездіру тарих білімдерін меңгерту мен тығыз байланысты. Бала тәрбиесі қай заманда, қай қоғам процесінде болсын үздіксіз ізденуде ізгі мұрат екені баршаға аян. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам камын ойлаумен бала бойында үнемі үйретілетін ізеттілік, қайырымдылык, әдептілік, елін-жерін сүюшілік асыл қасиеттерден бастау алатыны белгілі. Елдік қасиеттер аспаннан түспейді, жоқтан жаралмайды. Өзі туған топырақпен, ана сүтімен ұйыған елжандылық арнасында өскен ортасы мен азаматы ретінде қалыптастырған қоғамы дарытар терең де, текті дүниетаным негізінде ғана бітеді. Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев «Казақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінде: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз - қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу» - деп маңызды міндеттердің бірі ретінде алға тартуының сырын содан іздеген жөн. Қазақ халқы «Отан» деген ұғымды бала бойына ерте бастан сіңіруге тырысқан. Мұны ең алдымен туған жер, атамекен, ел, жұрт деген ұғымдармен барынша кеңінен байланыстырған. Сондықтан да болар, соншама кең далада өмір сүрсе де, ата-бабаларымыз үшін «Атамекен, туған жер» ұғымы - әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Бұл қасиеттер ұрпак бойына оқумен, біліммен, үйренумен,талпынумен бітеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей үрпағын өз халқының патриоты етіп тәрбиелеу - қай халықтың болса да тәрбиелеу жүйесінің негізгі талаптарының бірі. Ал біздің халқымызда бұл талап әрдайым жоғары болған.

3.Тарихи кеңістікпен уақыттағы, өткен практикалар жөніндегі құбылыстарды тудыру жолдары. Ғылымда тарихи түсініктің үш түрі белгілі. Олар өткен кезең туралы түсініктер (материалдық, әлеуметгік-саяси, адамдардың тарихи-мәдени өмірі және т.б.); тарихи уақыт туралы (тарихи оқиғалар мен кұбылыстың ұзақтығы, бірізділігі); тарихи кеңістік туралы. (оқиғаның нақты әрекет ету орнына тәуелділігі). Бұл түсініктердің бірлігі оқушының тарихи танымына негіз қалайды.

Егер оқушы оқу материалын нақты түсінікке негіздемей игеретін болса, бұл оқытудағы вербализмге ("вербалис" (лат) – ауызша, ауыз екі) соқтырады. Сөз жүзінде оқыту кезінде тарихи деректср, жалаң баяндалып, оның маңызы, адамдардың тағдырына ықпалы назардан тыс қалып, оқушыны қызықтырмайды.



Ұғым. Тарихи ұғым деректерді түсіндіру мен жүйелеуде, басқа ұғымдарды қорытуда аса қажет. Жетекші ұғымдардың мазмұнын нақтылап және кеңейту нәтижесі біртіндеп іске асқаны орьнды. Бір сабақтан келесі сабаққа өткенде ұғымдардың жаңа қыры ашылып, оның басқа ұғымдардан ерекшелігі, олармен байланысы айқыңдала түседі.

Ұғамдар белгілі бір сабақтастықты сақтау арқылы игеріледі. Олар: көрнекі түсінік — бастапқы ұғымға; қарапайымнан – күрделіге көрнекі материалдың көмегін қажет ететін ұғымнан бірнеше ұғымдардың көмегімен қалыптасатын ұғымға ұласуы тиіс. Тарихи ұғым қалыптастыру тәсілдеріне тарихи картина мазмұнының бейнелеу, деректермен оқиғаны талдау, сюжетті, әңгімені оқушының практикалық әрекеті (сурет салу, макет, пластелин мен жұмыс) жатады.Мысалы, оқушылар бастауыш сыныптарда соқаның макетімен танысады.Оқушылар соқаның жер өңдеу құралы екендігін біледі.Мұғалім оларға соқаның сұлбалық суретін салуды ұсынады. Кейін оқушылардың соқадан өзге де еңбер құралыдары болатындығына көзі жетеді. Жас балаларға еңбек құралы деген ұғым өте ауыр, бұл ұғым орта сыныптарда кеңейте түседі. Сонымен оқушы түсініктен ұғымға дейін мынадай таным жолынан өтеді. Соқа –жер өңдейтін еңбек құралы.

Тарихтың оқу пәні ретіндегі ерекшелігі сол, бұл пәннен оқушыларға білім бергенде мәнерлі сөздің рөлі орасан зор. Мұғалімнің әсерлі, қызғылықты әңгімесі оқушының өткеңдегінің жарқын бейнесін ойша көз алдына елестетуіне, оқу материалын айқын бейнелі түсінік қалыптасқанға дейінгі дәрежеде нақтылай түсуіне, сондай-ақ, тәрбиелеу міндетін шешу үшін аса қажетті болатын, оқушыға эмоциялық әсер етуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Материалдарды ауызша баяндау кезіңде мұғалім пікір алысудың және тарихи оқиғалардың өзара байланысын түсіңдірудің үлгісін көрсетіп береді. Материалдарды ауызша баяндау кезінде материалды нақтылай түсудің төмендегідей әдістері қолданылады:


  • айқын эпизодтар келтірілетін суретті әңгіме (мысалы: сақтардың тұрмысы туралы);

  • оқушыларға ойша өте ерте замаңдардағыны көз алдына келтіріп, соған «қатысушы ретінде сезіндіретін өткендегіге саяхат» түріндегіге әңгіме (мы-салы: тарихи - мәдени сәулет ескерткіштері жөніндегі әңгіме):

  • тарихи оқиғалар мен құбылыстарды байланыстыру әдісі, бұл жағдайда типтік фактілер тарихи адамның тағдыры арқылы көрсетіледі (мысалы, XVIII ғасырдағы Кіші жүздің Ресейдің қол астына кіруі женіндегі документті ма-териалға кұрылған әңгіме);

  • тарихи оқиғалар мен құбылыстарды драмалы әңгіме ретінде айтып беру әдісі, бұл жағдайда типтік фактілер бірнеше тарихи адамдардын немесе ойдан шығарылған адамдардың қақтығысуы арқылы беріледі (мысалы, XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ батырларының ерлігін баяндау);

  • әңгімеге қызықты детальдар мен тәптіштеп суреттеуді енгізу, бұл ба-яндалып отырған окиғалар мен құбылыстарды нақты етеді және оларды «жа-қындата» түседі (Моңғолдардың Отырарды жаулап алудағы айлакерлігі мен қатыгездігі жөніндегі фактілер).

Бұл әдістердің тиімділігі - оқушының қиялдау мен сақтау кабілетіне күшті әсер етеді. Оқушылар айтылғанды есте жақсы сақтап қалады, тіпті біраз уақыт өткеннен кейінгі кезде де мұғалімнің әңгімесіне енгізілген типтік диалогтарды, өмірбаяндық мәліметтерді, кызықты детальдарды қайталап айтып бере алады.
Бекету сұрақтары:

1.Тарихи құбылыстарды елестетудің түрлерін айтыңыз?

2. Тарихи білімнің қалыптасуының кезеңдері қалай жүзеге асады?

3. Оқушылаға тарихи құбылыстарды тудырудағы әдістерді атаңыз?

4. Тарихи кеңістікпен уақыттағы құбылыстарды тудыру жолдары қандай?
Әдебиет:

1. Шаймерденова К.Ш. Қазіргі сабақ және өзекті мәселелері. А., 1990

2. Тұрлдығұлов Т. Тарих сабағын жетілдіру жолдары. А., 1984

3. Ө.И.Исенов .Академик М.Қозыбаевтың ғылыми еңбектеріндегі тарих пен тағдыр, қоғам ұлт мәселелері /50-80 жылдары/.//"М. Қозыбаев және Қазақстанның тарихи ғылымы" атты сұқбат материалдарының жинағы. А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ. Қостанай 2002. 29-33 бб.


6 Дәріс Тарихи түсініктердің қалыптасуы.

Негізгі түсініктер: термин; тарихи түсініктер; жалпы тарихи түсініктер; дара тарихи түсініктер; әлеуметтану түсініктері.

Мақсаты: Білім алу процессінде тарихи түсініктердің қалыптасуының мағынасын көр-сету. Тарихи түсініктердің мәнін, ұғымын ашып, толық түсіндіру;Түсініктердің әр түр-лері тобын қарастыру.
Жоспар:

1. Тарихи түсініктердің қалыптасуының әдістемелік аспектілері.

2. Тарихи түсініктерді топтау

3. Тарихи түсініктерді анықтаудағы тәсілдер мен жағдайлар.


1. Тарихи түсініктердің қалыптасуының әдістемелік аспектілері. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан тарихы ғылымының дамуы түрлі ғылыми терең маңызы бар мәселелердің еркін зерттелуіне өте қолайлы жағдай туғызып отыр. Енді бұдан былай ғылымның барлық мәслелері объективті, саяси сұраныстан азат жағдайда зерттеліп, бұрмаланбаған тарих жазылуы тиіс. Зерттеудің негізгі әдістік принципі ретінде ақиқаттың тұруы шарт.

Көшпелілер өркениеті тарихындағы зерттелетін мәселелер әлі шексіз. Әсіресе тарихнамалық және деректану саласына сәйкес, қазақ қоғамындағы шежіре институтының және қазақ шежіресінің жазба дәстүрі зерттелуінің қажеттілігі ерекше маңызды. Бүгінгі күні бұл ғылыми мәселе эмпирикалық материалдардың көптеп жинақталып, толығуымен белгілі болып отыр. Ендігі міндет-осы жиналған материалдардың барлығын ғылыми тұрғыдан зерттеп, талдау.

Курстың мақсаты тарих шын мәніндегі ғылыми мағынаға қоғамдық ғылымдардағы әр түрлі көзқарастар мен бағыттардың арсындағы бәсекелестік пен пікірталас тарихын, адамзат қоғамындағы білімнің жинақталу процесін, бұрын белгісіз деректерді ғылыми айналымға енгізу тарихын, тарихи-таным әдістемесінің дамуын терең әрі жан-жақты зерттеу. Бүгінгі таңда тарихқа жаңа көзқарасты қалыптастыру. Қазақстан тарихы бойынша көптеген еңбектер жариялап, ғылыми жұмыстардың ауқымы кеңейте түсуде.

2. Тарихи түсініктерді топтау. Түсінік. Оқып үйренген деректердің негізіңде оқушы санасында белігілі бір тарихи ұғымдар жүйесінің нақты түсінігі қалыптасады. К.Д.Ушинский оқушыларды алаңдатуды емес, нақты бейнелікке, көрнекілікке негізделген түсінік қалыптастыруды ұсынады. Оқушының санасында дұрыс, толық түсінік қалыптастыру үшін бейне картинаны көрсетіп, оны ауызша түсіндіру жеткіліксіз. Оған қоса ол ұғымды нақтылап, бекітуге көмектесетін әдістерді қолдану керек. Ондай әдістердің қатарында бейнелеу, суретін салу немесе нысанды кескіндемелік тұрғыдан қайта жаңғыртуды атауға болады.

Дәуірге тән бейне қалыптастыру әсіресе орта буын оқушылары үшін аса қажет. Бұл жерде тарихи картиналар мен образдар сияқты білім элементтері негізінде пайда болған қиял тарихи ұғым қалыптастыруымызға ұласатын болғандықтан оны түсінікті етіп, барынша тәптіштеуге тура келеді. Ондай болмаған жағдайда оқушылар өткен шақты бүгінмен шатастырады да олардың жауаптарында мынадай қате сөйлемдер кездесуі мүмкін: Түрік қағанатында құлдардың жағдайы ауыр болды, олар жыртық джинсимен жүрді, нсмесе шет ел елшілерін күткен Абылайханның дастарқаны молшылықтан майысып тұрды, онда конфеттер мен шоколадтар өте көп болды.

3. Тарихи түсініктерді анықтаудағы тәсілдер мен жағдайлар. Ауызша тарихнамаға пікір.Тарих өткен өмірді сөз еткенімен бүгінгі және болашакка кызмет етеді. Кез-келген тарихи танымның өзегінде белгілі бір ұлттын, тайпанын, рудын, тіптен жеке адамнын өмір тәжірибесі, мақсат-мұраты, моральдық-этикалық нормалары жатады. Түптеп келгенде, тарих дегеніміздің өзі өмір танудың, қоғам танудың, адам танудың ұлы мектебі. Осы орайда, жалпы шежіре тарату дәстүрі, оның ішінде қазақтық далалық ауызша тарихнамасы (ДАТ) тарихи танымның елеулі бір арнасы болып табыладытынын түсіндірудің оқушы ұғымына сай қарапайым мысалмен жеткізу тәсілдерінің жолдарын қарастыруымыз шарт.

Евразия көшпелілері сөз болғанда олардың көшпелі өмір салтынан да бұрын, сол өмір салт дүниеге әкелген төлтума мәдениетінен де бұрын, алдымен адамзат тарихының қозғаушы күші болғанына назар аудару керек. Материалдық және рухани мәдениеттің халықтар арасындағы ауыс-түйістігі адамзат өркениетінің бірден-бір кепілі болса, осынау тарихи қажеттіліктің бірінші арба-кеші көшпелілер еді. Күні бүгінге дейін Алтай мен Карпат арасында тарыдай шашылған Скиф қорғандарынан Мысырдың (Египет), Грекияның, Иранның, Ассирияның, Урартудың, Қытайдың, Үндінің өнері мен тұрмыстық заттарының ұшырасуы тегін емес. Қос құрлықты кектей соған сай келетін материалдық және рухани игіліктер қалыптастыру, түптеп келгенде төлтума (самобытный) мәдениетін орнықтыру. Мейлінше аз күш жұмсау арқылы мол өнім алатын мал шаруашылыгы, Л. Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, "әрі қарай шыңдауға көнбейтін биікке көтерілді". Әрине, шыңдалған тек қана шаруашылығы емес еді. Ең алдымен, шыңдалған "адам сапасы" болатын. Кез келген өркениетті қоғамның түпкі нәтижесі сол қоғамдағы адам сапасымен анықталатын болса, көшпелілердің қабілет-күші мен ақыл-парасатының өзара үндесе кемелденуі, сөз жоқ, сол ортадағы өмір салттың әбден реттеле орнығуының нәтижесі еді.

Көшпелілердің осы қасиетін байырғы жиһан кездерден бастап, бүгінгі этнологтарға дейін, барлығы да бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай тамсана мойындайды. Алайда, көшпелілер қоғамындагы адам сапасының тарихи-әлеуметтік сыр-себебі, қоғамдық тетігі арнайы зерттеудің объектісі болған емес. Расыңда, мал шаруашылығын әрі қарай шыңдауға көнбейтін биікке көтерген коғамда, аз күш жұмсау арқылы мол өнім алатын қоғамда, бақташылықпен санаулысы айналысып, ал адамдардың басым көпшілігі, Шоқан айтқандай "мұңсыз-қамсыз" ғұмыр кешкен қоғамда қалайша жүгенсіздік (анархия) бел алып кетпеген? Қалайша азаттығы - алаңғасарлыққа, еркіндігі-егесуге ұласып кетпеген? Қалайша далалықтардың арасында өлім жазасы, тән жазасы, абақтысы болмаған? Қалайша мыңдаған шақырымдық байтақ далаға қанат жайған көшпелілер өздерінік этномәдени тұтастығын сақтай білді? Неге әрбір көшпелі өзінің дәулет мұрасын "өкше басар ұрпағы"- іштен шыққан балалары мен "бөлінбеген еншісі бар"- үйіне келетін қонағына тек бөліп қалдырады? Неге сал-серілерін төбесіне шығарып еркелетеді? Неге домбырасынан басқа дымы жоқ ақын-жырау ханына қасқайып карсы келіп, қабырғасын сөккендей етіп сыл айтады? Неге көшпелілер қоғамындағы адамдар тек қана өздерінің қабілетіне орай еңбек етіп, тірлік жасайды? Неге адам мен қоғам тағдырын шешетін бас тұлға — билер сайланып қойылмай, халық арасынан сұрыпталып шығады? Ең сонында, неге әрбір көшпелі өзінін жеті атасына дейін біліп, жеті атаға дейін қыз алыспайды?...– деген сұрақтардың жауабын ұғындыру тарих мұғалімінің тәлімгерлік шеберлігін қажает етеді.

Міне, көшпелілер мәдениеті, көшпелілер болмысы, көшпелілер феномені деген мәселеге осы сияқты қасиеттерді танып-түсінгенде ғана өзінің сыр-себебін ашуға тиіс. Алайда, бір шындыққа күмәнсіз дем қоюға болады. Ол - көшпелілер қоғамы үшін ғасырлар сынынан өткен салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының сол қоғам өмірін реттеуде, үйлестіруде ұлы міндет атқарғандығы. Түптеп келгенде, кез келген қоғамның, кез келген ұлттың мәдени рухани өресі салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың орнықтылығымен өлшенуге тиіс. Бұл орайда, көшпелілердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары ұдайы қоғам мүддесімен үндесіп, ұдайы өмір салтты шындауға қызмет етіп отырғандығын көреміз. Міне, қазақтың шежірешілдігі мен тарихи санасының сергектігін осы қасиеттердің аясын оқушыларға танымтыруға болады.

Теңізшінің қолындағы компас сияқты қажеттілік болған. Сары даланы шежірешілдік көшпелі қоғамдағы әрбір қазақ үшін өмір сахынасы етіп, ат үстінде айшылық жерге сапар шегетін қазақтың жолшыбай ұшырасқан адаммен туысындай шұрқырасып табысып, жолшыбай кездескен ауылға өз үйіндей еркінсіп түсуі, ең алдымен сол далада тіршілік құрудың кепілі болған. Сондықтан да, бұл далада адам жатсынбау, бауырмал болу — көшпелі өмір салттың бұлжымас заңына, бұзылмас әдет-ғұрпына айналған. Мұндай әдет-ғұрыпсыз осынау байтақ даланы игеріп, тіршілік құру мүмкін емес еді. Мұның сыртыңда, жаңағы жапан түзде кездейсоқ ұшырасып, шұрқырап табысатын адамы шынында да туысы болып шығатыны, жолшыбай кездескен ауылдың шынында да сүйек-шатыс болып шағатыны рас. "Қарға тамырлы қазақ" дейтін тұрақты сөз тіркесінің мәні сонда.

Осы орайда: "Сонда қалай, тұтас бір ұлттың адамдары бір әулет сияқты өзара қандас туыс болғаны ма?!" деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Дәл солай! Бір ғажабы бұл әрісі көшпелілердің, берісі қазақ ұлтының ғана бойына біткен ерекше қасиет емес. Мұндай қасиет дүние жүзіндегі үлкенді-кішілі ұлттар мен ұлыстардың баршасына тән. Себебі, кез келген ұлттың өмірінде ұдайы этнобиологиялық тұтастану процесі тоқтаусыз жүріп жатады. Тек, бұл процеске көптеген ұлттар мән бермейді немесе отырықшылыққа байланысты этноинтеграциялық процесс шын мәнінде солғын өтеді. Ал, көшпелілер арасында экстенсивті мал шаруашылығына байланысты этноинтеграциялық процесс мейлінше қарқыңды өтеді және ол процесті әрбір көшпелі қалысыз есіне сақтайды. Міне, көшпелілердің тарихи санасының сергектігінің сыры осында. Көшпелілердің, бәрісі қазақтың елден ерек шежіреші болуының сыры неде? Ол шежірешілдігі кандай қажеттіліктен туған? деген сұрақтардың жауабын ұғындыру тарих мұғалімінің тәлімгерлік шеберлігін қажает етеді.

Қазақтың жеті аталық үрдісін тек қана жеті буын ұрпақта есте сақтай білу, одан әрі қыз алысып, қыз берісу деп жалан түсінуге болмайды. Жеті аталық үрдістен туындайтын қандастық мың-сан жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, моральдық-этикалык нормалар түрінде ұлттық өмір салттың төл-тумалығын орнықтырып отырған. Мұны туысқан аралық қарым-қатынас нормаларынан айқын аңғаруға болады. Біздін бұл шағын еңбегіміз қазақтың туысқан аралык қарым-қатынас нормаларын тәптіштеп жазуды көтермейді. Ол өз алдына бөлек, арналы әңгіме. Сондықтан, туыстық атауларды көктей шолып өтумен ғана шектелеміз. Бұл орайда, қазақ арасындағы туыстық атаулардын молдығы мен қазақ шежірешілдігінің арасында тікелей байланыстың бар екенін атап өткен жөн. Шежірешілдік — құрғақ хронологиясы немесе адам аттарының жалаң тізімі емес. Қазақ шежіресінің тарихи айқындамасы туыстық байланыстарды саралауға негізделген. Демек, туыстық атауларды белгілі дәрежеде шежірелік термин деуге болады.

(ДАТ), біріншіден, ұзақ есте сақталуына, екіншіден , өзара жалғастыру мүмкіндігінің молдығына байланысты көп өзгеріске ұшырамауына, үшіншіден, субъективизмге ұрынбауына, яғни өтіріктің айтылмауына себепші болып отырған. Бұл жөнінде Шокан Уәлиханов былай дейді: "Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да еткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе елен-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай кайталанатынын кайтерсіз. Көшпенді сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық",- деген сөздерін оқушылар санасына беру арқылы, тарихты ауызша айту дәстүрімен таныстырамыз.

Қорыта келгенде, ғылымда тарихи түсініктің үш түрі белгілі. Олар өткен кезең туралы түсініктер (материалдық, әлеуметгік-саяси, адамдардың тарихи-мәдени өмірі және т.б.); тарихи уақыт туралы (тарихи оқиғалар мен кұбылыстың ұзақтығы, бірізділігі); тарихи кеңістік туралы. (оқиғаның нақты әрекет ету орнына тәуелділігі). Бұл түсініктердің бірлігі оқушының тарихи танымына негіз қалайды. Тарихи ұғым деректерді түсіндіру мен жүйелеуде, басқа ұғымдарды қорытуда аса қажет. Жетекші ұғымдардың мазмұнын нақтылап және кеңейту нәтижесі біртіндеп іске асқаны орынды. Бір сабақтан келесі сабаққа өткенде ұғымдардың жаңа қыры ашылып, оның басқа ұғымдардан ерекшелігі, олармен байланысы айқыңдала түседі.

Ұғамдар белгілі бір сабақтастықты сақтау арқылы игеріледі. Далалық ауызша тарихнама дәстүрінің арқасында халықтың тарихи жады мейлінше көне заман естеліктерін әлі күнге есте сақтап отыр. Қазақ тілінде күні бүгінге дейін "әлім-сақтан бері", "сақпанның оғындай", "бесенеден белгілі" деп айтылып тұрақты сөз тіркестері бар. Осынау атаулардың мағынасы Евразия даласында әрісі үш мың жыл бұрын, берісі мың жыл бұрын өмір сүрген сақ, дай (адай, әлім), печенег сияқты ру-тайпалармен тікелей байланысты екеніне күмән жоқ.

Бұл орайда шежіре пәні қазақ тарихының бас оқулығы ретінде Республикада оқу орындарының бәрінде оқытылуы шарт деген пікір білдірушілерде бар. Сонымен бірге ілгері дамудың кепілі болып та саналатын тұжырым оқушылардың санасына берілу керек. Ал оны жеткізу оқытушылардың шығармашылық дағдыларын шеберлігін қажет етеді.
Бекету сұрақтары:

1. Тарихи түсініктердің қалыптасуының әдістемелік аспектілері қандай?

2. Тарихи түсініктерді қалай топтауға болады.

3. Тарихи түсініктерді анықтаудағы тәсілдер мен жағдайлартуралы не білесіз?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет