Тәкен әлімқҰлов шығармаларындағЫ Ұлттық психологизм


Т.Әлімқұлов шығармаларында психологизмнің зерттелуі



бет5/12
Дата08.11.2023
өлшемі153.56 Kb.
#482645
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Тәкен

1.2 Т.Әлімқұлов шығармаларында психологизмнің зерттелуі


Тәкен Әлімқұлов (Тәңірберген) (22.11.1918, Созақ ауданы, Бабата ауылы – 13.4.1987, Алматы) – ақын, жазушы, әдебиет сыншысы. Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген (1953). 1936 – 1945 жылдары Шымкент қорғасын зауытында, Донецк облысында жұмыс істеді. 1945 – 1974 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарды. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыспен айналысты. Шығармалары 1945 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» 1950 жылы жарық көрді. «Жазғы жаңбыр» (1964), «Қаратау өрнектері», «Туған ауылда» (1968), «Боз жорға» (1969), «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973, 1990), «Шежірелі сахара» (1976), «Көкек айы» (1982) атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Ақ боз ат» (1962, орыс тілінде 1968), «Тұлпардың тағдыры» (1975), «Ел мен жер» (1978), «Замана екпіні» (1982) романдары шықты. Жазушы шығармаларының негізгі тақырыбы ауыл тіршілігі, адам тағдыры, өнер қайраткерлерінің өмірі. Абай Құнанбаев туралы «Жұмбақ жан» (1978) атты зерттеу еңбегін жазды. «Өткен мен қазіргі» (1958), «Көк қаршыға» (1972), «Бар өмір алда» (1974), «Сырлы наз» (1984) кітаптары орыс тілінде жарық көрді. М.Ю. Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасын (1951), П.Павленконың «Бақыт» (1950), Г.Николаеваның «Орақ үстінде» (1952) романдарын, Э.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін, сондай-ақ А.С. Пушкиннің, В.В. Маяковскийдің, Г.Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Халықтар достығы орденімен марапатталған. С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов тәрізді аға буын өкілдері бүгінгі әдебиетіміздің даму қарқынын бажайлай отырып, қаламдарының қарқынды қуаттары арқылы әлі де алдыңғы қатардан көрініп келе жатқандарыны айдан анық.
Олардың ізін басушылар Ж.Дәдебаев, Б.Кәрібаева, С.Негимов, Т.Жұртбаев, Б.Ыбырайымұлы, Т.Тебегенов, Қ.Ергөбек, У.Қа­лижанов, Қ.Әбдезұлы, С.Әбдірахманов, З.Бисенғали, А.Ісмақова, Г.Пірәлиева, Г.Орда, Д.Қамзабекұлы және тағы басқалары бірігіп, қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі қалыбын қалыптастырып отыр.
Бұлардың әрқайсысының ғылыми шығар­машылықтары жинақтай сөз етуді қажетсінетін деңгейге де жетіп қалғаны байқалады. Ғалымдар көптеген қазақ прозашыларының шығармаларын талдау нысаны ретінде алғаны мәлім.
Отыз жыл бойына үзілмей, сыны бұзылмай қаламының ұшынан қалып қоймай, үнемі ілесіп келе жатқан бір меншікті тақырыбы бар ғалымдардың бірі де бірегейі Қансейіт Әбдезұлы.
Әдебиетіміз адамдардың ішкі жанталасынан, ішкі драматизмнен уақыт сырын ашуға жетіліп келеді. Осындай ретте, жазушы Тәкен Әлімқұловтың әңгімелері қызғылықты. Әлімқұлов — прозаик әуелден-ақ адам жүрегіндегі драманы ашуға, сол арқылы қоғамды, уақытты аңғаруға ұмтылатын. Талантты жазушының «Ақбоз ат» атты алғашқы романында осы мінез бой көрсеткен. Оның да қаһарманы — өте ізденімпаз, жаны жай таппайтын мазасыз жан. Елеусіздің сондай елгезектігі, арпалыс мінездер арқылы автор біздің тұсымыздың біраз реалистік картиналарын жасаған. Алайда, Елеусіз ештеңені місе тұтпайтын, ештеңені қанағат қылмайтын, сондықтан да ол ештеңені түбегейлі зерттеп, түбегейлі танымаған. Қаһарманның жан дүниесіндегі осы сырғанақтық романның әлі тиянақталмаған, айтар-ұғындырары әбден сараланбаған кейіп танытады. Оның кейінгі әңгімелері Әлімқұловтың ізденімпаз елгезек талантының кристалдай мөлдір де мығым кейіп тапқанын танытады. Сырт қараған адамға жазушы архивтердің сарғайған беттерін ақтарып кеткен сияқты көрінуі де мүмкін. Ал шын мәніне келсек, Тәкен Әлімқұлов қазіргі оқушының жан күйін, оның сезім сергектігін жіті таныған суреткерлердің бірі. Ол өз творчествосын осындай рухани ересек, көкірегінде көзі баp оқушыға арнайды. Ол оқушының алдына бүгінгі күннің проблемасын көрсетіп қоя салмайды. Тіпті дағдылы тартыс та елес бермейді. Бірақ Әлімқұлов әңгімелерінің қаһармандарының cap жайлау, самал жел төскейдегі, көк балаусалы көл жағасындағы бейқам тірлігінің өзі неткен драма; әр сәті, әр сағаты, тамырының әр бүлкілі ұшқын атып, от шарпып жатқан жоқ па? Бұл — суреткер жаны. Суреткер, Әлімқұловтың көрсетуінше, осындай бір сағат тағат таппайтын ләззат пен азап толқыны алма-кезек шарпыған, аумалы-төкпелі тұңғиық құбылысқа, рухани сергектікке, азаматтық белсенділікке толы жан. Оның бір күннен — бүкіл өмірі, бүкіл заман дидары көрініп тұратындай; мұндай нағыз жиылған мол әсер, мол пікір, тынымсыз арпалыс бұрын елден ерек жандарға, кемел суреткерлерге тән болса, қазір біздің тұсымыздың әрбір адамына тән. Бүгінде біздің әрбір тұстасымыздың жан дүниесінде осындай драмалық рухани кернеу от шашып тұр. Біздің тұстасымыз дәуір мен қоғам тірлігін көзімен, көңілімен, ойымен, барша жұлын-жүйкесімен, бүкіл болмысымен қабылдайды. Осындай адамның күрделі жан диалектикасын ашуға Әлімқұлов суреткерлігі әбден керек. Оның сонау Сейтек, Тәттімбет, Ақан өмірінен алынған әңгімелері қазіргі оқушылардың көкірегіне балқытқан қорғасындай қона қалғаны да сондықтан. Бұл әңгімелер — қазақ поэзиясының адамның жaн дүниесін ашу пәрменінің бүгінгі деңгейін көрсете алатындай өнеге шығармалар. Бұл Тәкен Әлімқұлов новеллаларындағы сарын тек Әлімқұлов творчествосына ғана тән оқшау құбылыс емес. Сайын Мұратбеков, Дүкенбай Досжанов, Әбіш Кекілбаев, Ақан Нұрманов әңгімелері де осы орайда. Бұл авторлар өмірлік проблеманы шырғалаң ситуациялардан іздемейді, сондықтан да олардың шығармасында қозғаушы күш көбіне-көп ситуация логикасы емес, белгілі бір өмірлік фактының, іздену, өсу үстіндегі адамның жан-дүниесіндегі әсері, геройдың көңіл күйі, оның көкірегіндегі рухани процесс, сол әсер, сол процестің логикасы.
Ғалым – қазақтың көрнекті сөз зергері Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын жан-жақты зерттеген. Қарасөздің қадірін тереңінен танып, тебірене түсінетін, тек қана түсініп қоймай, соның құнарлы қыртыстарын оқырман алдына тиісінше жайып сала білген бұл қаламгер жайында сөз бен ой тасқынын ағытқан талдаушылар қатары олқы соға қоймайды. Солардың алдыңғы легінен Р.Бердібаевтың, Т.Тоқбергеновтің, С.Жұмабековтің, Ә.Бейсебаевтың және т.б. сыншыларымыздың есімдерін атай аламыз. Бұлардың қай-қайсы да жан-жақты талдай оты­рып, Т.Әлімқұлов шығармашылығын әділетті түрде жоғары бағалай білген қалам иелері. Қ.Әбдезұлының пайымдауынша, Т.Әлімқұлов – бірнеше суреткерлік қа­сиетке ие, қаламгерлік қолтаңбасы дара жазушы. Оның шығармашылығына тән басты ерекшеліктер – халық, адам өмі­рін қоғамдағы тарихи мәні жоғары құ­­бы­лыстарды суреттеудегі, халықтың дәс­түр­лі мәдениетін игерудегі эпикалық кең құ­лаш­тылық, нәзік әрі терең психологизм, тіл құдіреттілігі. Әдебиетіміздің алыптары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерден кейін, өз талантымен әде­биет есігінен еркін аттаған Тәкен Әлімқұлов – өзіне дейінгі ұнасымды дәстүрлерден үлгі алып, «өзі де үлгі ұсынған» талант иелерінің бірі. Тәкен шығармашылығын сарабдалдықпен сараптауда Қ.Әбдезұлы тек өзінің көркемдік қабылдауына, жеке танымы мен түйсігіне ғана арқа сүйеумен шектеліп қалмайды. Өзге де пікір айтушылардың дәлелді де тиянақты тұжырымдарына табан тіреп отырады. Сөйтіп, үйлес пікірлер мен кереғар ойлардың арасынан өзінің ғылыми-сыншылдық концепциясын ұсынып отыруға ықылас танытады. Ғалымның көбірек талдайтындары – Тәкеннің «Ақ боз ат», «Ел мен жер» сияқты романдары мен «Сейтек сарыны», «Қақпақыл», «Дүбәра», «Қаратау» сияқты повестері және «Телқоңыр», «Жиендік» «Қараой», «Ұры», «Қаралы қобыз», «Күрең өзен» және т.б. әңгі­мелері. Осынау шығармалардың көркемдік бітімін, авторлық ұстанымын терең де сырлы талдаулар барысында айқындай отырып, сыншы жазушы шығармашылығының жалпы бет-пішінін, өз қаламына ғана лайық болып келетін көркемдік ұстанымдарды желкесінен басып дәл тауып алып, нақтылап көрсетеді. Зерттеушіні қызықтыратын – Әлімқұлов қаламының нәзік шеберлігі ғана емес, тақырып таңдаудағы тал­ғампаздығы, өз табиғатына жақын болып келетін оқиғаларды көркем сөзбен сөйлетуге бейімділігі. Осы аталған шығармалардың аралығына, ортақ бір көркемдік фактордың бары анық. Ол жазушының өнер тақырыбын төңіректей отырып, сол арқылы адамның рухани тереңдей білуі. «Ақ боз ат» сияқты атақты роман жайлы дер кезінде айтылған пікірлер қатарының өзі бір төбе. Қ.Әбдезұлы өзінен бұрын әлеумет назарына ұсынылған сондай сыншылық ойлардың аясында қалып қоймай, оларды одан әрмен жетілдіре отырып, тереңдете түсу арқылы өзінің жеке ғылыми-сыншылдық пайымдауларын көлденең тартады. Аңдап қарайтын болсақ, аталған роман тек ат пен адам тағдырлары туралы емес екен. Онда өнер мәселесіне де әжептәуір орын беріліпті. Көркемдік қалауының ырқымен жазушы тың ойлар, айшықты айғақтар ұсына білген екен және Тәкен өнер тақырыбына қалай келген деген мәселе де сыншылар үшін маңызды болып табылады. Бұл тақырыпты қаузаған тұстарда да жазушы жай жадағай ойлар ұсынудан, суретсіздіктен қашады. Жазушы шығармашылығындағы образ бен өнердің қалай кірігіп кеткенін білу үшін шығармаларды оқу қажет. Оның өз кезегінде арнайы тоқталып тұрып, ашып көрсететіні де осындай мәселелер. Ат демекші, «Ақ боз ат» романындағы ат бейнесінің қалай жасалғандығын зерттеуші жалаң қарастырмайды. Өзіне дейінгі пікір­лердің көлеңкесінде қалып қою, сондағы айтылған сөздерге ештеңе қоспай, жалаң қай­талап шығу деген мәселелер, жалпы, Қ.Әб­дез­ұлының ғылыми ұстанымына жат. Қай шығарманың да табиғатына үңілгісі келсе де, әйтеуір бір тың пікір білдіріп қалуға бейілді. Бұл арадағы ат бейнесін талдауға байланысты да ғалым сол үрдісінен жаңыла қоймайды. Алдымен өзінің алдындағы сыншылар көлденең тартқан талдаулардың сүбелі деген тұстарына назар аударып алады да, ат бейнесі жасалған басқа шығармаларға тоқталып кетуді жөн көреді. Сөйтіп, қазақтың басқа жазушыларының шығармаларындағы ат бейнелерімен салыстыра, салғастыра қарауы талдаудың эстетикалық салмағын арттыра түседі. Атап айтқанда, ол Ә.Кекілбаевтың «Бәйгеторы», Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер», А.Смайыловтың «Арғымақ пен Агба» сияқты көркемдігі кенеулі шығармалардағы ат образдардың қалай сомдалғанына тоқталып отырып, енді осы мәселені Тәукен қалай шеше білді деген төңіректе ой өрбітеді. Ғылыми талдаулардағы пайдалы да сенімді әдістердің бірі салыстыру, сал­ғастыру болса, Қ.Әбдезұлы осынау қолайлы мүм­кіндікті үнемі ұтымды пайдаланып келеді. Мәселен, Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» романы мен Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» повесіндегі жылқышылар тағдырын салыстыра тартуы тұжырымдық тұрғыдан көңілге қонымды: «Ондағы Ағыбай жылқышы мен «Ақ боз ат» романындағы Бөркімбай жылқышының тағдырларында өзара ұштасып жатқан осындай ортақ негіз бар. Бұл екі кейіпкер де өз істерін жанымен беріліп атқарады, жылқыға мал деп емес, жануар, жаны ауыра білетін, жаны қинала білетін, обал-сауабы бар қасиетті мал деп есептейді және осы танымдарына сай әрекет етеді. Сонымен қатар, бұлар – өзгелер де өздері сияқты, дүниеге өздері секілді көзбен қарайды, өздері секілді ұғыммен тіршілік кешеді деп ойлайды. Бірақ, олардың бұл сенімі ақталмайды, алдамшы болып шығады» . Жалпы, қазақ прозасындағы жылқы бейнелерінің жасалуы жөніндегі ғалымның пікірлері тиянақтылығымен, айшықтылығымен және нақтылығымен назар аудартады. Осындай жағдайдан кейін, Әбдезұлы жазған сыни зерттеулердің кейбір беттерін оқырманның көркем шығарма оқығандай құштарлықпен оқуы әбден ықтимал деген ойға да келіп қаласың. Салиқалы талдаудың соңына қарай ойды шиыра түйіндеп жеткізетін ғалымның қорытынды пікірі – осынау шоқтықты шығармаға берілген нақты баға сынды: «Роман тұтаса келе, күл­лі қазақ ауылының тарих көшінің бір тұсындағы, бір белесіндегі жиынтық бей­­несін алдымызға тартады. Адамдар тағ­дыры, тұлпарлар тағдыры арқылы көрінетін бұл жиынтық бейне, түптеп келгенде, тарихи әлеуметтік, қоғамдық шындықтың бетін ашады. Адам мен қоғам, қоғам мен ел, жер арасындағы мәңгілік байланыс, тынымсыз қарым-қатынас қаламгер мақсатына, яғни, көркемдік мақсатқа мінсіз бағындырылған. Жазушы осы мақсат жолында өзіндік суреттеу тәсілдеріне, өзіндік көркем әдістеріне қол артқан, арқа сүйеген» . Тек жылқы тақырыбы ғана емес, зерт­теушінің көңілін ерекше ықыласпен бұ­ратын көркемдік нысандардың бір парасы – күй мен күйшілік өнері. Т.Әлімқұлов шығармашылығында бұл тақырыптың мол орын алатыны белгілі. Осы жағдайды жіті аңғарған Қ.Әбдезұлы жазушының өнерпаз кейіпкерлер бейнесін қалай сомдағанын және қандай деңгейде суреттегенін талдаған кезде ерекше құштарлық танытады. Тіпті, ол кісіні осынау бекзат жазушының шығармашылығына өле ғашық десе де болғандай. Бұған дәлелді мысалдар зерттеу еңбектерінің әр жерінде кездесіп отырады. Және сол құштарлықпен ғана шектеліп қоймай, өзінің ғылыми ой-пікірлерін синтездік тәсілмен жинақтай, түйіндей жеткізіп отыратыны тағы бар. Т.Әлімқұлов шығармашылығы туралы талдаулар ғалым-сыншының «Әдебиет және өнер», «Таным көкжиегі», «Семсер» және тағы басқа еңбектерінде молынан ұшырасып отырады. Кейде алғашқы жазғандарына қайыра айналып соғып, сүйікті жазушысының өзі жете аша алмадым деп ұққан тұстарын қайтадан тарата түсіндіріп, көркемдік асуларын алар сәттегі ізденістері мен шеберлік сырларына жаңадан үңіліп жатады. Ғалым-сыншының пайымдап жеткізе білуіне қарағанда, Тәкен шығармашылығы долбармен сөйлеуді қаламайды, нақты түсіне отырып талдауды, құпия қалтарыстарын асықпай ашып көрсетуді қажет етеді. Жалпы, алғанда, Қ.Әбдезұлы Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында екі монография, жеке-жеке бес кітап шығарған ғалым. Сөйтіп, ол Тәкентану тағлымының сыншылық үлгісін алға тартты. Әдебиеттің қасиетті босағасын бірден-ақ батыл ашып кірген Т.Әлімқұлов басқаға ұқсай бермейтін өз стилін, өз өзінің көркемдік ұстанымын ала кірді. Осы арада академик Қ.Жұмалиевтің «Стиль шынайы талантқа тән нәрсе. Құбатөбел қойторыларда стиль болмайды» деген тиянақты тұжырымы еске түседі. Қазақ прозасын мүмкіндігінше өркен­детуге, өсіруге талпыныс жасап келген және сол игі істі қазір де атқарып жатқан прозашыларымыз аз емес. Бірақ, солардың барлығында өздеріне тән стиль бар, өзіндік дара қолтаңбасы бар деп тағы айта алмаймыз. Ондай талант иелерінің қатары шындап келгенде санаулы ғана. Өз шығармасында айтылғандай, қазақ прозасының ақ боз аты болып желіп өткен Тәкеннің шығармашылық даралығы қай жағынан да назар аударуға, қол соғып, сүйсініс білдіруге тұрарлық құбылыс болғандығын ұзақ жылдар бойы қайта айналып соғып келе жатқан еңбектерінде Қансейіт Әбдезұлы талдай дәлелдеп, айпарадай айқындап бере білді. «Нәзік, сыршыл сазымен, әсерлі әуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы Т.Әлімқұловтың атақты «Сарыжайлау» әңгімесінде Тәттімбет тағдырына құрылған тартымды оқиғалар арнасында ашылады» деген жолдар оқырманды өзіне тартып, әрі қарай оқуға жетелеп тұратыны сөзсіз. Жалпы, осы арада айта кететін бір мәселе – Қ.Әбдезұлының әдеби талдау бағытындағы ғылыми шығармаларының өзі кейде тартымды оқылатыны, дайындығы орташа оқырман үшін де мағынасы түсінікті болып келетіндігі. Әсіресе, Күй мен күйші жайында немесе ат пен жылқышы туралы жазылған шығармаларды талдағанда ғалымның қаламы тіпті көсіліп сала беретінін байқаймыз: «Домбыраның қос ішегінен төгілген күй Тәттімбеттің көз алдына Сарыжайлау атты құтты мекеннің аясында армансыз өткен қызық шақ, бозбалалық, жігіттік кезең күйші жадында қайта жаңғырады» деп, бір сілтесе, одан ары қарай осынау екпінді ойын былайша сабақтайды: «Қазақ прозасында әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негіз­делуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұлов­тың шығармашылық ізденістері қалып­тас­тырды. Күй сазынан, үн жүйесі­нен мағына табу, оған нақты мазмұн дары­ту немесе оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы» деп, келеді де: «Бұл мәселе кезінде І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты бірнеше поэзиялық шығармасында өзіндік шешімін тапқаны белгілі. Ал осы прозада Т.Әлімқұлов бұл дәстүрді жалғастырып, оған жаңа бағыт, жаңа сапа берді, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік үрдісті өзінше, жаңаша жалғастыра отырып, қазақ прозасын, әсіресе әңгіме жанрын тақырып, идея, образ жасау және стильдік тұрғыда жаңа көркемдік жетістіктермен байытты» деп, басқа әдебиеттанушылар да еріксіз мақұлдап, бас изейтіндей дәлелді тұжырым жасайды. Көркем шығармаларды сарапшыдай талдап, ой қорыту барысында сарабдал сыншы өз ой пікірлерін сол өзі айтып отырған туындының төңірегінде шектеп қалмайды, жалпы әдеби шығармаға ортақ пікірді, ортақ ойды да сол арада туындатып, теориялық тағылым болатын пайымдаулар да көлденең тартатын тұстары бар. Бұның өзі ғалым сыншының жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға қарай ой өрбітіп, белгілі бір тұжырым жасауға бейім синтездік өресінің жоғары екендігін көрсетеді. Қ.Әбдезұлының еңбегінен мына төменде келтіріліп отырған тұжырымды дәйексөз осы пікіріміздің тағы бір мысалы: «Әрине, мол материалды сығымдап, оның динамикалық серпінін күшейтіп, әңгіме жанры заң­дылықтары аясында суреттеп шығуға да болады. Т.Әлімқұлов әңгімелерінің көпші­лігінен осындай талап пен талғамды, ше­берлік пен зергерлікті аңғарамыз. Ал, белгілі бір шағын көлемді оқиғалық желіні негізсіз, дерексіз мәліметтерге арқау етіп, повестің немесе романның өзегіне айналдыру жазушының танымын да, талантын да биіктен көрсете алмайды, жазушылық шеберлігін де айқындай алмайды. Жанр табиғаты мен өмірлік материал арасындағы сабақтастық заңдылықтарын сақтай білуі немесе білмеуі – жазушының жалпы шығармашылық болмысына, шеберлігіне сын болып табылатыны осы жайлармен байланысты болса керек». Жеке автордың шығармашылығын сараптай келіп, ортақ ой қорытуда ғалым үнемі назар аударып отыруға тырысатыны – ұлттық сипаттар. «Солардың ішінде, – дейді ол Т.Әлімқұлов әңгімелері жайында сөз өрбіте келіп, – автор­дың ерекше көңіл бөліп, айрықша ден қоятыны шығармасының ұлттық сапасы, ұлттық бояуының мейлінше қанық және шынайы болып шығуын мақсат еткенін аңғарамыз» . Қ.Әбдезұлы үшін кез келген көркем туынды жалпы адамзатты болуымен бірге, ең алдымен ұлттық нақышты, ұлттық бедерді жеткізе білуімен де құнды. Сонымен бірге, ғалым-сыншының жанын ауыртатын өзекті мәселенің бірі – көркем әдебиеттің тілі. Осынау ділгір мәселе қашанда ғалымның назарында. Көркем прозаның тілі жайындағы тебіреністері де жалпы ортақ ұғымдармен, ортақ көзқарастармен үндесе келіп, өзіндік ойлармен байытылып отырады. Бұлардың арасында назар аударуға тұрарлық тың тұжырымдардың бар екендігі де байқалады. Мысалы, ғалымның: «Әр заман, әрбір тарихи кезең әдебиетке өз тілін ала келеді. Бірақ, біздің ХХ ғасырдағы классикалық әдебиетіміздің тілі – біздің қазіргі тілімізден мүлде ат үзіп кеткен тіл деуге болмайды. Шынайы көркем әдеби тіл, менің ойымша, еш уақытта қоғамға, заманға бейімделмейді» (Семсер, 243-б.) – деген пайымдаулары еріксіз бас шұлғытып, ортақ ойдың үдесінен табылатыны сөзсіз. Қ.Әбдезұлы тек қазақтың көркем прозасын әр қырынан талдап, тұщымды ойлар ұсынумен ғана шектеліп жүрген ғалым-сыншы емес. Оның қаламына әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар жайында да толымды толғамдар, портреттік бедерлер оралып жатады. Мұның нақты мысалдары – Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек туралы жазған шығармашылық портреттері. Қашанда тынымсыз ізденіс үстінен табылатын ғалым-сыншы бүгін өзінің шығармашылық бабында. Ұстаздық, қайраткерлік қызметтерін ықыласпен атқара жүріп, өзінің сүйікті тақырыбы, қазақ әдебиеті жайында парасатты пайымдауларға уақыт таба білуі де – сол еңбек­қорлықтың, табандылықтың, көркемдікке деген іңкәрліктің нышаны екендігі сөзсіз.
Қаламгер Т. Әлімқұлов өзінің соңғы жинағы «Кертолғауға» енген бір мақаласында былай деген: «Ақын да, жазушы да өмірінің жалғасы төл туындысынан іздейді. Мен, Қорқыт мәңгілік ғұмырына кетер едім. Тағдыр бірақ пешенеме қазақ әдебиетін бұйыртты». Осы ой-арманның жетегінде қаламгер қырық жылдай қалам тербепті. Күйге, күйшілікке о бастан бір табан жақын жазушы күллі шығармашылық жолының ең бір мәнді маңызды белестерін осылайша өнер тақырыбымен ғана байланыстырды.
Жалпы, қазіргі күнге өз бояуымен, өз үнімен, өз ырғағымен жетіп отырған қазақ күйлерінің тарихы, тағдыры сан алуан, әрі кызғылықты. М.Әуезовтің күй-аңыздарға байланысты кезінде айтқан құнды пікірлерін кейінгі кезеңде әдебиет, мәдениет, музыка зерттеушілері нақты тарихи дәлелдермен, деректермен тарата отырып, тереңдетті.
Айталық қазақ күйлерінің ішіндегі ең бір көне тарихты арқау еткен, кейінірек өмірге келген көптеген ұлттық күйлердің мифтік негіздерін тереңдетуде, калыптастыруда ерекше маңызы болған «Тауқұдырет» күйінің сюжеттік желісі, тақырыбы, көркемдік сипаты туралы белгілі өнертанушы-ғалым А.Сейдімбек өз еңбегінде жаңаша толғайды. Осы күйдің шығу тарихын ғылыми негізде таратып айтады.
«Телқоңыр» әңгімесінде сөз зергері Тәкен Әлімқұлов атақты күйін Сүгір өміріне соғып, Сүгір жайын сөз етеді. Өте шағын, бірақ шымыр әңгіме бір күйдің тарихынан сыр шертеді. Көзі қарақты оқырманға бірден байқалатын бір шындық – Сүгірдің тума талант, құдіретті күйші екендігі. Осыны мына әңгіме дәлелдеген үстіне дәлелдей түседі.
Жазушының «Сейтек сарыны» повесінде Сәруар шал болған Сүгірдің кейбір мінез қырларына қанық едік. Онда ол көбінесе Сейтек тағдырымен, Сейтек күйлерімен сабақтас бейнеленетін. Ал мына әңгімеде енді әке мен бала арасындағы, яғни Сүгір мен әкесі арасындағы қарым-қатынас, қам-қарекет ой-парасат арнасында өріледі.
Сүгірдің сұрапыл күйшілігі, әкенің алғырлығы, көрегендігі, ой-түйсігінің ұшқырлығы, ұтымдылығы алдыңғы қатарға шығады. Түптеп келгенде барлық оқиға Сүгір домбырасынан атақты «Телқоңыр» күйінің дүниеге келуі төңірегінде топтастырылған.
«Телқоңыр» күйінің тарихы тосыннан өрбіп, өте тартымды, қызғылықты баяндалады. Әуелде Сүгірдің шығармашылық күйінің тоқыраған, домбырасын қолына алғанмен, жанынан ой таба алмай суреттеледі. Осылай домбыра шертісі елден ерекше, атағы алты алашқа асқан дәулескер домбырашының тұйықка тірелген, көңілі жарым, жүрегі қобалжулы кезеңіне қаламгер соғып өтеді.
Адам трагедиясын, болмаса аң, құс, жылқы трагедиясын суреттеген тұстарда қаламгер өзгеше өнерпаздық танытады. Оқырманын сендіреді, сендіріп қана қоймайды, өзімен бірге тебірентеді, терең толғанысқа түсіреді. Қызыл құлынның осылайша бір сәттік намыс, яғни қазақтың сүйекке біткен қасиеті — қонағына жалғыз тұяғын жығып беруге дайын тұратын қонақжайлығы кесірінен пышаққа ілінуі Сүгірдің білместігінен болады.
«Телқоңыр» әңгімесінде енесін қимаған, жарық дүниемен қоштасатынын алдын-ала сезіп, шырқырап, жантәсілім жасайтын жануар жарықтықтың жар дегенде жалғыз төлі жас құлынның жайрап түскенін, соңынан құлынынан айырылған көк биенің байыз таппай, сарнап, кісінеп, күндіз-түні төлін іздеген зары кісінің сай-сүйегін сырқырататындай көркемдік қуатпен, шынайы суреткерлікпен беріледі.
Қазақ күй өнерінің тарихында Тәттімбет күйшінің орны бөлек. Нәзік, сыршыл сазымен, әсерлі әуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы «Сарыжайлау» әңгімесінде тартымды оқиғалар арнасында ашылады.
Тәттімбет тағдыры, ол өмір сүрген кезең шындығы ел өмірімен, табиғат көріністерімен сабақтас суреттеледі. Күйшінің сыртқы келбетін, жүріс-тұрысын, күнделікті күйбең тіршілігін баяндаудан басталатын әңгіме желісі теревдей келе енді Тәттімбеттің күйшілік өнерінің қыр-сырынан, жеке өмір-тағдырынан оқырманын мол хабардар етеді. Асау жылқыны омыраудан алып ұрып тырп еткізбейтін, ат ойыннан алдына жан салдырмайтын шалымды, тарамыс Тәттімбеттің бұл күнде денесі толығыңқы. Дімкәс көкірек деміксе, шермиген қарын бүлкілдеп, сүйкімсіз көрініспен шошытады. Майлы асқа тәбеті тартпайды. Қысқа жіп күрмеуте келмей, тіршілік түйтпегімен ашуланса басына қаны теуіп, құлағы шуылдап кетеді. Әу дегеннен Тәттімбетпен осылай жүздесеміз.
Өткен заманда өмір сүріп, еліне өмірімен, өнерімен қызмет еткен сөз зергерлерінің қатарынан жазушы Махамбет Өтемісұлының, Ақан серінің, Сәкен Сейфуллиннің өміріне, өмір жолдарының ерекше сипаттағы бір кезеңіне ерекше назар аударады. Осы ретте «Қараой» шығармасы аса маңызды, дара көрінеді. Жазушы Махамбеттің азаматтық тұлғасын танытуға жаңа бір қырынан келген. Махамбеттің ақындығына қоса қайраткерлігін қатар көрсеткен. Ұлтының азаттығы үшін, жерінің бүтіндігі үшін күрес туын көтерген Ер Тарғынның, Әбілқайырдың, Абылайдың тағдырын Махамбет оңаша, ширықкан сәттерінде қайта-қайта еске алады.
Автор ақынның туған халқын, яғни күллі «қарға тамырлы қазақты» бұғаудан босатуды армандағанын ашық айтады. Осы ойды дәйектей түсу үшін қаламгер Махамбеттің «Ресей секілді тегеурінді мемлекеттің не екенін де білгендігін» айтып өтеді. Аңғарғанымыз, автор ойы атыста жатыр. Ол Махамбеттің бодан болған елінің, ұлтының жағдайын жақсы білгендігін адғартады. Демек, Махамбет бұл шығармада тек қана хан-сұлтанға, би-болыстарға, азулы атқамінерлерге қарсы күреспен ғана шектелген тұлға емес. Жазушы ол арзан, оңай, науқаншыл жолға түспеді. Өз соқпағын тапты, басқаға ұқсамады. Нәтижесінде Махамбет алдымен халық қамын жеген, ел мұңын арқалаған кажырлы күрескер, қоғам кайраткері ретінде, сонан соң арқалы ақын ретінде танылды. Қарақан бастың камы үшін немесе жеке бастың намысы үшін «егеулі найза колға атып, еңку-еңку жер шалған» Махамбетті таппайсың бұл шығармадан. Ел егемендігі, ұлт азаттығы үшін жан қиған, өзін құрбан еткен ақиық ақынның өр тұлғасын қаламгер сомдай алған. Ағайынның алауыздығы, сүйекке сіңген күндестік ұлт қасіреті деңгейінде көрсетіледі бұл шығармада.
Әсіресе, көздеп келген ажалды ақынның қасқайып қарсы атуын, дұшпанымен ақтық демі таусылғанша айқасып, тайталасып жатып жан тапсырғанын суреттей отырып, жазушы Махамбеттің асқақ рухын одан сайын асқақтата түседі. Қаламгердің басты суреткерлік нысанасы да осы еді.
Тарихи өткен заман жиынтығы мен тарихи тұлғалар характерін шынайы суреттеу, өмір шындығы мен көркемдік қиялдаудың ара жігін тарихи тұрғыда анықтау, тарихи өткен заманның рухани, әлеуметтік даралығын, салт-дәстүр ерекшелігін, тіл деңгейін сақтаудағы өлшем мен мөлшер – осылардың бәрі де маңызды. Тарихи өткен дәстүр шындығын, тарихи тұлға мінезін қазіргі заман тұрғысынан тану мен бағалау жазушының эстетикалық нысанасын ғана емес, шығармашылық мақсатын да нақтылайды, соның негізінде тарихи тұлға образын жасаудағы көркемдік жаңа жетістіктерге алып келеді.
Т.Әлімқұловтың «Көк қаршыға» повесіне Ақан сері өмірі арқау болған. Бұл повесте де ақынның өмір-тағдырының соңғы кезеңі, яғни оңаша күркеде елеусіз тіршілік кешкен Ақан мен мылқау баласы Ыбан жайы суреттеледі. Мұнда да Ақан трагедиясының бір сәтін көреміз.
Махамбеттің де, Ақанның да өмірі тарихи-әлеуметтік маңызы жоғары оқиғаларға өте бай екені белгілі. Сондықтан да қазақ әдебиетінде бұлардың өмірі туралы бір емес, бірнеше көлемді эпикалық шығармалар бар. Олардың бірқатары кіші және орта көлемді эпикалық шығармалар болса, бірқатары - үлкен көлемді эпикалық шығармалар. Олардың әрқайсысының көтеріп тұрған өз проблемасы бар. Т.Әлімқұлов өз кейіпкерлерінің осындай тарихи-әлеуметтік маңызы жоғары өмірбаянының өзін суреткерлік биік талап тұрғысынан сұрыптап, өз шығармасына ең бір ерекше сырлы, сазды әрі трагедиялы күйге толы бір ғана сәтті таңдап алады. Мұның өзі жазушының өмір шындықтарын таңдап, талғаудағы суреткерлік ойлау даралығын, көркемдік жинақтау жолындағы шығармашылық саралығын, терең танымын аңғартады.
Повестегі кейіпкерлердің өзі мен өзгелерді, бір-бірін тануын суреттеу үлкен көркемдік қызмет атқарады. Бұл жазушы шығармасына тән ерекше поэтикалық жүйенің желісін аңғартады.
Мұнда Ақан өмір сүрген тұтас бір кезеңнің әлеуметтік шындығы жатыр.
Жалпы, Тәкен Әлімқұлов өнер адамдары жайындағы қай шығармасында да бас кейіпкердің рухани дүниесін жан-жақты, әлеуметтік ортамен тұтастыра, терең ашып көрсетуге бейім. Адамның жан дүниесіндегі құбылыстар жалаң, жалпылама емес, қайта сол кезеңнің әлеуметтік тарихи, қоғамдық-саяси шындығымен сабақтас, тамырлас танылады. Сондықтан да қаламгер толғаған заман бедері, дәуір лебі кейіпкер болмысынан алшақтамай, ара жігі ажырамай, қайта көркемдік шындық пен тарихи шындық тұтас көрінеді.
Тәкен Әлімқұлов шығармашылығында ерекше қызықты, тартымды, терең көрінетін арнаның бірі – тұлпарлар тағдыры. Қазақ халқының дәстүрлі кәсібінде, тұрмыс тіршілігінде айрықша орын алып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан атбегілік, бәйге атын ұстау, тұлпарды баптау мен сынау, бәйгеге қосу аса маңызды орын алатыны анық. Қазақ халқының байырғы, дәстүрлі дүниетанымында ел қорғаны ердің сенімді серт, ер қанаты болып бағаланған «желден жүйрік» жануар ретінде тұлпарлар тағдыры Тәкен Әлімқұловты күй өнерімен бірге, қатар толғандырған десек, артық емес. Туған халкының дәстүрлі күй өнері, ақындық өнері, дәстүрлі мәдениеті қандай ардақты, қадірлі болса, жазушы үшін тұлпарлар тағдыры да сондай маңызды, мағыналы, мәнді.
Туған қызын текті тұлпарға айырбастап, перзентінің тағдырын бір жылқының тізгініне байлап жіберген кейіпкердің бірі – «Ақбоз ат» романындағы Біркімбай жылқышы. Біркімбай образы да – жылқыға қатысты қазақ психологиясын терең танытатын тұлға. Текті тұлпардың жолына бар жиған-тергенін, керек болса өмірін қиып жіберетін қазақтың бірі. Тәкен шығармаларында тұлпар тағдырына байланысты осындай тақырыптық-идеялық арналар терең көрініс табады.
Бұл арнада жазушы ат, адам тағдырын суреттеумен ғана шектелмейді. Бұл желідегі оқиғалар тереңдей, тарамдала келіп өнер тақырыбына да ойысады. Жылқы трагедиясы өнер иесіне оның тағдырына, тіршілігіне ғана әсер етіп қана қоймай, оның шығармашылық тағдырына, өнер туындысының мазмұнына, тарихына терең өзгерістер, тұтас белестер алып келетін тылсым күшке, сиқырлы құдыретке айналатын сәттер жиі қайталанады. Осының барлығын қаламгер өнердің ішкі табиғатымен, өнер иесінің ішкі жан дүниесімен терең сабақтастырады.
«Ақбоз ат» романында өз тағдырының тақсыретін көп шеккен бас кейіпкер Гүлнәш та өз домбырасынан осындай шерлі күй төгеді. Түйіндеп айтқанда, осындай қат-қабат, көп қыртысты көркемдік арналар, жарыса өрбитін көріністер Т.Әлімқұлов шығармаларына, жалпы оның өнер тақырыбындағы туындыларына полифониялық сипат береді. Соның себебінен кейіпкерлердің өмірінің шындықтары әр қырынан және терең ашылады, екінші жағынан, жазушы адам мінезін даралауға мол мүмкіншіліктер табады.
«Ақбоз ат» романы, негізінен, жылқышылар өмірін суреттеуге арналған. Жылқышылардың өмірі мен тіршілігі, арманы мен мұраты журналист Елеусіздің көргендері мен көңілге түйгендері арқылы беріледі. Соған орай романда Елеусіздің кәсіби қызметі айналасындағы жайларға да орын беріледі. Сөйтіп, романда бір емес, бірнеше кәсіп иелерінің өмірінің шындықтары қамтылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет