ІІ Т. ӘЛІМҚҰЛОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЗМ СИПАТЫ
2.1. Жазушы шығармаларында ұлттық характердің берілуі
60-70 жылдардағы қазақ прозасы, оның көркемдік деңгейі, шеберлік аясы туралы сөз қозғағанда алдымен қаламгерлеріміздің үлкен бір шоғыры ойға оралады. Үлкені бар, кішісі бар, олардың қаламынан қазақ әдебиетіне тиесілі мол мұра қалды. Ендігі кезекте тарих еншісіне өткен осынау шығармалардың авторларына қайта оралып, олар туған әдебиетімізге айтарлықтай не қосты, не алды деп сұрау салсақ, кезінде еленбеген көп құндылықтарымыз қайта бағамдалып, қайтара бағасын алуға тиісті. Осындай қаламгерлердің бел ортасында Тәкен Әлімқұловтың есімі жеке дара аталуға әбден лайықты.
Оның басқалардан айырмашылығы жазған дүниелерінің барлығы дерлік саясат жетегінде кетпеді, сондықтан бұл туындылар уақытынан озып, бүгінгі оқырманымен де табысып отыр. Әңгіме-повестеріндегі Махамбет, Ақан сері, Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Сейтек, Сәкен, Әбікен сияқты, тағы да басқа өнер иелерінің образдары қазақ әдебиетіндегі қадау-қадау көркем тұлғалар ретінде қала береді. Оның басты себебі – бұл тұлғалар көркемдік биігінен табылды, заман шындығымен, уақыт тынысымен үндес, сабақтас сомдалды.
Осының бір ғана дәлеліне жүгінейік. Белгілі «Қараой» әңгімесінде қаламгер Махамбетті хан-сұлтандарға, би-болыстарға қарсы күрес ашқан ақын ретінде ғана мүсіндеген болса көп дүниеден ұтылар еді. Жоқ, жазушы ол арзан, оңай, науқаншыл жолға түспеді. Өз соқпағын тапты, басқаға ұқсамады. Бұл әңгімеде ақын тұлғасы жаңа қырынан жарқырап көрінді. Ол алдымен халық қамын жеген, ел мұңын арқалаған қажырлы күрескер, қоғам қайраткері ретінде, сонан соң арқалы ақын ретінде танылды. Қарақан бастың қамы үшін, немесе жеке бастың намысы үшін «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» Махамбетті таппайсың бұл әңгімеден. Ел егемендігі, ұлт азаттығы үшін жан қиған, өзін құрбан еткен ақиық ақынның трагедиясы алдыңғы қатарға шыққан. Азаттық жолында ешкімге бас имеген қайсар жан, қайран ақынның өр тұлғасын сомдаған. Ағайынның алауыздығы, сүйекке сіңген күндестік ұлт қасіреті деңгейінде көрсетіледі. Осы құндылықтардың мәні мен маңызы қазіргі күнді, қазіргі заманды бастан кешіріп жатқан ұлтымыз үшін ауадай қажет.
Тәкен Әлімқұлов қаламгер ретінде көркемдік шеберлік биігіне бірнеше өзіндік, дара қасиеттері арқылы қол жеткізді.
Ең алдымен, жазушы шығармаларының тілі, сөздік қоры, сөйлем құрылысы ерекше назар аударуды қажет етеді.
Тәкен өз әңгімелерінде адамның ішкі жан дүниесін, оның көңіл-күйіндегі мың құбылған әрбір сәтті боямасыз, таза тілмен оқырманына ұтымды жеткізе білді. Адамды қоршаған орта шындығы, әсіресе кейіпкер жан дүниесімен жарасым тауып жымдасып жататын табиғат көріністері өзінің шынайылығымен сананда терең із қалдырады. Айталық, «Телқоңырдағы» – күйші Сүгір, Сүгірдің әкесі, «Жиендіктегі» – домбырашы Тәпсір, «Қараойдағы» – ақын Махамбет, «Ұрыдағы» – Мәлке, «Көк қаршығадағы» – Ақан сері, «Қара қобыздағы» – қобызшы Ықылас, «Күйшідегі» – Төлеген Момбеков, «Күрең өзендегі» – Назар бейнелері ішкі жан дүние тереңдігімен танылады. Осы аталған әңгімелердің бәрінде де кейіпкер мінезін даралап тұратын нақышты сөз, шырайлы тіл бар. Сол тіл кестесі ой тереңдігімен, сезім шынайылығымен жұптасып, жымдасып жатады.
Тәкен Әлімқұлов әңгімелерінің ішкі ырғағы мен үйлесімінің тағы да бір сыры оның психологизмі мен авторлық баяндау ерекшелігімен сабақтас. Оның өте тартымды, терең психологизмге құрылған «Қараой» әңгімесіне назар аударып көрелік. Бұл әңгімеде халқымыздың қайталанбас, біртуар ақыны Махамбеттің өмірінің ең бір трагедиялық тұсы арқау болған. Күрескер ақынның талас-тартыстан бір сәтке де толастамаған өмір-тағдырының ең соңғы сағаттары терең психологизм арнасында суреттеледі. Елсіз далада қара дауылға қасқайып қарсы тұрып, ештеңеден қаймықпаған, ешкімге бас имеген қайратты ақынның ғұмыр кешіп жатқан соңғы тұғырына күтпеген жерден сау етіп қанды қол жендеттер жетеді. Оларды бастап келген Ықылас, ал көздеп келгені Махамбет өлімі еді. Осы оқиғаны сағызша созып, кейіпкерлердің бүкіл іс-әрекеттерін автор суреттеп жатпайды. Ақын өлімінің жан түршігерлік трагедиясына алып келген ағайын опасыздығын, ауылдастарының жан баласы ойлап таппас жымысқы сойқанын қысқа-қысқа сөйлемдермен қайырады. Осындағы авторлық баяндау дәлдігі, табиғат, ботаның, түйенің, құстың бейнесі, ай мезгілі, бала әрекеті, айдың тұтылуы, күннің батуы барлығы көркемдік жүк көтеріп түр. Осындағы ой, образ, тіл тұтаса, қорғасындай құйылып келіп үйлесім табады.
Мұнда натурализм жоқ, қайта жазушы проза мәдениетінің озық үлгісін ұсынады. Осы сөйлемдердегі ішкі ырғақ пен мазмұндық үйлесімді әрбір сөйлемнің соңын тұйықтайтын күрделі етістік сөздер тұтастырып ұстап тұр. Бүкіл әңгіменің финалындағы көркемдік қуатты осы етістік сөздер қайталану арқылы оқырманға дәл жеткізіп отыр. «...шулап жатты, келмей кетті, өткізіп жатты, көзін кең ашты, арыздасты, біліп бара жатты, қала берді, қыздай сыңсыды, етпеттеп еңіреді, айнала берді, боздады, аңырады, шалуын доғарды, ұшып жүрді, дөңгеленіп бара жатты, ай тұтылды» – деген сөздер авторлық ойды сол сәттегі психологиялық хал-ахуалмен тұтастырып, осы екеуінің табиғи бірлігіне қол жеткізген.
Тағы бір баса айтатын мәселе, жазушы әңгімелерінде Махамбеттің, Тәттімбеттің, Ақан серінің, Сәкеннің, Ықыластың, Сүгірдің, Төлеген Момбековтің бейнелері бір-бірін қайталамайды. Әрбір тарихи тұлғаның өзіндік, қайталанбас бейнесін сомдауда автор тыңнан жол іздейді. Олардың өміріндегі ең бір айтулы, тарихқа белгілі, оқырманын селт еткізіп, баурап алатын тұстарына ат басын тірейді. Соны жаңа қырынан жарқыратып жайып салады, бірақ орынсыз ойдан шығаруға, тізеге салып иіп әкелетін жасандылыққа бармайды. Сондықтан да олар әдеби кейіпкер ретінде өз ортасының тілінде сөйлейді, өз заманының перзенті боп ой тастайды.
Сонымен, Тәкеннің тіл шеберлігі, суреттеу тәсілінен анық көрінетін басты-басты тоғыз арнаны толық аңғаруға болады. Біріншісі – сөздерді қосарлап қолдану. Осы әдіс арқылы сөздегі бейнелілікті, әсерлілікті күшейту. Осы жымдасып, жарасымын тауып жататын әдіс-тәсілдерінің өзі іштей бірнешеу. Соның бірі – дыбыс үндестігін сақтай отырып сөйлем құрастыру ерекшелігі. Не дауысты дыбыстан, не дауыссыз дыбыстан басталатын сөздердің бірыңғай, бірінен кейін бірі іркес-тіркес құйылып келіп отыратындығы. Бұл жерде жазушы жалаң, тек дыбыс үндестігін (ассонанс, аллитерация) сақтауды ғана мақсат етпейді, керісінше осы сөйлемдердегі мағына үйлесімін, мазмұн жарасымын, бедерлі бейнелілікті алдыңғы қатарға қояды. Құрғақ, жылтырақ дыбыс қуалаушылықтан бойын аулақ ұстаған. Автордың оқырманға айтар ойын топтап, тұтастырып, әсіресе түйіндеп, түйдектетіп жеткізу мақсатында осы көркемдік әдіс көбіне-көп өзін-өзі ақтап тұрғандығы анық.
Екіншісі – сөздерді шендестіру арқылы суретті құбылту, ойнату, ой тереңіне тарту.Үшіншісі – пейзаж, табиғат көрінісін молынан пайдалану. Сол арқылы кейіпкердің жан дүниесіне тереңдеу, оның мінез ерекшелігін екшеп көрсету. Кейіпкердің жан дүниесіндегі толғаныстар мен оның бір сәттік көңіл хошын, көңіл-күйін де осы табиғат аясында бейнелеген тұстарда қаламгер бізге айтар ойын алақандағыдай ашып тастайды.
Төртіншісі – юмор, сатира, сарказм элементтеріне жазушының көп иек артатындығы. Кейіпкер мінезін даралаудағы оның қызметін орнымен, ұтымды ұтқыр пайдаланатындығы. Бесінші – тарихи деректерді, тарих көздерін шығарма арқауына молынан кіргізетіндігі. Бұл деректердің көркемдік мәні мен маңызын, әсіресе шығармадағы әлеуметтік тартыстарды, қоғамдық-саяси орта шындығын терең ашып, кейіпкер тағдырымен сабақтастыра көрсету мақсатында сәтті қолданатындығы. Сонымен бірге тарихи шындықты қаламгердің өткір әлеуметтік, философиялық, қоғамдық ой-толғамдарын айтуға, оқырманға әсерлі жеткізу мақсатында өзіне тірек етуі. Мысалы, Махамбет пен Ақан сері образдарының терең әлеуметтік мәнге ие болуы, көп қатпарлы қоғам шындығының, тарихи кезең шындығының боямасыз, шынайы көрініс беруі көбінесе осының арқасы.
Алтыншысы – халық аузындағы аңыз-әңгімелердің, шежірелердің, басқа да көптеген құнды тарихи мұралардың көркемдік қуатын оқиға өрісін ширатуға, тереңдетуге шебер кіргізетіндігі. Автордың әлеуметтік, рухани, гуманистік ой-байламдары көбінесе осы баға жетпес халықтық, эстетикалық мұралармен терең сабақтасып жатады. Жетіншісі – қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік сөз өрнектерін шығарма мәтініне, кейіпкер сөзіне, авторлық баяндауларға орнын тауып, ұтымды пайдаланып отыратындығы. Сегізінші – ұлттық бояуы қанық, ұлттық өрнегі мейлінше дара сөздер мен сөз тіркестерін дәл тауып қолданатындығы. Қаламгердің ұлттық мінезді шынайы бейнелеп берудегі қол жеткізген табысы көбіне-көп дәл осы тәсілдің арқасында жүзеге асқан. Өнер, этнография, тұрмыс-салт, ырым-жорамал, өнер аспаптары, өсімдік, тал-шөп түрлері, төрт түлік мал, аң-құс, тағы басқа сол сияқты ұғым түсініктердің, киелі, қасиетті саналатын табиғат ғажайыптарының барлығының жиылып келіп бір арнада тоғысуы, көрініс табуы. Ол арна – ұлттық ұғым-түсінік, ұлттық сана-сезім, ұлттық ойлау жүйесі. Ұлттық ойлау мен ұлттық пайымдаудың өзіндік ерекшелігін жазушы басты назарда ұстайды. Қазақтың ұлттық психологиясының, ұлттық менталитетінің әрбір кейіпкердің бойынан атойлап көрініп тұратындығы – қаламгердің ұлттық өмірді, тұрмыс-тіршілікті терең меңгергендігін, жақсы білетіндігін аңғартады. Әйтпесе кейіпкерлерге қазақтың киімін кигізіп, қазақша сөйлетіп қойғаннан ұлттық мінез шықпайды. Ұлттың рухани жан дүниесін терең білу де осы тұста бой көтереді. Тәкен осы мақсатқа жету жолында көп тер төккен. Әсіресе кейіпкер сөзіне кеп мән берген. Кейіпкер сөзі – характер ашудың төте жолы. Осыны жазушы мейлінше шебер меңгерген.
Тағы да тереңірек айтсақ, Тәкен шығармаларынан ұлтжандылық қасиет ұдайы қоңыр самалдай есіп, жанынды тербеп отырады. Қаламгердің түпкі мақсаты – халықтың салт-санасын, қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, ырым-жоралғысын, яғни қадым заманнан қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық руханиятымыздағы терең, мәңгілік сарындарды жоғалтып алмау, қайта тірілту, қайта жандандыру. Ел мен жер тағдырындағы жан ауыртатын қоғамдық керенаулық, әлеуметтік самарқаулық, салақтық, бойкүйездік – қаламгердің көзге шұқып көрсететін кеселдері осылар. Осыған жауап іздеген тынымсыз әрекет бар Тәкен туындыларында. Тоғызыншысы – Тәкен Әлімқұлов шығармаларының жанрлық табиғатына, тақырыптық мазмұнына және композициялық құрылысына етене байланысты туындайтын өзіндік ерекшеліктері. Алдымен айтарымыз, жазушы біріншіден, әңгіме жанрын өте жетік меңгерген. Тандаулы көркем дүниелері де осы жанрдың еншісінде екендігі тегін емес. Екіншіден, жазушы нені жазса да қысқа жазуға ден қояды. Оның шығармаларының бас-аяғының өте жинақы, ықшамды, жұмыр, шымыр келетіндігі сондықтан. Қаламгердің бүкіл шығармашылық мұрасы осыны дәлелдейді.
Белгілі жазушы Тәкен Әлімқұловтың өнер тақырыбындағы туындылары, әсіресе күйшілердің тағдырына, олардың өнер өлкесіндегі құпиясы мол, қиын да құдіретті өмірлері өзек болған шығармаларындағы заттық әлем (предметный мир) әлі өз алдына зерттеле қоймаған тың өлке. Белгілі бір өнер адамдарына ғана тән, тек солар ғана қолданатын өнер аспабы, яғни, зат-құрал өз иесінің тағдыры мен рухани өміріне тікелей қатынасы бар, оның ішкі тағдырын, жан дүниесін ашар кілті ретінде қарастырылады.
«Қаралы қобыз», «Сары сыбызғы», «Қызыл қамшы», «Қобызшы Қорқыт» дастан, шығармалары аспапты арнайы сөз етсе, «Сары жайлау», «Көк қаршыға», «Көкейтесті», «Жиендік», «Уайдай», «Кертолғау», «Қараой», «Күйші», «Махаббат күйігі», «Құлқын», «Телқоңыр», т.б. әңгімелері мен «Сейтек сарыны», «Қаратау» атты повестері өнер адамдарының екінің біріне белгісіздеу жұмбақ табиғаты, құпия тағдыр-тауқыметі, бөгде болмыс, бітімі, елден ерек қасиеті, тірлігі, т.б. және олардың құдіреттей қастерлеп өз өмірлерінен де артық ардақтайтын аспаптары – заттары арқылы құпиясы мол ішкі жан дүниелеріне жол ашылып, ішкі табиғаты танылып жатады. Заттық әлемді автор өз кейіпкерлерінің бөтен жұртқа белгісіздеу шығармашылық касиетін тереңдей талдап, түсіндіру мақсатында сәтті пайдалана біледі. Бізді де осы мәселе қызықтырады. Мысалы «Қаралы қобыз» әңгімесіндегі қаршадайынан қобыздың құлағында ойнап, сырласқан Ықылас осынау мылқау тілге лажсыз жүгінеді. Белгісізге болжау жасайды. Қияндағы Қара өткелдің абақтысында кезі бозарып жатқан баласынан хабар-ошар әкелердей, жандалбастық. Қасына келгіштеп, «қалай?» деуге бата алмай қипақтаған қатынына сыр жармайды.
Атақты күйшінің қырсық мінезіне ерегесіп, баласын ұстатып жіберген старшын озбырлығы Ықыласты осылай терең ойға, жалғыздыққа, мұң-қасіретке қамайды. Елден де жырақталып, қалың қамысқа тығылған бес үй бұғыңқы күй кешеді. Күйші жалғыз қолқанаты қаралы қобыздан қол үзгелі де қай заман? Онсыз да қаралы қобыз мынадай жалғызынан айырылып, аянышты күй кешкен күйшіні одан да бетер қасіретке қамары сөзсіз. Әйтсе де, дыбыспен сырласып жаны мен тағдыры біртұтасып кеткен киелі аспабы күйшіге тап осындай тоқырау сәтте керек сырлас, мұндас, іштегі шерін шығарар кілті ретінде де керек. Сондықтан, Ықылас жалғызына осы қаралы қобыздың құдіретімен жол тауып, түрмеден шығарып алуға бел байлайды.
Мұндағы қаралы қобыз екі бірдей, заттық және көркемдік кызмет атқарып тұр. Біріншіден, ол иесінің қайғы-қасіреті, мұң-наласы, старшынға, озбырлық пен зорлыққа деген қарсылығы болса, екіншіден, сағынышы болып төгіледі. Сондай-ақ, Ықыластың жан жүрегінен, ішкі шерден шыққан шынайы өнер өз баласы қайтыс болып, қара жамылып отырған дуанбасы Ерденнің де бетін бері қаратады. Оны автор мынадай психологиялық жағдайда бейнелейді. «Қобызшы кіргенде Ерден басын көтермеді. Әйелдер қара қобыздан үріккендей де, таңданғандай да еді. Тырс етпей, кимешектің астынан ұрлай қарасты» [34,51]. «Ықылас босағаға тізе бүкті Қобызын сәл дыңылдатып тұрды да, бармақпен дірілдете жөнелді. Бара-бара бармаққа саусақтар қосылады. Қобыз бел асып аңырай бастады. Дүниеден торыққан көңілдің, қартайған үміттің аяныш лебізі «ой бауырымға» уанбайтын Ерденнің құлағына кіріп, тұла бойын шымырлатып жіберді» [34,51]. Қара қобыз Ықыластың өзін әлдиледі. Абақтыдағы ауру баласын әлдиледі. Осы араға келгенде Ықыластың көзінен жас шықты. Ыстық жас сорғалап, бурыл тартқан сақалдан шашылып жатты. Ерден қосыла жылады. Әйелдер де жылады. Бәрі іштей табысқандай, үнсіз, ұзақ жылады... [35,52].
Міне, осы үзіндіде автор заттық әлем – қаралы қобыздың адамның жан дүниесіндегі ішкі сырды, қайғы-қасіретті, тіл айтып жеткізгісіз сырды, ештеңеге жібімейтін қатал жүректі де шымырлатып, шерін шығарудағы таптырмас құрал ретінде бояуын жеткізе, нәрлі нақышпен жеткізеді.
Ал, «Көк Қаршыға» атты әңгімесінде Ақан серінің қартайған шағында баласы Ыбан екеуінің тау кезіп, елден кеткен кезін баяндайды. «Ел ішіндегі сыпсың сөз, қаңқу өсектен мезі болып, тау кезіп тыныштықты қалаған ақын көп замандасының қырық пышақ боп қырқысына көл жағасында отырып, жынды кісідей жалғыз күледі» [34,59].
«Осындай күйзелісті сәттерде мылқау бала әкесінің толқынысын томсарылған қабағынан, ұзын кірпіктердің самарқау қимылынан таныды. Ыбанның «балалаған» шолақ тіліне, саусақтарының оралымды бейнесіне Ақан да түсініп алған. Екеуі бірін-бірі бауырмал ыммен жұбатады. Тіпті, кейде қамкөңіл әке бастан кешкен қилы-қилы күннің қайсыбір хикаясын мылқау серікке шежіре етіп шертеді. Саусақтар сыртылдап, қас-қабақ құбылғанда, сырттан қараған адамға, шынында да, жындыға ұқсап көрінуі бек мүмкін еді» [34,59].
Табиғат өзі таршылық еткен қасиетті басқа жағынан асырып та беретіні белгілі. Ыбан мылқау болғанмен оның ішкі жан дүниесі таза, ұғымтал, сезімтал, ол кез келген көңіл-күйді қас-қабақтың қағысынан, әрбір ым-ишарадан танитын сұңғыла, сезімтал жан.
Суреткер мылқау бала бойындағы ерекше қасиетті қапы жібермей, қадағалай зерттейді, зергерлікпен бейнелей де біледі. Автордың кейіпкер кескініндегі ішкі сезімнің сырын ашар әрбір ишараны, мимикалық қозғалысты дәл тауып беру қасиеті де қуантарлық. Мысалы: «Ұзын кірпіктер тілсіз қимылдап, қанаты қозған көбелекті еске түсіреді» [34,61].
Кейіпкер мен зат, зат пен автор, зат пен әлем арасындағы мағыналы қарым-қатынасты, көркемдік кеңістікті Т.Әлімқұлов өзінше өрнектейді.
Көркем шығармада көркемдік қызмет атқармайтын зат-аспап жоқ. Олар кейіпкер тағдыры, өміріндегі ең үлкен психологиялық құбылысты танытатын көркемдік құрал ретінде толық атқарады.
Т.Әлімқұлов көркемдік концепциясында ең көрнекті орын алатын өнер аспаптары сезім образдарын тудыра отырып, дыбыстық жүйе арқылы адамның жан дүниесін, ішкі сезім иірімдерін зерттейді, зерделейді. Негізі кез келген жазушының көркемдік әлемі осы қоршаған ортадан, табиғаттың тылсым сырларынан, жаратылыс туындыларынан құралатыны белгілі. Өйткені, адам жаратылғалы табиғат құбылысымен етене таныс, бірге тұтаса, туыса тіршілік кешіп келеді. Олай болса, табиғаттың табиғи образдары – құстардың сайрауы, адамдардың дауысы, күлкілері, жан-жануарлардың түрлі дыбыстары, найзағайдың жарқылы, жауынның сыбдыры, жапырақтың шулауы, т.б. толып жатқан жан-жағымыздағы алуан түрлі дыбыстық образдар адам өмірін құрайтыны белгілі.
Көркем туындылардағы дыбыстық жүйе де әр түрлі әлемді құрайды. Музыкалық әуендер, жан дүниені еріксіз тербейтін дыбыстар Т.Әлімқұловтың заттарынан, музыкалық аспаптарынан ақтарылып төгілген күйлер арқылы дүниеге келген дыбыстық жүйе жемісі. Көркем шығармадағы кейіпкер көркем мәтінде белгілі бір заттық белгісі, қылығы, іс-әрекеті, кескін-келбеті, дауысы, т.б. енеді де өзіне назар аудартады. Мәселен, осындай образды автор кейіпкер болмысын бедерлеуге, оның өзіне ғана тән табиғатын танытудағы таптырмас құрал ретінде пайдаланады.
«... Қаршығаның қызығы әлі алда. Әбден қол бала боп алсын, сонан кейін Көкжендет ілген құстанатының белі майысатын болады. – Сол кунге бір жеткізсінші, Ақан аға! Бүгін құмардан қан байқалдық қой», – деп Қанафия әлденеге еңкейе бергенде, басынан зерлі сары тақиясы ұшып түсті. Жеті атадан бері ауысып келе жатқандайжас төренің зерлі тақиясы тым көне еді. Қолға қонған қаршығаны оққа байлаған мейірімсіз Кенесары осындай жез телпек киіпті деген қауесет бар. Ақан: «Бөрінің бөлтірігінің бас киімі де бөтен» деп, бір қойды» [34,74].
Достарыңызбен бөлісу: |