Диплом жұмысының мақсаты мен міндеті: Т. Әлімқұлов прозасындағы ұлттық психологизм
дүниетанымды танытатын сөз өрнектерін саралау, талдау. Автордың қазақ халқының психологиясын танытудағы шеберлігін көрсету;
– Ұлттық психологизм ұғымына түсінік беру;
– Көркем әдебиеттегі психологизм ұғымын талдап-саралау;
- Т.Әлімқұлов шығармашылығындағы ұлттық болмыстың берілу жолдарын анықтау;
- Ұлттық оралым, салт-дәстүр,өнер ұғымдарына қатысты деректерді зерделеу;
Диплом жұмысының теориялық - әдістемелік негізі: Қазақ ақын-жазушылары шығармаларындағы психологизм ұғымы осы күндерде әлі де болса тиісті дәрежеде толық зерттелмеген, сондықтан зерттеу жұмысында мәліметтерді, деректерді саралай отыра, бұл үдерістің тиімді жолдарын табу көзделеді;
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы: Қазақ әдебиеттануында психологизм ұғымы Г.Піралиева, Б.Майтанов, Р. Мұқышева, Н.Қамарова, Н.Серікбаев т.б. еңбектерінде біршама зерттелген. Алайда психологизм ұғымының ұлттық сипаты осыған дейін зерттелген жоқ.
Диплом жұмысының әдістері: Зерттеу әдістері мен тәсілдері жұмыстың алдына қойылған мақсат пен міндеттерге сәйкес анықталды. Бітіру жұмысында жүйелік - хронологиялық, әдеби - ғылыми аналитикалық талдау, ғылыми тұжырымдарды саралау, жинақтау және қорытындыларды негіздеудің әдіс-тәсілдері қолданылды.
Диплом жұмысының нысаны. Т.Әлімқұловтың өнер туралы әңгімелері, «Ақ боз ат» романы, әңгімелері мен повесттері алынды.
Дипломның құрылымы: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
І. Т. ӘЛІМҚҰЛОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАНТАНУ ІЛІМІ
1.1.Әдебиеттегі жантану ілімі
Л. Н. Гумилев этносты әлеуметтік емес, географиялық, табиғи құбылыс ретінде қарастырады . Бұл бірегей зерттеу үшін этнос бұл – айырықша ішкі құрылымы мен бірегей мінез-құлық қалыптарына ие (динамикалық жүйе), басқа ұқсас ұжымдарға қарама-қарсы («біз» және «біз емес») адамдар ұжымы. Басқаша айтқанда, ұлттың басты белгілері болып психологиялық мінездемелерді атайды: өзіндік сана (бірегейлік) мінез-құлық қалыбы.
Этнопсихология грек тілінен аударғанда (ethnos -ру, ел) деген мағына береді. Этнопсихология ғылыми-теориялық пән. Оның пәні – этникалық сана функцияларының және этникалық қатынастар дамуының психологиялық аспектілері. ХІХ ғасырда этнопсихологиялық идеялар «халықтар психологиясы» ағымында дамыды. Олардың өкілдері М.Лацарус, Х. Штейнталь, В. Вунд болған. Этнос бір-бірімен ұзақ бірлесіп өмір сүру тәжірибелеріне ие болған, сақталып қалған дәстүрлері, жалпы өзіндік сана-сезімі бар әлеуметтік макроорганизм болып табылады. Бұл тарихи қалыптасқан, тұрақты, жинақталған адамдар қоғамы. Олардың тұрғылықты, нақты табиғи қоршаған ортасы, нақты-климат, географиялық жері бар. Қандай да бір этносқа тән адамдарда өздеріне тән өмірді қабылдаулары мен әлеуметтік қатынастарда нақты психологиялық-әлеуметтік стереотиптері бар. Этностың барлық шығу тегімен байланысып жатқан мүшелері тірі макроорганизм жасайды.
Этностың ең алғашқы даму сатыларында адамдар рефлексияға дейінгі жағдайда болады, яғни, өзіндік қорғаныс инстинкті айтады, солайша санасыз жүреді, әр-кім өздерінің жанұясының қауіпсіздігімен қолайлылығын қамтамасыз етеді, солайша олар этностың толығымен өмір сүруін қамтамасыз етеді. Этнос жас және күшті болған сайын, өмірлік маңызды функциялардың барлығын басынан кешіреді - сыртқы қауіпсіздікті сақтайды, жауларын жеңеді, өз санын көбейтеді. В.Г. Крысько бойынша этнопсихология пәні – әр түрлі этникалық қауымдастықтар өкілдері психикаларының көріну ерекшеліктері. Бірақ, бұл ғылым әр түрлі көзқарастар әсерінен мазмұны мен негізгі феномендерін өзгерте жүріп, қалыптасты. Ұзақ уақыт бойы этнопсихологияның жалпы категориясы – күнделікті өмірден алынатын психологиялық жиналымдар болды. Ұлттық психологиялық жиынтық - сәтті түрде талданатын анықтамаларға жатады,- дейді Г.М. Андреева. Сондықтан этнопсихологияда бұл ұғымды ашатын эквиваленттерді табу жолдары қарастырылуда, өйткені ұлттардың психологиялық жиынтығы ұғымына синоним ретінде-ұлттық мінез, ұлттық сана-сезім, ұлттық психология кіреді. Этнопсихология деген не? Сұраққа көптеген адамдар бұл этностар мен халықтардың психологиясын зерттейтін ғылым деп жауап береді. Біріншіден «этнос» терминінің мағынасын бір мағыналы емес, яғни психологияның бүкіл түрі нені зерттейтінін білесіз. Екіншіден: көптеген авторлар психологияның сипаттамасын этноспен емес, мәдениетпен байланысты зерттеуді қалайды, сондықтан мәдениет деген не екенін нақты саналау керек. Үшіншіден этнопсихология терминінің өзі әлемдік ғылымда жалпы қабылданған болып табылмайды. Осы ғылымдағы көптеген мамандар өздерінің «халықтар психологиясы», «психологиялық антропология», «салыстырмалы-мәдени психология» зерттеушілеріміз деп есептейді.
Дегенмен де, ұлт психологиясы – этнопсихологияның негізгі мәселесі.
Ұлттық психология – әлеуметтік психологияның бір бөлігі, оның үрдістері мен заңдылықтарына бағынған құрылымдық элементі. Демек, ұлттың қоғамдық санасы нақты мәнге ие – этнос тарихтың белгілі бір даму кезеңіндегі санасының жеткен деңгейін айқындайды.
Адамның мінезі дегенді адамның тәртібі мен қылықтарына әсер ететін, оның тек өзіне тән, айқын көрініс беретін психологиялық нышандары деп түсіну керек. Мінез адамның еркі мен бағыттарында көрініс беретін, оның тұлғасының психикалық құрылымы ретінде айқындалады.
Жеке адамның мінезі ол өмір сүріп отырған әлеуметтік топтың мінезіне ұқсас болады, немесе керісінше, жеке адамның мінездерінен әлеуметтік топтың мінезі көрініс береді.
Өзінің ұзаққа созылған қалыптасу жолында қазақтар да өзге халықтар сияқты қадір тұтуға жарайтын ұлттық психологиялық кешендерді бойына сіңіріп келді. Халқымызға тән ұлттық мінездің кейбір нышандары: Жауынгерлік мінез. Тарихтың әр кезеңінде казіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың бәрінің де қызуқанды, қырағы жауынгер болғаны белгілі. Сондықтан олар орасан мол аумақты иемденіп, ғасырлар бойы ұстап тұрды. Қазақ халқының арғы тегі – түркі тектес тайпалардың тарихта Еуразияның ұлан-ғайыр даласын бағындырып, мұхиттан мұхитқа дейінгі аралықта азулы мемлекеттер құрғаны белгілі. Кеңпейілділік (бауырмалдық, мейірбандық) – қазақтарда туған жерінің кеңдігі, оның табиғатының қаталдығы және малшылық кәсіппен айналысу факторларының әсерінен пайда болған мінез. Қазақтың кеңпейілділігін қазақ жеріне келіп коныстанған өзге ұлт өкілдерінің бәрі және көптеген зерттеушілер ризашылықпен атайды.
Бұлардан басқа қазақ халқының ұлттық мінездеріндегі жағымды нышандардың елеулілеріне – мәрттік, жомарттық, конақжайлық, балажандық, аңқаулық жатады.
Ұлттық мүдде деп белгілі бір ұлт өкілдерінің бәрі үшін ортақ қоғамдық мүдделерін айтамыз. Қазақтардың ұлттық психологиясына тікелей қатыстылығы бар, ұлттың баршаға ортақ мүддесі дегенге келетін болсақ, оны әр кездегі әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің түсінуі мен оған сай әрекет етуінің әр түрлі болғандығын көрер едік. Ұлттық мүдденің алдыңғы лекке шығуы мен оны қанағаттандыру бағытындағы әрекет белсенділігінің артуы да ұлттың өзінің (ұлттық психологияның да) даму үдерісіндегі ілгері басқан сәттерге сәйкес келеді.
Мүдде адамды алға жетелейді. Ұлттық мүддені сезіну ұлты үшін жаны күйетін отаншылды жанталастырады, оны отқа да, суға да түсіреді, жеңіске жетелейді. Ұлттық мүдде мен қажеттілікті түсінудің ұлттық психологияның құрамдас құрауышы ретіндегі мәні осында. Ұлттық мүддені түсіну өзіндік сана категориясымен тікелей байланысты.
Ұлттық психологияның құрамдас элементтерінің бірі – ұлттық өзіндік сана. Ұлттық өзіндік сана дегеніміз – этностық сананың жоғары, күрделіленген, жетілдірілген формасы. Ұлттық өзіндік сананы ұлттың өзінің әлеуметтік-этностық мәнін танып білуі, дүниежүзілік қауымдастық жүйедегі өзінің орнын және қандай орын ала алатынын, адамзат тарихындағы атқарып жүрген әрекеттік рөлін және оның қандайын атқара алатынын, адамзат жасап жатқан өркениетке қосқан және қоса алатын үлесін сезіп тұшынуы, сонымен қоса өзге халықтармен тең, еркін және тәуелсіз өмір сүрудің табиғи-тарихи құқығын түсінуі деп ұғуға болады.
Әлеуметтік психологияда көпшілік жағдайда ұлттық өзіндік сана ұлт мүддесімен байланыстыра қарастырылады. Ол қоғамдық және халықаралық қатынастар жүйесіндегі ұлттың жағдайымен айқындалатын объективті ұлттық мүдделердің бейнесі немесе ұлттық мүдделердің мәні және оларды іске асыруға тырысу ретінде сипатталады.
Ғалымдардың пайымдауынша ұлттық психологияны қалыптастыратын факторларға мыналар жатады: халықтың басынан өткерген тарихы, ұзақ жылдар бойы айналысқан шаруашылық түрі, төлтума мәдениеті, ақпарат алмасу тілі,салттары мен дәстүрлері,тұрған жерінің табиғаты және климаттық жағдайлары;
Діні,әлеуметтік-демографиялық жағдайы.
Бұл аталғандардың соңғысынан басқалары ғасырлар бойы көп өзгеріске ұшырай бермейді, ұзақ уақыт сақталады. Соған сәйкес ұлттық психология да халықтың санасына әбден орныққан құбылыс болып табылады, оны өзгерту өте қиын және ұзаққа созылады.
Бүкіл халық ұстанатын тәлім – тәрбиелік нормаларды жан жүйесі тұрғысынан баяндау – барлық адамзатқа ортақ халықтық психологияның зерттеу нысанасы болып табылады. Мұнда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт – сана, әдет – ғұрып ұрпақтан ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл – ой, эстетикалық, еңбек, дін, т.б. тәрбие түрлеріне қатысты таптауырынды нормалар мен принциптер, яғни белгілі бір этностың , жалпы мінез – құлқы, іс – әрекетінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психология – психика мен мінез – құлықтың қанға «сіңген», тез өзгеріп, не жоғалып кетпейтін ұлттық бітісі, мезгіл мөлшерімен алғанда ұзақ дәуірдің жемісі.
Халықтық психология – адамдардың қоғамдық және жеке тәжірибесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдердің жүйесі. Бұл – адам мінез – құлқының көптеген жақтарын қамтып, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін ілім – білімдердің жүйесі. Әйтсе де, бұлар арнайы ғылыми жүйеге негізделмегендіктен, жеке тұлғамен этнос психологиясын ажыратуға жөнді жарай бермейді. Мұндай жағдайда біз тек ғылыми психологияның деректеріне сүйенеміз.
Халықтық психологияның теориялық мәселелрін зерттеумен этнографиямен астарласа дамыған этнопсихология атты ғылым саласы шұғылданады. Этнопсихология – әрбір халықтың рухани әрекетін (миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет – ғұрып, діл, дін, т.б), жемісін сол халықтың психологиясын, сана – сезімін көрсететін негізгі өлшемдер деп есептейді. Этнопсихология жеке ғылым ретінде ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресейде, кейінірек Батыс Еуропа елдерінде (Лацарус, Штейнталь, Вундт, т.б) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Оның еңбектерінде халық рухы дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны халықтық психология ұғымының синонимі деуге болады. Бұдан біртуар ғұлама ғалымның еуропалық этнопсихологтардың еңбектерінен біршама хабардар болғаны байқалады. Этнопсихология зертттейтін проблемалар (этностереотип, этноцентризм, ұлттық тұрпат, халық рухы, ұлттық намыс, ұлттық сана, дәстүр, салт, т.б.) сан алуан. Бұл – өте күрделі, әлі де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н. Назарбаев былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этникалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айырықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән-мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбексүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; жаудан беті қайтпау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық; ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үленді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б). Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан – жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұғымды мақал мен мәтінді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру – тұрмыстың дағдалы машығына айналды. Әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналады. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «өнерді үйрен де, жирен», «жігітке жетпіс өнер де аз», «шебердің қолы ортақ», «жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқам батырым» сияқты бесаспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адамның қадір-қасиеті, оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделілікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді.
Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау – дамайға төрелік айту сияқты этностық таптауырындар (стереотип) кең әріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке – дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт» дейтін болды. Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тіл мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері – қазіргі қазақтардың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын, өйткені, қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс – тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз. Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қақсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы. «Бұрынғы уақытта – деп жазды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында: – Қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сайықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»[41,12] – дейді.
Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден «сіңіп» жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүездік пен салғырттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. Осы секілді келеңсіз қасиеттер әлі күнге дейін алдымызға оралып, заман талабына бейімделуге бөгет болып отыр. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке әуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы сияқты жағымсыз қасиеттер келіп қосылды. Бізде бұдан басқа еліктеп – солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жәйт еңсемізді көтертпей, құлдық психологияның шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқанын естен шығармауымыз қажет. Қазақ халқы сонау есте жоқ заманнан өзінің қадір-қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандарып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтан тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленуге тиіс.
Халықтық психология – адамдардың қоғамдық және жеке тәрбиесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдерінің жүйесі. Халықтық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнографиямен астарласа дамыған этнопсихология атты ғылым саласы шұғылданады. Халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі имандылық пен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі. Әрине «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері болғандығы белгілі. «...Өз ұлтын сүйген адам өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады»– дейді Мағжан Жұмабаев.
Психологизм ұғымының көркем шығармадағы өзге жанрлық түрлерден ерекшелігі кейіпкердің жан дүние бейнелеуінен көрінеді. Суреткер кейіпкердің жан дүние диалектикасын, белгілі бір іс-әрекетке бастар көңіл-күйінің себеп-салдарын көркемдік тұрғыда талдап жазғанда ғана шығармада психологизм өріс алады [1,13]. Бұл ойымызды нақтыласақ: «...әдебиеттегі психологизм – кейіпкердің ішкі әлемнің толық суреттелуі шығармадағы эстетикалық әлемнің бөлігін құрайды» [ 2,834].
Көркем шығармада кейіпкердің әр түрлі қалыптағы қарама-қайшы дүниетанымын, көзқарастарын, іс-әрекеттерін, көңіл күйлерін тереңдей талдап, жан-жақты бейнелеу психологизмнің көркемдік табиғатын танытады.
Әдебиеттану ғылымында психологиялық талдаудың аналитикалық, синтетикалық яки динамикалық психологизм атты ұғымдары бар. М.Храпченко Н.Гоголь шығармашылығын зерттеп, типологиялық психологизм ұғымын енгізген. Психологизмнің бұл түрін Б. Майтанов М. Әуезов шығармашылығымен байланыстырып «тұйық психологизм» [3,86], – деген ат береді. Бұл синтетикалық психологизмнің өзгеше бір сергек те, сыпайы түрі деуге келеді. Синтетикалық психологизм дегеніміз – қоғамдық тартыстағы кейіпкер көрсететін іс-әрекет, қақтығыстар сыртқы кескін-келбет, бет-жүздегі құбылулар.
Жоғарыда аталған синтетикалық элементке қарама-қайшы, бірақ онымен өзектес сана ағымындағы күрделі толқындарды суреттеу, ішкі толғаныстарды көрсету, жан диалектикасын бейнелеу-аналитикалық психологизм деп аталады. Аналитикалық тәсілдің басты көрінісі-ішкі монолог. Адамның сезім-күйін, ой-толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы, нанымды нақышпен бейнелейтін психологиялық жай ерекшелігі жанрлық талап пен автордың кәсіби шеберлігіне келіп саяды.
Психологиялық романның көркемдік әлемін Ф.М. Достоевскийше түсінсек, бар мәселе – автордың оқырманды өз кейіпкерінің ішкі өміріне қалай ендіруінде жатыр. Кейіпкеріне сөз бере отырып, оның сана ағымын, қақтығысқа толы рухани әлемін, жан қозғалысын нәзік детальдармен бейнелей білу нағыз шеберліктің шыңы[4,88].
Психологиялық роман табиғатының өзі жеке адам тағдырын екі әлем, атап айтсақ, сұлулық пен ұсқынсыздық, саналылық пен бейсаналық, өмір мен өлім т.б. арасындағы ымыраға келмейтін күрес пен мәңгілік құндылықтар жайында ой қозғауға мәжбүр етеді. Бұл-психологиялық туындыға қойылар басты шарттардың бірі.
Психологиялық шығарманың өзіне тән жанрлық ерекшеліктері нақты көркем мәтіндерді талдау барысында төмендегідей айқындалады:
Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер, кезең, уақыт, тақырып, идея т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та етілмейді.
Екіншіден, мұнда ең бастысы-жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адам бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы көркемдік назарға алынады.
Үшіншіден, шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке адам санасындағы сапалық өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле талданады.
Төртіншіден, психологиялық прозаның көркемдік әлемі өзінің жанрлық талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды [1,14].
Негізі, көркем шығармада психологиялық талдау жасалынбаса «адамның ойына өң беріліп, көңіліне күй түсірілмейді» [5,36].
Көркем әдебиеттегі психологизм мәселесі – ғылыми, әдеби мәні мол, күрделі мәселе. Психологизм – қоғамдық алғышарттар мен жеке адамдар дүниетанымын, олардың іс-әрекетіне жетекші сана-сезімдік қозғаушы күштерді сенімді суреттеу құралы. «Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық шығармашылық феномен – психологизм» [6,3], – дейді Б. Майтанов.
«Психологизм – көркемдік әлемнің жұлын-жүйесі» [6,12] болғандықтан, психологияның әдебиет саласындағы тұрақты «елшісі» ғана, себебі әдебиет психологияның өзінен бұрын енші алып ерте дамыған. Даму барысында психологизм элементтері ертедегі әдебиеттерде де орын тепкен. Нақтылы психологизмнің көркемдік тәсіл ретінде әдебиетке келуі XVIII ғасырдан басталады. Сол кездегі сентименталист жазушылардың алғы мақсаты – адамның жан қозғалысын, нәзік әрі терең сезімталдықты суреттеу.
XIX ғасырдың басына қарай адамның жан дүниесіне үңілу тереңдей түсіп, көркем шығармадағы басты нысана адам болғандықтан, оның ішкі, сыртқы болмысы шынайылықпен сомдалуы тиіс, адам жанын жандандырудың басты тәсілі психологизмнің осы тұрғыда алатын орны ерекше атала бастады.
Қ.Әбдікова әдебиеттегі тұлға мәселесінің психологиялық талдау арқылы жүзеге асатынын айта келіп, Ж.Аймауытов шығармашылығына талдау жасайды. Қазақ әдебиетіндегі тұлға мәселесін психологизм тұрғысында айтқан А.Иезуитов: «Біріншіден, психологизм – сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі» [11,50], – деп баса көрсеткен. Суреткер барлық күш- қайратын, шеберлігін бір ғана мақсатқа – адам жүрегінің сырын, адам жанының шындығын танытуға жұмылдырады. Адам жанына психологиялық талдау жасау жаңағы шеберлік шеңберімен астасып жатады.
«Психологиялық талдау өнертанудағы соны сипаттағы белес болды, кейіпкер психологиясын талдау тареңдей түсті» [10,278]. Көркем әдебиеттің негізгі предметі адам болғандықтан, оның рухани әлемін, ой-сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету – суреткердің негізгі міндеттерінің бірі.
Мұны танытудың әдіс-тәсілі «сана ағымы» «жан диалектикасы» сияқты психологиялық талдау негізінде Р.Стендаль, Л.Толстой, Ф.Достоевский шығармаларында қалыптасқаны айтылып жүр.
Психологизмге алғаш баға бергендердің бірі Н.Чернышевский Л.Толстой шығармаларындағы психологизмді реализмнің басты тәсілі, әсіресе адамды танытудың материалистік әдісі деген және «психологиялық талдау – шығармашылық таланттың қуатын көрсететін қасиеттің ең маңыздысы» – екенін атап айтқан [11,36].
Кейіпкердің жан қалтарысының, сезім толқындарының әрбір қақтығысын көз алдымызға тізбектей мөлдіретіп әкелу қаламның эпикалық құлашы мен лирикалық толғанысын керек етеді. Шығарманың өн бойындағы үзілмес желі оқиғалар тізбегін адам жасаса, әрекет-қимыл, тартыс үстінде болса сол қозғалыстарға жан беретін – ақыл-ой, сана-сезім, яғни «жан диалектикасы» болып табылады.
Психологизмнің негізгі міндеті – кейіпкер жаны қоғаммен, адаммен, табиғатпен қарым-қатынаста қандай эмоционалды-психологиялық өзгеріске ұшырайды, қандай қалыпқа енеді, соны жіті бақылау. Көркемдік-шынайылық болса, оны ұғындыратын, әрі ұғынатын адамдар жалпы үрдістерден өзге жеке сезімдік әуендерді таңдауға бейім. Сол себепті көркем шығармадағы өмір шындығының ең жоғары деңгейі психология заңдылықтарымен сабақтас.
«Психологиялық роман – адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айырықша мән берген» [12,280], – деп баға береді белгілі әдебиеттанушы ғалым А. Ысмақова.
Орыс әдебиетінде XIX ғасырда психологизм ұғымы Л.Толстой шығармашылығынан бастап тарататынын айттық. Ол адамның сезім күйін, толғанысын, қуаныш-қайғысын барлық қайшылығымен терең ашып бейнелеген. Кейіпкердің ішкі дүниесінің нәзік иірімдерін, құпия сырларын әсерлі суреттеу адам мінезін асқан шыншылдықпен нанымды көрсетуге мүмкіндік береді. Л. Толстой жеке адамдардың «жан диалектикасын» көрсету арқылы қоғамдық өмірдің қайшылықтарын адамгершілік пен қатыгездіктің қақтығысынан туған трагедиялық жағдайды бейнелеген.
Ал, Ф.Достоевскийдің психологизмді берудегі жаңашылдығы –романдардағы сан алуан кейіпкердің өмір құбылыстарын сезінуі әрқилы. Кейде тіпті бір-біріне мүлде қайшы дүниетаным көзқарастарын үңіле зерттеп сипаттауынан айқын аңғарылады. Кейіпкердің адам тағдыры, дүние жаратушы жайлы белгілі бір шешімнің, нақтылы түйіннің аясына симайтын, шығармаға көп үнділік қасиет дарытатын қым-қиғаш ой-толғаныстарынан, жеке адамның ой-санасы, ішкі сезімі бүкіл әлеммен, бүгінгі ғана емес, өткен өмір мен де, келешекпен де жалғасып жатқанын байқаймыз [4,85].
Әдебиетіміздегі тұңғыш психологиялық роман деп зерттеушілер Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романын атайды. «Ақбілектің» психологиялық роман табиғатына тән негізгі сипаты шығарманың сюжеттік-композициялық концепциясы кейіпкердің ішкі әлемін талдау мақсатына тәуелділігінде [12,280]. Кейіпкердің қиын тағдырын жазушы ішкі монолог, толғаныс т.б. сияқты адами проблемаларды, бір кезеңдік қазақ өмірін: ондағы жаңа тіршілік-тынысты сыртқы реалдық өмір шындығын сана күресі, ой арпалысы, көзқарас қақтығысы арқылы ұтымды бейнелей алған. Суреткердің өзіне тән психологиялық стилі осы романда жан-жақты көрінген. Ол-күнделік ретінде берілген Ақбілек ойлары.
Адамның жан дүниесін бейнелеу – психологизм, әрине бір ғана көркем әдебиет шеңберімен шектелмейді.
Н.Чернышевский: «Психологиялық талдау әр түрлі бағытта кездесуі мүмкін: бір ақынға характердің сыртқы белгілері, екіншісіне қоғамдық қарым-қатынас пен өмір тартысының сол характерге жасайтын әсері мәндірек, үшіншіге-сезім мен әрекеттің байланысы, төртіншіге – құмарлықты талдау қымбат, ал граф Толстой үшін ең маңыздысы – психологиялық талдаудың өзі, соның формалары, заңдары, анықтауыштық терминмен айтқанда – адам жанының диалектикасы»,– [11,36] деп айтады. Ұлы сыншы психологизмнің межесін сол кездің өзінде-ақ жіті пайымдаған.
Қазіргі қолданыста жүрген «аналитикалық, синтетикалық» деген терминдерді қолданбағанмен соларға жататын көркемдік әдіс-тәсілдерді атап көрсеткен.
Ғылыми сында психологиялық талдаудың аналитикалық, синтетикалық яки динамикалық психологизм атты ұғымдары бар. М.Храпченко Н.Гоголь шығармашылығын зерттеп, типологиялық психологизм ұғымын енгізген. Психологизмнің бұл түрін Б.Майтанов М.Әуезов шығармашылығымен байланыстырып «тұйық психологизм» [3,86], деген ат береді.
Бұл синтетикалық психологизмнің бір сергек те, сыпайы түрі деуге келеді.
Ж.Дәдебаев М.Әуезов шығармашылығына қатысты психологиялық талдаудың эпикалық және лирикалық тәсілі болатынын айтқан [9,159]. Қалай десе де екі ғалымның еңбегінде психологиялық талдаудың аты өзгергенмен негіздері бірдей шығып отырады. Бұған дәлел – М.Әуезов шығармашылығына қатысты талдаулары. Бірінші, Ж.Дәдебаев эпикалық тәсілмен психологиялық талдауды мынадай мысалдармен дәлелдеп көрсетеді: «Құнанбайдың қыбыр қақпай бір нүктеге қадалып сөйлеген сөзі, жалпы бет-бедері ешбір қимыл-қозғалыссыз беріледі. Ал, Абаймен алғаш кездескен сәттегі Тоғжан күйі, оның бет пішіні, бірнеше рет қызыл бояумен албырап толқып көрінеді. Жазушы Тоғжанның әшекей сырғасына дейін толқытып баяу дірілмен сілкіндіре суреттейді. Осылайша іс-әрекеттерді, олардың көріну процестерін суреттеген» [9,159]. Психологизмнің синтетикалық түріне Б.Майтанов жоғарыда аталған психологиялық процестерді көрсетеді. Сонымен қатар , «Оянған өлкедегі» Ғ. Мүсірепов стилінде синтетикалық психологизмге жатқызады. Мұнда өзімізге мәлім сюжет қоюлығы, қоғамдық-саяси тартыстар шымырлығы, суреттеу құрылымындағы динамизм басым [3,137]. Осыдан келіп, синтетикалық психологизм дегеніміз – қоғамдық тартыстағы кейіпкер көрсететін іс-әрекет, қақтығыстар, сыртқы кескін-келбет, бет-жүздегі құбылулар екендігін қорытуға болады.
Синтетикалық тәсіл қазақ әдебиетінде ертеден қалыптасқан. Бүгінгі таңдағы синтетикалық тәсіл жазушы идеясының жүзеге асуына қызмет етіп, жазушылық мақсат-мүддеге бағындырылады. Бұған дәлел портретті, қимыл-әрекетті алсақ, екеуі де ауыз әдебиетіндегі батырлар жырынан бастап, бүкіл әдебиеттегі кейіпкер түр-тұлға, ой-санасын, мінез-құлқын танытуға қызмет етіп келеді. Пейзаж да, деталь, штрих та (бұлар аналитикалық тәсілге де тән) ертеден қалыптасқан дәстүр.
Жоғарыда аталған синтетикалық элементке қарама-қайшы, бірақ онымен өзектес сана ағымындағы күрделі толқындарды суреттеу, ішкі толғаныстарды көрсету, жан диалектикасын бейнелеу-аналитикалық психологизм деп аталады. Аналитикалық психологизм – негізінен психологиялық роман жанрының тууына, шығармаға психологиялық талдау жасауға негіз болған бірден бір тәсіл. Аналитикалық тәсіл Қ.Әбдікованың көрсетуінше «Ақбілек» романының негізгі желісін құраған, оның басты көрінісі – ішкі монолог. Романның бүкіл оқиғасы Ақбілектің айналысында соның ойында өтеді. Психологиялық талдаудың аналитикалық түрі арқылы кейіпкер өзін-өзі таниды. Ішкі жан дүниесінің дірілі, сезім қақтығыстары арқылы танылады[7,73].
Г.Пірәлиева: «эмоционалдық қозғалыс ой қозғалысына дем беріп отырады» [13,71], – деп, ішкі әлемді әшкерелеудің (бейнелеудің) бірден-бір әдісі осы психологиялық тұрғыдан өзін-өзі талдау (өзін-өзі жегідей жеу) екенін айтады. Бұған «Ақбілектегі» Мұқаш бейнесін жатқызуға болады, аналитикалық тұрғыда Ақбілектің де, Мұқаштың да жан дүниелерінің сұлбасы жасалған. Ж. Аймауытов аналитикалық психологизмге синтетикалық тәсілді де үстемелеп отырған.
Бұл туралы Қ.Әбдікова өз еңбегінде атап көрсетіп: «Аналитикалық тәсіл мен синтездік тәсілдердің ғажап қосындысын жасаған» [7,45], – дейді.
Таза аналитикалық тәсілмен жазылған шығармалар баршылық, олардың көркемдік бояуы кемімей, композициялық құрылымына шек келмей жазылған. Мұндай шығармаларды «сана ағымына» құрылған шығармалар деп атап көрсетіп жүрміз. Әдебиетімізде мұндай туындыларға Ә.Кекілбаевтың, О. Бөкейдің шығармалары жататынын А. Ысмақова, Г. Пірәлиева атап көрсетті.
Қазіргі қазақ жазушыларына осы заманғы әдебиеттің жағдайына сәйкес уақыт қойып отырған үлкен міндеттің бірі – «адам жанының диалектикасын» ашу. Дәлірек айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне үңілу, жан сарайына психологиялық талдау жасау саласында терең толғану, тынбай іздену керек болып отыр [9,142]. Психологиялық талдаудың бұлайша әдебиеттің күн тәртібінде бірінші мәселеге айналуының басты себебі неде?
Әдеби әдіс мәселелері ең басты дүниетанымдық, көркемдік құбылыс саналса, осы мәселелердің неғұрлым нақты, толымды, шешімі айқын ғылыми келбеті-кейіпкер жан дүниесін бейнелеу мүмкіндіктері мен амал, жолдары, бағыт-бағдары, сол бағдардағы жемісті нәтижелер арқылы танылмақ. Шартты теңеуге барсақ: «көркемдік әдіс – мазмұн, психологиялық талдау – пішін.
Пішін мазмұнға қарай, мазмұн пішінге қарай өзгермек. «Эстетикалық байлық – іш пен тыстың бірлігі мен өзара ықпал әсерінде, жаңа байланыс түзе алуында». Психологиялық талдаудың тағы бір көркемдік мәні мынада деп ойлаймыз, атап айтқанда «ол – жазушы үшін толыққанды образ, өміршең тұлға жасаудағы бірден бір қолайлы да, оңтайлы тәсіл». Характер жоқ жерде көркем шығарма рухы түгілі оның елесі де жоқ. Осы туралы сөз қозғаған Ә. Қоңыратбаев: «Даралау – характер жасаудың ішкі заңы» [14,31], – деген болатын. Даралыққа жету үшін типтендіру құбылысы аса қажет. «Типизм – шығармашылықтың негізгі заңының бірі, онсыз шығармашылық жоқ» [14,32]. Сонда біздің психологизмнің қызметіне тоқталғанда айтатынымыз оның кейіпкер характерін даралаудағы басты сипаты.
Мысалға, Ә.Кекілбаев шығармаларының басты сипаты – психологизм.
«Аңыздың ақыры» романындағы кейіпкерлер – Ұлы Әмірші, Бибі ханым, шебер іс-әрекеттерімен емес, Г.Піралиеваның айтуынша: «Көңіл-күйлеріндегі күйзелістермен, жан әлеміндегі арпалыстармен, ішкі буырқаныстардан сыр берер бет-жүздегі, мінез-құлықтағы сезімдік құбылыстармен көрінеді» [13,172]. Әмірші де кезінде Әмір әскерінің көп сардарының бірі ғана болатын. Сол көптің бірін осы данқ пен дақпыртқа, бақытқа жеткізген қанағаттанбаушылық сезім еді. Типтендіру мәселесі – ханның бойында. Өмірдің қаталдығы мен қатыгездігін, қулығы мен сұмдығын, әккілігін, талғампаздығын бойына жинақтаған тамаша кейіпкердің сұңғылалығына нандырады. Әккі Әмір ел қарамағындағыларды уысында ұстау үшін елді қабағынан тануды қажет құрал етті. Айналысындағы адамдардың іші-сыртын, пендешілік осалдығын, көңіл түкпіріндегі құпия сырларын Әміршінің тап басып зерттейтінін бейнелеуде үлкен суреткерлік алымдылық танытқан.
Жазушылық бұндай позиция туралы Ә. Қоңыратбаев былай деген: «Сонымен бірге оның өзіне адамдық характері болуы керек. Мұны даралау дейміз. Даралау жоқ жерде образ жоқ»[14,31].
Өз сырын өзге түгіл өзінен жасыратын Әміршінің табиғаты – тұнып тұрған құпия, өзінің не күйінішін, не сүйінішін сырт көзге сездірмес тәкәппар. Кейіпкер – тек төңірегіндегілер үшін ғана емес, оқушысына да оңайлықпен сыр ашпайтын тылсым характер. Оның сырт көзге байқала бермейтін ішкі сезім иірімдеріне, жан арпалыстарына, ой-сезім құбылыстарына, санасындағы психологиялық процесгегі, терең тебіреністеріне тек автор көмегімен дендейсіз. Әміршінің ой-монолог, көпті көңіліне ойланса да, неден күдіктенсе де іште сақтайтын сарбаздығы оқиғаны оймен өрбітеді. Суреткерлік бүкіл роман бойына оқиға қумай, адам жандүниесіне терең бойлап, оның психологиясын, рухани әлемін, ішкі иірімдерін драматизммен ашуында жатыр. Біз айтып өткен сипаттамалар «даралаудың бір тәсілі мінездік талдау – психологизм» [9,173].
Кейіпкер психологиясын шынайы суреттеу шеберлігі суреткердің ерекшелігі ғана емес, оның ерекше талантының айғағы да. Психологтік түйсік немесе суреткерлік сезімталдық – туа біткен таланттың еншісі.
Бұл үрдістің беделді өкілі деп Ш.Айтматовты да атауға болады. Кемеңгер жазушы өз шығармаларындағы даралауды психологизм тәсілімен жүзеге асырады. Барлық прозасында жоғарыда біз айтып өткен даралау типтендіру, көркемдіктің шынайы заңдарына жүгіну, ұсақты дардай ету, реализм мен ғажап поэтика бар . «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Боранды бекет» шығармаларындағы кейіпкерлердің сомдалуы, олардың саналарындағы ағым процестерімен астарлас. Ондағы адамдар схема емес автордың өзін де, оқушыны да үйіріп, тез билеп алады. Демек, шеберліктің кілті – мәселенің айқындығында, қолмен ұстап көргендей барлық жан-жүйесін таныта білуде.
Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан ажырамас қасиет, біз ол жағдайды байқай бермейміз. Сонымен бірге «психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі» [6,318].
Психологиялық талдауға аса қажет күшті компонент – ішкі монолог. Бұл орайда орыс ғалымы Т.Мотылева: «Адам өз сөздерінен гөрі, ойларында әлдеқайда ашық болады. Ішкі монолог ол XIX ғасырдың бірінші жартысында ұлы реалистердің адам ойының мән ашудағы басты тәсілі болды. Онда сырт көзден бүркемеленіп, ашық айтылмайтын мән-мағына бар» [20,179], – деген пікірді айтады.
Адамның ішкі өмірін, оның қайшылықтары, күрделілігі мен тереңдігін кеңінен талдап жазу М.Әуезовтың шығармашылығына да тән қасиет. Сондықтанда психологизм суреткердің өзіне лайық стилі де. Әрине, адам өзінше бір жұмбақ әлем. М. Жұмабаев айтқандай: «Теніз терең емес, адамның жаны терең. ... Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ, Адам – шешуі жоқ жұмбақ» [19,97]. Сол жұмбақ дүниенің шешуін табу таза таланттың ғана шығар шыңы. Ол үшін адамды сырттай суреттеп, бейнелеу емес, оның ішкі өміріне ену, оны зердемен зерттеу психологиялық бейнелеудің кеңдігін талап етеді.
Кейіпкердің ішкі монологы, үзіліссіз жүріп жатқан сана ағымы, психологиялық талдау секілді психологизмнің сан алуан түрлі тәсілдері болып табылады, кейде тіпті бүкіл әңгіме кейіпкердің ішкі өмірінен тұрады. Және бір тоқталар жай, жазушының әдеби әдістердің әртүрін пайдалана отырып, кейіпкердің көңіл-күйі ұзақ әрі жан-жақты етіп жазудан, яғни оқырманын жалықтырамын деп жүрексінбейді де. Өйкені, шығарма шырайы осындай ойлығымен, жан дүние тереңдігімен, сюжеттік динамика мен психологиялық бейнелеудің нәтижесінде әңгімелеудің күрделі стилін тудырады.
Адам психологиясын ашуға қызмет ететін көркемдік компоненттер – портрет (сыртқы детальдар) іс-әрекет, бет-жүздегі құбылыстар т.б. бәрі бірігіп жан дүние қозғалысы мен жағдайға
( душевные движение и состояние) [13,35].
Достарыңызбен бөлісу: |