КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. Ұлттық психология – белгілі бір ұлт өкілдеріне тән, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын мінез-құлық пен психологиялық қарекет ерекшеліктері. Ұлттық психология рухани мәдениетте, сезімдерде, әдет-ғұрыпта, тілде, адамгершілік әдептік салада ұлттық мінездің көптеген психологиялық көріністері мен этностық белгілерін қамтиды. Ұлттық психология – тіпті әр түрлі таптарға жататын адамдардағы мінез-құлықтың орнықты негіздерінің бірі. Ұлттық психология қоғамдық (немесе әлеуметтік) психологияны құрайтын элементтердің бірі, оның құрамдас бөлігі болып табылады. Мұны түсіну қиын емес: қоғам түрлі әлеуметтік топтардан құралады. Ал әр әлеуметтік топтың өзіндік психологиялық ерекшеліктері болады. Ұлтта – қоғамды құрайтын әлеуметтік топтың бірі. Осыдан ұлттық психологияның қоғамның психологиясын айқындайтын құрауыш екендігі туындайды. Ұлттық психология ұлтаралық қатынастар идеологиясымен, ұлттың құндылықтарға қатысымен бірге қоғамдық сананың маңызды құрауышы болып табылады. Қоғамдық сана – қоғамның рухани дамуының барлық жақтарын көрсетеді. Зерттеушілердің көпшілігі ұлттық сананы қоғамдық сананың бір элементі ретінде сипаттайды. Ұлттық психология – ұлттың негізгі белгілерінің бірі болып табылады.
Белгілі бір ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол ұлттың әдебиетінде, өнерінде із тастайды. Ұлттың рухы көтеріліп еңсесі биіктегенде оның әдебиеті де, өнері де қайта түлеп, қайта толысып, күш-қуат жиып, бойын тіктеп болашаққа көз тігеді. Осындай тарихи кезеңге, яғни ұлттық рухымыздың биіктеп, әдебиетіміз бен өнеріміздің қайта серпіліп, өсіп-өркендеудің жаңа сатысына иек артып, бет түзеген бір белесіне үміт пен сенімді қатар арқалап көтеріліп келе жатырмыз.
Осы кезең аралығында туған әдебиетіміз жоғалтқандарын қайта тапты, сол арқылы қайта жаңғырды, қайта жаңарды. Әдебиет тарихына 1988 жылдан бастап қаншама жылдар бойында тұтас халықтың, бүтіндей бір ұлттың іштен тынып, сарыла. сарғая күткен сандаған құнды, қайталанбас әдеби-көркем, тарихи мұралары санатқа келіп қосылды. Ұлт тарихындағы орны бөлек, қадау-кадау қалам қайраткерлерінің: Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлы, т.б. көркемдік құны жоғары қымбат мұраларының мәні мен маңызын қайта бағаладық, қайта бағамдадық. Олардың шығармашылық ғұмырбаянын зерттеуге, зерделеуге кеңінен жол ашылды. Енді аталған қаламгерлердің шығармалары әдебиетіміздің алтын қорынан мәңгілікке орын тепті. Осылай, әдебиетіміздің үлкен бір арналы ағысы өз кемерін тауып, әдебиет тарихы атты ұлы өнер мұхитына қарай жол тартты. Осылай, елдің егемендігінің, ұлттың тәуелсіздігінің нәтижесі ең алдымен сол халықтың әдебиетінен, өнерінен көрінетіндігін уақыт дәлелдеді.
Қазіргі таңда, қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық дәстүрге, ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын тереңдеп зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік қолтаңбасын ажыратып, бағасын беру қажеттігі туды. Сондай кезеңнің бірі – 60-80 жылдардағы қазақ прозасы дүниеге келген кезең сол тұстағы артық-кемімен көрінген, көзге түскен қазақ әдебиетінің туындылары. Қазақ прозасының өнімді, жемісті тұстарының бірі де осы кезең болды десек қателеспейміз.
Жалпы, қазақ әдебиетінің тарихында шығармаларымен оқырман ықыласына бөленген, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен есте қалған қаламгерлер саны аз емес. Әсіресе ХХ-ғасырдың екінші жартысында қазақ прозасында өз туындыларымен топты жарып, қара үзіп шыққан қаншама қаламгердің шығармашылық даралығы, суреткерлік қолтаңбасы оқырман назарын өзіне аударды.
20-30 жылдар әдебиетіндегі Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты майталман қаламгерлердің жазған көркем дүниелері әлдеқашан әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Бұл туындылар енді ұлтымыздың мәңгі рухани құндылықтары санатында кейінгі толқын қаламгерлерге суреткерлік шеберліктің, жазушылық талап пен талғамның айнымас өлшеміндей жарқырап тұра беретіндігінде дау жоқ.
Ал енді осындай құнды көркем туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта, әдеби дәстүр қазақ прозасының 60-80 жылдардағы кезеңіне де өз әсерін тигізді. Әсіресе, тарихи кезеңдер шындығын, айтулы өнер адамдарының өмір-тағдырын, өнер, дәстүрлі мәдениет, адамгершілік, имандылық тақырыбын және бүгінгі замандастар тыныс-тіршілігін арқау еткен прозалық шығармалар оқырман назарына көбірек ілікті. Айтулы, талантты деген туындылар да қарап отырсақ осы тақырыптардың еншісінде екен. Бұл туындылар туралы, жалпы қазақ әдебиетінің барлық жанрдағы өркендеу кезеңдері жайлы бірнеше құнды әдеби-эстетикалық зерттеулер, еңбектер де жарық көрді. Бұл зерттеулердің қатарында соңғы жылдары жарық көрген З.Қабдоловтың , З.Ахметовтың, С.Қирабаевтың, Т.Қожакеевтің, Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалиевтің, С.Қасқабасовтың, Н.Ғабдуллиннің, Ә.Нарымбетовтың, Р.Бердібаевтың, С.Садырбаевтың, З.Серікқалиевтің, Ж.Дәдебаевтың, Б.Майтановтың, А.Еспенбетовтың, С.Негимовтың, Ө.Күмісбаевтың, З.Бисенғалиевтің, Ж.Тілеповтың, У.Қалижанұлының, М.Хамзиннің, Р.Тұрысбековтің, Б.Әбілқасымовтың, Т.Есембековтің, А.Жақсылықовтың, Б.Әбдіғазиұлының, Н.Жуанышбековтың, Х.Рүстемованың, З.Жұмағалиевтің, Қ.Алпысбаевтың т.б. еңбектерін ерекше атауға болады.
Осы әдебиетіміздің қомақты жүгін арқалаған, талантты, дарынды шоғырдың бел ортасында қаламгер Тәкен Әлімқұловтың да аталуы заңды.
Оның басты себебі – қаламгердің көркемдік деңгейімен оқ бойы озық көрінетін туындылары. Бұл туындылар, яғни Тәкеннің, әсіресе прозалық шығармалары қазіргі тұста әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына, тану, талдау өзегіне айналуы өте қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |