«Шығыста социализм орнамай, дүние жүзiнде коммунизм орнамайтындықтан да» – Стлаин Қазақстанға социализмді орнату үшін Голощекинді жіберді.
Гәп социализмде емес, сол социализмнен үмiт күтiп отырған «езiлген ұлттардың» тағдырында болатын. Мұны ешкімде қаперіне алмады.
Қазақ ұлты мен тұлғаларының шегер қасіретi мен көрер көрешегiне орай, халық «Қужақ» атап кеткен азаматтық аты – Шая Ицкович, бүркеншiк есiмi – Филип Исаевич Голощекин Қазақстанға келе салысымен өзiнiң «сыпыра сыпыру», «жағалата жаппай жазалау», «қарғыстың қамытын кигiзiп», әшкерелеу әрекетiне кірісіп кетті. Ол өзiнiң «таққа тағайындалу» құрметiне орай 1925 жылы 1 желтоқсан күнi өткен Бүкiлқазақстандық бесiншi конференцияда:
«Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкiметi жоқ, байлардың үстемдiгi, рулардың үстемдiгi ғана бар», – деп мәлiмдеме жасады.
Ол Қазақстан экономикасындағы аймақтық ерекшелiктерді, өмiр сүрiп, тiршiлiк құрудағы ұлттық айырмашылықты, халықтың тарихи дәстүрiн қызыл қарындашпен бiр-ақ сызып, жергiлiктi жұрттың „қолындағы құрықтың орнына шанышқы ұстатпақ” болды. Алайда, шанышқымен iлiп жеу үшiн де табақта ас-дәм болу керектiгiн ұмытты. Тiптi араб алфавитiнен исламның «иісiн сезiп», жедел қарiп өзгертудi талап еттi.
Мұның барлығын кеңестендіріп, ауыл шаруашылығын мәдениеттендіріп, шикізатты өнеркәсіптендіріп, социализмді орнату үшін қазақ жерін реформалау және сол жерді жаппай еуропалық ұлттармен қоныстандыру қажет деп тапты.
Ұлттық дербес өмiр сүрудiң басты кепiлi – жер. Жерсiз ұлт – ұлттық қасиеттен, дербес халық ретiнде жер бетiнде өмiр сүру құқынан айырылады. Жаһанданудың да жұлынын жеген жегі құрт – жер. Әлемдік геосаттың бәрі де осы жерге келіп тіреледі. Жердің иелігі шешілмей, тәуелсіздік те, оған иеұлттың да, оны билейтін мемлекеттің де мүддесі шешілмейді. Түптеп келгенде, капитализм, имперализм, социализм дегеніміздің өзі де – жерді иеленудің бір формасы ғана. Жерсіз – ешқандай империяның мүддесі жүзеге аспайды. Жерcіз – ешқандай империяның халықаралық қауымдастықта ықпалы жүрмейді. Жерсіз империя – тұл имеприя. Ал империялық өктемдіктен бас тартан мемлекет жоқ. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:
«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз – жер саясаты» – деп тауып айтқан болатын.
Ресей сол саясаттың нәтижесінде 1917 жылға дейін ғана 45 миллион десятина жерді, яғни, күллі қазақ жерінің бестен бірін қара шекпендендерге тартып әперген еді. Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин ол жерге реформа жасап «тартып алып– Т.Ж.), , оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластыып, қысылып- қымтырылмастан:
«Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе?... Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», - деп ашық жария етті.
Жер дауы – қазақ ұлты үшiн бұрын да өте күрделi әрi ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бiрде–бiреуi жер, жер бөлiсi жөнiндегi мәскеулiк жобаны бекiттiрмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан мұндай «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Мұны С.Сәдуақасов:
«Қазақ автономисына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» – деп атады.
Бұл – қазақ қауымының рухани өмiрiндегi ең шешушi әрi тарихи қажеттiлiктен туған заңды қарсылығы едi.
Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халал, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi. Ол қазақ жерi туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап::
«Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», – деп үлкен мәселе қойды.
Голощекиннің өзі «Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси платформасы» деп атаған, бұл платформа большевиктер тарапынан жаппай сыналды, бұл «ұлтшылдық ұсыныс» деп бағаланды. Бұған қоса С.Сәдуақасов тағы да:
«әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету – жақсылық, ал дайын матаны тасу – бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi – деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», – деген пікір білдірді .
Шындығында да, жүннiң бiр қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм?Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая – шаялығына салып:
«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек… Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», – деп мінбеден мекерсiнді.
Егерде қазақ ұлты жаппай аштан қырылып жатқанда сол ұлтты басқарып отырған Голощекиннің онда «ешқандай жұмысы болмаса», мемлектті басқарып отырған орталықтың «онда жұмысы болмаса», онда өз елiн аштықтан арашалаймын деп қуғынға ұшыраған Смағұлдың «Мәскеудің заводтарында қандай жұмысы болуы» мүмкiн?!. Аштарға жөнелтiлген азық –түлiктi:«Тек қана еуропалық ұлттардың шоғырланған жерiне бөлiп берiңдер» – деп жарлық шығарған Мәскеу мен орталыққа кiмнiң қимасы қыши қояр екен. Сенесiз бе, қазақ ұлтының ел басыларының iшiнен де «қимасы қышитындар» шықты. Соның бiрi:
«Қазақтың «түйелерi» социализмге бет алды, бет алып қана қойған жоқ, соған жетiп қалды. Ол өзiнiң жалпақ табанымен жолына кесе көлденең тұрған Сәдуақасовты таптап тастайды», – – деп те соқты. («Степь», 1928 жыл, 26 ақпан).
Алдымен Шаяның шаяны боп Смағұлды шағып, жұртын жұтатқан бұл «теңiзге қарап бақылдаған бақаның» (өз сөзi) өзін де отыз жетінші жылы «социализмнiң жалпақ табан түйесi таптап кеттi».
Экономикалық жағынан өте тиімді, өзiн-өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализмге Голощекин:
«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкiметi – Т.Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе?... Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», - деп «азаматтық соғыс» жариялады.
Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын – ала жоспарланып, Сталинн:
«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты – негiзiнен алғанда бiрден – бiр дұрыс деп ойлаймын» - деп жазбаша түрде мақұлдаған, ұлттық зиялыларды жаппай жазалауға бағытталған нақты майданның басы едi.
Өйткені, қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар – ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни, дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде, ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, онда қазақ ұлтының өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылар да, кейіннен кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Қауiптi күшейтпес үшiн ең алдымен ұлт аймақтарына, соның iшiнде Қазақстанға, 360 мың еуропалықтарды сiңiрiп жiберуге тырысты. Мұндай сұрқия саясатты алаш перзенттері бiрден түсiне қойды да оларды «коммунист колонизаторлар» деп әшкерелеп бердi. Қазақ зиялылары патшалық отарлау саясатынан гөрi кеңес өкiметiнiң «коммунистiк отаршылдығының» анағұрлым жантүршiгерлiктей қасiрет әкелетiнiн болжап-біліп отырған. Мұны:
«Жазалау жүйесiнiң күретамыры – шовинизм», – деп М. Тынышбаев өте тауып айтты.
2.
Мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн Ыдырыс Мұстамбаев қана, бұған құарсы шыға алды. Ол сол мінбеде тұрып.
«...Үнемi Голощекиннiң көпiрме сөзiне сене беруге де болмайды, Голощекиннің қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың!», – деп ащы шындықты бетке ашық айтты.
Өкінішке орай он ешкім қостамады. Кейін Мұстамбаев сияқты өжет қайраткерлер қызметтен шеттетілді.Олардың орынын М.Әуезов «заман еркелері» деп мысқылдап айтқан жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандар алмастырды. Олардың денi бiлiмi таяз, тұрақты мемлекеттiк-қоғамдық көзқарасы қалыптаспаған, дауыл шайқаған кезде толқынның бетiне шыққан желқабық жандар-тын.
Міне, ұлттық зиялылардың арасындағы жік осыдан басталды.
Елге ұсынар нысанасы жоқ, қондырғы саясаттың қолшоқпарлары болған кейінгі топ өздерiнiң iстеп отырған iс-әрекеттерiнiң түпкi залалы мен зауалын жете сезiнбедi, сезiнуге бiлiм жетелерi жетпедi. Егер көздері жетсе, қандай таққұмар, тақуа болса да, мұқым ұлтты аштықтың аранына айдап салмас едi. Заманның ауаны мен зауалына, ертеңгi өмiрге көз жiбермей, күнделiктi жалаң ұранның жетегiнде кеттi. Сөйтіп, бұрынғы ұлтшыл деген саяси желеу жайына қалды. Ендi тiкелей ұлттың өзiне шабуылға көштi. Басты мақсат: олардың санасындағы дербес ұлт деген ұғымды мүлдем өшiруге, «ел билеген кемелдердiң» көзiн жою арқылы Ұлттық сананы жоюға шақырды.
Голощекиннiң сол жылдардағы жаппай жазалау саясаты тiкелей осы адамдардың, дайындаған әшкерелеушi құжаттары мен баяндамалары, мәлiметтерi мен кеңестерi арқылы жүзеге асты. Қазақ тiлiн бiлмейтiн, астанадағы үкiмет үйiнен аттап шықпаған, қазақ мәдениетi мен тарихынан, ғылымынан, саяси эконоикасынан мақұрым шаян Шаяның тiлiне «идеологиялық у» жинап берген осы дәбiрлер едi. Олар:
«Ұлы iс – ұлы құрбандықты қажет етедi» – деген қазақстандық теорияны ойлап тапты.
Бұл «құрбандықтар», Голощекин айтқан «әлiде жер басып жүрген ұлтшылардың кәрi көсемдерi» Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Халел және Жаhанша Досмұхамбетовтердiң, Мұхамеджан Тынышбаев еді. Олардың кеңес өкiметi мен қазақ ұлтының hас дұшпаны екендiгiн әшкерелеп, жексұрын етiп көрсетудi Ораз Исаев өз мiндетiне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттiң Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин iспеттi идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма бердi. Деректерi бұрмалаған, кей тұстары қасақана қате аударылған, тек қана әшкерелеушi құжаттар ғана жинақталған «Алашорда» атты үш кiтап бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Кiтапты «өңдеп», алғы сөзiн жазған – Ораз Исаевтiң өзi едi. Мұны Бочаговтiң естелiгi толық растайды. Осы үш жинақтағы құжаттар „Алаш” партиясы мен „Алашорда” үкіметінің мүшелеріне басты айыптау айғағы әрі бейресми нұсқау-үкім ретінде басшылыққа алынды.
Тергеу орындары өзiнiң iс-әрекеттiнiң бағыт-бағдарын анықтап, тиiстi нұсқау алған соң, ендi қалайда сол айыпты дәлелдеп шығу үшiн жанталасты. Оған мүмкiндiк беретiн алғы шарттардың барлығы да жасалып бiткен соң Голощекин – «Қуажақ» «екiншi бiр контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйымның» қастандығы ашылғаны туралы салтанатты түрде жариялады. .
«Енді кез-келген топтың көсемi» өлкелiк комитетке қарсы сөйлеп көрсiншi, олар бiр жетiнiң iшiнде жермен жексен етiлетiн болады», – деп атой салды.
Бұл “қуанышты хабарды” О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, I.Құрамысов, Е.Ерназаров iспеттi дәбiрлердiң ымдауымен мәжiлiстегi жұрт «ұзаққа созылған ду қолшапалақтаумен» қарсы алды. Шабыттанып кеткен О.Исаев тебiрене толқып, жоғарыдағы аты-жөнi аталған жолдастарының атынан:
«... Алматы қаласында ашылуға тиiстi коммунистiк университет – “Голощекин атындағы қазақ коммунистiк университетi” деп аталсын» – деген ұсыныс айтты (Ду қол шапалақтау)».
Қыза-қыза келе олар :
«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», – деп (Қараңыз: С. Бурабаев. «1917–1940 жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық ойдың дамуы», А. «Ғылым»,1991 ж. 37 – бет) жанын қасым ғып ант берді.
Берген антты «больщевиктiк ақ жүрекпен» орындау үшiн «ұлы құрбандық шалуға» жанталаса жанықты. Бұл шешендер, араға он жыл салып барып, яғни,
отыз жетінші жылы бірін-бірі «құрбандыққа шалды».
Мұның барлығы орыны толмас қасірет әкелді.
3.
Әрине, жоғарыдағы «қол шапалақтаулар» салтанатты сарайдың сыртына жетпеді. Халықтың құлағы «шапалақтың жаңғырығын» емес, сырттағы аштардың ыңырсуын естіді.
Бұл шапалақтың нақты құнының қаншалықты қасiретпен өлшенетiнiн сырттағылар да, түрмедегi тұлғалар бiлдi. Бiрақ олардың елiне араша түсуге ешқандай да мүмкiндiгi де, мұршасы да жоқ едi. Оларға бұйырған сыбаға – ағаш еден, суық камера, шикi нан, сұғанақ тергеушi және... өзiн де, өзгенi де әшкерелеу құқығы және … төзім, төзім және төзім болатын.
Бұл құқықты олар қалай пайдаланды, қандай пiкiрлер қозғалды, оның астарында не жатты? Мұның өзi дербес әңгiме. Ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеудегi қорытынды мәжiлiсiнде ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов:
«Осы баяндамаға дайындалу барысында мен жазушының творчествосы жөнiнде сонау жиырмасыншы жылдардан бастап бүгiнгi күнге дейiн жарияланған мақалаларды, сын пiкiрлердi, сөйлеген сөздердiң жазбаларын қадағалап оқып шықтым. Сонда: сол бiр баға жетпес аса зәру материалдардың бетiн ғана қалқып, оқырмандарға бертiнгi кездегi мадақтауларды ғана жеткiзу арқылы бiз қандай тарихтан бас тартып отырмыз деген ойға қалдым. Егер осы бiр байлықты дербес кiтап етiп құрастырып, соған лайық ғылыми түсiнiктеме берiп жарияласақ, өте қызықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер едi. Мұндай кiтап қоғамның басынан кешкен кезеңдерi жөнiнде бiздiң кейбiр баяндамаларымыздан көрi оқырмандарға анақұрлым терең түсiндiрiп берер едi», – деген едi.
Несi бар, ондай мүмкiндiк туды. Сондықтанда, бұрын белгiсiз боп келген, құпия ұсталған, әлi де екiнiң бiрiнiң қолына тие бермейтiн құжаттар мен деректiң көлемiн қысып, қысқартпай еркiн пайдаландық. Мүмкiн, тарихи шындық қалпына түсiп, көзқарас толық қалыптасқан, бәрi де анық тұжырымға айналған тұста бұл деректерге сүйенудiң де қажетi болмас. Ал, әзiрге онсызда зарығып жеткен зәру құжаттардың бас-аяғын күзеп беруден бас тарттық.
Міне, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарамағындағы тергеу iстерiне сәуле түсетiн кез келдi. Бұл құжаттар – жай қатпар-қатпар құжаттар емес, онда: тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан, тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың неше түрлi амалдадары қарастырылған, зорлап қойылған қолдардың табы бар, ең ақырында олардың көзiн жойып жiберген үкімдер сақталған. Қаншама зиялы, батыл, қайсар адам еді дегенменде: тұлғаның – тұл, қайраткердiң – жасыған, елеусiздiң – ер, қорқақтың – батыл болған тұстары байқалып қалады. «Ұлы құрандықтың бата оқыры» да шиыршықтала берiп, шырма-шату, түйiнi шешiлмейтiн шырғалаңға айналды. Олардың арасында ұлт зиялыларымен қоса Бетпақдала, Торғай ойпатында, Қызылқұмның қуысында жатқан шаруа баққан қарапайым қазақтар да бар едi. Бұған тыңшылар да қосылыпы.
Әрине, түрменiң аты – түрме. Оның өз заңы, өз дәстүрi, өз әдiс тәсiлi бар. Үш жылға созылған тергеу барысында олар талқының сан қыспағына түстi. Сол заңға бойұсына отырып олар сыртқы өмiрдегi күресті түрме ішінде одан әрi жалғастырды, саяси ұлттық, рухани көзқарастарын тағы да талқыға салды. Бiрi – азаматтық көзқарасынан бас тартты, екiншiсi ашық сынға алды, үшіншісінің үндемей қалу мүмкiндiгi болды. Қандай шешім қабылдаса да бәрібір, оларды тек ату жазасы күтіп тұрды. Соңдарында тергеушiлердiң айбақ-сайбақ шимайы мен тұлғалардың соңғы демi сiңген жауаптары қалды. Бұл мәлiметтер – адамның, жеке тұлғаның қилы-қилы жағдайдағы жандүниесiн, ақыл-амалын, мiнезiн ашып беретiн «ант мезгіліндегі» деректер.
Сондықтан да әр түрлi жағдайда хатқа түсiрiлген жауаптардың арасынан ақиқатты аршып алу өте қиынға түсті. Әрi жаныңды арыңа садаға ете отырып, белгілі бір дәрежеде тәуекелге баратын шағымды шешімді талап етті. Өкiнiштiсi сол, түпкi нысанасы мен астары ашылмаған, шындығы мен жалғаныдығы тексерiлмеген, себеп-салдары дәлелденбеген жауаптар асығыс-үсiгiс көшiрiліп, аптыға жариялауда қылаң беріп қалды. Бұл ең қауiптi әрi сол адамға да, олардың ұрпақтарына да қиянат әкелетiн әрекет. Екi жарым жыл қауiпсiздiк комитетiнiң архивiнде отырып, бұрын да дайындығымыздың барына қарамастан, тағы он бес жыл бойы зерттегенде де, көп күдiктiң бетi толық ашылмады. Соған қарағанда қарағанда, жыл сайын кейiнге ысырылып келген бұл тергеу iсi әлі де жалғастыруды және арнайы зерттеудi қажет етеді. Сондықтан бiз тек желiсi анық, басы ашық деректердi ғана назарға iлдiк.
Сонымен, «ұлы құрбандықтарға» қандай айып тағылды, тергеу қалай жүргiзiлдi, оған қандай жауап берiледi, ендi соған тоқталайық. Олар: ел (ұлттық тәуелсіздік), ер (саяси еркіндік ), жер (териториялық тұтастық, экономикалық тәуелсіздік), ес (рухани-мәдени тәуелсіздік) және ерік (ар-ождан) бостандығы еді.
ЕКІНШІ ТАРАУ: ЕЛ ЖЕГІСІ
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Абай
1.
Жалпы қоғамдық ой мен ұлттық сананың даму тарихы тұрғысынан алғанда, 1905–1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерiнiң мемлекеттiк сясяты мен iшкi күресi ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсiз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестiң алғашқы сатысы едi. 1905 жылғы қоянды жәрмеңкесiндегi бүкiлқазақтық Азаматтық мойынсынбау (петиция) қозғалысынан бастап, «Алаш» партиясы орнатқан «Алашорда» үкiметiнiң өмiр сүруiн тоқтатқанға, яғни 1920 жылға дейiнгi халықтық майдан – ұлттық-азаттық күрестiң нәтижелі тиянағы болды. Дербес қазақ мемлекеттiгi құрылды. Аса қиын тарихи зобалаң тұсында «Алашорда» үкiметi кеңес өкiметiн, ал кеңес өкiметi қазақ республикасының автономиялық құрылымын мойындады. Бұл амалсыздықтан тұған саяси таңдау едi. Сондай тығырыққа тiрелiп тұрған шақта кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов пен Әлiби Жангелдинді қазақ өлкесiн тең дәрежеде билейтiн революциялық комитеттiң өкiлi болып тағайындады.
Бұл – ұлттық даму, өркениет, рухани тәуелсiздiк бағытын ұстаған қазақ қайраткерлерiнiң үлкен жеңiсi едi. Өйткенi, кеңес өкiметi өкіметі тарапынан «Россия халықтары праволарының декларациясы» 1917 жылы 2 қараша күні жарияланды. Онда:
«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейін еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі» – делінген болатын.
Бұл колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Бірақ та оның жүзеге асу жолы аса қиын әрі қанды қыспаққа толы болды. Сонымен қатар осы декларацияның мазмұны мен құқықтық нормаларын нақтылай түсу мақсатында және Түркістан мен Қазақстандағы, Кавказдағы ұлттардың бөлініп кету мүмкіндігі молайып, империяның құлау қаупін тудыратынына көзі жеткенде, кеңес өкіметі асығыс түрде 1917 жылы 20 қарашада «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеу жариялады. Екеуіне де Ленин мен Сталин қол қойды. Екінші үндеуде:
«Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар» – деп жар шашты.
Нағында бұл кеңес өкіметін нығайтып алғанша алдарқата тұратын «бір жапырақ қағаз ғана» (Ленин) болатын. Бұл үндеулер сол кезде Ресей империясына қарайтын аса үлкен территорияны алып жатқан аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызатын тәсіл еді. Бұл үндеуге барлық ұлт өкiлдерi сендi. Сондықтан да тәуелсiз мемлекет ретiнде «Алашорда» мен Башқұртстан үкiметi 1918 жылы кеңес өкiметiмен одақ құрып, мемлекеттiң құрамына кiрдi. 1919 жылы 18 ақпан күні таңғы сағат 10-да башқұрт әскері майдан шебін қарусыз аттап, «өз еркімен» беріліп, соңғы рет әскери шерумен қызыл командирлердің алдынан өтті. 20-ақпан күні қызыл жұлдыз қадап, бірден майданға аттанды. Ұлты үшін басын шаһиттікке атаған ұландар енді «коммунизм үшін» өлімге бет бұрды. Ал бұл кезде «Алашорда» жасағы алғы шепте соғысып жатыр еді. Сол күндері А.Байтұсынов пен Б.Қаралдин Орынборда Бірінші армияның командармы Гайдың алдында Заки Валидовпен жолығыды. Москвада Сталинмен күнбе-күн кездесіп, ең соңында Лениннің қабылдауына пұрсат беріледі.
Ұлттың ұлтжанды ұлы қайраткерi А.Байтұрсынов бұл пiкiрiн 1919 жылғы желтоқсанда Ленин мен Сталиннiң алдында қойып, қазақ автономиясының ұлттық саясатын мақұлдатып шығып:
«Ұлттық қарым-қатынас саласындағы РКП-ның бағдарламасын, сондай-ақ ұлттардың өз тағдырын өзi шеушi, бөлiнiп шығуы туралы пiкiрталасының қортындысында баяндалған жолдас Лениннiң ұлттардың бөлiп шығуына көзқарасын және РКП Орталық Комитетiнiң Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолдана отырып жүзеге асырса, езiлген ретiндегi қазақ халқының мүддесiн толық қанағаттандырады», – деп мәлiмдеп едi.
Сол қаулының нәтижесі әрі сенімнің белгісі ретінде 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсыновқа Лениннің қолымен:
«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24 шілде күнгі мәжілісі қаулы етеді: Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-Революциялық комитеттің мүшесі боп бекітілсін.
Халық Комиссарлар Советінің председателі
Совет секретары» –деген мандат береді. (ЦГАОР СССР. 130 — қор, 3 тізім, сақталу 378. 53-парақ).
1917–1920 жылдары арасында қазақ ұлты өзiнiң дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесiнiң толық қалыптасқандығын, ішкi ұлттық тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстың қандайда бір қоғамдық құрылымда болмасын, қашан толық тәуелсiздiк алғанша тоқтамайтындығын танытты. Алғашында «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерi жауапты мемлекеттiк қызыметке қойылды, барлық губерниялар мен уездердiң басы-қасында болды. Соның нәтижесiнде ұлттық-коммунистiк мүдденi қатар ұстап, өзара сәйкестендiре жүргiзген қайраткерлер шықты. Сөйтіп кеңес өкiметi тұсында да осынау ұлт азаттық идеясы тарихи сынақтан өттi.
Араға жеті ай салып барып, 1919 жылдың 27 қазаны күні кеңес өкіметі жағына шығудың басты шарты – кешірім жасау (амнистия) туралы нұсқаудың жобасы жолданды. Ал нақты қаулы қабылдағанша тура бір жыл уақыт өтті. Бұл арада қазақ ұлтының тағдыры ғана емес, бүкіл дүние жүзінің картасы өзгерді. Ескі империялар құлап, жаңа империялар мен мемлекеттер пайда болды. Бүтін дүние екіге бөлінді. 1919 жылдың 9 желтоқсаны күні А.Байтұрсынов тағы да Лениннің қабылдауында болды:
Достарыңызбен бөлісу: |