Тергеу сұрақтары: Бұрын «Алашорданың»



бет3/9
Дата19.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#147936
1   2   3   4   5   6   7   8   9

«Желтоқсан, 9-нан кейін, 1919 ж., Ленин Кремльде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковский мен Әскери-революциялық кеңестің мүшесі А.Байтұрсыновты олардың өтініші бойынша қабылдады: Пестковскийдің өлкедегі шаруашылық және саяси жағдай туралы, саяси-ағарту жұмыстарындағы қиындықтар туралы баяндамасын тыңдап: бірнеше мазмұнды баяндама дайындап, оны қазақ тіліне аударып, граммофон табақшасына жазып, көп мөлшерде граммафон алып, оны табақшаға қосып көшпелі қыр еліне тарату туралы кеңес берді; сондай-ақ көшпелілердің малын кедейлерге бөліп беру туралы саясатты жүзеге асыруға асықпауды ұсынды» (Владимир Илич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.).

1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края” газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.М.Т»-ның (Түсіндірменің авторының нақ есімін таба алмадық Т.Ж..) түсінігі берілді. Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, большевиктердің “Алашорда” қайраткерлеріне ұстанған бағытынан хабардар ету үшін түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.



«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» «Известия Киргизского края». №16. Бейсембі. 15 сәуір. 1920 ж. Қазақ Өлкелік Әскери Революциялық комитеттің органы. Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет №10. Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!

Ж. Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі

Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.

Ж(олдас) Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс. Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси-дамудың сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.

Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ - деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол – Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына, біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына — оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздің қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады. Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі – қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы – ұлтшылдықта, өз ошағының күйбеңін күйттеуде емес, керісінше, коммуниітік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінгендігінің озық үлгісі.

Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін. Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай езілген халыққа толық бостандықты тек коммуниетер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.

Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл – толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады. В. М. Т.»

Шындыққа жүгінсек, Революцияға бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді. «Бүкіл қазақ даласының көсемі» – революцияның ең бір жанкешті кезеңіңде, әр түрлі саяси және қарулы күштер Совет өкіметін анталай қоршап тұрғанда және қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста қабылданған шешім еді. Бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік платформасын да, өзіне сенген ел-жұрттың да тағдырын тезге салу болатын. Міне, сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет өзінің таңдауын ашық жариялады.



«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне. Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді. 2. Оны – өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды. 3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы – адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады. 4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет. 5. Р.К.П.-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ Ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениинің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық Комитеттің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені Р.К.П. мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл”

Саяси қайраткер үшін бұдан артық революцияны қорғаудың және оны мойындай отырып, революция мүддесін жүзеге асырудың сара жолы жоқ. Жай ғана қызыл сөз емсс, саяси көзқарасының өзгеруін революцияның программасының мақсатына толық қосылғандығымен түсіндіреді және ол шешімнің оңайшылықпен орындалмайтынын, сол үшін күресетінін де ашық айтады:



«…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын» ерекше ескертеді.

“Езілген ұлт ретіндегі мүддесі” деуі арқылы самодержавиенің отаршылдық саясатының кесірінен қасақана жасалған және экономикадағы, мәдениет, оқу саласындағы, тұрмыс-тіршіліктегі артта қалған кемшіліктер мен кемсітушілікті, тіпті қоғамдық формациядағы өзгешелікті, психологиялық айырмашылықты ескертіп отыр. Соның барлығы ескеріліп «дұрыс қолданса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылады. Аласапыраны мол азамат соғысы жылдарында тарих сақнасына шыққан «Алашорда» үкіметі, сондай қайшылықты көре тұра, қазақ халқын қырғыннан сақтау үшін кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Ондай аса жауапты кепілдік ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновқа жүктелді. Бұл жауапкершілікті Ахаң терең түсінді. Сондықтан да ұлттың мүддесін алдыңғы ар-ұяты қорғады. Ұлттық мәселені шешеді деген желеумен ВЦИК пен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан Түркістан комиссиясы құрылды. Қазақ автономиясы жарияланбастан бұрын Т.Рысұлов ««Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитетке. 1920 жылдың 29 наурызынан бұрын:



«Түркістан республикасының кезекті ІХ құрылтайы 1920 жылдың 15 мамырына бекітілді. Құрылтайда талқыланатын өте маңызды мәселенің бірі Түркістан республикасының жаңадан өңделген атазаңы болып табылады. Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті көрші екі республиканың Қазақстан мен Түркістанның арасындағы қарым-қатынас туралы, соның ішінде Сырдария мен Жетісу облыстарының Қазақ республикасының территориясына қосылуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақ республикасының астанасын Ташкентке ауыстыра отырып, байланысты одан әрі күшейту туралы пікірлеріңізді шұғыл түрде байланысты нығайту мақсатында Қазақ ревкомының атынан Түраткомына өкіл жіберулеріңізді өтінеміз, сондай-ақ Қазақ ревкомына Түркістан да өзінің өкілін жіберу басты шарт болып табылады. Сонымен қатар бүкілқазақ құрылтайын шақыру қалай жүріп жатыр, құрылтайдың күн тәртібі қандай, соның ішінде жоғарыда аталған екі мәселе туралы пікірлеріңізді, бауырлас түркі халықтарының арасындағы қалыпты эконоикалық байланыс орнатудың жолдары туралы жобаларыңызды Түраткомға хабарлауыңызды сұраймыз. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұлов» деп ( 3 томдық Шығармалар жинағы, 3 т., с. 171) жеделхат жолдады.

Міне, Қазақстан мен Түркістан қазақтарының арасындағы межелеу науқаны осы кезден басталды. Қазақ өлкелік әскери ревкомында шекараға жауап бертін А.Байтұрсыновтан басқа адам жоқ болатын Сондықтан да бұл жеделхатты А.Байтұрсыновты Түркістанға федерациялық келісімге шақыру деп түсінсе – шындыққа қиянат болмайды.

1920-1922 жылғы Ресейдегi ұлттық федерация мен жер мәселесi қозғалған тұста «Алашорда» қайраткерлерi мен большевиктердiң көсемдерiнiң арасында үлкен қарама-қайшылықтар туындады. Жігі барған сайын жiгi ажырап, арасы ашылып бара жатқан екi қарама-қарсы ағым қалыптасты. Азамат соғысы кезiнде мәмілеге келгенiмен де, мемлекеттiң iшкi саясатына тiкелей араласқан тұста олардың ымыраға келмейтiнi айқындала бастады. Мұның басты себебi, бұл екi саяси бағыттың қалаған iрге тасы мен түпкi мақсатының бiр-бiрiне мүлдем кереғарлығы едi.

Отарлау саясатының түпкi пиғылы – ұлттық танымның тамырын ұлы империялық апиынмен суару. Сөйтiп ең қасиеттi сезiмдердi жалған идеологияның жемтiгi ету. Мұндай азаматтың ақыл-ойының даму тарихындағы осынау қаскүнем саясаттан ешқандай мемлекеттiк құрылым бас тартқан емес. Әлемде әлеуметтiк теңдiктi орнатуға ант берген социалистiк жүйе бұл ретте бәрiнен де асып түстi. Ол – ұлт атаулыны, ұлттық тарихты, ұлттық сананы тап жауынан бетер жек көрдi. Билiк жүйесiндегi барлық тетiктi соған қарсы қойды. Ұлттың iшiне iрiткi салып, жаппай жазалаудың ең қатыгез жолын тапты. Ұлт мүддесi – жаудың мүддесi есебiнде танылды. Өйткенi бұл пиғылдың барлығы да Роза Люксембургтiң:



«Капитализмнiң тұсында ұлттың дербес өмiр сүруi ұлттың өзiн-өзi билеуi мүмкiн емес, ал социализмнiң кезiнде ол тiптi басы артық мәселе», деген әйгiлi қастаншықпағыр қағидасының негiзiнде жүргiзiлдi.

Алайда Смольный мен Кремльде дербес бөлмесi де болмаған Сталин басқарған ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты iс жүзiнде декларацияға көпе-көрiнеу қарсы бағытта жұмыс жүргiздi. Лениннiң қатаң ескертпелерiне қарамастан ұлыорыстық-большевиктiк саясатты өршiте түстi. И.Сталин 1918 жылы 28 наурыз күнгi «Правда» газетiнде жарияланған «Империализмге қарсы» атты мақаласында:



«Өмiрдiң өзi көзiн жоғалтуға үкiм шығарып қойған федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек... Россияны федерациялық құрылымға айналдыру үшiн аймақтарды өзара байланыстырып тұрған экономикалық және саяси тiзгiндi қию деген сөз, бұл ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет. Ресейдегi империализм ұлт мәселесiн шешуге дәрменсiз, шеше де алмайды, сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ, ол тек өзiнiң жарыместiк (донкихоттық - авт.) түртпектерiмен тарихтың дөңгелегiн керi айналдыруға тырысқандық, сөйтiп әбден шатастырады... Жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды»,деп ашық мәлiмдеген болатын.

Азамат соғысы жылдарында ақтарға қарсы одақтастардың бәрi де кеңес өкiметiне «жолдас» болды. Өкiмет билiгiн, қазақ даласының жағдайында тек әскери революциялық комитеттiң өкiмi мен үкiмiн мойындаса, соны зор қанағат тұтты. Ал бейбiт майдан басталған кезде жалаң, тұрпайы әлеуметшiл ұраннан өзге ешқандай әкiмшiлiк жаңалық әкелмедi. Пролетариат диктарурасын, жұмысшы өктемдiгiн желеу қылған, ешқандай әдеп, салтқа бойсұнбайтын ұйымдасқан, мемлекеттiң атынан өкiлдiк ететiн бейбастық, можантопай тобырлар қолындағы қарумен үрей сеуiп, кәсiбi, ұлты, дiнi, тiлi үшiн, ең аяғы iстi ұқсата бiлетiндерi үшiн жаппай жазаға тартып, дар ағашының түбiне жиды. Өздерiне бимағлұм мемлекет iсiне араласқанда неден бастарын бiлмей дағдарып қалды да, патшаның билiгi тұсындағы үйреншiктi тәсiлге көшiп, ұлы орыстық өктемдiктi саясат ретiнде ұстанды.



Бұл – 1916 жылғы ұлт–азаттық көтерiлiсi кезiндегi орыстар мен қазақтардың арасындағы кектi егес сезiмiн тағы да оятты. Кеңес өкiметiнiң сауатсыз қайраткерлерi өкiмет тек орыстiкi деп түсiнiп, жергiлiктi комитеттерiнiң құрамына қазақтарды кiргiзбедi, ал қазақ ауылдарын әкiмшiлiк құрамына қабылдамады. Тек мемлекеттiк пiтiр-садақа, пiдия, зекет-салық жинаған кезде iстiктi мылтықтарын шошаңдатып шыға келдi. Қызылдардың қырғыны мен қатыгез қысымы туралы ол 1920 жылы 17 мамыр күні «Кеңес өкіметінің қазақ зиялыларына сенімсіздігі туралы» хат жазды. Негізгі мақсаты:

А.Байтұрсынов: « Қазақ ревкомының құрылғанына 1 жыл өтті. Ревкомның он айлық қызметінің нәтижесіне келсек, онда ол іске кіріскеннен бері ештеңе де тындырған жоқ. Ревкомның қызметінің өнімсіздігіне көптеген себептер бар, бірақ ең басты себеп екеу: 1) Қазақ өлкесін басқаруға қойған орталықтың адамдарында белгісі бір көзқарас болмады, соның нәтижесінде белгілі бір жұмыс жоспары да болған жоқ, мұның басты себебі, орталықтың өзінде «Ресей халықтарының құқықтары жөніндегі декларациясы» мен РКП(б) –ның басты нұсқауынан басқа қазақ өлкесінің әлеуметтік ерекшелігі мен қазақ мәселесі туралы белгілі бір көзқарастарының болмағандығында. 2) сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасынд өзара сенімнің жоқтығында.

Патша үкіметі тұсында бұратаналардың ішінде қазақтан асып ұлттық қанау мен езгіні көрген халық болған емес. Ұлттық қанаудың ұлттық намысты оятпауы мүмкін емес. Егерде езілген ұлттың қанаушы ұлтқа деген жеккөрінішін мен ызасын үнемі есінде тұрмаса да, олардың қанаушы ұлтқа деген күдікті сезімін жоя алмайды.Орыстардың өзіне деген өзгеше көзқарасына көзі жетпей, қазақтар оларға үнемі сенімсіздікпен, жекөрінішпен қарайтын болады. Ғасырлар бойы қазақтарды қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп келген орыс пролетариаты өздерін: олардың мойнына мініп алып, сүліктей соратын, зорлықшыл патша шенеуніктерінің орынын басқан жаңа зұмагер емес, шын мәнінде езілген ұлтты еркіндікке жеткізуші екенін іспен көрсетуі тиіс. Ал жергілікті коммунист жолдастар: қазақтар ештеңені түсініп жарытпайды дегенді сылтауратып, қитұрқы саясатқа көшіп отыр, қазақ еңбекшілеріне кеңестік бағыттағы жаңа өмірді орнатуға бауырластық тұрғыдан көмектесулің орнына, әр түрлі көз бояушылықпен өзінің өктемдігін жүргізіп отыр. Тек: өзін коммунист-интернационалист деп атын өзгерумен орыстар ғасырлар бойы патша үкіметінің қитұрқы саясатын көріп келген орыс емес ұлттардың сеніміне кіре алмайды. Қазақта: «Сары орыстың бәрі орыс» – деген мәтел бар...Орыс пролетариаты қазақтарға қарата жүргізген саясатында екі жолдың біреуін ғана таңдауы тиіс: өзін патша губернаторлары мен диктат генерал-губернатордың орынына қойып, өктемдігін күшпен жүргізіп, сөзсіз бағынуды талап етуі тиіс, немесе қазақ еңбекшілерінің сеніміне кіруі тиіс. Бірінші жол түсінікті әрі таныс, әр түрлі патшалардан қалған жол. Екінші жол – біраз күрделі әрі түсіністікті қажет етеді. Оның есесіне, бірінші жолды таңдаған жағдайда, кеңес құрылымы құмның үстіне салынады, екінші жолды таңдаса, онда, жаңа қоғамның іргетасы берік қаланады. Мәселе, мынада, қазақтардың ішінде олар имандай сенетін зиялы қауым бар, олар қателессе де, адасса да, жеке басының мүддесі үшін еліне ешқашанда сатқындық жасамайды. Орыс пролетариатының өзіне сенім орнатуының төте жолы осы зиялы қауымда. Ол үшін бұл зиялылар кеңес өкіметінің сеніміне кіруі қажет. Қиындықтың бәрі мынада: қазақтар кешегі ққанаушыға сенбейді, ал кеңес өкіметі кешегі қарсыласына сенімсіздікпен қарайды...Ал жергілікті жерде таза интернационалист тіптен жоқ...» – деп жазды.

Жоғарыдағы қабылдаудан кейін және А.Байтұрсыновтың, З.Валидовтің баянхаттарына орай Лениннің өзі радио арқылы мұсылман халықтарына ашық үндеу жолдап, жергілікиі большевиктерден қазақ Тұрар Рысқұловты, өзбек Низам Қожаевті, татар Мирсаит Сұлтанғалиевті қызметке тартуды ұсынды. Алайда Лениннің ол ұсынысын жергілікті орысшыл большевиктер барынша аяқасты етіп, соңында сес көрсеткен жеделхат жолдауымен аяқталды. Бұған Лениннің өзі З.Валидовке:



«Міне, радиобұйрықты орындауға түрлі кедергілер пайда болды. Бұл бұйрық сіздің ықпалыңызбен жазылып еді, бірақ та жергілікті жерде оны жүзеге асыратын қабілетті адам табылмады. Орыс империализмін орыстардың өзінің қолымен де, олардың еркінен тыс мұсылмандардың қарулы күшімен де жою мүмкін емес. Тоболин жолдас коммунизм идеясын Түркістанда таратып жүрген біздің достарымыздың бірі. Біздің мемлекеттегі – орыс колонизаторларының күшіне сүйенбей Кеңес өкіметін орнатуға ұмтылуымызды Тоболин де түсінбейді, өзгелер де түсінбейді. Енді бізде «Түрккомиссия» бар. Қандай да болмасын, түбінде бұл іс те бірте-бірте жүзеге асады» - деп («Қатиралар»,300-бет) жауап береді.

Мұның астарында Смағұл Сәдуақасов сол жылдары, яғни, 1921 жылғы өлкелік кеңесте дәл тауып айтқан «коммунистік - колонизаторлық» жатқан еді. Міне, осы көзқарас алшақтығы барған сайын ушыға берді. Алғашында бейтараптық танытқан қоныс аударушыларды кеңес өкіметі бірте-бірте қаруландырды. Сөйтіп, оларды бодан ұлттардың ішіндегі «төртінші колоннаға», яғни, бейресми армияға айналдырды. Ешқандай шығынсыз, «қаражүзді ұлтшылдықпен, отаршыл өктемдікпен, жергілікті халыққа деген жеккөрінішпен қаруланған бұл күш қандай да болсын мемлекетті ойран-топыр ете алатын. Сол күшті Ленин де екіжүзділікпен пайдаланды». Мұның себебiн көп көсемнiң бiрi Лев Троцкий:



«Большевиктер езгiге түскен шет аймақтарда жергiлiктi ұлттық партиялармен күресе жүрiп тәрбиелендi, сондықтан да шовинистiк өштiктi өшiрудiң орынына орыс емес ұлттардың заңды әлеуметтiк талаптарын да орындаудан бас тартты. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының төралқасына орыстанып кеткен «бұратана халықтың» өкiлдерi сайланды, олар өзiнiң жалаң интернационалдық мүддесiн езiлген ұлттардың дамуына қажеттi нақты мұқтаждықтарға қасақана қарсы қойды. Шындығына келгенде, бұл саясат – ежелгi орыстандыру (русификаторство) бағытын одан әрi ушықтырып, азамат соғысы жағдайында аса үлкен қауiп төндiрдi», – деп жазды «Сталин» атты естелiгiнде.

Башқұрттардың қару-жарағы сайлы, қаржылық мүмкіндігі қамтамасыз етілген ұлттық армиясының болуы және олардың майдандағы жауынгерлігі кеңес өкіметі көсемдерін олардың пікірімен санасуға мәжбүр еттті. Мысалы:



«1919 жылдың алғашқы төрт айында, әсіресе Башқұртстанның орталық және оңтүстік аудандарын аяусыз қарақшылықпен тонаған қызыл армияның келтірген зиянын Башқұрт үкіметі тізімдеп: мәлімет бойынша 5377 үйдің өртелгенін, азық-түлігін қызыл армия тартып алғандықтан 50 мың адамның аштыққа ұшырағанын, 13354 ат, 6242 сиыр, 20 000 мың қой, 100 000 пұт астық, 20 000 пұт ет пен май, 400 000 пұт жем мен тұқымдық бидай, бұдан басқа да киім-кешек, алаша, кілем, аяқ киім, әйелдердің қымбат әшекейлері тартып алынғанын-хаттап-шоттап Лениннің тікелей өз қолына тапсырады. Соның нәтижесінде «Қызылгвардияшылардан зардап шеккен Башқұрттарға көмек көрсету комиссиясы құрылып, 150 миллион сом қаржы бөледі» (250-бет).

Ал ақ пен қызылдың, атамандар мен қазақ ақжүректерінің жолына қасап пен һасам болып төселген қазақ даласындағы 1917-1922 жылдар аралығындағы ойран мен талан-таражға өтем төлемек түгілі, қызыл әскерді кәдімгі әскери тәртіпке шақыру ешкімнің қаперіне келмеді. 1921-1922 жылы Қазақстанда тура сондай жағдайда ашаршылыққа ұшырап, 2,5 миллион адам аштан өлгенде, «еурополық коммунист-колонизаторларды» былай қойып, С.Меңдешев бастаған большевик қазақтардың өздері: «Ашаршылық жоқ» – деп жасырып, оған тиісті шара қолдануға қарсы болған.Тек «Алашорда» үкіметінің бұрынғы мүшелері жанталаса күресіп, үкіметтің емес, халықтың атынан қаржы, мал жиған. Сол үшінде «буржуазияшыл-ұлтшыл» атанып жауапқа тартылған.

З.Валидовтің «Қатираларында» қамтылған тарихи қиын жағдай туралы Т.Рысқұлов «Түркістан республикасының өкілетті өкілдерінің В.И.Ленинге баянхатында» барынша тиянақты және ашына отырып жазған. «Алашорда» қайраткерлерінің жаны күйген жайларды большевиктік көзқараспен баяндалған пікір арқылы нақты түсіне аламыз. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Х.Досмұхамедов «қызыл тонаушылар, қызыл қарақшылар» деп атаған қызыл армияның жергілікті жерлердегі әскерлері:

«Отаршыл кулактар революция тұсында байып қана кеткен жоқ, сонымен қатар өкіметті де жаулап алды, тіпті партияны да өз қолдарына алды, өздерінің мүдделерін одан әрі нығайту үшін негізінен әр түрлі төтенше мамандар, солшыл эсэрлер, миссионерлер басқарған қызыл армияның құрамына ұйымдасқан түрде кіріп алуға да қолдары жетті, сөйтіп, осы күнге дейін кулактардың мүдделерін қорғап, кеңес өкіметінің әрбір шарасын қарумен тоқтатып келеді. Жергілікті европалық жұмысшылардың көпшілігі осы ережені қолдап отыр, өйткені олардың өзі қыр қазақтарын қара жұмысқа жегіп жүрген ұсақ меншік иелері болып табылады» деп (сонда, 176-бет) ашына жазды.

Мемлекеттік тәуелсіздіктің басты нысаны және кепілі жер мен ел. Сондықтан да жоғарыда Ленинге жазған хатында А.Байтұрсынов болашақ қазақ автономиясын басқаратын кадр мен жер мәселесінің дұрыс шешілуін «езілген ұлттың еркін қорғаудың кепілі мен сенімі» деп бағалады:



А.Байтұрсынов: «Жоғарыдағы баяндалған жайларды ескере отырып: қазақ өлкесін басқаруға идеясы таза коммунист пен қазақ зиялыларының ішінен идеялық сынақтан өткен адал, халық сенетін қызметкерді қою керек. Нағыз идеясы таза коммунист пен коммунист болмасада, идеясы таза қазақ қызметкері бір-бірімен түсінісіп қызмет етеді, жұмыста ортақ тіл табысады, әйтеуір жадағай коммунистерден көрі, қазақ болсын, орыс болсын, бәрібір, бұл әлдеқайда тиімді. Езілген ұлттар араласып тұратын аудандардағы кеңес өкіметі мекемелеріндегі қызметкерлердің 2/3 бөлігі қазақ болуы тиіс; Қазақ өлкесінің шаруашылық–экономикалық мекемелері, мейлі ол орталықтандырылған, немес дербес мекеме болсын, экономикалық бейімділігіне байланысты басқа губернияларға бағындырылмай, ешқандай бөлініп-жарылмастан, бәрі де қазақтардың қолында болуы тиіс; қазақ коммунистері мен төңкерісшіл қызметкерлердің іскерлігінің барлығы да кеңестік социалистік шаруашылық саясатын негізге алуы тиіс; Қазақстанның басын қосатын әскери округ Орынборда құрылуы керек; қаладағы гарнизондарда міндетті түрде қазақтар әскери қызметін өтеуі тиіс; Қазақ өлкесінің шекарасы (төменде көрсетілген мекендерден басқа) ешқандай өзгеріске ұшырамауы керек: Орынбор мен Ор қаласының арасындағы казактар тұратын тілшеден басқа жер – Қазақстанның, ал оның шығысындағы Иманғұл, Сейт, Сақмар өзенінің сағасы – Башқұртстанның құрамына берілсін; Орал өзенінің сол жағалауы мен Орынбордан төмен Елек өзеніне дейінгі жер Қазақстанға қосылмасын; Елек өзенінің сағасынан бастап Орал өзенімен қоса Қожақар мен Сломиха станицасы, Астрахан губерниясының Астрахан, Краснояр, Янатау уездері Қазақстанның құрамында болуы тиіс; Петропавл, Омбы және теміржолдың бойындағы Ақмола уезіне қарасты жерлер Қазақ өлкесінің есебінен шығарылады; Орынбор қаласы Қазақстанның астанасы болуы тиіс және мұны Қазақ өлкесінің жалпы құрылтайында бекіту керек. Осыған орай: қазақ мәселесіне қатысты Седельников пен Мюрат жолдастардың тезистері, Қазақ өлкелік әскери ревкомының 1920 жылғы 7 сәуір күнгі қаулысының көшірмесі, Седельников жолдастың Ленин жолдасқа хаты және Қазақ өлкелік құрылтайын шақырудың жалпы ережесінің жобасы жіберіліп отыр. Қазақ өлкелік әскери ревкомының және ВЦИК –тің мүшесі А.Байтұрсынов» – деп қатынас жолдады.

Бірақ А.Байтұрсыновтың да, З.Валидовтің де, Т.Рысқұловтың да пікірін Ленин құлағына ілмеді. Бұған шамырқана отырып түсінік берген З.Валидовтің өзін «ұсақ буржуазияның» қатарына қосты. Ал түркі тектес халықтардың автономиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып құрылған «Түрккомиссия», керісінше, жоспарлы түрде оларды бөлшектеуге кірісті. Саяси ойдың орталығы болып табылатын Орынбор қаласы Башқұрт-қазақ автономиясының астанасы мәртебесінен алынып, қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, қырым ноғайлары сияқты тұтасып жатқан, бір-бірімен іргелес бауыр ұлттардың бауырын тіліп, Орынбор өлкесі Ресейдің құрамына енгізілді. Кремльде құрылған «Башқұрт-қазақ комиссиясы» Еділ мен Жайық бойындағы елді ұлы Түркістаннан бөліп тастады. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын жария етті. Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсаты-мүддесіне қайшы шара болатын.

Ал шындығында бұл бір ұлтты екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын. Ол жөніндегі құжаттар ғылыми айналымда бар. Тек олардың барлығына бір бағытта ғана, тек кеңестік идеология тұрғысынан түсінік беріліп келді. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары бұған тереңдеп бара алған жоқ. Соның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларға өзгеше көзқараспен баға беруге негіз қалайды. Біздің де барынша іріктей отырып, тергеу ісіне сыналай кіргізуіміздің басты мақсаты – сол тылсымның орнын толтыру.

Жоғарыдағыдай себептермен Алматыда бүлік шығарған, Қарақол қаласында қырғыз коммунистерін қырып салған «жоғарыдағы қызыл әскерлердің» қарақшылығын дәлел ете келіп, Т.Рысқұлов 1920 жылы 25 мамырда, тура он күннен кейін Ленинге:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет