Тергеу сұрақтары: Бұрын «Алашорданың»



бет5/9
Дата19.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#147936
1   2   3   4   5   6   7   8   9

«Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды. Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетінежазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді» – дейді (447 –бет) З.Валидов.

Әнуар пашаның қазасы және басмашылардың талқандалуы, «Түкістан ұлттар бірлігі» орталығының шешімі З.Валидовтің азаттық күресінің тұйыққа тірелгенін анық байқатады. Сондай құсалы сәтте Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Оның бұл тілегі туралы тергеушіге берген жауаптарында:З.Валидовтің Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін Т.Рысқұловқа ренжитіні де сондықтан. Ол бұл жайды «Қатираларда»:



«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын» депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болсам, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді» деп ( 459 -бет) баяндайды.

1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінң Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Оған жауап ретінде:



«Сұлтанғалиевпен идеологиялық сыбайластық туралы екінші мәселе туралы мынаны айтамын. Мен партияның орталық комитетінің алдында, осы кеңестің алдында мынаны мәлімдеймін: Сұлтанғалиевтің ұстанған ұстанымы шындығында да шектен асып кетті, биылға дейін емес, 1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкеші оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақта құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариятта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ» деп (сонда, 222-бет) сөйледі.

Бұл оның ең батыл сөздерінің бірі. Сөзінің соңында мінбеден:



«Менің өз көзқарасым бар. Мен ешқашанда Сұлтанғалиевтің көзқарасының ырқымен жүргемін жоқ. Мұндайға бару үшін мен тым турашыл адаммын, мен өз көзқарасымды жасырмаймын, және бұл іске менің қатысым бар деген Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателеседі» – деп тура айтқан.

Сонда Сталин: «Алла жар болсын» – депті орнында отырып. Ол кезде мұндай тайталасқа бару үшін де тек өжеттік қана емес, аса саяси батылдық қажет болатын.

«Алашорда» қайраткерлерінің мұндай ымыраға баруы – большевиктердiң «езiлген ұлттарды» одан әрi езе түсу, жаныштау, мәңгүрттендiру, ұлттық бiрлiктi ыдырату, ұлттық тәуелсiздiктi жою сияқты аяр саясатымен келiсу, соған қызымет ету деген сөз едi. Тарихи келiсiмнiң сақталмайтынына, ұлттық мемлекеттiк дербестiк нысанасының большевиктерге мүлдем жат ұғым екендiгiне, тәуелсiздiк жолындағы күрестiң жаңа жолын таңдау керектiгiне ұлт көсемдерiнің көзі жетті. Ахмет Байтұрсынов ресми түрде большевиктiк үкiметтiң құрамынан шықты. Сол арқылы «Алашорда» үкiметi мен кеңес өкiметi арасындағы саяси келiсiмнiң бұзылғандығын ресми түрде жариялады. Өйткенi, олардың ендi кеңес өкiметiнiң құрамында қалуының ешқандай мән-мағынасы жоқ едi.

Орыс тарихының ғұлама өкiлi В.О. Ключевскийдiң:



«Қырым соғысынан кейiн орыс үкiметi өзiнiң түкке тұрғысыз екендiгiн түсiндi, болгар соғысынан кейiн өз үкiметiнiң түкке тұрғысыз екенiн орыс зиялылары да түсiндi; жапон соғысы тұсында ғана орыс халқы өзiнiң үкiметiнiң де, интеллигенциясының да түкке тұрмайтынын түсiне бастады. Ендi Жапонияның алдында: үкiмет те, интеллигенция да, халық та бiр ауыздан өзiнiң түкке тұрмайтындығын түсiнгендiгiн мойындап барып, бiтiмге келу әрекетi ғана қалды, тек сонда ғана күн сайын өрши топастанып бара жатқан орыстың ұлттық санасының топастану дәуiрiне тосқауыл қойылу мүмкiн», деп атап көрсеткеніндей, төңкерістен кейін кеңес өкіметі де «өзінің түкке тұрмайтынын түсіне бастады».

Сөйтіп, жаңа сана қалыптаспады, ескі сана өшірілді. Тәуелсiздiк мүддесiн таптық мүдде алмастыра берді. Иинтелигенция да, халық та, сонымен қатар аз ұлттар да «өзінің түкке тұрмайтындығын мойындап, өзара ымыраға келіп, ұлттық сана күн сайын өрши топастана» бастады. Ключевский дегдардың келтiрген мысалындағы патша мен «орыстың ұлттық санасы» деген тіркес және қазақ ұлтының мойнындағы қарғыс қамытындағы «империя отары» деген сөз «коммунизм отары» деген сөзбен ауыстырылып жазылды. Ресей империясы Болгариямен соғысқан тұсында қазақ жерінде ұлт-азаттық көтерiлiстерi бұрық ете қалғанымен, Хан Кененiң басы кесiліп, дұшпанына сиға тартылды. Қырымдағы орыс-түрік соғысы тұсында қазақтар толықтай бодандыққа көштi. Қолынан билiк кетiп, жер патшаның меншігіне көшті. Орыс-жапон соғысы тұсында жалпы халықтың ұлттық намысы оянып, Азаматтық Мойынсынбау қозғалысы басталды. Сол қозғалыс буырқана келiп 1916 жылғы көтерiлiске ұласып, «Алашорда» үкiметiнің құрылуына алып келген ұлттық сана тұманданып, ең қатерлi бағыт алды.

Бұқара халық сонда ғана басына «комунистік-отаршылдық» қамытының мықтап тұрып киiлгендiгiн түсiндi.
3.
Мұны кеңес өкіметі де түсінді. Заки Валидов пен Ахмет Байтұрсынов Мәскеуден астыртын кеткен соң төтенше тергеу орыны да шұғыл тапсырма алды. Орта Азияда астыртын ұйым құрып, басмашылар қозғалысымен бірігіп кеңес өкіметіне қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін аттанған З.Валидовтің, және «Алашорда( үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Тынышбаевтің, Х.Досмұхамедовтің, Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың соңынан тыңшы қойылды. Тергеу барысындағы ең басты нысана алынған сұрақ та осы: қазақ ұлтшылдары 1922-жылдары Ташкентте контрреволюциялық ұйым құрды ма, З.Валидовпен байланыс жасады ма, жоқ па, ұйымға кімдер мүше болды, бағдарламалары қандай еді – деген мағынада, осы елдік мәселесі туралы қойылды. Әсіресе, 1927 жылы жазда жер реформасын жүргізу мен жаппай конфискациялау алдында Ә.Бөкейхановтың Қазақстанмен шекаралас Челябі облысының Бозан ауылына демалысқа баруы ерекше орындардың төтенше назарын аударды. Өйткені, жоғарыда жай-жапсары ұзақ түсіндірілген елдік, мемлекеттік,ұлттық жігі мәселесі жеріне жете шешілмеп еді. Тергеудегі жауап алу тәсілінен Т.Рысқұловтың:

«Мені: қайдағы бір ұлтшыл ұйымға мүше болды-мыс делінетін түрлі қауесеттердің барлығы да жала. Мені әлдеқандай бір топшылдықтың қатарына қосып, жазғыру бұрын да болған. Мысалы, 1920 жылы Түркістан майданының ерекше бөлімінің бастығы жолд.Бокии болып тұрған кезде арандатушы Семеновты және бірнеше адамды атты, олар мені – қазақ хандығын құрғалы жүр жеп «Түрккомиссиясымен» арамызды өшіктіруге тырысты. Топқа бөліну тұсында бір топтың екінші топтың үстінен материал жинауы әдетке айналды. Сондай материалдар бір кезде Ташкенте жүргенде менің де үстімнен жиналды. Мысалы, Алматыда Голощекиннің тұсында оның рұқсатымен тұтқынға алынған алашордашыларға: менің үстімнен арыз жазсаңдар, онда сендерді босатамыз – деп мәжбүрлеген. Кейбіреулері жалған көрсетінді берді, кейбірі берген жоқ... Мысалы, Жалисбаевтің тергеуі соған дәлел... Одан: Рысқұлов контрореволюциялық ұйымға тартылған, Қазақстандағы асыра сілтеушіліктер менің нұсқауыммен жүргізілді деп айт, әйтпесе, ату жазасына кесілесің деген. Жалысбаев өзінің арына қарсы іске барудан бас тартып, өзін-өзі өлтірмек болған...» деген («Алаш қозғалысы», 3 том, 2 кітап, 190 - 191 беттер) мәліметі толық мағлұмдар ете алады.

Тұрар Рысқұолв тергеу ісіне тікелей тартылмаса да, жоғарыда қамтылған мәселелер барлық тұтқындарға қойылған. Оғант берілген жауаптар жекелей тарауларда қамтылады.

ҮШІНШІ ТАРАУ: ЕР ЖЕГІСІ

Билемесе бір кемел,

Не болады өңшең ноль.

Абай
1.
Осындай саяси қысылтаяң тұста екiншi бiр ұлтжанды топ сүзiлiп шықты. Олар ұлт-азаттық идеясының ең нәзiк әрi тап келген заманына лайық «тар жол, тайғақ кешудi» таңдап алды. Кейiнгi тағдырлары әр қалай қалыптасқанымен де өзiнiң тарихи қалыптасу кезiңiне орай iрiктелген бұл топтағылар жаңа жағдайға байланысты өмiрдiң өзi тудырған саяси күрестiң қайраткерлерi болды. Ішiнара пiкiр қайшылығы туғанымен де түпкi нысанасы бiр арнаға сайды.

1920-1929 жылдары арасында қазақ ұлты өзiнiң дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесiнiң толық қалыптасқандығын, ішкi ұлттық тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстың қандайда қоғамдық құрылымда болмасын, қашан толық тәуелсiздiк алғанша тоқтамайтындығын танытты. Алғашында «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерi жауапты мемлекеттiк қызыметке қойылды, барлық губерниялар мен уездердiң басы-қасында болды. Соның нәтижесiнде ұлттық-коммунистiк мүдденi қатар ұстап, өзара сәйкестендiре жүргiзген қайраткерлер шықты. Сөйтіп кеңес өкiметi тұсында да осынау ұлт азаттық идеясы тарихи сынақтан өттi.

Осы екiншi толқынның тегеуiрiндi қайраткерлiгiнiң арқасында қазақтың қоғамдық-әлеуметiк ойлау жүйесiнiң даму сатысы мүлдем жаңа деңгейге көтерiлдi. 1922-1927 жылдар арасындағы Қазақстандағы саяси күрес тәжiрибесi оларды шынықтырып, буынын бекiттi. Халықаралық беделге ие бола бастаған екiншi толқынның өкiлдерiне тосқауыл қоюы қиынға соқты. Олар қандайда бiр саяси, мемлекеттiк, экономикалық, дипломатиялық түйiнi қиын мәселелердi шешуге тастүйiн әзiр болатын.

Ең бастысы – ұлттық ойдың өзегi үзiлмедi. Олар партияның мүшесi қатарында қала жүрiп ұлттық нысананың ұйытқысы болды. Қазақ мемлекетiнiң ұлттық бағытта дамып, экономикалық, рухани тәуелсiз елдiң қатарына қосылуына барынша ат салысты. Әрине, бұл кезеңде саяси еркiндiк, толық бостандық туралы мәселе қозғау мүмкiн емес едi.

«Алаш iсi» атты тергеу iсiндегi құжаттар мен жауаптарға және олардың саяси көзқарасына қарағанда бұл топ негiзiнен «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық бағытын жетекшiлiкке алған бiр кездегi «жас алаштар» едi. 1921-1922 жылғы ұлттық федерация туралы пiкiр таласы тұсында Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов, Ыдырыс Мұстамбаев iспеттi кеңес өкiметi кезiнде мемлекет басына келген қайраткерлер сондай бағытты ұстанды. Бұлардың күрес сахнасына келуi заңды құбылыс еді әрі жаңа құрылымдағы қайшылықтарды шешуге ұлттық аймақтар мұқтаж да еді. Негiзгi үйлестiрушiнiң мiндетi Қазақстанда – Смағұл Сәдуақасовқа, Түркістанда – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановқа жүктелдi. Бұлар 1920–1929 жылдардың арасында Қазақстанның саяси, мәдени өмiрiнде шешушi оппозициялық-ұлттық нысананы мақсат етiп, ой-пiкiрлерiн мемлекеттiк деңгейде талқыға салған ықпалды да қуатты саяси күшке айналды.

Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов белгiлi бiр дәрежеде Әлихан Бөкейхановтың саясаттағы iзбасары болды және қандай да бір пiкiр бiлдiрiп, мәлімдеме жасағысы келсе де, тiптi шығарма жазар алдында да оған өз ойын бiлдiрудi өтiнiп, хат жолдап отырды. Соның нәтижесінде ол республиканың ішіндегі саясат пен құрылымдық жүйеге, ұйымдастыру ісіне батыл араласты. Әсіресе, Қазақстан автономиясының құрылуы, оның териториясының межеленуі, солтүстік облыстардың Қазақстанға қосылуы, қазақ қызметкерлерін іс басына тарту, 1921–1922 жылдардағы ашаршылықпен күрес,жер туралы заң жобасы мен экономикалық тұрғыдан тәуелсіз даму бағдарын анықтау, тарихих-мәдени, рухани құндылықтарды тану, сақтау, дамыту тұсында қазақ ұлты мен оның мүддесi қорғалатын қысылтаяң саясаттың қысымында Смағұл өзгелерден жеке дара суырылып шықты. Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист–отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды.

1921 жылы Орынборда өткен Бүкiлқазақтық Өлкелiк кеңестiң II съезi - қазақ мемлекетiнiң даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тiрегiн анықтайтын аса жауапты саяси кезең болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкiмет ретiнде ғана қарап, барлық тiзгiндi партияның билеп-төстеуiнде қалдырып, бiрте-бiрте ұлт қайраткерлерiн iс басынан аластатып, ақыр-соңында көзiн жоюды ойластырғанын ұлт өкiлдерiнiң бәрi де сездi. Партиялық тазалау, таптық тектi айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып едi.

Қазақ өлкелiк партия комитетi ұлты қазақ қызметкерлердi жаппай жазалап, мемлекет аппаратынан шеттетiп, сол тұстағы аса дiлгiр әрi маңызды екi мәселе жөнiндегi пiкiр алысуларға оларды қатыстырмауды көздедi. Олар:

1.Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.

2.Қазақ Автономиясының шекарасын анықтау: солтүстiк және солтүстiк шығыстағы Сiбір ревкомының құрамындағы - Өскемен, Семей, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған; Түркiстан Респуликасына қарайтын оңтүстiктегi – Шымкент, Жамбыл, Алматы, батыста Астраханға бағынышты Атырау, Маңғыстау облыстарын Қазақстанның заңды жерi ретiнде тану мәселесi болатын.

Ол кезде ортақ Түркiстан мемлекетiн құру идеясы ұлт қайраткерлерiнiң арасында тәп-тәуiр бел алып тұр едi. Ал, Ресейге де, Түркiстанға да қосылмай, тәуелсiз автономия болу идеясын Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов өте қатты ұстанды. Олар «Қазақ – Шығыстың шәркейiн, еуропаның етiгiн кимей-ақ, саптамасымен де ұлттық мемлекет құра алады», дестi өзара әңгiмеде. Ол үшiн жердiң шекарасын қорғауға тиiстi ел басқаратын азаматтарды ашық майданда сынға салды. Тергеу iсiнде бұрмаланып айтылған:

«ХII Съезге алдын-ала қастандықпен жасалған Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси платформасы» осы шара болатын.

Съездiң қарсаңында: күн тәртiбiне қойылатын осындай талмауытты мәселелерге коммунистердi шұғыл шара қолдануға мәжбүр ету үшiн Ахмет Байтұрсынов ел iшiне өкiлдер жiберді. Оларға: ұлттық мүддені таптық мүддеге ауыстырамыз деген желеумен Қазақстанның ұлттық автономиялық аудан ретінде тұйықталып қалуы қаупі барын, қазақ қызметкерлерінің мемелекет басынан шеттетілуінің тоқтатылуын, жер мәселесінің қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуін, қоныстандарушылардың легін тоқтатуды талап ету керектігін құрылтайда ашық көтеру мәселесін түсіндіру міндеті қойылды, сондай-ақ аранын ашып келе жатқан аштықтың қасiретi туралы мәліметтер жинап, тиiстi тұжырым жасау тапсырылды.

.Сасия қарбаластың қарсаңында Қазақ атқару комитетiнiң өкiлi ретiнде Семей губкомына жіберілді. Бара салысымен Смағұл Сәдуақасов Қазақстан автономиясын мойындамай, республикалық атқару комитеті жолдаған шешімдерді орындамай, тек қана орыстар тұратын елдi мекендердi ғана мемлекеттiк құрылымға тартып, қазақтар үшін бұратана жұрттар бөлiмi дегендi ашып, билiк басына қазақ оқығандарын жолатпай қойған Семей губерниялық атқару комитетiн таратып жібереді де төрағалықтың мiндетiн уақытша өзi атқарады.Негiзгi ұлт қазақтарды, нақтырақ айтсақ, Мұхтар Әуезовті төрағалыққа тағайындап, қазақ ұлтының мүддесiн – мемлекеттiң мүддесi деп жариялаған болатын. Қазақ Автономиялы Республикасының дербес мемлекеттiк құрылым ретiндегi құқығын пайдаланған Смағұл Сәдуақасовтың бұл тәуекеліне губкомда қарсы шыға алмады. Қазақ бөлімін Ж.Аймауытов пен Х.Ғаббасов басқарып қалды. Ұлт мүддесі үшiн тәуекелге барған iс өзiн-өзi ақтады, Семей облысы Қазақстанның құрамына бүтіндей қосылды. Қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар және ұлттық намысты қозғайтын осынау қасиеттi қозғалыс Орынборда, Алаш ардагерлерiнiң көсемдiк парасатының ықпалымен елiнiң өжет ұлы Смағұлдың батыл әрекетiмен басталып едi.

Кiшкентай адам – ең үлкен кекшiл адам екендiгi ғылымда дәлелдеген шындық. Сол тұста «Бүрге», кейде «Кене» деп аталған бойы бiр қарыс Ежов та Семей губкомынан Қазақстан өлкелік партия комитетіне жауапты қызметкер боп Орынборға ауысты. Әрине, жоғарыдағыдай батыл қимылы үшiн С.Сәдуақасов та жақсылап тұрып «сыбағасын» тартты. 1921 жылы 9 тамыз күні «РКП (б) Қазақ өлкелік обкомының Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың теріс әрекеттері» арнайы отырыста қаралды.



«Хаттама.

Қатысқандар: Обком мүшелері жж. Костылевская, Струппе, Мырзағалиев, Петров, саяси ағарту бас басқармасының төрағасы ж. Кенжин, Қазақ орталық атткомының хатшысы ж.Досов, үгіт бөлімінің меңгерушісі ж. Шлейфер, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі ж.Сперанский, РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Фофанов.

Тыңдалды: РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Фофановтың Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың төмендегідей теріс әрекеттері: 1.Ешқандай себепсіз губаткомды және уездік аткомды таратқаны; 2.Губком мен губаткомның арасындағы байланыстың жоқтығына байланысты бөлімдердің арасындағы бытыраңқылыққа алып келген Кеңес жұмысы мен партия қызметін әлсіретіп алғаны; 3. С.Сәдуақасовтың Қазақ тұрғындарын орыс коммунистеріне қарсы қойып, оларды қазақ тұрғындарының ауыр жағдайына кінәлі деп айып таққаны; 4.Қазақтардың барлық әрекетін қолдап, кеңес өкіметінде істейтін орыс қызметкерлерін айыптағаны; 5. Губаткомның губревком болып өзгергенін жүзеге асқан шара ретінде Орталық Қазаткомның атына жалған ақпарат жолдап, Қазаткомға жалған ақпарат бергені туралы баяндама жасады.

Сөзінің соңында ж.Фофанов губкомның ж.Сәдуақасовты партиядан шығарып, қызмет бабындағы қылмысы үшін сотқа тартуды ұсынғаны туралы пікірлерін жетуізді ұсынды.

Қаулы етілді: Мәселені талқылау ж.Сәдуақасов келгенге және президиумның толық құрамы жиналғанға дейін кейінге қалдырылсын. Обкомның хатшысы М.Костылевская. РКП(б) қазобкомының іс басқарушысы (...)».

Міне, осыдан кейін барып бұл мәселе президиумда қаралып, Смағұл Сәдуақасов барлық қызметтен шеттетілді. Тіпті енді қайтып жауапты қызметке ұсынбау туралы шешім де қабылданады. Қазаткомның жауапты саяси хатшысы ретінде енді Орынборға шақырылған Мұхтар Әуезов, әрине, бұл шешімге қарсы шықты. Мұның басты себебі, яғни, жоғарыдағы айыптауларға М.Әуезовтің де тікелей қатысы бар еді. Егерде осы арада мыстары басылып қалса, олардың қайта еңсе көтеруі мүмкін емес еді.

Ал жиырмасыншы жылдардың соңында Мәскеуге ауысып, қолына ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылуы заңды. Смағұлды осылай бір ауыздықтап алған Ежов оны астыртын арандатумен және аңду қоюмен болды. Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қалам» Әбдiрахман Байдiлдин сияқтыларды сына етiп қақты. Мұхтар мен Смағұлды Колчакқа қызмет еттi деп баспасөз арқылы жариялап жазбаша куәлiк берген Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзiне де 1929 жылы маусым-шілде айларының дүбарасында:

«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылған едi.

Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен. Ол – өзінің бұл мінезінің сазайын жақсылап тұрып татты. Тергеу аяқталған соң ешқандай себепсіз Ә.Байділдиннің өзі де атылып кетті. Өйткені ол енді кеңес үкіметіне керексіз, «өзінің міндетін орындап болған», басы артық адам, «артық куә» болатын. Қаперге ілетін бір түйткіл, осы істе ресми тіркелген мұндай жасырын агенттердің үшеуі де тергеусіз және куәсіз атылып кетті.

Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай бердi. Ол өзiнiң 1929 жылы шiлденiң 25 күнi жазып берген машинкамен басқанда 45 беттiк түсiнiктемесiнде:

«Мен өзiмнiң түсiнiктемемде, әрине, сәдуақасовшылдықтың мұқым тарихын толық баяндап бере алмаймын. Оған қазiр тиiстi жағдай да жоқ, ең бастысы, қажеттi деректер де қолымда емес... Сәдуақасовшылдық партияға қарсы бағыт ретiнде КССР-дiң құрылған алғашқы күнiнен бастап стихиялы түрде қалыптаса бастады... Егерде жинақтап айтар болсақ, сәдуақасовшылдық мынадай бағытта көрiндi. 1. Партияның ұлттық бағдарламасын жүргiзу бағыты (мұны қалай түсiнiп, қалай талдағаны жеке мәселе). 2. Қазақтардың арасындағы жұмысты күшейту. 3. Төңкерiс жастары деп аталатын топты жоғары қызметке тарту. 4. Отаршылдыққа қарсы күрес және солшыл селтеңбайларға (бездельников) қарсы күресi. Оның бұл бағыт-бағдары (платформасы) сол кезде басылып шыққан «Жастардың жаңа жолы» деген кiтапшасында барынша толық баяндалды» - деп көрсеттi.

Әсiресе, Бүкiлқазақстандық Кеңестiң II съезi тұсында өткiзiлген қазақ өкiлдерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек қана идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, Қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiндегi қазақ қайраткерi, оның iшiнде барлық мемлекеттiк iстi үйлестiрiп отыратын жауапты саяси хатшы Мұхтар Омарханұлы Әуезов өзiнiң қайраткерлiк әрекетiне осы бағытты ұстанды

Жүрексiнiп қалған большевик – коммунистер Әлихан Бөкейхановты, Халел Ғаббасовты, Халел,Жаһанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан Тынышбаевті, Әлiмхан Ермековтi, Мiржақып Дулатовты, Жүсiпбек Аймауытовты, Жақып Ақбаевтi өкіл ретінде шақырмады. Оларды түрмеге қамап, тергеуге де дәттерi шыдамады. Ұлт республикаларындағы жағдай оны көтермейтiн. Алайда олардың орынын Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезовтер басады деп күткен жоқ едi.

Аса тегеуiрiндi бұл толқынның сол тұстағы саяси ынтымағы:



«Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компартиясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты»,деген Ә. Байдiлдиннiң көрсетуiнен анық байқалады.

Мұхтар мен Смағұлдың қайраткерлiгiнен алаш көсемдерiнiң қолтаңбаларының табы танылып тұратындығы сондықтан. Осындай қарбалас шақта қазақтың басына тағы бiр қауiп аштық төндi. Мұхтардың ендiгi қажыр-қайрат, күш-жiгерi сол нәубеттiң бетiн қайыруға жұмсалды



Ұлттық намыс пен сана-сезiмдi оятқан мұндай ерлiк пен еркiндiктi кекшiл империя кешiрмедi де ұмытпады. Қазақстан мен Түркістанның саяси мәжілісіне тергеушiлердiң де қатты қадалып, қазымырлана шұқшиуының басты кiлтипаны сол болатын.
2.
Мiне, өлкелiк кеңеске осындай кереғар көңiл-күйде келген өкiлдердiң ұлтына қарап екiге бөлiнуi сондықтан едi. Съезд барысындағы шегiне жете ушыққан көзқарастар қақтығысын Әбдiрахман Байдiлдиндей жерiне жеткiзiп, қыбын қандырып жазған адам кемде-кем. Сондықтан қарау пиғылдан туған ащы шындықты назарға ұсынамыз: «Ел сенген өкiл»:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет