«1.Мұсылман еңбекшілеріне және олардың қызметкерлеріне сенім көрсету керек, ішкі мәселелерді және Шығыстағы мақсаттарды шешу үшін Түркістанда қуаты күшті мұсылман қызыл армиясын құру аса қажет деп есептеймін, болашақта Түркістанда құрылатын мұсылман армиясының алғашқы кезеңдегі ұйытқысы және құрама негізі ретінде ержүрек және сенімді командирлер басқаратын жақсы жасақталған татар және башқұрт бригадаларын Түркістан республикасынң әскери комиссариятының қарамағына, ал шекар шебінде ұстау үшін тура сондай екі бригаданы Түркістан майданының қарамағына жіберілуі тиіс. Башкирияда, Татарстанда, Түркістанда жасақталған бөлімдер сыртқы күштермен күресу үшін шұғыл түрде шекаралық әскерді толықтыруға аттануы керек. Сөйтіп шұғыл түрде жергілікті колонизатор кулактардан жасақталған қызыл армия бөлімдерін қарусыздандырып тарату қажет не басқа майданға ауыстырылуы тиіс» – деген (сонда, 180-бет) ұсыныс жасады.
Оған Т.Рысқұлов, Низамеддин Хожаев, Г.Бех-Иванов қол қойды. Әрине бұл ұсынысты Ленин кекесінмен, Сталин күдікпен қабылдады. Оған жауап ретінде «бұратана коммунистердің өкілі» – түркістандық Т.Рысқұлов пен Ф.Ходжаев, башқұрттық З.Валидов пен Юмағұлов, қазақстандық А.Байтұрсынов 1920 жылы 16 маусым күні «Башкирия, Түркістан және Қазақстан коммунистерінің В.И.Ленинге оның ұлт мәселесі жөніндегі тезистерінің кейбір тармақтарын қайта қарау туралы ұсыныс» хатын жазды. Мұнда пролетарлық еуропашылдыққа тойтарыс берілді. Жоғарыдағы мәселелер қайталап қойылды. Сол күндері А.Байтұрсынов «В.И.Лениннің ұлттар мен отарлау мәселесі» тезисі бойынша баянхатын» жолдады. Мұның барлығы да отарлау мен бодан ұлттың арасындағы қарама-қайшылықтар мен оны жоюдың жолдары, соның ішінде орыс отарлаушыларының зардаптары, большевиктердің «коммунистік–колонизаторлық саясаты» туралы пікірлерді қамтыды. Бұл мәліметтерде саяси сабақ аларлық тәсілім жеткілікті. Тергеу барысындағы жинақталған деректің өзі соған толық дәлел.
Міне, сол кезде кеңес өкіметінің түлкі бұғаулы пиғылын түсінген саяси қайраткерлер үшінші Интернационалға жеке социалистік партия ретінде мүше боп кіруге ұмтылды. Бұл қозғалысты Заки Валидов:
«...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді» – деп (268-бет) еске алады.
Демек жауап алу барысында тергеушілердің Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, Низам Хожаевтің, З.Валидовтің арасындағы байланыс туралы қазымырлықпен сұрақ беруінің астарында осындай саяси мәнді оқиғалар жатқанын меңзейді.
Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі қозғалысқа қосылу туралы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қанын төккен башқұрт боздақтарын Түркістан майданына жіберуге күш салып, Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:
«Валидовтің Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр» – деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.
1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы дәргейіндегі құрлым» деп жарияланады. 1919 жылы наурыз айында «автономиялы үкімет» ретінде мойындалып, Ленин мен Сталиннің өзі қолын қойған құжаттан 14 айдан кейін айнып кетуінің мәнін сұраған З.Валидовке Ленин:
«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді» - деп (365-бет) жауап береді.
Ал шындығында бұл – бір ұлтты екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын. Ол жөніндегі құжаттар ғылыми айналымда бар. Тек олардың барлығына бір бағытта ғана, тек кеңестік идеология тұрғысынан түсінік беріліп келді. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары бұған тереңдеп бара алған жоқ. Соның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларға өзгеше көзқараспен баға беруге негіз қалайды. Біздің де барынша іріктей отырып, тергеу ісіне сыналай кіргізуіміздің басты мақсаты – сол тылсымның орнын толтыру.
Ұлт мәселесі жөнінде бұл кездесуден алған әсерін З.Валидов:
«Ленин – диктотар еді, бірақ тиран емес» – екен деп жеткізді.
Міне, осы арада үлкени саяси мүдделер тоғысы мен саяси айла-амал басталады. Дүние тарихының астан-кестені шығып, күн сайын өзгеріп жатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан екпін алған майдан шебіндегі жеңіс пен жеңілістер Түркістаннның да, Қазақстанның да, Башқұртстанның да тәуелсіздікке деген үмітін бір жандырып, бір өшіріп жатты. Ресейдегі түркі тектес ұлттар, сыртқы күште – Түркияға ерекше бауырмалдықпен қарады. Ататүрік мемлекеті де сыртта – ағылшындармен, іште – азаматтық күштермен екі майданда соғысып жатты. Түріктер өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кеңес өкіметімен келісімге барып, оны дос деп танып, Түркістан ұлттары түбінде Ресей Отарынан құтқарады деп сеніп отырған Әзірбайжаннан бас тартты. Бұл кеңестің кеңістігін кеңейтті, түркі бодан жұртының тынысын тарылтты. Большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанды алаңсыз билеуіне жол ашты. Түркия мемлекеті: Түркістан халқы ресейге қарсы шықпасын, кеңес өкіметін қолдаңдар – деген ұстанымда болды. Керсінше, түркі дүниесін біріктіруге ұмтылған Әнуар паша сияқты қайраткерлер: жалпытүркі жамиғатының ортақ әскерін жасақтап, Еділ-Жайық бойына дейін азат етіп, Үлкен Түркістан мемлекетін құруға ұмтылды.
Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату – қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. 1918-1922 жылғы азаматтық соғыс тұсында мұндай қауіпті серпіп тастайтындай тегеуірінді күш Лениннің қарамағында болмады. Сондықтан да бар айла-амалды қолданып, түркі жұртын шырғада ұстады.
«Алашорда» үкіметімен де жасалған келісім шарттың тағдырын дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді. Сөйтіп, кеңескеңес өкіметі тұсында:
«федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек...» болды, «экономикалық және саяси тiзгiндi қию – ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет» екен. Ресей …ұлт мәселесiн шешуге ге дәрменсзi» көрінеді, тіпті», «шеше де алмайды», «сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ», «жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайтын», – болып шықты.
Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорданың» толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді. Қазақ зиялыларының ой-еркі кеңес өкіметінен сырттап, оқшаулана бастады. Бар үміт жібі – Қазақстанның териториясы мен халқының үштен бір бөлігін қамтитын Түркістан республикасына қарай тартылды. Ұлт қайраткерлері Түркістанға –Ташкентке бет бұрып, бар қуат-қайратын мәдениет, оқу-ағарту, ғылым саласына жұмсады.
Мұнда да үш түрлі саяси бағытта: 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан-Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. 4. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхарамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.
Тура сондай қоғамдық буырқаныс тұсында Сталин мен Лениннің қабылдауында жиі болып, олар үнемі назарында ұстаған Башқұртстан үкіметінің төрағасы Заки Валидов Түркістанда астыртын ұйым құрып, кеңес үкіметіне қарсы күресуге шешім қабылдайды. Ол өзінің бұл ойын Кремль бауырына басып жүрген шығыс қайраткерлерінің бәріне айтады. Соның ішінде Лениннің шығыс ұлттарымен арадағы келісім шартты:
«жыртып тастайытын бір жапырақ қағаз» деп қарайтынын:«... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды» - деп баяндайды З.Валидов.
Ленин бiр қолымен аз ұлттың мүддесiн мiнберден көпшiлiкке көрсете ұсынды да, екiншi қолымен бұл мәселенi қайта көтерiлместей етiп, тура буынды тұсынан отап отырды. Өзгеге – өзге, тек қана Ресейде ғана емес, дүние жүзiне пролетариат диктатурасын құруға ұмтылған Лениннiң ұлт мәселесiнде ымыраға баруы, яғни әр бiр ұлттың тәуелсiз өмiр сүруiне мүмкiндiк беруi, оны қостауы жай ғана дақпырт қана. Бұл оның мақсатына, өмiр сүру тәсiлiне, тiптi күнделiктi берiлген нұсқау – бұйрықтарына қарама-қайшы келдi. Ол аз болса:
«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бір-ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», - деп жасырын бұйрық берген де Лениннiң өзi.
Мiне, Лениннiң ұлттық саясатының түпкi мақсаты осы болатын. Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл - кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр.Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi – сырт көзге қойылған сақна ойыны ғана едi.
З.Валидовтің «Қатираларындағы» бұл пікірлердің растығына Т.Рысқұловтың 1924 жылдың 18-29 сәуір аралығында И.Сталиннің тікелей өзіне дайындаған «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттері туралы ұзақ баянхатындағы, сондай-ақ И.Сталин мен Л.Кагановичке жолдаған «Партия ұйымдарындағы тазалау кезіндегі Орта Азиядағы асыра сілтеушілік туралы» хатындағы деректер дәлел болады. Т.Рысқұлов өзінің ойын Ленинге:
«Шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарай бұрылған бүйректі қарапайым жолмен жоя алмайсың. Оны сол тұрғындардың арасындағы экономикалық және басқа да қайшылықтарды жою арқылы ғана жүзеге асырасың. Жетісудағы кедей қазақтарға жер берілмесе, кулактары – 125, кедейлері – 15 десятина жерге ие орыстардың жұдырығы желкесінен төніп тұрғанда, қазақтарға: интернационализм деген өте жақсы нәрсе, кеңес өкіметі жағына шығыңдар – деп қалай түсіндірсең де, ол мұны қабылдамайды, және кеңес өкіметін түйілген жұдырық деп есептейді. Сол ортадан шыққан коммунист мұны ашық айтса, оны ұлтшыл деп шығарады. Егерде мұндай теңдік сақталмаса, онда осы ортадан шыққан қазақ коммунисі қазаққа сөз айтудан қалады, өйткені оған бәрібір» – деп (сонда, 220 бет) түсіндірді.
Шындығына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік европалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын.
Тергеу ісінде сол жылдары Т.Рысқұловтың Орынбордағы жалпықазақтық құрылтайға қатысқаны және Сарымолдаевқа арнап Ж.Досмұхамедовтың адресіне хат жолдағаны туралы айғақ бар. Тергеушілердің назарында осы хатты табу ойы болған, бірақ оның нақты ізіне түсе алмаған. Өзінің З.Валидовпен және М.Сұлтанғалиевпен жазысқан хаттары туралы кейін мынадай түсініктеме берген. Өзінің естелігін қырық жылдан кейін қағазға түсірген және шетелде жүрген Заки Валидов ойын қалай жеткізуге де ерікті болатын. Оның «Қатирадағы» куәліктері «Алашорда» қайраткерлерінің ешқашанда ұлт-азаттық күресін тоқтатпағанын дәлелдейді. Керісінше, Сталинге жазған түсініктемесінде Т.Рысқұлов осы саяси оқиғаларға мүлдем басқаша баға береді. Хаттағы түсініктерге қарағанда Т.Рысқұлов «Алашорданың» тергеу ісімен танысқан не толықтай мағлұмат алған. Оған З.Валидовтің естелігімен мазмұндас және оған жауап ретінде жазылғандай әсер қалдыратын хаттағы мына жолдар дәлел:
«Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкенте оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» – делініпті (...).
(...) Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым.
(...) Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткізді – делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариятымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақта сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондақтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?
(...) Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын. Валидов ол кезде Башқұрт халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болатын, онымен Ленин және Сталин жолдастардың өзі жеке әңгімелесетін. Башқұрттардың қызыл әскері майданда соғысып жүргендіктен де ол кезде Москвада Валидовпен есептесетін. Маған: Валидовтің өз поезды бар, ол Москваға келгенде әскери шерумен қарсы алды – деді. Мен оны білмейтінмін және өткенінен де хабарым жоқ болатын. Бірінші рет көрген адамым және онымен есептеседі екен, болашақта оның кім боларын қайдан білейін. Мен онымен қонақ үйде таныстым, Башқұртстан үкіметінің төрағасымын – деді. Жергілікті жердегі «колонизаторлар» әбден зығырымды шығарды – деп мұңын шақты, жағдайдың қиындап кеткені сондай, «отставкаға» кететінін айтты. Өзінің Ленин жолдастың атына жазған баяндамасының бір данасын берді. Мен оған өзімнің Орталық комитеттке дайындағын баяндамамның бір данасын бердім. Сонымен бәрі де аяқталды» («Алаш қозғалысы, 3 т., 2 кітап, 193 - бет).
Шындығында бәрі де аяқталған жоқ еді. Қайта «тар жол, тайғақ кешу» енді басталған. Баянхаттағы саяси оқиғаларға берген бағасы мен ұстанымы З.Валидовтің де, Ә.Бөкейхановтың да, А.Байтұрсыновтың да, Ә.Ермековтің де пікіріне керағар. Алайда астарын ашып, әдібін жазсаң бұл оқиғаларға Т.Рысқұловтың тікелей қатысқаны анықтала түседі. Ал өзі қатысқан оқиғаларды қандай көзқараспен қабылдап, кімге қалай түсіндіреді және жеке басын қалай қорғайды, ол әр азаматтың таңдауы және сол кезеңдегі бірден-бір дұрыс ұстаным да болуы мүмкін. Мұндай «жұмбақ жайлар» мен пікір қайшылықтары жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, «тиран (Ленин) мен диктатор (Сталин)» (Валидов) басқарған империяда шындықты айту тәуекелдің ғана ісі емес, тағдырдың зауалы да болатын.
Башқұрт әскерін Оңтүстік Украина майданына шығарып салған З. Валидов Ленинмен екі рет кездесіп, тағы да аз санды халықтардың бостандығы мәселесін көтереді. Сол кездесудегі Лениннің:
«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды» - деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзеді.
Бұл З.Валидов сияқты түрікшіл командирдің төзімінің соңғы тамшысын тауысты. Ол:
«Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым – деп (374-бет) жазды.
Түрккомиссияның жұмысынан Т.Рысқұлов бастатқан большевиктерді шеттетті. «Түрккомисия» туралы Т.Рысқұлов:
«1920-1921 жылдары әскери коммунизм тұсындағы саясаттың шартына қарсылық білдірген ұсақ буржуазиялың наразылығы күшейді (сол кезде Россияның әр жерінде, Кронштадта көтерілістер орын алды, партия мүшелерінің ішінен де солқылдақтар шықты). Сондай солқылдақтық пен бетбұрыстар артта қалған ұлттық Түркістанда да болды. Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас – жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайға емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін».
Азаттыққа жетудің жолы оған қарсы күрес екенін түсініп, ол күресті Түркістанда бастау керек – деген шешімге келеді.Сөйтіп, астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алады. Сол қарсаңда Түркиядан келген «Иттиһат және таракки» («Бірлік пен прогресс») партиясының мүшелері Назым-бей мен Бадри-бей атты түрік қайраткерлерімен жолығады, олар да З.Валидовтің астыртын жұмысқа көшу ниетін қостайды. З.Валидовтің кеңес өкіметі туралы:
«Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақта біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді» – деген ойға келеді.
Сөйтіп, Софы Аллаярдың: «Тәуекел десең – ырыздығың Тәңірден, Бұйырғанын көресің сен, жолаушы», –деген сөзін бір қайталап алып сапарға шығады. Бұл құпия сапарда Валидов пен Рысқұловтың жолы тағы да екі рет тоғысады. Рысқұлов «бәрі де сонымен аяқталды» – деп Сталинді сендірсе де, ол шындық араға елу жыл слаып барып қайта жария болды. Түрік қайраткерлері Жемал мен Халил пашалар ұсыныс жасап, Ұлт істері жөніндегі комиссарият пен Мұсылман коммунистер орталығы ұйымдастырған Шығыс халықтары құрылтайы 1-5 қыркүйек арасында Бакуде өтті. Москвада айырылысқан қос қайраткер енді Бакуде кездесті. Бұл кездесу екеуі үшін де құпия жағдайда өтті. Баку сапары туралы Т.Рысқұлов:
«Мен шұғыл түрде Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына жүріп кеттім. Шындығында, онда болған екі-үш жүз түркістандық делегаттар менің ықпалымда болды. Коминтерннің атқарау комитетінің поезімен бірге Әнуар-паша да келді. Мен делегеттардың барлығын Әнуар пашаға тілектес болудан сақтандырып: ол өзінің Түркиясына да көп кесірін тигізді – деп үгіттедім. Әнуардың менімен кездескісі келді. Кейін білгенімдей, ол делегаттардың біразымен кеңес өткізіпті. Алайда Сафаров және басқалар (1920-1921 жж.) мені сол кеңеске қатысты деп таратыпты» – деп («Алаш қозғалысы, 3 т., 2-кітап, 194-бет») баяндайды.
Әрине, Т.Рысқұлов Бакуге барар жолда өзінің З.Валидовпен құпия кездескені туралы ләм демейді және кездестім деп те айта алмайтын. Оның өзіндік себебі де бар. Сондай-ақ З.Валидов Аштархан, Сарай, Үстірт, Басқұншақ арқылы Хорезмге, одан Ашғабатқа өтіп, астыртын жұмысқа көшкен соң оның әр қадамы аңдулы болғаны түсінікті. Біз бұдан былай «Қатиралардың» түрік тіліндегі мәтінін қысқаша тұжырымдай тәржімалап береміз.:
«Мен жасырынып жүргемін. Кеңес өкіметі менің қалайда онда баратынымды біліп, ерекше дайындық жүргізгені, Баку, Аштархан, Дербенд, Красноводскі және басқа да қалаларға 300-ге жуық адамды құпия тыңшылыққа тартқаны туралы хабар алдым. Олардың көбі мені жақсы танитын қызметкерлер-міс. Қазақстан мен Өзбекстаннан келетін өкілдердің аты-жөндерін және олардың барлығы бір пойызда болатынынан да хабардар болдым. 29 тамыз күні мен бұл пойызды Ашғабаттың батысындағы елеусіздеу Бамиде деген бекетте қарсы алдым. Жүк пойызына атпен кірдім, вагонда Тұрар Рысқұлов пен Ибраһим Жанұзақовты кезіктірдім. Олармен: Бакуде қалай кездесетіндігімізді және онда не істейтіндігімізді келістік, Красноводскіге таяғанда Жебел бекетінен түсіп қалдым. Сол жолы Тұрар маған қызықты бір құжат берді» – деп («Қатиралар», Станбол, 1969, 336-337 беттер) жазады З.Валидов. – «Аталған құжатты Ресейдің Мыртқы істерминистрлігінің Таяу Шығыс жөніндегі маманы Павлов дайындапты. Ол: Таяу Шығыс, Араб, Түркия, Иран мен Ауған елдеріндегі рулық жік пен капитализмнің керітартпа қйшылықтарын ресейлік мұсылмандар арасына «көшіріп», олардың арасына от жағып, өшіктіру керектігін айта келіп, орыстандыруды жеделдетудің жолдарын ұсыныпты. Соған орай Ленин мен Сталиннің атынан берілген нұсқауда, Байтұрсынов, Рысқұлов, Сұлтанғалиев «Түрккомиссиясына» мүше боп тұрғанда ашық айтпаған мәселелерді талқыға салып, европалық партия мүшелеріне құпия таратқан. Онда: Түркістан халқының таптық жігін ислами тұрғыдан жандандыратын Рысқұлов, Валидов сияқты ұлтшылдар жергілікті жұмысшылардың дұшпаны екендігі, жергілікті зиялылардың арасында өздерін «октябрист» ретінде көрсететін орыстарды тартып, ұлттық қызметкерлерді шеттету, Шығысты толық бағындыру үшін олардың көзі ашық зиялыларын қысым мен қудалауда ұстау қажеттілігі Түрік комиссиясының сессиясында ашық айтылыпты («Қатиралар», 338 -бет).
Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Оның жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтқандығын естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасында қанды ірің аққан бір жараны тіліпсің» – деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19 желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсатты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді.
Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғамбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғамбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.
Тарихшылар мен тергеушілер: басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытты. Алайда біз сол сұраққа түсінікті әрі тиянақты жауап беру үшін оқиғаның ізін қуа пайдаланып отырған З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әрқисынды болуы заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық. Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. Өзінің майдандас серігі ... Бұқараға жіберген М.Тынышбаевтың да мағлұматсыз болмағаны анық. Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар жағдай бұл. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғамбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғамбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады. Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хика республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз барү
Сондай қысылтаяңда жүріп Заки Валидов «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |