6-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.
Адам бойындағы жағымсыз қасиеттер
Кейбір адамдардың мінез-құлықтарында жағымсыз қасиеттер болады. Мысалы, біреуді-біреу көре алмаушылық, іштарлық, екіжүзділік, тәкаппарлық, жағымпаздық, пайдакүнемдік, қызғанушылық, өзімшілдік, жемқорлық, жалақорлық, бұзақылық және т.б.
Атаққұмарлық пен мансапқорлық жайлы Р. Шеридан: «Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Міне осы құштарлықтан құтқарар болса, қалғандарынан мен өзім-ақ құтылар едім» – депті. Атаққұмарлар пен мансапқорлар атақ пен даңққа және мансапқа қызыққыш, айлакер, өркөкіректеу және өзімшіл болып келеді. Ондай адамдардың алдарына қойған басты мақсаты – шен-шекпенге, сый-құрметке бөлену, оңай даңққа, жеңіл атаққа және мол табысқа қол жеткізу, сондай-ақ лауазымды қызметке көтерілу. Олар өз бойындағы іскерлік пен білімділік, парасаттылық қабілеттерінің бар-жоғына қарамай атақ пен мансапқа қарай ұмтылады, ал қоғамдық жұмыстарға немқұрайды, атүсті қарайды және халықтың мұң-мұқтажымен санаспайды.
Қоғамдық жұмыстарға қабілеті аз, білімі мен талабы жоқ, бірақ қалталылар мен сүйеніші мықтылар көздеген мақсаттарына, аңсаған армандарына жетіп жатыр. Мұндай атаққұмарлық мен мансапқорлық адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың қалыптасуына кері әсер етіп және қоғамның ілгері басуына кедергі келтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |