Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы


XV-XVIII ғасырлардағы әдет-ғұрып құқығы



бет30/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

XV-XVIII ғасырлардағы әдет-ғұрып құқығы. Қазақстан территориясындағы жүздеген жылдар аралығында пайдаланған өзiндiк заңы, әдеттегi құқық-рәсiмдер мен салт-дәстүр заңдылықтары болды. Олар мемлекеттiк билiк арқылы бұзылмайтын негiзде қаланып, қоғамдық қатынастарды қалыптастырды. Қазақтың әдеттегi құқы әдет немесе заң терминiмен белгiлендi. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан әдет немесе заң көшпелi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық және саяси-қоғамдық өмiрлерiнде негiзгi тыныс-тiршiлiгiмен байланысты дамыды
ХV-ХVIII ғасырлардағы қазақтың әдет-ғұрып құқығы төмендегiдей негiзден тұрады. Бiрiншi, әдет, заң; екiншi, би билiгi; үшiншi, билер cъезiнiң ережесi. Қазақтар өздерiн мұсылманмын деп санағанмен де олардың құқықтық жүйесiнде шариат үлкен рөл атқармады. Ал, әдет-ғұрып, рәсiм құқығы адамдар арасындағы қарым-қатынас ретiнде ежелден тұтас қалыптастырылған iс-әрекетке жатты. Бұл қалыптасқан дәстүр ретiнде көшпендiлердiң экономикалық тыныс-тiршiлiгiнiң негiзiн қалайтын жағдайлармен тығыз байланысты болды. Мемлекеттiк билiк бекiткен рәсiмдер мен салт-дәстүрлер құқықтық әдетке айналды. Сонымен бiрге жоғарыдағы әдет немесе заң сөздерiмен бiрге жора, жарғы, жол терминдерi де қалыптасты. Мiне, әдеттегi құқық заңдылықтарын қазақ хандары өз кездерiнде бекiтiп дамытқысы келдi. Ол ХVI ғасырда Қасым хан билiгi кезiнде бастау алды. “Қасым ханның қасқа жолы” салт-дәстүр негiзiне айналған алғашқы Кодекс болып қалыптасты. Бiрақ ол бiзге жазба түрде жетпесе де, оның кейбiр заңды актi ретiнде қабылданатын бес бөлiмi болған.
Бiрiншi бөлiм-мүлiктiк және жер қатынастарын реттеушi нормалардан (мал-мүлiк, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелерi) тұрды. Екiншi бөлiм-қылмыс пен жазаға қатысты құқық нормаларын (кiсi өлiмi, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылытын жазалар) жинақтады. Үшiншi бөлiм-әскери мiндеттiлiк және оны орындау, сондай-ақ әскери тәртiп бұзғандағы жазаларға байланысты құқықтық нормаларды (қосын құру, аламан мiндетi, қара қазан, тұлпар ат, ердiң құны т.б.) қарастырды. Төртiншi бөлiм-елшiлiк жораларға қатысты, елшiлердi тағайындау және қабылдау тәртiбi, дипломатиялық этикет мәселелерi туралы нормалардан (шешендiк, әдептiлiк, халықаралық қатынастардағы сыпайылық, сөйлеу мәнерi) тұрды. Бесiншi бөлiм-жұртшылық заңы (қайтыс болғандарды жерлеу, шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) рәсiмдерiне арналды.
Қасым ханмен туысқан Жәдiк ханның немересi Шығай ханның баласы Есiм ханның кезiнде (1598-1628 ж.ж.) әдет-ғұрып құқықтары қайта жүйелендi. Ол заң “Есiм ханның ескi жолы”деп аталды.
Есiм хан негiзiнен бұрынғы Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелердi қайталады. Есiм ханның тұсында қалмақтармен соғыстардың күшеюiне байланысты әскери мiндеткерлiктер күшейтiлiп, әскери тәртiп бұзған үшiн жазалар қатайтылған. Бiзге келiп жеткен деректер бойынша Есiм хан ердiң құнына 100 жылқы және алты жақсы (6 түйе) кесiм белгiген. Ол бай-кедей, жас-кәрi, қараша-сұлтан демей еркек аталудың бәрiне бiрдей қолданылған.
Тәуке ханның (1680-1718 ж.ж.) тұсында мемлекеттiк аппараттың құрамында үлкен өзгерiстер болып, ол белгiлi заң-құқық жүйелерi арқылы қазақ мемлекеттiлiгiн қалыптастыра бастады. Сөйтiп, әкiмшiлiк-басқару процесiне “билер кеңесi” енгiзiлдi. Бұл мемлекеттiк орган қазақ хандығының саяси жүйесiнде үлкен құқықтарға ие болумен қатар, мемлекеттiк iшкi, сыртқы саясатты жүргiзуде орасан зор рөл атқарды. Тәуке хан алғаш рет қазақ қоғамының құқықтық жүйесiн қалыптастырды. Ол билiк құрған кезеңде мемлекеттi нығайтып, белгiлi тәртiп орнату үшiн тиiмдi, халық мүддесiне сай, ал орындалуы, арнаулы тетiктермен қамтамасыз етiлетiн заң жүйесi керек едi. Бұл қағиданы жете түсiнген Тәуке хан жаңа құқық жүйесiн қалыптастыру үшiн қазақтың қара қылды қақ жарған, өздерiнiң әдiл шешiмдерiмен елге танымал болған билерiн қызметке тарта бiлдi. Олардың қатарында Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке би бар едi. Соның негiзiнде қазақ қоғамының “ұлттық Хартиясы” дүниеге келдi. Ол — “Жетi Жарғы” деп аталды. Жарғы 7 бөлiмнен тұратын. Бiрiншi, Жер дауы; онда меншiк құқығы мен нормалары реттелiп жайлаулар мен су қорларын пайдалану бiр жүйеге салынып отырды. Екiншi, жесiр дауы; онда жесiрлер мен жетiм қалғандардың жеке бастарының құқы және олардың мүлiктерiне иелiк реттелiп отыруымен бiрге ағайындармен қарым-қатынастары қалыпты жүйеге түсiрiлдi. Үшiншi, отбасы-неке құқығының нормалары. Төртiншi, сот процесiн жүйеге түсiрушi нормалар. Бесiншi, мемлекеттi басқару және әскери iстерге байланысты құқық нормалары. Алтыншы,айып төлеуге байланысты қылмыстық құқық нормалары. Жетiншi, құн төлеуге байланысты қылмыстық құқық нормалары. Осының бәрi Кiшi Орда қырғыздарының (қазақтарының) айтуына қарағанда қазақ халқы бiр жылдары тыныштықта өмiр сүрiп, өз заңдары мен құқықтық және соттық тәртiбi болып, әрi атақты Тәуке ханның билiк жүргiзу кезеңiн “Алтын ғасырға” балаған да кезең болғанын көрсетедi.
“Жетi жарғы” бойынша кiм сұлтанды немесе қожаны өлтiрсе, оның ағайындары өлген адамның туысқандарына жетi адам үшiн құн төлеген. Егер әйелi күйеуiн өлтiрсе, онда оған өлiм жазасы кесiлiп, оны ешбiр құнмен құтқара алмайтын болған. Ал, өзiне-өзi қол салғандар болса, олар басқа өлгендермен бiрге жерленбеген. Мiне, осындай заңдылықтардың қалыптасуы Тәуке ханның хандық құрған кезiн “Алтын ғасырға” теңейдi. Абай Құнанбаевтың “Бұл билiк деген бiздiң қазақ iшiнде әрбiр сайланған кiсiнiң қолынан келмейдi. Бұған бұрынғы “Қасым ханның қасқа жолын”, “Есiм ханның ескi жолын”, әз Тәукенiң “Жетi жарғысын” бiлмек керек”,— деп айтуы Ресей патшалығының қазақтарға таңған жолының дұрыс еместiгiн, билердi еш уақытта да сайлап қоюға болмайтындығын көрсетедi.
Патшалық Ресей отары болғанға дейiн қазақ қоғамында жазба түрдегi құқық болмағанына қарамай, ұлт өмiрiнде әдет-ғұрыптық (адат) құқықтық жүйе мейлiнше жақсы дамып, ол — әлеуметтiк-реттеу және басқарымдық құрылымда ерекше орын алды. Әдет-ғұрып құқығы өзiнiң ежелгiлiгiне қарамай белгiлi бiр кезеңдерде өзгертiлiп-толықтырылып отырылды. Соған қарамай сандаған ғасырлар бойы негiзгi құқықтық институт ретiнде оған айтарлықтай өзгертулер енгiзiлген емес. Осы тұрғыда алғанда ол патриархальдық-феодалдық қоғамдық және саяси қатынасты реттейтiн құрал ғана болып қалмай, қазақтың болмыс-бiтiмiн қорғап-қолдайтын бiрден-бiр қуатты күшке ие негiз көзi едi. Қазақ әдет-ғұрып құқығын зерттеп-зерделемей, оның қазан төңкерiсiне дейiнгi тыныс-тiршiлiгiн, тұрмыс-салтын, өмiрге көзқарасы мен тарихи қалыптасуын сипаттау мүмкiн емес. Ол 1917 жылға дейiн патшалық Ресей отарлауы арқасындағы қарым-қатынастардан орыс заңының қазақ даласына етенелей енгенiне қарамай өз күшiн бiрде әлсiреткен емес. Оның күнi кешеге дейiн, яғни тәуелсiздiк алған мезгiл аралығы уақытында жалпы теориялық жағынан терең оқытылмағаны да жасырын емес. Құқықтанушылар әдет-ғұрып құқығын тек құқық көзi ғана деп талдап-талқылайды. Бұл дұрыс емес. Қазақтың әдет-ғұрып құқығын тарихи этнографиялық тұрғыда зерттеп-зерделеп қана қоймай, оны жүйеге түсiрiлген норма ретiнде зерттеп-зерделеу керек. Сонымен бiрге әлеуметтiк-нормалардың табиғи даму арқылы тәрбиелiк мән-мағына жағынан да даму процесiне барынша назар аударылуы тиiс. Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы негiзiнiң көзi ауызша салт-дәстүр — адат болып есептелiнедi. Ол әлем халқы тарихы құқығының бөлiнбес бiр бөлшегi ретiнде қарауға толық құқығымыз бар. Қазақстандағы дәстүрлi құқық нормаларын зерттеп-зерделеу бүкiләлемдiк тарихи процестiң заңдылығына үлес болып қосылатыны анық. Өйткенi, әртүрлi халықтардың әдет-ғұрып нормаларының бiр-бiрiмен ұқсап жатуы, яғни әлеуметтiк-экономикалық, жағрафиялық және басқа да жағдайларының үндесiп өздi-өзiн толықтыруы да соның айғағы. Оған адамдар қарым-қатынасындағы заңдық нормаларды басқа да қоғамдық құбылыстармен байланыстырсақ, онда қазақ әдет-ғұрып салтының қыр-сыры ашыла түседi. Қазақ әдет-ғұрып құқығын талдап-талқылау үшiн алдымен бiз адат терминiнiң қайдан шыққанына және мән-мағынасына үңiлуге тиiспiз. Ол Шығыс халықтарында салт-дәстүр мен әдеттердi немесе қарым-қатынас құқығын сақтайтын қоғамдық дәстүр күшiнiң бiрлiгiн көрсетедi. Бұл туралы ғалымдар әртүрлi болжамдар айтып жатады. Жалпы, адат — әдет-ғұрып, салт-дәстүрдi көрсететiн араб сөзi. Қазақ қоғамының экономикалық және мәдени даму процесiне сай бұл форма ұлттың қалыптасу кезеңдерiнiң айнасы дегендей боларлық. Қазақ хандары ұлттың әдет-ғұрыпын сан рет өзгертуге тырысып, оны билеушi тап өкiлдерiне лайықтап жасамақшы да болған едi. Тарихи құжаттар деректерiне назар аударсақ, Хақназар хан (1538-1580) және Есiм хан (1598-1628) билеген кезеңдерде қазақтың әдет-ғұрып салтына едәуiр мемлекеттiк дәреже (статус) берiлгенi белгiлi. Ал, Тәуке хан кезiндегi (1680-1718) құжатта: “хан Тәуке Күлтөбеде жетi бидi жинап, Қасым және Есiм ханнан қалған ескi әдет-ғұрыптардың басын бiрiктiрген... Сөйтiп олардан жаңа Жетi жарғы аталатын құқықтық-заңдық әдет-ғұрып жүйесiн қалыптастырды”, — деп көрсетiледi. “Жетi жарғы” нормалары қазақтың әлеуметтiк теңсiздiгi принциптерiне негiзделiп жасалды. Одан сол кездегi экономикалық және саяси жағдайдың қаншалықты болғандығын байқауға болады. Жетi жарғы және әдет-ғұрып құқық нормалары би-сұлтандардың және хандардың төрелiк ету қызметi барысында жаңарып-толықтырылып отырды. Билер шешiмi (бидiң билiгi) күнделiктi әдет-ғұрып құқық нормаларына ендi. Ол тергеушi би қызметiндегi iс-әрекеттер мен жағдайларға және қабылданған шешiмдерге орай Ереже деп аталды. Ереже негiзгi қағида есебiнде саналып, құқықтың көзi болды. Оның құқықтық-материалдық жаңа түрi де өмiрге келдi. Қазақ билерi бұл тұста мұсылмандық-шариғат жолын да қолданып отырған.
Қазақ әдет-ғұрып заңдарының үлкен ерекшеліктерінің бірі- барымта институтының сақталуы. Оның негізгі қағидасы біреу екінші біреуге құн не айыбын төлемеген жағдайда бір-бірінің мал-мүліктерін алып кету еді. Көшпелі қазақ сахарасына мұсылмандық-исламның енуі шариғаттың тарауына үлкен септігін тигізіп, қазақтың әдет-ғұрпына едәуір еркешеліктер енгізді.
Қазақ әдет-ғұрып құқығының көзi болып: а) әдет (адат); б) билер сотының тәжiрибесi; в) билер съезiндегi ережелер болып есептелдi. Әдет-ғұрыптың салт-дәстүрлерi белгiлi бiр идеологтар, ақсақалдар арқылы ауызша тарайтын. Оның өзiндiк ресми және бейресми нысандары болды. Ресми нысандары көп жағдайда билер билiгi мен шешiлген iс-әрекеттердiң көрiнiсi болып табылды. Билер өздерiне дейiнгi Майқы би секiлдi билерден қалған дәстүрге жүгiндi.
Қазақ құқығындағы меншiк қатынастары ХIХ ғасырға дейiн ру және қоғам, қазақ хандары мен билерi меншiгiндегi әдет-ғұрып құқығы арқылы анықталды. Мысалы, жайлаулар формальды-заңды түрде жерге ие адамдардың меншiгi ретiнде саналды. Ал, XVIII ғасырдан бастап кейбiр қыстаулар феодалдардың жеке меншiгiне көштi. Кең байтақ кеңiстiкте көшiп жүретiн малшылардың жерге қатынасы екi түрде дамыды. Бiрiншi жайлауларды иелену құқы және екiншiсi бос немесе иесi жоқ жайлауларды басып алу. Хандар, ханның руластары ең құнарлы жерлердi иелендi (сұлтандар, билер, ру басшылары, ауыл ақсақалдары). Қазақтың әдет-ғұрып құқығында кейбiр дау-дамайлар төмендегiдей шешiлдi. Егер жерге екi адам таласса, оның бiрi сұлтан, екiншiсi жай қазақ болса, онда жер оның алдыңғысына берiлдi. Ендiгi бiр жағдайда жерге таласушылардың бiрi би, екiншiсi бiр рудағы ақсақал болса, онда ол жер соңғысына бұйырды. Ал, жерге таласушылардың екеуi де қарапайым адамдар болса, онда ол жер әлгi екеудiң үлкенiне бұйырды. Меншiктiң екi түрi болды. Оның бiрiншiсi — мал, екiншiсi — мүлiк деп аталды. Малға таңба салынды. Жеке меншiк мал жеке меншiктiң негiзгi объектiсi болып саналады. Оған жасалатын қылмыстың ең басты қатерлiсi — барымта. Ал жермен айналысатын Жетiсу және Сырдария өңiрiнде феодалдар меншiгiнде құдықтар және сирек кездесетiн су көздерi болды. Қазақ әдет-ғұрып заңы (адат) бойынша меншiк шарттары көп жағдайда рулық немесе ауылдағы қоғамдық қарым-қатынастар арқылы жүргiзiлдi. Оның тағы бiр ең жақсы, бүгiнгi тiлмен айтқанда демократиялық бағыт-бағдары ағайындық қарым қатынастан анық байқалды. Оның түрлерi малды қарызға беру. Қарыз алушы мен қарызға берушi арасында кепiлдiк жүрдi. Сондай-ақ куә да болатын. Ендiгi бiр меншiк қатынасының түрi — сауын. Ол уақытша берiледi. Несиеге берушi өзi берген малды кез келген уақытта алып, қайтара алатын болды. Сонымен бiрге аманат мал, жылу, асар секiлдi әдет-ғұрып құқығына негiзделген қарым-қатынастар болды. Олардың ең кең тараған түрлерi айырбас едi. Айырбас арнаулы келiсiмдер арқылы жүргiзiлдi. Ол әрбiр азаматтың өз еркi болғандықтан да азаматтық құқық сипатына жатты. Мұның арасындағы қарыз алып-қарыз беру шарттары да негiзгi куәлар арқылы жүргiзiлiп, оның мерзiмi тиянақты түрде көрсетiлдi. Қарыз алушы адам қайтыс бола қалған жағдайда, оны қарыз алушының баласы немесе оның бала-шағасы немесе ең жақын туған-туыстары қайтаратын. Бұл жерде ерекше рөл атқаратын жағдай рулық өзара көмек және ешқандайда құжат емес сөзге тоқтау, сөзге сену яғни, сенiм институтының қазақ әдет-ғұрпында жан-жақты жақсы дамуы болды. Мысалы, бiреу үй сала қалған жағдайда немесе басқа да қиын-қыстау кезеңдерде руластары не көршi - қолаңдары “асарға” жиналатын.
Қазақтың сан ғасырлар, ежелгi дәуiрден күнi бүгiнге дейiнгi аралықта дамып, заманына қарай дәстүрлi түрде жалғасып келе жатқан бiрден - бiр әдет-ғұрыпының негiзi — отбасылық заңы. Қазақ отбасы туысқандық аядан шығып өзiндiк шаруашылық және қоғамдық тұтастығын сақтады. Мүлiктiк және басқа да отбасындағы талас-тартыстар сыртқа шығарылмай, сол отбасында шешiлетiн.
Отбасының мүшелерi еркек (әкесi), әйелi, қызы не баласы арасындағы қарым-қатынаста негiзгi заңдылықтар сақталды. Отбасындағы бүкiл мүлiктiң иесi — әкесi саналды, бiрақ ол еш уақытта отбасына қысым жасау арқылы жүргiзiлмейтiн. Әдет-ғұрыптың құқықтық нормалары отбасының және бүкiл ерлердiң мүддесiн қорғады. Әйел құқығы шектелдi, бiрақ ол үй-жайдағы мүлiктердi күйеуiмен тең дәрежеде иеленiп, оның ағайындарымен тығыз байланыста болды.
ХV-ХVIII ғасырларда қазақтар арасында отбасы және неке құқығының бастаулары, оның қалыптасқан дәстүрлi салттары мен рәсiмдерi болды. Отбасының басшысы — еркегi болса, әйелi үйдегi меншiктерге ерiмен бiрдей иелiк жүргiздi. Егер әйел жесiр қалса, күйеуiнiң ағайындарымен бiрге тұрып, балалары ер жеткенше отбасы иелiгiнiң құқығын алды. Қазақтың әдеттегi құқығы балаларға келгенде төмендегiдей болды. Олар отбасын құрып, әкесiнен өзеншiсiн алуға құқылы едi. Мүлiк бөлiсу оның әкесiнiң жағдайына байланысты болды. Ал, кенже баласы болса әкесiнiң отбасына қарау құқығына ие болатын. Қыздарының құқығы ұлдардың құқығымен салыстырғанда аясы тар едi. Қыздары мұрагерлiкке ие бола алмайтын. Күйеуге шықпаған қыздары ұлдарына тиесiлiнiң жартысына ие бола алатын. Қазақтар өздерiнiң көшпелi өмiрiне байланысты әйелдерге еркiндiктi мол бердi. Олар өндiрiстiк және өнеркәсiптiк жұмыстарға белсене араласатын. Исламдағыдай қазақ әдетi көп нәрсеге кедергi жасамайтын. Қазақтар жағдайына қарай екi әйел алуға құқылы болды. Олардың бiрiншiсiн — бәйбiше десе, екiншiсiн — тоқал дедi.
Жетi атаға дейiн ағайын адамдардың бiр-бiрiнен қыз алуына тыйым салды. Қазақтың неке және отбасы құқығының бiр-бiрiмен байланыстылығы бiрiншiден, қалың мал; екiншiден, бел құда; үшiншiден, бесiк құда; төртiншiден,қарсы құда арқылы байқалып, одан кейiн қыз алып қашу, әмеңгерлiк, мұрагерлiк жолдарымен анықталып отырды. Оның тағы бiр жолы — тамырлық болды. Ол екi адамның келiсуi арқылы жүргiзiлдi. Олар өздерiнiң болашақ балаларын қалың мал төлемей-ақ қосуға алдын-ала келiсiп алады. Ал әмеңгерлiкке келсек, егер әйелдiң күйеуi қайтыс болса, оны күйеуiнiң ағасына, не iнiсiне қосатын. Ал, қалың мал беру құда түсушiлермен арадағы келiсiмдер арқылы жүргiзiлдi. Құда түсу салт-дәстүрi әйелдердiң жасына байланысты белгiлi бiр нормамен көрсетiлмейтiн. Құда түсу ата-аналар арқылы жүргiзiлiп, ол бұзылған жағайда “өлтiруге” дейiнгi аралықтағы жаза қолданылды. Некеге тұру немесе құда түсу салты қыздың басына қалың төлегеннен кейiн жүргiзiлдi. Ал құда түскен жағындағы еркек қайтыс болған жағдайда, ол заңды түрде құда түсушiнiң ағасына немесе басқа бiр туысқанына алмастырыла алынатын. Егер қалың мал қайтарылған жағдайда келiсiм-шарт бұзылатын. 
Үйленгеннен кейiнгi некенi бұзу әдет-ғұрып (адат) жағдайында күйеу тарапынан әйелiне деген сенiмсiздiгi жоғалған кезде жүргiзiлдi. Мұндай жағдайда еркек әйелiн туысқандарына қайтарады.
Әйел құқығының ең бiр ерекше тұсы әмеңгерлiк институтынан байқалды. Егер әйелдiң күйеуi қайтыс болса, ол жесiр ретiнде қайтыс болған күйеуiнiң ағасына, не iнiсiне тиедi. Қайтыс болған адамның дүние мүлкi әмеңгерге көшедi. Әмеңгерлiк сондай-ақ қайтыс болғанның туған ағасы болмаса ағайындарына да ауыса беретiн. Егер жесiр әмеңгерлiкке көнбей, күйеуге тигiсi келмесе, ол өз отбасындағы мүлiкке бала-шағалары ер жеткенше иелiк еттi.
Мiне, осы тұста қазақтың әдет-ғұрып салтындағы мұрагерлiк құқы қолданылды. Қазақ отбасындағы мүлiк пен малдарды оның балалары, ағайындары немесе ең жақын туыстары, сондай-ақ әйелiнiң туысқандары мұрагер ретiнде алып қала алатын. Жесiр мұрагер ретiнде мұраның 1/8 бөлiгiн, күйеуге шықпаған қызы ұлға бөлiнген үлестiң жартысын алатын. Сондай-ақ мұраның бiр түрi ата мұрасы деп аталды. Бұл қазақ үшiн ең тиiмдi жол едi.
Қазақтың әдет-ғұрып құқығының басты нормаларына қылмыстық iс-әрекет үшiн жазалау сипатындағы iс-әрекеттер жатады. Жаза қолдану кезiнде билiк жүргiзушiлер ең алдымен қылмыскердiң жасаған қылмысына қарай жаза тағайындайтын. Оның ең қатал түрi “қанға-қан — жанға- жан” приципiнде жүргiзiлдi. Бiрақ ол келе-келе қазақтың тұрмыс-жағдайына байланысты өзгердi. Жазаның төмендегiдей түрлерi болды: 1. Өлiм жазасы, 2. Құн төлеу, 3. Айып, 4. Құлдыққа беру, 5. Дене жазасы, 6. Жапа шеккендерге қылмыскердi басымен беру, 7. Мүлкiн тәркiлеу, 8. Жұрт алдында масқара ету, 9. Руластарынан аластату. Сондай-ақ жапа шегушi немесе оның туысқандары қылмыс жасаған адамға “қанға-қан — жанға-жан”принципiнде жаза қолдануды немесе оны басқа жазамен алмастыруға құқы болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет