ХV-ХVIІ ғасырлардағы қазақ хандығы. Жас Қазақ хандығы құрылған күннен бастап, бүкiл қазақ тайпаларының басын қосып, Сырдария бойындағы қалаларды қосу үшiн күрес жүргiздi. 1473 жылы Керей хан өлгеннен кейiн, оның орнын баласы Бұрындық алды (1474 -1511 жж.). ХҮ ғасырдың аяғында қазақтар Оңтүстiк Қазақстанның үлкен бiр бөлшегiн иеленiп, одан Әбiлқайыр ұрпақтарын ығыстырып шығарады. Сөйтiп, қала орталықтарына иек артқан Бұрындық хан Жетiсу, Орталық және Батыс Қазақстанның көшпелi руларының басын бiрiктiредi. Соған қарамай ХҮI ғасырдың басында мемлекеттiң толық билiгi Жәнiбектiң баласы сұлтан Қасымның қолында болды (1511-1523 жж.). Бұрындық пен Қасымның арасындағы билiкке талас соңғысының жеңiсiмен аяқталады. Қасым хан билеген жылдар қазақ хандығы үшiн ең бiр құдiреттi кезең болды. Сол жылдары қазақтар Сырдария жағалауындағы қалалардың бiразын өзiне қаратып, Жетiсу мен Тянь-Шань өңiрiндегi қалаларды да игердi. Қазақстанның батысындағы жерлерде де өз иелiгi кеңейтiле түстi. Маңғыт жұрты Мұса мырзаның өлiмiнен кейiн ауыр кезеңдi бастан кешiп, олардың Едiге ұрпағымен қырқысы күшейе түстi. Мiне, осындай жағдайлардан кейiн Маңғыт жұртының билеушiлерi Қазақ ханымен одақтасып, Сарайшық Қасым ханның ордасына айналады.
Бiрақ бұл мемлекеттiң күшеюi уақытша едi. ХҮ-ХҮI ғасырлардағы қазақ қоғамындағы саяси жүйе Ұлы ұлыстың империялық басқаруына себепкер болған қайшылықтарды да бойына сiңiрген едi. Сондықтан да алғашқы Қазақ хандарының билеу жүйесiндегi әлсiздiктер олардың саяси аренадағы беделiн түсiрдi. Қасым хан өлгеннен кейiн, қазақ-маңғыт одағы ыдырайды. Сөйтiп, Қасым мұрагерлерi арасындағы билiкке талас бiрнеше хандықтардың өмiрге келуiне себепкер болды. Аталған таластан кейiн қазақтар билiгiне Жетiсу мен Сырдарияның бiр бөлшегi қалады да, қалғандары Маңғыт билерi мен Орта Азия билеушiлерiнiң билiгiне көшедi. Тек ХҮI ғасырдың 50 жылдары ғана Хақназар ханның кезiнде (1538-1580 ж.ж.) Қазақ хандығы ұзақ дағдарыстан шығып, өзiнiң саяси жүйесiн өзгертедi.
Қазақ хандығының жоғарғы заң шығарушы билiгi мәслихат немесе құрылтай — сұлтандар мен қауымдастық өкiлдерiнiң съезi болды. Мәслихатқа қатысуға ересек және еркiн ер азаматтардың құқы бар едi. Олар мәслихаттың толық мүшесi болу үшiн өздерiнiң қару-жарақтары болуы керек болатын. Съезд жұмысына халықтың көп бөлiгi жиналатын, сондықтан да кейбiр жазбаларда мәслихатты халық жиналысы деп атайды.
Хан билiгiнiң күшi ондағы удельдiк басқару жүйесiнiң қаншалықты мықты да қалыпты болуына байланысты болды. Ол туралы кезiнде И.Георги: “...Өзiнiң ағайындары, сұлтандары, нағашылары немесе достары болғанына қарамастан, ханға старшындарға қарағанда ерекше iлтипат көрсетiлдi” деп жазды.
Қазақ қоғамының жоғарғы мемлекет басшысы хан болды. Хан мәслихат кезiнде Шыңғыс хан ұрпақтарынан сайланып, ол хандық қызметiн өле-өлгенше атқарды. Тiптi кейде хандар алмастырылып, олар қуғынға түсiп тұратын да кезеңдер болды. Мысалы, 1511 жылы Бұрындық хан өз тағын тастап Самарханға кетуге мәжбүр болды. Ал 1526 жылы Таһир хан Қазақ хандығын тастап Қырғызстанға кеттi. Хан сайлауы өткiр саяси талас-тартыспен өтетiн. Кей кезде қарулы қақтығыстар да болып тұратын. Кей кездерi мәслихат екiге жарылып екi не одан да көп хандар пайда болатын. Сондықтан да сайланған ханды жоғарғы билеушi деп атап, оны ақ киiзбен үш рет көкке көтеретiн. Ханның құзырына төмендегiлер кiретiн:
1. Мемлекеттi сыртқы жаулардан қорғайтын қарулы күзеттi ұйымдастыру.
2. Мемлекеттiң сыртқы саяси бағыт-бағдарын анықтау.
3. Жоғарғы сот билiгi қызметiн атқару.
4. Қоғамдық құрылысты және түзелген тәртiптi қорғау.
Ханның қолында әскери және азаматтық билiк шоғырланды. Хан әскерлердiң бас қолбасшысы болып есептелдi. Мыңбасыларды тағайындады. Соғыс жариялау және бiтiм мәселелерiн шештi. Рубасы сұлтандарды тағайындады. Билердi белгiледi.
Хан жоғарғы билiктiң сот-төрешiсi болып саналды. Оның құзырына өзiне дейiнгi билер шешiмiне апелляция жасау, әр түрлi ұлыстардың арасындағы дау-дамайларға төрелiк айту кiрдi. Сот iстерiн шешкен кезде хан әдеттегi заң нормаларын басшылыққа алды. Пайдаланудағы тәртiптер мен қоғамдық жағдайларды қалыптастыру және оны нығайту үшiн хан өзi бұйрықтар шығарып, тапсырмалар бере алатын. Ол сонымен бiрге салықтардың түрi мен көлемiн белгiлеп, хандықтың әкiмшiлiк құрылымдарын қалыптастырды және олардың басшыларын тағайындады.
Ханнан кейiнгi жоғарғы мемлекеттiк билiк сұлтандардың қолында болды. Сұлтан деген атақ тек Шыңғыс ханның ұрпақтарына берiлдi. Сұлтандар болашақта хан сайлануға құқылы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |