Xviii ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың ғы соңындағы Батыс Еуропа философиясы



бет6/23
Дата13.04.2023
өлшемі96.84 Kb.
#472201
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
annotation11178

Людвиг Фейербах (1804-1872 жж.) – неміс классикалық философиясының соңғы өкілі, материалист, философиядағы антропологиялық ұстанымның негізін салушы.
Ол жаңа еуропалық философиядағы идеалистік ойға өзінің сыни бағасын береді. Оның ойынша, бұл философия тек діннің теориялық негізін ғана анықтап берді. Фейербах философияны адаммен байланыстырудың қажеттілігін көтерді: философияның міндеті «Құдайға адами қасиет беру емес», адамның субъект екенін мойындау. Гегельдің абсолюттік туралы ойларын адам және оның мәні мәселелерімен алмастыру керек. Адам және оның мәні гегельдік философияның «жасырын әрі «тылсым» тұсы». Философия өмірдің дерексіз бастаулары, ойлау мәселелерімен айналыспауы керек, адам және адам арқылы әлемді тану мәселелерімен айналысуы қажет. Ол туралы «Болашақ философиясының негіздері» атты еңбегінде былай дейді: «Жаңа философия адамды қалыптастырады, сол арқылы табиғатты да қалыптастырады, себебі табиғат оның базисі болғандықтан да, философияның жалғыз, әмбебап әрі ең жоғары зерттеу пәні болып саналады».
Гегельдің идеализмін сынай отырып, Л.Фейербах «шындық туралы ойларды» емес, «шындықты тануға» бағытталатын жаңа философияны ұсынады. Ол былай дейді: «Философия шындық және оның шынайылығы мен тұтастығы жөніндегі ғылым, бірақ шынайылықтың шынайы үлгісі ол табиғат (табиғат әмбебаптық мағынада қолданылады)». Табиғаттың шынайы үлгісі, ең жоғары туындысы – ол адам. Адам философияның тікелей зерттеу пәні болып саналады. «Жаңа философияның басты құпиясы – антропология» деп Фейербах осыдан кейін айтқан.
Фейербахтың атеистік көзқарастары Құдайды жоққа шығарумен шектелмейді. Ол дінді қарапайымдандыруға да тырыспайды. Ол тылсым күшке сенуге негізделген «ескі дінді» жаңа «махаббатқа негізделген дінге» ауыстыруға шақырады. Махаббат адамның әрі жеке, әрі қоғамдық өмірінің мәні мен мақсатын құрайды дейді. «Христиандықтың мәні» атты еңбегінде ол Жаңа дін Құдайға деген махаббатты емес, адамның «адамға» деген махаббатын уағыздауы керек деп жазды. Оның ойынша, махаббат ақыл мен табиғатқа тән әмбебап заң болуы тиіс. Ол: «адамға махаббат тән, себебі ол сүюге жаратылған ақылды тіршілік иесі, махаббат – адам өмірінің мақсаты. Ұрпақ жалғастығы мен ақылдың заңын да осы құрайды. Махаббат еркін, шынайы болуы тиіс, тек еркін, шынайы махаббат қана нағыз махаббат бола алады» дейді. Фейербах үшін адам «Құдайдың құлақ кесті құлы» емес, ұрпақты жалғастырушы тіршілік иесі, оның табиғатына «биологиялық» тән.
Адамға тән ерекше қасиеттерге мыналар жатады – ішкі еркіндік, ойдың қуаттылығы, сезім қабілеті, әмбебаптық. Осы қасиеттер оны рухтандырады, моральды тіршілік иесіне айналдырады, адами болмысын философиялық мәнмен, сүйіспеншілікпен даралайды. Құдайды адам келбетінде тану оның ақылды, өнегелі екендігін ғана көрсетпейді, оған тән сезім мен тәннің де болатынын көрсетеді. Бұдан шығатын түйін – адамның Құдайды нақты кейіпте көруі оның өзі туралы ойларының, аяушылық сезімдерінің жиынтығын көрсетеді. Фейербахша айтсақ, Құдай – бұл «адамның» жалпыланған жиынтығы.
XIX ғасырдағы марксистік философия: негізін салушылар мен замандастардың сыны; диалектикалық материализмнің негізгі ұстанымдары мен идеялары; тарихты материалистік тұрғыдан түсіндірудің теориясы мен әдістемесі; практиканың тұжырымдары; адам мәні, жатсыну, еркіндік мәселелері; диалектика теориясы мен табиғат философиясы
Маркстік философияның даму кезеңін үшке бөлуге болады. Бірінші кезең Маркс пен Энгельстің идеализмнен және революциялық демократизмнен бас тартып, диалектикалық және тарихи материализмге өту кезеңі (ХІХ ғ. 30-жылдардың соңынан 40-жылдардың соңына дейінгі аралық). Маркстік философияның негізін салушылар Карл Маркс (1818-1883 жж.) пен Фридрих Энгельс (1820-1895 жж.) Гегельдің философиясына және оның идеалистік ізін жалғастырушы – жас гегельяндықтарға қарсы болды. «Қасиетті отбасы» және «Неміс идеологиясы» атты еңбектерінде олар қоғамдық құбылыстарды материалистік және диалектикалық көзқарас тұрғысынан қарастырған «жаңа философияның» негізін салды. Мәселен, Маркс пен Энгельс бұқара халықтың тарихтағы рөлін анықтауға, ең алдымен тарихтың басты қозғаушы күші туралы мәселені қарастыру арқылы келді. Олардың ойынша, тарихтың қозғаушы күші идея емес – бұқара халықтың әрекеті. «Неміс идеологиясында» олар тұңғыш рет Фейербахтың материализміндегі кемшіліктерге тыңғылықты сын-пікір айтты. Ол турасындағы алғашқы сын пікірлерін Маркс 1845 жылы «Фейербах туралы тезистер» атты еңбегінде бастаған болатын. Фейербахтың материализміне тән басты кемшілік оның пайымшыл, метафизикалық және біржақты болуында деп көрсетті.
Маркстік философия екінші кезеңде одан әрі дамып, қарастырылатын мәселелері кеңейе түсті, жекелеген қағидалары нақтыланды. Оның бір дәлелі, Маркс пен Энгельс тарихты материалистік тұрғыдан түсіндірудің тұжырымдамасын жасап шығарады. Өмірге тікелей қатысы бар материалдық өндірісті ескере отырып, қоғамдық өндіріс процесін түсіну және өндірістің осы әдісі арқылы жүзеге асатын қарым-қатынас формасын ұғу, яғни азаматтық қоғамды тарихтың дамуының негізі ретінде қарастыру – тұжырымдаманың мәнін осылар құрады.
Осы ілімге сүйене отырып, мемлекет өміріндегі азаматтық қоғамның қызметін анықтады, сондай-ақ түрлі теориялық көзқарастарды, сананың формаларын, соның ішінде дін, философия, мораль т.б. түсіндіріп берді. Марксизмнің негізін салушылар сана формаларының әлеуметтік негізде қалай пайда болатынын және осы ойды дамыту арқылы қоғамның жалпы даму процесі қалай жүзеге асатынын назардан тыс қалдырмады. Осы мәселелерді талдау барысында қоғамдағы басқа құбылыстар сияқты сана да абсолюттік дербес күшке ие емес және ол материалдық өмір процесіне негізделеді деді. Материализмнің ұстанымдарын тарихи құбылыстарды түсіндіруде қолданып, қоғамдық болмыс пен қоғамдық санаға тән негізгі заңдарды анықтады (болмыс сананы анықтайды; базистің алғашқы ал қондырманың екінші болатындығы және олардың арасында өзара байланысты болатындығы, т.б.).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет