Үшінші кезең маркстік философияның түрлі ұлттық мәдениеттерге таралуымен ерекшеленеді. Ресейде ол Г.В. Плеханов пен В.И. Лениннің, Германияда – Ф.Меринг пен К. Каутскийдің, Италияда – А. Лабриола мен А. Грамшидің шығармашылығы арқылы танылды.
Ресей марксизміне тән басты ерекшелік – ол қоғамдық-саяси құрылысты практикалық тұрғыдан өзгертуге бағытталды. Орыстың ең бірінші марксисі Г.В. Плеханов (1856-1918 жж.) болды. «Тарихқа монистік көзқарастың дамуы мәселесі», «Материализм тарихы бойынша очерк», «Марксизмнің негізгі мәселелері», «Тұлғаның тарихтағы рөлі» деп аталатын еңбектерінде ол марксизмнің философиялық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.
Плехановша, марксизм бұл – өмірге деген тұтас көзқарас, материализмнің ең жоғары әрі заманауи формасы. Ол тек тарихи материализм мен саяси экономияны емес, диалектика мен таным теориясы мәселелерін де қамтиды.
Материалистік диалектиканы қолдана отырып, ол қоғамның дамуы ішкі қайшылықтардың күресі нәтижесінде дамиды деген тұжырым жасайды. Осы қайшылықтарды шешудің әдісі ретінде революцияны «қоғамдық өмірдің ажырамас заңдылығы» және оның мәні «сандық өзгерістерді сапаға айналдыруында» деді. Бұл тұстағы маркстік теория сол кездегі құрылысты құлатуға бағытталған болатын, сол себепті де оған қарапайымдылық, аңғырттық тән еді. Дегенмен, ол Қазан революциясына сынмен қарады. Плеханов социалистік революция тек экономикалық жағынан жоғары дамыған елдерде басталуы мүмкін, себебі өндіріс пен әлеуметтік өмірдегі ішкі қайшылықтардың пісіп жетілуі сол кезде ғана мүмкін деп ойлады. Ал Қазан революциясы «тарихтың заңдарын бұзады» деп есептеді.
Алғашқы марксистің философиялық көзқарастарында тарихи материализм мәселелері де басты орында тұрды. Тарихты материалистік тұрғыдан емес, әрі монистік тұрғыдан да түсіндіруді жақтаушылардың бірі бола отырып, ол Маркстің экономикалық қатынастардың маңыздылығы турасындағы ойларын географиялық детерменизмнің ықпалымен түзетуге, «жөндеуге» тырысты. Ол экономикалық өмірді анықтауда географиялық орта шешуші рөл атқаратынын дәлелдеуге тырысты. Плехановтың көзқарасы бойынша, географиялық орта өндіріс күштерінің сипатын белгілеп, қондырғының дамуына қажетті объективті алғышарттарды қалыптастырады.
Тарихты жасайтын қалың бұқара, оған жеке тұлғалардың қыңырлығы мен бассыздығы әсер етпейді, ол тарихтың заңдарына негізделеді деп пайымдады. Солай бола тұра, Плеханов ХІХ ғасырдағы әлеуметтік теорияларында үстем болып келген «инертті тобыр», «алып батыр» туралы субъективтік-идеалистік теорияларды мойындамайды. Ұлы адамдардың рөлі, оның ойынша, қоғамдық жаңа қажеттіліктерді бәрінен бұрын түсініп, қоғамдық қатынастарды өзгертуді басқаларға қарағанда қатты тілейтінімен ғана шектеледі.
Маркстік философияның дамуының жаңа кезеңі В.И.Лениннің (1870-1924 жж.) шығармашылық қызметімен байланысты. Оның негізгі философиялық еңбектері «Халықтың достары» деген не және олар социал-демократтарға қарсы күресті қалай жүргізеді?», «Материализм және эмпириокритицизм», «Философиялық дәптерлер», «Жауынгер материализмінің мәні туралы» деп аталады.
Ол марксизмді, оның философиялық негіздерін жұмысшы тапты революциялық күреске жұмылдырудың практикалық мәселелерімен байланыстырды. Марксизмнің «философиялық негізделгеніне» күмән келтірген Н.К. Михайловскийге қарсы шыға отырып, ол халықшылдардың идеалистік көзқарастарын, олардың метафизикалық әдісін сынға алды. Бұл әдіс тарихты түсіндіруде идеализмге, субъективизмге және метафизикалық пен эклектизмге бейім деп есептеді.
Ленин философияда партиялылық ұстанымын қалыптастыруға ерекше мән беріп, «философиядағы партияның» екі түрін – материализм мен идеализмді атап өтеді. Маркстік материализмнің бүркеншек идеализммен күресін пролетариаттың буржуазияға қарсы күресінің құрамды бөлігі деп есептеді.
Достарыңызбен бөлісу: |